3.1.Тұрғындар денсаулығын нығайту. Қазіргі кезеңдегі аурудың алдын алу мәселелері. Қазақстан Республикасында туберкулез маңызды медициналық-әлеуметтік мәселе ретінде.
Қазіргі күнге дейін медицина аурулар және оны емдеу туралы ғылым болып келеді. Алайда медицинаның атқаратын негізгі міндеті аурулардың профилактикасы, тұрнғындардың денсаулығын сақтау және күшейту болып табылады. Осы қағиданы медицина қызметкерлері мен ғалымдар ерте заманда-ақ айтып өткен. Бірақ тәжірибелік медицина профилактиканы, тұрғындар денсаулығын сақтау мен күшейту жұмыстарын кейінге ысырып тастап, тек ауруларды емдеумен айналысып келеді.
ХХ ғасырдың 70 жылдары әлемге әйгілі болған Кеңестер Одағының атақты ғалымы, профессор Юрий Павлович Лисицын «Саналогия» деген терминді ұсынды. Саналогия дені сау адамдардың денсаулығы, оны сақтау, күшейту және үнемі жоғары деңгейде ұстап отыру деген ұғымды береді. Саналогия деген ұғымға «валеология» деген термин де өте жақын орналасқан. Алайда «саналогия» қоғамдық денсаулықты қарастырса, «валеология» жеке тұлғалардың денсаулығын сақтау мәселелеріне көңіл бөледі. Басқаша айтқанда валеологияның негізгі мақсаты жеке тұлғалардың өмір сүру ортасының өзгерістеріне бейімделу мүмкіндіктерін арттыру, денсаулық механизмдерін жетілдіру арқылы оның денсаулығын сақтау және күшейту болып табылады.
Валеологияның жоғарыда көрсетілген түсініктемесімен келісе отырып, саналогияны қоғамдық денсаулық және тұрғындардың денсаулығы туралы ғылым деп қарастыру керек деп есептейміз. Оның негізгі мақсаты ретінде – дені сау адамдардың денсаулығын сақтау және одан ары нығайту деп қарастыру қажет. Валеология мен саналогияны осылайша бөле қарастыру тек әдістемелік тұрғыда ғана дұрыс болады. Ал жалпы теоретикалық тұрғыда жеке адамның денсаулығын қоғамдық денсаулықтан бөле қарастыру дұрыс емес. Осы тұрғыдан алғанда саналогия – қоғамдық денсаулық туралы, жалпы дені сау адамдардың денсаулығы туралы, басқаша айтқанда қоғамның денсаулық қоры, оны сақтау және нығайту туралы ғылым болып табылады.
Осы күнге дейін қоғамның денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері медицинаның негізгі міндеті болмай отыр. Сондықтан да қоғамдық және әлеуметтік маңызы үлкен аурулардың профилактикасы әр мемлекетте өзінің даму деңгейіне сай жасалған бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған профилактикалық бағдарламалары тәжірибеде жоғары тиімділігін көрсете алмай отыр. Себебі, әр мемлекетте оның жүзеге асырылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық, экологиялық-гигиеналық, тұрмыстық, білімділік, діни, кәсіби және мәдени ерекшеліктерін есепке ала отырып іске асырылу қажеттігі туындайды. Жеке мемлекеттерде тұрғындардың арасында туындайтын кеселдердің негізгі қатерлі себептері әртүрлі болып келеді. Керек десеңіз бір мемлекеттің аумағындағы әртүрлі аймақтардың тұрғындарының кеселдену деңгейі мен құрамы да өзгеше болып қалыптасады. Сондықтан аурулардың алдын алу бағдарламалары міндетті түрде жергілікті тұрғындардың арасында негізгі әлеуметтік маңызы үлкен ауруларды туындататын қатерлі себептердің таралу деңгейі мен құрамын есепке алуы қажет. Біздің Республикамызда медициналық-әлеуметтік маңызы үлкен аурулардың қатарына туберкулез ауруы да жатады. Туберкулез ауруы соңғы 40 жылда бақылауға ыңғайлы инфекциялардың қатарына жатқызылып келген. Алайда, қазіргі таңда ол жер беті тұрғындарына аса үлкен қауіп төндіріп отырған патологияның бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда 2010 жылы өмірінде алғаш рет туберкулезге шалдыққан науқастар саны 8,8 млн. адамға жетті. Қазақстан Республикасында туберкулез мәселелерінің Ұлттық орталығының мәліметі бойынша 2002 жылдан бастап тубуркулез ауруымен науқастану деңгейі 165,1‰00 –ден 2011жылы 86,8‰00 – дейін төмендеді. Бұл жағдай елімізде туберкулез ауруының осы жылдарда 47 %-ға төмендегендігін және елімізде жүзеге асырылып жатқан профилактикалық және емдеу шараларының барынша тиімді жүріп жатқандығын көрсетеді. Қазақстан Республикасында туберкулездің эпидемиологиясы аурушаңдық көрсеткішінің төмендеуіне қарамай қауырт болып тұр. Осы жағдайға туберкулез ауруын емдеу тиімділігінің төмендеп, дәрілерге резистентті микробтар санының ұлғаюы алып келіп отыр.
1991 жылдан бастап туберкулезбге байланысты алғашқы аурушаңдық көрсеткіші бірте-бірте төмендеп 64,4 ‰00 -ден 59,7‰00 –ге дейін азайды.
Алайда, 1995 жылдан бастап елімізде қалыптасқан ауыр әлеуметтік-экономикалық дағдарыс Республика тұрғындарының денсаулығын күрт нашарлатып жіберді. Сондықтан 1995 жылдан 2002 жылға дейінгі аралықта туберкулезбен алғаш рет ауру оқиғалары 100 000 адамға балап есептегенде 67,1 ‰00 – ден 165,1 ‰00 – ге дейін артып кетті. Осы кезеңде туберкулезге байланысты жалпы аурушаңдық (сырқаттылық) көрсеткіші де 3 есеге артты (137,3 ‰00 – ден 414,5 ‰00 дейін). 1991 жылдан бастап туберкулезден туындаған өлім оқиғалары да 10,6 ‰00 - дан күрт жоғарылап, 1998 жылы 38,4 ‰00 – ге дейін көтерілді.1999 жылдан бастап өлім көрсеткіші 30,7 ‰00- ден 2005 жылы 18,7 ‰00 – ге деиін төмендегенмен, бұл аурудың дәрілерге тұрақты түрлерінің күрт артып кетуі байқалады. Осыдан науқастардың ауруханада емделуі ұзарып, мүгедектердің қатары жоғарылады. Жағдайдың осындай бағытта өрбуіне экологияның нашарлауы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының тұрақсыздығы, тағамдар сапасының төмендігі, жұмыссыздық оқиғаларының артуы, еңбек ету ортасының жоғары дәрежеде ластануы, салауатсыз өмір сүру, нашақорлыққа салыну себептері де өзінің кері әсерін тигізді(20 кесте).
Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдық өзгерістер, бөлінген қаржы көзінің артуы, әлеуметтік маңызы үлкен аурулардың профилактикасы мен емдеу сапасының жақсаруы туберкулез ауруының таралуы мен одан туатын асқыну оқиғаларының күрт төмендеуіне алып келеді. Осыдан 2006 жылдан 2011 жылға деиінгі аралықта жалпы туберкулезбен науқастану деңгеиі 100 000 тұрғынға балап есептегенде 303,81 оқиғадан 192,5 оқиғаға деиін төмендеп, одан туындаған өлім оқиғаларының таралу деңгейі 18,7 ‰00 –ден 8,1 ‰00 –ге деиін кеміді.
Туберкулезбен ауырғандардың үлес салмағы Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында өте жоғары болса, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында туберкулезбен ауру оқиғалары бірте-бірте жоғарылай бастады. Осы кезеңде туберкулезден туындаған өлім оқиғаларының саны да күрт өсті. Себебі тек туберкулезбен ауру артып қойған жоқ, сонымен бірге аурулардың арасында туберкулездің деструкциялық түрлері барынша жоғарылап, аурулардың жағдайы ауырлай түсті. 1994 жылы диспансерлік есепке алынған аурулардың 45,3 % туберкулездің деструктивтік түрлеріне шалдыққандар болса, олардың 3,0 % туберкулездың фиброзды – кавернозды түрімен ауырғандар екендігі анықталды (6 сурет).
Тек қана 2000 жылғы әлеуметтік – экономикалық жағдайдың тұрақталуы, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының ұлғаюы және туберкулез ауруына қарсы ұйымдастырылған профилактикалық – емдік шаралардың жақсаруы, өлім көрсеткішінің біршама төмендеуіне (20,4 ‰00 ), ал одан кейінгі 10 жыл ішінде 8,1 ‰00 дейін азаюына алып келді.
Туберкулез ауруының құрамы соңғы 20 жылда өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Аурулардың 90 % астамы өкпе туберкулезіне шалдығады. Аурулардың 3,2 % -ын балалар құрап отыр. Соңғы жылдары емделу тиімділігі одан ары нашарлады. Өкпеде пайда болған каверналардың бітелуі бар болғаны 69,5 % дейін жетті. Бұл көрсеткіш Семей, Жамбыл, Талдықорған облысы аурулары арасында 52 % -дан 58,9 % -ға дейін көтерілді..
Ауруларды ІІІ диспансерлік топқа өткізу деңгейі 18,7 % -ды ғана құрады. Осындай жағдайдың қалыптасуына тұрғындарды профилактикалық тексерумен қамтудың төмендеуі, соның салдарынан аурудың ерте кезеңінде анықталғандар санының азаюы себеп болды.
Туберкулез әлеуметтік маңызы үлкен аурулардың классикалық үлгісі болып табылады . Бұл ауру адам ағзасының кез келген жерінде туындауы мүмкін. Соңғы кезде негізгі алаңдатушылық тудырып отырған мәселе балалар арасында туберкулезге шалдығу оқиғаларының ұлғаюы. Олардың арасында қалыптасқан аурушаңдықтың деңгейі жалпы тұрғындар арасындағы аурушаңдықтың 5,18 % құрайды. Республикада 1999 жылдың қаңтар айынан бастап Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының ұсынуымен ДОТS (Directly Observed Treatment Short – Course ) стратегиясы жүзеге асырыла бастады.
Бұл жоспарды енгізу және тиімді жүзеге асыру мақсатында 2011 жылы 25 сәуірінде Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрінің №218 «Туберкулезбен күрес жөніндегі кейбір мәселелер туралы» атты бұйрығы жарияланды. Осы бұйрықтың аясында туберкулезді емдеудің стандарттары іске қосылды. Соңғы жылдары туберкулез ауруының дәріге тұрақты түрлері жылдам өсуде. Бұл түрлер емдеуге аса көне бермейді және көп қаржылай шығынды қажет етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына қарағанда 2020 жылы туберкулез ауруы жер беті тұрғындарының өлімін туғызатын негізгі 10 себептің біріне айналады.
1991 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта туберкулез ауруының таралу заңдылықтарын сараптай және науқастарды ДОТS әдісімен емдеу.
1991 жылдан 2011 жылға дейінгі аралықта туберкулез ауруының таралу заңдылықтарын сараптай және науқастарды ДОТS әдісімен емдеу тиімділігін бағалай отырып, осы аурудың алдын алу және емдеу шараларының айтарлықтай жақсарғандығын айту қажет.
Алайда, полирезистенттік туберкулезі бар науқастар санының артуына байланысты бұл ауруды емдеу шараларын жеке оқиғалар мен аурудың иммундық қасиетін есепке ала отырып ұйымдастыру қажет деген тұжырым жасауға болады. Осыларды ескере келе туберкулезді емдеу стандарттарын жергілікті аумақтың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық-гигиеналық, медициналық-санитарлық, тұрмыстық өмір сүру салты себептерін есепке ала отырып құрастырған жөн деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |