3.3. Қатерлі ісік аурулары және оның медициналық-әлеуметтік мәселелері.
Замануй медицинаның екінші аса өзекті мәселесі қатерлі ісіктер болып табылады. Бұл патологиялардың қауіптілік дәрежесін сипаттау үшін мамандар қатерлі ісіктерді, адамдарды өлімге ұшырататын «№ 2 жан алғыш» деп атайды. Осы арқылы және бұл патологиялардың алып келетін экономикалық шығындарын есепке ала отырып атаулы аурулардың әлеуметтік-медициналық маңыздылығын түсінуге болады. Сонымен қатар қатерлі ісіктердің басым бөлігі міндетті түрде науқастың өлімімен аяқталатынын да ескеру қажет. ХХ ғасырдың басында экономикасы өркендеген елдерде қалыптасқан өлім оқиғаларының 3-7% қатерлі ісіктердің үлесіне тиген болса, қазіргі кезеңде олардың үлесі 14-20 % -ға деиін жетіп отыр. Қатерлі ісіктерді емдеу және алдын алу шаралары айтарлықтай жетістіктерге жеткенмен, осы аурулардың таралуы жыл сайын жер бетінде арта түсуде. Жалпы алғанда жер бетінде жыл сайын орта есеппен 5 миллион адам қатерлі ісіктерге шалдығады. Осыған тек қана қатерлі ісіктерге генетикалық тұрғыда бейімділік, жүйесіз және сапасыз тамақтану, алкоголь, зиянды әдеттер, психоэмоцияналдық стресс, дәрілік заттарды талғамсыз қабылдау, ащы тағамдарға құмарлық алып келмейді, сонымен бірге қоршаған өмір сүру ортасының зиянды химиялық заттармен шамадан тыс ластануы және көтеріңкі радиация да себеп болуда.Соңғы жылдары әрбір 100 000 ер кісіге балап есептегенде 295-315, әрбір 100 000 әйелге балап есептегенде 262-291 қатерлі ісікке шалдыққан науқас алғаш рет тіркеледі.
Ер кісілердің арасында қатерлі ісіктен туатын өлімнің құрамында өкпе рагы бірінші рангалық орында орналасса, екінші орында асқазанның рагі, үшінші орында өңеш рагы жайғасқан. Әйелдердің арасында туындайтын өлімнің құрамында асқазанның рагі бірінші, сүт безі рагі екінші, жатыр мойны рагы үшінші рангалық орынды қамтып отыр.
Қазақстан Республикасында 2005 жылы онкологиялық патологиялармен науқастану деңгейі 100 000 тұрғынға балап есептегенде 489,4 оқиғаны құраса, өлім көрсеткіші 122,6 %000 болып шықты. Ер кісілердің арасында олардың жастарына қарай стандартталған өлім көрсеткіші 191,7 %000 құраса, әйелдер арасындағы осындай көрсеткіш 87,2 %000 түзеді. Тұрғындардың жасы ұлғайған сайын онкологиялық аурулардан туындаған өлім оқиғаларының саны сатылап өседі. Ер кісілердің арасында әйелдерге қарағанда онкологиялық патологиялармен науқастану және осы патологиялардың асқынуынан өлімге ұшырау оқиғалары айтарлықтай жоғары.Бұл жағдайға ер кісілердің арасында ерте диагностикасы қиын ішкі органдардың рак аурулары әйелдерге қарағанда 7-8 есе жоғары болуы, ал әйелдер арасында (сүт безі мен жыныс органдарының) ерте кезеңде анықтауға ыңғайлы орналасқан онкологиялық патологиялардың басым болуы алып келуде.
Қатерлі ісіктердің әлеуметтік-медициналық маңызын зерттеу барысында ғалымдардың көңілін алаңдататын мәселе осы патологияның жеке нозологияларының динамикасы болып отыр. Алайда онкологиялық аурулардың динамикасын зерттеу барысында міндетті түрде мынадай жағдайларды есепке алған жөн.
1. Соңғы 60-70 жыл ішінде жер бетінде рак ауруларының ерте кезеңдегі
диагностикасының сапасы күрт жақсарды, онкология саласында білікті мамандардың саны артты, қатерлі ісіктерді гистологиялық, ренгенологиялық әдістермен зерттеу ауқымы жоғарылады.
2.Онкологиялық ауруларды ресми статистикалық есепке алу жұмысы жетілді.
3.Тұрғындардың жастық құрамы ересек және жасы ұлғайған адамдардың үлес салмағының артуымен ерекшеленуде. Зерттеу деректеріне қарағанда онкологиялық аурулардың деңгеиі тұрғындардың жастық шамасы жоғарылаған сайын арта түсетіндігін көрсетті. Осылайша, 60-70 жастағы аналардың арасында 30 жасқа деиінгі әйелдерге қарағанда онкологиялық аурумен науқастану 50-60 есе жоғары болса, ер кісілерде 100-115 есе артық болып қалыптасқан.
Соңғы жылдары ер кісілер арасында онкологиялық аурулармен науқастану деңгеиі бір қалыпта сақталуда. Алайда, өкпе рагымен науқастану динамикасы үнемі көрсеткіштің жоғарылауымен сипатталады.Бұл жағдайда ер кісілердің темекі шегуге ұмтылысының артуымен және қоршаған өмір сүру ортасы нысандарының (атмосфералық ауаның) аса улы химиялық заттармен жоғары деңгейде ластануымен түсіндіруге болады.
Онкологиялық аурулардың әлеуметтік-медициналық өзектілігін баяндауды осы патологиялардың асқынуынан туындайтын өлім оқиғаларынан бастауымыз екі себеппен байланысты:
- біріншіден – онкологиялық патологиялармен сырқаттану және өлім мәселелерінің аса өзектілігін көрсету үшін;
- екіншіден – науқастардың тірі кезіндегі диагностика сапасының артуына қарамай, осы патологиялардың асқынуынан туындаған өлім оқиғасы
мәліметтерінің барынша нақты екендігін айқындау үшін.
Қатерлі ісіктері бар науқастардың арасындағы профилактика, емдеу және реабилитация мәселелерін дұрыс шешу ауруды ерте кезеңнен анықтау (диагностика), науқастарға арналған медициналық көмек сапасын қамтамасыз ету және емдеу-профилактика шараларын дұрыс ұйымдастыру жұмыстарымен тікелей байланысты. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру онкологиялық диспансерлерге жүктелген.
Республикамыздың барлық облыстарында онкологиялық аурулар арасындағы профилактикалық шаралар диспансерлік әдіспен жүзеге асырылады.
Онкологиялық диспансерлердің алдына мынандай міндеттер қойылған:
- Онкологиялық ауруларды ерте кезеңнен анықтау;
- Жоғары білікті және арнайы медициналық көмек беру;
- Диспансердің қызмет көрсету аумағында орналасқан барлық емдеу-профилактика мекемелерінде онкология саласы сұрақтары бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік жетекшілік жасау;
- Емдеу мекемелерінің тәжірибесіне рак ауруын диагностикалаудың және емдеудің ең тиімді әдістерін ендіру;
- Емдеу мекемелеріндегі онкологиялық науқастарға жүргізілген емдеу шараларының сапасын бақылау;
- Диагнозы анықталған ауруларды зерттеу және оның себептеріне баға беру.
Онкологиялық диспасерлер жетекші емдік-профилактикалық медицина мекемелері болғанмен, рак ауруының ерте кезеңіндегі диагностикасын ұйымдастыруда амбулаторлық-емханалық мекемелердің атқаратын ролі өте жоғары.
Онкологиялық ауруларды ерте кезеңнен анықтаудың екі жолы бар:
1. Онкологиялық аурулар туралы ерекше сақ болу тек дәрігерлер емес, сонымен қатар тұрғындардың да міндеті болып қалыптасуы қажет;
2. Профилактикалық тексеру, оның ішінде онкологиялық ауруларды анықтауға бағытталған мақсатты тексеру барлық тұрғындарды қамтуы тиіс.
Кез келген онкологиялық диспансердің жұмыс бағытының ең маңызды саласы рак ауруы диагнозының кеш қойылу оқиғаларын сараптау. Осындай оқиғалардың себептерін зерттеу, диагноздың өте кеш қойылуына науқастардың онкологиялық диспансерге тым кеш қаралуы (40-55%), аурудың симптомсыз жүруі (35-40% ), дәрігердің дұрыс диагноз қоймауы (20% ) алып келетіндігін көрсетті. Онкологиялық аурулардың арасында жүргізілген емдеу-профилактика шараларының сапасын анықтайтын көрсеткішке – онкологиялық аурулардың бір жыл ішіндегі өлімге ұшырау деңгейі жатады. Қазақстандағы бұл көрсеткіштің деңгейі 38-40 % -ға деиін жетеді. Осы көрсеткіштің қалыптасуына онкологиялық аурудың нозологиясы ерекше әсерін тигізеді. Есепке алынған алғашқы жылы өкпе рагымен ауырған науқастардың 59 %, сүт безі рагымен ауырған науқастардың 11,5 % қайтыс болады.Рак ауруы профилактикасының екі негізгі шарты бар:
1.Канцерогендік заттарды зерттеу және онымен адамның жанасуын тоқтату. Бұл жерде кәсіби канцерогендерді жою мәселесі қарастырылуы қажет. Осындай еңбек ету ортасы канцерогендік заттармен жоғары дәрежеде ластанған өндірістерде қатаң санитарлық-гигиеналық бақылау орнатып, жұмысшылар денсаулығын қадағалау шараларын барынша сапалы ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу керек.
2.Қатерлі ісік ауруына алып келетін патологияларды дер кезінде анықтап, оларды толыққанды емдеу қажет.
Осы шараларды жүзеге асыру үшін жалпыға бірдей профилактикалық тексерумен қатар, арнайы ұйымдастырылатын мақсатты медициналық тексеру шараларын да сапалы жүргізу керек. Тұрғындардың арасында онкологиялық патологияға қарсы бағытталған сақтық көзқарасты қалыптастыру үшін санитарлық-ағарту жұмысы барынша белсенді жолға қойылуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |