3.4. Қазақстан Республикасында жарақаттар медициналық-әлеуметтік мәселе ретінде. Жарақаттылық түрлері, алдын алу шаралары.
Сыртқы орта себептерінен туындайтын жарақаттар мен өлім бүкіл әлемде бетін қайтаруға болатын жағдайларға жатады. Алайда жарақаттану оқиғаларының жер бетінде кеңінен таралуына және одан туындайтын өлімнің жылдан жылға өсуіне байланысты денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселесінің бірі болып қала беруде. Европа аумағында жылына 120 миллионнан астам жарақаттану және улану оқиғалары туындап, олардың 220 мыңы өліммен аяқталады. Қазақстан Республикасында жыл сайын 120-150 мыңнан астам жарақаттану оқиғалары тіркеледі. Күніне алған ауыр жарақаттан 7-10 адам өлімге ұшырайды. 80-90 адам ауруханаға түседі, оның ішінде 25-30 адам жан сақтау бөлімінде емделеді. Жарақаттанған адамдардың басым бөлігіне медициналық көмек емханалық мекемелерде көрсетіледі. Жалпы өлім оқиғаларына алып келетін себеп ретінде жарақаттар қан айналу жүйесі аурулары мен қатерлі ісіктерден кеиінгі үшінші орында орналасқан. Ал еңбек ету жасындағы тұрғындар арасында өлім себебі ретінде жарақаттар бірінші рангалық орында орналасқан. Ересектер мен жасөспірімдер арасында қалыптасқан жалпы аурушаңдық көрсеткішінің құрамында жарақаттар тыныс алу жүйесі ауруларынан кеиінгі екінші орынды қамтиды. Қоғамға тигізетін әлеуметтік-экономикалық шығыны, өлім оқиғаларынан жоғалған өмір сүру жылдарының ұзақтығы жағынан DALY бірлігі бойынша жарақаттар мен улануларға бірінші орын тиесілі.
Соңғы жылдары жүргізілген кешенді зерттеу жұмыстары жарақаттанудан туындайтын аурушаңдық және өлім көрсеткіштері кедей елдерде, даму жолындағы мемлекеттерде экономикасы дамыған елдерге қарағанда бірнеше есе жоғары екендігін көрсетті. Егер экономикасы дамыған елдерде жарақаттанудан туындаған аурушаңдық пен өлім оқиғалары жылдан жылға төмендесе, бұрынғы Кеңестер Одағының құрамына енген мемлекеттерде осы көрсеткіштер тоқтаусыз өсу үстінде. Орта есеппен алғанда тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағындағы ер кісілердің жарақаттанудан өлімге ұшырау мүмкіндігі Европа одағының ер кісілері арасындағы осындай көрсеткішінен 4 есе жоғары. 2004 жылғы ресми статистикалық деректер бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Россия Федерациясындағы жарақаттанудан туындаған өлім көрсеткішінің деңгейі 100 000 тұрғынға балап есептегенде 272,7 оқиғаны құраса, Европа Одағында – 54,3%000 болып шықты. Экономикасы даму үстіндегі елдердегі жарақаттану оқиғалары мен одан туындайтын өлім көрсеткішінің тоқтаусыз жоғарылауына жол қозғалысы қауырттылығының артуы, алкогольдік ішімдіктің арзандығы және кез келген жастық топтарға қол жетімділігі (әсіресе жасөспірімдерге), заңдардың босаңдығы, әлеуметтік капиталдың азайып, жұмыссыздықтың ұлғаюы, байлықты иеленудегі теңсіздік алып келуде. Осыдан балалар мен қарт адамдардың жарақаттанып, өлімге ұшырау қаупі арта түсуде. Сонымен қатар жарақаттануға және өлімге ұшырауға беиім топтарға үйсіз-күйсіз адамдар, шеттен келген жалдамалы жұмысшылар, жер ауып қашып келгендер, мүгедектер мен жұмыссыздар да жатады. Жарақаттарға ұшырайтын негізгі қауіп топтарын нақты анықтау тұрғындар арасында осы патологияның профилактикалық бағдарламасын жасап, тиімді және белсенді ұйымдастыру үшін қажет. Қазақстан Республикасы тұрғындары арасында қалыптасқан жарақаттану мен одан туындайтын өлім оқиғаларын төмендетуге бағытталған бірінші кезектегі шараларды негіздеу үшін мынандай мәселелерге көңіл бөлу қажет:
Жарақаттану оқиғаларына барлық тұрғындар бірдей ұшырай ма, әлде оған жиі ұшырайтын қауіп топтары бар ма?
Жарақатқа жиі ұшырайтын кезең бар ма, әлде жылдың барлық маусымдарында жарақаттану оқиғалары бірдей туындай ма?
Жарақаттанудың медициналық-әлеуметтік қырларын талдау барысында осы патологиялардан қалыптасатын мүгедектік оқиғаларына тоқтамай кетуге болмайды. Жарақаттанудың ашық түрлері жалпы жарақаттардың 20 % құрайды. Оның барысында адам өлімі аса жоғары емес. Алайда, осы ауруларға қолданылатын консервативтік емдеу шараларының тиімділігі төмен болғандықтан, тұрғындар арасында мүгедектер саны арта түсуде. Сондықтан алғаш рет мүгедектікке ұшырағандар ішінде жарақаттанудан туындаған мүгедектік оқиғалары үшінші орын алады. Осы жағдайдың қалыптасуына ашық жарақат алғандардың басым бөлігінің травматологиялық бөлімшелерден тыс жерде емделуі және білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етілмеуі алып келуде. Қазақстан Республикасында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты жарақаттанған науқастардың жағдайына, жеке сұранысына сай тегін де сапалы медициналық көмекпен жаппай қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ, ал науқастардың емдік шараларды өз қалтасынан қаржыландыру мүмкіндіктері шектеулі. Жарақаттардың 62-63 % тұрмыстық, 20-22 % өндірістік, 17-18 % транспорттық, оның ішінде 13-15 % жол көліктері апаттарынан туындаған. Жарақаттардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер арасында ( 1000 000 бала мен жасөспірімге 12 000 оқиға ) қалыптасса, ересектер арасында оның жиілігі 9 000 %000 жетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |