6.5. Маркетинг – денсаулық сақтаудағы маңызды элемент.
Денсаулық сақтау саласындағы маркетинг-сауықтыру және профилактикалық, санаторлық және емдеу қызметтерін, дәрі-дәрмекті, медициналық-терапиялық және реабилитациялық кешендерді сатуға байланысты қолданылатын ұйымдастырушылық-экономикалық қызмет болып табылады. Сыртқы орта себептерінің тұрақсыздығы жағдайында емдеу-диагностика үрдісінің қаржымен толыққанды қамтамасыз етілуін дұрыс ұйымдастыру аса үлкен маңызға ие болып отыр.
Қазіргі кезде медицина мекемелерін қаржыландырудың негізгі көзі мемлекеттік бюджет екендігі белгілі. Алайда, оны қаржыландырудың өзге көздерін де іздеу қажет. Осындай қаржы көзінің бірі ақылы медициналық көмек көрсету болып табылады. Ақылы медициналық көмек емдеу-профилактика мекемесінің басқаруына ең жеңіл үрдіс болып есептеледі. Негізгі қызметке еш кедергісіз медицина мамандарын әлеуметтік қорғауға жағдай туғызады, емдеу-профилактика мекемесіне қосымша табыс табуға жол ашады. Сондықтан емдеу-профилактика мекемесінің жұмысын қаржыландыруға осындай пайдалы қосымша табыс көздерін кеңінен қолдану дұрыс деп есептелінеді.
Ақылы көмектің ауқымын кеңейту медицина мекемелеріне мынандай
міндеттерді шешуге көмектеседі
.Мекеменің материалдық-техникалық базасын күшейтуге;
Жетіспейтін қаржы көзін толықтыруға;
Қосымша медициналық көмекке сұранысты қанағаттандыруға;
Екінші табыс көзін қолданып, қызметкерлердің қаржылық жағдайын
жақсартуға;
Көрсетілетін медициналық көмектің ауқымын, түрлерін кеңейтуге;
Медицина мекемелерінің босап қалған мамандарын жұмыспен қамтуға;
Мекеме жұмысының тиімділігін арттыруға;
Жаңа қондырғылардың өзіндік құнының бір бөлігін өтеуге;
Ауруларға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға.
Осыған қарағанда медицина саласындағы маркетингтің қызметі емдеу-профилактика саласындағы баға саясатын жүргізу, медициналық қызметті тұтынушыларға ұсыну және оны сатуды кешенді жоспарлау, экономикалық тұрғыда негіздеу және басқару болып табылады.
Маркетинг саласында емдеу-профилактика қызметінің барлық элементтері біріңғай технологиялық үрдіске айналды. Бұл үрдіс емдеу-профилактикалық және фармацевтикалық көмектің бірегейлігі мен мақсаттылығы арқылы жүзеге асады. Нарықтық қатынас жағдайында маркетинг әдістемесі азаматтардың медициналық көмекке, дәрі-дәрмекке және дәрілік заттарға сұранысын қамтамасыз етуге бағытталады. Сондықтан маркетинг «осы әлеуметтік саланы басқарудағы сана сезімді» қалыптастырады.
Маркетингтің мақсаты – медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек өндірісінің тиімділігін қамтамасыз етіп, өндірістік мүмкіндік аясында және қолайлы уақытта сатудың тиімді жолын қарастыру. Маркетингтік зерттеулердің нәтижесінде медициналық және фармацевтикалық көмек берудегі нарықтық жағдайдың өзгерістері болжамдалады, емдеу-профилактикалық қызмет аясында төлемақының өзгерістері сарапталады, медициналық көмек сапасының сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету жолдары анықталады.
Қазіргі кездегі медицинадағы маркетингтің міндеті емдеу мекемесінің бәсекелестікке сай келетін жұмыс бағытын дұрыс таңдау және нарықтық жағдайға тез бейімделу болып табылады.
Оның ішінде:
Ауруханалық қызметтің нақты түрлері бойынша (қызмет маркетингі);
Денсаулық мекемесінің (ұйым маркетингі);
Емдеу-профилактика мекемесінің орналасуы (орналасу орынының маркетингі);
Салауатты өмір сүру идеясы (идея маркетингі) – бар.
Мекеменің орналасу маркетингі, жеке тұлғалардың орналасу маркетингі өз мекемесінің жұмыс тиімділігін, қызмет көрсету ісін ұйымдастыру сапасын, білікті мамандардың бар екендігін және олардың емдеу, диагностика саласында заманауи әдістер мен технологияларды қолданатындығын насихаттауды жүзеге асырады.
Қоғамдық сипаттағы идеялардың маркетингі денсаулық сақтау мекемесінің темекі тартуға, алкогольдік ішімдікке салынуға, наркоманияға, семіздікке қарсы, отбасы санын жоспарлауға, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселелеріне бағытталған профилактикалық шараларды ұйымдастыру жұмыстарын қамтиды.
Нарықтық қатынас адамдардың психологиялық көзқарастарының түпкілікті өзгеруіне, оның ішінде емдеу-профилактикалық қызметтің, дәрі-дәрмектердің, медициналық тауарлардың тегін немесе ақылы болуына көзқарастарының өзгеруіне алып келеді. Сондықтан маркетинг қызметінің мақсаты және міндеттері емдеу-профилактикалық қызмет көрсету саласында нарықтық қатынастың даму бағытын болжамдау, денсаулық туралы мәліметтерді алу және сараптау, жаңа қызметтер, дәрі-дәрмектер, тауарлар нарығын жасау мәселесін шешу, нарықтық экономикаға байланысты өмір сүру салтын қалыптастыру болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |