7.3. Тұрғындардың денсаулығын қорғаудың негізгі құқықтық шарттары.
Денсаулық сақтау саласы республика азаматтарының денсаулығын қорғау құқығын қамтамасыз ететін жүйе ретінде белгілі шарттарға сүйене отырып дамиды. Кеңестер Одағы кезеңінде денсаулық сақтау жүйесінде мынандай шарттар қалыптасты:
Денсаулық сақтау саласының мемлекеттік сипатта болуы;
Денсаулық сақтаудың әлеуметтік-профилактикалық бағытта болуы;
Жоспарлы дамуы, медицина жүйесінің бірегейлілігі;
Денсаулықты сақтау және күшейту, денсаулық сақтау жүйесі қызметін
ұйымдастыру істеріне тұрғындардың белсенді араласуы;
Денсаулық сақтау тәжірибесіне ғылымның жетістіктерін белсенді түрде
енгізу;
Денсаулық сақтау қызметінің тегін және жалпыға бірдей қол
жетімділігі.
Дәл осы шарттар 1970 жылы өткен дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің дамуына ең қолайлы модель деп танылды.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйекте қабылданған № 193-ІV– Кодексінің 4 бабында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат шарттары келтірілген. Олардың қатарына мыналар жатады:
1) Азаматтардың қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық көмек алу
құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету;
2) Мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың жеке және қоғамдық
денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі;
3) Ана мен баланы қорғау;
4) Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету;
5) Денсаулық сақтау жүйесі қызметіндегі профилактикалық бағыттың
басымдылығы;
6) Медициналық көмектің қолжетімділігі;
7) Медициналық көмектің сапасын ұдайы арттыру;
8) Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз
ету;
9) Медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау ұйымдарының
қызметінің сабақтастығы;
10) Медициналық және фармацевтикалық білім берудің үздіксіздігі мен
сабақтастығын қазіргі заманғы оқыту технологияларын пайдалана
отырып қамтамасыз ету;
11) Отандық медицина ғылымын мемлекеттік қолдау, денсаулық сақтау
саласындағы ғылымның, техниканың алдыңғы қатарлы жетістіктерін
және әлемдік тәжірибені енгізу;
12) Ерікті өтемсіз донорлықты көтермелеу;
13) Отандық әзірленімдерді және бәсекеге қабілетті медициналық және
фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуды мемлекеттік қолдау;
14) Азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге қоғамдық
бірлестіктердің қатысуы;
15) Денсаулық сақтаудың халықтың сұранысын, мұқтажын қанағаттандыруға
және өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарлылығы;
16) Салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға
жәрдемдесу;
17) Халықтың денсаулығын, дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен
сапасын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторына жатқызу
шарттары негізінде жүргізіледі.
Мемлекет өз мойына жүктеген міндеттерін орындау мақсатында заңдар, нормативтік құжаттар, құқықтық актілер қабылдайды. Сол арқылы денсаулық сақтау жүйсінің жұмысында қолданылатын шарттар жетілдіріледі немесе оларға өзгерістер енгізіледі.
Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жасау, қажетті мамандарды даярлау, технологияларды ендіру орасан көп қаржыны бағыттауды талап етеді. Сондықтан медициналық шараларды жүзеге асыруға қажетті қаржы көзін қамтамасыз етудің маңызы үлкен. Егер денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылса, онда мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі туралы айтылады. Егер денсаулық сақтау жүйесінің қызметін қаржыландыру сақтандыру жарнамасына негізделсе, онда сақтандыру медицинасы туралы айту қажет. Жекеменшіктегі денсаулық сақтау жүйесі ерікті сақтандыру қорынан түскен табыс көзінен қаржыландырылады.
Әлеуметтік-профилактикалық жұмыс денсаулық сақтау ісінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл шартты орындау әлеуметтік-экономикалық, медициналық-ұйымдастырушылық, санитарлық-техникалық, гигиеналық кешендерден тұрады. Оның негізгі әдісі болып диспансеризация қала береді. Ана мен баланың денсаулығын қорғау медицина тәжірибесінің басым бағыты болып саналады. Дені сау анадан дені сау бала туылады. Сондықтан аналардың денсаулығын жоғары деңгейде қалыптастыру болашақ ұрпақтың аман болуының кепілі деп қарастырған жөн. Осы қағиданы негізі шарт ретінде қарастырған және оларды қорғау ісін заңды құжаттармен бекіткен Республика ана мен баланы қорғауға денсаулық сақтау жүйесінде арнайы қызмет ұйымдастырып, медицина мекемелерін және мамандар мен материалдың-техникалық қорын нығайтып, белсенді медициналық-профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Бұл жұмыстардың нәтижесі жақсы. Ана мен баланың денсаулығын қорғау жұмыстары олардың өлімін, мүгедектік және кеселдену оқиғаларын айтарлықтай төмендетті.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Президенттің №70 «Кепілдендірілген қызметтің тізбесі туралы» жарлығымен және өкіметтің жыл сайын «Қазақстан Республикасы халқына тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің ағымды жылға арналған тізбегін бекіту туралы» қаулысымен заң жүзінде жүзеге асырылады. Сондықтан бұл шарттың да құқықтық негізі қатаң сақталады деп айтуға болады. Медициналық көмектің қол жетімділігі мен медициналық көмектің сапасына кодекстің 5 бөлімінің 16 тарауына қарасты 87 бабында мемлекеттік кепілдік берілетіндігі жарияланған. Бұл кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін Республиканың әрбір тұрғынының денсаулығы туралы біріңғай ақпараттық жүйе қалыптастырылған және сырқатқа байланысты, олардың мамандандырылған медициналық көмекке сұранысы есепке алынады. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша, аурулар толыққанды тексеруден өтіп Республиканың кез келген клиникасында емделуге бағытталады. Мемлекеттік кепілдендіру аясында және формулярлық жүйе бойынша аурулар қол жетімді, сапалы, тиімді және қауіпсіз дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласының барлық іс-шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Емдеу, профилактика, диагностика және реабилитация шаралары белгіленген стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Ал, көрсетілген медициналық көмектің төлемақысы оның нәтижесіне қарай қалыптастырылады. Сондықтан емдеу-профилактика ұйымдарының жұмыс тиімділігі берілген медициналық көмектің сапасына тікелей байланысты болады деуге толық құқықтық негіз бар.
Денсаулық сақтау жүйесінің заңнамаларында азаматтардың өз денсаулығына мемлекетпен бірдей жауапкершілігі де қарастырылған. Азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігі тегін кепілдендірілген медициналық көмектен тыс алынатын ақылы медициналық көмекте көрініс береді деуге болады. Осы жерде айта кететін мәселе, азаматтардың дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника айналысы саласындағы мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сарапшы ұйымдардан және субьектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға құқығы бар. Сондықтан Республика азаматтарының денсаулық қорғау шарттары заң жүзінде толық қамтамасыз етілген деп айтуға болады. Осы шарттарды жетілдіру мақсатында Республика Парламенті қолданыстағы заңдардың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық, медициналық-құқықтық сұранысқа сай болуын қатаң қадағалап және оларға қажетті өзгерістер мен толықтыруларды дер кезінде енгізіп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |