2.1 Статистиканың анықтамасы мен теориялық негіздері.
Медициналық биологиялық және медициналық әлеуметтік зерттеулерде статистиканы қолдану.
Зерттеу жұмысын орындаудың маңызды бір элементі статистикалық әдістерді қолдану негізінде алынған нәтижелерді сараптау болып табылады. Соның арқасында қол жеткізген нәтижелердің нақтылығын бағалап, ғылыми тұрғыда негізделген қортындылар шығаруға жол ашылды. Әлеуметтік-гигиеналық және клиникалық зерттеу жұмыстарының нәтижелерін сараптау, бағалау, денсаулық көрсеткіштерінің даму бағытын болжамдау және әртүрлі өмір сүру салты себептерімен, қоршаған ортаның экологиялық-гигиеналық жағдайымен, емдеу-профилактика мекемелерінің қызметтік көрсеткіштерімен байланыстыру үшін статистикалық әдістердің көмегіне жүгінеді. Сараптау барысында абсолютті шамалар, орта және салыстырмалы шамалардың көрсеткіштері, корреляция коэффициенттері мен стандартизациялау көрсеткіштері қолданылады.
Статистикалық деректерге көптеп кездесетін көріністерді, үдерістерді және жағдайларды сипаттайтын сандар жүйесі жатады. Жеке көріністер мен белгілірдің бір рет жүргізілген өлшемі статистикаға жатпайды. Статистикада бір адамның белгілі бір көрсеткішін немесе көптеген адамдардың көрсеткіштерін белгіленген уақыт аралығында көп қайтара өлшеп, алынған нәтижені жалпылама түрде береді.
Статистика ғылыми бағыт ретінде статистиканың жалпы теориясын, экономикалық статистиканы және әртүрлі сала статистикаларын қамтиды. Жалпы статистика бұл ғылыми саланың шарттары мен әдістерін көрсетеді. Салалық статистика халық шаруашылығының әртүрлі салаларындағы көріністерді статистика әдістерімен зерттейді.
Статистикалық әдістер білімінің әртүрлі саласында қолданылады. Оның ішінде математика, физика, биология, медицина, астрономия, география, космонавтика және тағы басқа білімнің салалары бар. Алайда статистика ғылыми бағыт ретінде өзінің зерттейтін нысандары мен әдістерін қалыптастырған. Олар қоғамдық көріністердің өлшемдері мен сапалық арақатынасын көрсететін көрсеткіштер жүйесін жасауға жағдай туғызады.
Статистика ғылымы математиканың негізінде пайда болды. Алайда математика қоршаған ортадағы денелер мен көріністердің сандық жағын зерттейді. Бірақ алынған нәтижелер бұл денелердің сапасымен байланыссыз, абстракты түрде қарастырылады. Көптеген ғалымдар статистика мен математика ғылымдары арасында айырмашылық жоқ деп есептейді.
Статистиканың негізгі міндеті зерттелетін көріністердің заңдылықтарын анықтау. Ал оны анықтау үшін зерттелетін көріністердің бақылау саны жеткілікті және көп санды болуы тиіс.
Бақылау саны Бернуллидің ашқан үлкен сандар заңдылықтарына сай келуі қажет. Үлкен сандар заңдылығын негіз ете отырып П. Лаплас мүмкіндік теориясын құрастырды. Бұл теория көріністердің, оқиғаның немесе белгінің пайда болу жиілігі мен мүмкіндігінің өлшемін қарастырады. Бір оқиғаның пайда болу мүмкіндігі – пайда болған оқиғалар санының барлық туындауы мүмкін оқиғалар санының арақатынасына тең. Белгілі бір оқиғаның туындамау мүмкіндігі – туындамаған оқиғалар санының барлық туындамауы мүмкін оқиғалар санының арақатынасына тең. Оқиғалардың туындау және туындамау мүмкіндіктерінің қосындысы бірге тең келеді. Оқиғаның туындау мүмкіндігі нольге жақындаған сайын, оның мүмкіндігі төмендей береді.
Үлкен сандар заңдылығы мен мүмкіндік теориясы статистиканың ғылыми негізін құрайды.
Табиғи ортада және қоғамда статистиканың анықтайтын сандық өзгерістері мен көріністері, заңдылықтары бірден қалыптаспайды. Белгілі бір мезетте, қажетті деңгейге жеткенде осы сандық өзгерістер көріністердің, үдерістердің, заттың жаңа жағдайын туындатады. Қол жеткізген тәжірибелер, бір аурулардан (мысалы, инфекциялық аурулардан) туындайтын өлім саны азайғанда, екінші бір аурудан (жүрек-қан айналу жүйесі ауруларынан) туындайтын өлім саны ұлғаяды. Осылайша ерлер мен әйелдердің өлім себептерінің құрамында жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші рангалық орынға шықты.
Статистиканың міндеті – зерттелген көріністердің өзгерістеріне алып келетін себептерді анықтау.
Қоғамдағы себептік байланыстар көпсалалы. Олар уақытша, корреляциялық, кеңістіктік және басқа болуы мүмкін. Осы арақатынасты зерттейтін статистика болып табылады. Үлкен санды зерттеу барысында көріністер арасында тұрақты қайталанатын байланыстар белгілі бір заңдылықтарды көрсетеді. Статистикалық заңдылықтарда себептер мен оның барысы арасындағы байланыстар тұрақты емес, басқаша айтқанда ол әртүрлі дәрежеде туындауы мүмкін. Мысалы, денсаулық сақтау мекемесінің жұмыс тәжірибесіне ендірілген сауықтыру шаралары аурушаңдықты төмендетуі тиіс. Алайда, аурушаңдықтың төмендеу деңгейі сауықтыру шараларының басқаруға икемдігіне тікелей байланысты. Статистика мен статистикалық әдістерді тұрғындардың денсаулық жағдайын бағалауда, оның бір себепке байланыстылығын анықтауда, медицина мекемесінің қызметін сараптауда қолдану медициналық статистиканың немесе салалық статистиканың қызметі болып табылады.
Статистика деген латынша «Стато», ал қазақша «Жағдай» деген мағынаны көрсетеді. Қазіргі кезеңде ғалымдардың көбісі статистикаға мынандай түсінік береді. «Статистика жеке қоғамдық ғылыми бағыт. Ол қоғамдағы белгілі бір мезгілде және кеңістікте жүретін жалпы өзгерістердің сандық және сапалық жағын зерттейді». Осыған қарағанда статистика жалпы көріністерді тұжырымдау үшін қажет екен. Оны жеке көріністерді зерттеуге қолдануға болмайды. Сондықтан оны басқаша «Статистика деген-жалпы көріністердің топтық қасиеттерін математикалық жолмен түсіндіру» деуге болады.
Жалпы статистикада математикалық әдістерді қолдану өмір талабынан туып отыр. Сонымен қатар математика мен статистика арасында өзіндік айырмашылықтары бар. Егер статистика белгілі бір объективтік көріністермен айналысса, математика абстракциялық сандық арақатынастарды зерттейді. Статистика болса өмірде болып жатқан өзгерістердің сандық және сапалық жағын зерттеп баға береді. Бұл зерттеулерде статистика диалектикалық материализм категорияларының тығыз байланыстылық заңдылықтарына сүйенеді.
Қоғамдық көріністер бір-біріне сандық және сапалық жағынан тәуелді. Бірақ, оларды біріктіре қарауға да болмайды. Себебі әрбір қоғамдық көріністе сандық та, сапалық та қасиеттер бар. Осыған қарағанда статистика қоғамдық көріністердің өзгеруін зерттейді. Өзгеріссіз көріністерді статистика ғылымы зерттемейді. Сондықтан «Үлкен сандар» заңдылығын білудің маңызы өте үлкен. Оның көмегімен статистикалық көрсеткіштерді кездейсоқ жағдайлардан арылтуға болады. Осындай заңдылықтар демография ғылымында да байқалады. Мысалы, жыл сайын туылған 100 қыз балаға 104-106 ер бала тура келеді. Бірақ осындай заңдылықты тек қана көптеген байқаулар арқылы анықтауға болады. Аз көрсеткіштердің ішінен қыздар мен ер балалардың осындай ара-қатынасы көрінбейді немесе аса байқала қоймайды.
Зерттелетін көріністердің мөлшерінің жеткіліктілігін және алынған көрсеткіштің дұрыстығын анықтау үшін математикалық статистика әдістерін қолдана білу қажет. Басқаша айтқанда, жиналған медициналық деректерді статистикалық өңдеу және сараптау жұмыстарын арнайы математикалық әдістердің көмегімен жүргізіп, көрсеткіштің аз, бірақ жеткілікті мөлшері арқылы жалпы статистикалық көрініске баға беруге болады.
Медициналық статистикада статистиканың өзге салаларына қарағанда «Үлкен сандар» заңдылығы жиі қолданылады. Ол мынандай жағдайларда кездеседі:
Аз көлемдегі бақылауды жүргізгенде.
Орта көрсеткіштерді сараптап, олардың арақатынасын анықтауда.
Зерттеулер өте аз бақылауға сүйене отырып жүргізілген жағдайда.
Осы жағдайларда «Үлкен сандар» заңдылығын қолданбаса зерттеудің жоспарын, бағдарламасын дұрыс жасау және алынған көрсеткіштердің оңдылығы мен бағалылығын анықтау мүмкін емес. Статистикалық әдістермен анықталған қоғамның объективтік заңдылықтарының маңызы үлкен.
Ал, медициналық статистиканың деректеріне сүйенбеген әлеуметтік медицина мен денсаулықты сақтауды ұйымдастыру жұмысы бос сөзге айналады. Ойдан шығарылған жағдайларды шындыққа айландыру үшін, қолдан жсалған, жағдайдың дұрыстығын дәлелдейтін тұжырымдарды пайдалануға алып келеді. Сонымен, медициналық статистика жалпы статистика ғылымының негіздеріне жүгінеді. Ол үш бөлімнен тұрады:
Денсаулық статистикасы.
Денсаулықты сақтауды басқару статистикасы.
Клиникалық және экспериментальдық зерттеулер статистикасы.
Денсаулық статистикасының негізгі тармақтарына:
Демография статистикасы;
Аурушаңдық және мүгедектіктің статистикасы;
Өсу және даму статистикасы жатады.
Тұрғындардың денсаулығын анықтау барысында олардың саны мен құрамы, өсімі мен өмірінің ұзақтығы, жеке аурулардың таралуы, мүгедектің деңгейі және жеке адамдардың физикалық дамуы туралы деректерді жинап, зерттеу жүргізеді. Оның барысында денсаулыққа қоршаған орта зиянды заттарының тигізетін әсерін анықтайды. Осы корреляциялық байланыстарды нақты білу денсаулықты күшейтуге бағытталған шараларды жетілдірілуге көмектеседі.
Денсаулықты сақтау статистикасы бірнеше тармақтарға бөлінеді. Оған:
Емдеу-алдын алу мекемелерінің статистикасы;
Санитарлық және эпидемияға қарсы күресетін мекемелер статистикасы;
Әйелдердің босануына көмектесетін және денсаулығын қорғайтын мекемелердің статистикасы;
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғайтын мекемелер статистикасы;
Медицина қызметкерлерінің статистикасы жатады.
Статистикалық әдістерді клиникалық, лабораториялық және экспериментальдық зерттеулерде қолдану көптеген сұрақтарды шешуге көмектеседі. Оның ішінде жоспарлау, клиникалық және лабораториялық зерттеулерді ұйымдастыру, алынған көрсеткіштердің статистикалық тұрғыдан дұрыстығын және зерттелген қоғамдық жайлардың объективтік заңдылықтарын анықтау, қолданылған алдын-алу және емдеу шараларының медициналық тиімділігін бағалау жұмыстары да бар. Бұл жерде медициналық статистика өзінің қоғамдық қасиетін жоғалтпайды. Себебі, адам организміндегі биологиялық үдерістер мен оның өзгерістері қоршаған орта себептерінің әсерінен және онымен диалектикалық байланыста жүреді. Статистикалық зерттеулер белгілі бір ғылыми түрде тұжырымдалған ережелерді және әдістерді қолданып жүзеге асырылады. Осының бәрін бір сөзбен статистикалық әдістеме деуге болады.
Статистикалық зерттеулер тек қана ғылыми жұмыста емес, сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелерінің күнделікті қызметінде де қолданылады. Денсаулықты сақтау жұмысында және арнайы медициналық зерттеулерде статистикалық әдістеме бірінен соң бірі орындалатын төрт кезеңнен тұрады. Ол кезеңдердің әрқайсысы көптеген статистикалық қимылдардан құралады. Оған:
Зерттеулердің жоспары мен бағдарламасын жасау;
Статистикалық бақылау мен есепке алуды ұйымдастыру;
Статистикалық топтау, өңдеу, жинақтау және материалдарды есептеп, ыңғайлау;
Талдау, тұжырым шығару, жұмысты жақсартуға ақыл қосу және алынған зерттеудің нәтижелерін күнделікті жұмысқа енгізу жатады.
Статистикалық бақылаудың жүргізу мезгілі мен уақытысына қарай күнделікті және белгілі бір мерзімде жүргізілетін түрлері бар. Оның көлемімен, зерттелетін белгінің бақылауға алу мөлшеріне қарай жалпы және жекелей статистикалық бақылау, есепке алу әдістері қолданылады. Статистикалық бақылау барысында көптеген жағдайлардың, белгілердің және деректердің жиынтығымен айналысуға тура келеді. Оны статистикалық жиынтық дейді.
Статистикалық жиынтық дегеніміз-сапасы жағынан біріңғай деректердің, жағдайлардың және жаңалықтардың белгілі бір бағыттағы жиынтығы. Статистикалық жиынтықтың жеке деректерін, көріністерін-бақылау көрсеткіші деп, ал бақылау көрсеткіштерінің деректерін – есепке алынатын белгілер деп атайды.
Статистикалық жиынтықтың толық және таңдамалы түрлері бар. Бірақ статистикалық жиынтықтың таңдамалы түрі зерттелетін жиынтықты толық бағалауға жеткілікті немесе репрезентативті болуы тиіс. Жиналған статистикалық деректерді (аурудың тарихы, статистикалық талондар, арнайы карталар) топтамай жайша есептеу, оны терең талдауға жағдай туғызбайды. Сондықтан деректі құжаттарды топтастыру статистикалық зерттеудің ең маңызды кезеңі болып есептеледі. Жиналған деректерді топтастыру дегеніміз – оны жекелей белгілеріне қарай біріктіру болып табылады. Деректердің топтары сандық және сапалық жағынан анықталады. Сапалық немесе антрибутивтік белгілер жазбаша түрде белгіленеді. Оған адамның жынысы, қызметі, жұмыс істеу ұзақтығы, аурудың аты мен белгілері т.б. жатады. Сандық белгілерді цифрлармен көрсетеді. Оған адамның бойының ұзындығы – см, жасы-жылмен, емделу мерзімі-күнімен есептеу және т.б. жатады. Осыдан түрлік және варияциялық топтастыру пайда болады.
Жинақтау дегеніміз – жай арифметикалық қосу емес, ол ғылыми түрде тұжырымдау. Оның барысында негізгі белгілер алдыға шығып, керексіз белгілер шетте қалады. Есептеудің соңында кесте құрастыру керек. Ол статистикалық жиынтықтың жүйеленген белгілерін сандық көрсеткіштермен әсерлеп көрсету болып табылады. Соның арқасында статистикалық деректерді талдау және әдеби түрде жазып көрсету жеңіл жүреді. Статистикалық кесте көріністердің, деректердің сандық жиынтығының цифрлық көрсеткіштері. Оның үш түрі бар:
Жайша
Топтық
Аралас
Статистикалық есептеу – қортындылау және оны кесте түрінде көрсетумен аяқталады. Ол абсолюттік сандардан тұрады. Материалдарды талдау барысында абсолюттік сандардан-жалпылама көрсеткіштер жүйесі жасалады. Оған статистикалық коэффициенттер мен орта сандар жатады. Статистикалық коэффициенттер мен көрсеткіштердің мынандай түрлері бар:
Экстенсивтік көрсеткіштер – жиынтықтың құрамын, бөлшектенуін, таралуын көрсетеді.
Интенсивтік көрсеткіштер – көрсеткіштің қайталану жиілігін көрсетеді.
Арақатынас көрсеткіштері.
Көрнекті көрсеткіштер.
Көріністер мен жағдайлардың белгілі бір мерзімдегі өзгерістерін зерттеу және талдау үшін статистикада динамикалық қатарлар әдісі қолданылады. Олардың ішінен абсолюттік даму, даму мен өсім жылдамдығы немесе кему жылдамдығы және бір процентке өсудің абсолюттік бағасы деген көрсеткіштер алынады. Сонымен қатар статистикада орта сандар өте жиі қолданылады. Орта сандар маңыздылығы жағынан топтастырумен қатар келеді. Орта сандар статистикалық жиынтықтың өзгеретін сандық белгісіне жалпы баға беретін көрсеткіштер. Орта сандардың негізгі қасиеті мен маңыздылығы оның кез келген жағдайда қолдануға болатындығында. Олар көріністер мен өзгерістердің бағытын тез көрсетеді және оларға жалпы баға бере алады.
Медициналық статистикада орта сандардың, орта арифметикалық шама, мода, медиана, орта прогрессивтік және орта квадраттық ауытқу, орта көрсеткіштің орташа қатесі деген түрлері қолданылады.
Орта сандарды қолданғанда варияциялық қатарлармен жұмыс істеуге тура келеді. Олар варианттар (V) мен жиілік (Р) көрсеткіштерінен тұрады. Статистикалық теория мен тәжірибе жұмысында орта және балама көрсеткіштердің, бір-бірімен салыстырылатын көрсеткіштердің айырмасының дұрыстығын бағалайтын әдістер бар. Көптеген әлеуметтік және гигиеналық зерттеулерде, клиникалық жұмыстарда көрсеткіштерді салыстыру үшін бірыңғай топтарды алу мүмкіндігі мүлдем жоқ. Ол әсіресе аурушаңдықтың, мүгедектіктің, өлім мен туудың аймақтық, қалалық, аудандық және ауылдық жерлердегі көрсеткіштерін зерттегенде, олардағы тұрғындардың жастық және жыныстық жағынан әртүрлі болуына байланысты туындайды.
Статистиканың ең бір маңызды міндетіне көріністер мен өзгерістердің өзара байланысын анықтау жатады. Олардың байланысының екі түрі белгілі – қызметі жағынан және корреляциялық. Қызметі жағынан байланыста көріністердің белгілі бір көрсеткішіне, алдын ала белгілі екінші өзгергіш көрсеткіші сәйкес келеді. Корреляциялық байланыста –бір белгінің көрсеткішіне, басқа бір белгінің бірнеше көрсеткіші тура келуі ықтимал. Оларға дәрежелі корреляция және квадраттау әдісімен корреляциялау жатады. Статистикада регрессия коэффициенті деген көрсеткіш бар. Ол бір көріністің көрсеткіші бір рет өзгергенде, екіншісінің қалай өзгеретінін көрсетеді. Алынған көрсеткіштерді талдау және әсерлеп көрсету мақсатында статистикада графикалық бейнелер қолданылады. Олар диаграмма, картограмма түрінде түсіріледі. Диаграммалардың сызықша, радиалды, көлемді, мүсінді және бағаналы түрлері бар.
Медициналық статистиканың емдеу, алдын алу және санитарлық-эпидемиологиялық мекемелердің қызметі, мамандары, саны мен жұмыс сапасы жөніндегі статистикалық деректерді жинау, өңдеу және талдау жұмысымен айналысатын бөлімін – денсаулықты сақтау статистикасы деп атайды. Барлық бірыңғай емдеу және аурудың алдын алу мекемелерінде бірдей есептеу құжаттары қолданылады. Осылайша жүргізілген есептеу, деректі материалдарды өңдеуді жеңілдетеді және оны механикалық жолмен жинақтауға көмектеседі.
Денсаулықты сақтау жүйесіндегі ақпарат жұмысын жетілдіру, жаңа деректердің көлемі мен сапасына қойылатын талаптарды күшейту, есеп-қисап жүйесін, оның анықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етіп, пайдалану үшін білікті мамандар керек және олардың білімін үнемі жетілдіріп отыру қажет. Қазіргі кезеңде, денсаулық сақтау саласында басқарудың автоматты жүйелері енгізілуде. Бірақ үйреншікті есептеу және есеп беру жүйесі өз мағынасын болашақта да жоғалтпайды деп ойлаймыз. Барлық емдеу және аурудың алдын алу жұмысын қамтамасыз ететін мекемелер жыл сайын емхана мамандары мен аурухананың қызмет барысы туралы есеп беретіні белгілі. Осы деректердің негізін емдеу мекемелерінің күнделікті жүргізетін оперативтік есептеу құжаттары құрайды. Жыл сайынғы есеп беру медицина қызметінің жеткен көрсеткіштер сапасын бағалау үшін жүргізіледі.
Емдеу мекемесінің әрбір бөлімшесі өз жұмыстарын талдап, жұмысты алға бастырған және кейін тартқан себептерді анықтайды. Есеп беру барысында алынған деректер денсаулықты сақтау жұмысының күнделікті және алдын ала жасалынатын жоспарын жасауда қолданылады. Жылдық есеп берудің статистикалық көсеткіштерін анықтау олардың мағынасы бойынша жүргізіледі. Статистикалық есеп беру көрсеткіштері аудандық, қалалық, облыстық, республикалық көрсеткіштермен салыстырылып, оған керекті бағасы беріледі. Ал, талданған көрсеткіштер бірнеше жылдағы өзгерістермен салыстыра қарастырылады. Оның барысында маңызды статистикалық деректер алынады. Олар медицина қызметінің жеткен жетістіктерін көрсетеді.
Сонымен, медициналық статистика дегеніміз – қоғамдық тәжірибе саласы және жекеше оқылатын маңызды пән. Ол жалпы статистиканың бір тармағы. Басқаша айтқанда, медициналық статистика қоғамдық медициналық ғылым. Ол денсаулықты және денсаулықты сақтау жұмысын сандық және сапалық жағынан зерттейді. Сонымен қатар, статистиканың әдістері мен әдістемелері арнайы медициналық мәселелерді де шешуге қолданылады. Кез-келген саладағы дәрігерлер мен денсаулықты сақтауды ұйымдастырушылар үшін медициналық статистика денсаулыққа, санитарлық және өндірістік тіршіліктік жағдайға сандық және сапалық баға беруге қолданылатын негізгі құрал болып табылады.
Медициналық статистика денсаулықты сақтау мекемелері мен басқару орындарының жинаған материалдарына жүгінеді. Осы деректі материалдарды зерттеп сараптағанда, медицина органдары мен мекемелерінің жұмысындағы жеткіліксіз жақтары анықталып, оны түзетуге және жақсартуға арналған жоспарлар құруға, бөлінген қаржыны дұрыс бағытта қолдануға жағдай туады. Соның арқасында тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек жақсарады.
Кез-келген салада қолданылатын статистика, оның ішінде медициналық статистика әдістемелік және материалдық бөлімнен тұрады. Әдістемелік бөлім зерттеулерді жүргізетін әдістердің жиынтығын құрайды. Әртүрлі салада қолданылатын статистикалық әдістердің жалпы біріңғайлығымен қатар өзіндік ерекшілігі де болады.
Статистиканың материалдық бөлімі деректі сандардың жиынтығынан тұрады. Ал медициналық статистиканың материалдық бөлімі тұрғындардың денсаулығы туралы деректі цифрлар жиынтығынан құралады. Медициналық статистика тек қана ғылыми немесе пәндік бағыт емес, сонымен қатар қоғамдық тәжірибе. Оның көмегімен медицина мекемелері есепке алу және есеп беру жұмыстарын атқарады. Есепке алудың терең мағынасы бар. Ол есепке алудың жоспарлаумен тығыз байланысты біріңғай жүйесі.
Есепке алудың 3 түрі бар: оперативтік, бухгалтерлік және статистикалық. Оны жайша айтқанда, күнделікті жүретін жеке деректер мен белгілерді жүйелі түрде анықтап, есепке алу деп түсінуге болады. Есеп беру дегеніміз белгілі бір кезеңде жүйелі түрде, бекітілген бағдарламалардың тұрақты сұрақтары бойынша деректердің қортындысын шығарып, жұмыстың барысын бағалау. Ол аурудың, мүгедектіктің, өлімнің себептерін анықтап, оларға қарсы арнайы алдын-алу, бақылау және емдеу шараларын жасауға, оның тиімділігін анықтауға көмектеседі. Статистикалық әдіс қоғамдық ғылыми салада ғана қолданылып қоймайды, сонымен қатар биологиялық, клиникалық, лабораториялық зерттеулерде физикалық және химиялық өзгерістерді анықтауға пайдаланылады. Әрбір көрініс санының артуы, сапалық өзгерістер туғызатыны белгілі. Бірақ, зерттелетін көрсеткіштерді қасиеттеріне қарай дұрыс топтастырудың маңызы үлкен. Сондықтан зерттеумен айналысатын адамның статистика заңдылықтарымен толық таныс болуы және қолдана білуі қажет.
Статистиканың сүйенетін теориялық негізіне математика мен экономика заңдылықтары да жатады. Медициналық деректерді әлеуметтік, жыныстық қасиетіне және қызметіне қарай топтастыру үшін экономикалық заңдылықтарды білу керек. Ал аурушаңдықтардың деректерін аурудың түріне және тобына қарай топтастыру үшін дәрігердің білімі жоғары болуы тиіс. Осылайша денсаулықтың әлеуметтік және гигиеналық жағдайға корреляциялық байланысын және тәуелділігін анықтау үшін, адам организімінің қалыпты физиологиясын және потологияның даму механизмін дұрыс бағалап, ауру туғызатын қоздырғыштарды белгілейді. Содан кейін ғана алынған көрсеткіштердің құндылығы мен дұрыстығын анықтайды және зерттелген көрсеткіштердің арақатынасын өлшейді.
2.2. Статистикалық зерттеуді ұйымдастыру және зерттеу кезеңдері. Статитсикалық бақылау әдістері және түрлері. Статистикалық жинақ және статистикалық кестелер. Статистикалық зерттеу нәтижелерін сараптау және дайындау.
Дәрігердің күнделікті жұмысына медициналық көмекті жақсартуға бағытталған шараларды жасау үшін статистикалық зерттеулер жүргізіп, керекті деректер жинау қажет. Мысалы, ауруханадағы жататын төсек орынының тиімділігін арттыру үшін, аурулардың жынысына, жасына, ауруына, жату мерзіміне қарай ауруханада емделу ұзақтығын зерттеу қажет.
Тағы да бір мысал, балаларды егу бөлмесінің жұмысын арттыру шараларын жасау үшін жұқпалы ауруларға қарсы егілетін балалардың жасына, физикалық дамуына және басқа жағдайларына қарай не себепті уақтылы вакцинация мен ревакцинацияға келмегендігін зерттеу керек. Аты аталған және басқа сұрақтар статистикалық зерттеулердің кезеңдерін, мағынасын білуді, зерттеудің міндеті мен мақсатын анықтауды, бақылаудың бірлігін дұрыс белгілеуді, статистикалық зерттеудің таблицаларын жасай алуды, бақыланатын көріністің керекті санын белгілей білуді, таңбалауды, топтауды, жинақтауды және сараптауды қажет етеді.
Статистикалық зерттеудің 5 кезеңі бар:
I – кезең – зерттеудің жоспары мен бағдарламасын жасау.
II – кезең – статистикалық есепке алу (материалдарды жинау).
III – кезең – материалды талдау және жинақтау.
IV – кезең – алынған деректерді сараптау.
V – кезең – зерттеу қортындысын тәжірибелік жұмысқа енгізу.
Жоспар мен бағдарламаны жасау зерттеудің гипотезасын құрастырудан немесе зерттеудің негізгі идеялық жобасын анықтаудан басталады. Ол зерттелу барысында қандай мәселені дәлелдеу немесе жоққа шығару керектігін көрсетеді. Жұмыс гипотезасы зерттеудің мақсаты мен міндеттерін анықтауға көмектеседі. Зерттеудің мақсаты мынандай сұраққа жауап беруі керек: бұл зерттеу не үшін өткізілмекші? Зерттеудің мақсатын көрсету барысында зерттеуші мақсатқа жету үшін қандай кезекті қимылдар жасау керектігін белгілейді. Зерттелетін орта бас немесе таңдаулы статистикалық жиынтық болуы мүмкін. Зерттелетін орта ретінде таңдамалы статистикалық жиынтықты алғанда, оның репрезентативті (бас жиынтықтың қасиеттерін толық ашатын көлемде) болуын қамтамасыз ету керек.
Таңдамалы статистикалық жиынтықтың репрезентативті болуын қамтамасыз ету үшін алдын ала таңдалатын жиынтықтың көлемін есептейді және бақыланатын бірлікті (белгіні) таңдап алуға арнайы әдістемелер қолданылады. Егер зерттеудің соңғы қортындысында деректер орта шамамен көрсетілуі керек болса, онда таңдамалы жиынтықтың көлемі мынандай формуламен анықталады:
Бұл жерде n – бақылау саны; t- сенімділік коэффициенті. Ол қатесіз болжам (Р) жасаудың 95% мүмкіндігінде 2-ге, ал р=99% болғанда 3-ке тең келеді; δ-орта квадраттық ауытқу. Ол осындай зерттеулердің қортындысы шығарылған деректерден алынады немесе аз санды бақылауды жүргізу барысында есептеп шығарады.
D-ең жоғары дәрежеде жіберілетін қателік. Ол зерттеушінің алдына қойған мақсаты мен міндетіне және өлшенетін белгінің ерекшелігіне байланысты алынады. Егер зерттеудің қортындысын көрсеткіштермен беру керек болса (мысалы, процентпен), онда таңдамалы жиынтықтың көлемі мына формуламен есептеледі.
Бұл жерде n – бақылау саны; t- сенімділік коэффициенті. Ол қатесіз болжам жасаудың (Р) 95% мүмкіндігінде 2-ге, ал р=99% мүмкіндігінде 3-ке тең.
Р-процентпен берілген көрсеткіштер. Олар алдыңғы осылайша жүргізілетін зерттеулердің жарық көрген деректерінен алынады немесе Р мен q көбейтіндісі барынша көп болуы үшін есептелініп алынады. Ондай жағдай Рq=50% және q=100%- Р% болғанда шығады.
D – ең жоғары дәрежеде жіберілетін қателік. Ол зерттелетін көріністің ерекшелігіне, зерттеудің мақсаты мен міндетіне қарай беріледі. Көбінесе (D) көлемі 15% аспайды.
Таңдамалы статистикалық жиынтықты құрастыру үшін бас жиынтықтың құрамынан бақыланатын бірлікті (белгіні) әртүрлі әдістермен таңдап алу арқылы жүргізіледі.
Бағдарламаны жасау барысында талқыланатын сұрақтарды анықтап, оны сұрыптау және сараптау бағытын белгілеу керек. Бағдарламаның мәліметтерді жинау бағдарламасы, мәліметтерді өңдеу бағдарламасы және алынған деректерді сараптау бағдарламасы деген түрлері бар.
Мәліметтерді жинау бағдарламасы дегеніміз –зерттеу барысында есепке алынатын (сұрақтардың) белгілерінің тізбесі. Ол карта, перфокарта, кесте, журнал немесе бланк түрінде болуы мүмкін. Есепке алыну бланкісінің мысалы ретінде мемлекеттік статистикалық құжаттарды қарастыруға болады (еңбекке жарамсыздық туралы қағаз, анықталған диагноздарды есепке алу статистикалық талоны). Бұл құжаттар тұрғындардың аурушаңдығы туралы мәліметтерді жинаудың ресми бағдарламасы болып табылады.
Клиникалық-статистикалық зерттеулерде мәліметтерді жинау бағдарламасы арнайы карта түрінде жасалады. Ол медицина мекемелерінің жұмыс құжаттарынан алынатын мәліметтерді жинауға бейімделген болуы тиіс.
Әлеуметтік-гигиеналық зерттеулерде есепке алу құжаттар ретінде анкеталар, сұрақ-жауап анкеталары, отбасын зерттеу картасы, медициналық құжаттардан мәліметтерді жинауға арналған арнайы карталар қолданылады. Есепке алу құжатын (есепке алу бланкасы) құрастырғанда мынадай ережелерді қатаң сақтау қажет:
Құжаттың анық атауы болып, онда бақылау бірлігі көрсетілуі керек.
Сұрақтары (есепке алынатын белгілері) қысқа, анық болып, зерттеудің
мақсаттары мен міндеттеріне сай болуы тиіс.
Әрбір сұраққа зерттелетін белгілердің топтарына сай жауаптарын
құрастыру керек.
Есепке алынатын құжаттарды құрастыру барысында және оны электронды есептеу машинасында өңдеуде математик-бағдарламашының кеңесіне жүгіну қажет. Ол есептеу құжатындағы деректерге арнайы таңбалар қоюға септігін тигізеді. Егер деректерді өңдеуде перфокарталар қолданса, онда есептеу құжатындағы деректерді өңдеу бағдарламасы дегеніміз – статистикалық кестелердің жинағы болып табылады.
Статистикалық кестелер мынадай негізгі бөлшектерден тұрады:
Кестенің атауы болуы тиіс. Ол кестенің мағынасын толық көрсетуі
керек. (Оның құрамына кіретін белгілерді ретімен көрсетіп, деректердің
көлемін абсолюттік сандар, процент және т.б. түрде анықтайды).
Статистикалық бастауыш – кестеде сарапталатын негізгі есептеу белгісі.
Белгінің анықтамасы бірінші графаның жоғары жолында, ал оның
топтастырылуы – сол графаның келесі жолдарында көрсетіледі.
Статистикалық баяндауыш (бір немесе бірнеше) – бастауышты
толықтыратын және ашатын есептеу белгісі. Ол зерттелетін жиынтықты
толық және терең сипаттауға көмектеседі. Баяндауышты топтастыру
және айқындау графаның бірінші қатарында жүзеге асырылады.
Кестенің негізгі бөлімі қорытындысы болып табылады. Ол кестенің
дұрыс толтырылуын қажет етеді және көрсеткіштерді есептеу үшін
қажет.
Статистикалық кестенің үш түрі бар:
Жай статистикалық кесте – бір статистикалық бастауыштан тұрады. Ол
мәліметтерді бір белгі бойынша қорытындылауға көмектеседі. Мысалы:
А ауруханасында холециститтен емделген аурулардың емделу
қорытындысы бойынша бөлінуі (абсолюттік саны). (1 кесте)
Достарыңызбен бөлісу: |