Оқулықтар мен әдебиеттер. «ҚР әлемдік қауымдастықта» пәні «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»


Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Қазақстанның қызметі



бет26/50
Дата26.09.2022
өлшемі1,41 Mb.
#40403
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   50
Байланысты:
«Қ Р әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша дәрістер Смағұлов С 09

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Қазақстанның қызметі
1992 жылы 2 наурызда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі өзінің маңызы жағынан тарихи акция болды, осы қадам біздің еліміздің шынайы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастық қатарына қабылдануын рәміздік тұрғыдан рәсімдеді.
Қазақстан БҰҰ-ға әлемдік қоғамдастықтың қатардағы жаңа мүшесі ретінде ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманның ең бір өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын, ядролық қарусыздану жолындағы қозғалыстың алғы шебінде тұрған мемлекет ретінде енді. 1991 жылы Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы және 1992 жылы Лиссабонда ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу жөнінде міндеттеме алуы Қазақстанға үлкен бедел сыйлады және БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары мінберінен халықаралық қауіпсіздік саласындағы жеке бастамаларын көтеруге моралдық құқық берді.
1992 жылы күзде өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясы тәуелсіз мемлекет өкілі ретінде қазақстандық делегация қатысқан алғашқы форум болатын. Осы сессияда Президент Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы сөз сөйледі. Әлемдік қоғамдастықтағы өзгерістерді және әлемдегі БҰҰ-ның жаңа рөлін назарға ала отырып, Н.Назарбаев былай деп мәлімдеді: "Болып жатқан Бас Ассамблея сессиясында қазірдің өзінде әлемнің тұтастығы үшін жаңа күн тәртібін белгілеуді талап ететін жаңа өмір болмысын түсіну байқалады. Бұл орайда мен ықтимал шиеленіс ошақтарының отқа айналуын болдырмауға бағытталған саяси, әлеуметтік-экономикалық шаралар жүйесі ретінде тікелей жария дипломатияны қолдаймын. Мұндай дипломатияда көзге анық байқалатын, сондай-ақ пайда болуының өзі жан-жақты болжамдық талдауды талап ететін проблемалар қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтаудың шарты ретінде маңызды орын алады".
Осы форумда Н.Назарбаев екі маңызды ұсыныс жасады, екі ұсыныс та әлемдік қоғамдастыққа біздің еліміздің сыртқы саяси бағытының жасампаздық сипатын паш етті. Біріншіден, қазақстандық басшы барлық үкіметтерге ізгі ниет білдіру тәртібімен "бір плюс бір" формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастауды ұсынды. Бұл формула төмендегіні білдіреді, әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын өзінің ақша аударуын сол баяғы бір пайызға үлғайтады. Осындай жолмен 10 жылдан кейін осы бітімгершілік сомасы он есе өседі (Н.Ә.Назарбаев БҰҰ мыңжылдығының саммиті барысында осы идеяға қайта оралды (2000 жылғы қыркүйек), бұл орайда ол оның маңыздылығы уақыт сынына төтеп бергендігін атап көрсетті, әлем мемлекеттерінің басшыларын оны іске асыру мүмкіндігін тағы да қарауға шақырды).
Екіншіден, Қазақстан басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастама көтерді. Азия құрлығының орасан зор кеңістігінде қауіпсіздік құрылымын құруға бағытталған осы ұсыныс біздің еліміздің басшысын халықаралық сахнада көңінен танымал етіп, Қазақстанның сыртқы саясатының арқауына айналды.
Н.Назарбаев өзінің сөзінде сондай-ақ экология және қоршаған ортаны қорғау сияқты өмірлік маңызды мәселелерге де тоқталды. Бұл ұғымдар Қазақстан үшін кемінде екі сөзден -Арал мен Семей сөздерінен мен мұндалап тұрады. Кенезесі кеуіп бара жатқан Арал теңізі - шұғыл және ауқымды халық-аралық көмекті талап ететін экологиялық апат аймағы. 150 млн. тонна тұзды шаңды аспанға ұшырып, Арал өңірінің шөлге айналуы экологияның күрт нашарлауына, 3 млн. тұрғын халқы бар аймақтың экономикасы мен денсаулығы үшін теріс салдарлардың ұлғаюына әкеліп соғады. Егер бұл бүгін он мыңдаған адамдардың қайғысы болса, онда ертең БҰҰ шұғыл түрде аралас-паса, миллиондаған адамдардың қайғысына айналуы мүмкін.
Біздің екінші бір экологиялық жан айқайымыз, - деп мәлімдеді Н.Назарбаев, - бұл біздің халқымыздың еркінен тыс Қазақстан жеріне салынған, әлемдегі екі полигонның біреуі - Семей ядролық полигоны. Жарты миллионнан астам адам зардап шеккен, ауадағы, жер үстіндегі және жер астындағы ядролық заряд жарылыстарының жиынтық қуаты - Хиросима мен Нагасаки қайғысының себепшісі болған құрылғылардың қуатынан жүздеген есе асып түседі. Қазақстанның шешімімен осы ажал көзіне құм құйылды, бірақ осы аймақты оңалту, зардап шеккендерді емдеу, жаңа туған балаларды сауықтыру үшін орасан зор қаражат қажет. Осыны негізге алатын болсақ, деп атап көрсетті Н.Назарбаев, - қазақстандықтар белсенді халықаралық көмекке зәру.
Қазақстанның халықаралық сахнада бой көрсетуі сәтті өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Біздің мемлекетіміз әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде ғаламдық қауіпсіздікті қолдайтын бөлігінің қатарынан лайықты орын алды.
БҰҰ-да қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту саласындағы Қазақстан басшылығының белсенді рөлі, осы саладағы жасалған барлық халықаралық келісімдерге біздің мемлекетіміздің адалдығы жоғары бағаланды. Ядролық қаруды сынауды толық тоқтату жөніндегі Қазақстанның табанды позициясы және іс жүзіндегі қадамдары әлемдік қоғамдастықтың үлкен құрметіне бөленді. Қазақстанның СНВ-1 шартына және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуын БҰҰ Бас Ассамблеясының 49-сессиясында, сондай-ақ Ядролық қаруды таратпау туралы іс-қимылды ұзарту жөніндегі БҰҰ конференциясында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары өздерінің сөздерінде құттықтады. БҰҰ Бас Ассамблеясы қарусыздану және ядролық қаруды таратпау туралы өзі қабылдайтын барлық қарарларында жоғарыда аталған фактіні қанағаттанғандықпен атап өтіп жүр.
2001 жылғы 29-30 тамызда Алматыда өткен "XXI ғасыр: ядролық қарудан азат әлем жолында" атты халықаралық конференцияда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары В.Петровский: "Халықаралық қоғамдастық үшін Қазақстан жауапты саяси ерік-жігермен, салмақты сөзбен және нақты істермен адамзат өзін өзі жоятын құралдардан ғаламшарды қалай азат етуге болатындығының жарқын мысалын көрсетті",- деп мәлімдеді.
1996 жылғы 30 қыркүйекте Сыртқы істер министрі Қазақстан атынан Ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қойды (ЯСЖТШ). 160 мемлекет осы шарттың қатысушылары болып табылады. Осы тарихи құжаттың жасалуына Қазақстан да лайықты үлесін қосты, осы мәселедегі біздің республикамыздың принципті ұстанымы және нақты қадамдары кеңінен мәлім және қолдау тауып жүр. Аталған Шартқа қол қойып, біздің еліміз ғаламдық мониторингтік жүйені құруға елеулі үлес қосты. Сейсмикалық оқиғаларды қадағалау мақсатында жабдықтарды калибрлік өлшеу үшін бірегей инфрақұрылым - Семей полигоны пайдаланылады. Бұл қазақстандық мамандардың осы саладағы халықаралық жұмысқа толық деңгейде қатысуына мүмкіндік береді.
Біздің еліміз Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға зор маңыз береді және осы географиялық аумақта ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі бастаманы іске асыруға мүдделі. Қазақстан осындай аймақ құруға қатысты келіссөздер процесіне сындарлы түрде қатысып жүр. БҰҰ-ның жәрдем көрсетуімен қазірдің өзінде болашақ шарттың мәтінін келісу жөнінде бес Орталық Азия елдерінің сарапшылар тобы елеулі жұмыс жүргізді. Орталық Азияда осындай аймақтың болуы ядролық қаруды таратпауды және ғаламдық қауіпсіздік режимін нығайтады.
Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға зор маңыз бере отырып, БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін белсенді түрде қолдайды. Ұйымға мүше мемлекеттердің БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерін кеңейту және нығайту қажеттілігі туралы пікірлерін бөлісе отырып, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1995 жылғы желтоқсанда БҰҰ аясында Орталық Азия бірлескен бітімгершілік батальонын құру туралы келісімге қол қойды. Үш Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары БҰҰ Бас хатшысына жазған өздерінің өтінішінде бірлескен батальонның БҰҰ-ның болашақтағы бітімгершілік операцияларына қатысу мүмкіндігі туралы мәселені қарауды ұсынды.
Орталық Азияның бітімгершілік батальонының құрылуы БҰҰ-дан қолдау тапты және Бас хатшы мұны халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі аймақ мемлекеттерінің үлесі ретінде бағалады. 1996 жылдың басында Қазақстан бейбітшілікті қолдау женіндегі операцияларға қатысу мүмкіндігімен БҰҰ-ның резервтік келісімдер жүйесіне қосылған 51-ші мемлекет болды. Бүгінгі күні Ұйымға мүше 65 мемлекеттер резервтік келісімдерге қатысады және олар БҰҰ-ның бітімгершілік операциялары үшін ресурстар ұсынуға өздерінің дайын екендіктерін білдірді.
БҰҰ-ға мүше бола отырып, Қазақстан көптеген саяси проблемалардың, бірінші кезекте Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін қозғайтын проблемалардың шешімін іздестіруге тартылды. Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты 1996 жылғы қазанда Алматыда Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның саяси басшыларының кездесуі өтті, олар аталған мәселе бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады. Саммитте қабылданған шешімге сәйкес біздің еліміз аталған мемлекеттермен бірге Ауғанстандағы жағдай туралы мәселе бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы мәжілісін өткізуге бастамашы болды (1996 жылғы 16 қазан). Оның қорытындысы бойынша БҰҰ ҚК 1076 белгілі қарары қабылданды, қарардың тең авторлары Алматы кездесуіне қатысушы мемлекеттер және АҚШ-ты, Германияны, Италияны, Чилиді және Корея Республикасын қоса алғанда, бірқатар басқа да мемлекеттер болды.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан басшыларының және Ресей Президентінің арнайы өкілінің тағы бір кездесуі 2000 жылғы тамызда өтті. Онда ауған жанжалының Орталық Азияга таралуына және аймақ елдерінің аумағына қарулы бандалық құрылымдардың енуіне байланысты қалыптасқан жағдай қаралды. Кездесуге қатысушылар Орталық Азияның қауіпсіздік саласындағы жағдайын нашарлататын ауған проблемасын шешу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауға шақырып, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық және аймақтық ұйымдарға арналған үндеу қабылдады.
Ауған мәселесін реттеу ісінде тиімді нәтижелердің болмай отырғандығына алаңдаушылық білдірген Президент Н.Назарбаев 2000 жылғы қыркүйекте өткен БҰҰ мыңжылдығының саммиті кезінде ауған мәселесін тұрақтандыру жөніндегі нақты іс-шараларды әзірлеу үшін Ауғанстан мен Орталық Азиядағы жағдайды қарауға арналған Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысын шақыруды сұрады. Мұндай отырыс халықаралық қоғамдастыктың бірқатар кең ауқымды саяси, экономикалық және гуманитарлық шараларды қабылдауының басы болар еді, мүдделі елдердің ауған проблемасына жаңаша көзқараспен қарауына, халықаралық қоғамдастықтың тарапынан қолға алынбай отырған кейбір істерді көрсетуге, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды реттеу процесін бейбіт жолға шығару үшін қосымша мүмкіндіктерді анықтаған болар еді.
Қазақстан Ауғанстанның соғыс қиратқан экономикасын қалпына келтіруде әлемдік қоғамдастық тарапынан кең ауқымды көмек көрсету мүмкіндігіне қатысты ауған халқында сенім қалыптасуы керек деп есептейді. Қаруды жеткізуге тыйым салу немесе есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ара-тұра болатын іс-қимыл сияқты жекелеген шаралар ұзақ мерзімді тиімділік бермейді. Мұндай шаралар Ауғанстанда экономикалық оңалтудың жалпы жоспарының бөлігі болуы тиіс. Жалпы жоспар тікетіресіп жатқан ауған топтарының арасындағы атысты шұғыл тоқтатумен қатар, халықаралық экономикалық көмекті тартумен қатар эмиграцияға кеткен экономикалық, саяси және интеллектуалдық ел элитасының әлеуетін мемлекеттік басқару жүйесін қалпына келтіруге пайдалануды қамтиды. Мұның өзі білімге, денсаулық сақтауға және тарихи сондай-ақ мәдени мұраны қалпына келтіруге байланысты проблемаларды дербес түрде шешуге мүмкіндік береді.
Болашақта Қазақстан өзінің төңірегіне ауған халқын нақты шоғырландыра алатын, Ауғанстанды мекендейтін барлық ұлттардың құқығы мен бостандығын сақтауды қамтамасыз ететін, елдің ішкі проблемаларын жауапкершілікпен шешетін және бейбіт сыртқы саясат жүргізетін Ауғанстан үкіметін ресми тануға дайын.
Кейінірек Ауғанстандағы жағдайды реттеуге қатысты Қазақстанның тұжырымдық көзқарасы 2001 жылғы сәуірдегі Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының 55-сессиясында ресми құжат таратылды.
Әлемдік саяси проблемаларға Қазақстанның тепе-теңдік сақтаған және шынайы көзқарасы БҰҰ БА-ның күн тәртібіндегі өткір мәселелер бойынша дауыс берген кезде осы халықаралық форумда оң бағаланып жүр. Біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның, Ислам Кон-ференциясы Ұйымының, Парламентаралық Одақ пен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының мүшесі болғандықтан осы бірлестіктердің БҰҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған Бас Ассамблея қабылдайтын қарарлардың тең авторы болып табылады.
БҰҰ-дағы біздің мемлекетіміздің ұстанымы Біріккен Ұлттар Ұйымы қарайтын мәселелердің бүкіл кешені бойынша Қазақстанның мүдделерін ескерудің негізінде қалыптасады. Бұл орайда экономика, экология, әлеуметтік даму, халықаралық құқықты прогрессивті дамыту, адам құқығын сақтау саласында, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында БҰҰ-мен өзара іс-қимылды нығайтуға айрықша көңіл бөлінеді.
Қазақстанның сыртқы саясатында Орталық Азия аймағының көлік жүйелерін және тауар өткізудің әлемдік рыноктарына шығудың балама жолдарын одан әрі дамыту жөнінде басқа да азиялық елдермен күш-жігерді үйлестіруге ерекше маңыз беріледі.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 53-сессиясында Қазақстан Орталық Азиядағы транзит мәселесі бойынша қарар қабылдауға бастамашы болды. Еуропа мен Азия елдерінің арасында ынтымақтастықты кеңейту үшін өзара байланысты ұлттық және аймақтық көліктік инфрақұрылымды дамыту проблемасы уақыт озған сайын маңызды бола түсуде.
Қарарда қозғалатын мәселелерге қатысты БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер тарапынан өсе түсіп отырған мүдделіліктің, сондай-ақ аймақта тиімді транзит жүйесін қалыптастыру проблемасының маңыздылығын түсінудің куәсі - бірқатар Шығыс Еуропа елдерінің БҰҰ БА-ның 53-сессиясында осы қарардың тең авторларының қатарына қосылуы болды. Қазақстанмен бірге БҰҰ-ға мүше 13 мемлекет осы құжаттың тең авторлары атанды, олар: Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Болгария, бұрынғы Югославия, Македония, Грузия, Иран, Қырғызстан, Монғолия, Польша, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Украина. Қарар Екінші комитеттің жалпы мәжілісінде дауыс берместен-ақ қабылданды.
Орталық Азия аймағындағы транзит жүйесі бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының қабылдануы - БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің, басқа да халықаралық ұйымдардың және біздің аймағымыздағы транзиттік көлік жүйесін, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы көлік қатынастарын дамыту бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыру жөніндегі донор елдердің тарапынан болатын іс-шаралардың халыкаралық-құқықтық негізін құрды. Қарардың ережелерін Қазақстан Өкіметі, тиісті министрліктер мен ведомстволар халықаралық ұйымдармен, донор-елдермен және басқа да мүдделі тараптармен келіссөздер барысында пайдалануы мүмкін.
БҰҰ - халықаралық бейбітшілікті қамтамасыз етуде де, сондай-ақ тұрақты дамуға жәрдемдесуде де жауапкершілік жүктелген бірден бір халықаралық ұйым. Тұрақты даму тұжырымдамасы 1992 жылы Рио-де Жанейрода өткізілген БҰҰ-ның қоршаған орта мен даму жөніндегі конференциясында әзірленді. Қазақстан үшін осы тұжырымдаманың маңыздылығын ұғына отырып, ҚР Үкіметі, Конференцияның қорытынды құжатының - "XXI ғасырға арналған күн тәртібінің" ұсыныстарын іске асыру жөнінде жоспар жасады. Осы құжатқа сәйкес әзірленген ұлттық бағдарламаларды, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын Қазақстан Республикасының қабылдауын БҰҰ-да экология мен тұрақты даму саласындағы халықаралық уағдаластыққа біздің еліміздің басшылығының кешенді және байсалды көзқарасының нәтижесі ретінде бағалады.
Семей аймағындағы жағдай туралы БҰҰ Бас хатшысының баяндамасына материалдар әзірлеу, денсаулық сақтау, экономика, экология, ақпарат сияқты негізгі төрт салада жобалық ұсыныстар әзірлеу халықаралық және ұлттық сарапшылардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Баяндама БҰҰ БА-ның 53-сессиясында қаралды.
1997 жылғы 16 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей аймағы бойынша қарар қабылдауына байланысты Қазақстан Үкіметі Семей аймағына қатысты мәселелерді қарау үшін 1998 жылдың басында Ведомствоаралық комиссия құрды. Комиссияның құрамына министрліктер мен ведомстволардың, жергілікті басқару органдарының, Ұлттық ядролық орталықтың және екі үкіметтік емес ұйымдардың ("Невада-Семей" және "Полигон-23") өкілдері кірді.
Ең маңызды міндет - Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын жою. Осы мақсаттармен БҰҰ сарапшылары аймақ үшін бұдан былайғы қатерді болдырмауға жәрдемдесетін, ұлттық және халықаралық күш-жігерді жұмсаудың бес басымдық берілетін секторын белгіледі, олар: денсаулық сақтау, экология, экономиканы қалпына келтіру, гуманитарлық көмек және ақпарат тарату. Осы аталған басымдықтарды таңдап алу Семей аймағының халқы ұшырасып отырған күрделі жағдаймен және өзара байланысты қиыншылықтармен түсіндіріледі. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары бүгінгі күні қаржылық қиындықтарға байланысты аталған аймақ пен оның халқына толық аукымда көмек көрсетуге мүмкіндігі жоқ. Сарапшылардың бағалауы бойынша аталған бес басымдық берілетін бағыттарды іске асыру үшін 43 млн. доллар талап етіледі. Семей аймағының халқы мен экологиясын оңалтуды халықаралық әріптестік негізінде тиімді түрде жүргізуге болады.
1998 жылғы 16 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясының 53-сессиясында "Қазақстандағы Семей аймағының халқын, экологиясын және экономикалық дамуын оңалту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен қызметті үйлестіру" атты қарар қабылданды.
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бірқатар мемлекеттердің делегацияларымен тұрақты консультациялар жүргізудің нәтижесінде БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты Өкілі аталған қарардың мәтінін келісті. БҰҰ-ның дипломатиялық топтарында Ұйымға мүше 54 мемлекеттің осы қарарға тең автор болуы әлемдік қоғамдастықтың тарапынан Қазақстанды кеңінен қолдауы туралы, біздің мемлекетіміздің халықаралық беделінің елеулі түрде өскендігі туралы куәландырады. Қарарда Бас хатшыға бағытталған ұсыныс бар, онда Семей аймағын қолдау және БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-сессиясына тиісті баяндама әзірлеу мақсатында БҰҰ-ның тиісті бағдарламаларын қатыстыра отырып, консультацияларды жалғастыра беру айтылады.
Тұрақты дамудың кең ауқымды мәселелерін қарауға БҰҰ-ның жан-жақты тартылуы жоғары деңгейдегі бүкіл әлемдік конференцияларды өткізуден байқалады; олар: Адам құқығы туралы - Вена (1993 ж.), Халықтың қоныстануы мен дамуы туралы - Каир (1994 ж.), Әлеуметтік даму туралы - Копенгаген (1995ж.), Әйелдердің ахуалы туралы - Пекин (1995 ж.), Тұрғын елді мекендер және даму туралы - Стамбул (1996 ж.).
Қазақстан құжаттардың бастапқы жобаларына ұсыныстар енгізу арқылы ғана емес, сонымен бірге олардың ережелерін ұлттық деңгейде іске асыруға кірісіп, осы форумдардың жұмысына белсенді түрде қатысты.
Қазақстанның барлық халықтарының теңдігін, нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, саяси және өзге де көзқарастарына қарамастан адамның негізгі құқықтары мен бостандығын жария еткен біздің еліміздің Конституциясы Вена Декларациясының шешімдеріне және Адам құқығы саласындағы іс-қимыл тұғырнамасына толық сәйкес келеді. ҚР Президенті жанынан Адам қүқығы жөніндегі комиссияның құрылуын БҰҰ-да адам құқығын қорғау саласындағы халықаралық құжаттарды іске асыруға бағытталған нақты қадам ретінде бағалады.
Отбасын, әйелдерді және балаларды әлеуметтік қорғау Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың басымдық берілетін бағыттарының бірі. Біздің еліміз қатысушысы болып табылатын әмбебап халықаралық шарттардың алғашқыларының бірі Бала құқығы туралы конвенция болды. 1994 жылы аталған Конвенцияға Президент Н.Назарбаевтың қол қоюы және оны кейінірек Парламенттің бекітуі Қазақстанның БҰҰ-ның Балалар Қорымен (ЮНИСЕФ) тиісті ынтымақтастықты орнатуына және оны кеңейтуіне мүмкіндік берді.
БҰҰ қызметіндегі басымдықтардың бірі халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын бекіту, оны прогрессивті түрде дамыту және жүйелеу болып табылады. Міне, сондықтанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 1989 жылғы 17 қарашадағы 44/23 қарарымен 1990-1999 жылдар кезеңі Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық құқығының онжылдығы болып жарияланды. Онжылдық шеңберінде 1995 жылы БҰҰ Ұйымының штаб пәтерінде (Нью-Йорк) халықаралық көпшілік құқығы бойынша БҰҰ Конгресі өткізілді, онда халықаралық проблемаларды құқықтық құралдармен реттеу жөнінде қызу пікір алмасу өткізілді. Пікірталасқа әлемнің 150-ден астам мемлекетінен өкілдер қатысты.
Егер БҰҰ-дағы жұмысының алғашқы жылдарында Қазақстан делегациясы Ұйым шеңберінде өткізілетін халықаралық құқықты жүйелеу және оны прогрессивті түрде дамыту процесін жалпы шолумен ғана шектелсе, ұлттық құқықтық базаның дамуына және құқықтық тәжірибенің жинақталуына байланысты осы тұрғыдағы елдің мүмкіндігі нығайды. Қазақстандық делегация қазірдің өзінде сарапшылық деңгейде болашақ конвенциялардың баптарының жобалары бойынша пікірталасқа, Халықаралық құқық туралы, халықаралық сауда құқығы туралы БҰҰ комиссиясы өткізетін зерттеулерге қатысады. Осы жылдар ішінде біздің еліміз қарусыздануға, сауда-саттыққа және көлікке, экологияға, терроризмге қарсы күреске қатысты, гуманитарлық дипломатиялық құқық саласындағы негізгі халықаралық шарттардың қатысушысы ретінде көрінді. Осы шарттардың көпшілігінің депозитарийі БҰҰ-ның Бас хатшысы болып табылады.
Ғарыштық кеңістікті игеру саласында БҰҰ-мен ынтымақтастықтың маңызы зор. БҰҰ Бас Ассамблеясының 49-сессиясында (1994 ж.) Қазақстан бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін пайдалану жөніндегі комитетке сайланды (КОПУОС). Мұны Қазақстанның ғарыш кеңістігін игеруге қосқан үлесін тану ретінде қарауға болады. Біздің еліміз Тұрғын елді мекендер бойынша БҰҰ комиссиясының мүшесі болып табылады, оның шеңберінде қала құрылысын салу мен тұрғын үйді жоспарлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жұмыстар жүргізіледі (ХАБИТАТ).
БҰҰ комитеттерінде бірлескен жұмыс БҰҰ шеңберінде мемлекеттердің өзара іс-қимылында айрықша рөл ойнайды. Бірінші комитетте біздің еліміздің күш-жігері "Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт", "Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысты 2000 жылғы мүше мемлекеттердің конференциясы", "Аймақтық қарусыздану", "Қару-жарақтағы транспаренттілік", "Қарусыздану мен даму арасындағы өзара байланыс" сияқты маңызды проблемалар мен құжаттар бойынша жұмысқа жұмылдырылды.
Екінші комитетте қазақстандық делегация өтпелі экономикасы бар елдердің әлемдік экономикаға интеграциялану проблемаларына қатысты жұмыс істейді. Біздің делегацияның осы комитеттегі жұмысы қаралатын проблемалардың сипатына байланысты Қазақстан үшін аса маңызды болып табылады. Пікірталасы халықаралық экономикалық қоғамдастықтың - сауда, сыртқы борыш, ғылым мен технология, қаржы сияқты басты аспектілерінің төңірегінде жүріп жатыр. Ішінара ашық теңізге шығатын жолы жоқ Орталық Азия елдерінің транзиттік жүйесі туралы қарар бойынша қазақстандық делегация Қазақстанның ашық теңізге шығуын яғни тиісінше әлемдік рыноктарға шығуын қамтамасыз ететін шаралардың маңыздылығына назар аударып, біздің еліміздің ұзақ мерзімді мүдделерін баяндайды.
Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделеріне қатысты БҰҰ БА-ы қызметінің оң сипаттағы аспектілерінің бірі 1994 жылы Екінші комитеттің теңізге шығатын жолы жоқ Орталық Азия елдеріне көмек көрсету жөніндегі арнайы қарарларын қабылдауы болды, мұндағы мақсат өтпелі экономикасы бар елдердің көлік жүйесін дамыту және оларды әлемдік шаруашылық экономикасына интеграциялау. Бұл қарарлар көлік пен транзит саласындағы келісімдерді, демеуақы мен жеңілдікті заемдар нысанындағы ақшалай көмекті құқықтық ресімдеу жөніндегі техникалық жәрдемді қоса алғанда, Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдеріне көмек көрсетудің қосымша мүмкіндіктері мен перспективаларына жағдай жасайды. Сонымен Қазақстанның стратегиялық мүдделері жолында сыртқы саяси проблемаларды шешуде біздің дипломатияның "экономикалық сипаттағы" көзқарасы айқын байқалады.
Үшінші комитеттегі пікірталасы барысында біздің еліміз адам құқығы, әлеуметтік даму, халықаралық бақылау жасау сияқты өзекті проблемалар бойынша өзінің ұстанымын айқын білдірді. Қазақстан адам құқығы, есірткіқұмарлық және трансұлттық қылмыс проблемаларын шешу, жастар, әйелдер, балалар, егде адамдар мен мүгедектер сияқты халықтың "әлсіз" топтарына қатысты әлеуметтік бағдарламаларды жүргізу жөнінде БҰҰ Жоғары комиссарының қызметіне жәрдем көрсетуге өзінің дайын екенін мәлімдеді.
Бесінші комитетте қазақстандық делегация БҰҰ жарналарына, оның қаржылық жағдайына, бейбітшілікті қорғау жөніндегі операциялардың бюджеттік-әкімшілік проблемаларына жіті көңіл бөледі.
Блокаралық тікетірес тоқтатылғаннан кейін және КСРО ыдырағаннан кейін өзгеріске түскен геосаяси өмір болмысын ескеретін болсақ, БҰҰ мен оның Жарғысын талқылау айрықша көкейкесті болып табылады. Дамушы елдердің бір тобының қатарынан, атап айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын өзгерту туралы ұсыныстар түсіп жатқаны құпия емес. Сондай-ақ БҰҰ Жарғысынан "жау мемлекеттер" тезисін алып тастау туралы ұсыныстар да бар, мұның өзі басқа мемлекеттердің бірінші кезекте, ГФР және Жапония сияқты мемлекеттердің Қауіпсіздік Кеңесіне кіруіне жол ашады. Бұл мәселелердің бәрі Алтыншы комитетте талқыланады.
Қазақстан БҰҰ-ны реформалау мәселесінде ұстамды позициясымен көрінуде. Бір жағынан, Ұйымды қайта құрудағы асығыстық, ғаламдық жағдайды елеулі түрде тұрақсыздандыруға әкеліп соғуы мүмкін. Шын мәнінде түрлі мемлекеттердің ұлттық мүдделерін білдіретін бірегей ұйым қайта өзгеріске түскелі тұр. Сонымен бірге БҰҰ осы заманғы әлемнің геосаяси картасында түбірлі өзгерістерге тоғышарлықпен қарайтын сіресіп қатып қалған ұйым болуы мүмкін емес. Сондықтан біздің көзқарасымызша Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына өзгерістер енгізуге болады, басқаша сөзбен айтқанда, БҰҰ-ны реформалау жөнінде нақты қадамдар жасау керек. Бірақ бұл акциялар сақтықпен жеті рет өлшеніп жасалуы, сондай-ақ халықаралық құқықтың жетекші субъектілерімен келісілуі тиіс.
Осы принциптік позицияны негізге ала отырып, Қазақстан Алтыншы комитетте халықаралық кұқық саласында дүниежүзілік ұйыммен ынтымақтасуды назарда ұстап "БҰҰ-ның Халықаралық құқығының онжылдығы" тақырыбына айрықша көңіл аударды. Біздің мемлекетіміз "Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау саласында БҰҰ мен аймақтық келісімдер немесе органдар арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру туралы декларация" жобасының тең авторы атанды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет