Сауд Аравиясы Корольдігі аймақтың қуатты қаржылық және экономикалық әлеуеті бар аса дамыған елдерінің қатарына жатады. Ел экономикасының негізін мұнай өнеркәсібі құрайды. Корольдіктің әлемдегі ірі мұнай ресурстарын иеленуші және сыртқа шығарушы ретіндегі мәртебесін ескерсек, бұл табиғи нәрсе.
Сауд Аравиясының жағдайына оның аумағында мұсылмандардың ең басты қасиетті орындары Мекке мен Мединаның болуы айрықша сипат береді. Осы маңызды жағдай Сауд сыртқы саясатының негізгі қағидаттарын айқындауда, ол бүкіл әлемде исламды қолдауға және мұсылман мемлекеттеріне көмек көрсетіп, демеуге бағытталған. Эр-Рияд Парсы шығанағы аймағында саяси, экономикалық және идеологиялық орталық болып қала отырып, елдегі саяси режимді қайткенде де сақтап қалуға ұмтылады.
Елдің сыртқы саясатында ислам құндылықтарын насихаттауға және қорғауға Араб және Ислам мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға басымдық беріледі. Діни және этникалық қағидаттарға негізделген аймақтағы ықпалды саяси және қаржы мекемелері: Ислам конференциясы ұйымы, Ислам Даму Банкі, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ын-тымақтастық кеңесі және басқаларды құруда нақ Корольдік шешуші рөл атқарғанын атап өту керек.
Қазақстан - Сауд ресми қатынастары өз бастауын 1992 жылдан алады. Экономика саласындағы байланыстар бір мезгілде басталды, алайда олар ірі жетістіктерге жеткізе қойған жоқ. 1993 жылы желтоқсанда Қазақстанға бірлескен жобаларды қаржыландыруға байланысты келешекті алдын ала зерттеу тұрғысында Сауд Даму қорының миссиясы келді.
Президент Н.Назарбаевтың Корольдікке сапары (1994 жылғы 25-28 қыркүйек) Қазақстанның тек Сауд Аравиясымен ғана емес, Парсы шығанағындағы басқа да араб княздіктерімен қатынастарда қағидатты жаңа кезеңді бастап берді.
Қазақстан басшысының екі Қасиеттің Сақтаушысы Король Фахд Бен Абдел Әзизбен кездесуі болды, ол рухы жөнінен жақын екі халық арасында тарихи байланыстардың қалпына келтірілгендігіне айрықша қанағаттанғандық білдірді. Сауд монархы Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялағаны туралы хабарды мұсылман қоғамдастығы зор ынтамен қабыл алғанын атап айтты.
Екі басшы өзекті аймақтық проблемаларды шешуді талқылау және іздестіру жөнінде тығыз саяси байланыстар жасауды қолдады. Президент Н.Назарбаев пен Король Фахд Таяу Шығыстағы көп жылдан келе жатқан жанжалды шешудің бірден-бір жолы осында бейбіт процесс орнатуды қолдайтындықтарын мәлімдеді. Таяу Шығыс проблемасын шешудің сөзсіз шарты Палестина халқына тәуелсіз мемлекет құрудағы заңды құқықтарын беру болуға тиіс. Тараптар Орталық Азияда орнықты дамудың маңызды алғы шарттары ретінде осы аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты проблемаларға айрықша көңіл бөлді.
Жоғары дәрежелі келіссөздердің қорытындылары бойынша сауда-экономикалық, инвестициялық техникалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық туралы бас келісімге, сондай-ақ спорт және жастар ісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Эр-Рияд Корольдік іскер топтарының Қазақстанмен мұнай секторын, ауыл шаруашы-лығын, коммуникацияларды дамытуды, сауда мен қаржыны қоса алғанда, экономиканың түрлі салаларында белсенді байланыстарды жолға қоюын барынша қолдауға әзірлігін білдірді. Қазіргі кезде Сауд бизнесі Қазақстан экономикасына "Даббах Групп", "Таиб банк", Сауд инвестиция компаниясы сияқты және басқа да компаниялардың қызметімен тартылып отыр.
Дәулеті 750 млрд. доллар бағаланатын 80 мыңнан астам миллионер өмір сүретін бұл елдің инвестициялық әлеуеті айтарлықтай елеулі.
Сауд топтары Қазақстанда Астананы салуды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларға үлкен ықылас білдіруде. Королдік өкілдері Қазақстан астанасының бас жоспарын әзірлеуге қатысты, көп ұзамай қалада осы мемлекеттің қаражатына салынған ғимараттар бой көтеретін болады. 2000 жылғы 2 қарашада Сауд Арабиясының Қорғаныс және авиация министрі ханзада Сұлтан Бен Абдел Әзиздің сапары барысында Парламент Сенатының жаңа ғимаратының алғашқы іргетасын қалау болды, Королдік оны салуға 15 млн. доллар мөлшерінде өтемсіз көмек бөлді. Сауд Даму қорының қара-жатына (12 млн. доллар мөлшерінде жеңілдетілген кредит) Астана - Қарағанды автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Алматы қаласында Кардиология орталығының да құрылысы басталып кетті.
Екі жақты қатынастарда жинақталған оң тәжірибелерге қарамастан Қазақстан - Сауд ынтымақтастығының әлеуеті толық іске асырыла қойған жоқ. Бұл процесті тежеп отырған себептердің арасында кейінгі уақытта екі елдің сыртқы экономикалық белсенділігінің жалпы төмендеуін бөліп айтуға болар еді, бұл екі мемлекетті жалғастырып жатқан тікелей көлік дәліздерінің болмауы сияқты ішкі сипаттағы себептерге байланысты.
Қазақстанның араб Мағрибы (араб дүниесінің батыс бөлігі) және Парсы шығанағы мемлекеттерімен қатынастарының серпінді дамуы қалыптасты. Кейінгі жылдар саяси деңгейде және біздің еліміздің осы мемлекеттердің инвестициялық мүмкіндіктерін жандандыруда барған сайын нығайып келе жатқан өзара іс-қимылмен өтті.
1997 жылғы 31 тамыздан 3 қыркүйек кезеңінде Президент Н.Назарбаевтың Кувейтке, Бахрейн мен Оманғаресми іссапары болды. Жоғары дәрежедегі келіссөздер барысында Қазақстанның осы елдермен ынтымақтастығының жай-күйі және келешегі туралы жан-жақты пікір алмасылып, сондай-ақ халықаралық және аймақтық саясаттың бірқатар мәселелері талқыланды. Үш мемлекеттің басшылары Қазақстанның қазіргі жағдайына, әлеуметтік экономикалык, реформаларға, инвестициялық ахуалға ден қойды. Эл-Кувейттегі, Манамдағы және Маскаттағы кездесулерде Орталық Азия мен Парсы шығанағының трансазиялық күре темір жолды пайдалану мүмкіндігін қоса алғанда, аймақаралық өзара іс-қимылының келешекке арналған жоспарлары, еркін экономикалық аймақтар құру және басқа да мәселелер қозғалды. Алматыны осы елдердің астаналарымен байланыстыратын тұрақты әуе қатынасын ашу туралы да қағидатты түрдегі келісімге қол жетті.
Сапар қорытындысында бірқатар маңызды екі жақты құжаттарға, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, Сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар алмасу туралы құжаттарға қол қойылды. Келіссөздер барысында Астана өз тауарларын халықаралық рыноктарға тасымалдау үшін жаңа бағыттар іздеуге мүдделі екендігін атап көрсете отырып, Қазақстан басшысы аталған мақсаттарға Кувейт, Бахрейн мен Оман айлақтарын тарту мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Араб басшылары мұндай ұсынысты толық қолдап, сауда, мұнай, инвестиция және банк салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға күш салуға уәде етті.
Кувейт Әмірінің тапсырмасы бойынша экономикалық даму жобаларын іс жүзінде жүзеге асыруға байланысты Кувейт араб экономикалық даму қоры Қазақстанда жұмысқа кірісіп кетті. Осы қор қаражатынан Арал өңірін ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар шеңберінде 24 млн. доллар бөлінді. Эл-Кувейтте штаб-пәтері бар Бүкіләлемдік ислам қайырымдылық ұйымы біздің елімізде жетімдерге арналған мектеп салуды, ауруханалар үшін жабдықтар беруді, кәсіптік-техникалық училищелер құруды, фармацевтика зауытын салуды қоса алғанда, бірқатар жобаларға қатысуға мүдделілік танытты. Кувейт қаржы үйі Қазақстанда басым инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан - Кувейт банкін құруды ұсынды.
Оман Сұлтаны Кабус Бен Саид Каспий құбыр консорциумы жобасы шеңберінде өзара іс-қимылдың қол жеткізілген деңгейіне және Оман компанияларының біздің еліміздің батысындағы мұнай кен орындарын игеруге кіріскендігіне қанағаттанғандық білдірді. Ол Оманның екі жақты ынтымақтастық қарқынын, соның ішінде Қазақстан мұнайын шет елдерге та-сымалдау саласында еселей түсу ниетін айтты. Аталған мақсаттар үшін Сұлтан Қазақстан жүктерін әлем рыноктарына тасымалдау үшін Оман айлақтарының қуатын, атап айтқанда халықаралық тораптың стратегиялық нүктесіне орналасқан Райсут айлағын пайдалануды ұсынды.
Бахрейн басшылары елдің жеке секторын, сондай-ақ аралда жұмыс істейтін жергілікті және шет елдік банкілерді Қазақстандағы жұмысқа жан-жақты ынталандырып отыруға әзірліктерін білдірді. Президент Н.Назарбаевтың Манама мен Алматыда тиісінше екі ел банкілерінің өкілдіктерін ашу туралы ұсынысына жергілікті іскер топтар зор ынта қойды. Екі жақтың пікірінше мұндай қадам Бахрейн капиталын Қазақстанда ауқымды жобаларды қаржыландыруға тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген болар еді.
1998 жылғы 23-28 мамыр кезеңінде Президент Н.Назарбаевтың Қатар Мемлекетіне және Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары болды, оның қорытындылары бойынша маңызды мемлекетаралық келісімдер топтамасы жасалды. Қатар Әмірі Шейх Хамад Бен Халифа Әл Танимен және БАӘ Президенті Шейх Заид Бен Сұлтан Әл Нахаианмен келіссөздер барысында тараптар дипломатиялық өкілдіктер алмасудың, сондай-ақ ынтымақтастықты жандандыру үшін үкіметаралық бірлескен комиссиялар құрудың маңыздылығы туралы тұжырымға келді.
Көмірсутегін өндіру мен тасымалдау, инвестиция және банк саласы, туризм, әуе қатынасын ашу және басқалары басым бағыттар қатарында аталды. Сауда-саттық алмасу бөлігінде катарлықтар мен әмірліктіктер Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, металдар және құрылыс материалдарын экспорттау жөніндегі мүмкіндіктеріне ерекше ден қойды. Екі ел басшылары Қатар мен Әмірліктердің жеке секторын Қазақстанмен қатынастарды дамытуға барынша ынталан-дырып отыратындықтарын мәлімдеді. Бұдан басқа олар Астанада үкіметтік объектілер салуға көмек көрсетуге әзірліктерін қуаттады.
Бұл елдердің іскер топтарының өкілдерімен кездесулер барысында Алматыда аурухана кешенін және сауда орталығын, Астанада өтемсіз негізде Ислам мәдени орталығы ғимаратын салу, Шымкентте бірлескен Қазақстан-Қатар банкін құру, Қарағанды - Астана жолының құрылысы бойынша жобаны қоса қаржыландыру, басқа да бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қаралды. Астанада құрылыс жүргізуге көмектесуге БАӘ бейілдігін мәлімдеді. Әбу~ Даби қорынан қаражат бөлу туралы келіссөздер жүргізілуде.
БАӘ-нің, Қатардың, Парсы шығанағындағы басқа да мемлекеттердің елеулі инвестициялық мүмкіндіктерін ескеретін болсақ (мысалы, Әмірліктер іскер топтарының жиынтық капиталы 260 млрд. долларды құраса, кувейттіктердікі - 160 млрд. доллар) бұл саладағы өзара ынтымақтастықтың келешенгі айтарлықтай тартымды көрінеді.
Сөйтіп, Н.Назарбаевтың Эл-Кувейттегі, Манамадағы, Маскаттағы, Дохтағы және Әбу-Дабидегі келіссөздері біздің еліміздің араб дүниесіндегі саяси мүдделерін ілгерлету үшін өрісті айтарлықтай кеңейтті және Қазақстанның Парсы шығанағы елдерімен жемісті сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жолға қоюға ықпал етті.
Қазақстан Израиль Мемлекетіменбелсенді жұмыс жүргізіп отыр. Осы заманғы халықаралық қатынастарда елеулі орын алатын бұл ел де ынта-ықылас танытуда. Израильдің саяси топтары басқа мұсылман елдерімен байланыстарды жолға қою тұрғысынан Қазақстанның экономикалық әлеуетін пайдалануға болады деп пайымдайды. Қазіргі уақытта экономиканың түрлі салаларында, саудада, көлік пен коммуникацияда, ғылым мен техникада, ауыл шаруашылығында, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада екі жақты байланыстар серпінді дамып отыр. Израильдің Сыртқы істер министрі Ш.Перес Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтты (1995 жылғы тамыз), Премьер-Министр И.Рабинді жерлеуге біздің еліміздің Сыртқы саяси ведомствосының басшысы қатысты. Қазақстан - Израиль қатынасы Таяу Шығыстың саяси ерекшелігін айқындайтын негіз қалаушы бірқатар жағдаяттар ескеріле отырып құрылды. Араб-Израиль жанжалының өзекті мәселелерінің шешілмеуі (Иерусалимнің мәртебесі, Палестина проблемасы, Сирия мен Оңтүстік Ливанның басып алынған жерлерініңжағдайы) аталған аймақта мүдделер тепе-теңдігін мейлінше ескеруді және қолдауды талап етеді. Таяу Шығыс проблемаларын реттеу бойынша Қазақстанның қағидатты ұстанымы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын, атап айтқанда № 181, 242 және 338 қарарларын қолдау болып табылады. Бас Ассамблеяның сессияларында жыл сайын дауыс беріп өткізілетін БҰҰ-ның басқа қарарларына келсек, Қазақстанның көзқарасы саяси ақиқатты барабар ескеру жағында.
Президент Н.Назарбаевтың Израильге ресми сапары (1995 жылғы 26 желтоқсан) екі жақты қатынастарда елеулі оқиға болды. Оның Премьер-министр Ш.Переспен келіссөздерінің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекетінің өзара қарым-қатынастарының негіздері туралы декларацияға қол қойылды. Бұл құжатта ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары: теңдік, әр мемлекеттің егемендігін құрметтеу, дауларды бейбіт шешу және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттары көрініс тапты. Тараптар халықаралық қатынастарда болып жататын саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер әсіресе халықаралық қауіпсіздік саласында мемлекеттердің бейбітшілікті, прогресті сақтауы және халықтардың әл-ауқаты мүдделері тұрғысынан әлдеқайда тығыз ынтымақтасуы арқылы жүруі тиістігіне кәміл сенімдерін білдірді.
Қазақстан Басшысының сапары сауда-экономикалық ынтымақтастықтың, атап айтқанда, Қазақстанға Израиль инвестицияларын және озық технологияларын тартуға, көлік, коммуникация, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және гуманитарлық салаларда өзара іс-қимылды жандандыру сияқты салаларда басым бағыттарды айқындап алуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде екі жақты сауда-саттықтың оң серпіні байқалады, 2000 жылы оның көлемі 16 млн. доллардан асып түсті. Қазақстанда израильдік компаниялар мен жеке фирмалар айтарлықтай белсенділік көрсете бастады. Таяу болашақта іске асырылуы мүмкін жобалар қатарында Көксарай су қоймасын салу жөніндегі халықаралық консорциум құру, Астанада тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар салу, ауыл шаруашылығы саласына және бірқатар салаларға израильдік жоғары технологияларды тарту бар.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия ынтымақтастықты нығайтуда пайдалы рөл атқарып отыр. Комиссияның Израильдік бөлігінің төрағасы ішкі істер министрі Н.Щаранский 1998 жылы Алматыға келді, сөйтіп, Қазақстанның Премьер-министрімен және Сыртқы істер министрімен келіссөздер жүргізді. Бұл сапардың екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын дамыту үшін маңызы зор болды, жоғары деңгейдегі жаңа байланыстарға жол ашты.
Қазақстанның Таяу Шығыс проблемаларына салмақты көзқарасының бір дәлелі Президент Н.Назарбаевтың Израильге баруды Палестинағаресми сапар жасаумен ұштастырғанын (1995 жылғы 28 желтоқсан) дәлел ретінде келтіруге болады. Палестинаны азат ету ұйымы Атқару комитетінің Төрағасы, Палестина ұлттық өкіметінің Төрағасы Я.Арафатпен келіссөздер кезінде екі жақты сипаты бар және екі жақ мүдде білдіретін өзекті халықаралық проблемалар мәселелері талқыланды. Олардың көпшілігі бойынша Қазақстан мен Палестинаның ұстанымдары жақын екендігін екі мемлекет басшысы атап көрсетті, сондай-ақ Араб елдері және Израиль арасында Таяу Шығыс проблемаларының барлық астарын әділ шешу жөнінде пікір алмасуды жалғастыру қажеттігін қолдады. Келіссөздердің қорытындылары бойынша бірлескен мазмұндама қабылданды, экономика, өнеркәсіп пен мәдениет салаларында ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Журналистер алдында сөз сөйлеген кезде Қазақстан Басшысы өзінің Газа қаласына алғашқы сапары бірқатар аумақты Палестина елінің ұлттық әкімшілігінің басқаруына берумен байланысты Палестина халқының өміріндегі маңызды оқиға қарсаңында өтіп жатқанын атап көрсетті. Ол Палестина мен Израиль басшыларының екі жақтан да қысым болғанына қарамастан сындарлылық танытқанын, жарты ғасырлық осынау жанжалды реттеуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізе алғандықтарын жоғары бағалады.
1999 жылы Я.Арафат қысқа мерзімді ресми сапармен Алматыға келді. Н.Назарбаевпен кездесу кезінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы егжей-тегжейлі пікір алмасылды.
Қазақстан дипломатиясы Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы басқа да араб елдерімен, атап атқанда Иорданиямен, Ливиямен, Мароккомен, Туниспен және Ливанмен достық қатынастарды дамытуға зор көңіл бөледі. Жер қашықтығына қарамастан біздің мемлекеттерімізді ортақ тарихи тамырлар мен мәдени мұралар байланыстырады, бұл өзара сенім мен құрметке негізделген екі жақты қатынастарды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасайды.
Аталған елдердің саяси және іскер топтары Қазақстанмен жемісті байланыстарды жолға қоюға мүдделіліктерін жасырмайды, оны Орталық Азияда көрнекті орын алатын мемлекет ретінде қарайды. Қазақстанға Сирияның Сыртқы істер министрі Ф.Шараа (1992 жыл), Ливияның Қаржы министрі А.Әл-Бухари (1992 жылғы наурыз), Марокконың Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Мулин (1992 жыл), Иордания Премьер-Министрінің орынбасары А.Схеймат (1993 жыл), Ливия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары С.Мужбир (2000 жыл) басқа да өкілді делегациялар және көптеген іскер миссиялар келіп қайтты.
Бұл мемлекеттер мен байланыстарды жолға қою ИКҰ, АМЛ, ОАПЕК сияқты беделді құрылымдарда өзінің мүдделерін ілгерілету тұрғысынан Қазақстан үшін пайдалы. Бұған қауіпсіздік мәселесін қоса алғанда өзекті халықаралық және аймақтық проблемалардың көпшілігіне біздің елдеріміздің көзқарастарының ұқсастығы да септігін тигізеді. Осыған бай-ланысты бірқатар араб мемлекеттерінің АҒСШК-ні шақыру жөніндегі Қазақстан идеясын алға апаруға белсене қатысуын атап айтуға болады.
Экономикалық көзқарас тұрғысынан бұл араб елдері екі жақты экспорттық номенклатураның бірегейлігін ескере отырып, отандық тауарларды өткізу үшін келешегі зор рынок болып табылады. Мысалы, астықтың әлемдік импортының 23 пайызы араб әлеміне келетінін ескерсек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауы айтарлықтай келешегі бар іс. Бұл ретте Иордания бидайдың 90 пайызын, ал Солтүстік Африка елдері 60 пайызын сырттан әкеледі. Сонымен қатар, тікелей көлік қатынастарының жоқтығы салдарынан аталған елдермен сауда көлемі әзірге онша үлкен емес күйде қалып отыр.
Қазақстанмен қатынастарының келешегінің дәрежесіне қарай бұл елдерді мынадай ретпен атап шығуға болар еді: Иордания, Ливия, Тунис, Марокко, Ливан, Сирия және Алжир. Бұл тізім ішкі тұрақтылық, рыноктың ашықтық дәрежесі, өндірістік күштер мен экономикалық әлеуеттің деңгейі ескеріле отырып жасалды. Мысалы, Алжирмен жемісті ынтымақтастықты дамытуға елде жайлаған зорлық-зомбылық пен террор кедергі келтірсе, Сириямен қатынасқа ішкі рыноктың белгілі бір дәрежеде жабықтығы және жоғары импорттық баж-дар тосқауыл болып отыр. Екінші жағынан 2000 жылы БҰҰ-ның Ливияға қатысты санкцияларды ("Локерби" ісі бойынша) тоқтатуы бұл елмен экономикада және гуманитарлық байланыстар саласында өзара тиімді қатынастарды кеңейтуге қосымша алғышарттар жасайды. Ливия Қазақстанмен байланыстарды жолға қоюға өзінің ұмтылысын белсене көрсетіп келеді. 2000 жылы Астанаға Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Ливия Джамахириясының жоғары басшысы М.Каддафидің арнайы елшісі келіп қайтты.
Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен саяси байланыстары әзірге ішінаралық сипатта болса, экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктері толық ашылмаған күйде қалып отыр. Алайда Қазақстанның халықаралық мұнай рыногында жаңа ықпалды күш ретінде пайда болуы отандық дипломатия ал-дына өзара мүдделерді біздің еліміздің стратегиялық мақсаттарына сай келтіру міндетін қойып отыр. Ал, Қазақстан шекараларына жақын көптеген жанжал нүктелерінде Ислам факторының болуы саяси пікір алмасуды Таяу Шығыс мемлекеттерімен тұрақты сұхбат және ұдайы консультациялар алмасу деңгейіне жеткізуді талап етеді.
Түркия мен Қазақстан арасында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тұрақты стратегиялық әріптестік қалыптасқан. Екі ел арасында шешілмеген мәселелер жоқ. Қазақстан мен Түркияның өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Соңғы жылдары парламентаралық байланыстар дамып отыр. Кейінгі кезде Н.Назарбаев түріктілді елдердің Парламенттік ассамблеясын (ТүрікПА) құру туралы бастама көтеріп жүр. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 1,6 мың кәсіпорын жұмыс жасайды. Қазақстан-түрік сауда айналымының көлемі 2 миллиард долларға жетіп отыр (Казахстанская правда, 23.10.2008 г.).