Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. «Айман-Шолпан» жырының оқиғасы қайсы дəуірді суреттеген
?
2. Айман бейнесі қалай бейнеленген
?
3. Ескі феодалдық дүниенің өкілдері жырда қалай суреттелген
?
4. Жырдың композициялық құрылысы туралы айт.
Əдебиеттер:
1. М.”абдуллин. Қазақ халқының ауыз əдебиеті. Алм. 1981.
2. Ə.Қоңыратбаев. Қазақ фольлкорының тарихы. Алм. 1991.
3. Қазақ əдебиетінің тарихы.
4. Қазақ эпосы. Алм. 1986.
Айтыс өлеңдері
Жоспары:
1. Айтыс өлеңдерінің алғашқы үлгілері.
2. Айтыстың түрлері.
3. Ақындар айтысы жəне оның өзіне тəн ерекшеліктері.
4. Айтыс туралы ғалымдардың пікірлері.
5. Қорытынды.
81
Тірек сөздер: айтыс жанрының сипаты, пайда болу жайы, айтыстың түрлері,
ақындар айтысының көркем үлгілері, айтыстың-өнер салыстыратын, білім шарқын
байқататын жанр екендігі. Ақындардың жеңілу себептері, ақындар айтысының тақырыбы,
мазмұны, қазақ поэзиясындағы мəні.
Ертеде жазу өнері болмаған кезде қазақ халқының жасаған ауыз əдебиетінің негізгі
бір саласы-айтыс өлеңдері.
Қазақтың айтыс өлеңдері жайында үлкенді-кішілі зерттеу еңбектер жазған
С.Мұқанов, М.Əуезов, Е.Исмайылов, Х.Жумалиев, Т.Нуртазин т.б. айтуына қарағанда
айтыс сөзі бірнеше мағынада қолданылған. «Айтыс» екі адамның сөз қағыстыруы, сөз
жүзінде тартысуы, дауласуы, жарысуы, сынасуы, өнер салыстыруы деген ұғымды
қамтыған. Жəне де айтыс қара сөз түрінде де, өлең түрінде де болған.
Демек, қазақтың айтыс өлеңдері халықтың қоғамдық өміріне, тұрмыс-тіршілігіне
байланысты жəне жазу өнері болмаған кезде туып, қалыптасты. Оны тудырғандар да,
дамытқан да ақындар болған. Бұл жағдай тек қазақта ғана емес, туыстас қырғыз, түрікмен,
қарақалпақ т.б. халықтарында да «айтыс» болған.
Айтыстың түрлері. Əдебиеттік жағынан алғанда, айтыс өлеңдерінің мазмұнына,
тақырыбына қарай екі түрге бөлуге болады. Біріншісі-халықтың тұрмыс-тіршілігіне, əдет-
ғұрып салтына байланысты туған айтыстар. Екіншісі-шын мəніндегі ақындар айтысы.
Соңғысы қазақ айтыстарының ең күрделісі болып табылады.
Айтыс өлеңдерінің алғашқы үлгілері халықтың тұрмыс-салтына, əдет-ғұрпына
байланысты туған. Жəне ол жұрттың жиналған жерінде, ойын-сауық үстінде шығарылған.
Бұлар, ойын-сауық ретінде, халықты көңілдендіру, күлдіру негізінде туғандығын
аңғартады. Өлеңі жұрттың жаттап алып, айта беруіне лайықталған болады. Көбінесе
жеңіл-желпі айтылған əзіл-оспақ түрінде болып отырады. Бұл айтыстар кейіннен үлкен
айтыс өлеңдерінің, яғни ақындар айтысының шығуына негіз салды, соның бастамасы
болды.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, əдет-ғұрып салтына байланысты туған
айтыстарды мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлеміз. Солардың ішінде
бастылары: «Жар-жар», «бəдік айтысы», «қыз бен жігіт айтысы», «дін айтысы», «жұмбақ
айтысы».
Қыз бен жігіт айтысы. Бұл айтыс халықтың əдет-ғұрып салтына байланысты ойын-
сауықтар кезінде айтылған жəне ол ойын-сауыққа жиналған жұртты көңілдендіру, əн мен
өлең қызығына батыру негізінде туған. Мұның алғашқы үлгілерін белгілі ақын қыздар
мен жігіттер шығарған. Оларды осы айтыстағы өлеңдерін кейіннен өлең айтуға икемі бар,
бірақ өздерінің ақындық өнері жоқ жастар жаттап алып, ойын-сауық кезінде айтып
жүретін болған.
Қыз бен жігіт айтысы, əдетте, екі жастың амандасуынан басталып, əзіл-оспақ, əдемі
қалжың ретінде айтыла береді. Мысалы,
Жігіт:
Көгілдірік, ендеше, көгілдірік,
Көк дөненге жарасар өмілдірік.
Осындай бірме-бірге кез-келгенде,
Айта гөр өлеңіңді төгілдіріп.
Қыз:
Асыл қайрақ, замандас, асыл қайрақ,
Бау ағашта тұрады бұлбұл сайрап.
Құдай айдап осындай кез-келгенде,
Өлеңіңді айта гөр, тəуір сайлап,-
деп айтысқа түскен қыз бен жігіт бір-бірін өлеңге шақырады.
82
Бұл ретте айтысушылар бір-бірінің бойындағы мін-кемшіліктерді де өлеңмен күлкі
ететіні болады. Мəселен,
Қыз:
Қызға барған ел білсін атағыңда,
Түзетіп ки мұнан соң шапаныңды.
Қыздың көңілі қалмаған қу көкірек,
Қырғызсаңшы бір қап жүн сақалыңды...
деп жігіттің қаулаған сақалын күлкіге айналдырады. Бірақ жігіт оған дау айтып-»Cөздің
көркі-мақал, адам көркі-сақал»,-дегенді дəлел етеді.
Айтысқа түскен қыз бен жігіт кейде көңіл сырын, бір-бірін ұнататындығын да
білдіріп отырады. «Бұдан былай таныс болып, көрісіп жүремін ,-дегендерді де өлеңге
қосады. Айтысып отырған бір қыз жігітке: «Кешке таман қозы қараған кісі болып, келіп-
кетіп жүр»-дейді. Оған жігіт:
Қозы қарап, мезгілсіз бара берсем,
Итін қосар, қу əкем сорым қайнап,- дейді. Жігіттің бұл сөзіне қыз:
... Ит түгілі қасқырдан қорықпас ем,
Дəл сөзіндей, дариға, болсам жігіт,-деп жауап қайырады, жігіттің
намысына тие сөйлейді.
«Қыз бен жігіт» айтысының өлеңдік құрылысы көбінесе халыққа белгілі он бір
буынды өлең түрінде келеді. Жəне қазақ өлеңдерінің алғашқы түрлерінде кездесетін
қайталау дəстүрін көбірек қолданып отырады.
Қорыта келгенде, халықтың əдет-ғұрып ойын-сауық салтына байланысты туған «қыз
бен жігіт айтысы» қазақ ауыз əдебиетінде «айтыс» жанрының алғашқы үлгілерінің бірі
болып табылады. Ол кейіннен үлкен «айтыстың» шығуына негіз салған жанрдың бірі.
Дін айтысы. Тарихшылардың айтуына қарағанда, XVI-XVII ғасырға дейін қазақ
халқы тұтасынан бір дінде болмаған, тек XVII ғасырдан бері қарай ислам дінін
қабылдаған.
Дін иелері қазақ арасына ислам дінін үгіттеп жою үшін поэзияны, соның ішінде
айтыс өлеңдерін пайдаланылған. Олар халыққа түсініксіз дін сөздерін, діни шарттарды
кейбір талдамалы ақындар арқылы ұғындырмақ болған, көпшілікке түсінікті ақындық
тілмен діни əңгіме-үгіттерді таратқан.
Дін айтысы екі ақынның бір-біріне берген сұрау-жауабы түрінде айтылады.
Айтыстың негізгі тақырыбы дін əңгімелері дін үгіті болады, соларға қараңғы халықты
иландыру, нандырып, сендіру жағы қарастырылады. Бұл ретте дін айтысы жаңалығы жоқ,
бір айтқанын қайталай беретін өлеңге айналады. Мысалы, Болық пен Елентай айтысын
алайық.
Болық:
Ақын жігіт атанған, Елентайым,
Өнерпаздың өнерпаз білер жайын.
Жауап бер, бір азырақ сөз сұрайын,
Əуелі не жаратты бір құдайым
?
Елентай:
Болық маған белгілі сенің сырың,
Біздерден артық емес айтқан жырың.
Бұрынғы даналардан есітемін,
Жер мен көк жаралды елден бұрын-
Осыдан əрі қарай дін əңгімелері жаңағы екі ақын айтысының негізгі тақырыбы болып
кетеді. Құдайдың алғашқы жаратқаны жер мен көк болса, сол жерді көтеріп тұрған кім
деген сұрауға: «Көк өгіз»,-деп жауап қайырады Елентай. Көк өгізді көтеріп тұрған балық,
оны көтеріп тұрған су, ал суды көтеріп тұрған бу,-деп өлеңге қоса, əңгімесін соза береді.
83
Осы сияқты дін айтыстарында сұрау-жауап ретінде аспан əлемі, жердің асты-үсті,
табиғат көріністері, хайуанаттар дүниесі айтылады. Сондай-ақ дін айтыстарынан бес
уақыт намаз оқу, ораза ұстау, қайыр-садақа, үсір-пітір беру жайы да орын алады.
Жұмбақ айтысы. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, əдет-салтына байланысты
туған айтыс өлеңдерінің тағы бір түрі-жұмбақ айтысы. Бұл айтыс та ойын-сауық үстінде,
көпшіліктің жиналған жерінде айтылатын болған.
«Жұмбақ айтысы» бүкіл айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең қиыны секілді. Өйткені ол
тапқырлық пен білгірлікке құрылады. Сондықтан мұндай айтысқа түсу үшін ақынның
өлеңді суырып салып айтуы жеткіліксіз. Бұған қоса ақын тапқыр, білгір жəне тез ойлап,
шапшаң жауап беретін болуға тиіс. «Жұмбақ айтысына» қатысушылар жұмбақ ететін
нəрселерін көбінесе адамға таныс, деректі заттардан алады, бір затты екіншісіне
салыстыру арқылы жұмбақ шығарады. Бұл ретте жұмбақ көлеміне кіретіндер: аспан əлемі,
жаратылыс дүниесі, хайуанаттар, адам, оқу-білім, еңбек-кəсіп құралдары т.б. болып
келеді. Жұмбақ айтысына Рысжан, Əсет, Шөкей, Қу бала, Нұржан, Сонарғаш сияқты
ақындар қатысқан. Олардың жұмбақ түріндегі айтыстары аталған ақындардың ақындық
өнерімен қатар, тапқыр, білгір адам екендіктерін көрсетеді. Мысалы, Рысжан мен Əсеттің
айтысын алайық. Рысжан бірнеше жұмбақтар айтады. Оқыстан берілген жұмбақтарды
Əсет іркілместен табан аузында шешіп береді, Əсет Рысжанның бірінші жұмбағын шеше
отырып, сол замандағы əкімдерді, болыс-билерді мейлінше жамандайды: «Елу басы-
құзғын, старшын-қаршыға, онбасылар-күйкентай» деп көрсетеді. Рысжанның екінші
жұмбағы-адамның дене мүшелері. Мұны да Əсет əдемілеп шешіп береді.
Қазақ халқының ертеде туған айтыс өлеңдерінің түрлері жоғарыда аталғандар ғана
емес. Мысалы, ерте кезде Жетісу жағында «Тау өлең», «Жеті өлең», «Су өлең» деген
айтыстар болған.
Сондай-ақ ерте кезде «Мал мен иесінің айтысы», «Ңлік пен тірінің айтысы» сияқты
айтыстар да болған. «Мал мен иесінің айтысында» төрт түлікті өсіру үшін оның күтімін
жақсарту, қорасын, жем-шөбін даярлау керектігі сөз болады. Жəне де ол əдетте шаруаға
икемі жоқ, салақ, бейқам адамдарға арналады. Мысалы,
Мал иесі:
Неғып жүрсің, қу жалғыз шолақ сиып,
Сиырымен Айтақтың болдың үйір.
Үй маңында көдені жұлып жатпай,
Сен шолаққа бір сойқан болды биыл.
Сиыр:
Жасағанның жарлығы тастан қатты,
Сүмеңдетіп арыттың кер жорға атты.
Үй қасында көденің түк дəмі жоқ,
Қара өлеңнің қамыспен түбі тəтті,-
дейді. Содан əр қарай сиыр иесіне көп кіналар тағады. «Жалқауланып, жазда шөп
шаппадың, қдырумен уақыт өткіздің, менің қысқы жем-шөбімді, қора-қопсымды
қамдамадың, ақырында арықтап өлетін болдым, көршілерге телміретін болдым»,-деп
айыптайды.
Ақындар айтысы. Айтыс өлеңдерінің ішінде ең көлемдісі, тақырыбы мен мазмұны
жағынан күрделісі, көркемдік жағынан əдемілері-ақындар айтысы.
Қазақтың айтыс өлеңдерін зерттеген əдебиетші-ғалымдардың айтуына қарағанда,
шын мəніндегі үлкен айтыс, яғни ақындар айтысы XIX ғасырда туған. Жазба əдебиет
тумай тұрған кезде ақынға «ақын» атағын əперетін де осы «айтыс» болған жəне ол
ақындар үшін үлкен сын деп есептелген.
Ақындар айтысына ақындық беті ашылған, біраз даярлықтар жасап келген, ысылған
адамдар ғана араласқан. Бұл жөнінде С.Мұқнов «Айтыс жəне ақын» деген еңбегінде
М.Əуезов «айтыс өлеңдері» жəне «Жамбылдың айтыстағы өнері» туралы жазған
зерттеуінде Е.Ысмайылов «Ақындар» атты монографиясында ғылым үшін мəні бар
84
бірнеше фактілер келтіреді. Олар шын мəніндегі үлкен айтысқа түсушілердің қайсысы
болса да, аса көп даярлық жасағанын айтады.
XIX ғасырда қазақ еліне ақындық аты шыққан Шонақ, Шөже, Кемпірбай, Орынбай,
Балта, Əсет, Рысжан, Біржан, Майкөт, Сабырбай, Сара, Кеншімбай, Нүрпейіс тағы солар
секілді жүздеген жүйріктер «айтыс» арқылы ақындық үлкен сыннан өту арқылы ақын
атанған.
Айтыс-ақындар үшін сөз таласы, сөз майданы ғана емес. Ол-ақындық өнер
салыстыратын, жауаптаса отырып, білім шарқын байқататын шер. Бұл ретте айтысқа
түсетін ақынды С.Мұқанов бəйгіге қосылатын тұлпарға теңейді.
Айтысқа ақындардың көп дарялық келуінің екінші бір себебі бар. Айтыс халықтың
жиналған жерінде өткізіледі жəне айтыс не туралы қандай тақырыпта болатындығы
ақындарға алдын-ала белгісіз болады. Айтыстың тақырыбы сол айтыс үстінде туады.
Сондықтан əрбір ақын өзімен айтысатын ақындарды қай ретпен жеңу, неден сүріндіру
жайын қарастыра, соған даярлана, ойлана келеді.
Əдетте, айтыс екі ақынның амандасып көрісуінен басталады да, содан əрі қарай үдей
береді, көптеген мəселелерді көтеретін болады. Мəселен, Балта ақын Шөжемен
айтысқанда сөзін:
Шөже ақын, сен де шешен, мен де шешен,
Салғанда қара алдына мен бір келсем.
Екеуіміз екі жақтың жүйрігіміз,
Күйлі, жайлы жүрмісің аман, есен
?- деп бастайды.
Бірақ айтысқа түскен ақындардың көпшілігі айтысты амандық-саулық сұраудан
бастай беруді дəстүр етпейді. Көбінесе олар бір-біріне айбар шеге, күш көрсете келеді.
Əрқайсысы өздерінің мықтылығын айтып, бір-бірін ығыстыра, үрейлендіріп, қорқыта
сөйлейді. Мəселен, Шəріпжамалмен айтысқа түскен Əжек ақын: «Мен саған біле білсең,
келген тажал»,-деп қыр көрсетеді. Əсет ақын Рысжанға:
Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жоқ,
Алты арысқа білінген əкең менмін,- дейді. Бірақ Əсеттің айбарынан
қымсынбаған Рысжан өзінің де осал ақын еместігін айтып:
Ақынның тура келмей доласына,
Соқтықтым жанын тұрған шамасына, - дейді де, Əсетті кемсіте сөйлейді.
Кемпірбай ақын Шөжеге:
Жолықпай дүр ақынға жүр екенсің,
Берейін сыбағаңды əлдеқайдан,- деп асқақтайды. Ал белгілі Шонақ ақын
Түбек ақынмен айтысқанда, салған беттен:
Біздерді «шуу» дегеннен өлең басты,
Өлең айтсақ, аруағың сенен қашты.
Сенімен он сегіз күн тартысармын,
Одан ары жан маған шыдамас-ты,-деп ойқастайды.
Айтысқа түскен ақындар өздерінің мықтылығын ғана айтып қоймай, келген жерінің,
ел-жұртының шыққан ортасының да мықтылығын білдіріп қыр көрсетеді.
Қызу айтысқа кірген ақындар тұрпайы сөздерді айтуға дейін барады, бірақ бұл
сөздерге кешірім етіледі. Сонымен қатар, айтысқа түскен ақындар қарсыласының
бойындағы мін, кемшіліктерін де қазбалайды. Мəселен, Шөжемен айтысқан ақындардың
бəрі оның соқырлығына тиісіп сөйлейді. Балта ақын Шөжеге:
Өз сөзің дəл өзіңе жөн де, соқыр,
Ел кемітіп жүруің жөн бе, соқыр,
Қараөткел, Көкшетауда жеген соқыр,
Ел түзуші, тергеуші сен бе, соқыр- дейді.
Бірақ бұдан Шөже қымсынып қысылмайды да. Сондай-ақ айтыс үстінде Біржан
Сараның болашақ күйеуі Жиенқұлды қортық деп кемітеді. Омарқұл Тəбияға айттырып
қойған күйеуін: «Жидіген таз»,-деп мысқылдайды.
85
Жалпы алғанда, айтысқа түскен ақындар мұндай нəрселерден немесе өлең шығара
алмағандықтан жеңілмейді. Олар екі мəселеден жеңіліс табады. Біріншісі, ақынның білім
көлемі тайыз келсе, əр нəрседен хабары, мəліметі болмаса, айтыс үстінде оқыстан
қойылған сұрауларға табан аузында жауап қайыра алмай қалса, онда ақын жеңіледі.
Жеңілгендігін мойындап, сөзді доғарады. Екіншісі, ақын əлеуметтік мəні бар
мəселелерден жеңіледі. Айтысқа түскен ақындар өз елінің байлығын, байы мен биін, ел
басқарған адамдарын мақтап, дəріптей келеді. Бұған қарсы ақын дау айтады, мақталған
адамдардың сынға алады. Алғашқы ақын бұл сынға қарсылық білдіре алмаса, жеңілген
болып шығады. Мəселен, Жамбылдың Құлманбетпен, Досмағанбет айтысын айтуға
болады.
Жамбыл мен Құлмағамбеттің айтысы 1881 жылдар шамасында болған. Құлманбет
сөзге жүйрік, алғыр ақын болғандықтан «Құланаяқ Құлмамбет» аталыпты. Ол өзінің
əдебиетші Албан руындағы байлардың атынан сөйлеп, оларды мейлінше мақтапты.
Мұндай байлар сенің еліңде жоқ деп, Жамбылды мұқата сөйлейді. Сонда Жамбыл
мақталған байлардың жексұрын сипатын суреттей келіп:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдан сұраңдар талып жатыр,
Оны мақтап əуре болмай жөніңе қайт
!- дейді. Жамбылдың орынды сөзіне жауап
қайтара алмаған Құлманбет жеңіліп қалады.
Айтыста жеңілген ақын «жеңілдім» деп ашу шығармаған. Жеңілген ақындар қандай
жағдайда, кімнен жеңілгендігін өздері айтып та жүрген. Шонақ Сабырбайдан, Кемпірбай
Шөжеден, Сүйінбай Күңбаладан қалай жеңілгенін кейінгі ұрпаққа мəлім етіп, жырлап
берген. Мəселен, Кемпірбай Шөжеден қалай жеңілгендігін:
Келіп ем осы тойға өктемделіп,
Жүруші ем қу соқырдан секемденгіп.
Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,
Жығылдым төрт аяғым көктен келіп,- дейді.
Ақындар айтысына жігіттермен қатар ақын қыздар да қатысқан. Тойбала, Күңбала,
Тоғжан, Сара, Ақсұлу, Дəме, Ақбала, Манат, Шөкей, Ажар, Тəбия, Айқын, Хадиша,
Рысжан, Шəріпжамал, Ұлбике сияқты ақын қыздар сан жүйріктермен салғыласа отырып,
жұрт алдында ақындық өнерін танытқан.
Ақындар айтысы тек ақындар үшін ғана мəнді, маңызды болған емес. Ол қазақ
халқының мəдениеті тарихынан елеулі орын алады, қазақ поэзиясының қалыптасып даму
тарихын, көркемдік дəрежесі қай кезде қандай болғандығын білдіретін көрсеткіштің бірі
болып табылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Айтыс жанрының алғашқы үлгілері қандай пайда болған
?
2. Айтыстың қандай түрлері бар
?
3. Айтыс туралы ғалымдардың пікірлерін айт.
4. Ақындар өзіне тəн ерекшеліктері туралы не білесің
?
5. Айтыста ақындар қандай жағдайда жеңіледі
?
6. Айтыс жанрының қазақ поэзисынан алатын орны.
Əдебиеттер
1. М.”абдуллин. Қазақ халқының ауыз əдебиеті.
2. Қазақ ССР тарихы. I том.
3. Айтыс. Жинақ.
86
4. М.Əуезов. Жамбылдың айтыстағы өнері.
5. Е.Исмайылов. Ақындар.
6. С.Мұқанов. Айтыс жəне ақын.
7. Жамбыл. Толық шығармалары.
Біржан мен Сара айтысы
Жоспар:
1. Біржан туралы мəлімет.
2 Айтыстың басқа ақындар айтысынан ерекшелігі.
3 Айтыстың көркемдігі.
Тірек сөздер: Біржанның өмірі туралы деректер. Айтыстың басталуы. Біржан мен
Сара айтысының тақырыбы. Айтыста ақындар қолданған көркемдегіш құралдар.
Қазақтағы айтыс өлеңдерінің ішінде айрықша орын алатыны, көркемдік дəрежесі
жоғарысы Біржан мен Сара айтысы. Ол қазақ еліне ертеден таныс, көп тараған айтыстың
бірінен саналады. Біржан мен Сараның айтысы 1900 жəне 1912 жылдары кітап болып
шықты.
Біржан Қожағұлұлы қазіргі Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілер ауданындағы
«Қожағұл бұлағы» деген жерде туған. Біржанның əкесі Тұрлыбай кедей шаруа болыпты.
Оның Ержан, Нұржан, Біржан атты үш баласы болыпты.
Ағалары болғандықтан Біржан шаруашылықпен айналыспайды. Жас кезінен өлең мен
əнге үйір болады. Қайда ойын-сауық болса, ол соған қатысады: асқан əнші, өлеңші,
домбырашы атанады. Ол өлеңді де, əнді де өзі шығарады. Əсіресе, əншілігі басым келеді.
Əнқұмар, өлең сүйгіш жастар Біржанды аға тұтады, атақты əнші, əрі композитор, əрі ақын
Біржаннан жастар көп-өнеге алады. Сол кезде елге атағы шыққан Ақан сері, Құлтума,
Иман Жүсіп, Жарылғапберді, Мəди, Балуан Шолақ, Мұса сияқты əнші, ақындар Біржан
айналасына жинала бастады.
Біржанның əншілік, ақындық даңқы қазақ еліне жайыла, тарай береді. Ол енді ақын
Біржан, əнші Біржан, сал Біржан атанады. Бір кезде ол Абай аулында болып, ұлы ақыннан
дидарласады. Көркем өнерді артықша түсінетін Абай Біржанның өнерін аса жоғары
бағалайды, екеуі айнымас дос болып кетеді. Жəне Біржанға көптеген ақыл-кеңес береді.
Осыған орай ол өз творчествосына асқан ұқыптылық, жауаптылықпен қарап, бір əнінен
екіншісін асыра шығаруға, халықтың эстетикалық тілегін орындай беруге ұмтылады.
Ел ардақтаған, халық қадірлеген Біржанды қазақтың байлары, қожа-молдалары ,
болыс, əкімдері көре алмай, күндейтін болады. Бір жылы үлкен болады да, оған көп ел
жиналады. Қасына ығай мен сығайларын, əкімдерін ертіп, асқа Жанбота, Азынабай
сияқты болыстар да келеді. Жиналған ел ішінде Біржан да болады, ол асқақтаған əдемі
ендерімен халықты сүйсіндіріп отырады. Осы кезде Азынабайдың поштабайы
болыстардың намысын қорғамақ болып, Біржанға қамшы соғады,оның домбырасын
тартып алып, ардагер əншінің үнін өшірмек болады. Елден асқан бұл қылыққа шыдамаған
Біржан табан аузында өзінің ызалы əнін шығарады.
Жанбота осы ма еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің, -
дейді.
87
Біржан əндерді көп шығарған. Оның «Лəйлім», «Көкшетау», «Жамбас сипар»,
«Айтбай», «Адасқақ», «Тентек» тағы басқа бірнеше əндері бар.
Барлық композиторлық , ақындық талантын халыққа арнаған Біржан өмірінің соңғы
кезінде қалың қасірет-қайғыға душар болады. «Жынданды, есінен ауысыпты»,- деген
өсек-əңгімелер көбейеді. Соның салдарынан ағайын-туыстары Біржанды үйден шығармай
қол-аяғын байлап тастайды. Осындай ауыр күйге түскен Біржан құрбы-құрдас,
жолдастарына арнап:
... Дүние өтаріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,
Үш жүздің ортасында Біржан едім, -
деп зарланады, көңіліндегі қайғы-мұңын шағым етеді. Теміртас, Асыл, Ақық атты
балаларына:
... Теміртас, Асыл, Ақық балдан тəтті,
Қинауға салады екен адамзатты,
Үкідей желпіндірген қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты..., -
деп мұңын айтып көмек сұрайды. Осындай ауыр қасіретке ұшыраған қазақ халқының
ұлы əнші-ақыны Біржан алпыс үшке келіп азаппен қайтыс болады.
Ал Біржанмен айтысқа түскен Сара жайында өмірбаяндық мəліметтер аз, тек ел
əңгімелері бар. Олардың айтуына қарағанда, Сара əрі əнші, əрі алғыр ақын, сан
айтыстарға қатысып жүлде алған жүйрік болған. Ол 1911 жылдар шамасында қайтыс
болған.
«Біржан мен Сара « айтысын зерттеушілердің қайсысы болса да, бұл айтыстың
шынында болғандығын дəлелдейді. Ол былай болады: Найман-Матайда Сара дейтін əрі
əнші, əрі ақын қыздың бар екенін, оның сан жүйріктарді сөзбен буғанын Біржан естиді.
Ал Біржан жайын, оның қандай ақын, əнші екенін Сара да естіген болады. Бұлар бір-бірін
көріп біліспесе де, сырттай таныс, дидарласып көрісуді арман етіп жүреді. Бір жылы
қасына бірнеше жолдастарын ертіп Біржан Сараның аулына келеді. Ондағы ойы: атақты
ақын қызбен танысып, өнер салыстыру, айтысу, ақындық күш байқасу. Біржан келсе Сара
үйінде жоқ екен. Біржанның алдынан шешесі мен сіңлісі шығып, Сараның қажы аулына
кеткенін айтады. Біржан қажы аулына барады.
Бұл кезде Сара жиналған көпшіліктің алдында, қажы атасынан басына билік,
бостандық сұрап, мұңын шағып отыр екен.
Осы тұста Біржан келіп: «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері», - деп хабар салады.
Сөйтіп екі ақынның айтысы басталып кетеді.Біржанның:
Адымым күні бүгін қалыбында,
Екі жыл отыз беске келгеніме, -
деуіне қарағанда, ол Сарамен отыз жеті жасында айтысқан.
Біржан мен Сара əңгімені амандасып көрісуден бастап, ұзақ айтысады. Екеуі де елге
атағы шыққан алғыр, азулы ақын екендігін таныта, бір-бірін қорқыта сөйлейді.
Біржан :
... Қырандай аспандаймын желді күнгі,
Даусымның көтерілер шықса тері,
Болжаған жер шарасын майталманмын,
Жасымнан маған мəлім қыз не дері...
Алтын мен күмістің нақысындай,
Міні жоқ бізден шығар сөз бедері...
Ақ иық мұзбалақпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, -
деп, «өзін көк дауылпаз қыранға, алғыр ақ иыққа» теңейді. Бірақ Сара Біржанның
айбарынан үрейленбейді, одан өзінің ақындық, əншілік өнерін артық болмаса, кем деп
88
білмейді. Сараның айтысқалы отырғаны жалғыз Біржан емес. Ол бұдан бұрын да талай
ақындармен, сан жүйріктермен кездескен болатын. Олардың есінен қалмастай етіп жеңген
де еді. Мұны еске алған Сара:
Арыстан, сал Ниязбек іздеп келіп,
Шошынған жүгірістен танбеғанға...
Жанақ қобызбенен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бишараға,
Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып,
Жеңген жоқ Кеншімбайың о да аңдып, -
дейді. «Келгенің жақсы болды, əйтпесе өзім іздеп барғалы отыр едім», - дегенді
ескерте келіп:
... Найманда екі жүзді наркескенмін ,
Желкеңді қимақ үшін қойған саптап.
Тозаңың анда-санда бұрқ-бұрқ етер,
Саасам бейпіл тілді екі жақтап...
Жалынмын жанып тұрған нөсерге өшпес,
Болатпын екі жүзді алмас кеспес, -
дейді Сара.
Айтыс майданында бір-бірін осылай шошытпақ болып сөз бастаған екі ақын, айтыс
дəстүрі бойынша, енді бір сəтте əрқайсысы өз еліндегі бай мен болыстарды, əкімдерді
мадақтайды.
Айтысқа түскен екі ақын бірін-бірі жеңу, мүдіртіп мерт ету мақсатымен көп алысады,
орай шауып оза тартады. Əр жерде бір түйреп, шабуыл жасайды. Бірақ тал бойларынан
мін, сөздерінен сынық табылмайды, бір-біріне ақындық, əншілік өнері бара-бар келеді.
Сараның сұлулығына, ақындық-əншілік өнеріне көңіліне толып, оны жоғары бағалаған
Біржан :
Жарайды, жаным Сара, осы сөзің,
Тас түлек тұрымтайдай екі көзің...
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармасың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.
Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның
Жапалақ иемденер басқан ізін...
Кемітер дұшпан шіркін қай жеріңді,
Адамзат озар емес бір басыңнан, -
деп сүйсіне мақтайды.
Біржан Сараны ардақтай, мақтай отырып, осындай өрлі өнері бар ақын қызды ағайын-
жұртының қалай бағалайтынын, өзі секілді теңіне берген - бермегенін білу мақсатымен
үлкен бір əңгімені бастап кетеді. Елден ерен шыққан ардақты Сараны ағайын-жұрты
қандай адамға күйеуге бергелі отырғанын айқындамақ болады. Біржанның мұнысы
Сараны мұқатып жеңу үшін емес, оның ағайын-туысын сынау ойынан туған болады. Осы
мақсатпен ол Сараға:
Шақыртып, осында алдырт күйеуіңді,
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды, -
дейді. Сан жүйрікті сөзбен буған Сараның қауіптенетін жері де осы еді. «Күйеуіңді
алдырт», - деген Біржан сөзі Сараға атылған оқтан кем тимей, жауап сөзден тосылып
қалады. Сараның ағайын-туыстары қалың малды матап алып, Сараны Жиенқұл дейтін бір
жаманға атастырып қойған болатын. Бұған Сара аса наразы, өз басында теңдік болмай,
сүймеген қортыққа байлаулы болғанына ызаланып жүретін. Құрбы-құрдастарымен
əзілдескенде болсын, ақындармен айтысқанда болсын, Сара сол Жиенқұлдан қорлана
беретін. Сара қайғыға ұшырайды да, өзін малға сатқан, теңіне қоспаған туыстарына қарап,
ызамен:
Хажеке, күні құрсын ұрғашының,
89
Билігі болмаған соң бір басының.
Берген соң тері-терсек ит те алады,
Пұлындай берекесіз арбашының...
Адамға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей желпіп ұшқан қызыл гүлім
Сіздерден ұялғаннан жүруші едім,
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Сараның аянышты халіне Біржан да көңіл аударып, аяушылық білдіреді. Сараның
қайғы-зары оған да қатты батады: елге даңқы шыққан, ақыл-ойы озат, ақындық-əншілік
өнері асқан Сараның теңіне бара алмай, бір жаманға қосақталып отырғанына Біржан да
ауыр күйінеді. Сондықтан да ол Сараның қайғысына ортақтаса отырып:
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,
Күйеуің жаман екен, ей бишара, -
деп аяушылық білдіреді.
Сөйтіп, «Біржан мен Сара» айтысы атақты екі ақынның өнер жарысы, сөз шарпысуы
ғана болмай, бүкіл қазақ ауыз əдебиетінде əлеуметтік мəні бар тың тақырыпты, яғни əйел
теңдігі мəселесін көтерген айтыс болды.
Айтыста Сара сөзден ұтылып, ақындық өнерден жеңілген жоқ. Біржан да оны жеңдім
демейді. Бұл айтыста жеңілгендер - Сараның ағайын-туыстары. Айтыста соларға деген
халық қарғысы айтылады.
Айтыстың көркемдігі. Ақындар айтысының ішінде ең көркемі, ақындық тілге байы,
сұлуы да «Біржан мен Сараның айтысы». Айтысқа қатысқан екі ақынның қайсысы болса
да халықтың тіл байлығын молынан пайдалана отырып, неше түрлі əдемі теңеу, сөз
образдарын жасайды, айтайын деген ойын əрі ашық, əрі терең мағыналы етіп жеткізеді.
Бұл айтыста үздік теңеу, əдемі сөз айшықтары, эпитет, метафоралар жиі ұшырасып
отырады:
Ақ иық мұзбалақпын, жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын, алқымы іспес, -
немесе:
Қырандай желді күнгі аспандаймын, -
дейтіндер əдемі эпитет, метафора болып табылады.
Жорғамын шаршы топта самғайтұғын,
Бəйгі аттай серпінімді шалмайтұғын,
Əнімді он екі звод жіберейін,
Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын .
Ежелден құлаш мойын көк айылмын,
Ылауға алты күнге талмайтұғын.
Болатпын екі жүзді, жетем құрыш.
деп, Біржан əрі күрделі, əрі ұлғайған метафора тудырады. мұндай үздік метафоралар,
сөз образдары, теңеулер Сараның сөздерінен де орын алады. Сара:
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым тік сандалдың тірегіндей
Бет алдым кеудесіндей қоңыр қаздың,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей, -
дейді.
Біржан мен Сараның ақындық тіліндегі ерекшелік бұл ғана емес. Олар ақындық тілдің
бір түрі болып табылатын ирония мен сарказмды да орынды жəне əдемі қолданады.
Мысалы ,Сара:
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді,
Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,
Біржанға баламаймын тай секілді...
90
Асылым, құдай берген өз бағыма,
Теңелмес жеті Біржан тырнағына.
Найманда ұлы дария саяткерім,
Балық боп ілінгемін қармағына, -
дейді.Сара Жиенқұлды жаны сүймейтіндіген, жек көретіндігін ашық айтады:
Құнжиып мінер құла жорға барса,
Келе алмас, ол шірігің қорғаласа,
Рас, бізді масқара қылар сонда
Қорс етіп, «бармаймын» деп үйде қалса.
Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ,
Ербиер есіз тауға шыққандай-ақ,
Жиенқұл күжірейп келер ме екен
Он мата арқасына тыққандай-ақ, -
деп, Жиенқұлдың кім екендігін сарказм арқылы ашып айтады.
Қорыта келгенде, «Біржан мен Сара айтысы» айтыс өлеңдерінің ішінде елеулі орын
алатын күрделі, көркем айтыстың бірі болып табылады.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Біржан өмірі туралы не білесің
?
2. Біржан мен Сара айтысты қалай бастайды
?
3. Біржан өзін неге теңейді
?
4. Сара Біржанның қайсы сөзінен тосылып қалады
?
5. Айтыстың көркемдік , тіл ерекшелігі туралы айт.
6. Айтыстың əлеуметтік мəні неде
?
Əдебиеттер:
1. Жинақ. Айтыс.
2. М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз əдебиеті. Алм. 1981.
Достарыңызбен бөлісу: |