Сопақша ми мен варолий көпірі, олардың функциялық маңызы.
Сопақша ми — мидың жұлынмен шекарасыз жалғасатын, пішіні сопақша келген артқы бөлігі. Оның алдыңғы жағы ми көпірімен жалғасады. Сопақша мидың төменгі бетінде вентральды орталық саңылау мен оның екі бүйіріндегі латеральды вентральды сайлар арқылы бөлінген: оң және сол сопақша ми пирамидалары білеуленіп көрініп тұрады.
Сопақша мидың құрылысы біршама жүлынның құрылысына ұқсас, яғни сыртқы жағында — ақ зат, ішкі жағында — сұр зат орналасады. Ол ақ заттық аралықтар арқылы көптеген сұр заттық аралшықтарға, яғни сопақша мидың сұр заттық орталықтарына бөлінеді.
Бұлар организмнің тіршілігіне тым қажет вегетативтік орталықтар құрайтын нейроцитгер ядролары. Аталган вегетативтік ядроларға:
жүрек соғу
тыныс алу
тер бөлу
сілекей бөлу
шайнау
жұту, сору
көз жасын бөлу
ас қорыту сөлдерін бөлу
құсу,
кекіру
күйіс қайтару
тұшкіру
жөтелу
көз жыпылықтау орталықтары жатады.
Сопақша миға да жұлын тәрізді рефлекстік және өткізгіштік қызмет тән. Сопақша мида тыныс алуды, тамыр арнасын, жүрек қызметін, көмірсулар алмасуын реттейтін орталықтар, шайнау, сілекей бөлу, жұту, дыбыс шығару, қарын сөлін, ұйқы безі сөлін бөлу орталықтары, жөтелу, түшкіру, көз қағу рефлекстерінің орталығы, Дейтерс ядросы орналасқан. Сонымен қатар сопақша мида бас еттерінің, көздің, ішкі құлақ шытырманының (лабиринттің) афференттік жүйкелерінің орталығы орналасады. Ол әртүрлі органдардың қызметін реттеу арқылы организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді, вегетативтік қызметтерді, қаңқа еттерінің тонусын реттейді, бұлшық еттің, ең алдымен жазғыш еттердің, тонустық жиырылуын қамтамасыз етіп, дене салмағын көтеруге, тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Сопақша ми тонустық рефлекстерді реттей отырып, организмнің қимыл әрекетін (жүру, тұру, ұшу) қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сопақша ми тонустық (дене қалпын сақтау) рефлекстерін реттеуге қатысады. Дене қалпын сақтау рефлекстері тепе-теңдік (статикалық) және қимыл-қозғалыс(статокинетикалық) рефлекстері болып бөлінеді. Тепе-теңдік рефлекстері тыныштық кезінде дененің қалыпты кейпін, тепе-теңдігін сақтауды қамтамасыз ететін қимыл әрекеттер. Статокинетикалық рефлекстер - дене қозғалысы кезінде байқалатын қимыл реакциялары. Олар кейіптену (дене қалпын сақтау) және тұлға түзеу (мақсаттық) болып екі топқа бөлінеді. Бұл рефлекстердің рефлекстік өрісі вестибулалық аппаратта, мойын еттері мен сіңірлерінде орналасады. Мойын қисайса сол беткейдегі еттер тонусы жоғарылап, қарсы беткейдегі еттер тонусы төмендейді. Бұл тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Вароли көпірі-сопақша мидың үстінде орналасқан. Оның ұзындығы 2,5 см. Ол үстіңгі жағында ортаңғы мимен, бүйір жақтарында мишықпен шектеседі. Сопақша ми мен вароли көпірін артқы ми деп те атайды. Мұның қызметі де сопақша ми тәрізді: рефлекторлық және өткізгіштік қызметтерін атқарады. Көпірден V, VI ми нервтері шығады және көпір мен сопақша мидың арасынан VII, VIII ми нервтері шығады. Жаңа туған нәрестенің сопақша миы мен көпірінің жалпы салмағы 8 г. 7 жасқа келгенде артқы мидын дамуы аяқталуға жақындайды.