Панда жылаған жаз жанарбек Әшімжан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сериясы «Сөздік-Словарь»



Pdf көрінісі
бет28/32
Дата26.02.2017
өлшемі1,78 Mb.
#4999
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32

Жанарбек  Әшімжан:  Жұмеке,  аттарды  қолдан  будандастырып, 
тұқымын  асылдандырудың  қаншалықты  артықшылығы  немесе  кем- 
шiлiгi бар?
Жұмахан Шортанбаев: Жылқы дейтiн – жатқан ғылым ғой. Бiрақ 
өздерiнiң  күнкөрiсiнен  аса  алмай  кеткен  айтулы  ғалымдарымызды 
жылқы  жағдайына  көңiл  бөлмедiң  деп  қалай  айыптайсың?  Соңғы 
жылдары  ғана  мемлекет  тарапынан  асыл  тұқымды  аттарға  ептеп 
көңiл  бөлiне  бастады.  Жылқының  тұқымын  асылдандыруды  мақсат 
тұтқан  жiгiттерiмiздiң  басым  көпшiлiгi  алғашқы  кезде  селекциямен 
айналыспады. Бұл мәселеге соңғы жылдары ғана көңiл бөлуде. Ендiгi 
жерде селекциямен кешендi түрде айналысу өз жемiсiн бере бастайды. 
2008  жылдан  бастап  Қазақстанда  керемет  жүйрiк  аттар  шығады, 
бұған күмәнiңiз болмасын! Егер нағыз бiлгiр мамандар болса, қолдан 
будандастырудың пайдасы ұшан-теңiз. 
Жанарбек Әшімжан: Билiк тұтқасында отырған көптеген лауазым 
иелерiнiң  атқа  деген  көңiлi  алабөтен  екенiн  бiлемiз.  Байрағы  бөлек 
бәйгелерде  аттарын  астыртын  аламанға  жiберiп,  сыртынан  бақылап 
отыратын ақжағалыларды көзiмiз шалып қалады.  
Жұмахан Шортанбаев: Ол рас, елге мәлiм үлкен азаматтардың көбi 
жылқы  ұстайды.  Жүйрiк  жүгiртедi.  Құлыбаевтардың  жүйрiк  аттарға 
деген құмарлығы өте жоғары. Сондай-ақ олар асыл тұқымды иттерге 
де  көңiл  бөледi.  Сонымен  қатар,  Алматы  қаласының  әкiмi  Иманғали 
Тасмағамбетов  асыл  тұқымды  аттардың  үлкен  жанашыры  ғой  деп 
ойлаймын. Өйткенi, ол кiсi де аттың бабын, болмысын, тегiн өте жақсы 
бiледi. Жылқы ұстайды. Баптайды.
«Қазақстан темiржолының» басшысы Ерлан Атамқұлов – жылқыға 
жаны  ашитын  азамат.  Өзi  атқұмар.  Байқасаңыз,  соңғы  2005-2006 
жылдары болған бәйгелердiң бәрiн «Рахат-Паластың» жүйрiктерi жеңiп 
алып жүр. Ерланның аттары тiптi бүкiл Ресейдiң жүйрiктерiнiң iшiнде 
екiншi  болып  келдi.  Ал  нағыз  асыл  тұқымды  жүйрiктер  –  Ресейде. 
Түркiмендердiң  аттары  далада  қалды.  Демек,  орыс  аттарының  бабы 
жақсы.

270
Ұзынағашта  Орынтай  дейтiн  үлкен  атбегi  бар.  Жылқыға  жан-
тәнiмен  берiлген,  жаны  ашитын  азаматтардың  бiрi.  «Рахат-Палас» 
жүйрiктерiнiң  бапкерi  –  сол  Орынтай.  Сондай  бiлгiр  мамандар  мол 
болса, қазақ жүйрiгiнiң де болашағы өте зор. Атбегiлiк деген – үлкен 
қасиет! Ертең Орынтай секiлдi бiлгiр бапкерлердi ел-жұрт шам алып 
iздейтiн болады. Тарпанов дейтiн үлкен атқұмар азамат болған. Қайтыс 
болды.  Сол  кiсi  кезiнде  маған  «зейнетке  шыққанда  сiз  менiң  жылқы 
зауытыма директор болып келесiз» деп қолқа салып жүретiн.
Алматы  облысының  әкiмi  Серiк  Үмбетов  те  атқұмар.  Ол  кiсiнiң 
де  шабысы  бөлек  жақсы  бәйге  аттары  бар.  Серiк  Әбiкенұлының 
«Нұрқасқа» деген Ресейден алып келген керемет жүйрiгi болған. Сол 
«Нұрқасқа» бiр жылда тоғыз автокөлiк алып едi, жарықтық. Бәйгеден 
бәйгеге  есiн  тез  жинап,  қалыбына  тез  келе  қалушы  едi.  Жамбыл 
ауданындағы бiр аламанда тайып кетiп, аяғын мертiктiрiп алған, кейiн 
өлiп қалды. Ол сәйгүлiктi де жер қойнына арулап тапсырды.
Әкiмдердiң  көбi  жылқы  ұстайды  ғой,  бiрақ  үлкен  бәйгелерге 
әкiмдердiң  үкiлеп  ат  қосқанын  өз  көзiммен  көрген  емеспiн.  Бәлкiм, 
жасырын  қосатын  да  шығар.  Жалпы  жылқы  жаратылысынан  өте 
тылсым жануар. Сондықтан болар, атбегiлер жылқы тұқымына қатысты 
артық-кем әңгiмелердi өте құпия ұстайды. Бәйге аттарының бабын көп 
жария ете бермейдi.
Жанарбек Әшімжан: Оның құпиясы неде?
Жұмахан Шортанбаев: Қорқады. Ат баптаудың тұрақты кестесiн 
көшiрiп  алуы  мүмкiн.  Оның  үстiне  ұры-қары  көп.  Мәселен,  менiң 
«Латхан» деген ғажап асыл тұқымды жүйрiгiм болған. Сұлу! Атбегiлер 
ол аттың ата-тегiн, қайдан шыққанын, қалай жүгiретiнiн бәрiн бiлетiн. 
Үлкен  бәйгеге  баптап  жүргенде  әлгi  арғымағымды  ұрлап  кеттi.  Iз-
түссiз  жоғалды.  Ол  атқа  мен  Ресейге  дейiн  iздеу  салғыздым.  Ат 
баптаушылардың  журналистерге  де  бар  сырын  ашыла  айтпайтыны 
сондықтан.
Жанарбек Әшімжан: Қазiр қанша ат баптап отырсыз?
Жұмахан Шортанбаев: Тайпалған төрт жүйрiгiм бар – «Сүлiкқара», 
«Торғай», «Мальчик», ал соңғысына әлi есiм қоймадық. Бұл аттардың 
шығу-тегi, тұқымы жайлы ақпарат бере алмаймын. Таяуда бiр кеденшi 
жiгiттер  «бiр  атыңызды  сатып  алсақ»  деп  келiптi.  Үлкен  ақшаға. 
Әсiресе, «Мальчиктi». Сөйлескем жоқ. Iнiлерiм: «Жұмахан ағадан екi 
дүниеде ат сатып ала алмайсыздар», – деп әңгiменi шорт үзiптi. Мен 
үшiн жалпақ дүниеде жабыларымның құны ешнәрсемен теңеспейдi. Ат 
– менiң кiшкентай өмiрiмнiң үлкен бiр бөлшегi. 
Алыс  сапардан  келгеннiң  өзiнде  ең  бiрiншi  жүйрiктерiмнiң 
жалынан бiр сипап барып үйге кiрем. Бұл дағдымды шешем марқұм 
да  қойғыза  алмады.  Айтпақшы,  шешем  1997  жылы  қайтыс  болған. 

271
Сонда  анамыздың  жаназасын  шығарып,  жерлеуге  әкетiп  бара 
жатқанбыз.  Зиратқа  жақындай  бергенде  сүйектi  алып  келе  жатқан 
көлiктiң  алдын  менiң  үш  сәйгүлiгiм  шапқылап  келiп  кес-кестеп 
алғаны.  Көлiктi  жүргiзбейдi.  Сосын  көлiктен  ыршып  түсiп  аттарға 
бардым.  «Жiберiңдер!  Шешемiздi  жайлы  орнына  жайғастырайық»,  – 
деп жалдарынан сипадым. Жасаураған жанарлары шарасынан шығып 
кеткендей  күй  кештiм.  Бұрылып  жүре  бердi.  Шешем  марқұм  кейде 
үйде  адам  болмағанда  сол  жүйрiктерге  өзi  шөп  салып,  су  беретiн. 
Еркелететiн! Қолынан дәм татқан сондай  бiр асыл жанның дүниеден 
кетiп бара жатқанын жылқылар да түсiнген ғой! Осы жайт көпке дейiн 
менiң есiмнен шықпай жүрдi.
Жанарбек Әшімжан: Жұмеке, шыныңызды айтыңызшы, егер сiз- 
дiң алдыңызға мынадай таңдау қойылса: екi генералдық шен немесе 
екi сәйгүлiк. Қайсысын таңдар едiңiз?
Жұмахан Шортанбаев: Сөз жоқ, қос сәйгүлiктi таңдаймын! 
Жанарбек  Әшімжан:  Жұмырбасты  пенде  болған  соң  армансыз 
болмайды. Атбегiнiң арманы да атқа қатысты болар?
Жұмахан Шортанбаев: Менiң бала күнiмнен берi келе жатқан бiр 
арманым бар. Бiздiң ата-бабамыздың жерi – Бақанас өңiрi. Өзiм ысты 
деген руданмын. Сол Бақанастың сары даласында жабайы аттар өте көп. 
Өздерi топ-тобымен жүредi. Ешкiмге ұстатпайды. Тек атып қана алуға 
болады. Арманым – сол жабайы аттың бiреуiн ұстап, баптап, бәйгеге 
қосу. Ол жабайы аттарда бiр сүйем де қазы болмайды. Даланың кәдiмгi 
ешқашан  ноқта  көрмеген  керемет  тағы  жүйрiктерi  ғой.  Бiрнеше  рет 
алыстан дүрбiмен қарадым. Және бiр қызығы – олар көз көрмес, құлақ 
естiмес жерлерде төлдейдi. Адамның иiсiн олар үш шақырым жерден 
сезедi. Сол жабайы аттың бiреуiн қолға түсiрудi күндi-түнi ойлаймын
Шiркiн, бiр жабайы атты ұстап, бәйгеге қоссам, атбегiлiктi бiржола 
қояр едiм...

272
І V- б ө л і м
ҰЛЫ ҒАЛЫМНЫң соңҒЫ ЖҰМБАҒЫ
  «Ғабдұлғани!  Ғабдұлғани!  Ғабдұлғани!»  Бұл  –  Әлима  ананың 
құрсағынан жаралған қазақ жұртының ұлы қазынасы, жұмыр жердiң 
тiлмашы, жетi жұрттың тiлiн, жетi қат жердiң сырын аңдаған даңқты 
Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ азан шақырып қойған ныспысы. Құлақ түбiне 
үш  мәрте  айғайлаған  әйгiлi  Төртуылдан  шыққан  Құрмантай  абыз 
деседi. 
Балағын балдыр жуған Баянтаудың бағы басым екен. Сал мен серi 
сеңдей  соғылысқан  қасиеттi  Кереку  де  сан  тағдырды  бастан  кештi. 
«Баянауыл  басынан  бұлт  кетпейдi…»  дейтiн  әлгi  бiр  әсерлi  де  ауа 
жайылған ғажайып ән сол дәуiрдiң куәсi. Десек те, Қыдыр кәрияның 
желе  жортып  бара  жатқанда  дорбасының  түбi  сөгiтiлiп  кеткен  жер 
сол  Баянауыл  болар,  сiрә.  Алақандай  ауылдан  Алаштың  аспанында 
қазақ  ғылымының  төбесiнен  құс  ұшырмаған  он  алты  данышпанның 
шамшырағы  жанып  тұр.  Бұл  «академиялық  бiлiмдi  әкеден  алған» 
(Б.Әшiрбаев)  академиктердi  саусағымыз  жеткен  жерге  дейiн  санап 
үлгерген есiмдер ғана. 
Бүгiнгi әңгiме он алты қыз әнге қосар оқымыстының iшiндегi төресi, 
ғұлама  ғалым,  жетi  қат  жер  астындағы  сырын  iшiне  бүгiп  жатқан 
қойтастардың ебiн тапса да да, жүрек кенiндегi кесепаттың емiн таппай 
кеткен шәр геолог Қанекең, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев турасында. 
Анығында, ұлт мұратына қажет қазынаны қайламен қазып, қаламмен 
жазып қалдырған ұлы ғалымның соңғы өмiрi хақында.
Бiз  өткен  нөмiрiмiзде  ұлы  Мұхаңның  «соңғы  жұмбағы»  жайлы 
баян  еткенбiз.  Қанекеңнiң  де  тағдыры  «социализм  жемiсiн  орақпен 
орып, шегесiн балғамен қаққан» сол бiр реңсiз режимнен тiптi де аулақ 
кетпейдi.
қанекеңнiң де соңғы жетi жылын 
«Жадының өзi бiр академия едi»
– Қаныш Сатпаев – Жаратқан иемiздiң қазақ ұлтының маңдайына 
берген сыйы. Биологиялық заң бойынша Қанекеңдей ұлы адамдар жүз 
жылда  бiр  туады.  Мен  ол  кiсiнi  тұңғыш  рет  1946  жылы  Алматыдан 
Қазақ  ғылым  академиясының  филиалы  ашылған  кезде  көргенмiн. 
Әскерден жаңа келген кезiм. Аспирантураға түсуге талпынып жүргем. 
Лия  Соломоновна  дейтiн  Швецарияның  үлкен  академигi,  медицина 

273
саласының  ғұлама  ғалымы  Кеңес  елiне  көмектесуге  келген  болатын. 
Дүниежүзi бойынша қан мен мидың арасындағы барьердi зерттеп даңқы 
шыққан ғұлама, бiрнеше елдердiң академигi едi. Оны Кеңестiң «шаш 
ал  десе,  бас  алғыштары»  ұстап  алып  «КАРЛАГ»-қа  қамап  тастапты. 
Сосын Қаныш Имантайұлы «КАРЛАГ»-тың бастықтарымен сөйлесiп, 
әлгi ғалымды босаттырып алды. Жамбыл қаласынан академия атынан 
шағын  баспана  алып  берiп,  сол  жерден  лабаратория  құрып  берген. 
Академияның  филиалы  құрылғанда  әлгi  кiсiнi  арнайы  шақырып, 
президиумның  төрiне  отырғызғаны  көз  алдымда.  Қуғында  жүрген 
адамға солай көмектесiп, азаматтық қолұшын берген. Қанекеңнiң бұл 
iсi  нағыз  ерлiкпен  пара-пар  едi.  Содан  бастап  ол  кiсiге  деген  менiң 
көзқарасым да бөлек болды. Бiрiншi рет ол кiсiнiң үлкен жүректігiне, 
ұлылығына сонда таң қалғанмын. 
Бойы  екi  метрге  жуық  тұлғалы  кiсi  едi,  сол  тұлғалы  болмыстың 
iшi толы ұлылыққа және қамқорлыққа толы болды. Баппен, асықпай 
сөйлейтiн.  Медицина  тақырыбында  сөйлессең  –  дәрiгер  секiлдi 
сөйлеседi,  вирусология  жөнiнде  тiлдессең  –  соның  маманы  сияқты 
ақтарылатын. Геологпен – геологша, биологпен – биологша дегендей. 
Соның  бәрiн  қай  уақытта  оқып  үлгергенiне  таң  қалушы  едiм. 
Медицинаға  байланысты  бiлмеген  тұстары  болса,  қысылмай  «мынау 
не деген нәрсе?» деп сұрайтын. 
Ол кiсiнiң жадының өзi бiр академия едi ғой. Ақсақ Темiр Алтын 
Орданы  қиратуға  бара  жатқанда  Ұлытауда  тасқа  жазып  қалдырған 
жазуы болған. Сол жәдiгердi Қанекең тауып эрмитажға тапсырған. Мен 
ол жәдiгердi Петерборда өз көзiммен көрдiм, артында «Қаныш Сәтпаев 
тапсырған»  деген  жазу  бар.  Ұлы  ғалымның  iрi  қайраткерлiгi  осылай 
басталған. Қоңыр ғана дауысымен ән айтатын. Студент болып жүрген 
кезiнде-ақ  қазақтың  жыр-дастандары,  әндерi  жөнiнде  үлкен  зерттеу 
мақалалар  жазған.  Кейiн  геология  саласына  кеткеннен  кейiн  қолы 
тимей кеткен болу керек.
«Лондонға да, Стокгольмге де бармаймын»
– 1957-58 жылдары Қанекең гипертониямен ауыра бастады, бұл – 
қан қысымының көтерiлуiне байланысты болатын науқас. Сол кездерi 
Бреннер дейтiн бiлiктi дәрiгермен дос едiм. Үкiмет Қанекеңнiң жүрегiн 
емдеу  үшiн  сол  Бреннердi  арнайы  бөлiп  қойған.  Канекең  Киров 
көшесiнде тұратын, күндiз болсын, кеш болсын шақыртатын. Бреннер 
«бiрге  ақылдасайық»  деп  менi  ертiп  апаратын.  Мен  ол  кезде  қазiргi 
«совминнiң»  ауруханасында  тұрақты  кеңесшi  едiм.  Барамыз.  Ем-
домымызды жасаймыз. Өте әңгiмешiл адам едi, мен барғанда әңгiменiң 
тиегiн ағытады. Әйелi Таисия Алексеевна «бұл кiсiге тыңдайтын адам 
керек, ағаң үшiн негiзгi дәрi – әңгiме, әңгiме айтса қан қысымы өз-өзiнен 
төмендейдi» дейтiн. Бiр өкiнiштiсi, уақытында көп жайттарды жазып 

274
алмаппын.  Өткен  уақыт  есте  қалған  деректердiң  бiразын  тоздырып 
жiберiптi. Сөйтiп жүрiп арада бiраз жыл өттi.
Бiр  күнi  көмекшiсi  телефон  шалып,  «сiздi  Қаныш  Имантайұлы 
тосып отыр» дедi. Сосын кеңсесiне бардым. Қанекең насыбай ататын, 
бiр түйiрiн ернiнiң астына салып қояды. Қарап отырамын. Түкiрмейдi. 
«Iшке  жұта  ма?»  деп  ойлаймын.  Таң  қаламын  да  қоямын.  «Әй,  осы 
насыбайдың  өңешке  зияны  тиедi-ау»  деп  те  күдiктендiм.  Сол  ойым 
ақыры жаман болып шықты. 
Жастығыма  қарамастан,  менi  «Сәке»  деушi  еді.  «Сәке,  мен 
сырқаттанып отырған секiлдiмiн, сенiң салаңа жақын болу керек, қашан 
тексерiлсем  болады?»  дедi.  «Сiз  қай  уақытты  айтсаңыз,  сол  мезгiлге 
дайынмын» дедiм. Ертесi ұлы ғалымға таң азанмен аш қарында келiп 
тексеру жүргiздiм. Өңештiң төменгi жағында қылтамақ басталып, тiптi 
бiраз  жерге  жетiп  қалыпты.  Қылтамақ  деген  –  рак,  өңештiң  қатерлi 
iсiгi.  Осы  аты  жаман  ауру  үшiншi  сатысына  дейiн  көтерiлiптi.  Бұл 
өзi  қазақта  атам-заманнан  келе  жатқан  ауру  болса  керек.  Дереу  бас 
дәрiгерге айттым, ол үкiметке хабарлады. Дiнмұхамед Қонаев бастап 
бәрi  хабардар  болды.  Димекең  Қаныш  Имантайұлын  айырықша 
құрмет  тұтқан.  Қанекеңнiң  тұсында  академияда  сессия  болған  кезде 
Димекең мiндеттi түрде келiп қатысатын. Екеуi кеңселерiне кiрiп шәй 
iшетiн. Кеңесетiн. Айналасы бiр сағаттың iшiнде бәрi ауруханаға келдi. 
Ақылдастық.  «Не  амал  қыла  аламыз?»  деп  бәрi  аласұрды  да  қалды. 
Қайсысы айтқаны есiмде жоқ, үкiметтен келгендердiң бiреуi «Мәскеуге 
барып қаралу керек» деп қалды.
Сол күнi емес, екi күннен кейiн жиналып Мәскеуге кеттiк. Мен бiрге 
бардым,  бұл  –  1960  жылдары.  Бардық.  Ол  жақта  мен  бiлетiн  Тагир 
Иосифович дейтiн рентгенолог профессор бар едi, барлық құжаттарды 
сол кiсiге тапсырдық. Қанекең тағы да тексеруден өттi. Ақыры «Сайым 
Балмұхановтың  қойған  диагнозы»  деген  қорытындыға  келдi.  Ол 
кезде  КСРО  денсаулық  сақтау  министрi  Сергей  Курашов  болатын. 
Қанекең ол кiсiні жақсы таниды, Томскiде бiрге оқыған екен. Қанекең 
«бұл  Курашов  емес  Құрышов,  аты  –  Серәлi,  шоқынған  татар»  деп 
қалжыңдап отыратын. Сол Курашовтың кеңсесiнде консилиум болды. 
Iшiнде  Вишневский  дейтiн  даңқтысы  бар  пышақтарын  жалаңдатып 
бес-алты профессор келдi, хирургтер болды. Жиналған мамандардың 
бәрi де операция жасауға болмайтынын, кешiгiп қалғандығын айтты. 
Ендiгi амал – тек сәулемен емдеу. Сол аралықта Курашов ВЧ арқылы 
жоғары  жақпен  сөйлестi.  Кiммен  сөйлескенiн  бiлмедiм.  Көп  уақыт 
өтпестен Курашов: «Мен жаңа жоғарыдағылармен сөйлестiм, Қаныш 
Имантайұлының таңдауына қарай не Стокгольм, не Лондонда ем күтiп 
тұр. Қасына қызын және дәрiгерiн ертiп жүруiне рұқсат етiледi, барлық 
шығынды үкiмет көтередi» дедi. Қанекең «мен ертеңге дейiн ойланып 
жауабын  берем»  дедi.  Қонақүйге  келдiк.  Ол  уақытта  Қанекеңнiң 

275
«Москва» мейманханасының оныншы қабатында үш бөлмелi тұрақты 
үкiметтiк  люкс  болатын.  Себебi,  Қанекең  жай  академик  емес  үлкен 
академияның президиум мүшесi, Лениндiк сыйлық жөнiндегi комитет 
мүшесi, Жоғары кеңестiң тағы бiр ықпалды мүшесi. Сондықтан айына 
Мәскеуге екi-үш рет баратын, келген сайын сол жерге түсетiн. Қонақ 
үйде  сол  кездегi  Химия  институтының  директоры  Әбiкен  Бектұров, 
Бөпежан  Аяпбергенов,  әйгiлi  Шапық  Шокин  отыр,  академияның 
вице-президентi Бәйiшев бiздердi күтiп отыр екен. Елден алып келген 
қазы-қартамен  тамақтандық.  Дастархан  басында  Қанекең:  «Осындай 
деп  маған  үкiм  шығарды,  екi  елдiң  қай  жерiне  бару  керектiгiн 
таңдайтын  Сайекең  ғой,  дегенмен  мен  түнiмен  ойланып  шешiмiмдi 
ертең айтамын» дедi. Бәрi тарап кеттi. Бөпежан Байбаламұлы түнiмен 
қасында болған едi, сол кiсi «Қанекең түнiмен дөңбекшiп ұйқтамады, 
тұрып жүредi, насыбай атады» дедi. Таңертең сағат сегiзде келдiк. Шәй 
үстiнде  Қанекең:  «Мен  әлгi  айтқан  екi  елге  де  бармаймын.  Қазақтар 
арасында қылтамақ ауруы көп. Ал менiң жұрттан не артықшылығым 
бар? Сол қандастарым елде-ақ емделiп жатыр ғой, мен де туған елде 
емделемiн. Бәрiн де көтеремiн, елден бөлектенiп емделгiм келмейдi. Не 
де болса Сайекемнiң өзi емдесiн, Алматыда емделемiн» деген шешiмiн 
айтты. Бәрiмiз қайран қалдық. Не деген ұлылық! Мұндай сөздi кiм айта 
алады? Екiншi рет Қанекеңнiң әлгiндей алыптығына таң қалдым. 
Осы  күнi  Қанекеңнiң  тырнағына  татымайтын  шенеунiктер  «басы 
ауырып,  балтыры  сыздаса»  ата-бабасынан  қалған  мұрасы  секiлдi 
үкiметтiң ақшасын жанқалтасына басып алып Батысқа тұра жүгiредi... 
Сөйтiп, кейiн қайттық. Елге келген соң үш жыл бойы ұлы ғалымды 
мен емдедiм. Жұмысы да жақсы жүрдi. Жеке өмiрiмде, яки медицина 
ғылымында бiтiрген шаруам ептеп бар болса бар шығар, дегенмен мен 
Қаныш Имантайұлының қызметiне жараған тiрлiгiмдi, өмiрiнiң соңына 
дейiн  жанында  болғанымды  –  өмiрiмде  атқарған  үлкен  шаруам  деп 
түсiнем. 
«кунцевода екiншi ұлы қазақ көз жұмды»
– 1964 жылғы күздiң қара суығы үдей бастаған кез болатын. Қанекең 
Әдеттегi  жұмыс  бабымен  Мәскеуге  кеткен.  Арада  апта  өтпей  менi 
Мәскеуге  шақыртты.  Дереу  Мәскеуге  жол  тарттым.  Барсам,  Қанекең 
ауруханада  жатыр  екен.  «Сайеке  келдiң  бе?»  дедi.  Амандық-саулық 
сұрасты.  –  Әйгiлi  академиктермен  бiрге  отырып  тамақтанып  едiк, 
қызмет  көрсетушiлер  дастарханға  саңырауқұлақ  әкелiп  қойған  екен. 
Саңырауқұлақ жеу әдетiмде жоқ едi, дәм ауыз ти деп қоймаған соң бiр 
түйiрiнен дәм таттым. Iле-шала дәретханаға барып, үстi-үстiне құстым. 
Қасымдағы орыс академиктер де ауырған көрiнедi. Дегенмен, мен қатты 
уланып қалған сияқтымын, – дедi. Сол саңырауқұлақтан ұшынғаннан 

276
бiр ай ауруханада жатты. Уланып қалғаннан кейiн жүрегi де сыр берiп 
қалды. Мен бақылап қарап жүрдiм, дәрiгерлер iшек-қарнын тазартты, 
қан  құйды.  «Елге  кетсек,  қалған  емдi  сол  жақтан  алсам»  дегендей 
болған. Сәл жақсы болғандай көрiнiп едi, қас қылғандай уланғанның 
әсерiнен қылтамақ қайта қозып кетiптi. Ескi ауруы қайталап өңештен 
жоғары  көтерiлiп  бiраз  жерге  барып  қалыпты.  Қайта  емдеуге  күш 
жетпейдi.  Химиямен  емдеп  көрiп  едiк,  оның  да  көмегi  болмады. 
Қыздары келiп-кетiп жүрдi, Бөпежан Аяпбергенов жанымыздан бiр сәт 
шыққан жоқ. Сол жатқаннан Қанекең үш ай Мәскеуде жатты. Бақилық 
боларынан бiр апта бұрын төсек тартып жатып қалды, оған дейiн тiк 
жүрiп келген. Кремльге қарасты Кунцево ауруханасы табиғаты ғажап 
жерде  орналасқан  едi.  Ол  ауруханада  жатып  емделуге  Қазақстаннан 
он  адамға  ғана  рұқсат  беретiн.  «Совмин»  ауруханасының  басшысы, 
екi  орынбасары  және  Орталық  комитеттiң  үш  хатшысы  секiлдi 
жоғары  лауазым  иелерiне  ғана  рұқсат  етiлетiн,  соның  iшiнде  Қаныш 
Имантайұлы  да  бар  едi.  Ауласы  да  кең.  Көп  уақытын  сол  аулада 
серуендеп  жүрiп  өткiзетiн.  Аурудың  бетi  қатты  екенiн  iштей  сезген 
де  шығар,  бiрақ  бiзбен  ауру  туралы  әңгiме  айтпайтын.  Соңғы  күнге 
дейiн өлiм туралы бiр ауыз сөз айтқан емес. Бiрақ, әлгi саңырауқұлақты 
жегенiне  кетер-кеткенше  өкiндi.  «Өмiрiм  де  жемейтiн  едiм,  жалпы 
саңырауқұлақты жек көретiн едiм, содан-ақ қор болдым ғой» дегенi әлi 
күнге құлақ түбiмде тұр. Осы сөздi қайта-қайта айта беретiн. Жанында 
болғандарды қазiр ұмытып отырмын, бәрi белгiлi ғалымдар. Олар бiр 
айдың iшiнде жазылып кеттi. Қанекеңдiкi өте қиын болды.
Мейiз есiмдi қызы қазiргi күнi бар, соңғы екi сағатта жанында сол 
қызы  болды.  Маған  телефон  шалған  да  сол  Мейiз.  Мен  келдiм,  ес-
түсiн  бiлмей  жатыр  екен.  Үш-бес  минуттан  кейiн  кеудесiнен  жаны 
ұшып кеттi. «Ұлы адамдардың соңғы сөзi» дейтiн ұғым бар ғой, бiрақ 
мен  Қанекеңнiң  соңғы  сөзiн  ести  алмадым.  Аузын  жыбырлатып  бiр 
нәрсе  айтқысы  келдi,  айта  алмады.  Сөйтiп,  қазақ  халқынан  шыққан 
екiншi қайталанбас ұлы адамының ақтық демi сол Мәскеу iргесiндегi 
ауруханада  үзiлдi.  Несiн  айтасың,  бүкiл  ұлттың  есеңгiреп  қалғандай 
кезi едi ғой. Сүйегiн ұшақпен елге алып келдiк. Бұл – 1964 жылдың 
31 қаңтары болатын. 
...Соңғы  үш  айда  мен  жанында  болдым.  1932  жылғы  қырғыннан 
бастап  көптеген  әңгiмелердiң  тиегiн  ағытты.  Сол  бiр  алмағайып 
нәубет күндерi Қанекеңнiң әкесiн, әкесiнiң екi ағасын «халық жауы» 
деп түрмеге жапқан екен. Бәрi сол түрмеде қайтыс болыпты. Бiр жолы 
маған  қиналыңқыраса  да  «Әкемдi  түрмеде  ұрып  өлтiрген  көрiнедi» 
дегендi ерiн астымен құпиялап айтқаны бар. 
Ауылдың кiсiлерi әкесiнiң денесiн ұрлап әкетiп жерлептi. Қанекеңнiң 
содан  ептеп  хабары  бар  екен,  1955  жылдары  әкесiнiң  жатқан  жерiн 
Бөпежан  Аяпбергенов  арқылы  iздеп  тауыпты.  Аяпбергеновке  айтып 

277
әкесiнiң басына құлпытас орнатыпты. Қаншалықты үлкен адам болса 
да кейiнге дейiн артынан «үш әрiптiң» жансыздары қалмай жүрдi ғой. 
Бойды билеп қалған сол үрейден әкесiнiң басына да бара алмағанын 
айтып  налығаны  бар.  Кейiн  ол  кiсiнiң  өзiн  де  қуғынға  салды. 
«Алашорданың мүшелерi» деп Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және 
Ахмет Жұбановты бiрiнiң артынан бiрiн партиядан шығарғаны есiмде. 
Тiптi, академиядан барлық атақ-даңқтарын, марапаттарын алу туралы 
Мәскеуге  де  жазған  жандайшаптар  болған.  Бүгiнгi  политехникалық 
университеттi  ол  уақытта  тау-кен  институты  деп  атайтын.  Қазiргi 
Достық даңғылының жоғарғы бөлiгiнде тау-кен институтының үлкен 
аудиториясы  болатын.  Сол  жерде  үлкен  жиын  болды,  сол  жиында 
Қанекеңдi партиядан шығарды. Содан екi-үш күннен кейiн Мәскеуге 
кеттi,  сонда  «жанында  шығарып  салған  бiр  адам  болмапты»  дегендi 
естiгем. Сол кеткеннен Мәскеуде екi жыл болды.
«Куликово шайқасы» – жалған туынды...»
–  Аурухана  ауласында  серуендеймiз.  Қаныш  Имантайұлының 
жадының  күштiлiгi  сондай  –  ескi  хисса-дастандарды  жатқа  айтып 
отыратын. «Қияттан шыққан Мамай» дегендi бiрiншi рет сол кiсiден 
естiгем. «Кәдiмгi ер Мамай, хан Мамай – Шыңғыстың ұрпағы, Қияттан 
шыққан ғой» деп айтып отыратын. Сосын «Өлдiң Мамай, қор болдың» 
деген тiркестi таратып, талдап айтып бергенi жадымда. Себебi, Мамай 
орыстардан  жеңiлген  жоқ,  Тоқтамыстан  жеңiлгенi  тарихи  шындық. 
Қанекең бiр жолы көңiлi шат-шадыман болып отырғанда мына жайтты 
айтып  берген:  әйгiлi  «Куликово  шайқасы»  туралы  орыс  поэмасының 
желiсi дұрыс емес, мүлде қате деректерге құрылған шығарма. Себебi, 
Мамай орыстармен соғыста әскерiнiң оннан бiрiн, яғни жалдамалыларын 
ғана кiргiзген. Шолғыншылар арқылы «Тоқтамыс келе жатыр» деген 
хабарды естiп әскерiнiң толық құрамын соғысқа кiргiзбей кейiн кетiп 
қалған.  Куликово  шайқасында  Мамай  жеңiлген  жоқ.  Мамай  Қап 
тауының етегiндегi шайқаста орыстардан емес, Тоқтамыстан жеңiлген.
Жалпы, Қанекең «Мамайдың қазақтар үшiн жақсылығы көп болған» 
деп едi. 
Сосын, Қанекең «сен Ақтөбенiң перзентiсiң ғой, сондықтан мына 
дерек  те  жадыңда  жүргенi  дұрыс»  деп  төмендегi  әңгiменiң  тиегiн 
ағытқаны бар. Ақтөбе деген – Мамайдың үлкен қызының бейiтi. Хан 
Мамай сол аймақты жайлап тұрған кезi екен. Бiр сұлу қызы болыпты, 
сол  қызын  Қырымды  билеп  тұрған  ханның  баласына  бермек  болып 
жүргенде  қызы  науқастан  қайтыс  болады.  Содан  Мамай  қызын 
жерлейдi, жерленген жерiне жүз шақырым жерден кесек борды түйемен 
әкелiп,  зиратын  тұрғызады.  Содан  үйiлген  бортастар  ерiп,  үлкен  тау 
болып қалған көрiнедi. Ел iшiнде «Ақтөбе» деген атаудың солай пайда 
болғаны туралы әңгiме бар.

278

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет