Панда жылаған жаз жанарбек Әшімжан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының сериясы «Сөздік-Словарь»


«Әзiрше асқынбаған ауру болса мен пышаққа түспеймiн»



Pdf көрінісі
бет30/32
Дата26.02.2017
өлшемі1,78 Mb.
#4999
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32

«Әзiрше асқынбаған ауру болса мен пышаққа түспеймiн»
«Мұхтар жолы» романының авторы, жазушы Дүкенбай Досжан 
да ұлы жазушының қазасы туралы екiұдай ойда екенiн жеткiздi:
–  Мен  Мәскеу  асып  оралмай  қалған  кейбiр  бабаларымыздың 
басындағы  оқиғаларға  қатысты  күдiгiмдi  Смағұл  Сәдуақасовтан 
бастағым келедi. Мен ол кiсiнiң өмiрiнiң соңғы кездерiндегi жағдайларды 
бiраз зерттеп оқыдым. Сонда «Смағұл Сәдуақасов Волга-Дон каналын 
қазысып жүргенде iш сүзегiнен қайтыс болған» деген дерек бар. Бұл 
басыбүтiн  қате  дерек.  Себебi,  мен  өзiмше  зерттеу  жүргiздiм.  Негiзi 
Смағұл  Садуақасов  1934  жылы  Волга-Дон  каналының  құрылысына 
бара  жатқан  жолда,  Мәскеуде  ауырады.  Ортаңқолдау  ауруханаға 
түседi, сол жерде ортаңқол дәрiгер емдеймiн деп өлтiрiп алады. Менiң 
осы тұста НКВД араласты ма деген күдiгiм бар. Олар адам өлтiрудiң 
түрлi тәсiлдерiн меңгерген ғой. Мен «Абақтыны» жазар кезде Мағжан 
Жұмабаевтың  жатқан  камерасын  көруге,  Бутырка  түрмесiндегi  iс-
қағаздармен  танысуға  бiраз  ұмтылыс  жасағанмын.  Сол  кезде  менiң 
қолыма «Сәдуақасов Мәскеуде ауруханаға түсiп қайтыс болды» деген 
қағаз түстi. Сол құжаттарға қарап отырып, мен «Сәдуақасовтың қазасы 
кiсi  қолынан  болды  ма?»  дегендей  күдiк  құшағында  қалдым.  Менiң 
зерттеп  жүргенiм  Мағжан  Жұмабаев  пен  Жүсiпбек  Аймауытовтың 
Бутырко  түрмесiндегi  халi  болғандықтан  iлкiдегi  құжатқа  көп  назар 
бөлмеп едiм. Қош деңiз.
Ендi 1961 жылға келейiк. Сол жылдың маусымында Мұхаң әйгiлi 
Кунцово  ауруханасына  түстi.  Ресейдiң  тұңғыш  президентi  Борис 
Ельциннiң жүрегiне операцияны сол ауруханада жасаған.
«Кремльдiң даңқты ауруханасы деп есептеледi екен, ендеше Мұхтар 
Омарханұлына неге ортаңқолдау, ендi ғана кандидаттық қорғайын деп 
жүрген  хирург  операция  жасайды?»  деген  күдiктi  осы  тұста  айтуға 
болады. Екiншiден, наркоздың мөлшерiн бастапқыда аз берiп, соңыра 

287
қайта  молайтып  адам  айтса,  нанғысыз  масқарашылдыққа  ұрынған. 
Мұның бәрi шындық. Ақыр соңында ұлы тұлға оянбай кеткен. 
Негiзi  Мұхаңның  «әзiрше  асқынбаған  ауру  болса  мен  пышаққа 
түспеймiн» деген сөзi менiң күнделiгiмде бар. Мұхаң бұл сөздi уақы- 
тында  досы  Ғайса  Сармұрзинаға  айтқан  екен,  мен  Сармұрзинаның 
өз  аузынан  жазып  алғанмын.  Ол  кiсi  Мұхаңды  Мәскеуге  шығарып 
салған адамдардың бiрi. Жалпы, Мұхаңның қазасы төңiрегiнде күдiк 
келтiретiн,  жүрек  шымырлататын  жағдайлар  аз  емес.  Уақыт  өткен 
сайын жүрек түбiндегi жара аршыла бередi. Ақиқат жайлар үстемдiк 
құратыны тарихи заңдылық. Сондай қайғылы жағдай бiртуар академик 
Қаныш Сатпаевтың да басында болған. Ол кiсi де Мәскеуде көз жұмды. 
Неге? Осы мәселелерде көктүйнектелiп тұрған бiр жағдаяттардың бары 
анық...
P.S. «Ей, тәкәппар дүние,
Маған да бiр қарашы!
Танимысың сен менi,
Мен ҚАЗАҚТЫҢ баласы». Кейде Мәскеуге қарай рельстердi шiрей 
аққан  составтардың  мұржасынан  даңқты  Қасым  Аманжоловтың  осы 
бiр өлең жолдары будақ-будақ етiп көшiп бара жатқандай көрiнедi. О 
несi екен?.. 

288
V- б ө л і м
қЫсқА тоЛқЫНДАҒЫ ойЛАр
Қоғамымызда  болып  жатқан  түрлі  саяси-әлеуметтік  һәм  мәдени-
рухани құбылыстарды ой елегінен өткізіп отырып, сан-сапалақ әсерлер- 
де қаласың. Қолдайтын, қуаттайтын, алақайлап бөркіңді аспанға ататын 
оқиғалар аз емес. Ал қайығыңды қайраңдатып кететін қайшылықтар да 
жеткілікті. Кітап мүжіген бір данышпан «Ауыздықталған ит артымен 
үреді» депті. Сірә, бұл түсініктің іргесі бізден алыстау шығар. Себебі, 
елдегі  саяси  түзім  туралы,  қоғамның  өзегіндегі  жегіқұрт  жайлы, 
басы  оқиғаға  толы  жекелеген  тұлғалар  төңірегінде,  ұйқысы  қашқан 
ұлттық  құндылықтар  хақында,  шалақазақ  шенеуніктердің  кеңсесінде 
шыңғырып жатқан мемлекеттік тіл төңірегінде қазақ баспасөзінде аз 
айтылып  жатқан  жоқ.  Бір  қызығы,  ұлтқа  қатысты  мәселелердің  дені 
тек  қазақ  тіліндегі  газет-журналдарда  ғана  көтеріледі...  Тіпті  қатты 
айтылып  жатқан  тұстар  бар.  Ал  ақиқаттың  ауласында  түнеп  жүрген 
ішкі  мәдениеті  берік  журналисті,  тәуелсіз  сарапшыны,  диалогқа 
шыққан қоғам қайраткерін кенеттен жау көру – үлкен осалдық болар 
еді. Әрине, дәл осы кезеңдерде сұрапыл деректерді ұсынып жаңалық 
ашу әсте мүмкін емес. Бірақ, көңілге кірбің түсіретін бір жайт – әділ 
сынға  тиісті  құзырлы  мекемелер  тарапынан  неге  жауап  берілмейді? 
Күн  сайын  парламент  пен  үкіметке  бағытталған  түрлі  мәселелерді 
көтерген  қаншама  ашық  хаттар  жарияланып  жатады.  Ашық  хаттың 
астында  иінтіресіп  тұрған  өнер  қайраткерлері  мен  қарапайым  еңбек 
ұжымдары,  дәрігерлер  мен  мұғалімдер  тек  саяси  науқандарда  ғана 
керек  пе?  Мұның  дұрыс-бұрысын,  ақ-қарасын  ажыратып  (қайсыбір 
Ашық  хаттар  тіпті  орынсыз  жолданып  жатады),  жауап  қайырмау  – 
электораттың  ішкі  көңіл-күйін  бұзатынын  үкімет  мүшелері  немесе 
идеологтар  неге  сезінбейді?  Әлде  билік  пен  бұқараның  арасына 
алакөлеңке орнатып қою арқылы өз ұпайын түгендеп жүрген мүдделі 
топ  бар  ма?  Жалпы,  халықты  саяси  немесе  әлеуметтік  «жобалар» 
арқылы тыныштандыру яки тынышын бұзу үрдісі өтіп барады. Бұған 
себеп – бұқара қауым қатты саясиланып алды, саяси сауаттандырған 
биліктің  өзі.  Таксистен  тараншыға  дейін,  моншашыдан  диханшыға 
дейін,  наубайшыдан  етікшіге  дейін  саяси  соқпақта  еркін  пікір  алыса 
береді. Әйдік базда көң ойып, мал қоралап жүргендер мәселені кешкі 

289
аста әрі қарай жалғастырады. Сараптамалары – сабаудай! Ал әлеумет 
қандай  жағдайда  саяси  ұйыққа  тіреледі?  Мұның  жауабын  сарытісті 
оқырман философиялық трактаттар мен саяси киізкітаптардан алғаусыз 
табады... 
Бірде Сергей Михалковқа профессор: «Сұрақ белгісі дегеніміз не?» 
деп сауал қойса керек. Сонда қаламгер: «Ол – қартайған леп белгісі» 
деп  үн  қатыпты.  Мәселе,  Михалковта  емес,  гәп  –  біздің  қоғамдық 
өміріміздегі  қаптаған  қалың  әлеуметтік  тауқыметке  маталған  сұрақ 
белгілері мен жарқын болашақты бейнелейтін леп белгілерінде болып 
тұр. Қараша жұрт осы екі тыныс белгісінің арасында сеңдей соғылысып 
жүр... 
Енді  сәл-пәл  білім  саласы  жайлы.  Ел  Азаттығын  алғалы  білімнің 
құлағын ұстаған міністірлер он саусақтың саласына жетіп қалды. Бірі 
бастаған  реформаны  екіншісі  іліп  әкету  шенеуніктердің  тұлғалық 
болмысына  үлкен  нұқсан  келтіреді...  Әркімнің  өз  «соқпағы»  бар.  Ал 
мұның салдарын айналып келгенде мектеп қабырғасындағы оқушылар 
тартуда.  Ең  үлкен  қателік  –  мектеп  оқулықтарын  дайындауда  болып 
тұр.  Әсіресе,  бастауыш  сыныпқа  арналған  оқулықтарды  кім  қалай 
дайындайды,  оны  қандай  құрылымдар  қадағалайды,  авторлар  қалай 
сараланады,  бұл  жағы  бізге  беймәлім.  Бізге  анығы  –  оқушыларды 
былай қойғанда, ата-аналары үрім бұтағымен жабылып жатып екінші 
сыныптың  математика  оқулығындағы  есеп  амалдарын  он  ойланып, 
тоғыз  толғанып  зорға  шешетіндігі.  Ұяттың  күшімен  бүкіл  отбасы 
жабылып еңсерген есепті, оқушыдан қалай талап етесің?
Сосын  мейлі  қала,  мейлі  дала  мектептері  болсын,  көзге  ұрып 
тұратын кемшілік – патриоттық-отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелейтін 
бағыттардың әлсіздігі. Біздің пайымымызша, ұлтқа, Отанға деген сезім 
оқушыларды мектеп алдына иіріп қойып, Әнұранды айтқызумен ғана 
өлшенбесе  керек.  Бұл  орайда  бізге  мемлекеттік  деңгейде  кешенді 
бағдарлама қажет екені анық. 
Ұлттық біртұтас тестілеу жүйесі туралы әралуан пікір бар. Ақпарат 
құралдарында бұл мәселе жөнінде мамандар пікірі, журналистік зерттеу 
мақалалары  сан  рет  жазылды.  Жүйенің  өзін  ақтап  жатқан  тұстары 
да  бар  болу  керек.  Алайда,  жыл  сайынғы  бірыңғай  ұлттық  тестілеу 
кезінде республика бойынша түрлі тұрмыстық-әлеуметтік себептермен 
жиырма пайыз оқушы тестке қатыспай қалады екен. Ал тестке қатысып, 
қолына  сертификат  алмаған  оқушыға  келер  жылдардың,  түрлі  оқу 
орындарының есігі тарс жабық деген сөз.
Кітаптарға  байланысты.  Соңғы  кездері  эфирлерде,  басылымдарда 
ауылдық  жерлердегі  кітапханаларды  қайта  қалпына  келтіру  мәселесі 
қатты сөз болуда. Расында, өркениет өзегінен техно әуен іздеген ұрпақ 
соңғы  кезде  кітаптан  қатты  алыстап  кетті.  Әлгі  бір  оңтайландыру 

290
кезінде  аузына  қара  құлып  салынып,  көпестің  көрпесінің  астында 
қалған  қайсыбір  ауылдағы  кітапхана  қорын  жаппай  отқа  тамызық 
ретінде пайдаланғаны туралы жан шошытар мақала оқып едік. Қойын 
кітапшамызға Гейне қарттың «Кітаптарды өртегендер, ерте ме, кеш пе, 
адамдарды да өртейді» дегенін сонда түрткен болуымыз керек. Кейін бұл 
қатарды  Имам  Шәмілдің:  «Кімде-кім  кітапты  масқараласа,  кітап  оны 
масқаралайды» деген даналығы толықтырды. Уақыт кітап патшалығына 
қайта жақындауды талап етіп тұрғандай. Тарихта қағанағы қарқ, саға- 
нағы  сарқ  небір  қағанаттарды  кітап  құлатқаны  мәлім.  Демек,  кітапқа 
ғашық  ұрпаққа  ұлт  болашағын,  тарих  тегершігін  сеніп  тапсыруға 
болатындай.  Заман  талабынан  аттап  қайда  бағыт  аласың?!  Алайда, 
компьютерден оқыған кітаптан гөрі, қолға алып оқыған кітаптың ләзаты 
бөлектеу екені ләзім.
Герадот  абыздың  Скифтерге  қатысты  даңқты  аңызы  бізді  жиі 
мазалау керек шығар, шамасы. Скифтер көсемге еріп дүниені жаулауға 
аттанады. Жер ортасына барып жаугершілікті бір түйіндеген скифтер 
сан  жылдардан  кейін  аса  үлкен  сағынышпен  өз  еліне  келіпті  дейді. 
Ал жауынгерлердің елде қалған жарлары құл-құтандармен әуейіленіп 
кетіпті. Сосын жеңімпаз скифтерді құлдан туған ұрпақ қару-жарақпен 
қарсы  алады.  Сұрапыл  ұрыстар  жүреді.  Қиян-кескі  майдандар  артта 
қалады.  Ақыр  соңында  қылышқа  көнбеген  құл-құтанның  ұрпағы 
бабаларының  арқасына  батқан  дойыр  қамшыға  ғана  тоқтапты-мыс... 
Құлдың соры – қамшы!
Жаһандану  дәуірі  біздің  ұрпақтың  алдына  сантүрлі  мәдениет 
ұсынуда. Осынау бұралаңы көп өмір жорығында біздің ұрпағымызды 
бір  құтқарып  қалса,  кітап  қана  құтқарады.  Әлемге  өз  әмірін  жүргізе 
алатын жалғыз құдірет – кітап!

291
АЛАңНАН ӨрБiгеН ой
Түп  атасы  Оғызға,  ұлы  атасы  қобызға  барып  тiрелетiн  ҚАЗАҚ 
ұлтының  ТӘУЕЛСIЗДIГI  қозыкөш  жерге  барып  қалғанын  тарихтың 
құмсағат  тiлi  көрсетiп  тұр.  Тәуба  айтатын  тұстар  аз  емес  екен. 
Мiнезiнде  мина  жасырылып  жататын  қазақ  халқы  саяси-әлеуметтiк 
сапырылыстардан гөрi өзiне рух сыйлаған сәттердi көбiрек еске алатынға 
ұқсайды. Жұрт Махамбеттiк рухты сағынып жүргенде Қажымұқандағы 
қуат  иесiн  қапысыз  тауыпты.  Дәулескер  балуан  Дәулет  Тұрлыханов 
қалыптастырып кеткен ұлы ерлiк тұғырында екен. Жеңiс биiгiнде тұрып 
зау көкке көтерiлiп бара жатқан көк туға қарап жылаған қазақ баласын 
көрдiк. Алаштың асықтай ұлы Болат Жұмәдiлов әлемдi ауыздықтағанда 
кебiсiн  өкшелей  киген  кейуана  немересiн  атқа  отырғызып  сүйiншiге 
жiбердi. Бесiншi құрлықта атой салған Алаш ұлдары белдегi қазақтың 
жанарын жасқа шылады. Сиднейдiң сәруәр аспанында Бекзат-ғұмыр екi 
дүниеге жететiн сый жасап кеттi. Сағи шалдың сақалына орап өсiрген 
ердiң  сойы  –  Ермахан!  Алыптар  шайқасында  шәр  жұрттың  бармағын 
шайнауға  тастамаған  Мұхтарханның  гүрзi  жұдырығынан  айналдым! 
Құмыра  бел  батыр  Бахтиярдың  Құдайлар  елiнде  жасаған  салтанаты 
Тұманбай  ақынның  тұма  жырына  ерiк  бердi.  Ұлы  –  Ұрымды,  қызы  – 
Қырымды  жайлаған  астана  жұрттың  мейманасын  тасытты.  Әлемнiң 
иiнiн қазақтың ақтамақ қарлығашына баланған Әлия Жүсiптiң буыны 
босатты. Ильин зiлтемiрдi тiк көтерiп әлемнiң ең биiк нүктесiне апарып 
тастай салғанда «Ильич шамы» келгендей мәре-сәре болғанымызға да 
көп өткен жоқ. Өз Отанымызда Түркиядан 6:0 болып ұтылып жатқанда 
қазақтың көңiлiн Нұрбол мен Саматтың салтанатты ойыны жұбатты.
Классикалық музыканың төрiн күзеткен Жәния Әубәкiровадан асқан 
қай бекзадаң бар? Рамазанның Парижден салған әнi Үндiстанға жетiп 
жығылғанда  Әмiренiң  рухы  әуелеп  ұшқан  алты  қаздың  қанатында 
қайта  оралғандай  әсер  қалдырды.  Еркiн  Шүкiмановтi  Жәнiбектен 
қалған жақұт демей көрiңiз! 15 жасында мұхиттың арғы жағын күйге 
көмген Мұрагер Сауранбаевтай бекзат ұл ердiң қасы екен. Азаттық айы 
iрге қаққанда, жүрек төрiнде қатталып жатқан осындай қуаныштардың 
жетегiнде кететiнiң рас. Бұл – Тәуелсiздiк алаңынан түлеп ұшқан ойлар! 
Айтпақшы,  қазақтың  екi  жағдайда  ерекше  айбаттанып,  жасанып 
кететiнiн  байқадық:  бiрiншi  –  Азаттық  айы  төрге  озғанда,  екiншi  – 
қазақ  ұланы  жал-құйрығы  төгiлген  шу  асауды  ауыздықтап  мiнгенде. 
Асқар Сүлейменов қадiр тұтқан қазанат қазақ қоғамын мәңгiлiк қорып 
жүргендей көрiнетiнi тағы бар.
...«Тәуелсiздiк  алғанымызға...»  деп  басталатын  әуенге  әлдиленiп 
жүргенiмiзге 14 жыл болыпты. Сол 14 жылдың iшiнде өз ағысын таппай 
келген ұлттық мәселелер де аз емес. 

292
Тәуелсiздiк  мерекесi  таяған  сайын  жаныңды  жаралар  Желтоқсан 
көтерiлiсiнiң  зiлмауыр  жауапкершiлiктерi  алдыңнан  атой  салып  тағы 
шығады.  Сосын  үйде  тыншып  отыра  алмай  ата-бабаның  әруағын 
ауызға  алып  оққа  сүйенген  арқар  секiлдi  алаңға  барасың.  Қайрат, 
Ербол, Сәбира, Ләзәттардың рухын iздейсiң. Таппайсың. Осылай өтiп 
жатқан өмiр-керуен...
P.S. «Оққа сүйенген арқар» дегеннен шығады. Ұңғысынан түтiнi 
сейiлмейтiн мәттәқам аңшының оғынан кейiн арқар жануар тура 
екi сағат төрт аяғынан тiк тұрады дейдi бiлетiндер. Сосын оқтың 
уы  жайлаған  сүлдерiн  сүйреп  құлама  жартастың  ұшар  басына 
шығады екен. Ұшар шыңға аман жеткен арқар сол биiгiнде қалады 
дейдi. Уақыт-ағзам қазақтың басына сан түрлi сойқанды салды. Ал 
«оққа сүйенген» Алаш баласы басына салған баспақты тiк көтерiп 
келе жатыр ма?..

293
сӘтсІЗ сӘрсеНБІ
Сәрсенбі  күні  Қазақстан  ұлттық  құрамасы  Алматыдағы  Орталық 
стадионда  беларусьтерді  қабылдап  тас-талқан  болып  жеңілді,  есеп  – 
1:5. Бұл – 2010 жылы футболдан Оңтүстік Африка Республикасында 
өтетін әлем біріншілігіне іріктеу ойындары болатын. Сөйтіп, жеңіліске 
еті үйренген қазақ футболы тағы бір ірі есепті өз тарихына түртіп алды.
...2001  жылы  Азия  Футбол  Конфедерациясынан  арқанын  үзіп 
шыққан  ел  футболының  бағы  УЭФА  жалауының  астында  жанады 
дегенге,  әрине,  көңіл  тіпті  де  сенген  жоқ.  Тек,  жанкүйерлер  ұлттық 
құраманың  Еуропа  алаңдарында  доп  дөңгелететініне,  одан  қалса 
Алматы  стадионынан  ғаламдық  аяқдопта  жалынан  сипатпай  тұрған 
даңқты  футболшыларды  көретініне  ғана  масайрап  жүрді.  Ал  аяқдоп 
мамандарын  жосытып  өргізген,  ел  футболын  саяси  ұпай  жинауға 
айналдырған, Орталық стадионға жиналған халықты саяси ұрандармен 
көлеңкелеген  сол  тұстағы  федерация  басшысы  Р.Әлиевтің  спорт 
жанкүйерлеріне  берген  уәдесі  даңғаза  күйінде  қалды.  (Бұл  пікірді 
Әлиевтің төбесінен құс ұшпай тұрған әл-дәруан кезінде де тасқа қашап 
қалдырғанбыз).
Ұжымдық  аламанда  ұпайдан  шашау  шығармайтын  кәрі  құрлық 
ұлттық  құрамамыздың  маңдайынан  сипаған  жоқ,  солай  болатынын 
сезгенбіз де. Әрине, бұл жағдайға спорт мамандары «қалыптасу кезеңі» 
деп баға беріп жатты. Үлкен қаржы шығарып «ел футболшыларының 
аяғын түзейміз» деп сырттан бапкерлер шақырттық. Ресейлік Леонид 
Пахомовқа үміт артқанбыз, қазақтың қаржысын сарқып алып ол кетті. 
Алания  алаңында  қартайған  «қосмекенді»  Сергей  Тимофеев  келді, 
қарпып  тағы  кетті.  Голландиядан  Арно  Пайперске  қолқа  салдық, 
қызғалдақтан  бал  жинаған  арадай  бөтекесін  толтырған  ол  ақыры 
Амстердам  асты.  Қазақ  футболын  Мәскеуден  басқарып  отырған 
Әділбек  Жақсыбековтің  қос  атты  күймемен  алдырған  Бернд  Шторк 
өз  жұмысын  Тұманды  Альбионда  «тұншықтырудан»  бастады.  Ахуал 
әлгіндей, екі ойында өз қақпамызға 10 (!) доп жібердік. Ақыры дерек-
дәйектің шеті шыққан екен, тарқатайық. Қазақстан ұлттық құрамасы 
өз  тарихында  116  кездесу  өткізіпті.  116-ның  30  ойынында  жеңіске 
жетсе, 28 кездесуді тең аяқтаған. 58 ойында біздің футболшылар жер 
шұқып қалды. Сол 116 ойында біздің құрама қарсыластар қақпасына 
128 доп енгізсе, улап-шулап жүріп өз қақпасынан 184 (!) допты алып 
шыққан.  Ал  кебісін  өкшелей  киген  Қазақстан  Футбол  Федерациясы 
УЭФА шатырының астына кіргелі 52 матч өткізді, оның 32-сі – ресми 
ойындар. Ұлттық құрамамыз осы 32 ойынның үшеуінде ғана (Андорра, 
Сербия, Армения) жеңіске жеткен, 4 ойынды тең өткізген, қалған 25 
кездесуде  тас-талқан  болып  жеңіліпті.  Ұлттың  жалауы  көтерілген  32 

294
ойында қарсыластар қақпасына небәрі 23 доп енгізсек, өз қақпамызға 
66  доп  жіберіппіз.  Қарсыластар  алдында  22  ойында  ірі  есеппен  тізе 
бүгіппіз.  Қойын  дәптеріңізге  түртіп  қойыңыз,  0:3  есебімен  –  он  бір 
мәрте, 0:4 есебімен – бес рет, 1:5 есебімен – үш рет, 2:5 есебімен – екі 
рет, 0:6 есебімен – бір рет.
Сәтсіз болған сәрсенбідегі ойынды баяндап қайтеміз? Андағайлаған 
Александр Глеб бастаған қарсыластар біздің қорғанысымызды шұрық-
тесік етіп кетті. Үкілеп жүрген Давид Лория өзіне бағытталған доптың 
«көңілін» қалдырған жері жоқ. Ауыр да болса айтайық, құрамында үш-
ақ қазақ ойнаған біздің қақпаның алдында «ит кіріп, құс ұшып» жүр.
Бүгінгі  футболды  қаржы  қамырша  илеп  тұр.  Барлық  белдеуде 
басынан  бақайшығына  дейін  қаруланған  беларусьтер  мен  Қазақстан 
ұлттық  құрамасына  құйылып  жатқан  қаржының  айырмасы  жер  мен 
көктей.  Біздің  футболшылардың  өн-бойынан  мұнайдың  исі  аңқиды... 
Алатын жалақысынан басың айналады. Тепкен добынан зәрең ұшады. 
ТМД алаңдарында біздің тәбетіміз қырғыз бен тәжікке ғана дұрыс- 
тау сынды. 
Қазақ өлеңінің ақсақалы Әбділда Тәжібаев:
–  «Қайратым»  деп  мен  жүрмін,  Қайрат  қылмай  сен  жүрсің»  – 
деген өлең жолдарын не күйде жазғанын тағы бір сезіндік. Тұманбай 
Молдағалиев  пен  Шерхан  Мұртазаның  Орталық  стадионға  ат  ізін 
салмай кеткенінің мінәйі себебін тапқандай болдық. Төртінші гол қақпа 
торында тулап жатқанда үміттері желге ұшқан 20 мың жанкүйер бесінші 
допты күтпестен, есікке лап қойды. Біз Сейдахмет аға Бердіқұловтың 
«Шұға жауған күнін» сағындық.
Қ.Мұңайтпасов  атындағы  Алматының  Орталық  стадионынан  Көк 
туды жамылып, Әнұранды шырқап шығатын күн бар ма!..

295
коНЬкИІң қАйрАуЛЫ, ШАңҒЫң МАйЛАуЛЫ...
Сары құрлықтың саңлақтары Арқа мен Алатаудың ақ қарын аршып, 
көк мұзының көбесін сөгіп алтын-күміс теруге жиналып болды. Ертең 
жоқ,  арғы  күні  төрткүл  дүние  «Астана-Арена»  стадионындағы  VІІ 
қысқы Азия ойындарының ресми ашылу салтанатына куә болмақ. Ел 
Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиада алауын тұтатып, Астана мен 
Алматының қошқар мүйізді қоржынындағы 69 медальді сарапқа салуға 
пәрмен береді. 
Төрт  жылда  бір  келетін  биылғы  қысқы  Азия  дүбірінде  саршұнақ 
аязда  салым  салып  үйренген  27  елдің  4  мың  1  жүз  35  үміткері  бақ 
сынамақ. Суық мезгілдегі ыстық ақпараттарды Оңтүстік Кореяның KBS 
және  MBS,  Қытайдың  CCTY,  Швецияның  IES  телеарналары  тікелей 
эфир арқылы кәрі құрлығыңызға да, сары құрлығыңызға да таратады. 
Ресми ашылу 15 мемлекетте тікелей эфир арқылы көрсетілмек. Қағаз-
қаламын асынған 2000 журналисті және қосып қойыңыз.
Мәнерлеп  сырғанаушы  Абзал  Рақымғалиев  көтеріп  шығатын  Көк 
Тудың  астында  өнер  жарыстыратын  қазақ  спортшыларының  ұзын 
саны – 167. Алаң иесі – Алаш жұрты, алайда үміт – үркек... Күні кеше 
Азиаданың  айналасындағы  ақ  жағалылар  Ақордадағы  дайындықты 
пысықтаған кеңесте үштіктен шаң береміз деп уәде берді.
Несі бар, бап пен бақтың бәсі алшысынан түссе, Есілдің жағасы мен 
Алатау  аңғарлары  алтын-күміске  толы.  Таныс  өңір,  таныс  маң,  таныс 
аймақ!  Қалың  әлеумет  шаңғыларыңның  табанын  қойдың  майымен 
майлап берді. Алтайда сырғанаған шаңғы Алатауда неге жүйткімесін? 
Жүйткиді! Темірден түйін түйген ұсталар конькилеріңді қайрап берді. 
Жүгіріңдер!  Имек  садақтың  адырнасын  кере  түс,  «түйменің  көзі...» 
дегенді  бабалар  айтқан!  Ине-жіптен  жаңа  шыққан  тұғырларың  әне! 
Алысқа  секіріңдер!  Қалың  әлеумет  бәтіңкелеріңді  байлап  берді, 
таяқтарыңның  ұшындағы  шайба  қарсыластың  қақпасында  туласын! 
Бәйгенің  алдында  келіңдер!  1996-дағы  Харбиндегі  қаһар  қайда?  Иә, 
Аруақ!  Біздің  бата  осы!  Сосын  біз  алтынға  малынған  сендердің  сары 
аязда ақ өлеңмен жырлайтын боламыз.
Міне,  сендердің  жанкүйерлерің  –  қазақ  жазушыларының  тілегі 
осы! Кеше Әбділда ақын солай жанкүйер болған, бүгін Тұманбай ақын 
жолдарыңды  тосып  отыр.  Сейдахметтің  Шұғасы,  бәлкім,  қыста  да 
мақпалдап тұрып жауар. «Қалауын тапса!..»
Иә, сәт...

296
ПАВЛоДАр тҰр ПАВеЛДi еске АЛЫП...
«Тарих жолына қарағанда келiмсек жұрт күштi болса, тұрғын жұрт 
аяқ асты азып-тозып жоғалмақшы. Тұрғын жұрт күштi болса, келiмсек 
жұрт сiңiп, тұрғын жұрттың түрiне түсiп, бөтендiгi жоғалмақшы». Әрбiр 
қарпi айбат шегiп тұрған рухы биiк бұл тiркес «аталы жұртымыздың, 
ауданды ұлтымыздың әруақты һәм бас басылымы» «Қазақ» газетiнiң 
1913  жылғы  алғашқы  нөмiрiнде  жарияланған.  Бар  тағдырын  тоғыз 
грамм  қорғасынға  табыстаған  ардақты  әкелерiмiздiң  бұл  жанайқайы 
арада  93  жыл  өтсе  де  құлақ  түбiмiзде  тұр.  Бұл  кептi  неге  қозғап 
отырмыз? Жонын Шыңғыстауға тiреген, Қамығуын Қаратау кептiрген, 
Құлақкүйiн Алатау келтiрген, Ұлар даусы көмген Ұлытаудан ту алған, 
Балқашқа  ауыздық  алып,  нән  Каспийге  ат  суарған  қазақ  даласының 
қайсыбiр қасиеттi жерлерi өз тарихи атауларын асыға күтуде. 
Рас, тауфих сыйлаған 15 жылда ономастика саясатында қол жеткiзген 
тарихи  оқиғалар  аз  емес.  Еуразия  кiндiгiнде  қайта  түлеген  Астана, 
Гурьев  шалдың  қармағынан  босап  шыққан  Атырау,  балығы  таудай 
тулаған  әулиелi  Ақтау,  сан  тарихты  тоқайластырған  Тараз  iлкiдегi 
сөзiмiзге  iлгек.  Жаңа  ныспыда  жасанып  шыққан  қияндағы  ауыл-
аудандар  да  аз  емес.  Дегенмен,  бетi  берi  қарамай  тұрған  Петропавл, 
есте жоқ ескi заманды еске салып тұрған Павлодар, жалынан сипатпай 
тұрған  Степногорск,  Щучинск,  Рудный,  Лисаков,  Зырян,  Курчатов, 
Сарань, Шахтинск секiлдi тiлiң күрмелiп зорға айтатын бөгде тiлдегi 
атаулар бiртүрлi көңiлiңдi олқы соқтырып тұрады.
Қазақстанда  47  қала  салған  бiртуар  ұлы  қайраткер  Дiнмұхамед 
Қонаевқа бұйырмаған Лениногор қаласы қазаққа үш қайнаса сорпасы 
қосылмайтын Риддер дейтiн алманның атына телiнгенде, бармағымыз 
шайнауда кеткендей күй кешкенбiз...
Елiмiздегi  қалаларға  тарихи  атауларын  қайта  оралту  мәселесiн 
мелекеттiк  деңгейде  қарастыру  үшiн  тиiстi  орындарға  дабыл  қағып 
отырып, ел-жұрт болып осы бір ұлттық мәселенің мәнісін бірге іздеген 
абзал...

297

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет