ҰЛЫ ЖАЗуШЫНЫң соңҒЫ ЖҰМБАҒЫ
Сағат жөндеушi мен дәрiгердiң құпиясын ашу мүмкiн емес
Серiгi жоқ Бiр Алла назары түскен пендесiн қаншалықты артық
жаратса, соншалықты тағдыр сыйлайтындай ма, қалай?! Iлкiдегi
бiр алакөлеңке кеңседен Алашқа аты кеткен тұрлаулы тұлғалардың
беймәлiм қырлары туралы үзiп-жұлқып әңгiме естiгенiмiз бар. Қаламға
үйiр қарқарадай ғана топ «аяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған» сол
бiр алмағайып күндер туралы әңгiменi бастайды да аяғына жеткiзбей
шорт кеседi. Бойларын үрей байлап қалған ба, аракiдiк жан-жағына
жалтақ-жалтақ қарап қояды.
...Бiз шүрiппе мен ұңғыны айыра алмайтын ұрпақпыз. Сол үшiн
де бақыттымыз. Есесiне бiзге бағы мен бәсi, соры мен шерi қатар
аққан ұлы тұлғалардың басында түрлi оқиғалардың түмен-түмен
болып көшкенi жайлы құсаға толы құсни-хаттар жеттi. Қорғасынның
салмағындай салмағы жоқ телпекбайлар тезекке бола тең атаның ұлын
ұрын келгендерге ұстап берген заман жайлы ақпарды оқыдық. Етегiнен
қос уыс бидай шыққаны үшiн ағасын итжеккенге айдатқан ауылнайлар
заманы болыпты. Құбыласынан құт ауған шаңырақтың iргесiн құсық-
құсық құрығымен түртiп ашқан Құрымбайлар билiк құрған көрiнедi.
Бұл ауылдарда, уездерде ұйыған тағдырлар деседi.
...Ал ұлы тұлғалардың арасындағы шарпысқан тағдырлар да өз ал-
дына бiр әңгiме. Уақытында сиясауыты қаннан арылмаған тұлғалар-
дың ұрпақтары жүр арамызда. Алтын басты азаматтарды ту сыртынан
оққа байлап бергендерге де баймыз. Ал «ажал жоққа бiр себеп» болып,
қанды қасаптан аман қалғандардың кейiнгi тағдыр-талайы қалай бол-
ған? Осы мақсатпен бiз iлгерiндi-кейiндi бiртуар ұлы тұлғаларымыз-
дың соңғы өмiрi, тiптi ақтық демi үзiлген кездегi беймәлiм тұстар жайлы
там-тұмдап оқырманға ақпар жеткiзсек деп түйдiк. Мейлi, қанша ай
аунап, жыл жүгiрсе де ұлт жүрегiнде аракiдiк күрсiндiрiп салатын бiр
шемен қатып тұр. Мәселен, Шәкен Айманов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар
Әуезов (кейбiр деректер Күләш Бәйсейiтованың да ақтық демi Мәскеуде
үзiлдi дейдi) секiлдi ұлт уықтары мұнаралы Мәскеуде опырылып
түстi. Және тiзiм бұл ұлы есiмдермен ғана шектелiп қалмайды. Сонау
сорасы аққан жылдардан күнi бүгiнге дейiн беймәлiм жағдайда бейiтке
айналған айтулы азаматтар аз емес. Солардың өлiмiнiң бәрi кездейсоқ
па?.. Кеше ғана күнi еңкейiп кеткен Мұстафа Өзтүрiк, Бексейiт Түлкиев,
Серiк Шайхиевтердiң құлпытастары бiр құпияны жасырып тұрғандай.
Осы орайда «Жас қазақ» апталығы бiртуар бақилық тұлғаларға тағзым
ретiнде және олардың беймәлiм қырларын оқырманға таныстыру
бағытында «Жұмбақ өлiм» атты жаңа айдар ашып отыр.
279
Қош, сонымен бүгiнгi ұлы тұлғамыз – Шыңғыстау мен Шұбартау
қатар толғатқанда Қарауылды қақ жарып шығып, адамзаттың
сөзұстарына айналған Мұхтар Омарханұлы ӘУЕЗОВ. Кейде ақтық
демi Мәскеуде үзiлген Әуезовтiң де өлiмi пенде баласын түрлi ойға
жетелейдi. Бiз Осы жайтпен ұлы Мұхаңның перзентi Мұрат Әузовке
хабарласқанымызда, «мен дәл сол кезде Мәскеуде оқып жүр едiм, бiрақ
маған ол жағдайларды баяндау ауыр болады ғой» деген-дi. Десе де,
асылдың сынығына қолқа салдық.
«сен Ыстықкөлге кел» деп қалып едi әкем...»
– Жалпы, мына нәрсенi ұдайы жадымызда ұстауымыз керек. Бiздiң
әкемiз өмiр-бойы қуғынға ұшырап келген адам деуге болады. 1947
жылы «Абай» романы үшiн Сталиндiк сыйлықты алған. Ол кезде бұл
сыйлық ең үлкен сыйлық болып есептелетiн. Соған қарамастан, 1951
жылдары салқындық басталды. Сол жылы әкем Бiшкек (бұрынғы
Фрунзе) қаласында үлкен жиында сөз сөйлеп, «Манасты» қорғап қалған.
Себебi, сол уақытта эпостардың iшiнде «Манасқа» айырықша шабуыл
басталған. Ал бiздiң әкемiз жас шағыннан-ақ «Манас» эпосын ұңғыл-
шұңғылына дейiн зерттеген. Және мұның ақыры қалай аяқталатынын да
жақсы бiлген. Ол туралы Валентина Николаевнаға жазған хаттарында
айтылады. Әкем өмiрiнiң соңғы күнiне дейiн Алашордадан бастап
қалыптасқан қоғамдық идеалдарынан ешқашан бас тартқан емес.
Бұған қоса тағы бiр мәселенi айтпай кетуге болмайды. 1949 жылы
Семейде ашық түрде ядролық сынақтар басталған. Әкемiз осы жағдайға
саналы түрде қарсылық бiлдiрген. Кейiн де 1957 жылы Жапонияда
өткен үлкен жиында ядролық сынақтарға қатысты қатты сын айтқан.
Үлкен сөз болған. Әкем мен Қаныш Сатпаевтың арасында сынақ
туралы, Семей елiнiң ауыр жағдайы әңгiме болған. Сосын Қанышқа
«сiз Мәскеуге бара жатырсыз, барған бетте осы мәселенi Курчатовқа
кiрiп айтыңыз, ол үнi жеткен жерiне дейiн дабыл қақсын» деп өтiнiш
бiлдiрген. Қанекең бұл мәселенi Курчатовқа айтқан. Сонда Курчатов:
«Ядролық сынақтарды тоқтату менiң қолымнан келмейдi, оны Берия
шешедi. Дегенмен, мен сынақтың ашық емес жабық жағдайда болуын
мәселе етiп көтерейiн» дептi. Бiрақ Кеңес уақытындағы әскери
өнеркәсiптiк кешен әкемiздiң әлгiндей белсендiлiгiн тiптi де қалаған
жоқ. Ақыры Қанекеңе де, әкеме де қатты қуғын басталған. Iлгек iздеген.
Сол жылдары Қанекең өзi геолог бола жүрiп «Едiге» эпосын бастырған,
тосын пiкiрлер айтып жүрген. Соны сылтау етiп қазiргi ұйғыр театры
орналасқан ғимаратта (бұрынғы КГБ-ның қарсы бетiнде) әкем мен
Қанышты жиналысқа салған. Жиналыстан соң даңқты деп жүрген
зиялыларымыздың өзi екеуiнiң жанына жоламай, айналып қашыпты.
280
«Бiттi, бұлар халық жауы, ұстайды, құриды» деген ғой. Екеуi бiрiн-бiрi
шығарып салған. Бұл жөнiнде белгiлi жазушы Қалмұқан Исабаев жақсы
зерттеген. Бұл – 1951 жыл. Содан кейiн әкемдi қуғындауға атсалысқан
белгiлi адамдар да болған. Бұған жазушылар да араласқан, соның
нәтижесiнде әкемдi тұтқындау туралы астыртын шешiм шығарылған.
Мұны КГБ-ға жұмыс iстейтiн КазГУ-дың студентi (жақсы азамат болған
болу керек) астыртын Әнуар Әлiмжановқа жеткiзген. Сөйтiп, Әнуар
Әлiмжанов бастаған жiгiттер Қалибек Қуанышбаевтың депутаттық
құжатымен ұшаққа билет алып, сөйтiп лекциядан шыққан бетте әкей
үйге бұрылмастан тiке Мәскеуге ұшып кетедi. Ол жақта әкемнiң адал
достары көп едi. Дәл осындай қуғында Қаныш Имантайұлы да жүрген,
ақыры ол да елден кетуге мәжбүр болған.
1953 жылы Сталин қайтыс болды. Хрущев билiкке келдi, Қазақстанға
Пономарев бiрiншi хатшы болды. Iле «Қазақ зиялыларының қос алы-
бы – Қаныш пен Мұхтар елге оралу керек, ендi олар қуғын көрмейдi»
дегендей әңгiмелер жандана бастады. 1955 жылы сәл басылғандай
көрiндi ғой, ал негiзiнде басылған жоқ. Әкемнiң жаулары өте көп болды.
Бiреуi әкемнiң iс-әрекетiнен саясат iздесе, екiншiсi шығармашылық
қызғаныш танытты дегендей.
Әкем өмiрiнiң соңғы төрт-бес жылын ғана ептеп еркiн сезiнгендей
болды, яғни 1956 жылдан кейiн. Себебi, 1955 жылы ағым әлi белгiсiз
болатын. 1958 жылы Ленин сыйлығын алғаннан кейiн аздаған
сенiмдiлiк пайда болды. Лениндiк сыйлықпен ол кезде Қазақстанда
ешкiм марапатталмаған, тiптi күнi кешеге дейiн ол сыйлықты ешкiм
алған жоқ.
Әкем жыл сайын Ыстықкөлге сапар жасайтын, 1956 жылы бауырым
Ернар екеумiз сол сапарға қатысқанбыз. Сапарда әкем қырғыздардың
ұлы манасшысы Саяқбай Қаралаевтың ауылын тауып алып, сол
ауылдағы манасшыларды, бүркiтшiлердi бiзге тәрбие ретiнде көрсеттi.
Әңгiмелерге куә болдық, бiрiн түсiндiк, бiрiн түсiнбедiк. Әкем жан
тыныштығын Шолпан-Атадағы кiшкентай ғана демалыс үйiнде та-
батын. Жыл бойы «Ыстықкөлге қашан жетер екенбiз?» деп армандап
шығатын. Қазiр ол үй мұражайға айналған.
1959 жылы мен мектептi бiтiрiп әкемнiң ақылымен Мәскеу
университетiнiң шығыстану факультетiне тапсырып, оқуға түстiм.
Негiзi әкем араб тiлiн қалаған. Оған мүмкiндiк болмады.
Сөйтiп, әкемнiң Мәскеудегi жылдары басталды. Әкем Мәскеуге
жылына бiрнеше рет келiп-кететiн. 1953 жылдары әкеме пана болған
достарына келетiн. Оның үстiне әкем Ленин сыйлығы комитетiнiң
мүшесi болды. Татар ақыны Мұса Жәлелдi қорғап, сыйлық алуына
тiкелей ықпал еттi. Жас жазушы Шыңғыс Айтматовқа араша түстi.
Өйткенi «кiшкентай әңгiмеге бола қалай сыйлық беремiз?» дегендей
281
дау болған. Башқұрт ақыны Мұстай Кәрiмдi, Дағыстанның даңқты
ақыны Расул Ғамзатовты қатты қолдаған. Жалпы, Мұхтар Омарханұлы
аз ұлттардың жазушыларын Мәскеудiң төрiнде жан аямай қорғаған.
«кiрген iз бар, шыққан iз жоқ...»
Осы мақаланы дайындау барысында бiз Мұхтар Әуезовке ең алғаш
нақты диагноз қойған мәттақам маман Алматы қаласында тұрады
дегендi естiдiк. Сосын iздедiк. Таптық. Шипасы артқан қарт Сайым
Балуанұлы БАЛМАХАНОВ дейтiн шүйкедей кiсi екен. Академик
атағын 1967 жылы алыпты. «Қазiр елдегi академик бiткеннiң ең кәрiсi
Салық Зиманов екеумiз шығар, сiрә» деп бiр қайырды. 1922 жылы
Ақтөбе облысы Темiр уездiк қаласында туыпты. Қазiр – 83-те. Тың.
Сайым қарияның уақытында Мәскеудегi «Жас тұлпар» ұйымына
тiлекшi болғаны туралы деректi құлағымыздың шалғаны бар. Әңгiме
арасында оны да сұрай отырдық. – Мәскеуде оқитын қазақ жiгiттерi «Жас
тұлпар» деген ұйым құрыпты, басшысы Мұрат Әуезов екен» дегендi
алғаш ұлымнан естiгем. – Келешек қалай болып кетер екен деп тұрған
кез едi ғой. Қиянда жүрген жастардың бастамасына тiлекшi болғаным
рас. Қаржылай көмектесiп қырып жiбердiм демеймiн. Дегенмен, сол
кезде белсендi жастарға Америкадан кiтаптар әкелiп берiп тұрғаным
рас, – дедi. Сөздiң дәмiн кiргiзiп сөйлегендi ұнататынға ұқсайды. Одан
ары келген бұйымтайымызды айттық. Шағында денсаулық саласының
делбесiн ұстаған дегдар қария көзiлдiрiгiн бiр көтерiп қойып, тарих
доңғалағын керi айналдыра жөнелдi:
– Өткен ғасырдың 60-70 жылдары iрi қайраткерлерiмiздiң, зиялы
қауымның арасында қатерлi iсiк қатты белең алып кеттi. Сол уақытта
мен көптеген iрi тұлғаларымыздың қасында болдым. Аз ғана шегiнiс.
Бiр жолы мен Ыстықкөлде емделiп жатқанмын. Әйгiлi композитор
Ахмет Жұбанов менi iздетiптi. Үлкен кiсi iздеткен соң бар шаруамды
жиып қойып тiке Ахмет ағамызға келдiм. Ол кiсi: «Емделiп жатқан
жерiңнен алдырғаныма кешiрiм сұраймын, үлкендiгiмдi пайдаланғаным
болар. Сiрә, менде бiр ауру бар сияқты, соңғы уақытта өзiмдi қолайсыз
сезiнiп жүрмiн. Денсаулығымды бастан-аяқ тексерiп берсең...» деп
өтiнiш жасады. Түгел тексерiп шықтым. Ахмет Жұбановтың ауруы
өңештiң қылтамағы, яғни рак болып шықты. Оңай ауру емес қой,
айтуға қысылдым. «Шырағым маған тiке айт, екi рет түрменiң аузынан
қайтқан адаммын, қорқатын ештеңем жоқ» дедi. Ол уақыттағы
кiсiлер керемет қайратты едi ғой. Сосын аты жаман ауруды майдалап,
жұмсақтап жеткiзiп, «Мәскеуге барып емделесiз бе, қайтесiз?» дедiм.
Сонда Ахаңның: «Қап-қараңғы бiр үңгiрлер болады. Аузында аңдардың
кiрген iзi бар да, шыққан iз жоқ. Айналайын, мен Мәскеуге емделуге
282
кеткен кiсiлердiң бiразын бiлем. Кеткен iз бар, қайтқан iз жоқ. Мен
ол жаққа бармаймын. Сен өзiң емде, өздерiңе сенем» дегенi бар едi.
Мұхаң туралы әңгiме сол ойға ерiксiз оралтады екен. Сол жылдары мен
қазiргi президенттiң жанындағы ауруханада (ол кездерi «совминнiң
ауруханасы» деп аталатын) кеңесшi болып қызмет ететiнмiн. Ол кезде
iшкi тәннiң ауруы, яғни эндоскопия мен гастроскопты (қарын iсiгi)
анықтайтын құралдар жоқ болатын. Оны кейiн жапондар ойлап тапты.
Бiр күнi маған «Мұхтар Омарханұлын операцияға дайындап
жатырмыз, асқазанын қарап берiңiз» деп телефон шалды. Мұхаң өте
толық кiсi едi. Бiрiншi өңешiн тексердiм. Қарын жағы тым үлкендеу
екен, сосын iшқұрлысын жөндеп тексере алмай кешiрiм сұрадым.
«Ендi, қарнымыздың көлемi осындай едi» деп қалжыңдады. Сөйтiп
келесi аптаға дайындалды. Келесi аптадағы тексерудi ертемен, таңғы
сағат жетi жарымнан бастап қарадым. Қарынның жұтқыншағына
кететiн жағында, ұлтабарға жақын жерiнде жасушаның түйiршiктелiп
өскен төрт-бесеуi бар екен. Мұны медицина тiлiнде «полип» дейдi.
Бұршақтан үлкендеу, шиенiң көлемiндей болады. Мұхаң «iсiк пе?»
дедi. Жоқ. «Iсiк пе?» деп екiншi рет дауысын зорайта сұрады. – Жоқ,
– деп сендiре айттым. Сенiңкiремегендей болды. Жазушылар қатты
алаңдап келiп жүрдi. Сосын консилиум болды, яғни мамандар жиналып
аурудың тағдырын шешедi. Емдеу керек пе, операция жасау керек пе
дегендей. Сол жиында мен: «Бұл кiсiде қазiр қатерлi iсiк жоқ, полип –
iсiктiң басы болып есептеледi, бiрақ қазiр еш қауiп жоқ» деп тiке қадап
тұрып айттым. Үгiттеушiлер көп болды ма, кейiн «Мәскеуге емделуге
кеттi» деп естiдiм. Арада көп ұзамай «Мұхаң қайтыс болды» деген
хабар келдi. Ол кiсi Мәскеуге кеткен кез маусымның орта шенi, ыстық
уақыт болатын. Өзi салмақты адам. Сондықтан Мұхаңның денсаулығын
сол жердегi дәрiгерлер кемiнде бiр апта Мәскеудiң табиғатына
жерсiндiрiп, алдын ала дайындау керек едi. Олар оны жасамаған.
Қазiр аттарын ұмытып қалдым, белгiлi-белгiлi хирургтер болатын.
Мәселен, Алматыда тәжiрибелi хирургтер бiрден жадыңызға оралады
ғой, сол сияқты әр жерде белгiлiлер болады. Олардың ешқайсысы
ұлы жазушының науқасына араласпаған. Мұхаңды операция үстелiне
жатқызған дәрiгердiң қолы ауырлау адам екен.
Кремльдiң ауруханасындағы кiсiлердi жақсы танимын, кейiн
мен Мәскеуге барғанда сол азаматтардан Мұхаңның ауруы жөнiнде
сұрастырдым. Николай Николаевич Блохин деген Медицина акаде-
миясының президентi екеумiз тату едiк. Кейiн ол досым да бақилық
болып кеттi. Бiр жолы сол кiсiнiң саяжайында әңгiмелесiп отырғанда
Блохин өте бiр жаман сөз айтты... ...Ендi не дегенде... «вашего писателя
и нашего писателя зарезали» дедi. Екеумiз де үнсiз қалдық...
283
Оның үстiне наркоз уақытында кейбiр препараттар болмапты, ендi
«шығасыға кiресi себеп» дейдi. Бәлкiм сол препараттар болса, әлгiндей
жағдайлар болмас па едi?!. Жүрек тоқтап қалған ғой. Кейбiр тәжiрибелi
хирургтер ондай жағдайда қабырғаны сөгiп жiберiп, тiке жүрекке
массаж жасайды, мұндайда жүрек 90 пайыз қайта қалпына келедi.
Электрошок та қойылмаған. Тiптi жүрек қағысын көрсетiп тұратын
ирек сызықтар да дәрiгер жанарынан қиыс қалған көрiнедi. Қысқасы
әлгi дәрiгердiң қолынан Мұхаңды аман алып қалатын соңғы екi
мүмкiндiк те келмеген ғой. Ол хирург турасында Николай Блохиннiң
«фельдшерлiк деңгейдегi ғана маман» дегенi бар. Әсiлi, сол сөзде жан
бар-ау...
Кейiн мамандар сол операцияны талқылаған. Бiрақ, «қарға қарға-
ның көзiн шұқымайдының» керi болған секiлдi. Бәлкiм, Мұхаң өз
адамдары болса басқаша болар ма едi... Бәлкiм, тағдырдың жазуы солай
болған шығар.
Ең қызығы, Мұхаңа операция Кунцово деген ауруханада жасалды.
Дегенмен, нағыз қиын операцияларды қаланың өзiнде жасайтын.
Кунцово ауруханасы негiзiнен демалуға өте қолайлы аймақта орна-
ласқан. Онда уақыт өткiзуге болмайтын немесе екiншi кезектегi
операцияларды ғана жасайды. Мұхаңа операцияның Кунцовада
жасалғанына бiз айырықша таң қалдық. Ол уақытта iшкi күдiк-күмәнды
тек ерiн астымен ғана айтамыз ғой. Бiрақ Мұхаңның өлiмiнен кейiн
«осы кiсiнiң тағдырына шын жанашыр адам болмады-ау...» дегендей
әңгiмелер ара-кiдiк айтылып қалып жүргенi рас. Оны Құдайдан
жасырғанмен адамнан жасыра алмайсың...
Диагноз: Полип.
Түбi грек тiлiнен шыққан, poly – көп, plus – аяқ деген мағына бередi.
Бұл атауды көне грек дәрiгерi, ежелгi медицина iлiмiнiң реформаторы
Гиппократ (б.д.д. 460-377 жылдары өмiр сүрген) ұсынған. Қазiргi
кезде бұл шырышты қабық (ас қорыту, зәр жолдары және тыныс алу
органдары, жатыр) үстiнде пайда болып келе жатқан түрлi денелердi
анықтайтын термин. Денелердiң көптеп пайда болу жағдайын
«полипоз» деп атайды. Полип деген қатерсiз iсiк түрiнде пайда болған
түрлi пiшiндегi денелер.
Шырышты қабық (мұрын қуысының, жатырдың, асқазанның, т.б.)
эпителияларынан пайда болған қатерсiз iсiктер кейде тез бiлiнiп
қанайды, екiншi ракалды түрi тез арада операция арқылы алуды талап
етедi.
Полиптiң үш түрлi формасы бар: құбырлы, талшықты және
құбырлы-талшықты.
Аденомалар жараға айналмай тұрғанда ешқандай бiлiнбейдi, тек
көбiрек суланады. Полип эрозияға айналған жағдайда қанап, су бөледi.
284
Ағзада калий мен белок тым азайып кететiнi сондықтан екен. Ең
қауiптi полип ретiнде қатерлi iсiкке айнала бастаған түрi саналады. Ал
мамандар Мұхтар Омарханұлының науқасы бұл жағынан аман-есен
болғандығын айтады.
«күрескердiң жүрегi – қоянның жүрегi емес қой»
Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ: – Әкем соңғы жылдары Қазақстанның
оңтүстiк өңiрлерiн көбiрек сапарлады. «Өскен өркен» соның нәтижесi.
1961 жылы маусымның басында оңтүстiктегi сапарынан кейiн Мәскеуге
келдi, өзi толық адам едi, одан да ерекше толық болып келдi. Ол кезде
мен екiншi курста оқитынмын. Келетiнiн маған алдын ала хабарлап
айтқан. Әуежайдан бiр топ жазушылар күтiп алды. Iшiнде Тәкен
Әлiмқұлов бар, ол кiсi Жазушылар одағының Мәскеудегi бюросын
басқаратын. Әдеттегiдей «Москва» қонақүйiнiң алтыншы қабатындағы
нөмiрге аялдады. Алматыдағы дәрiгерлер «полип» деген диагноз
қойыпты. Бұл аса қауiптi ауру емес. Бiр бөлiгiн алып тастағанның
өзiнде асқазан қайта қалпына келедi. Кремльдiң жанындағы Кунцово
ауруханасында жататын болды. Менiң қасында көбiрек болғанымды
қалады. Ол әкемнiң күнделiгiнде де жазылған. Мен емтихан тапсырып
жатқан кезiм. «Сабағың аяқталған соң көлiк тосып қиналмай ауруханаға
күнде таксимен келiп жүр» деп әкем келген бетте маған қомақты
қаржы берiп қойды. Мен күн құрғатпай барып тұрдым. Екi күнде бiр
әкемнiң хаттарын поштаға барып салып тұрам. Тахауи Ахтановқа,
Әбдiжәмiл Нұрпейiсовке, елде жатқан өзге де жазушы, зерттеушiлерге
әдебиет туралы үлкен-үлкен толғаныстарын жазды. Өзiн өте сергек
ұстайтын. Өлiм болады деген әкемнiң үш ұйықтаса түсiне кiрмеген.
Екеумiз отырып алып ел-жер туралы әңгiме айтамыз. «Емтиханым
аяқталған соң мен Семейге барып келсем» деп өтiнiш айттым. Әкем өте
ырзашылықпен мақұлдады. Сосын Қарауылда Кәмен Оразалин деген
кiсiге және Семей қалалық атқару комитетiндегi бiр әйел адамға хат
жазды. Ол хаттар Бөрiлiдегi мұражайда сақтаулы. «Ұлым Мұрат әкесi-
нiң туып өскен жерiн көргiсi келедi. Бәрiн егжей-тегжейлi түсiндiрiң-
дер, көрсiн, танысын, араласын. Ақсақалдарға сәлем берсiн». Кәмен
ағаға жазылған хаттың мазмұны осыған саятын. Сосын әкем екеумiз
келiсiп алдық. «Елге барған соң сәт сайын, сағат сайын күнделiк
жүргiзесiң. Көргенiңнiң бәрiн қағазға түсiресiң, мен ауруханадан
шыққан соң бiрден Ыстықкөлге, Шолпан-Атадағы саяжайға барам.
Екеумiз сол жерде кездесемiз, сен көргенiңнiң бәрiн маған оқып
бересiң» деп тапсырма бердi. Ол мен үшiн алғашқы сын едi, мен сол
сапарға жан-тәнiммен дайындалып жүрдiм. Сөйтсем, Кәмен қарияға
жазған хат әкемнiң қолына ең соңғы рет қалам ұстаған сәтi екен ғой,
285
бұл 1961 жылдың 25 маусымында жазылған хат болатын. Әкемдi соңғы
көрген де мен. Өте көңiлдi болатын, риясыз күле қоштастық.
Әкемдi 40 сағат бұрын операцияға дайындауға алып кеттi. Бұл әкеме
жасалған үшiншi операция едi. 26 маусым күнi Валентина Николаевна
Алматыдан келдi. Онда да ешқандай үрей жоқ, тек операциядан кейiн
көңiлi көтерiңкi болсын, әкемнiң қасында болайын деп келген ғой.
Оның үстiне өзi суретшi адам, сезiмтал кiсi. Бiр жолы әкем бiр сығанға
бал аштырыпты. Сонда ана аузың түскiр сыған әкеме «үшiншi рет
пышаққа түскенде жағдайыңыз қиын болады» дегендей болжапты.
Әлде әлгi сығанның сөзi Валентина Николаевнаның жадына сақталып
қалды ма екен?..
Мен 27 маусым күнi қытай әдебиетi тарихынан емтихан тапсырып,
өте көңiлдi шыққанмын. Валентина Николаевнаға телефон шалып, сол
баяғы дәстүр бойынша такси ұстап ауруханаға баратынымды айттым.
Iле-шала «әкең операция үстелiнде қайтыс болды» деген хабар жеттi.
Азан-қазан болды да кеттi. Тәкен аға Әлiмқұловтың жылағанын
көрсеңiз... Ол кiсi қатты қайғырды.
Алматыға хабар жiбердiк. Ернар бауырым пойызбен келген, ол
естiмеген болатын. 17 жаста едi, естiген бетте «дәрiгердi өлтiрем» деп
жер-көкке сыймай жер тепкiлеп жылады.
Қазақстаннан Ғабит Мүсiрепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин,
Әбу Сәрсенбаев бастаған делегация келдi. Бәрiн ұйымдастырып жүрген
Тәкен аға.
Кейiн әкемнiң өлiмiне қатысты мынадай байлам жасады: полиптi
аламыз деп iшiн ашқан, ашқан кезде қылтамақ (рак) бар екен дейдi.
Сосын консилиум қылтамақты алып тастау туралы шешiм қабылдаған
көрiнедi-мiс. Осыған сену қиын. Бiрiншiден, операция үстiнде қыл-
тамақты көзбен тану мүмкiн емес. Екiншiден, ондай жағдайда бiр
мезетте екi операцияны жасау тағы санаға сыймайтын шаруа. Оның
үстiне ол кезде қылтамаққа операция жасау ешқандай тәжiрибеде
болған емес, қазiр де өте қиын. Сондықтан тек асқазанға ғана операция
жасап, кейiн жазылған соң барып мамандар әкемнiң өзiмен ақылдасуы
тиiс едi. Ендi өздерiнше гуманистiк көзқарас танытқан сыңайы ғой.
Операция ұзын-ырғасы алты сағатқа созылған. Алты сағат наркозда
жатқан. Ол уақыттағы наркоздың өзi сапасыз. Сонымен не керек,
соңғы шешiмдi «наркозға шыдамай жүрек тоқтап қалды» деп шығарды
ғой. Бiрақ қанша денелi болса да әкемiздiң жүрегi өте мықты едi. Жас
күнiнде күреспен, футболмен кәсiби айналысқан адам. Арақ iшу, ұзақ
преферанс ойнау деген болған емес. Темекiнi 1947 жылы қойып кеткен
екен. Күнде таңғы сағат алтыда тұрып, Шындос деген итiн ертiп алып
таза ауада қыдырыстауды ұнататын. Қанша зобалаңды бастан өткiзсе де,
286
жүрек жағынан тегi қиналған адам емес. Өзi өте күрескер кiсi болатын.
Күрескердiң жүрегi – қоянның жүрегi емес қой. Ол кiсiнiң жүрегi бақи
дүниеге тозбаған күйi кеттi. Өзiн өте жақсы күттi, жиi қаралып тұрды.
Әкемiздiң тiсi тап-таза, маржандай болған. Ыстықкөлде демалып
жүргенде Ернар екеумiз тiсiмiздi тез-тез тазалай салып, кетуге асығып
тұрамыз, сонда әкем тiстi қалай тазалау керектiгiн үйрететiн. Ол кiсi
тiсiн ұза-а-а-ақ тазалайтын.
Ендi әкемнiң өлiмiне қатысты халықтың жүрегiнде бiр күдiктiң тас
болып қалғаны рас. Не деуге болады? Шешем марқұм әкемнiң өлiмiнен
кейiн «сағат жөндеушi мен дәрiгердiң құпиясын ашу мүмкiн емес» деп
жиi айтып отыратын. Бәлкiм сол сөз рас та шығар...
Достарыңызбен бөлісу: |