ЖАҢА БАСЫЛЫМДАР
НОВЫЕ ИЗДАНИЯ
SECТION NEW PUbLICATIONS
ӘОЖ 343.851.5
М.Т. МАҒЗҰМОВ
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемелекеттік университеті, Өскемен қ., Қазақстан
АЛЕКСАНДР МАТРОСОВТЫң ЕРЛІГІ ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ
Мақалада Кеңес Одағының Батыры Александр Матросовтың ерлігіне қатысты
жаңа деректер туралы баяндалады.
Түйін сөздер: Ұлы Отан соғысы, патриотизм, ерлік, батыр, мәңгілік даңқ, кеңестік
саясат.
ПРАВДА О ПОДВИГЕ АЛЕКСАНДРА МАТРОСОВА
В статье рассматриваются новые факты о подвиге героя Советсткого Союза
Александра Матросова.
Ключевые слова: Великая Отечественная война, патриотизм, подвиг, герой,
бессмертие, советская политика.
THE TRUTH ABOUT AN EXPLOIT OF ALEXANDER MATROSOV
This article contains new facts about a hero of Soviets Union Alexander Matrosov.
Keywords: The Great Patriotic War, patriotism, exploit, hero, immortality, the soviet
policy.
Адамзат тарихында адам қанын судай ағызып, орасан зор материалдық
шығындар әкелген, бүкіл әлемді шарпыған жан түршігерлік сұрапыл соғыс
Еуропа төрінен басталып, ақырында қаһарман кеңес халқының Ұлы Отан
соғысындағы Ұлы Жеңісімен аяқталды.
Соңғы деректер бойынша, Ұлы Отан соғысында 27 миллион КСРО азаматы
опат болып, екі мыңнан астам қала қираған, Кеңес Одағы ұлттық байлығының
558
559
Региональный вестник Востока
Выпускается ежеквартально
30 пайызға жуығын жоғалтқан. Соғыс басталған жылы 18-ге толған 1923 жылы
туғандардың соғыстың аяғына қарай 3 пайызы ғана қалған.
Соғыста ерлік жасау – өмір зандылығы. Отанды қорғау жолында жасалған
жанқиярлық іс-әрекеттердің барлығы ерлікке бастайтындығы даусыз деп
тұжырымдасақ,Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес халқы, оның ішінде
тікелей майдан шебінде ұрыстарға қатысқан Қызыл әскер жауынгерлері тара-
пынан жасалған көзсіз ерліктің сан алуан түрлері бар. Солардың ішінде күллі
әлемге әйгілі болған Александр Матросовтың ерлігі туралы ақиқат пен аңыздың
аражігін ажыратуды алдымызға мақсат етіп қойдық.
Ол үшін, ең алдымен, бұл ерліктің мән-жайы туралы соңғы уақытқа
дейін көпшілікке белгілі ресми деректерге кезек берелік. Бұл ретте Ұлы Отан
соғысына арналған Энциклопедияда төмендегідей мәліметтер бар. «Матросов
Александр Матвеевич (1924-1943), Кеңес Одағының батыры (1943, марқұм),
қатардағы жауынгер. 1942 жылдан БЛКЖО-ның мүшесі. 1942 жылдан Қеңес
Армиясы қатарында. Ата-анасынан айырылғаннан соң балалар үйінде, кейін
Уфадағы балалардың еңбек колониясында тәрбиеленген. 1942 жылдың қазан
айынан Краснохолмскінің жаяу әскер училищесінің курсанты. 1942 жылдың
қарашасынан 254-ші гвардиялық атқыштар полкінің 56-шы гвардиялық атқыштар
дивизиясының (Калинин майданы) құрамында неміс-фашист басқыншыларына
қарсы ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың 23 ақпанында Чернушки деревнясы
(Псков облысы) үшін болған шайқаста бөлімшенің алға жылжуына бөгет болған
жау дзотының амбразурасын өз денесімен жапты. Ленин орденімен марапатталған
(марқұм). 1943 жылдың 8 қыркүйегінде 254-полкке Матросовтың есімі беріліп,
осы полктің 1-ротасының тізіміне марқұмның аты мәңгілікке жазылды. Уфада
оған ескерткіш орнатылды, ол жерленген Великие Луки қаласында ескерткіш
пен мемориалдық тақта қойылды. Оған әдеби шығармалар, бейнелеу өнерінің
туындылары, фильмдер арналды».
Шындығында, фашистік Германиямен жан алып, жан беріскен қиян-кескі
соғыста Ұлы бетбұрысқа әлі жете қоймаған кезеңдегі жасалған теңдесі жоқ
осынау бір көзсіз ерлік туралы ұғым біздің санамызға берік орнығып, соғыс
тақырыбына жазылған шығармаларға, оқу қүралдарына да осы қалпында еніп
қалған еді. Бұның өзі көп ұлтты кеңес халқының, оның ішінде ең алдымен, ұлы
орыс ұлтының айбынын дүние жүзіне әйгілеп, мерейін асқақтатқандай әсер
қалдыратын.
Осыған ұқсас «жанқиярлық ерлік көрсеткен» кеңес сарбаздарының келбетін
сомдау үшін коммунистік идеологияға шұғыл түрде «өзін-өзі құрбандыққа
шалған» қаһарман ауадай қажет еді. Сол мақсатпен адамның үш ұйықтаса түсіне
кірмейтін ерліктің алуан түрлі «үлгілері» жасалды. Әңгімеге арқау боп отырған
Матросовтың жау пулеметінің оқ боратқан амбразурасын кеудесімен жауып,
М.Т. МАҒЗҰМОВ. 2 (66) 2015. Б. 558-565
ISSN 1683-1667
560
Тоқсанына бір рет шығарылады
Шығыстың аймақтық хабаршысы
жан тапсыруы керек екен. Қызыл әскердің танк шынжырының табаны астын-
да басылып, езілгені жеткіліксіз, ол бір буда гранатты беліне байлап, не қолына
ұстап темір тажалды жарғаны жөн. Тек осындай «көпшілік қатысқан ерлік»
социалистік мемлекетті абыройсыздықтан сақтайды, өз халқын геноцидке
ұшыратты деген қаңқу сөз тыйылады деп есептелген болса керек.Қайткен күнде
де, кеңестік патриотизмнің ерен үлгісі деп танылған қатардағы жауынгер Алек-
сандр Матросовтың ерлігін фашистермен кескілескен ұрыстарда қайталаушылар
көптеп шыққандығын біз Ұлы Отан соғысы тарихынан жақсы білеміз.
Ендігі сөз жеңіс жолында өз өмірін пида етіп, Матросовтай ерлікпен қаза
тапқан қазақстандық жауынгерлер жайлы болмақ. Әңгімені атаулы ерлікті
Матросовтан да бұрын жасаған қазақтан шыққан қаһарманнан жалғастырсақ
деймін. 771-ші атқыштар полкінің бірінші батальоны 1943 жылдың ақпанында
сәтті шабуыл жасай отырып, Орлов облысы Покровка ауданының Лески дерев-
нясына жақын келді. 6 ақпанда ертемен деревняны азат ету үшін шайқас бастал-
ды. Фашистердің село ортасындағы кірпіш үйге орналасқан взвод пулеметі оқты
қарша боратып, біздің жауынгерлердің алға басуына кедергі жасады. Батальон-
да шығын көбейді. Дұшпанның дзотын жоюға минометші Боран Нысанбаев өз
еркімен тілек білдірді.
Өн бойына гранаттар байлаған ол ойпатпен еңбектеп келеді. Боран дзотқа
бірнеше рет жақындап, гранаттар лақтырады. Алайда мықтап бекінген фашистер
оқ жаудыруын тоқтатпайды. Боранның гранаттары таусылды. Артына қараған ол
өз серіктерінің еріксізден бас көтере алмай жатқанын көрді. Ауыр жағдай туды.
Жауға деген өшпенділік, майдандастарының төгілген қаны Боранның жүрегін
жаралады. Ұрыс тағдырын дұшпанның ажал оған төпеп тұрған нысанның жойы-
луы шешетінін бірден түсінген Нысанбаев алға қарай ұмтылып, апанның аузын
өз денесімен жапты. Қызыл әскерлер шапшаң шабуылға көтеріліп, фашистерді
талқандады.
Қазақтың ержүрек ұлы Боран Нысанбаев өз ерлігін Александр Матросов-
тан 17 күн бұрын жасап, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 23
қыркүйегіндегі жарлығымен Кеңес Одағының Батыры деген атаққа (марқұм) ие
болды.
Орлов облысы Покров аудынының делегациясы батырдың рухына тағзым
етіп, оның туған жері Атырау облысының Индер ауданындағы болып қайтты. По-
кровка ауданында батырдың атында мектеп бар. Индер ауданында Б. Нысанбаев
атындағы мектеп оқушыларымен хат жазысып тұрады. Екі мектепте де Кеңес
Одағының Батыры Боран Нысанбаевқа арналған бұрыш ұйымдастырылған.
Ленинград майданында батыр атанғандар қатарында қазақ халқының
ержүрек ұлы, коммунист Сұлтан Баймағамбетов А. Матросовтың ерлігін
қайталады. Ол Қостанай облысы Семиозер ауданының Қояндыағаш ауылында
ЖАңА БАСЫЛЫМДАР
561
Региональный вестник Востока
Выпускается ежеквартально
дуниеге келген. Соғысқа дейін ауылдық советтің хатшысы болған. Майданға
қатардағы жауынгер болып аттанған ол әскери шеберлікті жеке меңгеріп, аға
сержант атағын алады.
Ленинград майданының Синяевско-Мчинск учаскесінде Сұлтан Баймағам-
бетов қызмет ететін бөлім шабуыл жасауға бұйрық алады. Фашистер дзотқа
орнатылған пулеметтен бората оқ жаудырды. 43-ші атқыштар дивизиясы 147-
ші атқыштар полкінің бөлімше командирі аға сержант Сұлтан Баймағамбетов
қолайлы сәтті пайдаланып дзотқа жақындайды. Оны байқап қалған фашистер
пулеметтен оқ жаудырады. Нысанға 20-25 метрдей таяп келіп Сұлтан бірнеше
гранат тастап, пулеметтің үнін өшіреді. Осы сәтті пайдаланып шабуылға
көтерілген біздің жауынгерлерге қарсы немістердің мұқият жасырынған екінші
пулеметі оқ ата бастайды. Оны ашық көріп тұрған С. Баймағамбетовтің гранаты
таусылып қалғанды. Дұшпанның ажал оған бүркіп тұрған апанына автоматтан
оқ жаудырғанымен ол еш нәтиже бермейді. Біздің жауынгерлер бас көтере ал-
май жатып қалады. Ендігі жағдайда шайқас тағдырының тек өз қолында екенін
Сұлтан айқын сезді. Қалайда жау пулеметінің үнін өшіру керек. Дзотқа қарай
жылдам еңбектеген ол жақындағанда тік көтеріліп, «Отан үшін!» деп айқайлады
да алға ұмтылып, өз денесімен амбразураны жапты. «Біздің Сұлтан үшін!» деп
ашына шабуылға көтерілген сарбаздар жаудың маңызды тірек қорғанысын ба-
сып алды.
1944 жылдың 24 ақпанында Сұлтан Баймағамбетовке Кеңес Одағының Ба-
тыры атағы берілді (марқұм). Оның есімі Ұлы Отан соғысының тарихына, Ле-
нинградты қаһармандықпен қорғау тарихына алтын әріптермен жазылды. Есімі
өзі қызмет еткен әскери бөлімнің тізіміне мәнгі енгізілген.
Дәл осындай жанқиярлық ерлікті жас жауынгер Ақәділ Сухамбаев по-
ляк жерінде жасады. 1944 жылдың соңында Кеңес армиясы жаппай шабуылға
шыққан кез. Неміс-фашист басқыншылары қатты қарсылық көрсетуде.
Құрамында Сухамбаевтың бөлімшесі бар аға лейтенант Красковтың ротасы
кескілескен шайқастармен Шығыс Пруссияға жақындап қалған. Рота командирі
Сухамбаевтың бөлімшесіне бұлақтың арғы жағын барлап, жаудың атыс ұйясын
жоюға тапсырма берді. Бөлімше жау бекінген траншеяларға таяп келді. Ақәділ
орнынан көтеріле беріп гранат лақтырды. Осы сәтте оның оң қолына оқ тиген
еді. Келесі гранатты сол қолымен құлаштаған кезде сол қолына да оқ тиді. Қанға
бөгеле жүріп, ағаштардың тасасымен жауға жақындай берді. Дзотқа жеткен соң
кеудесімен амбразураны жауып, пулеметтің үнін өшірді. «Жаяу әскер Ақәділ
Сухамбаев, – деп жазды майдандық «Жауға қарсы аттан» газеті 1944 жылдың
3 қазанындағы санында. Ақәділ өмірді сүйгендіктенде өмірден қорыққан жоқ.
Ол жауынгердің қасиетті қазасымен жеңіске жол салды». Осы ерлігі үшін Бе-
ларусь майданының жауынгері Ақәділ Сухамбаев КСРО Жоғарғы Кеңесі
М.Т. МАҒЗҰМОВ. 2 (66) 2015. Б. 558-565
ISSN 1683-1667
562
Тоқсанына бір рет шығарылады
Шығыстың аймақтық хабаршысы
Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен қаза болғаннан кейін
Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жамбыл облысы Свердлов ауданы Қарасу ұжымшарының тұрғындары
батыр жерлестерінің есімін әрқашан құрметпен еске алады. Ол оқыған мектеп,
еңбек еткен шаруашылық Ақәділдің есімімен аталады. Туған ауылында оның
кеуде мүсіні орнатылған. Жерлестері көп адам қатысқан митингіде Ақәділ Су-
хамбаевты есте қалдыру үшін оны ауылдың құрметті азаматы етіп қабылдауға
шешім шығарды. Соғысқа дейін ол жұмыс істеген №42-ші «ДТ-54» тракторға
отыру құрметі ең озат еңбеккерге берілетін болды.
Матросовшылардың қатарында риддерлік Максим Южаковтың барлығы-
мен шығысқазақстандықтар мақтанады. Ол теңдесі жоқ ерлікті Ленинградты
қорғауда жасады.
Бұған дейін М. Южаков екі жыл басқыншылармен шайқасқа қатысып,
«Майдандағы ерлігі үшін» және «Батылдығы үшін» медальдарымен марапаттал-
ған болатын. 1944 жылғы ақпандағы бір ғана ұрыста шығысқазақстандық жау-
ынгер пулеметпен 20 сұмырайдың көзін жойды. Бірақ атқыштар ротасының
шабуылды ары қарай жалғастыруына жау дзоты бөгет жасады. Оны жоюға
М. Южаков сұранды. Дзотқа байқалмай еңбектеп келіп бірінен кейін бірі үш гра-
натты лақтырды. Жау пулеметінің үні өшіп, біздің жауынгерлер алға ұмтылды.
Алайда қас қағым уақыттан соң қайтадан сарнап қоя берді. Максимнің гранаты
таусылған болатын. «Гвардияшылар, Отан үшін алға!» деді де дзотқа оқша аты-
лып, амбразураны кеудесімен жапты. Пулеметтің үні күрт өшті. Жанын қиып,
өзін құрбандыққа шалған ұланның көзсіз ерлігіне жігерленген жауынгерлер де-
реу шабуылға шығып, нысананы басып алды.
Жанқиярлық ерлігі үшін Максим Платонович Южаков бірінші дәрежелі
Отан соғысы орденімен марапатталды.
Тізе берсек А. Матросовтай ерлік жасағандар аз емес сияқты. Жоғарыда
ерліктері жайлы баяндалғандардан басқа қазақтар арасынан мұндай ерлік
жасағандар: Жанғазы Молдағалиев, Сабалақ Оразалинов, Сүндетқали Есқалиев,
Жұман Қарақұлов. Біз білмейтін батырлар болуы да мүмкін.
Енді әңгіме желісін мақаланың тақырыбына қойылған Александр Матросов
кім болған деген сұраққа қарай бұрудың реті келген тәрізді. Ол үшін жоғарыда
энциклопедиядан алынған деректерге қайшы келетін жаңа ақпараттарға назар
аударалық.
2006 жылдың 29 қарашасында Ресейдің «Россия» телеарнасы Александр
Матросов туралы арнайы хабар берді. Сонда бұрын-соңды естімеген, бізге
беймәлім бірқатар соны айғақ-деректерге қанық бола отырып, көпе-көрнеу орын
алған қайшылықтарға таңқалмасқа шараң калмайды. Телехабарда келтірілген де-
ректерде ерлік жасаушының фамилиясы Матросов емес – Мухамедиянов та, аты
ЖАңА БАСЫЛЫМДАР
563
Региональный вестник Востока
Выпускается ежеквартально
– Шакирян екен. Туып-өскен жері – Башқұртстанның Құнақбаев селосы. Ұлты
орыс емес – башқұрт. Бұл мағлұматтарды телехабарға оның туған-туыстары,
білетін жерлестері беріп отыр. Көрер көз, естір құлаққа әу баста сенімсіздеу
болғанымен, оған қоса басқа айғақтармен нақтыланған бұлтартпас дәлел-
дәйектер шынайы ақиқаттың қалай салтанат құратынына лажсыз иландырады.
Шындығына келгенде, тарихи ақиқатқа көз жеткізуге тағы да жаңа
айғақтардың өзі-ақ жетіп артарлық екен. Айталық, Шакирянның (біздіңше –
Шәкіржан шығар) үй-ішінде, отбасында тұрмысы, тәлім-тәрбиесі ойдағыдай
болмаған сыңайлы. Кіндік қаны тамып, туып-өскен жерінен буыны қатпаған
шағында жылыстап кетуіне де себеп осыдан болса керек.
Үйінен безген жеткіншек қайда бармасын, жол-жөнекей кездескен көлікке
жармасып, басы ауған жаққа саяхаттауды дағдыға айналдырады. Сөйтіп,
қаңғыбастыққа салынып, беймаза күн кешіп жүріп, кездейсоқ кездескен
қамқоршы жандардың көмегімен Уфадағы балалар үйіне барып тұрақтайды.
Алайда жүріс-тұрысы, тәртібі, мінез-құлқы айналасындағыларға түсініксіз,
күдіктілеу көрінгендіктен бе, әлде басқа себептер болды ма, кім білсін, ақыры ол
балалардың еңбекпен түзету колониясына ауыстырылады.
Отбасылық тәрбиеден тысқары, жанашырсыз қалған жас ұрпақтарға пана
болған мемлекеттік мекемеде тұрып жатса да, тоңмойын, қиқар, бірақ қайсар
мінезді өжет жеткіншек туған ауылын, өскен ортасын ұмытқан жоқ. Бірде туған
ауылына келгенде жерлестерінің «Шакирян келді», «Шакирянды қараңдар, өсіп
қалыпты» деп даурығысуын естігенде: «Шакирян емеспін, менің қазіргі атым
– Саша, Александрмын», – деп байбалам салғаны бар. Оның үстіне матрос
жейдесін киіп, теңіз флоты әскеріне барамын деп үнемі айтып жүргендіктен ол
«Матрос» атанып кеткен-ді. Артында іздеушісі, қолында ешқандай құжаты жоқ,
өз бетімен жүрген жетімді Александр Матросов деп жазып жіберген ғой.
Ал енді оның майдан даласындағы іс-әрекеттерін сөз етсек, жағдай былай-
ша қалыптасқан еді. Фашистермен қиян-кескі шайқастың әбден қызған, атақты
ерлік жасалатын сәтте дұшпанның үш бірдей пулемет дзоты оқты үсті-үстіне
бората жаудырып, кеңес жауынгерлеріне бас көтертпей тұрып алады. Ажал оғын
сепкен нысандарды жою Шәріпов, Ғалымов және Огурцов деген қызыләскерлер-
ге жүктеледі. Шәріпов нысанды жерге жетіп, дзоттың үнін өшіреді. Қаруын та-
стай қашқан жендеттің қаруын ала салып артынан оқ жаудырады. Ғалымов болса
тапсырманы орындап қана қоймай, 30 шақты фашисті жер жастандырып көзге
түседі. Ал Огурцов дзотқа жете алмай жараланып қалады. Үні өшпей қалған
жаудың соңғы дзоты болса ажал оғын үдете боратуын тоқтатпай тұрып алады.
Міне, осы қысылшаң сәтте Огурцовтың орнына сұранып Александр Матросов
(Шакирян Мұхамедиянов) шығады.
Одан арғысы бұрын-соңды соғыс тақырыбына жазылған барлық шығар-
М.Т. МАҒЗҰМОВ. 2 (66) 2015. Б. 558-565
ISSN 1683-1667
564
Тоқсанына бір рет шығарылады
Шығыстың аймақтық хабаршысы
маларда көрсетілгендей: А. Матросов фашистердің дзотына еңбектеп жетеді,
кеудесімен жауып үнін өшіреді. Бүкіл Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес
жауынгерлерін жігерлендіріп үлгі болатын, саналы түрде өлімге басын тіккен
даңқы өшпес ерлік осылай жасалған болатын.
Псков облысының Чернушки деревнясының маңында болған ұрыста
көрсеткен ерлігі үшін Шәріпов жауынгерлік медальмен, Ғалымов «Қызыл
Жұлдыз» орденімен марапатталды, ал Александр Матросовқа (марқұм) Кеңес
Одағының Батыры атағы беріледі.
Ерлік жасалысымен «Правда» газетінде гвардияшы қызыләскер Александр
Матросовтың суреті мен Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО
Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы шығады. Майдан мен тылдағы кеңес
адамдарын елең еткізген теңдесі жоқ жанқиярлық бұл ерлік туралы құлағдар
болған, батырдың фотосуретін көрген Құнақбаев ауылының адамдары: «Ой, мы-
нау біздің Шакирян ғой, дәл соның өзі емес пе!», – десіп, бір-бірінен сүйінші
сұрасып жатты. Шакирян Мұхамедияновтың көзсіз ерлігі оны білетіндердің
ешқайсысын бейжай қалдырмағаны сөзсіз.
Осы хабардан кейін әуесқой өлкетанушылар қаһарман жерлесінің өмір
жолын жетік зерттеуді қолға алып, біршама шындықтың бетін ашады. Соғыс
аяқталғаннан соң жарық көрген әдеби шығармалардағы, ғылыми-зерттеу
жұмыстарындағы ресми деректерге сүйенсек, Александр Матросов ұлты – орыс,
жұмысшы табының өкілі болып шыққан. Ерлігін 23 ақпанда – Қызыл Армия күні
жасаған. Әскери басшылық батырды марапаттау қағазын толтырғанда ақиқатты
белінен басып, деректерді осылай «кеңес қоғамының саяси талабына сай етіп»
жымдастырған. Соңғы зерттеулердің нәтижесінде қазір бұл ойдан құрастырылған
мағлұматтардың қып-қызыл өтірік екендігі дәлелденіп отыр. Шындығына кел-
генде, батырдың фамилиясы Матросов емес, Мұхамедиянов екендігін жоғарыда
айттық. Ұлты – башқұрт. Пролетариат табына да ешкандай қатысы жоқ, ауыл ада-
мы. Украинада өмірі болмаған, зауыт, фабрикада ешқандай істемеген. Бұрынырақ
жарық көрген бірқатар кітаптарда көрсетілгендей, Днепропетровскінің тумасы
емес, башқұрт топырағында дүниеге келген.
Ол ол ма, тағы бір бұрмалаудың нәтижесінде биліктің өктем саясатының
қажеттілігімен Александр Матросовтың (Шакирян Мұхамедияновтың) қаза
тапқан күні 27 ақпан емес, 23 ақпан болып шығуына не айтарсыз. Подольскідегі
Әскери мұрағаттағы құжатта да осылай. Яғни ол Қызыл Армия күні опат болған
жоқ – онда тірі. А. Матросов қазаға ұшырады деген сөз 23 ақпанда Чернушки
деревнясына әлі жете қоймаған, өйткені рота деревнядан әлі 25 километр алыста
болған.
Қанқұйлы соғыс кеңес адамдарын майдан жолдарында бір мақсатқа
жұмылдырып тоңайластырғаны барша жұртқа аян. Соның жарқын көрінісін
ЖАңА БАСЫЛЫМДАР
565
Региональный вестник Востока
Выпускается ежеквартально
бүгінгі күннің куәгері, қазіргі зейнеткер зайсандық Уәлихан Иманғалиев жайлы
жеңістің 65 жылдығы қарсаңында облыстық «Дидар» газетінде жарық көрген
мақаладан білуге болады. Онда бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл
жұлдыз» ордендерімен Кеңес Одағының маршалы «Г.К. Жуков» медалімен,
«Ерен еңбегі үшін» және басқа да көптеген марапаттардың иегері У. Иманғалиев
ақсақалдың А. Матросовпен 1942 жылы бір ротада ұрыстарға қатысқаны туралы
әңгімеленген.
Кеңестік идеологияның өрескел бұрмаланған бұқаралық насихатының
жалғандығын бұлтартпай әшкерелейтін айғақты тағы да сол «Россия» телеарнасы
берген хабарда көрсетілген башқұрт елі батыр ұлына қойған ескерткіште Алек-
сандр Матросов емес, «Шакирян Мұхамедиянов» деген жазудан байқаймыз.
Сонымен мақаламызда әңгіме өзегі болған жайттардың қайшылықтарын
көрсетіп, ақиқат пен жалғанның аражігін айқындасақ, біріншіден, аталған
жанқиярлық ерліктің жасалғанына ешкімнің шүбә келтірмейтіні даусыз.
Екіншіден, кеңестік саясаттың қажеттілігінен мұндай көзсіз ерлік ең алдымен
ұлы орыс халқының ғана қолынан келеді деген менмендіктің туғандығы да рас.
Үшіншіден, кеңес жауынгерлерінің осындай жаппай жан пида ерлікке деген ын-
тасын арттыру мақсатымен Қызыл Армия күнінде жасалды деп сәйкестендірілуі
өзінен-өзі байқалып тұр.
Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, саяси биліктің ұстанымы қалай бол-
са, олай болсын, кеңес адамдарының социалистік Отанға деген сүйіспеншілігі,
патриотизмі даңқы өшпес бұл ерлікті, ресми деректерге сүйенсек, 200-ден астам
жауынгердің қайталауымен Ұлы Отан соғысының шежіресіне жазылғаны – та-
рихи факт.
Мақаламыздың өн бойында баяндалған ақиқат пен жалғандық хақындағы
әңгімемізді түйіндесек, мына бір жайдың ойға келері бар. Соғыс жылдары
фототілшілер қалтасына Мәскеуден өзімен бірге ала шыққан жаңа пилотканы
салып жүреді екен. Жауынгерді суретке түсірер алдында оның күнге әбден оңған
пилоткасын жаңаға ауыстыра қоятын. Осылайша, кейбіреулер шындық пен ой-
дан қосудың осындай ұштасуын ақиқат деп білді.
Бірақ адамзат қоғамына ең ауыр, ең қасіретті зардап әкелген екінші
дүниежүзілік соғыстың алапат жаңғырығы жыл өткен сайын алыстай түскенімен,
Ұлы Отан соғысында жеңісті жанқиярлықпен жақындатқан жауынгерлердің
аңызға айналған ерліктері қазіргі жас жеткіншектерге үлгі-өнеге болып қала бер-
мек.
М.Т. МАҒЗҰМОВ. 2 (66) 2015. Б. 558-565
ISSN 1683-1667
Тоқсанына бір рет шығарылады
Шығыстың аймақтық хабаршысы
Достарыңызбен бөлісу: |