Әдебиеттер:
1 ҚРПМ. 140-қ.,1-т., 11-іс. 9-10-пп.
2 Мадияр. Қазақ зиялылары // Ақ жол. – 1921– 5 мамыр.
– №55.
3 ҚРПМ. 718-қ., 1-т., 114 а-іс. 1-7-пп.
4 ҚРПМ. 139-қ., 1-т., 550-іс. 28-30-пп 4 ҚР ПМ. 718-қ.,
1-т., 114- іс. 1-2-пп.
5 Кім екенін білдік // Қазақ тілі. – 1923.– 6 февраль. –
№10.
6 ҚРПА. 139-қ., 1-т., 550-іс. 30-31-пп.
7 Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).
Шығармаларының 9 томдық толық жинағы /Құраст.: Жүсіп
Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т.7. 520
б.
8 ҚРПА. 139-қ., 1-т., 550-іс. 31-п.
9 ҚРПА. 141-қ., 1-т., 479 а-іс. 1, 33, 38-пп.
10 ҚР ПМ. 811-қ., 20-т.,638-іс. 37-42-пп.
11 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы.
Сәуір 1920-1928 жж. – Алматы: «Ел шежіре», 2007. – 304 б.
12 Жалпы Одақтық коммунист партиясының 15 съезі
қарарлары // Еңбекші қазақ. – 1928. – № 6. 8 ғаинуар.
157
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
Ә.А.Найзабаев
АБАЙДЫҢ БЕЛГІСІЗ АФОРИЗМІ
М.Әуезов «Абай мұрасы жайында» атты зерттеу
жұмысында «Абайды тану – жалпы қазақ әдебиетін тану
тәрізді әлі жас ғылым. Оның жетіскен шама-шарқымен
қатар, әлі олқылығы кемшілігі де көп... Бірақ шын мол
сапалы еңбек нәтижелерін беру жолында, әлде де алдары-
мызда тұрған қарыз-міндеттер көп. Сондықтан жоғарыда
Абайды танудың олқылығы көп дегенді әдейі алға салып
айтып отырмыз» [1, 283], - деп өз тұсындағы абайтанушы,
әдебиеттанушы ғалымдар мен кейінгі зерттеушілерге де зор
қарыз-міндеттер жүктеп отырғаны аңғарылады. Әсіресе,
Абайдың асыл мұрасы турасында зерттеу, сынау,ойлану
керек болатын жайлар туралы пікір айта отырып: «Он-
дай өлеңдер Абайдан қалған анық өз мұрасы есебінде
ел-елдің ішінен әлі де табылуы мүмкін. Біздің бұрынғы
жинауымыздың сан олқылығын сондай қосушылар әлі тол-
тыра беру және мүмкін» [ 1, 290], - деп Абай мұрасын әлі де
болса іздестіріп, жинастыру жұмысын үнемі жүргізіп отыру
керектігін ескерткендей.
М.Әуезов 1945-1946 оқу жылында ҚазМУ-да оқыған
«Абайтанудан (лекция)» атты конспектісінде: «Абай
өлеңдерін жинаған кісілер Абайдың өлеңінің атын ғана ай-
тып немесе бір жол өлеңмен ғана сақталып қалған» [2, 150]
деген деректі мәлімет келтіретіні бар.
Абай мұрасы 1896 жылға шейін жиналмағаны белгілі.
Бірақ 1896 жылға дейінгі өлеңдері Абай айналасындағы
ақын-шәкірттері мен өнерпаз жастардың т.б. қойын-
қонышында тарап кетіп отырғанын еске алсақ, М.Әуезов ол
жайында: «Кейін 1896 жылы көшірілгенде сол тарап кеткен
өлеңдері жиналған, бірақ бәрі түгел жиналып үлгермеген»
[1, 289], – дейді.
158
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
Біздің бұл мақалада басты көңіл бөліп, қарастыратын
мәселеміз де сол «тарап кеткен, бірақ бәрі түгел жиналмаған»
мұраларының ішінен Абай айтты деген Шәкәрімнің жадын-
да ұмытылмай жатталып, қағазға түскен бір нақыл-насихат
сөзі туралы болмақ.
Өмірі мен шығармашылығы елдің тәуелсіздігімен бірге
қалың жұртшылыққа танылып, енді ғана зерттеу нысанасы-
на жүйелі түрде алына бастаған Шәкәрім Құдайбердіұлының
естегілері ұстазы Абайды танудағы олқылықтар мен
кемшіліктерді толықтыруға көп көмегін тигізері хақ.
Шәкәрім «Ар қарызы» атты мақаласында («Сарыарқа»,
1917, 4 шілде №4) «Қазақ» газетінің 232-санында аштықты,
жалаңаштықты көріп майданнан қайтқан Жетісудың
719 жігітінің Әлихан Бөкейханов атына «степендия
тағайындалсын я медресе ашылсын», - деп екі мың сом
ақша жинап, «Қазақ» газетінің басқармасына тапсырған
бастамаларын қуана қуаттап: «Міне, адамның көзіне жас,
көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс. Абай марқұм «Тоқ
татуды сыйламай, аштарға берген ас артық; үйінде босқа
бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді» [3.330
б.], - деп Әлиханның қазақ халқына жасаған азаматтық
қызметін бағалауда Абайдың бұрын еш жерде айтылмаған
жоғарыдағы бір ауыз нақыл-насихат сөзін тілге тиек етеді.
Әлихан - шыныменде халқын еркін өмірге жеткізу үшін
басын қауіп-қатерге саналы түрде тіккен ер азамат!..
Абай: Тоқ татуды сыйламай,
Аштарға берген ас арты;
Үйінде босқа бұлдамай,
Қатерге түскен бас артық, -
деп шәкірттерінің ортасында отырған бір мәжілісінде кең
толғап, терең оймен азаматтық ойларын таратып айтқан
ойлы нақыл-насихаты болса керек. Шәкәрім-жадында жат-
талып қалған Абай афоризмін «Ар қарызы» атты мақаласын
жазу үстінде есіне түсіріп, пайдаланған болар.
159
Абай айтты деген Шәкәрімнің есінде сақталып
қалған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор афоризмі, ақын
шығармаларының кейбірімен құрылысы, мазмұны, идея-
сы, стилі жағынан қабысып тұратынын салыстыра отырып
аңғаруға болады.
Мәселен, Абайдың И.А.Крыловтан аударған «Әншілер»
атты өлеңіндегі:
Есі шықпай мұнан да ішкен артық,
Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық! [4, 37]
деген екі жол өлеңнің бойына сыйған тұжырымды афоризм
мен 23 баптан тұратын 37-қара сөзінің 19-бабындағы:
Тоқ тіленші-адам сайтаны [4, 123]
деген нақыл сөзіндегі ой сарыны мен сөз саптау
ерекшелігіндегі ұқсастықтар назар аударарлық десек, тіпті
18- баптағы:
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық. [4, 123]
деген нақыл сөзбен Шәкәрім мақаласындағы:
Тоқ татуды сыйламай,
Аштарға берген ас артық;
Үйінде босқа бұлдамай,
Қатерге түскен бас артық, -
деген насихат сөзі сыртқы формасы, құрылысы мен ішкі
мазмұны (ой сарыны, идеясы т.б.) дәл түсіп жатуы кездейсоқ
құбылыс болмаса керек.
Абай айналасындағы шәкірттеріне қасиетті адам, толық
адам туралы ілімін таратып айтқанда жүрек ұғымына ерек-
ше мән береді. 17 – қара сөзінде жүректі бірінші жақтан
сөйлету арқылы: «Мен – адам денесінің патшасымын, қан
менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік
жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге
төсексіз кедейдің тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
160
күй – жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын
ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын –
мен» [4,104], - деп өзі жүрек боп соға отырып «тоқ жатқан
кісіге тамақсыз аштың күй – жәйін» ойлатуы жоғарыдағы
«Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық» деген
өсиет сөзімен үндесіп жатуы тағы бар.
Тоқ адамдар мен тату құрбыларына қарағанда аш
– жалаңаштарға, халық үшін басы қатерге түскен ер
азаматтарға қол ұшын беруді артық санағаны Абайдың
кейбір істерінен де анық аңғарылады.
Абайдың Әйгерімнен туған баласы Тұрағұлдың
«Әкем Абай туралы» атты естелік қолжазбасында: «Жал-
пы мырзалық, жомарттығының белгісі: өз елінің ішіне
мырзалық істеуден басқа өмірінде көріп – білмеген, бір
соқпа, әрі бөгде кісілерге де көп көмек істеуші еді… Жыл
сайын Үркіттен қашқан, көбінесе Кавказдағы Дағыстаннан
ара-тұра сол жақтағы түріктің орыс қолына түсіп айдалған
адамынан бірден-екіден келіп, кейі қыстап, кейі бір-екі ай
жатып тынығып, бір-бір ат мініп кетеді. Осындай ат мініп
кеткен қашқындардың менің көзім көргендегісі 15 шамалы.
Бұл сықылды орыс қолынан қашқан мұсылманға ат мінгізіп
жіберетін әдет Құнекеңде де болса керек» [5,174-175], –
деп әкесінің өз елінің ішіндегі аш-жалаңаштарға көмек
қолын созумен қатар, елі үшін басын қатерге тіккен бөгде
кісілерге де таршылықта достық қолын созып, жомарттық
мінез танытқанын айтады. Осы мінездің әкесіне Құнанбай
қажыдан жұққандығын ескертіп те өтеді.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген Абай қазақ
тарихында елі үшін басын қатерге тіккен Абылай хан мен
Кенесары ханның ерлік істерін жақсы білген. «Бір жылы
менің өзіме, - дейді шәкірті Көкбай ақын, - Абылай хан мен
Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып
айтып беріп, осыны өлең қыл» - деді. «Абылай да, Кенесары
да – қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
161
айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан
кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып ел ортасына жаю
жақсы өлеңшінің міндеті, сен үйіңе барып орнығып отырып
осыны өлең қылып кел» [5, 163], - деп тақырып берудегі
ұстазы Абай тапсырмасының идеялық мақсатын «...Үйінде
босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деген нақыл на-
сихаты танытқандай.
Міне, жоғарыдағы Тұрағұл мен Көкбай ақынның екі
әңгімесінің сарыны да Шәкәрімнің есіндегі Абай айтты
деген нақыл сөзбен үндесіп жатуының өзі Абай афоризмі
екенін дәлелдей түсетін айғақты мағлұмат деп таныған
дұрыс.
Абайдың 37 қара сөзі 1905, 1907, 1910 жылдардағы
Мүрсейіт қолжазбаларында «Насихат» деген атпен берілгені
белгілі. Бұл қолжазбалар 15-16 нақылдан тұрса, 1933
жылғы басылымда М.Әуезов оның санын 23-ке жеткізіп
толықтырған тәрізді. Ұзақ жылғы іздестіру, жинаудың
нәтижесінде 7 нақылды тыңнан тауып қосқанға ұқсайды.
1995 жылғы ақынның академиялық толық жинағында «…
1940 ж. жинақта 24 баптан құралған 37-сөз («Насихат»)
кейінгі басылымдарда 23 баптан тұрады» [4, 293] – де-
ген деректі пікір бар. 1940 жылғы жинақ қолымызда жоқ
болғандықтан 24-бапта Абайдың ойға оралымды қандай
нақыл сөзі орын алғанын және кейінгі басылымдарда ол
баптың қысқартылу себебін анықтай түсу мүмкіндігіміз де
болмағандығын айта кеткен жөн.
Шәкәрім жоғарыдағы мақаланың соңын Абайдың 1891
жылы жазған «Жастықтың оты жалындап» атты өлеңінің 7
– шумағындағы:
Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаның әділ бол [4,128]
деген екі жол өлеңін алға тартып: «… бізге достық қарыз
емес пе?» [3, 331], – деп Жетісудың 719 жігітінің бастаған
игілікті бастамаларына «Қане жұрт! Мына жігіттердің
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
162
тұңғыш бастаған жолына аз – көп демей, һәркім шамасына
қарай түселік» [3, 331], - деп қолдау көрсетуге шақырған
азаматтық ойларымен аяқтайды.
1995 жылғы Абай шығармаларының академиялық толық
жинағын парақтай отырып:
Тоқ татуды сыйламай,
Аштарға берген ас артық;
Үйінде босқа бұлдамай,
Қатерге түскен бас артық, -
деген тағылымдық, тәрбиелік мәні зор Абай афоризмін ақын
шығармаларынан кездестіре алмадық. Сондықтан 23 баптан
тұратын 37 – қара сөзін тағы бір баппен (жоғарыдағы Абай
афоризмімен) толықтыру мәселесін де ойластыру қажет де-
ген ойдамыз.
Тағы да ерекше назар аударарлық жай – Абай афоризмінің
текстін тексеріп қарағанда байқағанымыз, бірініші жолда бір
буын жетпей тұрған сияқты. «тоқ», «тату» деген ұғымдарды
«пен» деген жалғаулықты шылаумен байланысытырып «Тоқ
пен татуды сыйламай...», - деп жазсақ, онда бірініші жолы-
мыз сегіз буынға толып, 2, 3, 4 жолдардағы буын санымен
бірдей табиғи қалыпқа түсер еді. Сонда:
Тоқ пен татуды сыйламай,
Аштарға берген ас артық;
Үйінде босқа бұлдамай,
Қатерге түскен бас артық, -
деп оқысақ, буыны, бунағы, ырғағы жағынан да Абай
афоризмі төрт құбыласы теңдей болып шығады.
Қорыта айтқанда, «…әлде де алдарымызда тұрған қарыз-
міндеттер көп», «Абайдың афоризмдерінің санын молай-
ту керек» [6, 218] деген Мұхтар Әуезовтың ғылымдық
пікірлерін ескере отырып, Шәкәрім мұраларының
ішінен табылған бізге белгісіз Абай афоризмін ақын
шығармаларының алдағы басылымдарына енгізу мәселесін
көтеру керек. Себебі, Шәкәрім мұрасының ішіндегі сары
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
163
майдай сақталып бүгінгі күнге жеткен Абайдың ой байлығын
танытатын тағылымдық, тәрбиелік мәні зор нақыл-насихат
сөзі біз үшін таптырмайтын бағалы мол рухани қазына.
Әдебиеттер:
1. Әуезов М. Абай Құнанбайев. Монографиялық зерт-
теулер мен мақалалар. – Алматы: Санат, 1995. – 320 бет.
2. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері: Оқу
құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 448 бет.
3. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Роман, қара
сөздер, мақалалар, аудармалар. ІІ том. – Алматы: Жібек
жолы, 2007. – 624 бет.
4. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі
томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.1: Өлеңдер
мен аудармалар. 2005. – 296 бет.
5. Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа.
(Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы). Оқу құралы –
Алматы: Санат, 1997. – 416 бет.
6. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. –
Алматы: Жазушы. Т 20. Монография мен мақалалар / жа-
уапты шығарушылар: М. Әуезова, З.Серікқалиев – 1985. –
496 бет.
Резюме
Автор статьи исследует афоризмы Абая в художествен-
ных произведениях Шакарима.
Summary
Unknown aphorism of Abai in Shakarism’s creative work is
considered in this article.
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
164
Г.Д.Абиханова
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ФОЛЬКЛОРТАНУЛЫҚ
ЗЕРТТЕУЛЕРІ
Алаш партиясының жетекшісі, ғалым Ә.Бөкейхан Омбы
орман шаруашылығы училищесінде оқытушылықпен бірге
ғылыми жұмыспен де айналысқан. Оның ішінде қазақ фоль-
клортану ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1904 жылы
қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген
Федор Андреевич Шербина экспедициясының құрамында
болып, фольклорлық мұралар жинады.
Әлихан Бөкейханның қазақ фольклорына қатысты
біршама еңбектері бар. Олар «Қара Қыпшақ Қобыланды»
атты сын-мақаласы және «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш Баян
сұлу» атты жыр-дастандарды өңдеп бастырған кітаптары,
сондай-ақ әдебиет зерттеушісі А.Байтұрсыновтың жинап,
өңдеп бастырған, «Ер Сайын» мен «23 жоқтау» кітаптарын
саралап, алғы сөзін жазғандарын фольклорға сіңірген
еңбегі деп атауға болады. «Жаңа жыл» атты еңбегінде
табиғат құбылысы, жыл мезгілдері туралы космологиялық
түсініктер мен жыл басы – Наурыз айы туралы жазылған.
Ә.Бөкейхановтың «Қобыланды» жырындағы әйел
бейнесі» деп аталған мақаласын академик С.Қасқабасов жан-
жақты талдап: « ... Бұлар эпостың тарихилығы, «Қобыланды»
жырының шығу мезгілі, қазақ фольклорының түрлері, жыр-
шы және оның шеберлігі, қоғамдық ой-санасының жырда
көрініс табуы, «Қобыланды» жырындағы әйелдер бейнесі,
олардың атқарып отырған идеялық қызметі. Осындай
ғылыми мәнді проблемаларды автор сол кездегі әлеуметтік,
моральдық мәселелермен ұштастыра қарастырған»,– деп
лайықты бағасын берген [1, 169].
1914 ж. Қазан баспасынан жарық көрген Махмұд-Садық
Тұяқбаевтың «Қара Қыпшақ Қобыланды» атты жырына
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
165
Ә.Бөкейханов 1915 ж. Самар қаласында «Қыр баласы» деген
бүркеншік атпен сын-мақала жариялайды. Онда қайраткер
жырды жан-жақты талқылап, іштей жеті тарауға бөліп та-
ратады. Бірақ неге екені түсініксіз, үшінші бөлімнен соң
бірден бесінші бөлім орын алады. Төртінші бөлімнің неге
түсіп қалғаны жұмбақ. Жырды Абайдың «Өлең сөздің пат-
шасы, сөз сарасы» атты өлеңімен бастайды.
Мақаланың алғашқы бөлімінде жырды қысқаша
мазмұндайды. Қобыландының әулиенің аян берілу арқылы
дүниеге келуі және Алшағыр мен Шошай хандарымен
соғысында жеңгені туралы айтылады. Сондай-ақ ғалым
Көклән кемпір, Құртқа, Қараман, Көбікті, Қазан т.б. эпос
кейіпкерлеріне түсінік береді.
Ә.Бөкейхан еңбектің екінші бөлімінде Қобыланды
батырға қатысты нақты тарихи көзқарас яғни оның ХV
ғасыр ортасында болғандығын анықтайды. Алшағыр мен
Көбіктіге тарихи деректер арқылы тоқталып, жорықтардың
нақты уақытын дәлелдеп көрсетеді.
Мақаланың үшінші бөлімінде Ә.Бөкейхан батырдың теңге
алысып ойнағанына, Қобыландыға бал ашытып ішкеніне,
ат жеміне дәрі қосып бергеніне күмәнмен қарағанына жа-
сырмай: «Құртқаның тойында қырық кез қызыл батыр
Қобыландымен теңге алысып ойнайды. Бұған кім нанар.
Қобыланды батыр көкпар тартып, аударысып ойнаушы емес
пе еді. Теңге алысып ойнау жаңада шыққан жоқ па.
Арымасын (!) деп тай бурыл ат жеміне қызыл дәрі қосып
жегізеді. Қобыланды ашытқан бал ішеді.
Қазақ атқа дәрі байлап, ашытып бал ішкен бе? Бұл
бергідегі ақынның жырға қосқан бал ішкен жұрттан алған
жұқпасы болар»дейді [2, 106].
Сол секілді сыншы:
«...Билер мінген жалды атты,
Қырық мың әскер салдатты.
Түймелетіп кигендер,
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
166
Түре келіп...генде...
...Масақ құлақ мылтық қолында
Қара сухар қойнында алтыатары қолында
...Талай төре келеді
Төсінде алтын медалі
Ішеміз деп бал алып (34-35 б.)
Салдат, сухар, түйме, медаль, бал, шай, алтыатар –
Қобыланды заманынан көп бері пайда болған нәрселер.
Мұның бәрін бейшара жыршы өзінен қосып, жырдың
көркем түрін бұзған.
Мұндай айтушының өзінен қосылған Қобыланды
заманының салтына үйлеспейтін, қаңғыбас қосымшалар
«Қобыландыда» толып жатыр. Оның бәрін мұнда жазуға
орын жоқ. «Қара Қыпшақ Қобыландыны» қайта басқанда,
жақсы қылып басам деген адам мына беттерді қарасын» [2,
109], – деп біраз беттерді санамалап, жырға сөз өнері ретінде
қарап, фольклортану яғни ауыз әдебиетін жазба әдебиетпен
бірлестікте қарайды. Яғни мұның себебін ғалымның фоль-
клор заңдылығын сол кезеңдегі түсінікпен қабылдағаны бо-
лар деп болжаймыз.
Төртінші бөлімде «ат биеден, ер анадан» пікірін дәлелдеп,
өлең мазмұнына біраз талдау жасайды. Жыр ұйқасына көңілі
біраз толып, «тілге жеңіл, жүрекке жеңіл, теп-тегіс жұмыр
келген айналасы» деген Абай сөзін алып, «Қобыландыны
шығарған кісі тегінде жақсы ақын» деген ғалым бағасы да
жоғарыдағы айтқанымызға дәлел бола алады.
Мақаланың алтыншы бөлімі Абайдың «Бөтен сөзбен
былғанса сөз арасы, // Ол ақынның білімсіз бейшарасы»
және Шәкәрімнің «Ауылым қонды Нұраға, // Мінген атым
сұрала...» өлең жолдарымен басталады. Жырдағы көп дәмсіз
сөздердің қосылғанына наразылығын байқатады және кітап
бастырудың сол кездегі күннің негізгі міндеті екендігін ай-
тады.
Соңғы жетінші бөлімінде автор кітап басу ісінде
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
167
жүйеліліктің болу керектігіне баса назар аударып, ондағы
өрескел қателікті тап басып көрсетеді. Ондағы батыр келбеті
мен Тайбурыл суретіне дәлел келтіріп, Қобыланды суреті
батыр емес, мұрнынан айрылған, пұштиған жай бақалшы
болып салынғандығын сынайды. Сонымен бірге ғалым
кітаптағы жер-су, кісі аттарын кітаптың аяғына әліппе
тіртібімен берілу керектігін айтып, Еуропадағы кітап басты-
ру ісін мысал ретінде келтіріп, ғылыми көзқарас танытады.
Ә.Бөкейханов 1913 ж. «Қазақ» газетінің №15 санын-
да «Григорий Николаевиш Потанин» атты мақаласында
Потаниннің өмірі туралы орыс тілінде нақты деректер
келтіріп, оның қазақ халқы үшін жасаған елеулі еңбегін ай-
тады. Сонымен қатар қазақтың «тәңірі» сөзінің монғолдың
«аспан», «көк», «құдай» мағынасында, яғни қазақ мұсылман
болмай тұрып монғолмен «діні» дос екенін көрсетеді. «Аспан-
да екі ақбоз ат ерттеулі, Темірқазық жұлдызына арқандаулы»
деген қазақтың «Екі ақбоз атты аңдыған жеті ұры», –
деп, «Жетіқарақшы», «Ақбоз» туралы аңыздар келтіріп,
«Бұрынғы уақытта адам баласы аспандағы жұлдызға, күнге,
айға табынғанын «Тегі қазақтың «Жеті қарақшы», «Ақбоз
ат» деген сөздері бұрынғыдан қалған ертегі сөз» деп аспан
әлемі хақындағы мифологиялық көзқарас танытады [3, 188].
Сонымен бірге Г.Н.Потаниннің ауыз әдебиетіне қосқан
үлесін яғни жинаған жанрларына да назар аударған: «По-
танин дүниедегі тілдердің бәрінде айтылған неше жұрттың
іргелі мақал, өзге сөздерін құрастырып, сонан қай жұрт қай
жұрттан өнеге-үлгі алғанын шығарып отыр» [4, 37].
Ғалым «Батыр Бекет» атты мақаласын 1923 ж. Мәскеуде
«Темірқазықтың» №1 санына жариялайды.Ә.Диваевтың
жинаған сөздерін қарастырған. Мақалада Бекет батыр ту-
ралы тарихқа сүйеніп, нақты пікір білдіріп, батырдың жа-
рын, жалпы қазақ әйелдерінің батырлық әрекетін мақтаныш
тұтып:
Қабыл болып тілегі,
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
168
Шернияздың түндігін,
Найзаменен ашады,
Қанын судай шашады.
Арадан күндер өткенде,
Мұратқа сөйтіп жеткенде,
Жасаған ием жар болып,
Шернияздың ниеті
Өз қанымен тынады –
деп, жырдың мектептегі балалардың жаттап алуға лайық
екендігін сөз етеді [5, 182].
1923 ж. Ә.Бөкейхан Мәскеуде «Темірқазықтың» №2-3
санына «Мырза Едіге» атты мақаласын жариялайды. Онда
Ә.Диваевтың жинаған сөздері мен Едіге жыры туралы
мақала жариялайды. Онда Едігенің тарихта болғандығын та-
рихи оқиғалармен келтірілген дәлелдермен қостап, жырды
Шоқан Уәлиханов жазған нұсқасымен салыстырады. Шоқан
жазған жырдың нұсқасында арабша, парсыша сөздерінің
жоқтығын айтып, жыр қазақ тілінің өзге тілдермен арала-
спай тұрғанда пайда болса керек деп тұжырым жасайды.
Жырды мектепте балалар оқитын кітаптың бірі деп мектеп
бағдарламасына кіргізуді ұсынған [5, 185].
Қорыта айтқанда, Ә.Бөкейханның ғалымдық оның ішінде
фольклортанулық қыры өзіндік бір төбе екенін байқаймыз.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан, Ә.Бөкейханның
фольклортанулық зерттеулері сол кезеңге сай жүргізілгені
анықталды. Және әдебиет пен фольклортану ғылымының
бірлестікте болғанынан жариялау мен зерттеуде біршама
келеңсіздіктердің орын алғаны байқалды.
Әдебиеттер:
1. Қасқабасов С. Таңдамалы. Т. 5. – Астана, 2015.
2. Әлихан Бөкейханов. Шығармаларының толық
жинағы. Т. 6. – Астана, 2013.
Әлихан Бөкейханов - 150 жыл
169
3. Бөкейханов Ә. Қыр баласы. Григорий Николаевич
Потанин // Қазақ (Құраст. Ү.Сүбханбердина, С.Дәуітов,
Қ.Сахов). – Алматы, 1998.
4. Әлихан Бөкейханов. Шығармаларының толық
жинағы. Т. 5. – Астана, 2010.
5. Әлихан Бөкейханов. Шығармаларының толық
жинағы. Т. 7. – Астана, 2013.
Достарыңызбен бөлісу: |