1
К І Р І С П Е
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ
ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ
Меруерт Бижанова
ТҮРКІ ДАНАЛЫҒЫНДАҒЫ
БАҚЫТ МЕТАФИЗИКАСЫ
Алматы
2013
2
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
ӘӨЖ 1/14
КБЖ 87.21
Б 52
ҚР БҒМ Ғылым Комитеті Философия, саясаттану және дінтану
институтының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының
докторы, профессор З.К. Шәукенова және философия
ғылымдарының докторы, профессор С.Е. Нұрмұратовтың
жалпы редакциясымен
Пікір жазғандар:
Ә.Н. Нысанбаев, ҚР ҰҒА академигі,
философия ғылымдарының докторы, профессор
А. Сағиқызы, философия ғылымдарының докторы, профессор
Т.Х. Ғабитов, философия ғылымдарының докторы, профессор
Б 52 Бижанова М.А. Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
/ З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен –
Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013. – 204 б.
ISBN – 978–601–7082–93–2
Бұл монографиялық еңбекте әлемдік философиялық ой тарихында,
сонымен қатар адамның күнделікті өмірінде дәстүрлі әрі өзекті мәселе
болып табылатын бақыт феномені зерделенеді. Бақыт мәселесінің түркі
философиясы мен дүниетанымында қарастырылуы және оның онтология-
лық, феноменологиялық және әлеуметтік философиялық мәні нақты
тарихи және теориялық тұрғыда зерттеледі.
Жұмыс жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттар
мен докторанттарына, профессор-оқытушылық құрамына және бақыт
ұғымының философиялық қырлары қызықтыратын жалпы оқырман
қауымға арналады.
ӘӨЖ 1/14
КБЖ 87.21
Б 52
ISBN –
978–601–7082–93–2
© ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану
және дінтану институты, 2013
© Бижанов М.А., 2013
3
К І Р І С П Е
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ...................................................................................................... 4
1 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТҮРКІ ФИЛОСОФИЯСЫНДА
БАҚЫТ ҰҒЫМЫНЫҢ ПАЙЫМДАЛУЫ...................................... 12
1.1 Ортағасырлық түркі мәдениеті және түркі
философиясының ерекшеліктері.................................................. 14
1.2 Түркі данышпандарының философиясындағы
экзистенциалдық сарын.................................................................. 37
1.3 Бақыт ұғымы және оның түркілік өмірмәндік ілімдердегі
тұжырымдық ерекшеліктері.......................................................... 72
2 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТҮРКІ ФИЛОСОФИЯСЫНДАҒЫ
БАҚЫТ МЕТАФИЗИКАСЫ............................................................. 107
2.1 Бақыт – әлемге деген діни қатынас пен руханилықты
қалыптастыру жолындағы негізгі тұжырым............................. 108
2.2 Бақыт – адамға өмірлік рухани күш беруші құбылыс............ 132
2.3 Бақыт – қоғамдық әлемді құрудың мақсаты мен жағдайын
қалыптастырушы дүние.................................................................. 158
ҚОРЫТЫНДЫ.......................................................................................... 180
ӘДЕБИЕТТЕР............................................................................................ 190
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану
институты туралы мәлімет.................................................................... 198
Информация об Институте философии, политологии
и религиоведения Комитета науки Министерства образования
и науки Республики Казахстан............................................................. 200
Information about the Institute for Philosophy, Political Science
and Religion Studies of Science Committee of the Ministry
of Education and Science of the Republic of Kazakhstan.................... 202
4
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
КІРІСПЕ
Оқырман назарына ұсынылып отырған монографиялық
зерттеу жұмысында ортағасырлық түркі философиясындағы
бақыт мәселесі тарихи-философиялық білім тұрғысынан
талданады. Ортағасырлық түркі даналығының тарихи-мәдени
қалыптасуы мен оның өмірмәндік сипатының ауқымында
бақыт түсінігінің метафизикасы болмыстық, рухани, антропо-
логиялық, құндылықтық және әлеуметтік қырынан ашылады.
Адам қашанда өмірдің мәнін ұғынуға ұмтылғандықтан
және бақытқа жетуге тырысқандықтан аталмыш мәселе
– адамзат баласын ерте кезден толғандырып келе жатқан
философиялық тақырып. Бұл жерде өмірдің мәні мен бақыт
арақатынасының өзара терең байланысы бар. Өйткені өмірдің
белгілі бір мәнділігі бақыттың алғышарты болып табылса,
екінші жағынан бақытқа деген ұмтылыс өмірдің өзіне белгілі
бір мән-мағына береді. Мән-мағынасыз өмір сүру – адам
үшін бақытсыздық және керісінше адам өз өмірін терең
пайымдай алса ғана, бақыт сезімін сезіне алады. Бақыт ұғымы
моральдық сананың тұрақты әрі құбылмалы қондырғысы
болып қана қоймай, күнделікті тіршіліктің де бағыт-бағдарын
айқындайды. Бақыт – ең алдымен адамзат баласы қанша
ұмтылғанымен шешімін таба алмаған, сол себепті де ақырына
дейін танылмаған танымдық құбылыс. «Бақытты – сол тәрк
етіп түндерін, бақыт іздеп азаптанса кімде-кім», деп қазақтың
ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев айтқандай, өмірдің мәнін із-
деп, бақытты табуға ұмтылу философияның негізгі мәселеле-
рінің бірі.
Адамзат тарихында, оның өн бойын көктей өтіп отырған
жалпы-адамзаттық мәңгі құндылықтармен қатар, әр дәуірдің,
әр қоғамның өзіне тән құндылықтар жүйесі болғанын да теріс-
ке шығаруға болмайды. Өмірдің мәнімен байланыстағы бақыт
мәселесі ХХ ғасырда
(әсіресе, екі дүниежүзілік соғыс пен конц-
5
К І Р І С П Е
лагерьлерден кейін)
«болу не болмау» деген гамлеттік сұрақ-
пен сипатталатындай ерекше драмалық мән мен өзектілікке
ие болды. Өмірдің мәнін зерттейтін абсурд философиясының
негізін қалаушының бірі, орыстың ойшыл жазушысы
Ф.М. Достоевский өз-өзіне қол жұмсаушылықты «мәңгілікке
деген сенімнің жоғалуынан көреді».
Философия мен мәдениет тарихында бақыт туралы қол-
данбалы этикалық пәнді фелицитология деп атайды. Қазір-
гі заманғы бақыт туралы ілімдерде негізінен үш бағытты ай-
қындауға болады: бақыт психологиясы, бақыт аксиологиясы
және бақыт социологиясы. Психологиялық тұрғыдағы бақыт
– жағымды көңіл-күй, өмірден қанағат алу, қуаныш пен шат-
тыққа және ләззатқа кенелу. Аксиологиялық тұрғыда, бұл –
құндылықтар, адам өміріндегі жақсылықтардың өлшемі, адам
болмысының мәнімен байланысты барлық ізгі адамгершілік-
ті қасиеттерді игеру. Бақыт социологиясы утилитаризммен
(пайда туралы іліммен) тығыз байланысты. Адамды бақытқа
жеткізетін құндылықтар тізіміне мыналар кіреді: денсаулық,
байлық, билік, абырой (репутация), жақсы қарым-қатынас,
достық, жұбаныш және т. б.
Әлемдік философия тарихында бай дәстүрі бар бақыт
тақырыбының бүгінгі күнде қолданбалы, тұтынушылық
сипатта қойылуы мен зерттелуі адамның өмір сүруінің негіз-
құраушы болмыстық және құндылықтық өлшемдері терең
өзгерістерге ұшырап отырған осы заманның келбетін айқын-
дайды және тән мұқтаждықтарының өтелуі алға шығып, рух
ұмыт қалған руханилықтың дағдарысын да білдіреді. Осын-
дай ықпалдардан қорғану және ұлттың өзін-өзі сақтау тетігін
жандандыру мақсатында бақыт метафизикасының байырғы
түркілік дәстүрлеріне үңіле түсуіміз қажет.
Осыған орай, ұлттық таным-түсінігіміздегі бақыт ұғымын
тарихи тұрғыдан зерделеу бүгінгі кезеңге дейінгі бұл түсінік-
ті қалайша пайымдағандығын теориялық негізде анықтап
алуымызды қажет етеді. Бұл – бақыт ұғымын тарихи-логикалық
негіздермен қамтамасыз ете отырып, оны өмірмәндік прак-
тикалық бағытта қолдануымызға септігін тигізеді. Осы бола-
шағы бар мәселені ғылыми қарастыру құру үшін біз орта-
ғасырлардағы түркілік философия кезеңін таңдап алдық.
6
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
Дүниежүзілік философиядағы бақыт тақырыбына қа-
тысты айтылғандарды түгел қамтып шығу мүмкін емес.
Бақытты гедонистік және эвдемонистік тұрғыдан қарастырған
антикалық дәуірдегі гректерден бұрынырақ ежелгі үндінің
(брахманизм мен буддизм) және ертедегі қытайлықтардың
(конфуцийшілдік, дао және легизм ілімдері) бақытқа байла-
нысты этикалық-философиялық өзіндік жүйелері болды.
Ортағасырлық Батыста бақыт мәселесі христиандық мораль
аясында қарастырылса, Шығыста мұсылман дінінің дүние-
танымға өте күшті ықпалы болды. Жаңа заманда Батыста
ғылыми-рационалистік, соған сәйкес прагматикалық бағдар
қарқын алса, қазіргі заманда бақыт түсінігі әртүрлі қолдан-
балы этикалық зерттеулердің нысанына айналып отыр. Бұл
мәселе әр қырынан қарастырылғанымен, қашанда әр дәуірдің
өз тарихи ерекшеліктеріне орай жаңаша зерттеліп отырды.
Сондықтан да философия мен этика тарихында бұл дәстүрлі
тақырып әрқашан жаңа, әрі өзекті болды, бұл мәселеге деген
қызығушылық бір де толастаған емес.
Бақыттың мәнін түсінудің басты мақсаты осы жағдайға
жетудің практикалық тәсілдерін игеру болғандықтан да, мұн-
дай эмпирикалық бағдар бақыттың мәнін мәдениет тұрғы-
сынан, оның ішінде дәстүрлі этностық мәдениет пен дүние-
таным тұрғысынан зерттеуді қажет етеді. Өйткені дәстүрлі
мәдениет пен дүниетаным жеке адамды тәрбиелеудің, әлеу-
меттендірудің, мәдениеттендірудің және оған ықпал етудің
қуатты факторы болып табылады. Дәстүрлі түркі және
қазақ дүниетанымындағы бақытты зерттей отырып, халық
санасындағы ортағасырлық этникалық құндылықтарды өзекті-
лендіру негізінде бақыт категориясын түсінудің тұжырым-
дамасын ғана емес, қарапайым адамның рухани әлемінің
негіздерін құрайтын дүниетанымның жағымды бағдарын да
айқындауға болады.
Ортағасырлық түркілік философияның өмірмәндік ілім-
деріндегі бақыт туралы түсініктер дәстүрлі түркілік мәдениет
пен дүниетанымнан нәр алып, сусындап отырды. Сонымен бір
мезгілде түркілік философия ислам ренессансының да күшті
әсерін сезінді. Бұрыңғы түркілік дәстүрлі мәдениеттің басты
элементтері ислами құндылықтармен жымдасып бірігіп кетті.
7
К І Р І С П Е
Ғылым мен білімге кеңінен жол ашатын ислам дінінің өмірге
келуі
ортағасырлық түркілік философияның әртүрлі бағытта
дамып, әлемдік деңгейге көтеріле алуына негіз болды. Бұл дәуір-
де
халықтың осы адамгершілік дәстүрлерін өз ойқазанында
қорытып, әлемдік рухани қазынаға үлесін қосып, лайықты
ұсына білген түркілік ойшылдар да аз болған жоқ. Мысалы,
Қорқыт ата мен әл-Фараби, Ж. Баласағұн мен М. Қашқари,
Қ.А. Иасауи мен А. Иүгінеки және т. б. сонымен қатар, рухани
ықпалдары қазақтың дана ақын-жырауларының, Абай мен
Шәкәрімнің шығармашылықтарынан айқын көрінеді.
Бұл рухани мұра бүгінгі күні онан ары философиялық
тұрғыда, ғылыми тұрғыда терең талдауды, жүйелеуді қажет
етеді. Сондықтан көпшілік назарына ұсынылып отырған бұл
зерттеу жұмысы отандық ғылымда тарихи-философиялық
қырынан әлі жеткілікті зерттеле қоймаған осы мәселеге қатыс-
ты сұранысты қанағаттандырады, сондай-ақ қазақтың және
әлемдік классикалық мәдени мұраны игерумен байланысты
мемлекеттік бағдарламаларға, мысалы, «Мәдени мұра» мем-
лекеттік бағдарламасының атқарылуына өзіндік үлесін қосады
деген үміттеміз.
Бақыт ұғымы мен өмірдің мәні мәселесі, әдетте экзис-
тенциалды философия мен этиканың негізгі зерттеу нысан-
дарының бірінен саналады. ХХ ғасырда қалыптасқан экзис-
тенциалды немесе өмір сүру философиясына (көрнекті
өкілдері – Н. Бердяев, М. Хайдеггер, К. Ясперс, Г. Марсель,
А. Камю, Ж.П. Сартр, Ж. Маритен және т. б.) XIX ғасырда
классикалық рационалистік философияға балама ретінде пай-
да болған өмір философиясының (А. Шопенгауэр, Ф. Ницше,
С. Къеркегор, А. Бергсон, В. Дильтей, В. Виндельбандт және
т. б.) зор ықпалы болды.
Қазіргі кезде адамның өз мәніне келуі, көп жағдайда,
оның рухани-адамгершілік ерекшеліктері мен болмыстың дәс-
түрлі, іргелі негіздерінің біртұтас үйлесімділікте болуымен
сипатталады. Рухани болмыстың жайлылығын қалыптастыру,
адамның ішкі ұмтылыстарын сыртқы қайшылықтармен
үйлесімге келтіруге ұмтылу қажеттілігі экзистенциалдық
философияның мақсат-міндетін құрайды. Әсіресе, бүгінгі
күні бақыт туралы түсініктер адам дүниетанымының қажетті
8
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
компоненті ретінде маңызды теориялық және практикалық
мәнге ие. Ішкі мән ретіндегі, жанның белгілі бір рухани
жайлы қалпы ретіндегі бақытты ұғыну экзистенциалистердің
пікірінше, оны адамның бүкіл рухани әлемінің өзегі ретінде
бейнелейді.
Адам болмысының экзистенциалдары (өмірдің мәні, өлім,
еркіндік, жауапкершілік, үміт пен күдік, әсіресе бақыт және т. б.)
тұлғаның адамгершілік қалыптарын, адамның бүкіл болмыстық
көрінісінің рухани-мағыналық өзегін құрайтындықтан, олар
шынайы өмір сүруге қол жеткізудің басты алғышарттары бо-
лып табылады. Шынайы болмыс экзистенциализмнің әртүрлі
бағыттарының философиялық инварианты екендігі белгілі, со-
нымен бір мезгілде бұл шынайы болмыс – мақсаты ақиқат,
дұрыс өмір сүруге қол жеткізу болып табылатын этиканың да
инварианты. Өмір сүрудің мәні мен мақсатын іздегендіктен
этика да әуел бастан экзистенциалды. Экзистенциализмдегі
шынайы болмыс түсінігінің онтологиялық-феноменологиялық
бағдарына қарамастан, шын мәнінде ол дәстүрлі этикалық
тақырып болып қала береді.
Бақытқа жету адам өмірінің кемелдігімен түсіндіріледі, ал
бұл, әдетте адамгершілік қасиеттерді жетілдірумен байланыс-
тырылады және бұл этиканың негізгі мәселелерінің біріне
айналады. Философия тарихында бақыт туралы шығармалар-
дың қатарына анағұрлым танымал мына туындыларды
жатқызуға болады: Аристотельдің «Никомах этикасы» [1],
Сенеканың «Бақытты өмір туралы» [3], Аврелий Августиннің
«Бақытты өмір» [4], Боэцийдің «Философиялық жұбаныш» [5],
әл-Фарабидің «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында»
[6], Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» [7], Гельвецийдің «Бақыт»
[8], Л. Фейербахтың «Эвдемонизм», [9], Дж. Стюарт Милльдің
«Еркіндік туралы» [10], Э. Фроммның «Өзің үшін адам» [11] жә-
не т. б. Сондай-ақ Л. Толстой мен М. Ганди, А. Швейцер мен
М.Л. Кинг, Абай мен Шәкәрім де осы қатарды толықтырары
сөзсіз. Этика тарихындағы бұл шығармалар бір тақырып
төңірегінде жазылғанымен, алуан түрлі көзқарастарды ұстана-
ды. Сондай-ақ бақыт туралы ұстанымдарды «этиканың алтын
қағидасынан» («өзіңе қаламағанды өзгеге жасама»), «алтын
аралық» ұстынынан (Аристотель), «ізгі қала тұрғындарынан»
9
К І Р І С П Е
(әл-Фараби), парыздың императив ұстынынан (Кант), бақыт
ұстынынан (гедонизм, эвдемонизм), пайда ұстынынан (утили-
таризм), өмір ұстынынан (Гюйо, Ницше), махаббат ұстынынан
(христиан дініндегі), қауымдастық ұстынынан (Вундт), бірлік
ұстынынан (Наторп), жалпы игілік ұстынынан (Геффдинг)
және т. б. кездестіруге болады.
Ал түркілердің дәстүрлі дүниетанымының да, әлемге
деген философиялық қатынасының да экзистенциалдық
сипатта болғаны белгілі. Кейінірек бұл этикалық сарын мен
экзистенциялық көңіл-күй өзінің рухани сабақтастығына қазақ
халқының жыраулар поэзиясында, қазақ ойшылдарының
ілімдерінде жалғасын тапты. Бүгінгі қазақ философиясының
көрнекті өкілдері Ә. Нысанбаев пен Ғ. Есім тәуелсіздіктің таңы
атқан тұста-ақ осыған дейін кеңес дәуірінде кемсітіліп келген
«қазақ философиясы» туралы сөз қозғап, оның рухы жағынан
өмір сүру философиясына, яғни экзистенциализмге жақын
екендігін айтқан болатын [12].
Кеңестер Одағы тұсында адамзаттың бақыты маркстік-
лениндік идеологияға сай, бес формациялық әлеуметтік-
экономикалық дамудың соңғы сатысы коммунистік қоғам
орнатумен байланыстырылды. Жарқын болашақ жолындағы
социалистік өмірсалтына көлеңке түсірмеу үшін Батыста
кеңінен таралған экзистенциализмге тыйым салынды.
Ал, маркстік этика саласы (көрнекті өкілдерінің қатарына
Р.Г. Апресянді, В.С. Библерді, А.А. Гусейновті, Ю.Н. Давыдовті,
А.В. Дорбницкийді, Е.Л. Дубконы, А.А. Игнатенконы,
Г. Иррлитцті, И.С. Конды, Л.В. Коновалованы, В.М. Межуевті,
А.А. Милтсті және т. б. жатқызуға болады) болса, филосо-
фиялық білімнің дербес тармағы ретінде кеңестік кезеңде өз
дамуын жалғастыра берді [13].
Қазақстанда Ғ.Ғ. Ақмамбетов [14], М.С. Бурабаев [15],
Б.Ғ. Ғабдуллин [16], А. Оразбеков [17] сынды әдептанушылар
мораль философиясы және қазақ этикасының тарихы мәселе-
лерімен шұғылданды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың
дәстүрлі әдеп жүйесін жаңғырту мен оның ерте заманғы жә-
не ортағасырлық рухани алғышарттарын зерттеу мәселесі
алдыңғы қатарға шықты. Қазақ немесе арғықазақ және түркі
философиясы мен мәдениеті тарихын зерттеуге арналған
10
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
еңбектерде – С. Ақатай [18], Қ.Ә. Әбішев [19], Қ.Ұ. Әлжан [20],
Т. Бурбаев [21], Т.Х. Ғабитов [22], Ғ. Есім [23], А. Қасабек [24],
А.Х. Қасымжанов [25], Д.К. Кішібеков [26], С.К. Мырзалы [27],
Ә.Н. Нысанбаев [28], Қ.Ш. Нұрланова [29], С.Е. Нұрмұратов [30],
Г.Ж. Нұрышева [31], М.С. Орынбеков [32], З.Н. Сәрсенбаева-
ның [33], А.А. Хамидовтың [34] және т. б. шығармаларында
этиканың ауқымды мәселелері көтерілді.
Қазақ этикасының басты мәселелері ретінде ұлттық әдеп
жүйесін диахрондық және синхрондық талдау, ондағы дәстүр
мен жаңашылдықтың арасалмағын айқындау, өтпелі қоғам мен
жаhандану жағдайындағы әдептік реттеу тетіктерін айқындау,
нарық пен моральдың, табыс пен ізгіліктің арақатынасын
айқындау, діни әдеп жүйесінің ерекшеліктерін сараптау және
т. т. белгіленді. Сондай-ақ этиканың негізгі категориялары,
оның ішінде бақыт ұғымы да Қ. Жарықбаев, Ә. Алдамұратов,
Т. Ғабитовтардың ұсынған оқулығында қарастырылады [35].
Алайда әлеуметтік философия мен этиканың негізгі тақы-
рыптарының бірінен саналатын бақыт мәселесіне қатысты
елімізде арнаулы зерттеулер жоқтың қасы. Қазақстандық
зерттеушілердің бұл тақырыпқа қатысты жарияланған еңбек-
терінен арасынан профессор Г.Г. Соловьеваның монография-
сын [36] және Г.Ғ. Барлыбаеваның [37], Е.С. Омаровтың [38]
мақалаларын атап өтуге болады. Аталмыш тақырып бойын-
ша қорғау жұмыстары да болған жоқ. Сондықтан осы тың
тақырыпты таңдап, әрі экзистенциалдық, әрі этикалық сипа-
тымен айқындалатын бақыт мәселесін тарихи-философиялық
қырынан зерттеуге арналған осы ғылыми монография отандық
ғылымдағы осы олқылықтың орнын толтырады деген үміттеміз.
Сонымен, монографияда ортағасырлық түркілік дүние-
таным мен философиядағы өмірдің мәні мәселесі арқылы
ашылатын бақыт түсінігі зерттеудің негізгі нысаны ретінде
көрінеді. Ал зерттеудің пәні ерте ортағасырлық түркілік мәде-
ниет пен даналық аясында бақыт ұғымының тұжырымдық
ерекшеліктерін тарихи-философиялық тұрғыдан зерделеу
екендігі түсінікті.
Зерттеу барысындағы біздің алға қойған мақсатымыз –
тарихи уақыттың ортағасырлық кезеңінде орталық азиялық
түркі фәлсафасындағы бақыт ұғымының метафизикасын
11
К І Р І С П Е
ғылыми-философиялық, тарихи әрі теориялық тұрғыдан
талдау. Қойылған осы мақсат оның мынадай міндеттерімен
нақтылана түседі:
– ортағасырлық түркі философиясындағы бақыт ұғымы-
ның пайымдалуының теориялық-әдіснамалық негіздерін
айқындау барысында оның мәдени-тарихи алғышарттарын
сипаттап, түркі даналығының экзистенциалдық мазмұнын
ашу;
– аталмыш дәуірдегі түркі философиясының өмірмәндік
ілімдеріндегі бақыт құбылысының және оның тұжырымдық
ерекшеліктерінің жалпы бітім-белгілерін анықтау;
– ортағасырлық түркілік дүниетанымдағы бақыт мета-
физикасын талдау үшін бақыт ұғымының әлемге деген діни
қатынас пен руханилықты қалыптастыру жолындағы негізгі
тұжырым ретіндегі түсінігін көрсету;
– бақыттың адамға рухани күш беруші құбылыс ретіндегі
философиялық-антропологиялық мән-мағынасын талдау;
– бақыттың қоғамдық әлемді құрудың мақсаты мен
жағдайын қалыптастырушы дүние екендігін білдіретін ұғымын
әлеуметтік қырынан түсіндіріп, түйіндеу болып табылады.
Монографиядағы зерттеудің теориялық базасын филосо-
фия тарихы мамандығы бойынша дәстүрлі әдіснамалық
негіздер құрайды, атап айтқанда бақыт мәселесін тарихи-
философиялық және этикалық талдау әдіс-тәсілдері, сондай-
ақ тарихилық пен логикалықтың бірлігі, салыстырмалы
сараптау, құрылымдық-функционалдық, герменевтикалық,
аксиологиялық, концеп-тілік талдау әдістері пайдаланылды.
Жұмыстың теориялық негіздері ортағасырлық және қазіргі
әлемдік ойшылдар мен отандық зерттеушілердің еңбектеріне,
ой-пікірлеріне сүйену бойынша жасақталды. Монографияның
деректік көзін ортағасырлық түркілік дүниетаным және жазба
мәдениеттің мәтіндері мен рухани ескерткіштері құрады.
12
Достарыңызбен бөлісу: |