219
Қызыл жебе
алдында тұр еді. Анықтама жасау актісіне вице-губернатор
Осташкин бас болып, округтік прокурор, Жетісу облыстық бас
дәрігері, оған көмекші екі дәрігер, Верныйдың учаскелік дәрігері,
Ұзынағаш станциясының учаскелік және облыстық басқарманың
кеңесшісі қатысты.
«Бұлар мені тағы тексере ме, қайта соттай ма? Мұнша адам
жиналғаны несі, атасына нәлет», – деп Рысқұл секем алып қалды.
Вице-губернатордың ишарасы бойынша айдауылдар Рысқұлды
шешіндіре бастады. Ішкі жейдесіне дейін шешті. Енді дамбалын
шеше бастағанда Рысқұл әлгілерді итеріп-итеріп тастады.
– Атасына нәлет, тірідей қорлағандарың аз ба еді!
Вице-губернатор округтік
соттың тілмашы Шоқұлын
шақыртты. Әнеу күні сотта өзін қорғап сөз сөйлеген қияқ мұртты
қазақ жігітін көріп, Рысқұл өз баласын көргендей қуанып кетті.
Вице-губернатор Боташ Шоқұлына істің мән-жайын түсіндірді.
Шоқұлы Рысқұлдың қолын алып амандасты:
– Отағасы, тәртіп солай, тыр жалаңаш шешініңіз. Бұлар
ерекше белгілеріңіз болса, соны жазып алады. Ссылкаға
айдалатындарды сөйтіп тексереді. Оған шамданбай-ақ қойыңыз,
– деп арқасынан қақты.
–
Дені дұрыс па, атасына нәлет. Менде қандай ерекше белгі
болмақ? Елдің еркегінікі қандай болса, менікі де сондай. Әбиүрді
білмейтін неғылған имансыз еді, түге.
– Ештеңе етпейді, отағасы. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ұсақ-
түйекке бола ерегісе бермеңіз. Ісіңізді қиындатып жібереді.
– Мейлі, атасына нәлет. Бірақ ана әйнек көз дәу қатынды
шығарып жіберсін.
Тілмаш орысшалағанда отырғандар күліп жіберді. Бәрі әлгі
әйел дәрігерді әжуалап, тиісе бастады.
– Иә, бұл түземдерде
әлі табиғи ұят, әдеп сақталған, – деп
сөзін салмақтап вице-губернатор жұрттың әзіл-оспағын тоқтатты.
–
Маргарита Васильевна, сіз шыға тұрыңыз. Түземдердің әлі
бұзылмаған әдетімен санаспауға болмайды.
Жуан сары дәрігер әйел иығын қиқаң еткізіп, шығып бара
жатып, Рысқұлға:
– Сеники қорқақ, – деп кетті.