«Король Лир»
қойылған кезде некесіз ұлдар жөніндегі моральдық һəм
заңдық идеялар драмалық шарттылыққа əлдеқашан айналып үлгерген
болатын. Сондықтан да Эдмундтың мінез-құлқы драмалық мəдениет
тұрғысынан жақсы таныс. Елизавета дəуірі ішіне пышақ айналмайтын
қызғаншақ əрі зұлым ниетті некесіз ұлдарға толы болды. Олар өзінің
тұлғалық болмысынан айырылған; жасаған əрекеттері өз ақылының «құпия
кінəратын» аңғартып қоятын (Шекспирдің «Болмашыдан шыққан дау»
(
Much Ado about Nothing
) пьесасындағы Дон Джоны, Турнердің «Қаскөй
трагедиясындағы» (
The Revenger’s Tragedy
) Спуриосы – осының дəлелі).
5
«Король Лирдегі»
маңызды контраст – Эдмундтың көпке аян зұлымдығы
мен Гонерил мен Реганның көзге көрінбес зұлымдығы арасындағы
қайшылық. «Бар дүниенің» кілтін уысында ұстаған екі қызға байланысты
«мұндай тасжүректер қайдан шығады» деген сұрақтардың жауапсыз
тақырыбы болып қала беруі керек. Олардың мінез-құлқы – тегіне
тартушылық тəрізді жаратылыс ұғымы тұрғысынан еш түсіндіруге
келмейтін Корделияның игілігіндей құпия нəрсе:
КЕНТ
Осы жұлдыздар,
Көктегі жұлдыздар біздің жағдайымызды басқарады;
«Бір биеден ала да туар, құла да»
Деген осы болды ғой. (4.3.33–6) (Ə.К.)
Лир өзінің естияр қыздарының ішкі табиғатын олардың некесіз
туылғанына жəне өзімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екеніне
сүйене отырып, екі рет түсіндіруге тырысады (1.4.262–3; 2.4.130–4);
Эдмунд өз əкесінің ұлы болса да, өз «ісін» білгенінше тартынбай жасайды,
өйткені ол моральдық жəне драмалық дəстүрге сай əрекет етеді.
Эдгар сюжет астарындағы мəннің шарттылығы арқылы өзінің cипатын
қаншалықты нақты анықтағанын көрсетеді. Ізгі ниетті жəдігөй рөлінен
басқа, алғашында аса көзге түспейтін ол, кейінірек жалған жындының
бейнесін əдейі сомдайды. Оның бұл əрекетінде Лирдің шынайы
алжасуымен тікелей қайшылық бар. Ақылынан адасудың мұндай екі
түрінің арасындағы айырмашылық драмалық рөлдер арқылы көрініс
табады. Эдгардың жасанды қылығы – осыдан бұрын Эдмунд иек артқан
стереотиптік ішкі табиғатқа еліктеу («менің ишарам – зұлымдықпен
астасқан жабырқау, бейшара Томның ауыр күрсінісі секілді» 1.2. 142–3).
Бұл көрініске Эдгардың киімі де, қимылы да сай таңдалған еді:
Ебіл-себіл күн кешпекпін енді мен
Бет-ауызға күйе жағып аямай,
Шаш белуардан,
Сақал деген қауғадай.
Сағал-сағал шүберекті жамылып,
Тыр жалаңаш жолға шығам асығып.
Абыройым ашылып та шашылып,
Ине шаншып, шеге қағып етіме,
Диуанадай таңба салып бетіме,
Жер-жаһанның қоқыры мен соқырын,
Өн бойыма жапсырып.
Кейбіреуге көкезу боп шаптығып,
Кейбіреуге етек тола еңіреп,
Адыра қалған жел диірмендер мен қой қора
Қыстақтар мен тас қорғанды тастамай,
Қайыр сұрап қақсамай,
Енді маған жоқ тіршілік басқалай. (2.3.13–20) (Ə.К.)
Король өзіне өшпенділік ызасынан бастап «бəріне көнгіш» сипатқа
дейінгі сан түрлі іске аспайтын оғаш рөлдерді елестетіп жатқан сəтте,
Эдгардың нақұрыс жасанды қылығы – əлеуметтік жəне драмалық əлемде
«дəлелі мен прецеденті» бар дүние. Оның өзі таңдайтын алжасқан жынды,
қарапайым деңгейлі диалектісі бар шаруа, рыцарь секілді барлық рөлін
саналы түрде қадағалауы стереотипті, бекітілген cипатта бейнеленеді.
Сюжет астарындағы кейіпкерлер əдет-ғұрпының көп бөлігімен сюжет
астарының ең жарқын екі ерекшелігі – көркемдік табиғаты мен архаизмі
өзара тығыз байланысты. Біріншіден, сюжет астары үнемі аудитория игілігі
үшін, сондай-ақ Лир мен Сайқымазақ үшін де нақты мағыналық
таңбалардан немесе суреттерден тұрады. Мысалы, Эдгардың кедей əрі
бейшара қалыпта шөмеле арасынан шығуы соңынан ерер нөкері мен
қолындағы билігінен айырылған Лирдің жанына батқан кедейлік пен аш-
жалаңаш күйдің физикалық шындығын жеткізіп тұр:
«Ұсқынына қараңдаршы, адам деп қайтіп айтарсың. Өн бойында өз жаратылысынан басқа, өзге
дүниеден ештеңе жоқ. Тұт ағашының құртынан жаралған жібектен, өгіз терісі мен қой терісінен
еш жұрнақ та қалмаған, əтірдің иісі де шықпайды. Біз бен сіз шетімізден жасанды, шетімізден
жалғанбыз, тек бұл ғана шынайы. Нағыз адам дегеніміз – өн бойында лыпа жоқ осы бір екі аяқты
хайуанның нақ өзі».
(3.4.105–11) (Ə.К.)
Лир көп кешікпей Эдгарға еліктеп, жалаңаштық метафорасын қолдануға
тырысып бағады. Осы кезде, Эдгар шынайы келбет пен сабақ алар өнеге,
пайымдауға жетелейтін ой нысаны ретінде қызмет етеді («Ұсқынына
қараңдаршы»). Бұдан соң дереу Глостердің шырақ ұстап, ішке енуі
Сайқымазақтың басқа тақырыптағы мынадай символдық қиялына шабыт
береді:
«Мына ен даладағы жылт еткен от қарт азғынның жүрегіне ұқсайды; бейне бір қылаң берген
ұшқын; денесінің қалған бөлігі сұп-суық. Əне, қараңдар! Мұнда жылжып от келеді».
(3.4.114–17)
(Ə.К.)
Кейінірек, алжасқан патша Дуврде ештеңені байқамайтын соқыр
Глостерді кездестіреді. Лир оны эмблемалардың қайнар көзі ретінде
пайдаланады: соқыр адам – «соқыр Купидон» (4.6.138) жəне «Гонерил – ақ
сақалды албасты» (4.6.97). Сонымен қатар пьесадағы əрбір оқиғада, біз
контексте көз алдымызға елестететін бейнеде нəпсіқұмарлық бар. Глостер
меңзеген бұл бейнелер Лирдің əділетсіздікке қатысты көзқарасымен
қиысады:
Сондықтан да шатынаған
Көзіңе əйнек ки-дағы,
Көп көрсоқыр саясатшы секілді,
Көрмесең де, көрген болып көрін сен. (4.6.172–4) (Ə.К.)
Таңбалардың атқарар қызметі, оның жекелеген мағынасын қоса айтқанда,
мейлі ол дəстүрлі немесе біреудің ұйғарымымен бекітілген болсын,
анықтау мен оқыту. Сол кезеңдегі көптеген таңбалық кітаптардың көздеген
мақсаты да осындай еді. Бірақ эмблемалар көбінесе ойдан шығарылып,
моральдық ақиқаттың көркем бейнесі сөзбен сомдалды. Ал Лир қиялының
таңбалы табиғаты ессіздік нышанына айналады. Оның таңбалары соны
жасаған кейіпкердің моральдық қиялын бейнелейді. Сонымен қатар
жалаңаштық, тəбет, əділетсіздік сынды пьеса тақырыптарын физикалық
ұқсастықтармен қамтамасыз етеді. Эдгар мен Глостер, мысалда
келтірілгендей, Лир эмблемаларының көркем бөліктерін құрайды.
Сюжет астарындағы көркем жеңілдетулер оның архаизмдік сапасының
ерекше сипатына ықпал етеді. Ол библиялық ұйғарымдар мен
метафораларды əділдік нормаларына айналдыру арқылы ортағасырлық
құқықтық моральды жиі туындатады. Глостердің соқырлығы – моральдық
қабылдау сезімінің жоқтығының шынайы көрінісі. Сондай-ақ ол сюжет
астарының ескі моральдық қарапайымдықтарға салыну тенденциясын
көрсетеді. Орта ғасырларда күнəдан арылудың əділетті библиялық
түсініктері: қанға қан немесе қиянат көрсетушінің көзін ою, əлдекімді
зорлағаны үшін ақтап жіберу əділ əрі тиісті жаза негізінде қолданылатын,
қалыптасқан құн болды. «Арудың сұлулығын көруіне сеп болған
жарығынан осылай айырылсын»
6
деген жаза да осы ұғымның аясында
туған.
Глостердің соқырлығы кейіпкерлер жүйесімен тікелей байланысты болса,
Лирдің
тартқан
азабы
мұндай
тəртіпке
мүлдем
бағынбайды.
Жарымжандық, бірінші кезекте, кез келген аудиторияны немесе оқырманды
қатыгездіктің жан түршігерлік көрінісі ретінде дір еткізеді. Ал Эдгар мен
Глостер кейінірек бұл жайттың əділеттілікпен байланысы бар екенін
ұғындырады. Біздің адамның жарымжандылығы, кемістігі туралы
ойымызды қайта қарауға мəжбүр етеді. Эдгар Эдмундқа соқырлық
жайында мұның нəпсіні тізгіндеу үшін заңдық тұрғыдан берілген жаза
екенін айтады:
Хақ тəңірі біздердің
Қай күнəміздің тауқыметін тартқызды.
Бұл дүниеге сені заңсыз əкелген
Айырылды əкем көзінен. (5.3.170–3) (Ə.К.)
Глостер өзінің соқырлығын бұрынғы ағат кеткен пайымдауының дəл
көрінісі һəм символы ретінде тіпті абайсыз алғыс ретінде қабылдайды:
Көз барда да көп адасқан жайым бар,
Күшің барда ақылыңды аз қылып,
Көзің барда көңілің көр болған соң,
Ғаріп кезде кірген естен не пайда? (4.1.19–21) (Ə.К.)
Глостердің соқырлығынан туындатып, оның күнəсі мен ақымақтығы
туралы ой өрбітеді. Өйткені пьесада соқыр адамның болуының мəні біз
үшін моральдық тілмен кестеленіп, Глостер мен Эдгар арқылы белгілі
болады.
Драманың дидактикалық тілі сюжет астарындағы кейіпкерлердің
стереотипке бейімділігін танытады. Эдмундтың өз ағасымен жəне əкесімен
рухани туыстығы өз өмірінің соңын ғибратты сөзбен жеткізгенінен анық
көрінеді: «Дөңгелек өз шеңберін толық айналып шықты; Мен осындамын»
(5.3.174). Ессіз күйдегі екі кейіпкердің, Эдгардың ой-тұжырымы жəне
Лирдің тіл ұшындағы сөзі мен қиялының арасындағы контраст – Эдгардың
жасанды рөлі мен корольдің шынайы ессіз күйі арасындағы айырмашылық
секілді тең дəрежеде қайран қаларлық жайттар. Алжасқан делқұлы ретінде
Эдгар өзін сипаттағанда да, өзі беретін ақыл-кеңесте де бұрыннан таныс
моральдық формулаларға, яғни, жеті өлім жазасы мен он өсиетке жүгінеді:
7
ЭДГАР
Жын-шайтаннан сескен, ата-ананы сыйла, уəдеге берік бол, кісімсініп кердеңдеме,
басқаның əйеліне көзіңді салма, сүйген жарыңды сəн-салтанатқа үйретпе. Том қасқа
тоңып барады. (Ə.К.)
ЛИР
Бұрын кім болып едің?
ЭДГАР
Мақтаншақ ем, ұшқалақ біреу едім. Əйел көрсем айналсоқтап шыға алмаушы ем.
Сылана бергенді, сипана бергенді ұнатушы ем. Беті жылтыраған ұрғашыға жүрегімді
көлденең тартып тұра қалушы ем. Үй-күйді ұмытып, безіп кетуші ем. Аузымды ашсам,
ант-су ішетінмін. Ол уəдемді көрер көзге аяққа басып жүре беретінмін. Қайдағы бір
лəззатты ойлап, ұйқыға кетіп, сол түсімде көрген лəззатты өңімде көру үшін ұйқыдан
оянатынмын. Шарап пен құмар ойын десе, ішкен асымды жерге қоятынмын. Əйел
мəселесіне келгенде түрік сұлтанынан өткен көрсеқызар едім. Ауыз жеңіл, сөзім
пəтуасыз, қолым аяусыз, шошқадан бетер көк жалқау, түлкіден бетер айлакер,
қасқырдан бетер ашқарақ, төбеттен бетер ұрыншақ, арыстаннан бетер қанағатсыз
нағыз сұмырайдың өзі едім. (3.4.80–95) (Ə.К.)
Эдгардың алжасқан делқұлы мен күнəһарлықтың көрінісі ретіндегі
бейнесі мүлтіксіз дəстүрлі категориялар мен эмблемалар («шошқадан бетер
көк жалқау» т.б.) арқылы жеткізіледі. Құрылымдық жағынан, жоғарыда
айтылған сөздің екеуі де əлгі сөзді айтқан кейіпкердің алжығанға ұқсайтын
кейпіне қарамастан, оның аузымен белгілі бір қалыпқа түскен орамды
тіркестермен бейнеленген.
Лирдің ақылынан адасқан сəттегі көріністер Эдгардың «ессіздігінен»,
сондай-ақ Глостердің ақылдан адасқандай күй кешуінен өзгеше сипатта
танылады. Мəселен, Лир неке адалдығын бұзуды білдіретін күнə жайлы
айта келіп, былай дейді:
Мына адамның өміріне кешіріммен қараймын.
Достарыңызбен бөлісу: |