ІІ ТАРАУ Өркениеттің ерекше үлгісі ретіндегі жалпытүркілік мәдениет эпикалық шығармалардың қандай екендігі туралы ойлар туындайды. Көктүрік
империясының тарихи құжаттарының аталған жинағы ерекше құндылықтарға
ие. Өйткені, мұнда уақытты сезіне алудың өте шебер көрінісі байқалады. Уақыт
ешқашанда тоқтамайды, сондықтан адам да, мемлекет те және қоғам да бір
орында тұралап қала алмайды. Ежелгі түркілер «мұздап қалған тарихтың»
өзін тербелген тірі қозғалысқа келтіріп, оның кеңістігін Еуразиядағы теңіздей
толқыған түркі әлеміне қарай бұруға қабілетті екендігін білдіре алады. Түркі
әлемі осынау шексіз де шетсіз кеңістікте бірігуді, бөлінуді, содан кейін қайта
бірігуді бастан өткеріп жатты. Бірлік жүйесінің ұлттық өзін-өзі тануының
дамыған үлгісіне қол жеткізгенге дейін ол әбігерленеді, өз орнын іздейді...
Орхон ескерткіштері оның тарихта өзін-өзі таба алғандығының дәлелі болып
көрінеді. Сондықтан да «Орхон трилогиясында» түркі өзінің тарихи өмір
жолына шынайы көзқараспен қарайды, жіберген қателіктері мен жаңсақ кеткен
тұстарын жасырмайды. Құлдырау мен шарықтау сәттерін зерттейді, өздері өмір
сүріп жатқан нақты уақыттың объективті көрінісін жасайды және де болашаққа
кемелді кемеңгерлікпен көз тігеді. Алғашқы түркі ескерткіштеріне жүргізілген
талдаулар қорытындысы түркілерді Батыстың көптеген идеологтары айтып
жүргендей тек қозғалысқа – жою мен жасауға ғана қабілетті ұлт емес, керісінше
терең
ойлауға қабілеті күшті ұлт болып қалыптасты деп айтуға толықтай негіз
береді. Немістің ұлы философы И.Канттың түркілерді селге теңегені бар. Ия,
түркі мінезінде мұндай адуындылықтар бар екендігі жасырын емес. Олар
жаңаның құрылысын бастау үшін ескіні жойып жіберуге бар.
Дегенмен, ежелгітүркілік ескерткіштерге жасалған талдаулар, ұлттың
материалдық игіліктермен қатар рухани құндылықтарды да жасауға қабілетті
де мұратты екендігін дәлелдеп берді. Алғашқы түркілік идеологиялық
ескерткіштерге жүргізілген талдаулар түркілердің қолымен жасалған
құндылықтардың батыс идеологтарының құндылықтарына қарағанда әлдеқайда
шынайы, кемелді, зайырлы да ізгілікке бай екендігін айқын көрсетіп отыр. Бір
ғана «Өзіңе орал» атты түркілік идеяның өзін ғана өзін-өзі тану ғылымының
алғашқы манифесті деп атауға әдбен болады. Ал, мұны жасауға батыс
идеологтары сонау ХV ғасырдан бері талмай ізденіп келе жатқанымен, оны әлі
күнге дейін құрастыра алмай келеді. Ағылшын тарихшысы «Жаңа Сократты»
іздеп тыныштық көрмесе, біздің түркілер мұны өздерінің алғашқы тарихи
ескерткіштерінен тапты. Міне, сондықтан да Орхон ескерткіштерін нағыз
шынайылық пен парадигманы, сондай-ақ кемеңгерліктің ерен үлгісін танытты
деп айтуға әбден болады.