өзгеше сұлулығы мен саздылығында, ырғақ пен әуезділік үрдісінің
жаңа үйлесім табуында.
Мағжан туған табиғатты жырлап,
кіршіксіз тазалықты содан
іздейді. Ақынның шерлі жүрегі содан ғана тағат тапқан.
Ақынның табиғатты жырлаған өлеңдері:"Қайық", "Жел", "Толқын",
"Көкшетау", "Алатау", "Жазғытұры", "Күз", т.б.
Мағжан өлеңдеріндегі сұлу сезім оның махаббат тақырыбындағы
өлеңдерінен айырықша сезіледі. Ақынның мөлдір сезімі жан сыры
арқылы өріліп, өлең жолдарына өзгеше өрнек салады.
Мағжан – қазақ поэзиясында өзіндік жаңашылдығымен дәстүр
қалыптастырған, соны ізденістер арқылы өзінің ақындық
өнерпаздығына ғана тән әдеби әдістер әкелген ақын. Ахмет
Байтұрсынов ХХ ғасыр басындағы поэзияға
азаттық сарынды арқау
етсе, Мағжан қазақ лирикасына сыңғырлаған нәзік әуез нәрін құйып,
ұлттық рухты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады.
Оның "Қорқыт" (1922), "Ертегі" (1922), "Оқжетпестің қиясында"
(1923), "Қойлыбайдың қобызы" (1923), "Батыр Баян" (1923), "Жүсіп
хан" (1924) тәрізді бірнеше поэмалары бар.
"Қорқыт" поэмасы – қазақ ауыз әдебиетіндегі белгілі аңыздық
кейіпкер – Қорқыт турасындағы туынды. Бұл поэмада әлемдік
әдебиеттегі қаһармандық ұлы тұлғалардың бірі,
ұлы мақсат арқалап,
адамзатты өлімнен арашалауға ұмтылып, өлімнен қашып, ажалмен
күрескен Қорқыт бейнесін сомдай отырып,
ақын Қорқыт образын өз
рухымен ұштастыра береді.
"Қорқыт" поэмасындағы автор ұсынған идея – мәңгілік күрес
идеясы. Бұл – Мағжан поэзиясындағы азатшыл сарынның незігі желі
екендігінің тағы бір дәлелі.
Мағжанның бір-біріне жалғас туған, алған тақырыбы да, айтар ойы
да ортақ екі поэмасы бар. Алғашқысы - "Оқжетпестің қиясында",
соңғысы - "Ертегі". Алдыңғысы Кенесары жайлы болса, кейінгісі оның
батыр ұлы Сыздық туралы. Екеуі де азаттық атты ұлы идеяны арқау
еткен, соған бағытталған. Мағжан, мейлі, аңыз араластырсын, не қиял
қоссын соның бәрі бір ғана нәрсені жырлаудың ұтымды тәсілі болып
шығады.
"Батыр Баян" поэмасының басты жетістігі – Баян батырдың
шындықтан сомдалған шынайы көркем образының жасалуы. Ол –
Сыздықтай, Кенесарыдай, Қорқыттай, Қойлыбайдай аңызбен астасып,
ертегімен етене байланысып кеткен бейне емес, өмірдің реалды
шындығынан жаралған толыққанды тұлға.
Батыр Баян бейнесі
оқырманға бірте-бірте ашылғанмен, ә дегенде-ақ, өзіне ерекше тартып,
өзгеше қызықтырады.
Бір жорықта қолға түскен қалмақ қызының аянышты тағдыры
поэманың сюжеттік желісінің біріне айналған. Сөйтіп, қолға түскен
қалмақ қызына Батыр Баянның туған інісі Ноян ессіз ғашық болады.
Екі жас уағда бойынша қалмақ еліне қашуға тәуекел етеді. Бұған қатты
күйінген Батыр Баян ашу үстінде екеуін де өлтіреді.
Мағжан шеберлігінің сыры - тарихи шындық пен көркемдік
шындықты жымдастырып жіберуі. Ел аңызы мен ақын қиялы бірін-
бірі толықтырар бірлік тауып, шығарманың
шыншылдығын бекіте
түседі.
Жалпы алғанда, Мағжан шығармашылығы – қазақ поэзиясына
өзгеше леп әкелген соны шығармашылық ізденіс жемісі. Қазақ
оқырманы Мағжан поэзиясын енді ғана тұщына оқып, «мың
қайталап», жанына рухани ләззат тауып жатуының сыры осында.
Қазақ әдебиеттану ғылымы оның ұлт ақыны ретіндегі ұлылығын енді-
енді тану жолына түсті. Мағжантану мәңгіге жалғаса бермек.
Достарыңызбен бөлісу: