2.5
Құрбанғали Халид Аягөзидің “Тауарих хамса” (Бес тарих)
кітабындағы тарихи-философиялық мәселелер
Қазақтың тарих философиясын жаңа деңгейге көтерген өзіндік
еңбекке Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамсасы” жатады. М.Х.
Дулатиден бастау алған тарихи дәстүр өз жалғасын XIX-XX
ғасырлардың басында Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістанда өз
жалғасын табады. “Тауарих хамса”, автордың өзіндік ескертуі бойынша,
тек шежірелер жинағы мен тарихи баяндау емес, онда Шығыстың бес
халқы туралы, ең алдымен қазақ халқы жөнініде мәдени-этнографиялық,
дүниетанымдық, аңыздық-мифологиялық және т.б. келелі мәселелер
көтерілген энциклопедиялық туындыға жатады.
Соңғы екі он жылдықта Орта Азия мен Қазақстанда этнографиялық
зерттеулердің кең жолға қойылуына байланысты күннен-күнге тек қана
далалық-этнографиялық материалдар ауқымы кеңейіп қана қоймай,
сонымен бірге әдеби деректер де молая түсуде. Архивтер мен
кітапханалардан беймәлім және нақты зерттелінбеген жазбалар,
туындылар алынып, ұмытылған есімдер ғылымда өз орнын табуда.
Жазықсыз ұмыт қалғандардың қатарында революцияға дейінгі
қазақтардың және де Орта Азияда, Қазақстанда, Шығыс Түркістанда
қоныстанған басқа да халықтардың тарихы мен этнографиясын
зерттеуге елеулі үлес қосқан қазақстандық тарихшы, этнограф
Құрбанғали Халидтің де есімі бар. Оның “Тарих-и жәридә-и жәдидә” –
“Тарихтың жаңа жазбалары” (1889 ж.), “Тауарих-и хамса-йи шарқи” –
“Шығыстағы бес елдің тарихы” (1910 ж.) атты өте қызықты екі еңбегі
Қазанда басылып шыққан еді.
Құрбанғали Халидтің шығармашылығында көптеген тарих
философиясына қатысты мәселелер қойылады. Автордың пікірі
бойынша, тарих бүкіл адамзаттың уақытпен біріктірілген оқиғаларының
тұтастығымен сипатталады. Ол өткен шақтың оқиғаларын суреттеумен
шектелмей, оларды қазіргі өмір мәселелерімен байланыстырады. Қ.
Халид грамматика тіл ғылымының тұзы болса, ал тарих – жалпы ғылым
атаулының азығы дейді. Бұл жерде тарихи білімнің объективтілігі
мәселесі туындайды. Егер жаратылыстанулық білімде дерек өзімен өзі,
субъектіден тыс қарастырылатын болса, тарихи деректің түпнегізін
тарихшы келтіретін куәліктер құрастырады. Бұл куәліктердің
объективтілігі компаративистикалық зерттеулермен айқындала түседі.
Құрбанғали Халид тек шежірелер және жылнамалармен шектелмей, өз
баяндауында ат-Табаридің, Жүсіп Баласағұнның, ибн-Халдунның,
Әбілғазының т.т. еңбектеріне, шығыстанушылардың (В. Радлов, А.
Вамбери, Н. Қатанов және т.б.) зерттеулеріне кеңінен сүйенеді.
152
Тарихи білімнің объективтілігі мәселесінде деректерді тікелей
бақылау мен байқаудың маңызы ерекше болып табылады. Өйткені
шынайы тарих қашанда географиямен түйіседі.
Құрбанғали қызметінің ажырамас бөлігі – саяхаттары болып
табылады. Оның өлкенің географиясы мен топономикасына қатысты,
қалалардың, бекіністердің, ірі елді мекендердің тарихы туралы
мәліметтері негізінен өзінің жеке бақылаулары мен жергілікті
тұрғындармен пікірлесуі нәтижесінде және сонымен бірге жеке аудандар
мен қалалардың ішкі өміріне қатысты өзі құрастырған жылнамалық
материалдарына сүйене отырып жасалды. Ол сонымен қатар өзін
қызықтырған мәселелер бойынша жеке адамдар жіберген жазбаша
мәліметтерді де пайдаланған. Мәселен, Қарқаралы қаласының тұрғыны,
молда Юлдашбай Жауһари (бұқаралық) оған Қарқаралы аймағы мен
қаласының географиялық жағдайына, экономикасы мен тарихына
қатысты жасаған анықтамасын жібереді. Құрбанғали осы мәліметтерді
Орталық Қазақстанның гипсометриялық ерекшелігін сипаттауға және
оның “Арқа” атауының пайда болуын түсіндіруге пайдаланады. Кей
сәттерде оған түрлі халықтар тарихының белгілі бір кезеңдеріне сәуле
түсіретін немесе солардың билеушілерінің қызметін баяндайтын әдеби
деректер мен құжаттар түсіп отырды.
1897-1898 жылдары Құрбанғали Мекке-Мәдинеге қажылыққа сапар
шегіп, жолай Батыс Еуропаның бірнеше елдерінің астаналары мен Таяу
Шығыстың көптеген қалаларын аралайды. 90 беттен тұратын
сапарнамалары мен осы саяхат туралы естеліктері “Тауарих-и хамсада”
да пайдаланылған. Бұл сапарнамада этнография мен терминологияға
қатысты қызғылықты мәліметтер мен салыстырмалы материалдар
көптеп кездеседі. Қажылыққа бару сапарында ол сол кезеңдегі
Түркияның көрнекті ағартушыларының бірі Ахмед Мидхатпен
Ыстамбұлда танысып, тарих және басқа да гуманитарлық ғылымдар
жөнінде пікір алысуы оның осы салалар жөніндегі білімін толықтыра
түседі.
Құрбанғали өте қарапайым болатын. Мәселен, өзімен сырттай
таныс, тек қана мәліметтер жіберушілердің өзге де адамдардың қызметін
өте жоғары бағалап отырған.
Өзінің “Тарих-и жәридә-и жәдидә” атты бірінші еңбегін 1885 жылы
Шәуешектен Шығыс Түркістанның ішкі аудандарына, көне Турфанға
жасаған саяхаты кезінде жинаған материалдары мен сапарнамалары
негізінде жазады. Автор осы еңбегінде (көлемі 71 бет) жолында
кездескен елді мекендерге, олардың төңірегіне қысқаша географиялық
және тарихи сипаттама жасап, тұрғындардың шаруашылығын
суреттейді, сонымен бірге жеке топонимдер мен жергілікті терминдерге
түсінік береді. Мазар, мешіт, басқа да “қасиетті” орындар саналатын
сәулет өнерінің құрылыстары мен ескерткіштеріне, сондай-ақ жергілікті
153
діни оқымыстылардың аузынан естіген немесе мазар шырақшылары мен
дінбасылары авторға пайдалануға берген деректер мен ескі кітаптардан
жинақтаған “әулиелердің” өмірбаяндарына ерекше көңіл бөлген.
Суреттелген объектілердің ішіндегі ең тамашасы – Турфан қаласы
маңындағы тау. Аңыз бойынша, осы жердегі үңгірді ежелден “жеті
әулие” мекен етіпті. Кітаптың алғы сөзінде Құрбанғали Алтышәрдің
халқы ислам дінін қабылдағалы бері ұдайы шапқыншылықты, есепсіз
бүліктерді, ұрыстарды, басқа да қиындықтарды бастан кешіргендіктен өз
елінің тарихын тіптен білмейтіндігін айтады.
Бір вакуфтық грамотамен таныса келе, Құрбанғали Турфан қаласы
өткен заманда сұлтандардың астанасы мен мекен-жайы болғандығын
анықтайды. Сол кезеңдерде қалада тарихшы-жылнамашылар да болған,
алайда олардың кітаптары өзара қақтығыстар мен шет жерлік
басқыншылармен соғыс кезінде жойылып кеткен. Қ. Халидтің осы
кітабындағы мәліметтер сөз жоқ тарихшылар мен этнографтарға,
археологтарға бағалы материал ретінде қызмет етеді.
Құрбанғали тарихшы ретінде 1909 жылы аяқтаған екінші кітабы
“Тауарих-и хамса-и шарқи” арқылы белгілі болды. Осы кітап туралы
1913 жылы 15-наурызда “Шуро” журналында (№ 6, 763-бет) автордың
қазасына байланысты жарияланған көңіл айтуда былай деп жазылған:
“1910 жылы Қазанда оның екінші кітабы, яғни шығыс түркілеріне
арналған “Тауарих-и хамса-йи шарқи” деп аталған үлкен “Тарихы”
баспадан шығып таратылды. Егер аңыздар мен ескі нанымдарға қатысты
жеке элементтерін алып тастаса, бұл кітап, шын мәнінде тамаша еңбек.
Онда өте құнды және басқа еш жерде кездеспейтін мәліметтер бар. Кітап
автордың ғалымдығы мен адамгершілігін және оның ойы мен ақылының
еркіндігін көрсетеді.
Осы кітаптың кейбір тараулары Ферғана (Қоқан) хандығының,
Алтышәрдің, қазақ, қырғыз халықтарының және қалмақ-жоңғарлардың
тарихына арналған.
Кітаптың үлкен бөлігі қосымшалардан тұрады. Бұл тарауда
Қазақстан мен Шығыс Түркістанның тарихы мен географиясына және
кейбір қалалардың тарихына қатысты, сондай-ақ қазақ, дұнған,
шалақазақ (шалақазақтар – өзбектер мен татарлардың жергілікті қазақ
қыздарымен некелесуінен пайда болған, ерекше этникалық топ. Қ.
Халид бұған арнайы тоқталған) тағы басқа халықтардың этнографиясы
мен тарихына байланысты көптеген мәліметтер беріледі. Кітаптың
тақырыбына және негізгі мазмұнына байланысты автор былай дейді:
“Хамса” (“Бестік”) мен “Таттима” (“Қосымша”) бір кітапты құрайды,
алайда “Хамсада” бес негізгі топтар туралы басты мәліметтер берілсе, ал
“Таттимада” 1300 жылға дейін салынған кейбір қалалар туралы деректер
және де осы датадан бірнеше жылдар кейін болған, яғни біздің кітап
жазылғанға дейінгі оқиғалар келтірілген. Сондықтан да біз оларды екіге,
154
ал “Такмилді” “Қосымшасымен” үшке бөлдік. Қандай да мәліметтің
болмысын негізінен іздеген адам “Хамсадан” жеке, екінші дәрежелі
мәселелерді “Таттимадан”, ал жинақталған деректерді “Такмилден” таба
алады. “Такмилде” шығыс халықтарының тарихы кең түрде
берілгендіктен, “Хамса” атауына біз “шарқи” деген анықтаманы қостық,
сондықтан кітаптың аты “Хамса-йи шарқи” - “Шығыс бестігі”.
Қ. Халид өзінің еңбегін негізінен материалдар жинағы деп
есептейді. Автордың білімге ерекше құштарлығы мен әр мәселеге
зерттеушілік тұрғыдан қараулы бірден назар аудартады. Әсіресе, ол –
этнографиялық құбылыстарды жай ғана, сырттай бақылаушы ретінде
суреттеп қоймайды, оны талдап, сол құбылыстардың өсуі мен тарихи
дамуын түсінуге тырысады.
Атап өтетін бір нәрсе – автордың деректер мен оқиғаларды
баяндаудағы объективтілігі және соларға көңіл қоярлықтай түсіндірме
беруге тырысатындығы. Этнографиялық материалдарды келтіре
отырып, ол халықтың рухын түсінетіндігін, оның мәдениетін, әдет-
ғұрпын, мінезін сыйлайтындығын, әр халықтың тарихи тағдыры - өмір
сүру жағдайы мен тұрмыс ерекшелігіне тығыз байланысты екендігін
терең түсінетіндігін танытады.
Қазақтардың мәдени дәрежесі мен ақыл-ой қабілетін бағалай келе
Құрбанғали былай деп жазады: “Даналар ақыл-ойды екі категорияға
бөледі, оның бірін табиғи ақыл-ой (ғылым арқылы жинақталған ақыл-
ойдан ерекше) деп атайды. Қазақтардың ақыл-ойы ғылым арқылы
жинақталмаса да, яғни олар этика мен мінез-құлық ережелерін оқып
үйренбесе де, өзінің парасаты мен ақылының арқасында жақсыны
жаманнан айыра алады. Сондықтан оларды жабайы көшпелілер деп
атауға болмайды, есесіне оларды табиғи мәдениеті бар адамдар деп
атаған дұрыс та нақты болар еді. Осы ойды дәлелдеу үшін өлең түріндегі
нақыл сөздер келтірген:
Шаңда жатқан алтынның жарқылы кетпейтіні сияқты,
Туған жердің абыройы жеке адамның қабілетіне әсер ете алмас.
Қалада тұрған кейбіреудің бейнесі дәл жабайы адамдай.
Көшпелінің қаншасын біз байқадық, бейне Платон данадай.
Кейбір мәселелерді баяндағанда және жеке құбылыстардың себебін
түсіндіргенде автор мұсылман дінін ұстаушы, дін ілімін зерттеуші ғалым
ретінде, исламды уағыздап, діннің рөліне үлкен мән береді. Сонымен
бірге, біз оның еңбегінен қазақ халқының кейбір “рухани тәрбиешілері”
– надан молдалар мен “заңды” молдалардың қызметіне қарсы
көзқарасты да кездестіреміз. Арнаула параграфта осындай дін
қызметшілеріне нақты, әшкерелеуші сипаттама берілген және халық
тарапынан оларға деген өсіп келе жатқан өшпенділіктің себебін
түсіндіруге тырысқан.
155
Қ. Халидтің молдалар туралы ашу-ызаға толы баяндауларын оқи
отырып, оның ойының қазақтың шығыстанушы ғалымы, ағартушысы
және демократы Шоқан Уәлихановтың “Сот реформасы туралы
жазбаларында” дәл осындай қасірет жайлы жазғандарымен астасып
жатқанын көреміз.
Екі автор да патша үкіметінің қазақ халқын “ағартуға” бағыттаған
надан молдаларының залалды әсерлері туралы айта келіп, олардың
қарамағындағы маңызды қоғамдық істің бірі – неке мен ажырасуды
бұрынғысынша, билер сотының қолына беруді талап етті.
Қазақтардың дінге сенуі, діни реформаның қажеттігі жөніндегі
мәселелерде екі автордың көзқарастары қарама-қарсылыққа ұшырайды.
Олар қазақтардың қай дінді ұстайтындығы жөніндегі мәселеде
келіспейді. Қ. Халид қазақтарды “шын мәніндегі дінге деген сенімі
терең, берік нанымдағы мұсылмандар” деп есептейді.
Қ. Халид әр халықтың тілін зерттеп оны өз оқырмандарына
таныстырып отырады. Ол лексика және терминология мәселелеріне
айрықша тоқталған, сонымен бірге түрік, араб, парсы тілдерін
білетіндігін пайдалана отырып, әр сөздің, терминнің этимологиясын
немесе пайда болуын түсіндіруге тырысқан. Алайда айта кететін нәрсе,
автор кей кезде араб тілінің қазақ тілі лексикасын байытудағы, әсіресе
терминдерді қалыптастырудағы маңызын әсірелеп жіберген.
Қ. Халидтің аталған шығармасындағы этнографиялық және тарихи
материалдар мен мәліметтердің негізгі бөлігі қазақтарға қатысты.
Қазақтардың шығу тегі мен тарихына арналған тараудың
кіріспесінде Құрбанғали оқырмандарына, осы еңбекті жазуына қазақтар
тарихына байланысты арнаулы шығарманың болмауының әсер еткенін
хабарлайды. “Осы жағдайларға байланысты, – деп жазады ол, – мен
байғұс, үлкен күш жұмсап, жиырма жылдан артық уақыт материалдар,
арнаулы әдеби деректер жинап, солардың бәрін бір жүйеге келтіріп,
қаймағын қалқып осы кітапқа енгіздім”.
Автор кітаптың қазақ тарихына арналған тарауларында мынадай
мәселелерді: алаш, өзбек, қазақ, ноғай атаулары туралы, жүздер, ұрандар
туралы және қазақ пен ноғайдың бірігуі мен бөлінуіне қатысты
аңыздарды, Орталық және Солтүстік Қазақстан территорияларындағы
археологиялық, архитектуралық ескерткіштер туралы, Шыңғыс хан
және оның тұқымдары, Асан ата және оның даналық сөздері, хандардың
сайлануы туралы, төрелер мен төлеңгіттер, Орта жүз қазақтарының
Ресейге қосылуы және әкімшілік округтардың, бекіністердің,
қалалардың негізінің қалануы, шалақазақтар этникалық тобының
тарихы, жалған атақ жамылған молдалар мен олардың қырдағы қызметі
туралы жайттарды баяндайды.
Қазақстан бойынша топономикалық материалды елдің физикалық
және тарихи географиясымен, сонымен бірге тіл ерекшелігімен тығыз
156
байланысты қарастырады. Қазақ тіліне, поэзиясына, тілдің өзіндік
ерекшелігіне кітаптың ондаған беттері арналған.
Құрбанғалидың қазақтарға байланысты этнографиялық очерктерінің
үлкен бөлігі рухани мәдениетке (әдет-ғұрып, салт, наным, халықтық
педагогика, поэзия және т.б.) арналған. Сонымен бірге, материалдық
мәдениетке байланысты да қызықты деректер кездеседі. (Мысалы, бір
параграф бүтіндей қымызға арналған). Кітапта киімдерге, ыдыс-аяққа,
мал шаруашылығына қатысты бағалы мәліметтер бар.
Құда түсу мен той салты біршама нақты суреттелген. Қазақтардың
осы бір семьялық мерекесін көптеген этнографтар Қ. Халидке дейін де
және онан кейін де зерттеген еді. Әрине, осы мәселені зерттеушінің
әрбіреуі өзінің шығармасында өз таным дәрежесіне қарай көңіл бөлуге
тұрарлық жағдайларды атап өтуі табиғи нәрсе. Соның ішінде, белгілі
қазақ ағартушысы, педагог және этнограф Ыбырай Алтынсарин той
және жерлеу салтын суреттегенде мәселенің экономикалық жағына
ерекше көңіл бөледі, олардағы кері әсер ететін қалдық элементтерді
көрсеткісі келеді. Мысалы, қалың малмен қыз жасауының құнын
салыстыра келіп, ол күйеу мен қалыңдық жақтың бірдей шығын
шығаратынын түсіндіреді. Алайда, шаруашылық көзқараспен қарағанда
жасау қалың малға қарағанда елеусіз нәрсе, себебі қалыңдық қайын
атасының үйіне қымбат заттарды әкелгеніне қарамастан, олардың
күнделікті өмірдегі маңызы төмен. Қалыңдық төсек – орны келгеннен
соң осы заттардың жартысынан көбі күйеуінің қалың малға үлес қосқан
туыстарының қолына көшеді.
Қ. Халид қалың малдың көлемін әр түрлі варианттарда
қарастырады. Ол қазақтың той салтын толық қарастырып, оны татар,
ұйғыр, өзбек тойларымен салыстырады. “Тауарих-и хамсада”
қазақтардың әдетінде – деп жазады – “күйеуді күту, құрметтеу, қадірлеу,
сыйлау дәстүрде жоқ. Онан да жаманы, егер күйеу тарапынан сәл ғана
әдепсіздікті байқаса, онда қалыңдықтың жеңгелері оған тіл тигізуі
мүмкін... тіпті шапалақпен тартып жіберуі де ғажап емес.”
Онан әрі сол кезеңде белгілі Барақ батырдың қалыңдығына бірінші
барғандағы қиналғандығы туралы әңгімесін келтіреді: “Жан-жағымнан
дұшпанның қалың қолы қоршағанда қорықпаған едім, бірақ күйеу
болып қалыңдығыма барғанда маған қарсы шыққан әйелдер тобырын
көргенде, жүрегім тоқтап қала жаздады. Себебі, дұшпаныңмен
шайқасуға болады, ал әйелдердің алдында ештеңе істеуге болмайды, тек
салт бойынша басыңды төмен иіп тұрғаннан басқа...”.
Тойдың мәні күйеу мен қалыңдықтың ата-анасының арасындағы
келісім екендігін айта отырып, Қ. Халид былай деді: “Әркім
қалыңдықты өзінің жағдайына қарап, байлар бай жасауымен, кедейлер
шамасынша шығарып салатынына қарамастан, барлығының ортақ
шарты – қалыңдықты алынған қалыңмалға сай жасауымен, аттандыру.
157
Егер жасау қалыңмалға сай болмаса, онда күйеу жағы өкпелеп, кей кезде
жанжал да шығарады”. Қ. Халидтің осы мәліметі қалыңмал мен
жасаудың басты нәрсесі – сәукеленің жойылып кеткендігін, оны енді
тігін машинасы, самаурын және сол сияқты басқа заттармен
алмастырғандығын көрсетеді.
Ы. Алтынсарин еңбектері біршама ертелеу жазылғандықтан, ондағы
мәліметтерде сәукеле әлі де болса жасаудағы басты зат болып
есептеледі.
Осы екі автордың мәліметтерінде той салтының ежелгі
элементтерінің бірі – отқа табынудың, яғни табалдырықтан аттағанда
жас келін отқа май тамызу дәстүрінің бірте-бірте жойылып бара
жатқанын көреміз. “Жас келін қайын атасының үйіне кіргенде, – деп
жазады Ы. Алтынсарин, – ошаққа дейін үш рет сәлем беріп баруы керек,
сонан соң үйдің ортасындағы отқа қолына берілген шөмішпен май
тамызуы керек”.
Қ. Халид Әсет ақыннан жазып алған, сол кезеңдегі кең тараған той
жырларының (“Беташар”, “Жар-жар”) бүкіл циклын келтіреді. Тойды
суреттегеннен кейін ол үйленген балаларына енші беру және тұрмысқа
шыққан қыздарына төсек-орын беру туралы, кенже ұлы ие болып
қалатын туған үйінің маңызы, келіннің жанұядағы хал-жағдайы туралы
әңгімелейді.
Құрбанғали жерлеудің, қаралы жылдың және ас берудің күрделі
жобаларын үлкен шеберлікпен суреттейді.
Бұл салт-жораларды көптеген авторлардың суреттегеніне қара-
мастан, Қ. Халид материалдарының жан-жақтылығы, мазмұндылығы
және терең талдануы тек қазақ көркем әдебиетіндегі ғажайып
суреттемелерден ғана кем түседі деуге болады. Құрбанғали салтанатты
ас беру дәстүрінің өте ертеден келе жатқанын атап өтеді. Ол осы
дәстүрдің пайда болу себебін түсіндіргісі келеді. Ас беру қайтыс болған
адамның және оның балаларының байлығының көрсеткіші екенін айта
келіп, оның балалары мен туыстарына үлкен шығын әкелетінін
көрсетеді. Автор бай және атақты адамдарға ас берудің ажырамас және
ең қымбат бөлігі, бәйгелеріне тым қымбат заттар тігілетін ат
жарыстарын толық суреттейді. “Көп жағдайда, – дейді автор, – бәйге
тоғыз бөліктен тұрады... Егер тоғыздың басы күміс жамбы немесе түйе
болса, онда оған тағы сегіз бас мал не сегіз зат қосады”.
Ас беру дәстүрінің дамуына көз жібере отыра, Қ. Халид бұл
қазақтардағы қатаң сақталатын және үлкен дайындықпен өткізілетін
ежелгі салт деп көрсетеді. Бұл дәстүр хиджраның 1200 жылына дейін
және онан кейін де (1785-1786 ж.ж.) әсіресе 1280 -1300 ж.ж. (1863-1882
ж.ж.) ынтамен орындалып отырған. Алайда, ғасырдың соңына қарай ас
беру бірте-бірте сирей бастады. Оның себебін Қ. Халид қоғамдық
өмірдегі жағдайлардың өзгеруіне байланысты (билік үшін талас, яғни
158
болыстыққа талас және қарсылас партиялардың пайда болуы) адамдар
арасындағы қатынастың нашарлауынан деп есептейді. Екінші себебін ол
молдалардың әсерінің күшеюінен, яғни “байлыққа құмартып, олар ас
берудің дұрыс еместігі туралы шешімдерін кең таратып, әр түрлі теңеу
пікірлерімен халықтың құлағын сарсытты” – деп көрсетеді.
Көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты қазақтың халық
календарына автор өзінің кітабының 13 бетін арнаған. Ол ай санауды
және әр айдағы шаруашылыққа маңызды және тиімсіз күндердің бар
екендігін, оның айдың тоғам шоқ жұлдызымен тұстас келуінен және т.б.
құбылыстарға байланысты екендігін толықтай түсіндіреді. Қазақ
календарын Қ. Халид басқа халықтардың халық календарымен
салыстырып, қазақ және парсы тілдеріндегі ай санауға қатысы бар
маңызды мәселелерді, нақыл сөздерді келтіреді.
Жалпы алғанда Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамсасы”қазақ
топырағында қалыптасқан тарихшы, этнограф, діни қайраткердің
әлеуметтік-философиялық ойларға толы құнды шығармасы. Бұл еңбек
қазақтың тарих философиясында ерекше орын алады. Автордың өзі атап
өткендей “Түркістан мен Ташкент сияқты үлкен шаһарлардың
қолтығында жүргендіктен”, Ұлы жүз қазақтарының “іштерінен
тарихшылар, білімдар оқымыстылар бар деп әркім ойлар еді”.
Шығыстағы қазақтардың ахуалын жазған еңбектер сирек кездеседі.
Сондықтан Қ. Халид бұл олқылықтың орнын толтырғысы келеді және
осы мәселеге тұтас ұлт мүдделері тұрғысынан келеді: “Себебі Аягөз –
туған жеріміз, найман – жүрген еліміз. Бір жүздің ахуалын тәптіштеп
жазумен бірге, қалған екі жүздің де тарихы қоса жазылады. Себебі
бұлардың бәрі бір ел тарихы болғандықтан бөлектеудің қисыны
болмайды”.
Әлі де болса ақтаңдақтары көп қазақ халқының тарихы мен
этнографиясын оқып-үйрену барлық әдеби және деректі шығармаларды
табуды және зерттеуді талап етеді. Әсіресе, жергілікті авторлар
қалдырған деректердің құндылығы ерекше бағалы болар еді. Осындай
деректердің қатарына Қ. Халидтің “Шығыстағы бес елдің тарихы”
очерктері де жатады. Бұл өз заманындағы (XІX ғасырдың екінші
жартысы – XX ғасырдың басы) қазақтар мен басқа да халықтардың,
этникалық топтардың өмірінің әр түрлі жақтары туралы жан-жақты
мәліметтердің жиынтығы.
Қ. Халид ауызша және жазбаша деректерді тыңғылықты жинаудың
нәтижесінде қазақ халқының тарихы мен этнографиясын терең
баяндауға қолы жетті. Автордың мұсылман дінбасылары тобына
жататындығымен бірге, ол тарихшы ретінде өзінің қызметтестерінен бір
саты жоғары көтерілуге және қатардағы дін қызметкерлері
шектеулігінен
шығуға
да
шамасы
жетті.
159
Достарыңызбен бөлісу: |