Қырық бесінші тарау
Осы қарсаңда Мартинге Крейз келді — баяғы нағыз адамдардың бірі.
Мартин оның келгеніне қуанды, адам айтса нанғысыз қиялдан туған бір
керемет кəсіп ұйымдастырмақ екен, онысы жазушыға болмаса, есепқой
тақыс финансиске қолайсыз шаруа көрінді. Дегенмен Мартин сөзін ықылас
қойып тыңдады. Сөз арасында Крейз «Күн масқара болдының» хикаясына
түсіп кетіп, оны қияли адамның сандырағы ғой деп қойды.
— Бірақ мен мұнда философияны сөз ету үшін келгенім жоқ,— деді де
тағы өз сөзін өзі бөліп.— Менің білейін деп келгенім кəсібіме бір мың
доллар үлес қосасыз ба, жоқ па?
— Жоқ, бұл шаруаға үлес қосатын мен қияли емеспін,— деді Мартин,
— бірақ өз ойымды айтайын. Сіз өмірімде ең бір қызық кеш өткізуіме
себепші болған едіңіз. Сол кеште сіздерден естіген сөзді ақшаға сатып
алуға болмайды. Ал қазір мен үшін ақшаның қадірі жоқ. Естен кетпестей
сол отырыстың құрметі үшін бір мың долларды жай-ақ берейін. Сізге ақша
керек, менде ақша көп. Алғыңыз келсе анау-мынау деп алдарқатпай ала
қойыңыз!
Крейз бұған таңданған жоқ. Чекті алып, қалтасына сала салды.
— Бүйтер болсаңыз, жеті сайын бір кеш өткізіп тұрайын.
— Жоқ, кешіктіңіз,— деді Мартин басын шайқап,— ол менің ең бірінші
жəне ең соңғы айрықша кешім екен. Өзге дүниеде болғандай əлі
қайранмын. Сіздер үшін онда елеулі ешнəрсе болған жоқ. Маған бəрі ғажап
көрінді. Ол сəт енді қайтып оралмайды. Философияны жауып қойдым,
естігім де келмейді.
— Өмірімде философиядан олжа түсіргенім осы еді,— деді Крейз
есікке қарай кетіп бара жатып,— ол да болса ұзағынан болмады-ау.
Бір күні көшеде миссис Морз жарқырауық жеңіл арбамен Мартиннің
жанынан зыр етіп өте шыққан; көзі түсіп кеткенде ол кісі ізетпен бас иіп
күлді. Мартин де жымиып, қалпағын көтерді, бірақ бұл кездесу оған
ешқандай əсер еткен жоқ. Егер бір ай бұрын ұшыраса, бəлкім, тіксінер ме
еді, əлде күлер ме еді, миссис Морз не оймен олай етті екен деп, делдал
болар ма еді. Қазір бұл оқиға санасына жеткен жоқ. Əлгінде ғана өзі
қасынан қаперсіз өткен орталық банк немесе ратуша сықылды миссис
Морзды да тез ұмытты. Бірақ миы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Бəз-баяғы
«əлдеқашан» деген сөз миын шағып барады. Ертемен ояна кетсе есіне
келеді, ұйықтаса түсіне кіреді. Көргені, естігені, сезгені — əммесі
санасында «əлдеқашан» деген сөзбен мидай араласып жатады. Логикалық
түйсігі Мартинге: сен қазір ешкім де емессің, түк емессің деп ой тұйығына
қамайды. Сауықшыл, жел өкпе Мартин Иден, жаһангез теңізші Мартин
Иден өмірде бар тірі адам еді. Ал ұлы жазушы Мартин Иден өмірде
ешуақытта болмаған құр лебіз. Ұлы жазушы Мартин Иден жалғаншыл
тобырдың ойдан шығарған өтірігі, оны жел өкпе, сауыққой теңізші Мартин
Иденнің тəніне əкеп теліген солар. Осының бəрі алдамшы дүние екенін ол
жақсы біледі. Тоқмейілсінген өңшең тобыр бас иіп, алдына ас тартып,
құлқынын алдаймыз деп əлек болып жүрген ертегінің қаһарманы өзі емес,
ол нағыз Мартин Иден емес. Мұны жақсы біледі.
Мартин журналдардың өзі туралы жазғанын оқып жүр, басқан
суреттерін көріп жүр. Бірақ соның бəрін шындық деп ойламайды. Ол қала
шетінде, жұмысшылар арасында туып өсті, солармен бірге өмір сүрді, өз
қадерінше қызық көрді. Ол кісіге қайырымды еді, тұрлаусыз тағдырдың
тепкісін талай көрсе де мойыған жоқ, сағы сынған жоқ. Ол жат елдерді де
көп аралаған, күн райына қарамастан, қалшиып талай-талай вахтада
тұрған, бір кезде өзі сияқты тентектердің сойқанды сүрегін бастаған. Ол
кітапхананың тұңғыш табалдырығынан аттағанда тізіліп тұрған көп кітапқа
қайран қалып, қайтерін білмеген. Кейін соның бəрін оқып, түсінетін болды.
Ол түн ортасы ауғанша шамын сөндіріп көрген емес, ұйықтап кетем деп
төсегіне шеге сеуіп жатты, ақыры бір кезде өзі де кітап жазды. Бірақ қазір
жұрттың бəрі қонаққа шақырып жүрген ынсапсыз обыр өзі емес.
Бұл елдің кей мінезі қызық. Журналдың бəрі қазір Мартин Иденді біз
таптық деп таласатын көрінеді. «Уоррен айлығы» өзінің оқушыларын
Мартин Иденді елден бұрын көрген біз, яғни əрқашан да жас талант іздеуді
өзіне мəшһүр етуші біздің журналымыз еді деп сендірмек болған. «Ақ
тышқан» бұл атаққа біз иеміз депті. «Солтүстік барлаушысы» мен
«Макинтош» журналы да ешкімнен қалысар емес. Ақыры оларға «Глобус»
дау айтып, сөзін растау үшін баяғыда борша-боршасын шығарып, бірақ
бірінші болып басатын «Теңіз толғауларын» дəлел етіпті. Борышынан əрең
құтылып, жарық дүниені жаңа көрген «Жастық һəм балиғат» журналы да
Мартин Иденге правосы барлығын білдірген. Бір тəуірі, бұл журналды
фермер балаларынан өзге ешкім оқымайды. «Трансконтиненталь айлығы»
атақты авторды қашан, қалай ашқаны туралы арнайы мақала жазды.
«Көбелек» редакциясы «Пері мен меруертті» бəрінен бұрын өзі басқанын
хабарлап, «Трансконтиненталь айлығының» сөзін бекерге шығарды. Ал
осы у-шудан кішіпейіл «Синглтри, Дарнлей һəм К°-ның» үні естілген жоқ.
Өйткені, өзінің журналы болмауынан ол Мартинге хұқы барын елге
естіртіп айта алмады.
Ал газет атаулы Мартиннің қаламақысын есептеумен əбігер. Сондықтан
кей журналдың мырзалығы елге естіліп қалса керек; Оклендтің
уағызшылары Мартиннен қайыр-садақа дəмететін болды, толып жатқан
сұғанақ сұраншылар ауызша да, хат арқылы да өтініш айтып, маза
бермейді. Бəрінен беймаза əйелдер екен. Мартин Иденнің фотографиясы
елге тарап кеткен ғой, ал газет хабаршылары оның «қоладан құйған
мүсіндей
кескінін»,
«қақпақтай
жауырынын»,
«сабырлы
ашық
көзқарасын», «дүниені тəрк қылған тақуадай ашық жүзін» айтып жете
алмайды. «Ашаң жүзді» естігенде желікті жастық шағы есіне түсіп күлді,
ол кезде əйелдердің осы қалай деп сұқтана, сынай қараған сөзден өткір,
оттан ыстық көздерін талай көруші еді. Бриссенденнің сақтандырғаны
есіне түскенде де бір күлді. Жоқ, əйел заты енді азапқа сала алмайды.
Оларға бұрынғыдай қайырылмайды.
Бір күні Мартин Лиззиді кешкі мектебіне ертіп бара жатқанда əдемі
киінген бір сұлу əйелдің екеуінің қасынан өте беріп, Мартинге жалт
қарағанын Лиззи байқап қалған. Көзі Мартинге болар-болмас қана
кідіргенімен соның сырын сезе қойған Лиззи қалтырап, қатты ашуланды.
Лиззидің ашулану себебін кейін білген Мартин ондайдың талайын көріп
жүргенін, бірақ əйел қылығы өзіне əсер етпейтінін айтқан еді.
— Мүмкін емес!—деді сонда қыз көзі жалт етіп.— Əлдебір ауруыңыз
бар ма?
— Денсаулығым өте жақсы. Тіпті семіріп, салмағыма бес қадақ
қосыппын.
— Тəніңіз ауырады демеймін, жаныңыз ауыратын болар. Сізде бір
нəрсенің салқыны бар екені анық. Оны мен екеш мен де сезіп жүрмін!
Мартин ойланып қалды.
— Құрысыңыз тезірек тарқаса екен деп тілеймін!— деді тағы да қыз
кенет.— Сіз сияқты еркек əйел назары түскенде елең етпей қалмаса керек
еді. Егер көңіліңіз шын селт етпейтін болса, бұл табиғатқа жат əдет екен.
Сіз бала емессіз ғой. Оллаһи, сізді сергітетін əйел табылса қуанар едім.
Лиззиді шығарып салып, Мартин «Метропольге» қайтып оралды.
Қозғалмай, ойланбай алдына түйіле қарап, креслода отырды. Тек
мезгіл-мезгіл көз алдына өткен өмірінен бұлдыр елес келеді. Түс көрген
адамдай сол елеске ойсыз қарайды. Бірақ өзі ояу. Бір уақытта селк етіп,
сағатына қарады. Аттай сегіз. Бітіретін жұмыс жоқ, ұйықтауға ерте. Ойы
тағы шырматылып, бытыса бастады, көз алдынан қалықтап, тізбек-тізбек
болып тағы елес өтті. Бірақ есте қалар еш көрініс байқалмайды. Үнемі
қалың жапырақтың арасынан селдіреген күн сəулесі көз алдынан кетпейді.
Біреу есік қағып, оятып жіберді. Бірақ ол ұйықтаған жоқ-ты. Есік
қаққан мезетте ойына телеграмма, хат, жуылған кір əкелген қызметші түсті.
Қиялына əлдеқалай Джо оралды. Қазір ол қайда жүр екен...
— Кіріңіз!
Джоны ойлап отырған Мартин келген кісіге бұрылып қараған жоқ. Есік
өте ақырын ашылған, біреудің əлгіде ғана есік қаққанын ұмытып кеткен
Мартин ешнəрсе көрмесе де ілгері қадала қараған қалпында отыра берді.
Бір кезде булығып жылаған əйел даусы естілді. Мартин ұшып түрегелді.
— Руфь!— деді ол таңырқап.— Өзі əлденеге шошып кетті.
Қыздың жүзі қуқыл да қайғылы екен. Бір қолымен есікке сүйеніп, бір
қолын кеудесіне басып тұр. Əлден уақытта ол жалбарынған адамдай қолын
созып, ілгері ұмтылды. Мартин Руфьті креслоға апарып отырғызды.
Саусақтарының мұздай екенін сезді. Тағы бір кресло жақындатып, жанына
өзі отырды. Сасқанынан не айтарын білмеді. Руфьке деген сүйіспеншілігі
жүрегінде көптен бері көмулі жатқан. Өзі «Метропольда» емес, бір жетіден
бері
жиылған
кірі
ыбырсып,
үйіліп
жатқан
«Қайнарбұлақтың»
кірханасында тұрғандай сезінді. Сөйлескісі келіп, бірнеше рет оқталып еді,
бата алмады.
Менің мұнда келгенімді ешкім білмейді,— деді ақырын Руфь
жалынышты адамдай қипақтап күле қарап.
— Не дейсіз?
Өз даусына өзі таңданып қалды Мартин.
Руфь бір айтқан сөзін қайталап тағы айтты.
— О!—деді ол, аузына түскені осы болды.
— Қонақ үйге кіргеніңізді сыртыңыздан көрдім де, сəл кідіріп, мен де
кірдім.
— О!—деді ол тағы да.
Ешуақытта тілі мұндай күрмеліп көрген емес. Ақыл-зердесі қайда
кеткен. Үндемей қалу ерсі сияқты, бірақ біреу өлтіремін десе де үндейтін
дəрмен жоқ. Расында да қазір «Қайнарбұлақтың» кірханасында болғаны
жақсы еді, екі жеңін сыбанып жіберіп қызу жұмысқа алаңсыз араласар еді
ғой.
Руфь қулана күлді, кеудесін жапқан шарфын шешті.
— Түнеугі қызбен кетіп бара жатқаныңызды бүгін тағы көрдім...
— Иə, кешкі мектебіне шығарып салдым.
— Немене, мені көргіңіз келмей отыр ма?—деді қыз біраз кідіргеннен
кейін.
— Жоқ, көргім келеді, əрине, қуанып отырмын,— деді Мартин
сасқалақтап,— бірақ мұнда жалғыз келуіңіз лайық па?
— Мен ешкімге білдірмей жасырынып өтіп кеттім. Мұнда екенімді
ешкім білмейді. Сізді көргім келді. Зердесіз екенімді түсіндім деп өзіңізге
айтқалы келдім. Төзе алмағасын келдім. Жүрегім əмір еткесін келдім...
келгім келгесін келдім!
Руфь орнынан тұрып, Мартинге жақындады. Қолын иығына салып,
жүрегі лүпілдеп, жиі-жиі дем алып, бір мезет тұрды да Мартиннің
кеудесіне басын иді. Жаратылысынан рақымды, кісі көңілін жықпайтын
Мартин қыздың бетін қайтару қиын екенін түсінді, қылығына қылық
көрсетпесе қыздың намысына, өжданына тиетінін білді. Бəрін білгенімен,
түсінгенімен құшағының қызуы, көңілінің ықыласы жоқ еді. Қолдарымен
тек қапсыра құшақтағаны болмаса. Бірақ қыз іші-бауырына ене түсті,
алақанын мойнына салды, əттең, осының бəрі бұрынғыдай Мартиннің
бүткіл денесін дір еткізген жоқ, бұл халді қолайсыз көрген ол іштей ұялды.
— Неге қалтырайсыз?—деді ол.— Тоңып тұрған жоқсыз ба? Камин
жағайын ба?
Мартин қыздың құшағынан босағысы келгендей болған еді, Руфь қатты
қысып, жібермеді.
— Нервінікі ғой,— деді ол тісі сақылдап.— Кəзір басылады. Басылып
келеді.
Қалтырағаны бірте-бірте бəсеңдеді де. Жігіт оны əлі құшақтап тұр,
бірақ таңырқаған жоқ. Неге келгенін түсінді.
— Мамам Чарли Хэпгудке күйеуге шыққанымды тəуір көретін еді ғой,
— деді Руфь.
— Чарли Хэпгуд дейсіз бе? Ол əлгі əдепсіз, əлденені айта беретін жігіт
пе?—деді Мартин. Сəл кідіріп:
— Енді сізді мамаңыз маған бергісі келіп жүрген шығар,— деді.
Бұл сөзді ол сұраулы үнмен айтқан жоқ. Солай екенін анық білетін
адамша кесіп айтты. Осы кезде қаламақысы көп цифр болып, көз алдынан
бұлдырап өте шықты.
— Мамам қарсы емес.
— Мені сізге лайық көре ме?
Руфь басын изеді.
— Ол кісі сертімізді бұзғаннан кейін де мен тəрбиелі, сыпайы кісі бола
қойған жоқпын,— деді Мартин ойланып.— Өзгергенім жоқ. Баяғы Мартин
Иденмін. Қайта қазір бұзыла бастаған сияқтымын, темекі тартамын.
Байқадыңыз ба, түтін исі мүңкіп тұрған жоқ па менен?
Жауап орнына Руфь қылымсып, сүйгізгісі келіп, алақанын ерніне
тигізді. Мартин сүйген жоқ, қолын тартқанша күтті.
— Мен əлі өзгерген жоқпын. Қызметке кірген жоқпын. Іздегенім де жоқ
оны. Іздегім де келмейді. Мен баяғыдай Герберт Спенсерді адамгершілігі
күшті, ұлы адам деп білемін, ал судья Блоунтты есек миын жеген деп
есептеймін. Кеше ғана үйінде түскілікте болғанымда бұған көзім тағы
жетті.
— Папам да шақырып еді ғой, неге келмедіңіз?— деп Руфь азарлай
қарады.
— Оны қайдан білесіз? Кім жіберді оны маған? Мамаңыз емес пе?
Руфьте үн жоқ.
— Əлбетте, мамаңыз жіберген ғой! Өзім де солай шығар деп ойлап
едім. Тегі, сіздің де сол кісінің ақылымен келіп отырған сыңайыңыз бар-ау
деймін.
— Менің мұнда келгенімді ешкім білмейді,— деп Руфь азар да безер
болды,— əнтек айтасыз, мамам ондайға бармайды.
— Алайда, кəзір маған күйеуге шығуыңызға қарсы емес қой, бұған
шəгім жоқ.
Руфь жалынышты үнмен:
— О Мартин, мұншама неге қатал болдыңыз!— деді дауыстап.— Мені
əлі бір сүйген жоқсыз. Жібімейсіз. Ойлап қарасаңызшы — сізге өз
аяғыммен келіп тұрмын ғой!— Ол айналасына үрейлене, бірақ сынай
қарады.— Ойласаңызшы, қайда келіп тұрмын мен!
«Сіз үшін жаным пида! Бір ғана сіз үшін шыбын жаным садаға!» деген
Лиззидің сөзі Мартиннің есіне түсті.
— Бұрын неге осылай етпедіңіз?—деді ол ызбарланып.— Мен тар
лашықта тұрғанда. Ашығып-арып жүрген шағымда. Мен сол кезде де адам
едім, жазушы едім, кəдімгі Мартин Иден едім. Осы сұрақты соңғы кезде
өзіме жиі қоямын, сізге емес бүкіл ел алдына қоямын. Көріп отырсыз, түк
өзгергенім жоқ, тек тез көтеріліп кеткенім болмаса. Бəз баяғы Мартинмін!
Басым, иығым, он саусағым, аяғым бəрі баяғы қалпында. Бұрынғыма жаңа
талант, не бір өнер қосқаным жоқ. Миым да сол қалпында. Əдеби,
философиялық көзқарасым өзгерген жоқ. Атақсыз, қорғансыз күнімдегіден
құным артқан жоқ. Олай болса кəзір менің күтпеген жерде құрметті қонақ
болып кетуім неден? Əрине, жұрт менің өз басымды бағалап жүрген жоқ,
өйткені мен бұрын ешкім керек қылмаған баяғы Мартин Иденмін. Демек,
олар менің өзімді емес, өзге бір нəрсені қадір тұтатын сияқты. Ал олар
ойлап тапқан қасиеттің маған еш қатынасы жоқ. Олар менің неменеме
қызығып жүр? Атағыма. Атақ шынында мендік емес, менен сырт дүние,
өзге дүние. Ол халайықтың қиялындағы нəрсе. Олар менің ақшама да
қызығады. Ақшамның көп екені рас. Бірақ ақша да менен сырт дүние, ол
банкіде жатыр, толып жатқан Джон, Том, Джек дегендердің қалтасында
жүр. Мүмкін сізге де менің ақшам мен атағым керек болған шығар.
—Уһ, жүрегімді тілкім-тілкім қылдыңыз-ау,— деді Руфь.— Менің сізге
ғашық екенімді, ғашық болуымнан да осында келіп отырғанымды жақсы
білесіз ғой.
— Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз — деді Мартин сыпайы.— Айтыңызшы,
бір кезде менен ат-тоныңызды ала қашқан өзіңіз едіңіз ғой, енді ғашықпын
деп отырсыз, неге бұлай?
— Кешіріңіз, өткен істі ұмытайық!—деді Руфь безек қағып.— Сізді
баяғыдан сүйемін! Естисіз бе, баяғыдан! Мұнда əдейі келіп, мына
құшағыңызға кіру себебім осыдан.
— Қазір мен адам баласына сенбейтін болғанмын. Айтылған əрбір сөзді
ақыл таразысына салып, мысқалдап отырамын. Сіздің маған деген
сүйіспеншілігіңізді де саралап, салмақтап, не зат екенін білгім келеді.
Руфь Мартиннің құшағынан босап, бойын жазып, бетіне қарады.
Бірдеме айтқысы келіп еді, үндемей ішіне іркіп қалды.
— Бұл мəселе жайлы өз пікірімді айтайын ба?—деді Мартин.— Бүгінгі
дəрежеге қолым жеткенше өз табым болмаса өзге ешкім мені керек қылған
жоқ. Кітабымның бəрін жазып болғаннан кейін қолжазбамды көрсеткен
адамның ешқайсысы мынауың дұрыс деген емес. Қайта мен бір масқара іс
жасағандай сен кітап жазасың деп балағаттаушы еді. Жазуды қой, «жұмыс
істе» деуші еді бəрі де.
Руфь қарсылық білдіргісі келгендей ишарат етті.
— Иə, иə,— деді ол тағы да,— маған жұмыс істе демей, қоғамнан
орныңды тап деген сіз ғана едіңіз! Осы «жұмыс» деген сөз сықылды менің
бүкіл жазғандарым сізге ерсі көрінетұғын. Бұл сөздің дөрекілеу екені де
рас! Мені бір қылмысты адамдай көріп, жөнге саламыз деушілердің жұмыс
тап, қызмет істе дей беруі де меніңше, дөрекілік еді. Ақыры не болды?
Кітаптарым басылып, елге атағым жайылды, сонан кейін мен туралы пікір
де өзгерді. Кітабымның бəрі көп жыл бұрын жазылып бітуіне қарамастан,
ол шықпай тұрған кезде сіз де Мартин Иденге күйеуге шықпаймын деп
отырып алғансыз. Ғашық та өмірлік серік те бола алмай қалып едіңіз! Кəзір
ғашықпын дейсіз, сүйемін дейсіз. Бұл ғажайып өзгерістің себебі неде?
Менің атақты адам болуымда ма? Өзге сылтау жоқ. Менің табысымды сөз
етпей-ақ қояық, сіздің оны еске алмауыңыз мүмкін. Бірақ ата-анаңыз мұны
ескермеді деп айта алмаймын, олар үшін табыс елеусіз нəрсе емес, үлкен
мəселе.
Осының бəрі мен үшін қуанарлық қылық емес! Ең жаманы ол қасиетті
сүйіспеншілік, ғашықтық сөзім бар дегенге күдік туғызады! Ғашықтық
біреудің атағына, тобырдың пікіріне құл ма екен? Бəлкім, солай болар! Осы
туралы үнемі ойланумен басым айналып кетті.
— Обал-ай!—деп Руфь Мартиннің шашын сипады.— Енді қайтып
басыңыз ауырмай-ақ қойсыншы. Бəрін қайтадан бастайық, Мартин!
Мамамның сөзіне еремін деп шалағайлық жасап алғаным рас. Ермеуім
керек екен. Адамның əлсіздігін кешіре білу керек дейтін өзіңіз едіңіз ғой.
Маған кешірім беріңіз. Қателестім. Ғафу етіңіз!
— О, кешірдім! Кешірер кінə болмаса кешіру де оңай. Сіздің
қылығыңыз кешірім керек етпейді. Əркім өзіне ұнағанын, өзіне дұрыс
көрінгенін орындайды. Мысалы, қызметке кіргенім үшін сізден менің
кешірім өтінуім орынды.
— Қызметке кіріңіз десем, қамыңызды ойлаған шығармын. Ғашығыңа
жаның ашиды да!
— Оныңыз рас, бірақ қам ойлаймын деп кесел келтіре жаздадыңыз. Иə,
иə! Менің творчествома, болашағыма кесел келтіре жаздадыңыз! Мен шын
айтқанды жақсы көремін. Буржуазия мəдениеті шындықты көтермейді.
Буржуазия қорқақ. Ол өмірден қорқады. Сіз де мені өмірден қорқатын
бұйығы, ынжық адам етіп тəрбиелемек боласыз. Торға қамағыңыз келді,
менің өжданыма жат, теріс, өресіз, тоғышар пікір телігіңіз келді.— Қыз осы
арада қарсылық білдіргісі келген еді, Мартин қолын сермеп, ырық берген
жоқ.— Тоғышарлық, бишаралық, тіпті адал ниеттен туған күннің өзінде де,
буржуазия мəдениетінің, буржуазиялық нəзік мəдениеттің арқауы болып
отырады. Сіз менің жанымды аздырып, үй күшік өз адамыңыз етпек
болдыңыз, өзіңіздің таптық арманыңызды, таптық мораліңізді, таптық
сеніміңізді маған телімек болдыңыз.
Мартин мұңайып, басын шайқады.
— Сіз қазір де мені түсініп отырған жоқсыз. Сөз мағынасын меніңше
емес, өзіңізше топшылап отырсыз. Менің айтқандарым сіз үшін бос сөз,
құрғақ қиял. Ал мен үшін — шындық. Сіз міне нас тұрмыстан, төменнен
көтерілген, тəрбиесіз біреу, біздің табымызды сынамақ болады,
тоғышарсыңдар деп тілдейді, деп таң қаласыз, айтқан сөзімді ілтифат
көрмейсіз, ермек көресіз.
Руфь қынжылып басын Мартиннің иығына сүйеді, тағы да денесі
қалтырады. Бірдеме айтар ма екен деп Мартин аз күтті. Үндемеді. Сонан
кейін тағы сөйледі.
— Енді қайтадан бастайық деп отырсыз! Қосылайық, ерлі-зайып
болайық дейсіз. Мен сізге енді керек болыппын! Сөзімді дұрыс түсініңіз,
егер кітаптарым сəті түсіп жарық көрмесе, жұрт оны ұнатпаса, өзім
өзгермей баяғы қалпымда қала берсем қайтер едіңіз? Сіз маған, əрине, өз
аяғыңызбен келмес едіңіз! Келсеңіз кітаптарым үшін ғана... Шайтан
алғыр...
— Жаман сөз айтпаңыз,— деді қыз.
Мартин кекете күлді.
— Міне, міне!— деді ол.— Өмірдегі ең зор бақытыңыз сынға түскен
сəтте дөрекі сөзден сескендіңіз. Сіз жалпы өмірден қорқасыз.
Мартин осында келгендегі ниетін қорлағандай Руфь селк ете түсті;
айтқан сөзін əділетсіздік деп біліп, көңіліне жəбір алды.
Біраз уақыт екеуі үндемей отырды: қыз қайтем деп қынжылса, жігіт
келмеске кеткен сүйіспендік сезімін жоқтады. Руфьті еш уақытта
сүймегенін жаңа түсінді. Ол өзінің қиялындағы Руфьке, ойында өзі
тудырған періштеге, поэзиясына қуат беруші жарқын образға ғана ғашық
болып жүріпті. Ал нағыз Руфьті, психологиясы буржуазиялық, ой-өрісі
буржуазиялық буржуа қызы Руфьті ол ешқашан сүймеген екен.
Қыз кеңет:
— Айтқаныңыздың көбі шын, мойындаймын,— деді,— өмірден үркіп
келгенім рас. Сізге жан-тəніммен ғашық бола алмағаным да рас. Бірақ қазір
шын ғашықтықтың не екенін түсіндім. Сіздің қазіргіңізге, өткен өміріңізге,
бүгінгі дəрежеге жеткізген мінез-құлқыңызға — бəріне ғашықпын. Сіздің
мен шыққан таптың өкілдеріне ұқсамайтын өзгеше қылығыңыздың бəріне
ғашықпын. Кей пікіріңіздің түсініксіз екені рас. Мейлі, жүре бара түсініп
кетермін! Темекі тартуыңыз, орынсыз сөз айтып қалуыңыз əдет шығар,
сіздің ол мінезіңізді де жақсы көрейін. Көп жағдайға үйлесермін,
үйренермін. Соңғы он минуттың ішінде бірсыпыра нəрсені аңғардым.
Бұрын мен үстіңізге осылай кіріп келер ме едім? О, Мартин!..
Руфь жылап, Мартиннің кеудесіне бетін басты. Ұзақты кеш бірінші рет
ықыласы түскен Мартин қызды қапсыра құшақтады. Руфь оның мейірін
сезе қойып, кірпігін көтеріп, көзі жадырап қарады.
— Тым кешіктік,— деді Мартин. Осы арада Лиззидің сөзі есіне түсті.—
Мен ауырамын, Руфь. Жоқ, тəнім емес, жаным ауырады, миым ауырады.
Маған қазір ешнəрсенің қадірі жоқ. Ештемеге зауқым жоқ. Егер жарты жыл
бұрын келгеніңізде жағдай өзгеше болатын еді. Қазір уақытты өткізіп
алдық, тым кешіктік!
— Жоқ, əлі кеш емес! Оны дəлелдей аламын. Сүйіспеншілігім берік
екенін, өмірдегі ең қымбаттым екенін дəлелдей аламын. Буржуазия
мадақтайтын дүниенің бəрінен бас тартамын. Өмірден іргемді аулақ
салмайтын боламын. Əке-шешемді тастап, өз бетіммен кетемін, жүзі қара
атансам да шімірікпеймін. Тіпті, қазір сізбен бірге осында қалуға əзірмін.
Егер қаласаңыз ашық түрде ашына болайық. Мен бұл халден де өзіме
қуаныш, мақтаныш таба аламын. Егер бұрын өзімнің ғашығыма опасыздық
еткен болсам, енді мені осы жолға түсірген əзəзілдің бəріне опасыздық
жасаймын.
Екі көзі жайнаңдап, Руфь Мартиннің алдында біраз тұрды.
— Күтіп тұрмын!—деді ол сыбырлап.— Мартин, сіз «мақұл» десін деп
күтіп тұрмын. Кəне, бір қараңызшы маған.
«Неткен тамаша сұлу көрініс,— деп ойлады Мартин қызға қарап тұрып,
— бұрынғы кінəсінің бəрін жуды, нағыз əйел бола бастағанын көрсетті,
буржуазия ғұрпының шынжыр бұғауынан босанды. Таңғажайып тамаша,
қандай əсем... Бірақ маған не болған?
Руфьтің өжет қылығы Мартинге онша əсер етпеді, ол шын
таңқалдырған жоқ. Тек ақылымен өлшемді бағасын берді. Өртену орнына
самарқау құптады. Жүрегі тулаған жоқ, қаны қызып, қалтырап, ынтыға
түскен жоқ. Лиззидің сөзі тағы есіне келді.
— Мен аурумын, қатты ауырып жүрмін,— деді Мартин өмірден бейілі
қайтқан адамдай қолын бір сермеп.— Бұған дейін дімкас екенімді
байқамаппын. Бір нəрсе жетіспейді маған. Өмірден қорқып көрген емес
едім, бірақ оның қызығынан жерінемін деп ойлағаным жоқ. Мен өмірден
тойдым. Бұл дүниеден ешбір үмітім жоқ. Тіпті, сізге деген құмарым да
тарқаған. Көріп отырсыз, мен аурумын!
Ол креслоның арқалығына сүйеніп, көзін жұмды; жылаған баланың күн
нұрын көрсе жұбана кететіні сияқты Мартин де ойда жоқта көз алдында
елестеген бір суретке — арасынан селдіреген күн сəулесі төгілген
жамыраған жасыл желекке қарап, ауруын да, Руфьті де, күллі дүниені де
ұмытты. Желек тым жасыл екен, көз ұялтып шыдатар емес. Сонда да
көргісі келіп, түйіле түсті.
Бір кезде есік тұтқасы сыбдыр етті. Қараса, Руфь есік алдында тұр.
— Қалай шығар екем?—дейді ол жалынғандай.— Қорқып тұрмын.
— О, кешіріңіз!— Мартин асығыс орнынан тұрды,— япыр-ай, не
болғанымды білмеймін. Мұнда екеніңізді де ұмытып кетіппін.
Мартин жалма-жан маңдайын сипады.
— Көрдіңіз бе, денім сау емес. Үйіңізге апарып салайын. Басқа қосалқы
есік бар, сонан шығарып жіберейін. Ешкім көрмес. Бірақ бет пердеңізді
түсіріңіз.
Тар коридормен, қараңғы басқышпен жүріп келе жатқанда Руфь
Мартиннің білегінен мықтап ұстап айырылмады.
— Міне кеңшілікке де шықтық, енді қорықпаймын,— деп Руфь көшеге
шыққасын, қолын босатқысы келді.
— Үйіңізге дейін шығарып салайын.
— Жоқ, жоқ, қажеті жоқ!
Қолын тағы да босатпақ болды. Жігіт аң-таң. Қорқар жерде
батырсынып, мына кеңшілікке шыққан соңғы жерде неден қаймыға қалды
екен, менен құтыла алмай тұр ғой өзі, əлде нервісі қозғалғаны рас па, деп
ойлады. Мүмкін, солай да шығар-ау. Мартин қолын босатпай, қыздың үйіне
қарай бұрылды. Екеуі бұрышқа таяна бергенде Мартин үстіне ұзын пальто
киген əлдекімнің қаға берісте қараң етіп, ауланың есігіне кіріп кеткенін көзі
шалып қалды. Тұсынан өте беріп, ауланың ішіне тағы бір қараған еді,
танытпау үшін жағасын көтеріп алған Руфьтің бауыры Норман екен — тани
кетті.
Жол бойы екеуі көп сөйлескен жоқ. Қыз қайғылы, жігіт салғырт еді.
Мартин Тынық мұхит аралдарына жүргелі жатқанын айтты, қыз бейуақта
бөлмесіне кіргеніне кешірім өтінді. Осымен сөз тоқтады. Қыздың үйіне
жеткенде екеуі араларында кикілжің сөз болмағандай қол алысып,
қоштасты, бір-біріне жайлы жатып, жақсы тұрыңыз десті. Мартин тіпті
иіліп қалпағын көтерді. Есік тарс етті. Мартин папиросын тұтатты да қонақ
үйге қарай беттеді. Норман кіріп кеткен есіктің тұсына келгенде тоқтап,
ойланып тұрды.
— Қыз маған өтірік айтқан екен ғой,— деді ол дауысын шығарып,—
өжетсініп, өзінше мінез көрсеткен болған еді, сыртта бауыры тосып
тұрыпты ғой.— қарқылдап күлді.— Ах, буржуа! Кедей күнімде
қарындасының маңынан жүргізгісі келмеуші еді. Банкіден мен счет
ашқаннан кейін өзі ертіп əкелгенін қарашы!
Мартин ілгері жүре бергенде əлдебір кезбе артынан қуып жетіп,
шынтағынан қақты.
— Қайыр етіңіз қожайын! Жамбасыма төлейтін тиыным болмай тұр,—
деді.
Даусын шырамытып, жалт қараса, Джо, жалма-жан қолын алып,
амандасты.
— Есіңде ме, екеуміз кездесеміз əлі деген едім ғой. Айтқаным ақыры
келді, міне кездестік!— деді Джо.
— Ажарың жақсы! Семіріп кетіпсің ғой.
— Оның рас, өмір шіркіннің не екенін кезбе болғасын білдім!
Салмағыма отыз қадақ қосыппын, денсаулығым өте жақсы! Бұрын
өлімдесіп жұмыс істеп, құр сүлдерім қалған екен. Кезбелік маған жаққан
сияқты!
— Əй білмеймін, бір түнеп шығуға ақша сұрап жүрсің ғой,— деді
Мартин əзілдеп,— түн салқын.
— Һм! Ақша таба алмай жүр деймісің!— Джо қалтасынан бір уыс
майда шығарып,— маған осы да жетер еді, келбетіңе қызығып, қарауылға
алғаным рас,— деп шынын айтты.
Мартин қарқылдап күлді.
— Мынау жанбасың түгіл жұтқыншағыңды жібітуге де жетеді.
Джо маңғазданып, ақшасын қалтасына қайта салды да:
— Жоқ, ішуді қойғанмын,— деді.— Қазір арақты тəбетім тартпайды.
Екеуміз айырылысқаннан бері бір-ақ рет мас болдым, онда да аш қарынға
ішіп, өзім ақымақтық жасаппын. Айуанша арпалысып, ауыр жұмыс істеп
жүргенде араққа айуандай сұғынушы едім. Қазір адамша өмір сүре
бастағалы арақты да адам сияқты ішетін болдым! Оқта-текте бір стаканын
қағып жіберемін, сол жетеді!
Мартин келесі күні тағы жолығатын болып уəделесті де қонақ үйге
кіріп кетті. Вестибюльде кеме жүретін уақытты анықтап білді. Бес күннен
кейін «Марипоза» Таитиге жүрмек екен.
— Маған телефон арқылы бір каютаға заказ беріңіз,— деді ол портьеге.
— Үстінен емес, астынан, кеменің сол жақ бортынан болсын. Ұмытпаңыз.
Сол жағынан деп жазып қойыңыз.
Сонан кейін бөлмесіне кіріп, төсегіне жатты. Жастыққа басы тиер-
тиместе балаша тез ұйықтап кетті. Кешкі оқиғаның ешқайсысы есінде із
қалдырған жоқ. Зердесі өмір əсерін тоқымайтын тəрізді. Катте Джоны
көргендегі қуанышы да ұзаққа барған жоқ. Жарқ етіп қуанды да, жалп етіп
сөнді. Ескі жолдасын көргенде елжіреп сөйлескісі келмей, осыны қайдан
көрдімге қалды. Бес күннен кейін жанындай жақсы көретін мұхитына
жүргелі жатқаны да қуанта алған жоқ. Рақаттанып көзін жұмып, сегіз сағат
алаңсыз ұйықтады. Төңбекшіген жоқ, түс көрген жоқ. Ұйқы бəрін
ұмыттырады ғой, оянса өшпес өкініш тағы қинайды. Өмір еңсесін басып,
уақыт жанын ауыр азапқа салады.
|