15
емесін ескеріп, өзара әрекет етудің, ықпалдастықтың жаңа стратегияларын
айқындау қажеттігі даусыз. Қаулы жариялап, әлдебір ережені қолданысқа
енгізу жеткіліксіз, қоғамға сол ережені неге енгізу қажет екенін түсіндіру
керек. Бұл жұмысты цифрлық дәуірдегі ақпарат алмасудың
басты тетігі
саналатын медиа көмегімен жүзеге асырған жөн.
Қазақстанда әкімшілік дағдарысты инновациялық механизмдерді
іске қосу арқылы еңсеруге бағытталған бастамалар бар, алайда олар
жүйелі әрі бірізді емес. Қазіргі мемлекеттік қызметті желілік әрекеттесу
деп түсіну үрдісі сол әрекеттесудің азаматтық қоғам шегінен тыс шығып,
ұлғая, күрделене түскенінен байқалады. Басқаруды тиімді өзара әрекет,
ықпалдастық, медиа арқылы «адамдар деңгейінде» жүзеге асыруды
синтетикалық құбылыс деп түсіндіруге болады (Provan, 2008), мұнда
қызметкерлер мен халыққа өзара байланысты, өзара тәуелді
өкілеттік
беріледі. Демек, іс жүзінде қоғамдық-мемлекеттік басқару жүйесі
мемлекеттік-қоғамдық жүйеге айналады (Барабашев, 2016). Пандемия
мемлекеттік аппарат жұмысын трансформациялауға түрткі болды.
Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-шараларына қарамастан, мемлекеттік
органдардың коммуникация саласындағы стратегиялары, әсіресе қоғамға
дер кезінде дұрыс әрі толық ақпарат беруге келгенде, үнемі ойдағыдай
нәтижелі бола бермейді. Салдарынан саясаткерлер
мен қоғам арасында
дау туындайды, іске асырылатын шаралардың дұрыстығына, тиімділігіне
күмән келтіретіндер көбейеді, әлеуметтік жағдай шиеленіседі, үрейленген,
дүрліккен халықтың мемлекетке сенімі азаяды және т.с.с. Осы процестегі
медианың рөлі зор. Дағдарыс кезінде медиа екіжақты коммуникация
орнатып, әлеуметтік жікке бөлінуге жол бермеуге
көмектесетін байланыс
құралы қызметін атқарады.
Осы орайда авторлардың алға қойған мақсаты – коронавирус
дағдарысы кезінде билік пен қоғам арасындағы тиімді коммуникация
проблемасын қарастыру.
Аталған мақсат үдесінен шығу үшін төмендегідей зерттеу міндеттерін
орындау қажет:
• пандемия кезеңіндегі қазақстандықтың әлеуметтік портретін
(бейнесін) зерттеу;
• биліктің коммуникациялық стратегияларын талдау;
• Қазақстан азаматтарының ақпараттық талғамын зерттеу.
Мақсатқа жету үшін бірқатар зерттеу әдісі, соның ішінде социологиялық
әдіс-тәсілдер, ақпараттық талдау, медианы
құрылымдық талдау әдісі
қолданылады.
Бұл мақалада аяқталған және жалғасып жатқан зерттеулердің
нәтижелері баяндалады. Олардың түпкі мақсаты – қоғамда мемлекеттік
басқару жүйесінің «өзгеруіне» деген сұраныстың бар-жоғын анықтау,
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала
отырып, медиа көмегімен қоғамдық диалогты жандандыру шараларын
ұсыну.