Ауыздағы асқорыту және оның жас ерекшеліктері . Жеген тамақ ауыз қуысынан бастап
қорытылады. Сұйық тамақ бірден жұтылады, ал қою тамақ шайналып ұсақталады, сілекеймен араласып
ас қоймалжыңына айналады. Асты шайнау ас қорытудың алғашқы кезеңі. Кейбір мәліметтерге
қарағанда шала шайналған астың 35-40% қорытылып үлгермей, организмнен сыртқа айдалады.
Тамақты шайнап, ұстау – ауыз қуысының негізгі қызметі. Шайнауға қозғалмалы орналасқан
төменгі жақ сүйегі мен қозғалмайтын үстіңгі жақ сүйегінде орналасқан тістер, тіл және ұрт қатысады.
Нәрестеде тіс болмайды. 4-6 айда баланың уақытша (сүт тістер) тістері шыға бастайды да 3 жаста
20 сүт тісі толық шығып бітеді. 5 жастан аса баланың сүт тістері біртіндеп түсіп, орнына тұрақты тістер
шыға бастайды. Тұрақты тістердің саны – 32, 28 тіс 15-16 жаста, ең соңғы 4 ақыл тіс 20-25 жаста
шығады, кей адамдарда одан да кеш шығуы мүмкін.
Ауыз қуысында үш жұп сілекей бездерінің өзектері ашылады: шықшыт, жақ асты, тіл асты.
Бұлардан басқа ауыз қуысының кілегей қабатында ұсақ бездер болады. Олар муцинге бай сілекей бөліп
шығарады. Ересек адамда тәулігіне 1-1,5 л сілекей бөлінеді. Бұл сілекейдің құрамында амилаза, муцин,
лизоцим деген ферменттер болады.
Амилаза крахмал мен гликогенді ыдыратады.
Муцин астың
жұтқыншаққа, өңешке одан қарынға жылжуына ыңғайлы етеді.
Лизоцим аспен бірге енген
микроорганизмдерді жояды.
Сәби туғаннан бастап сілекей бездері жұмыс істейді, бірақ сілекейдің мөлшері өте аз болады.
Мектепке дейінгі балалардың сілекейінің жалпы тәуліктік мөлшері 850-1000 мл шамасында болады.
Жаңа туған сәбидің шықшыт безінің салмағы 1,5-2 г, жақ асты безі 0,72-1,00 г, тіласты безі 0,2-0,6
г. Бұл бездер 3 айлық балада 2 есе, 6 айда 3 есе, 1 жаста 3-4 есе, 2 жаста 5 есе өседі. 5 жастағы баланың
сілекей бездерінің құрылысы ересектерге ұқсайды бірақ оларың өсуі 13-15 жасқа дейін жалғасады.
Жұтқыншақ . Жұту кезінде арнайы тетіктер ас қоймалжыңының тыныс жолдарына бармай,
өңешке өтуін қамтамасыз етеді. Жұтқыншақ пен өңеште ас қорытылмайды. Жұтқыншақтың өңешке кіре
берісінде сфинктер болады. Сондықтан өңешке өткен ас кері шықпайды.
Өңеш . Өңеш ұзындығы 22-27 см шамасындағы ұзын түтік. Нәрестелердің өңешінің кілегей қабаты
нәзік болады, сондықтан ірі ас түйіршіктері оңай жаралайды. Жаңа туған сәбидің өңешінің ұзындығы 10
см, 5 жаста – 16 см, 15 жаста – 19 см.