Тiл үшiн күрес жалғаса бермекшi
Тағдырдың тәлкегiне ұшырап‚ қасiретке шалдыққан қайран қазақ
тiлiнiң қайғы-мұңы айта берсек‚ көп-ақ. Ұлт бойындағы бұл iндеттiң
ғасыр бойы толастамай‚ бiрде асқынып‚ бiрде бәсеңдеп‚ күнi бүгiнге дейiн
созылып‚ халықтың санасын сарсылтып‚ болашағын мұнарландырып
келе жатқандығы кiмдi болса да ойландырмай‚ толғандырмай қоймайды.
Өткендегi ұзын сонар тарих шеруiн шоли қарасақ‚ өз еркiмен дами
алмай келе жатқан тiлiмiздiң тағдырына күйiне қараған‚ өз тарапынан
әрекет еткен жанкүйер‚ жанашыр азаматтар мен зиялы қауым өкiлдерi аз
болмаған екен. Кешегi Ахмет Байтұрсынұлы‚ Мiржақып Дулатов‚ Сәкен
Сейфуллин т.б. сынды азаматтардың тiлiмiзге деген жанашыр сөздерi мен
әрекеттерi аумалы-төкпелi заманның бiр дәуiрi болып‚ тарих жадында‚
жас әулет санасында сақталуда.
Сондықтан да болар‚ тiлiмiздiң ескi әңгiменiң жалғасы кешегi
Желтоқсан оқиғасында қанға бөленген қазақ жастарының «Елiм менiң‚
тiлiм менiң ...!» деген жан айғайынан тағы естiлдi...
Қалың жұртшылық қолдауымен басталған бұл күрес қазақ тiлiне
мемлекеттiк мәртебе әперумен тынды. Алайда‚ тiл төңiрегiндегi дау-
дамай мұнымен тынбады. Мемлекет мәртебесiне ие болған өз тiлiн «Ата
заңы арқылы қорғау» деген тiл жанашырларының асыл арманы осы күнге
дейiн толық жүзеге асырылмай отыр. Сондықтан да‚ қазақ жеріне жаңа бiр
тарихи кезеңдi алып келген егемендiгiмiздiң 10 жылдығы дау-дамайдан
басы арылмай келген сол баяғы күрестiң кейiнгi 10 жыл бойына созылған
жалғасы болып отыр. Қайта бұл күрестеріміз бұрынғыдан өрши түскен,
өршелене түскен, ұлт тағдырына қатысты‚ үлкен саясатпен астарлас‚ бiр
сәт толастап көрмеген‚ екпiндi де пәрмендi күреске айналып отыр.
Шынында да‚ тiл үшiн күрес – күрестердiң ең күрделiсi‚ ол елдiң
елдiгiне қатысты‚ тәуелсiз мемлекеттiң бүгiнгi қалыптасу‚ даму үрдiсiн
бағдарлайтын‚ болашағын айқындайтын т.б. қат-қабат саяси-әлеуметтiк
проблемалардың түйiндi жерiне жатады. Осының себебiнiң неде
екендiгiне сәл ойланып‚ тереңiрек ойлап қарайықшы: қазақ қауымы,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы санасын оятып отырған қалың жұрт
қазақ тіліне байланысты бүгін не үшін, кіммен және қалай күресіп отыр?
Ойлап қарасаңыз: өз жерiнде отырған, өз егемендiгiн қолына алған,
өзінің тәуелсіз мемлекеті бола тұрып, қазақ халқының мемлекеттік
мәртебеге ие болған өзінің ұлттық тiлiн еркiн дамытуына қарсы‚ әсiресе
кейiнгi 10 жыл бойы бiз көрiп отырған дау-дамайлар қоғамдық өмiрде
60
сирек кездесетiн «ғажайып» құбылыстар емес пе? Сонда қалай‚ «кейiнгi
он жыл бойы Ата заңын арқаланып‚ үкiмет қабылдаған талай қаулы-
қарарлары мен тұжырым‚ бағдарламалардың орындалмай отыруына не
себеп?» деген сауал туады. Тiл үшiн күрестiң әр кезеңiнде оған деген
қарсылықтар мен тосалғылар да өзгерiп отыратындығы белгiлi. Сонда‚
10 жылды артқа салып, дәл бүгінгі күнге жалғасып, алдымыздан
шығып‚ шоғырлана түскен кесел‚ кесапаттарға не жатады?
Бұл сауалдың жауабы тым көп. Олардың бастылары мен нақтыларын
өзара топтастырып айтсақ – екеу. Бiреуi – бүгiнгi тiл дамуының тым
тереңде жатқан тарихи тамыры; оны қозғап-қобыртпай-ақ тіліміздің
болашағы үшін күресуге болады, бірақ оны білу қажет, өйткені, сайып
келгенде, мәселенің түп-негізі «Батпандап кірген дерт мысқылдап
шығады» деген нақыл сөз мағынасына барып тіреледі. Екiншiсi
–
бұлар бүгiн ғана туған жаңа көзқарастар емес‚ көне құбылыстардың
бүгiнгi көрiнiстерi. Бұлардың көбiсi жаңа заман лебiн сезбейтiндердiң
бойында, бұрынғыдан сақталып‚ жалғасып келе жатқан ескi дерттiң
зардабы; олар қазақ тiлiне деген кейбiр бұзық пиғылдан‚ терiс
көзқарастардан‚ керенау-кердең кеудемсоқтан‚ аяқтан шалып‚ етектен
тартар кертартпалардан‚ өз қағынан жерiген тоғышарлардан‚ азаматтық
тұғыры төмен бишiкештер мен дәулетке мас байшыкештерден‚ үшiншi‚
тiптi төртiншi әулетке ауысып үлгiрген «тiл дертiнен» т.б. айқын
көрiнедi.
Тiл мәселесiне байланысты дау-дамайлар мен қарсылықтардың
бiр себебiн бiлгiмiз келсе‚ бiз‚ мiне‚ осы құбылысқа қарсы «замана
сардарларының» әр тұста және әр деңгейде көрсетiп жүрген қиғаш
қылықтары мен қисық мiнездерiнен‚ қоғамдық өмiрдiң болашақ үрдiсiн
дұрыс түсiне алмай жүрген бейшаралығынан туындаған әрекеттер
екенiн айыра бiлгенiмiз жөн. Алайда‚ бұрынғы күрестердiң жөнi бiр
бөлек те‚ ал егемендi ел болып‚ тәуелсiздiгiмiздiң арқасында өркениеттi
мемлекеттермен бой салыстырып‚ есiмiздi жиып еңсемiздi көтерген
тарихымыздың жаңа бiр дәуiрiнде қайта басталып отырған бұл күрес‚ бiле
бiлсек‚ ең соңғы әрi пәрмендi күрес болмақшы. Өйткенi қазақ халқы осы
күресiнiң нәтижесiнде ана тiлiнiң даму үрдiсiн‚ қолданыс аясын‚ дербестiгi
мен еркiндiгiн мемлекеттiк биiк дәрежесiнде қамтамасыз ете алмаса‚ ол
сол өзiнiң бұрынғы күйi қалпында‚ қоғамдық өмiрден аулақтап‚ жетiм
бала күйiнде қалатыны сөзсiз. Онда егемендігіміздің сәні мен салтанаты,
халқымыздың ұлттық қадір-қасиеті сақталады дегенге сену қиын, бүгiнгi
ұрпақтың болашағы жарқын болады деп кепiлдiк беруге болмайды.
61
Өйткенi осы айтылғанның бәрі тәуелсiздiгiмiз де‚ болашағымыз да ұлттық
тiлiмiздiң денсаулығына байланысты‚ елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
«Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде» деп жариялаған жалынды ұраны
да сонда ғана жүзеге аспақшы.
«Бүгiнгi таңда тiл тағдырын шешудiң‚ оның мемлекттiк тiл деңгейінде
еркiн дамуына қажеттi iс-шаралар және оларды жүзеге асырудың өзектi
нысандары мен мақсат-мiндеттерi қандай болмақшы?» деген сауалға
нақтылы жауап берудiң мәнi зор. «Мемлекеттiк тiл! Мемлекеттiк тiл!»
деп ұрандататын‚ «өйту керек‚ бүйту керек!» деп өсиет-өнеге айтып‚
көсемситiн «ура – патриоттық» заманның дәуiрi өткен сияқты.
Бүгiнгi өкiмет‚ қоғам‚ зиялы қауым‚ тiл жанашырларының алдында
тұрған нақтылы мiндеттер мен түпкi мақсатына Конституция‚ Тiл заңы
мен «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған
бағдарламасы» және басқа да қабылданған қаулы-қарар мен шаралар
негiзiнде Мемлекеттiк тiлiмiздiң биiк мәртебесiн орнықтырып‚ қоғамдық
ортада, мемлекет жүйесі мен оның негізгі құрамдарында өз деңгейінде
атқаруға тиiстi мiндетiн‚ қызметiн тұрақты қалыпқа түсiру жатса керек.
Бұлардың бәрi – бiрден емес‚ әрине‚ бiртiндеп‚ бiрнеше жыл бойында
атқарылуға тиiстi мiндеттер.
Енді осы күрделi де қиын мiндеттер мен iс-шаралардың iшiнен араға
10 жыл салып, «Мұсылманшылық әсте-әсте ...» деген принцип бойынша‚
өкiмет тарапынан жүзеге асырыла бастаған iстердiң бiрiншi қадамы
– мемлекеттiк жүйедегi барша iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру
болып саналады. «Мемлекеттiк тiлге көшiру» дегендi дұрыс түсiнсек‚
барлық iс қағаздарын‚ қатынас қағаздарын (қаулы-қарар‚ бұйрық‚ жарлық
т.б.) орыс тiлiнен қазақшаға аударып беру емес‚ осы құжаттардың негiзiн‚ түп
нұсқасын қазақ тiлiнде келтіріп‚ әр жердiң қажетiне қарай орысшаға аударып
беру болып саналады.
Көрiп отырғанымыздай‚ тiл бағдарламасына сәйкес бұл тәрiздi күрделi
де алғашқы қадамға үкiметтiң бауырында да толық негiз бар деп ойлаймыз.
Олар мыналар: бiрiншiден‚ iс қағаздарын толығымен мемлекеттiк тiлге
ауыстыру шарасымен өкiмет егемендігімізбен (1991-2001) бастап отыр;
бұл‚ әрине‚ аз мезгiл емес; екiншiден‚ бұл шараның «тiл кеселiнің» ұлт
бойына дендеп дарыған көне ауру екенiн‚ оның «батпандап кiрiп‚ мысқалдап
шығатынын» ескерiп барып‚ қолға алынып отырғанын көремiз; үшiншiден‚
бұл iстiң жаппай науқан‚ қарбалас түрiнде емес‚ мемлекеттiк тiлде сөйлеушi
негiзгi халық – қазақ жұртшылығының ең көп жасайтын (тұрғындардың
75-90 пайызын құрайтын)‚ демографиялық қолайлы аймақтардан бiртiндеп
62
басталуы; төртiншiден‚ бұл iстiң мемлекеттiк тiлдi орнықтыру‚ дамыту
мақсатында қалың жұртшылық арасында‚ ғылым-бiлiм‚ мәдениет‚ өндiрiс
саласында оқытып-үйрету процесiнiң жер-жерлерде бiршама қолға алынып‚
шешiлiп жатуына, сондай-ақ бұл процесті оқу және оқыту құралдарымен
(оқулық‚ әр түрлi терминологиялық сөздiктер‚ оқыту әдiс-тәсiл көрсеткiштерi
т.б. көрнекi құралдармен) оқушы-үйренуші мамандарды бiрсыпыра
қамтамасыз ету жағдайында қолға алынуы; бесiншiден‚ бұл iстiң көпұлтты
республикамыздың саяси-әлеуметтiк жағынан тұрақталып‚ бейбiт өмiр‚
достық қарым-қатынастардың толық қалыптасқан жағдайында жүргiзiлiп
отырылуы.
Ендiгi әңгiме‚ мiне‚ осы iс-шаралардың әр жерде басталуы мен жүзеге
асып‚ орындалуына және оларға қарсы әрекеттердiң‚ түсiнбестіктер мен
тақастықтардың да тұз берiп отырғандығы жайында болмақшы.
Өткен 2001 ж. аяғында Қазақстан Республикасының Егемендiгiне
10 жыл толуына байланысты мерей тойын салтанатты түрде атап өткенi
барашаға мәлiм. Той қарсаңында республикамыздың барлық қол жеткен
табыс-жетiстiктерi мен бiтуге тиiстi мәндi де маңызды iстерiн‚ кемшiлiк-
кемiстiктерiн тағы бiр рет електен өткiзiлiп‚ ел алдына өзiнiң барыммен
түгендеген болатын.
Мiне‚ осындай мемлекеттiк шараларға байланысты Қазақстан
Республикасы тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығын өткiзу жөнiндегi Мемлекеттiк
комиссияның Төрағасы‚ бүгiнде ҚР Премьер-министрi Иманғали
Тасмағамбет мырза төрт облыстың басшыларына:
1) Маңғыстау облысының әкiмi Л.Қиынов пен облыстық мәслихат
төрағасы Б.Шелпековке‚
2) Атырау облысының әкiмi С.Дәукеев пен облыстық мәслихат
төрағасы Х.Табылдиевке‚
3) Қызылорда облысының әкiмi Ө.Нұрғисаев пен облыстық мәслихат
төрайымы А.Божяноваға және
4) Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Б.Сапарбаев пен облыстық
мәслихат төрағасы О.Рахманбердиевке арнайы хат жолдаған болатын.
Бұл ресми хаттарда (К24-4/И-698‚ 3.08.2001 ж.) И.Тасмағамбетов өткен
10 жыл беделiнде Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың
тiлдерiнiң үздiксiз дамуына қолайлы жағдай жасалып келе жатқандығын
атай келе‚ өз тiлiмiздiң «жығасы жығылып‚ мемлекеттiк мәртебесi өз
дәрежесiне жете алмай ...»‚ «қолданыс аясының тарылып‚ өмiрге өре баса
алмай ... бетiмiзге шiркеу‚ көңiлiмiзге кiрбiң ұялатып» отырғаны туралы
ащы шындықты ашып айтып‚ ендiгi жерде аталмыш 4 облыс аумағында
63
«мемлекеттiк тiлге толық көшуге жағдай келдi» деп бастықтарға
дұғай сәлемiн жолдаған болатын.
Бұл құжатты‚ әрине‚ мемлекет жүйесi мен құрылымында
алма-кезек жүрiп жатқан сан-сапалақ қағаздардың бiрi деп қарауға
болмайтыны да жұртқа мәлiм. И.Тасмағамбетов мырзаның қолы
қойылып жiберiлген бұл ресми құжат әрбiр облыс әкiмi мен
мәслихат төрағасының атына жолданып‚ ол сол өлкенiң өзiне ғана
тән әлеуметтiк‚ демографиялық‚ экономикалық‚ ұлттық салт-дәстүр
ерекшелiктерiн ерекше атап‚ тас түйiндей етiп‚ шегелеп жазылған
ресми хат екен. Мәселен‚ Маңғыстау облысының әкiмi Л.Қиынов
мырза мен мәслихат төрағасы Б.Шелпеков мырзаның аттарына арнап
жазылған хатта И.Тасмағамбетов мырза өзiнiң дұғай сәлемiн: «Сiздер
басқаратын Маңғыстау облысы халқының 73%‚ яғни басым көпшiлiгi
қазақ ұлты болғанына қарамастан iс қағаздарын әлi күнге дейiн орыс
тiлiнде жүргiзiп келе жатыр.
Ал‚ менiңше кие қонған Маңғыстау өңiрi‚ аузы дуалы
әулиелердiң‚ от ауызды‚ орақ тiлдi шешендер мен жебе сөздi
жыраулардың елi – ежелден қазақ тiлiнiң қаймағы бұзылмаған құтты
мекенi болғандықтан ендiгi уақытта мемлекеттiк тiлге толық көшуге
жағдайы келедi деп сенемiн.
Осыған орай‚ өздерiңiз басқаратын облыстың әкiмшiлiгi мен әр
деңгейдегi мәслихаттары iс қағаздарын қазақ тiлiне түгелдей көшiру
туралы шешiм қабылдау мәселесiн қарастыруын сұраймын» – деген
сөздермен аяқтапты.
Осы бiр биiктен айтылып‚ ел құлағын елең еткiзген ресми
сөздердi естiп‚ қанаттанып‚ арқаланып‚ игiлiктi iстiң бастамасын‚
алғашқы қадамын өз көзiмiзбен көрiп‚ көмегiмiз болса‚ көрсетiп қайту
мамқсатымен бiр топ адам Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының
президентi‚ ҚР ҰҒА академигi Әбдуәли Қайдар‚ сол қоғамның
бiрiншi вице-президентi ҚР ҰҒА корреспондент мүшесi Өмiрзақ
Айтбаев‚ қоғамның белсендi мүшелерi – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-
нiң кафедра меңгерушiсi‚ проф. Талғат Сайранбаев және «Қайнар»
университетiнiң вице-президентi‚ проф. Кәрiмбек Құрманәлиев
iссапармен жолға шығып‚ ұшақпен 2001 ж. желтоқсанның басында
қасиеттi Маңғыстау жерiне‚ Ақтау қаласына келiп түстiк.
Қазақ атамның салт-дәстүрi қалған ба‚ бізді құрметтеп қарсы
алып, Ш.Есенов атындағы университеттiң ректоры‚ проф. Ә.Ахметов
бастаған топ‚ баспа қызметкерлерi т.б. тiлсүйер қауым‚ азаматтар
64
болып бiздi құрметтеп қарсы алып‚ сый-сияпатын көрсетiп жатты.
Кештеу болса да‚ елдiк қасиетін бойына сақтаған сол бiр ер-
азаматтарға бiз алғыс-рахметiмiздi айтамыз.
Ата-баба дәстүрi бойынша тiл мәселесiне байланысты Ақтау
қаласында өтетiн үлкен конференциядан бұрын бiздер қасиеттi әулие-
әнбиелердiң – Бекет Ата‚ Шопан Ата‚ Қаңға Бабалардың жатқан
жерлерiне барып‚ зиярат жасап‚ тағызым етiп қайттық. Одан соң ел
салты бойынша сәлем берiп‚ келген бұйымтайымызды айту үшiн облыс
әкiмi Ләззат Қиынов мырзаның құзырында болдық. Iс қағаздарын
облыс ауқымында мемлекеттiк тiлге көшiру туралы алғашқы әңгiме де
сол әкiм кабинетiнде басталып кеткен едi. Жоғарыдан түскен ұсыныс
хатқа байланысты болған ұзын сонар әңгiмемiздiң тоқ етерiн түйiндеп
айтсақ‚ әкiм мырзаның құлағына бұл тәрiздi әңгiменiң мүлдем
жақпайтыны аңғарылды. Әкiм уәжi бойынша «Маңғыстау түбегi – өте
бай өлке‚ бұл елдiң бiрiншi мақсаты – сол байлықты толық меңгеру‚
ал оны меңгерушiлердiң арасындағы техника тетiгiн басқаратын
мамандардың көпшiлiгi қазақ тiлiн бiлмейтiн ұлт өкiлдерi. Олар
«командаға» түсiнбей‚ бiр тетiктi терiс бұрап жiберсе болды‚ көп
байлығымыз басқа жаққа ағып кетуi мүмкiн».
Мiне‚ сондықтан да бұл үлкеде iс қағаздарын мемлекеттiк тiл қазақ
тiлiне көшiру деген бос сөз ... Мен осы орын-тақта отырған кезiмде (??)
бұл идея – жүзеге аспайтын бос әңгiме. Сiздердiң орындарыңызда мен
отырсам‚ тiлдi сiздерден де мықты қорғаған болар едiм. Бiрақ менiң
орным оған жар бермейдi ....» деп‚ ол өз ойын бiраз тiл фактiлерiмен
дәлелдегендей болды.
Қысқасы‚ ұзын сөздiң тоқ етерiн айтсақ‚ әкiм мырза «мен осы
орында отырғанда бұл өлкеде мемлекеттiк тiлдiң көсегесi көгермейдi!»
деген iшкi ойын бiзге астарлап болса да‚ толық жеткiзгендей болды.
«Алыстан ат терлетiп‚ мазар аттап‚ қасиеттi Маңғыстау жерiне
игiлiктi iстiң басы-қасында боламыз ба» деп келген бiздер қадiрлi Ана
тiлiмiздiң алдынан кесе-көлдеңдеп шығатын тағы бiр «қарсылықтың»
«әкiмнiң орын-тағымен де тiлдiң бәсекелестiгiнің» бар екендігін
бірден аңғардық.
Сөйтiп‚ әркiм өз ойымен конференцияға келдiк. Академик
Ш.Есенов атындағы Ақтау университетiнiң үлкен де кең залы студент
жастар мен қала тұрғындарына лық толған. Тiлге деген қызығушылық
пен ана тiлiнiң тағдырына деген жанашырлықты бiз қалың жұрттың
бет-әлпетiнен-ақ‚ мәжiлiсiне белсене қатысуынан-ақ айқын байқадық.
65
Конференцияда облыс әкiмi де‚ Алматыдан келген адамдар да
сөз сөйлеп‚ ой-пiкiрлерін ортаға салды. Сөйлегендердiң мақсаты –
мемлекеттiк тiлдi қоғам өмiрiнде қалыптастыру‚ демографиялық‚
әлеуметтiк‚ экономикалық жағдайға сәйкес өлкеде iс қағаздарын
мемлекеттiк тiлге түгел ауыстыру. Конференцияға қатысып отырған
қалың жұрттың кеудесiн кернеп‚ жүрегiн тербеп отырған бар арманы
– өлкеде‚ 75-80 пайызы қазақтар тұратын ата-баба жерiнде‚ ана
тiлiне еркiндiк беру‚ оның қоғам өмiрiне еркiндеп кiруi екенді. Оны
конференцияға белсене қатысып‚ ойын еркiн бiлдiрген жергiлiктi
азаматтардың жан айқайынан аңғару қиын емес едi. Алайда‚ екiншi рет
сөз алып‚ мiнберге шыққан әкiмнiң кейбiр сөздерi көпшiлiктiң ойымен
сәйкес болмады. Ол жоғарыда айтқан сөзiн ел алдында тағы қайталап‚
қасиеттi ана тiлiмiздiң алдында тұрған «тосалғыларды» өзiнше
түсiндiрiп‚ жұрт көңiлiне күдiк ұялатуға тырысты‚ iс қағаздарын түгел
қазақшалауға ниетiнiң жоқ екенiн анық танытты.
Қысқасы‚ конференция өз мiндетiн атқарса да‚ дiттеген мақсатына
толық жете алмады‚ оған көп нәрседен үмiттенiп‚ асыл арманын арқалап
келген тiлiмiздiң шынайы жанашырлары «Мемлекеттiк тiл!» деп‚
мәртебесiн аспандатып‚ «ұлтымыздың ой-санасы‚ елдiгiмiздiң кепiлдiгi»
деп дабыра етiп‚ өткен он жыл бойы ұрандатып жүрген асыл да қымбат
дүниесiнiң әлi де аяқасты болып‚ қоғамдық ортада емiн-еркiн қызмет
ете алмайтын‚ көрiнгенге көзтүрткi болып‚ әр әкiмнiң орынтағымен
«текетiреске» түсiп‚ бiраз жүретiн нәрсе екен ғой!» деген сенiмсiз оймен
тарасты. Алайда олар конференция хабарынан өзi сияқты көршiлес
облыстарда – iс қағаздарының түгелдей қазақ мемлекеттiк тiлiнде
жүргiзiле бастағанын бiлiп тарасты.
Мемлекет қайраткерi‚ бүгiнде ҚР премьер-министрi Иманғали
Тасмағамбетов мырзаның осы мәселеге қатысты ұсыныс хатының
жоғын жоқтап жүрген‚ iзiн қуып‚ Атырауға келген бiздер елiмiздiң
елдiгiн‚ тiлiмiздiң тағдырын еркiн ойлайтын көптеген ел азаматтарымен
де‚ баспа-ақпарат қызметкерлерiмен де‚ оппозициялық принциптi
тұтынушы жiгiттермен де сұхбаттастық. Сөз жүзiнде ғана емес‚ iс
жүзiнде де iстелiп жатқан кейбiр iс-шаралармен де бiршама танысып
шығуға мүмкiншiлiгiмiз болды.
Айта кету керек‚ Иманғали Тасмағамбетовтың аталмыш ұсыныс
хатынан кейiн (№24-4/И-698‚ 3.08.2001) Қазақстан Республикасы
Тәуелсiздiгiнiң 10 жылдығына орай «Тiлдердi қолдану мен дамытудың
2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасын» iске асыру тұрғысынан
66
бұл саладағы iстiң үрдiсiн‚ нәтижесiн байқау мақсатымен барлық
мемлекеттiк құрамдағы мекемелерге Маңғыстау облыстық ақпарат және
қоғамдық келiсiм басқармасының бастығы А.К.Рзаханов мырзаның
қатынас хаты жiберiлген екен. Бiз‚ мiне‚ осы хатқа тиiстi мекемелердiң
бiразының берген ресми жауабымен де танысуға мүмкіншілігіміз
болды. Мысалы‚ олар: Маңғыстау облыстық қазынашылық басқармасы
(орындаушы А.А.Құдайбергенов)‚ Маңғыстау облыстық құрылыс‚
тұрғын үй‚ сәулет және аумақтарда құрылыс салу басқармасы (бастығы
Қ.Оңғалбаев)‚ Маңғыстау облыстық спорт және дене мәдениетi
басқармасы (бастығы А.А.Драч)‚ Маңғыстау облысы және Ақтау
қаласының әскери комиссары (бастығы Е.Уразов)‚ Маңғыстау облыстық
қаржы басқармасы (басқарма орынбасары С.Ерғалиев)‚ Маңғыстау
облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы (бастығы К.Төлешов),
Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясы (бастық орынбасары
О.В.Насонов)‚ Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы
(бастығы А.С.Доспаев)‚ Маңғыстау облыстық Iшкi Iстер Басқармасы
(бастық орынбасары О.Әбдiлов)‚ облыстық экономика‚ өнеркәсiп және
сауда басқармасы (бастығы Ә.Көшеров)‚ облыстық Шағын кәсiпкерлiктi
қолдау басқармасы (бастығы Қ.Т.Елеусiнов)‚ Маңғыстау облысы
бойынша салық комитетi (төраға орынбасары Ж.Албытов)‚ Маңғыстау
облыстық статистика басқармасы‚ облыстық еңбек‚ халықты жұмыспен
қамту және әлеуметтiк қорғау басқармасы (бастығы А.Баужанова‚
Маңғыстау облыстық әдiлет басқармасы (бастығы Т.Т.Каджиков)‚
облыстық Көшi-қон және демография жөнiндегi басқармасы (бастығы
Ә.Ө.Сахимов)‚ Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөнiндегi
басқармасы (бастығы Қ.С.Хайрушев) т.б.
Мiне‚ облыстық ақпарат және қоғамдық келiсiм басқармасының
бастығы А.Рзаханов мырзаның атына аталмыш мекемелердiң басшылары
жазған жауаптарымен танысып қарағанымызда‚ бiз «Тілдерді қолдану мен
дамытудың 2001-2002 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын»‚
ҚР Өкiметiнiң 10.09.1998 ж. №94 «Мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк
тiлдi қолданыс саласын кеңейту туралы қаулысын» және Иманғали
Тасмағамбетов мырзаның ұсынысын орындауға байланысты Маңғыстау
облысы ауқымында да бiраз жұмыстар iстелiп жатқандығын көреміз.
Олар негiзiнен үш түрлi салада көзге түседi екен: бiр топ мекемелерде
iс-қағаздарының баршасы (арадағы хат алысу‚ ақпарат алмасу‚ есеп беру
т.б.) қазақ тiлiне толық көшiрiлсе‚ ендiгi бiр тобында ол iстер екi тiлде
(қазақша да‚ орысша да) қатар жүргiзiлетiнi көрсетiлiптi; iс қағаздарын
67
көбiнесе тек орыс тiлiнде ғана жүргiзетiн мекемелер де кездеседi. Оның
себебiн мекеме басшылары ресми құжаттардың аймақтық мекемелерден
орыс тiлiнде келуiне байланысты деп түсiндiрiптi. Мәселен‚ Әдiлет
басқармасының бастығы: «Жаңаөзен қалалық‚ Бейнеу‚ Қарақия‚
Түпқараған‚ Маңғыстау аудандық ... бөлiмдерiнiң‚ мемлекеттiк нотариат
кеңселерiнiң iс-қағаздарын тек қана қазақ тiлiнде‚ ал әдiлет басқармасы
мен «Ақтау қалалық АХАЖ бөлiмiнде iс қағаздары екi тiлде қатар
жүргiзiледi» деп хабарлапты. Бұл мағлұматтар облыс аудандарының
бәрiнде болмаса да‚ көбiсiнде iс-қағаздары тек мемлекеттiк тiлде‚
ал Ақтау қаласында екi тiлде жүргiзiледi деп көрсетiптi. Мәселен‚
облыстық iшкi iстер басқармасы «төрт аудандық‚ екi қалалық Iшкi
Iстер бөлiмдерiнiң 4 аудандағы (Бейнеу‚ Маңғыстау‚ Түпқараған‚
Қарақия) бөлiмдерiнiң барлығында және Жаңаөзен қалалық бөлiмiнде
iс-қағаздарын тек мемлекеттiк тiлде‚ ал Ақтау қаласы мен облыстық IIБ
екi тiлде жүргiзедi екен. Денсаулық сақтау басқармасы саласында облыс
бойынша 55 мекеменiң 5-еуi тек орыс тiлiнде‚ 32-сi тек қазақ тiлiнде‚ ал
18-де екi тiлде қатар жүргiзедi екен».
Мағлұматтар осылай жалғаса бередi. Бұл ақпараттан бiздiң
байқағанымыз: Маңғыстау облысында мемлекеттiк тiлдi қалыптастыру‚
қолданыс ауқымын кеңейту және дамыту жағдайы кейбiр басқа
облыстармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Мемлекеттiк
мекемелердiң шамамен 85-90 пайызы мемлекеттiк тiлмен қарым-қатынас
жасап‚ оның қоғамдық шеңберiн кеңейтiп отырған сыңайлы.
Егер бiз осы мағлұматтарға толық сенетiн болсақ (сенбеске қақымыз
жоқ‚ өйткенi олар ресми қағаздарға жазылып‚ басшыларының қолы
қойған қағаздар)‚ бұл өлкеде мемлекеттiк тiлдiң даму қарқыны жалпы
жағдайларға сәйкес.
Бұл өлкенiң жағдайын жақсы бiлетiн ел азаматы Иманғали
Тасмағамбетов мырзаның арнайы әкiмiне хат жолдап‚ өз өтiнiшiн
жолдауында да толық негiз барлығына бiздiң де көзiмiз жеткен сияқты.
Сонда облыс әкiмi Ләззат Қиынов мырзаның ер-тоқымын бауырына алып
тулауына не жорық?! Жоқ‚ әлде ол өзi басқарып отырған облыстағы тiл
ситуациясына‚ жергiлiктi жұртшылықтың қалауына мән бергiсi келмей
ме‚ әлде мемлекеттiк тiлдi экономикалық табыстарының құрбандығына
шалып жiберуге ыңғайлана бастағаны ма? Ол жағын бiз түсiне алмадық.
Бiздiң ойымызша: «қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болуға жарамайды»
деген кейбiр тоғышарлардың аузы-мұрны қисаймай‚ жиi айтып жүрген
пiкiрлерiнен ел басқарып отырған саналы азаматтардың аулақ болғаны
68
абзал... Бұл бiр. Екiншiден‚ «қазақтар жаппай мемлекеттiк тiлге көше
қалған жағдайда‚ басқа халықтар қайтiп күн көредi‚ қоғамда ақырзаман
орнамай ма?» деп‚ қауiптенетiндер болса‚ бiз оларға «жоқ‚ одан қауiп
болмайды!» деп басалқы айтқымыз келедi. Өйткенi барша әлемде де‚
кешегi мызғымастай көрiнген Ресей империясында да‚ көне қазақ
жерiнде де жаңа заман лебi есiп‚ тек экономиканы ғана емес‚ дүниеге
деген сана-сезiмiн де өзгертіп отыр. Бiз қазақтар өзiмiздiң кеңбайтақ
жерiмiзде кiмге‚ қай ұлттың өкiлiне болса да емiн-еркiн жасауына
қарсылық жасаған емеспiз және бұдан кейiн де жасамаймыз. Мейлi‚
оны «екiншi отаным!» деп мадақтасын‚ мақтансын‚ еңбек етсiн‚ өсiп-
өнсiн! Бiрақ олар бiздi қасиеттi жердiң байырғы тұрғыны (аборигендерi)
екенiмiздi де‚ бiздiң егемендi ел‚ тәуелсiз мемлекет болып‚ ана тiлiмiзде
еркiн сөйлеп‚ ұрпағымызды сол тiлде оқытып‚ тәрбиелеуiмiзге
мүмкiндiк алып‚ өркениеттi елдердiң санатына қосылуға ұмтылған
талабымызды‚ көңiл-күйiмiз бен жүрек сырымызды дұрыс түсiнсе
екен деймiз. Жерi‚ суы‚ ауасы‚ байлығы жақсы қазақтың өзi жаман
болмаса керек. Ал‚ оны құрметтеудiң‚ онымен сыйластықта бiрге өмiр
сүрудiң бiрден-бiр жолы – тiлiн бiлу‚ сол арқылы оның жан дүниесiн
жақыннан тану. Өткен замандардағы өктемдiктi аңсамай‚ керенау-
кердең‚ кеудемсоқтыққа салынбай бiрден емес‚ бiртiндеп‚ қазақстандық
барша қауымның (қазағы мен басқа ұлт өкiлдерiнің де) мемлекеттiк тiлге
көңiл қоюы‚ оны құрметтеуi‚ қажетiне қарай үйренуi‚ ол тiлдiң ресми
жүйеге енiп‚ қоғамдық өмiрге толық араласып‚ қызмет атқаруы жарқын
болашағымыздың кепiлi. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ
тiлiнде» деген дуалы сөзi сонда ғана жүзеге асуы мүмкiн.
Ол үшiн тiлсүйер қауым‚ қалың жұртшылық елдiң саналы азаматтары
тiлге байланысты күресiн бәсеңдетпеулерi керек. Ақиқат‚ шындық‚
болашақ‚ жеңiс солардың жағында. Бұл күрес жалғаса бермекшi.
Достарыңызбен бөлісу: |