Xxii республикалық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференция материалдары


«ҚЫЗЫЛ ЖЕБЕ» РОМАНЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ



Pdf көрінісі
бет226/267
Дата18.10.2023
өлшемі8,13 Mb.
#117865
1   ...   222   223   224   225   226   227   228   229   ...   267
Байланысты:
Сборник материалов конференции (продолжение)

 
 «ҚЫЗЫЛ ЖЕБЕ» РОМАНЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ 
ЕРЕКШЕЛІГІ 
А.Тынбаева, Тұяқбаев Ғ. 
Қорқыт Ата Атындағы ҚМУ 
Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы сөз жоқ қазақ әдебиетіне қосылған 
сүбелі үлес. Романның ең басты құндылығы мемлекет, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 
бейнесінің сомдалуында, тіптен, оны тарих сахнасына қайта әкелуде де жазушы еңбегі 
ересен. Аталған еңбек оқырман тарапынан болсын, әдебиетші, сыншылар тарапынан 
болсын өз бағасын алды. Әйтсе де, көбіне жазушының суреткерлігінен гөрі, оның Тұрар 
бейнесін сомдаудағы қайраткерлігіне назар аударылғандай болып сезіледі. Жылдар бойы 
қаншама мұрағаттарды ақтару, ондағы қажетті дерек көздерін сол кездегі («Қызыл жебе» 
Кеңестік қызыл идеология тұсында жазылған шығарма) қоғамдық-саяси ұстаным 
тұрғысынан іріктеу үлкен еңбекті, қажырлылықты қажет етеді. Бірақ бұл жазушы 
суреткерлігіне берілген баға болмасы анық.
Біздің осы мақалада сөз етеріміз Шерханның суреткерлік шеберлігі, оның ішінде 
образ сомдаудағы, адам психологиясын ашудағы шеберлігі турасында болмақ. 
Көркем шығармадағы оқиға үшін ең басты қажеттілік оқиғаның ойға 
қонымыдылығы, күман тудырмауы, яғни логикалық дәлелдеу болса, образ үшін ең басты 
қажеттілік психологиялық дәлелелдеу. «Психологиялық талдау - әдебиеттің ең жанды 
жері» [1.273]. Психологизмсіз, психологиялық талдаусыз көркем бейненің өз дәрежесінде 
ашылуы мүмкін емес. М.Әуезовтің: «Орыс жазушыларынан анық сүйетінім: Толстой, 
Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың 
мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ 
жолы» » [2.129] деген, Т.Ахтанның: «Жастау кезімде «Қылмыс пен жазаны» оқып шығып, 
біраз күн қиналғаным бар. Ұйықтап кетсем Раскольников сияқты кісі өлтіріп, қалай 
жалтарып құтылудың амалын таппай қиналам... Достоевскийдің күші адамды өлтіру 


503 
процесін суреттеуде емес, Раскольниковті қинаған әр күйзелісін сұмдық терең және өткір 
етіп бере білуінде болса керек»,-деген пікірлері психологиялық талдаудың көркем проза 
үшін аса қажеттілігін айқындап берсе керек» [3.174]. 
Қазақ прозасында психологизмнің М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов 
шығармаларынан бастау алатыны белгілі. Оның да даму, қалыптасу кезеңі бар. 
Ш.Мұртаза сол аға буын өкілдерінің дәстүрін жалғастырушы, дамытушы. Көркемөнерде, 
оның ішінде сөз өнерінде әрбір суреткердің өзіндік қолтаңбасы, стилі болатыны белгілі. 
Образ сомдау, психологиялық талдау мәселесінде де әрбір суреткердің өзіндік ерекшелігі, 
даралығы болады. Біз бұны Шерхан шығармашылығынан анық көре аламыз. Әсіресе, 
«Қызыл жебедегі» бала Тұрар өзіндік көркемдігімен, шынайылығымен дараланады.
«Психологиялық талдаудың негізгі екі формасы бар: біріншісі, кейіпкердің мінез-
құлқын оның ішкі ойы, түсі, елесі арқылы суреттеу, яғни іштей психологиялық талдау 
жасау. Екіншісі, сырттай психологиялық талдау жасау, яғни кейіпкердің мінез-құлқын 
оның сөйлеу ерекшелігі мен мимикасы және тағы басқа да психикалық сыртқы көрініс 
арқылы суреттеу» [4.4]. Әрине, бұл кейіпкер психологиясын ашу жолдарының шартты 
бөлінісі. Адамның ішкі жан-дүниесі қаншалықты жұмбақ болса, оны ашудың жолдары да 
соншалықты сан алуан. Соның ішінде ішкі ойдың ролі ерекше. Ешкімге айтпас, тіптен 
кейде өзінен де жасыратын сырын адам баласы ішкі ой арқылы ой-қиялының сүзгісінен 
өткізеді. Күйзеледі, қуанады, шүкіршілік етеді, өкінеді. Бұл бүкіл адамзат баласына тән 
қасиет. Ал адам жанының осындай көңіл-күйін көркем шығармада суреттеу, ол арқылы 
ішкі жан дүниені ашу да суреткер шеберлігі. « - Рысқұл қарақшының баласы шоқынып 
кетіпті, шіркеуден көрдік,-деп жер дүниеге жария етер еді» [5.9]. Бұл Тұрардың ішкі ойы. 
Ішкі ой – ішкі жан-дүниенің көрінісі. Автор бала Тұрарды осылайша бекерден бекерге 
ойландырып отырған жоқ. Намысқой, бала болса да алды-артын ойлайтын, біреудің 
айтқанына көне қоймайтын Тұрардың осылайша ойлануы заңды. Оқырманға алғаш ішкі 
жігерінің мықтылығымен осылайша танылған Тұрар бейнесі көз алдымызда сомдала 
түседі. 
Мына бір детальға назар аударып көрелік: 
«- О, болыс-еке! Жай ма?!-деп Рысқұл ат үстіндегі Саймасайға қол берді. Сонан соң 
Тұрарды тиермелеп: 
-
Болысқа сәлем бер,-деді. Үйдей үлкен Қалдықызыл айғырдың үстіндегі болысқа 
баланың созған қолы жетпеді., болыс еңкейе қоймады. Созылған қолы ауа қармап, елеусіз 
қалғанына ыза болған бала, болыстың мысқылды жүзіне, қиығына әжім үйіріліп, 
күлімсіреген көзіне тікшие қарап қалып еді, соны сезген болыс: 
-
«Апыр-ай, бөрінің бөлтірігі әкесіндей жүрек жұтқан болар-ау»,-деп тіксініп қалды. 
Еріксіз еңкейіп, қолын ұсына беріп еді, бала көзінен шоқ шашырағандай тағы бір қарады 
да бұрылып кетті» [5.27]. Біздің ойымызша, бұл жерде кейіпкер психологиясын ашудағы 
ең басты тәсіл Тұрардың «бұрылып кетуі» емес. Саймасайдың Тұрар туралы ойы, ішкі 
ойы. Суреткер бір-біріне қарама-қарсы фондағы екі кейіпкерді қатар қоя отырып, екеуінің 
де ішкі жан-дүниесіне талдау жасайды. Сол арқылы бала Тұрардың бойындағы 
намысқойлықты, жігерлілікті көз алдымызға әкеледі. Рухы шымыр бала Тұрар ел 
қаймығатын Саймасай болысқа илікпейді. Қайта оған қайратты жанарымен шоқ шаша 
қарайды. Ал сырты күмпиген Саймасай болыстың ішкі дүниесі әлсіз. Міне, автордың 
негізгі мақсаты да осы. Ерекше назар аударар бір мәселе – суреткердің талғампаздығы. 


504 
Саймасайдың жылт еткен ішкі ойынан екі кейіпкердің ішкі дүниесінен бірдей хабар 
береді. 
Кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашуда сыртқы психологиялық талдаудың да орны 
ерекше. Бұл кейіпкердің сөйлеу ерекшелігі мен жүріс-тұрысы тағы да басқа 
психологиялық ерекшеліктерін суреттеу. Бұл да суреткер шеберлігіне байланысты. 
Шерхан Тұрар образын сомдауда психологиялық талдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін 
пайдаланды.
М.Әуезов психологизм туралы: «Рас-ақ, көп шығармаларды оқып отырғанда сол 
геройдың еңбек етіп жүргенін, жиналыстарда сөйлегенін, кейде тіпті, бас тұрмысын, үй 
іші тірлігін көреміз. Ал жан әлеміне келсек, дәл сол геройларымыз оқушы үшін жабық 
күйде қалады. Жабық қана дейміз-ау, тіпті үстірт, олақ бейнеленіп жатады. Тегінде адам 
құр ғана әрекет етпейді, ол белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетеді. Сол 
байлаудың жасалуын ішкі бір қажетті сырдан туатын байлау екені бізден жасырын 
қалады. Ал оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған жасырынның өзі емес 
пе. Біз болсақ оқушыға геройдың интеллектісін ашып берудің орнына күнделікті сыртқы 
күйін ғана көрсетеміз. Орны толмас олқылық осы»,-дейді [6.498]. Осы тұрғыдан көз 
жіберер болсақ, Шерхан Мұртазаның кейіпкер сомдауындағы шеберлікке көз жеткізеріміз 
ақиқат.
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.Елеукенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын. – Алматы: Жазушы, 1977.-312 б. 
2.Әуезов М. Т.Жұртбайдың «Ұлы қаламгердің қиын кезеңі» деген мақаласынан. 
«Жұлдыз», № 10, 1991. 
3.Ахтанов Т. «Бүгіннен гөрі ертеңнен дәмеліміз». Сұхбат. Қазақ әдебиеті,-1988,-23 шілде. 
4.Страхов И.В. Психологический анализ в литературном творчестве. Саратов,1973.-ч.1. 
5.Мұртаза Ш. Қызыл жебе. Роман. – Алматы: Жазушы, 1978.-240 б. 
6.Әуезов М. Шығармалар. 12 томдық, 12-том,-Алматы: Жазушы, 1969. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   222   223   224   225   226   227   228   229   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет