Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 1 (55), 2016 ж.
Қазақтардың осы ғасырдағы ашық қойылмаған сұрағы гамлеттік: «Бармыз ба, жоқпыз ба?» Немесе
«Боламыз ба, болмаймыз ба» [3,3].
Мәселе қаншалықта өткір болғанмен, оны жеткізудің жолын автор астарлап отырып ирониямен
жеткізуге бағдар жасайды. Баяндаушының пайымдаулары біреуді тікелей кіналау немесе жазғыру
емес, мысқыл, кекесін, мазақ, келеке секілді иронияның түрлі реңктеріне жүгіну арқылы жүзеге
асырылады: «Енді ашық қойыла бастаған асау сұраққа серкелеріміз қашандағыдай мыңқылдап, үні ін
түбінен шығатын жуас жауап береді: «Егемендігімізді алдық, Елбасымызды сайлап алдық, енді, міне-
міне... ышқырымызды көтеріп алайық, белімізді мықтап тартып алайық... терімізді сүртіп,
алқынымызды басып алайық... сосын тағысын тағы көре жатамыз ғой... ы-ы... быды-быды».
Құдайдың өзі «алсаңшы енді!» деп жалынған тәуелсіздікті алдық-ау... бірақ, жанымыз, рухымыз азат
па?» [3,3].
Автор интенциясындағы ирониялық ағын көбінесе өзіндік пайымдауға құрылған ойшылдық
арнамен тоғысып жатады. Оқырманды ойлантуға жетелейтін мұндай жолдар аз сөзбен көп кепті
қозғайтын шолу сипатымен ерекшеленеді. Бұл орайда көбінесе ішкі диалогке мол орын беріледі:
«Жан!.. Қазақта жан бар ма өзі?! Деп кекетеді менің Оппонентім...» «Қайда біздің рух? Қайда біздің
жан! «Жоқ» дейін десем, қазақтың бабасының бабалары тасқа қашаған Тағдыр не дейді? Жоқ дейін
десем, қағазға дерегі, ауызда аңызы қалған қияпатты тарихының куәлігі қайда қалады? Сары өзеннің
сағасынан құдіретті Римнің іргесіне дейін сайрап жатқан тұлпарлардың ізі – менің бабаларым
рухының шежіресі емес пе шынымен? Қазтуған, Бұқар, Дулат, Абай, Ахмет, Мағжан, ...көрген түс,
кешкен қиял ғана ма екен?! Тәңірі, Алласы аузындағы қазақта жан, рух жоқ болса, – онда менің
жаным неге ауырады?» [3,3-4].
Халық басындағы жайт, қоғамдық өмірдегі кеселді халдер, рухани тоғышарлық белгілері кейде
аналогияларға құрылып, гротескілік сипаттамалармен жеткізіледі: «...Мен айтайын: сиам егізіндей
бір басы қазаққа, бір басы айдалаға қарайтын құбыжық ұрпақ келді дүниеге. Біздің осы трагедиямыз
өзгелерге – ермек. Әлем осы құбыжықты қызықтауда. Шақшадай басы әуелден екі бөлек міскіннің
басқа ортақ мүшелерін бөлшектеп, тәжірибе жасап көріп жатыр. Суық қол, ендігі, қолқа-жүректі
аралап кетті. Енді жүрегін пәршелеп, жанынан айырмақ. Жүрегі бір екенін сезінбейтін, соры
сорпадай болған екі бейшара бас өзара айтысады. Бірі айтады: сен ұлтсызсың, орыс пен еуропаның
көзі қысық суррогатысың, сен – абстракция, сен – ешкім емес. Екіншісі айтады: сенің тілің ештеңеге
жарамайды, сенде әдебиет те жоқ (болмаған да!), мәдениетің, тарихың – бәрі күмәнді... Жұт – жеті
ағайынды. Бұл бақытсыздық аз болғандай екеуінің арасынан және бір бас өсіп шықты. Нағыз
екіжүздінің өзі! Оң иығына бұрылса – «қазағым» деп көлгірсиді, сол иығына қисайса – басқа
сайтандарының табанын жалауға әзір... Сондай бір кәззап бас!».
«Мәңгүрт» бас өз ұлтын, мәдениетін менсінбейтінін, жатырқайтынын жасырмайды. Ал мына
әзәзіл жасырады. Тіпті, өзінен де жасырады. Тек қылығы ғана әшкерелейді. Осы бас – ең
жиеркеніштісі. Қазақтың жаны мен рухына түскен батпан қара күйеңіз – сол». [3,4].
Иронияны эстетикалық категория ретінде қарастыратын көптеген еңбектерде оның толықтай күлкі
парадигмасына жатпайтыны, алайда өзге эстетикалық категориялармен өзінің бейнеленуші құбылыс
табиғатына оппозициялық бағдарымен түйісіп жататыны туралы дұрыс көрсетіледі. Иронияның
негізінде комикалық та, трагикалық та бастаулар жатады. «Ирониядағы кекесін оның міндетті бағыты
болғанымен, мазмұнын тұтас толтырмайды. Байыптылық иронияның мәні болып табылады және
заттарды байыпты немесе трагедиялық қабылдау сәті мұнда күлкінің басқа формаларына қарағанда
салыстырмалы түрде үлкен маңызға ие» [4,63].
Автор ирониясы жағымсыздықты мақтауға құрылып, баяндаушы тарапынан қызығу объектісі
ретінде көрінсе де, кейде оның астарына бойлап, шын кейпін ашатын сыншылдықпен астасып
жатады: «Мен көп ағаларыма қызығамын. Қай заманға да тез күйлейді, сызатсыз сіңеді. «Капитал»
мен «Құранның» арасын екі-ақ аттайды. Екі дүниенің басын иілтіп, даналықпен тең ұстайды: садақ
қып тартып жамбы атса да, қияқ етіп қобыз шалса да – соның қаруы. Және міндетті түрде жүлде
алады... Қызығамын. Бірақ, түсінемін: бұл – жанның ерлігі, рухтың мықтылығынан емес. Ішкі
темірқазықтың жоқтығынан. Олар күнбағыстың басы сияқты: төбесінен қандай күн шықса да, бәрібір
–
қашан батқанға дейін жолын қалт етпей қайталайды. Олар балауыз сияқты – отты қай жағына
жақындатсаң, сол жағына қарай майысып, тамшылай береді» [3,4].
«Күлкі және көз жасы» толғамында автор қазіргі күлкіміздің төркініне бойлатады. Мұнда
ирониямен суарылған күлкі мен көз жасының сабақтастығын аңғартатын ойлы пайымдар мол:
«...Мықтылықтан нешеме жылдар бойы ауыз жаппай күлдік. Өйткені, мына былықшылықтың бәрі –
128