Вестник КазНПУ им.Абая, серия «Филологические науки», № 1(55), 2016 г.
енгіздік. Соның ішіндегі өте-мөте маңыздысы – әлгі айтқан атақты «секс» деген сөз. Біз, қазақтар,
әлемдік руханиятқа ештеңе қосқан жоқ деуге енді кімнің аузы барады?» [3,18], «Дүниенің жетілген-
жеткен елдерінде сексуальды азшылық пен әйел теңдігі мәселесі басты проблема болып тұрғанда,
біздің артта қалған қауым жұмыссыздық, ұйымдасқан қылмыс, парақорлық, халықтар достығы...
деген сияқты майда-шүйдемен шұғылданып, ескі жұртта отырғаны қынжылтады...» [3,20], «Бір кезде
ең сексуальды, тартымды тұлға – жазушылар еді. Қазір бұлардан қадір кеткен – жаппай импотенция...
Жұртқа көрінуге бет жоқ – бәрі бұйығып үйінде жатыр. Тек біздің парламент қана – тұрақты. Біздің
парламент – көгілдір. Өйткені, оны ешкім жақсы да көрмейді, жек те көрмейді... Бұлар өзі бірқауым
ел: бір-бірін өздері жақсы көреді, өздері жек көреді – басқа жұрттың бұларда шаруасы жоқ. Өзара
ілігіп-шатысып-былығып жатқан бір әлем. Бұл бір емі табылмайтын аномальдық құбылыс, яғни,
сексуальдық азғындық...» [3,23]. Айтар ойды күлкімен әдіптеп отырса да, автор қоғамдық түрлі
сырқаттарды мысқылмен орап, кемшіліктерімізге өзіндік үкімін айтып отыр.
Автор философиясының экзистенциялық-онтологиялық бағыттылығы қазақстандық қоғамдағы
өтпелі кезеңнің қателіктерін жинақтай бейнелеп, тұрмыстағы мерездіктерден қоғамдық-әлеуметтік
деңгейдегі тоғышарлыққа дейінгі аралықты иронияның көмегімен қамтуынан танылады. Ирониялық
реминисценциялар көркем жинақтаудың, «материалды интеллектуальдықпен игерудің», «өмірді
диалектикалықпен меңгерудің» [6,24] маңызды құралы болып табылады.
Кітапта бүгінгі өміріміздің сан алуан мәселелері, адам мінезінің түрлі қырлары қызғылықты
тәсілдермен бейнеленеді. «Түсінікті» – әсіре «жан-жақтылықтың» (әнші, ақын, сазгер, т.б.) төркініне
үңілтсе, «Қызық» әңгіме» – санасында саңылауы жоқ түйсіксіз болса да ақшаның арқасында
парламенттен бір-ақ шыққан «жаңа қазақтың» атынан ирониялық леппен баяндалатын монолог.
«Қашқандар мен қуғандар» – сөз өнері, жазушылық туралы әсерлі монолог. «Ғылым жолын қуған
ініге кеңесте» күні кешеге дейінгі диссертация қорғаудың жай-жапсарын күлкілілікпен баяндайды.
Ал «Тапқан – кімдікінде!» халықтық «Тапқан – тапқандікі, ешкі – баққандікі» деген мәтелдің мәнін
бүгінгі күн тұрғысынан ирониямен тәпсірлейді: «...Жалпы, біреудің қалтасына үңілу, есіңізде болсын,
әдепсіздікке жатады. Ал, табылған нәрсенің түбін тергеу – барып тұрған ақымақтық. Және бұл,
есіңізде болсын... қауіпті нәрсе. Сіз үшін, әрине. «Тапқан – тапқандікі» дедік пе? Болды. Сол сөзде
тұрайық. Сонымен, мәселе – таба білуде. Ал ешкі баққандар – баға берсін. Ұшпаққа шықса,
көрейік...» [3,253].
Кітаптағы шығармалар жанрлық жағынан жан-жақты: көркем әңгімеден бастап, эссе, әдеби
толғам, мысал, ертегі түрлерінде келеді. Кейбір жағдайда қиял, фантасмогория, түс көру элементтері
сәтті пайдаланылады. «Адамдар мен иттер», «Рецензия» – эпистолярлық, «Тарғыл» – мысал, «Айна
сарай» – түстегі оқиға, «Қазақтар мен біздер», «Аңыз», «Ауыз бен құлақ» ертегі, «Дос», «Әулие»,
«Сайтан», «Аңыз» туындылары қиял-ғажайыптық, фантасмогориялық сарында жазылған. Кітаптың
соңындағы «Қазақтар мен біздер» романтикалық асқақ леппен, «Рух жыры» оптимистік рухымен
өмірсүйгіштікке жетелейді.
Қиял – шығармашылық еркіндік көрінісі – негізінен романтикалық иронияның бастауы болып
табылады. Онда, көбінесе, дүние қияли сипат алып, «екіге жарылып», «өңі айналдырылып» [7,76]
фантастикаға ұласып отырады, мұнда оқиға-құбылыстар «қияли көрінеді, қандай да бір нақтылықтан
адаланады, ...онда көптеген ғажайыптар орын алады» [7,34]. Көркем шығармадағы романтикалық
шалқулар субъективтік басымдыққа бейім келеді, ирониктің шығармашылық еркіндігіне өріс ашады.
Суреткерлік «Мен» тұрмыстың барлық жақтарына ирониялық сыңаймен қарайды, субъективтік
ирониялық сананың жан-жақтылығы, әмбебаптығы орын алады.
Туындылардың басым бөлігіндегі эссеистика табиғатына тән субъективтілік, айқын көрінетін
авторлық позиция, белгілі бір мәселе бойынша автордың пікірі, еркін баяндау формасы, шығарманың
шағын көлемі мен оқырманмен тілдесуге бағдар жасау сарыны шындықты сипаттау мен ол туралы
пайымдаулар кейбір таптаурын пікірлерді бұзып, еркін ойлауға жол ашады.
Кітаптың өн бойында қазақтың тағдырына алаңдаушылық, жанашырлық пен қамқорлық сарын
жатыр. Алайда, бұл ниет-тілеулестік ашық түрде, тура айтып, төте жөн көрсетумен емес, негізінен
мысқыл-кекесінмен түйреп, қазақтың намысын жанитын ирониямен беріледі: «Өзге жұртпен бірге
көрген қорлығыңның сыртында, қазақ болғаның үшін көретін қорлығың қаншама? Және бұл
қорлықты бізге дәл қазір басқа емес, қазақ көрсетіп жатыр...» [3,216]; «Мына бір үшеуге қараңыз. Дос
құшақтары айқасып қалыпты. Ішіңіз елжірейді, тіпті. Бірақ, бірі – мәңгүрт, бірі – шовенист, бірі –
космополит. Қызық, осы үшеуін біріктірген не нәрсе екен! Өз айтқандарына сенсек, үшеуін
біріктірген сіз бен біздің қамымыз екен!.. Ха-ха-ха!.. Құдай бұларға ұялмас бет, талмас жақ берген.
131
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы, № 1 (55), 2016 ж.
Жылтырайды, жалпияды, сарнайды, зарлайды. Көзіңді арбайды, басыңды айналдырады, іші-
бауырыңа кіреді – дауысыңды алмай тынбайды...» [3,230]; «...Қазақ жер бетінен қазір жоғалып кетсе
де, «апырмай» деп жаны ашып, іздеу салатын, жоқтау айтатын біреу бар ма екен, дүниеде?! Папуас
қырылып қалса – қайғы. Уссури жолбарысы кеміп кетсе – орны толмас қасірет! Әлемде қанша қазақ
бары ешкімге қызық емес – крокодил мен пілдің саны қатаң есепте...» [3,271].
Дүниеге ирониялық көзқарас көбінесе адамзат тарихындағы дағдарыс кезеңінде, өзгерісті
дәуірлерде өзектене түседі. Өткен ғасырдың соңында орын алған кезең де еліміздің тарихындағы
ауыртпалығы мол, өтпелі дәуір болғаны белгілі. Ирония оқырмандардың өткен кезең құндылықтарын
бағалауға, тоғышарлық өмірдің мәнсіздігіне көз жіберуіне көмектеседі. «Қазақтың жаны» – ХХІ
ғасырға қадам басқан халқымыздың жоғын жоқтап, мұңын бөліскен, қазақтың жанына үңіліп,
намысын қамшылайтын ирониялық прозаның үздік үлгісі.
1
Михайлов А.В. Литературоведение как проблема. - М., 2001. - С. 453.
2
Шапай Т. Шын жүрек – бір жүрек. – Алматы: Жазушы, 2000. - 256 б.
3
Шапай Т. Қазақтың жаны. - Астана. Елорда, 2001. - 284 б.
4
Паси И. Ирония как эстетическая категория // Марксистско-ленинская эстетика в борьбе за
прогрессивное искусство. - М., 1980. С. 123.
5
Лосев А.Ф., Шестаков В.П. История эстетических категорий. - М., Искусство, 1965. - С. 326.
6
Хрулев В.И. Поэтика послевоенной прозы Л.Леонова. Уфа. Башкирский гос. ун-т. 1987. - C.254.
7
Ванслав В.В. Эстетика романтизма. - М., Искусство. 1966. - С. 340.
Достарыңызбен бөлісу: |