116
Профессор Б. Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде сол дәуірде
баспадан шыққан қазақ тілі кітаптарында араб, парсы, шағатай, татар, башқұрт, өзбек
тілдерінің кірме сөздерімен аралас жазылғандықтан қарапайым қазақ халқы түсінбегендігін
жазады. Яғни, ғалымның түсіндіруінше, бұл кітаптардың
аты қазақша болғанымен,
негізінен «түрки» тіліне негізделген еді дейді. [9, 9].
Кітаби тілдің қазақ әдеби тілі тарихындағы орны деген мәселеде XIX
ғасырдың II жартысында қазақ әдебиетіне жеке жанр болып қалыптасқан «қиссалардың
тілі» туралы мәселе тікелей қатысты. Өйткені шығыстық үлгіде шығарылып, ауызша, кейде
басылып таратылған қиссалардың тілі аталған жазба кітаби тілдің қалыптасуына себеп
болды. Қиссалар тілі дегенде міндетті түрде кітаби тіл термині қолданылады. Қиссалар
немесе кітаби тіл туралы көзқарастар әртүрлі. Біршама ғалымдар қиссалардың тілі араб,
парсы, шағатай, татар, башқұрт тілдерімен араласқан, қарапайым халыққа түсініксіз, қоспа
тіл ретінде қараса (М. Балақаев, М. Томанов, Е. Жанпейісов), келесі ғалымдар тобының
көзқарасы мүлде басқаша. Мәселен, ғалымдардың бұл пікіріне профессор Ғ. Мұсабаевтың
«Қазіргі қазақ тілі» атты кітабында білдірген пікірі қайшы келеді. Оның айтуынша «...Орта
Азия түркі халықтарында «шағатай» әдеби тілі деп аталатын кітаби тіл қолданылды. Бұл
тіл қазақтың халық тілінен өзгеше болды. Соның өзінде халық тілінің негізі сақталады.
«Кітаби тіл» қазақ халқы жақсы түсінетін, бұқараға кең тараған тіл болды... өйткені кітаби
тілдің негізі көне түркі тілі – қазақ халқына жат тіл емес» [10, 14].
Академик Р. Сыздықова: «Қиссалардың «шағатайшылап» берілуіне бірнеше фактор
әсер етті. Біріншісі – жаңа жазба дүниенің авторлары өз туындыларын бұрынғы
оқылып
келе жатқандардан (шағатайша әдеби үлгілерден) тіл жағынан алшақтамағаны, екіншіден,
қиссалардың тақырыбы мен сюжеті шығыс әдебиетінен «түркі» тіліндегі ескерткіштерден
алынды». Шағатай тілінде өте сауатты, көзі ашық, мұсылманша жақсы хат таныған қисса
авторларының тіліне сол «түркінің» сөз саптауы мен тіл машығы оңай оралып тұруы да
себеп болды. Үшіншіден, Ә. Құрышжановтың айтуына қарағанда, «кітаби тіл» діни
уағыздамалардың жаны болды, діни қисса өлеңдерді халық санасына жеткізуді «кітаби тіл»
өз мойнына алды» [1, 223], – деп жазады.
Профессор Б. Әбілқасымов қазақ әдебиетіндегі «кітаби тіл» терминін екі түрлі
мағынада қолданылып жүргенін көрсетеді: біріншісі – шағатай немесе Орта Азиялық түркі
әдеби тілінің (түркі) мағынасында; екіншісі – шағатай тілінің қазақ авторлары
шығармасында қолданылған түрі [7, 40]. Бұл терминді кейбір авторлар ХІХ ғасыр мен ХХ
ғасыр басындағы қазақ шығармаларының тілін көрсететін атау ретінде пайдаланып жүр.
Сондай-ақ, ғалым қиссалардың барлығы бірдей көне шағатай тілінде жазылмағанын,
мазмұны жағынан шығыстық сюжетке құрылған, ерте замандардағы оқиғаларды
баяндағанымен, тілі XIX ғасырдағы қазақтың көркем әдеби тілінде берілгендігін айтады.
Қиссалардағы шағатай элементтерінің азды-көптігі авторына байланысты болды дейді [7,
36]. Мысалы, М. Жұмашұлы жырлаған «Қисса-и Салсал» дастанының редакция тарапынан
түркі сөздері қазақ тіліндегі сөздердің жазылу нормасына сай түзетіліп берілсе [7, .294], А.
Оразаев жырлаған «Бозжігіт» қиссасында өзге қазақ тілінде жырланған қиссаларға
қарағанда, түркі әдеби тіл дәстүрі көбірек сақталды.
Шетел түркітанушылардың пікірінше, ортағасырлық түркі тілі ретінде санап
отырған «шағатай тілі» XV ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін Орталық Азиядағы шығыс
түркі халықтарының жазба және сөйлеу тілі болған. Көне түркі тілінен кейін қалыптасқан
қараханид тілі барлық түркілердің ортақ жазба тіліне айналды.
Қараханид мемлекеті
ыдырағаннан кейін хорезм мен қыпшақ тілдері таралды. Әмір Темір билігі кезеңінен бастап
түркі тайпалары шоғырланған аймақтарда дамыған мәдени-ғылыми ошақтарда кеңінен
таралған ортағасырлық түркі жазба тілі, жан-жаққа шашырып кеткен түркі тілдерін
біртұтас қалыпқа келтіріп, ХХ ғ. басына дейін қолданыста болған. Ортағасырлық түркі
жазба тілі XV ғасырдан бастап Әмір Темір, Шайбани, Бабыр империясы мен Хиуа және
Қоқан хандықтарында ресми мемлекеттік тіл ретінде қолданылған [10, 13].
117
Қысқасы, ортағасырлық түркі жазба тілі – Хорасан, Ферғана, Шығыс Түркістан
аймақтарындағы әдеби тіл ғана емес, Үндістан, Қазан, Қырым және Осман империясымен
ресми қарым-қатынас жасау мақсатында «лингва франка» қызметін атқарған. Ал
Самарқанд, Бұхара, Герат, Хиуа, Қоқан, Қашқар сияқты ірі қалалары ортағасырлық түркі
жазба тілін («шағатай тілі») дін, әдебиет, фольклор және тарих тілі ретінде қолданылған
мәдени орталықтар болды [10, 13].
«Шағатай тілі» деген терминнің өзіндік мағынасы осы күнге дейін бір жүйеге келіп,
дәл айқындала қойған жоқ. Алғашқы кездерде «шағатай әдебиеті» дегенге ХІ-ХІХ
ғасырлардағы барлық түркі тілді әдебиеттерді түгел жатқызып келген болатын. Әбілғазы
Баһадүр хан «Шежире-и Теракиме» шығармасының кіріспесінде Темір билігі кезеңінде
араб және парсы сөздерімен аралас тілге «шағатай тілі» деген екен. Бұл атауды алғаш рет
Х. Вамбери өзінің неміс тілінде жазылған «Çagataische Sparachstudien» (Шағатай тілі
зерттеулері, Лейпциг, 1867) атты еңбегінде қолданған [10, 14].
Осы еңбек Батыс Еуропа
ғалымдарының арасында бұл терминнің кеңінен таралуына әсер еткен. Кейін Ж. Тюри, М.
Хартманн, Я. Экманн сияқты түркітанушылар «шағатай» терминін қолдап, біраз еңбек
қалдырды. Е.М. Кватремере, А. Павет де Куртеиль, Ю.Т. Зенкер сияқты француз
ғалымдары «шығыс түркі тілі» деген сөз қолданып, «шағатай тілі» деген терминнің
синонимі ретінде қарады [10, 13-14]. Дегенмен зерттеуде «ортағасырлық түркі жазба тілі»
терминін қолданылатын болады.
XX ғасыр басында шыққан көркем әдебиет тілінде араб,
парсы сөздері,
диалектизмдер, терминдер, көне түркі жіне орыс тілдерінің, татар, өзбек тілдерінің
элементтері кездеседі.
Зерттеушілер көне түркі тілінің қалдықтарын, араб, парсы сөздерін «кітаби» тілге
жатқызады. Ә.Әбілқасымов: «Кітаби лексика дегенде жалпы халықтық тілдің сөздік
қорынан бөлек тұрған сөздердің тобы бар екен деп ұғынбау керек... кітаби лексикаға
жататын сөздер «Дала уалаяты» газетінде көбірек орын алған. Бірақ бұл ерекшеліктер
барлық жылдарда,баолық
мақалаларда сақталып отырмайды, яғни, мұнда біркелкілік,
бірізділік жоқ. Сондықтан мұны ортаазиялық түркі әдеби тілі жазу дәстүрінің газет
лексикасына тигізген әсері деп қана қарауымыз дұрыс сияқты» – дейді.
«Кітаби тіл» деп аталып жүрген жазба дәстүр ортағасырлық дәуірде жасалған үлгі.
С.Исаев бұл дәстүрдің басты ерекшелігі ретінде көптеген түркі тілдеріне ортақ үлгілердің
сақталуын жатқызады. Сондықтан сөйлеу тілінен шығып қалған көне тілдік элементтер әр
кезеңдегі жазбалар тілінде қайта жаңғырып қолданылып отырады. Кітаби тілідің әдеби
тілді дамытуда, байытуда қоықан белгілі үлесі бар. Өйткені кітаби тіл дәстүрі XVғасырдан
былайғы жерде қазақ халқының мәдени тұрмысының бір көрінісі болып табылатын әр түрлі
жазбалар тілін құрау қызметін атқарумен бірге кейінгі кездегі әдеби тіліміздің қажетін
өтеуге жарады, әдеби тілден тұрақты орын тепкен көптеген жаңа сөздердің, грамматикалық
тұлғалар мен конструкциялардың жазба тіл арқылы келгендігі байқұалады.
Кітаби тілде жарық көрген басылымдарды, сөздерді түсініксіз тілде жазылған араб
тілді кітаптардан гөрі түсініп оқуға жеңіл болғандығын С.Мұқановтың, Ғ.Мұсабаевтің
пікірлерінен де байқаймыз.
Сонымен араб, түркі, татар, өзбек тілдерінің лексикалық элементтері XX ғасыр
басындағы ақын-жазушылардың шығармалар тілінде біршама кездеседі. Олар көбінесе
саяси-қоғамдық, діни танымдарға байланысты сөздер. Дәуір талабы әдеби тілдің дамуына
әсер етпей қоймайды. Кітаби лексиканың саны бірте-бірте азайып, әдеби тілде олардың
орнына жалпыхалықтық ауызекі тілдің сөздері мен сөз тіркестері
кеңінен қолданыла
бастады.
Араб, парсы, көне шағатай тілінің элементтері кездесетін қазақтың көркем әдеби тілі
«кітаби тіл» аталды. Ол қазақтың ауызша әдеби тілін кейінгі ұлттық жазба әдеби тілге
жалғаған жартылай жазба әдеби тіл болды.
118
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XIX ғасырлар). Алматы:
Арыс, 2004. – 288 б.
2. Мусабаев Г.Современный казахский язык. Алма-Ата, 1959. С 107-117
3. Кенесбаев С. Развитие казахского литературного языка в
советское время//
М.О.Ауэзову. Сб.статей к его 60-летию. Алма-Ата, 1959, С.57
4. Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мәселелері. Алматы, 1965. – 8-16
5. Малов С.Е. К истории казахского языка // Известия АН СССР, № 3. 1941. – С 99
6. Радлов В.В. Наречия тюркских племен живущих в Южной Сибири и Джунгарской
степи. Часть III. Спб., 1870, с. 19
7.Әбілқасымов Б. XIX II ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Алматы:
Ғылым, 1982. – 224 б.
8. Сауранбаев Н.Т. Қазақ тілінің совет дәуірінде дамуы және оның келелі мәселелері.
– Қаз ССР ҒА Хабарлары. Лингвистикалық серия, 5-шығуы, 1948, № 77
9. Кенжебаев Б., Есназаров Ө. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. – Алматы:
Ғылым, 1966. – 325 б.
10. Кайранбаева Н.Н. «Қисса-и Джанкнаме-и Рисале-и Шах-и Мардан»
қолжазбасының тілі. 8D02208 – Түркітану Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация. Алматы, 2022. – 164 б.
Достарыңызбен бөлісу: