АЛТАИСТИКА ЖӘНЕ ТҮРКОЛОГИЯ, №2, 2012 44
студент кезімде Немат ағайдың жетекшілігімен көрнекті ақын Қ.Бекхожиннің
Низами мен қыпшақ қызы Әппақтың махаббаты жайында жазған поэмасының
көркемдігіне, тарихи негіздеріне көп ізденіп, қыруар материал жинап, зерттеу
жүргіздім. Ұстазым риза болды. Содан болар, 3-курстан соң оқуымды Мәскеуде
жалғастыруға кеңес беріп, жол көрсетті. Бірақ оған мүмкіндігім болмады. Де-
генмен «Өз түбін түгендемеген ұлттың келешегі үмітсіз» деген ұстаз үні әркез
есімізде жүреді.
Профессор Н.Келімбетовтің түркітануға қосқан үлесі ең алдымен кешенді
бағдарымен маңызды болып табылады. Жоғарыда аталған оқулығының өзінде
де кейінгі ұрпақ телегей теңізге айналдырар деген сеніммен ашқан алтын ба-
стаулар мен желілер, тағылымдар бар. Мәселен, «біз қазақ әдебиетінің түп-
төркінін, ежелгі дәуірін ғылыми негізде танып-білу үшін алдымен халқымыздың
бұрынғы-соңғы тарихынан толық хабардар болу керек» [1, 5 б.] деген пікірін
осы тақырыпқа баратын ғалымға қойылатын қатаң талап деп ұғамыз. Бұл әсіресе
әр кезде қылаң беріп отырған жалғандық пен жауапсыздыққа толы шатпақтарға
қарсы айтылған сөз болса керек. Арғы заман деп айтқан болжамның өзінде де
анық ақиқатқа тән қисын болғаны дұрыс қой. Ғалымның мақсаты ел арасына
дүбәра ой тастап, алашапқын тудыру болмаса керек. Жұдырықтай жұмылған
жұртымызды күресінге тастар арзан оймен жұлма-жұлмасын шығарып, іркіттей
ірітетін ізденгіштер түбі таза ғылым толқыны соғып, өлі шорағайдай жағада
қалары анық. Ондайларға тосқауыл қою үшін, қазақ ғылымында «толық ғалым
тұлғасын» қалыптастыру алысты көздеген айқын мұрат болуы тиіс. Немат
Келімбетов – толық ғалым. Ол қазақ әдебиетінің тарихын зерделегенде бағзы
замандағы түркілік тұтастықты тірек етті. Осы ұстанымының өміршеңдігін
уақыт дәлелдеді. Құбылмалы әлемнің халықтың тіліне, әдебиетіне, тарихы мен
мәдениетіне – жалпы болмысына әсерінен көмескіленіп көзден таса, көңілден
бұл-бұл ұша бастаған көздерін сеніммен, жатсынбай, жүрексінбей ашты.
Әлкей Марғұлан, Р.Бердібаев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Қ.Өмірәлиев,
Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов т.б. тұлғалардың ғылыми нәтижелерін анық тілмен
оқу әдебиеттеріне енгізіп, ұрпақ санасына орнықтырды. «Әйтсе де түркі тілдес
халықтардың ежелгі әдеби ескерткіштерін тарихи, әдеби, тілдік, этнографиялық,
т.б. танып-білуге қатысты проблемалар да аз емес» [1, 9 б.] деген өзекті сөзінен
бері де бір ұрпақ алмасар уақыт өтті. Түркітану да алуан-алуан зерттеулермен
толықты. Асылы, түркітану ұғымының аясы тым кең екенін білеміз. Түркітану
– кешенді ұғым. Түркі тіл білімі, түркі әдебиеті төңірегінде қазірде ғылыми
жетістіктердің шоғырлану үдерісі жүріп жатыр. Бүтін түркі дүниесінің өткен
жолы, жиған-тергені ортақ қымбат қазынамыз болғаны қуантады, бірақ бүгініміз
бен болашағымыздың біртұтастығы одан да қымбат. Қаншама ұлысымыз
түркісізденіп, өзгеге сіңіп, өзімізді өзектен тепті. Енді оларды еуропаға қарап
аңырасаң да, орысқа қарап оқырансаң да, қытайға қарап қызынсаң да, парсыға
қарап парықтасаң да қайтара алмайсың, олардың жылт еткен ізіне, қылаң еткен
белгісіне елеңдейсің. Бәрін де сұрапыл ғасырлар жұтқан – себебі көп. Осындай-
да көрнекті жазушы, қазақ тарихы хақында халқына қисынды ой салған ғалым