–
28
–
Салғастырмалы тіл білімі
жүйелерін салыстырып, салғастыруға болады. Мұндай
зерттеулердің нәтижелері шет тілін оқып, үйренуде өте пайдалы.
Салғастырмалы зерттеу мен салыстырмалы зерттеу
жалпы лингвистикада ара жігі ажыратыла қарастырылады.
Салыстырмалы
(сравнительное) зерттеу өзара туыс тілдерді
салыстыра зерттеп, (мәселен, қазақ, қырғыз тілдерін)
туыстық деңгейін анықтауға бағытталса,
салғастырмалы
(сопоставительное) әдіс туыс емес, құрылымы әр түрлі тілдерді
(мәселен,
араб-қазақ, неміс-қырғыз) синхронды қалыпта
салғастыра зерттеу болып табылады. Сонымен туыс
тілдер
салыстырылады, туыс емес тілдер салғастырылады. Тілді
зерттеуші ғалымдар тілдерді салыстыра және салғастыра
зерттеуге өз қызығушылықтарын арттырып отыр. Өйткені
тілдерді салыстыра, салғастыра зерттеу, бір жағынан, тілдер
арасындағы ерекшеліктер мен өзара сәйкес сипатты айқындаса,
екінші жағынан, туыстас тілдерді былай қойғанда, туыс
емес, генетикалық жағынан алыс тілдердің арасындағы өзара
құрылымдық ұқсастықтарды, сәйкестіктерді, ең бастысы,
әр тілдің өзіндік тілдік үрдістерін (
тенденцияларын)
ашуға
мүмкіндік береді.
Қазіргі тіл білімінде туыстас және туыс емес тілдерді
салғастыра зерттеу – олардың арасындағы ұқсастықтар
мен ерекшеліктерді ашуда үлкен роль атқарады. Тілдердің
фонологиялық,
морфологиялық, грамматикалық, лексикалық
т.б. ерекшеліктерін салғастырмалы типологиялық әдіспен
зерттеу 20-ғасырдың екінші жартысынан бастап, бүгінгі күнге
дейін салғастырмалы тіл білімі ретінде қалыптасып отыр.
Салғастырмалы тіл білімінің жеке сала ретінде
қалыптасуында, оның зерттеу әдістері мен мақсат, міндеттерін
айқындауда В.Д.Аракин, (1973), Дж.Буранов, (1983),
В.Н.Ярцева, (1960, 1981, 1986), У.К.Юсупов, (1983) т.б.
ғалымдардың еңбектерін ерекше атауға болады.
Салғастырмалы лингвистикада көбіне екі, кейде одан
да көп тілдер салғастырылып, одан шыққан қорытынды бір
топ кешенді теориялық және лингводидактикалық мақсат пен
міндеттерді шешуді қажет етеді.
Ондай теориялық мақсат-
міндеттер деп төмендегілерді атауға болады:
1) Салғастырылып отырған тілдер арасындағы
–
29
–
Есеналиева Жанар
сәйкестіктер мен айырмашылықтарды анықтау; 2) бір тілді
оқып-үйренуде көзге түспейтін, ескерілмей қалатын белгілерді
тауып көрсету; 3) сол тілдерге тән тілдік үрдістерді
айқындау;
4) салғастырылып отырған тілдер арасындағы жүйелік
сәйкестіктер мен айырмашылықтарды (яғни тілдер арасындағы
эквиваленттер мен лакуналарды) анықтау; 5) тілдердің бір-
біріне ықпалын, бір-біріне әсерін (егер қатар өмір сүрсе)
нақтылау; 6) мүмкіншілігінше тілдер арасындағы сәйкестіктер
мен айырмашылықтарды түсіндіру; 7) салғастырылып отырған
тілдердің арасында кездесетін дедуктивтік универсалийлерді
таныту.
Ал лингводидактикалық мақсат, міндеттер мына
мәселелерді қамтиды:
1) Салғастырылып отырған тілдер арасындағы
сәйкестіктер мен айырмашылықтардың әдістемелік мәнділігін
(релеванттылығын) айқындау; 2) тіл аралық ықпалдық
(интерференция) сипатын анықтау; 3) шет тілін оқытуда тілдер
арасындағы айырмашылықтарға байланыс ты туындайтын
қиыншылықтарды көрсету; 4) шет тілін оқыту дың әдістемесі
ретінде тілдер арасындағы
салғастырудың шекарасын көрсету;
5) шет тілін оқытудың әдістемесі ретінде тілдерді типологиялық
жағынан салыстыруды жіті зерттеу.
Салғастырмалы лингвистика саласында қазіргі уақытта
екі бағыт қатар келеді: теориялық мақсатта тілдерді салғастыра
зерттеу және лингводидактикалық мақсатта тілдерді салғастыра
зерттеу.
Бірінші бағыттағы ғалымдар (В.Г. Гак, 1977; Ю.С. Маслов,
1978; Дж.Буранов, 1983) салғастырмалы лингвистикада тілдер
арасындағы сәйкестіктер мен ұқсастықтарды топтастыруда
теориялық мәселелерге баса назар аударса, екінші бағыттағы
тілшілер (Р.Ю.Барсук, 1970; Lado, 1957, Nickel, 1971)
лингводидактикалық
аспектіге көбірек көңіл бөліп, екі тілді
типологиялық жағынан салғастыра талдауды шет тілін
оқытудың тиімді әдістемесі мақсатында қарастырады.
Құрылымы әртүрлі тілдерді салғастыру тілдердің
типологиялық классификациясын құруға негіз бола отырып,
тілдер арасындағы сәйкестіктер мен ерекшеліктерді дәл
көрсетуге мүмкіндік береді. Әртүрлі тілдерді құрылымдық
–
30
–
Салғастырмалы тіл білімі
талдау тілдік универсалийлерді айқындауға көмектеседі. Жеке
тілдік фактілерден жалпы тілдік фактілерге қарай талдауда
тілдік универсалийлер тілдің
құрылымын коммуникативтік
жүйе ретінде қарастырады. Сондықтан да, құрылымдық
типология – қазіргі лингвистикада маңызды мақсат-міндеттерді
шешетін тіл білімінің негізгі саласы.
Сонымен, салғастырмалы тіл білімінің зерттеу нысаны
– зерттеліп отырған тілдердің тілдік жүйесі. Салғастырмалы
тіл білімі лингвистиканың ең басты тармақтарының бірі,
оның өзіндік мақсат-міндеттері бар.
Сонымен салғастырмалы тіл білімінің м а қ с а т ы - екі не
одан да көп туыс емес тілдердегі бір типтес тілдік құбылыстар мен
категорияларды бір- бірімен салғастыра отырып олардың бүкіл
тілдік материалдарын сипаттап беру. Сол арқылы әлгі тілдердің
фонетикалық, лексикалық, грамматикалық құрылымындағы
айырым-өзгешеліктерді (кейде ұқсастықтарды) көрсету.
Салғастырмалы тіл білімінің зерттеу нысаны – зерттеліп
отырған тілдің жүйесі болып табылады. Оның м і н д е т і
н е бір-бірімен ешқандай туыстығы
жоқ тілдік фактілер
салғастырылып, ол тілдердің ортақ белгілерін, сәйкестіктерін,
сонымен қатар, ерекшеліктерін ашып көрсету жатады.