ӘОЖ: 1(09):17. (045)
ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ҚОҒАМДЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК ЭТИКАЛЫҚ
МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚОЗҒАЙТЫН ТРАКТАТТАРЫ
Түгелбаев А., «
Тарих» мамандығының студенті
Ғылыми жетекші: Бекенжанова А.А., аға оқытушы
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қаласы
Андатпа.
Бұл мақалада ұлы ойшыл Әл-Фарабидің қоғамдық-әлеуметтік,
этиқалық ойлары, соның ішінде қайырымды қала, адамның тіршілік етуі мен
кемелділікке жетуі туралы ойлары, сонымен қатар социология, этика және эстетика
мәселелерін қамти отырып, «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету
туралы» трактаттарында ол адам қоғамының өмір сүру формалары, адамның мінез-
құлқы туралы ойлары қарастырылады.
Түйінді сөздер:
қайырымды қала, фәлсафалық еңбектер, ізгі мемлекет, ғұлама,
Әл-Фараби, трактат.
Отырар ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшhүрі – Аристотельден кейінгі
«екінші ұстаз», «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби.
Оның толық аты жөні Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Мұхамед ибн Тархан
ибн Ұзлағ әл-Фараби. Яғни, әл-Фарабидің өз аты Әбу Насыр Мұхамед, әкесінің
ныспысы да Мұхамед, бабасының есімі Тархан, арғы атасы – Ұзлағ. Түрік
оқымыстыларының Әбу Насыр ныспысының соңына кейде «әл-түрки» деген сөзді
қосып, оның түркі текті екенін шегелей түседі. Араб, парсы шежірелерінің деректеріне
қарағанда әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб қаласында
әскербасының отбасында дүниеге келген.
Әл-Фараби алғаш Отырар медресесінен дәріс алады. Сосын Шаш, Самарқанд
пен Бұқара шаһарларын аралап, Бағдадта білім алады. Ол медицина ғылымы мен
логиканы Йуханна ибн Хайланнан, жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін Әбу
Башр Маттадан үйренеді. Әбу Насыр көп дәріс алып, білімін молықтырып, Бағдадқа
қайтып оралады. Бар ынта-жігерін фәлсафаны зерттеуге арнайды.
Әл-Фараби – өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын,
оның фәлсафасын, әсіресе Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халиланың
айтуына қарағанда Әбу Насыр Аристотельдің «Метафизикасын», «Жан туралы»
еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан сияқты. Осындай
ыждағаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген.
Оның фәлсафалық еңбектерінің басым көпшілігі грек ғылымдарының, әсіресе,
Аристотельдің мұрасын зерттеуге арналған.
Әбу Насыр Аристотельдің «Категория», «Бірінші және екінші Аналитика»
сияқты фәлсафалық және логикалық шығармаларына түсіндірмелер жазған. Сондай-ақ
өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің
түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген
трактаттар туындатқан. Бұл еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет және адамдардың
өзара қарым- қатынасы туралы өз заманы үшін ой-пікірлерін айтады. Орта ғасырдың
өзінде-ақ Әбу Насыр қанаусыз, зорлықсыз бақытты қоғам орнату жөнінде батыл
болжам жасаған. Мұндай қоғамның тууын ол мемлекет басшысының ақылымен,
білімімен, адамгершілігімен байланыстырған.
Фарабидің
қоғамдық-философиялық,
жаратылыстану
туралы
ғылыми
көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдениет,
112
философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі болып табылады. Ұзаққа
созылған жаулаушылық саясаттың нәтижесінде құрылған жаңа мемлекет Араб
халифаты тек қана жерлерді, елдерді, территорияларды қосып қана қоймай мемлекеттік
дін дәрежесіне көтерілген ислам идеологиясы біріктірген әртүрлі мәдениеттерді қосып,
жаңа қоспа мәдениет туғызды. ІX-X ғасырларда саяси, философиялық ойдың дамуы
таптың және діни ағым қайшылықтардың көрінісі болған әртүрлі ағымдар мен
кешендердің осы шиеленіскен идеологиялық күресі жағдайында жүрді. Мұндай жағдай
философияда айқын көрініс болып табылады.
Фараби өз еңбектерінде құдай бар деп мойындайды. Алайда, ол Аристотельдің
ізімен құдай дүниесі бар етуші, қозғалысқа келтіруші тек бірінші себеп – «алғашқы
түрткі» ғана, одан кейін табиғат (материя) өз бетімен, өз дайындылығымен құдайға
тәуелсіз даму жолына түскен деген идеяны қуаттайды. Керітартпа дін басшылары мен
оларды қолдаушы философтар осы сияқты «күпірліктері», қателіктері үшін Әбу
Насырды қудалаған кездері болған деседі кейбір зерттеушілер.
Фараби «ақиқат біреу-ақ, оған әржақтан, әртүрлі деңгейден қарауға болады,
сондықтан ол туралы түрліше балама қорытындылар жасау мүмкін», – деп санайды.
Ол дәуірде материалистік философия жүйесі ашық қалыптаса қойған жоқ болатын.
Сондықтан орта ғасырлар заманында философиялық ойдың дамуы құдайды дәріптейтін
діни-теологиялық сипат алды. Демек, Фарабидің философиялық ілімі – негізінен
дүниені бір құдай жаратты деген қағиданы басшылыққа алған идеалистік ілім.
Фарабидің философиялық жүйесінде идеализм мен материализм арасындағы ауытқулар
байқалады. Ол бүкіл орта ғасырлар философиясындағы проблемаларды қамтиды. Олар:
болмыс жөніндегі ілім, материя және оның дамуы туралы мәселе, адамның тану әрекеті
проблемасы, логика мәселелері, ақыл және адамның қоғамдық іс-әрекетіндегі алатын
орны, этика, эстетика мәселелері, натурфилософия және ғылымдар методологиясы
проблемалары т.б.
Әл-Фарабидің философиясын зерттеушілер оның бұл саладағы трактатын терең
талдай келіп, Фарабидің философиялық мұрасында үш басты жайтты атап көрсетеді:
дүниенің мәңгілігін тану, детерминизді зерттеу принципі, яғни себептілік сыр-сипатын
ашу ғылымы – білімнің қайнар көзі, адам жанының өшпейтіндігін теріске шығарған
ақыл туралы ілім. Бұл үш принцип – Фараби философиясының биік шоқтығы және
ерекшеліктері болып саналады.
Ақыл туралы ілім Фараби философиядағы ірі жетістіктер санатына қосылады.
Мұндағы ақыл ұғымына кең, бүкіл әлемдік мағынада қарастырылып, оның
космологиясына тірек болды. Ең жоғарғы сатысы түпкі себепті – Алла иемденеді.
Алладан кейінгі екінші сатыны – аспан денелері, болмыстың үшінші сатысы әрекеттегі
ақыл және оған сай төрт элементтен (топырақ, су, ауа, от) тұратын ай асты әлемі.
Болмыстың төртінші сатысы – адамның жаны. Ең төменгі бесінші сатысын форма мен
материя алып жатыр. Бұл схемада бір жағынан әлемнің, аспан мен жердің алшақтығы
жайлы ресми мұсылман дінінің қағидаларына сәйкес келсе, екінші жағынан дүниеге
материалистік, эволюциялық даму тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді. Фарабидің
философиялық жүйесінде материяға көп көңіл бөлінеді. Ол ай астындағы дүниенің
шын мәнінде бар екенін, оның айдан жоғары орналасқан дүниемен, яғни аспан
әлемімен бірлікте болатынын мойындайды. Біздің, яғни айдан төмен жер бетінде
орналасқан дүниеде материя мен формадан тұратын заттар, нәрселер – ақиқат. Олар
негізгі бастапқы материя болып табылатын төрт элементтердің сан алуан әртүрлі
қосылыстарынан тұрады.
Фараби өзінің дүниеге деген көзқарасын социология, этика және эстетика
мәселелерін қамти отырып жүйелендіре, нақтылай түседі. «Ізгі қала тұрғындарының
көзқарасы», «Бақытқа жету туралы» трактаттарында ол адам қоғамының шығуы, оның
113
өмір сүру формалары, адамның мінез-құлқы, әділетті әкімнің бейнесі туралы ой
толғайды. Ол ең әуелі өмір сүріп отырған қоғамның құрылымын талдайды. Адамдар
қауымы өмір сүру ортасы ретінде қала халқын алады. Қалаларды жік-жікке бөле келіп,
ол кемел де үлгілі құрылым ретінде «Ізгі қаланы» таңдайды, оған жақын келетін және
тұрмыстық байланыстағы құрылым – еңбекшілер тұратын «қажеттілік қаласы» деп
қарайды. Фараби әрі қарай «алыс-беріс қаласы», «бақытсыздық пен бұзылғандық
қаласын» бөліп ажыратады. Ізгі мемлекет (қала) туралы ілімін жасауда Фараби
Платонға еліктеп, мемлекетті әрбір мүшелері белгілі бір қызметті атқаратын адам
тәніне ұқсас етіп қарастырады. Осыған сәйкес ізгі мемлекеттегі феодалдық құрылыс
суреттеледі. Идеалистік түрде жақауратып айтылғанымен, Фараби топшылауында
адамдар арасындағы теңсіздік, артық кемшілік анық сезіледі. Мысалы, халық
мемлекеттің жүрегі саналғанымен, күн көріс қамы әрекетін жасауға, ойлауға мәжбүр.
Фараби мұндай теңсіздікті, әділетсіздікті жоюдың бірден бір жолы – ағартушылық,
адамгершілік тәрбиесін күшейту деп қорытады. Феодалдық әділетсіздік, езгі мен
зорлық-зомбылық өріс алып тұрған сол ауыр заманның өзінде-ақ ол зорлықсыз,
қанаусыз әділ қоғам болу мүмкін деген батыл болжам жасайды. Фараби ондай ізгі
мемлекеттің тууы, ең алдымен мемлекет басшысына, оның ақыл-парасатына,
ғұламалығына, талантына, тәрбиесіне тікелей тәуелді деп қорытынды жасайды.
Әл-Фарабидің педогогикалық, дидактикалық көзқарастары оның философиялық,
жаратылыстану, өнер туралы пікірлері, қағидалары ізденістерімен араласып, астасып
жатады. Оның педагогикалық жүйесіндегі темірқазық болып саналатын – этикалық
категория әрбір адамды бақытқа жеткізу мұраты. Бақытқа жетудің негізінде
философия, ғылыми білімдер арқылы дүниедегі кіршіксіз пәк тазалықты, әдемілікті
бойға сіңіру, ойға, жүрекке ұялату, дарыту әрекеті жатады. Ал, философияны, былайша
айтқанда, бүкіл ғылым негіздерін меңгеру, оқу, оқыту арқылы келеді. Әл-Фарабидің
педагогикалық ілімі бойынша тәрбие мен тәлім, білім беру мәселелері өзара тығыз
байланысты бір-бірін толықтыра жургізілуі тиіс. «Философияны үйрену үшін алдын-
ала нені білу қажет?» деген еңбегінде ол ғылым мен философияны жетік меңгеру үшін
бірінші алғы шарт етіп адамның жан тазалығын, ар тазалығын, әдеп-тәрбиелігін қояды.
Әл-Фараби балаларды жүйелі оқытуға 7-8 жасынан беруге нұсқаған. Басқа ғылымдарда
оқып үйренуде ғұлама ең әуелі тіл мен логиканы біліп алуды ұсынады. Әл-Фараби
ғылым, білімді қалай болса солай жаппай жүйесіз үйрене бермей, адамның ақыл-
парасатына, мінез-құлқына әсер етіп, практикалық іс-әрекетіне пайдалы болатын
жақтарына баса көңіл бөлуді ұсынады. Әл-Фараби талапкер шәкірттерді білім-
ғылымды игеруге шақырып қана қоймай, өз заманындағы ғылымдарды қандай ретпен,
қандай мазмұнда, қандай әдістермен оқу, оқыту қажеттілігін шешіп беруге тырысады.
Осындай аса маңызды педагогикалық проблеманы шешуге арналған еңбегі «Ғылымдар
классификациясы» т.б. аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде мәлім болып, 500 жыл
бойы мектептерде ғылым бастамалары жөнінен негізгі бағдарламалық жетекші құрал
болған. Ол сонау XІІ ғасырдың өзінде-ақ арабшадан латын тіліне екі рет аударылған.
Әл-Фарабидің дидактикасында «Музыканың ұлы кітабы» еңбегінің алатын орны
үлкен: бұл еңбек музыка сияқты аса қиын да күрделі ғылымды методикалық жағынан
шеберлікпен қиюын тауып құрудың қазіргі күнге дейін мәнін жоймаған тамаша үлгісі
болып табылады. Автордың дидактикалық үлкен бір жаңалығы бұл оқулыққа музыка
ғылымының методологиялық, методикалық, тарихи мәселелерін қамтыған үлкен
кіріспе тарауын беру болып табылады.Әл-Фараби жалпы қауым мүшелерін, оның
ішінде, әсіресе жастарды оқыту, тәрбиелеу процесінде «қатты әдіс» пен «жұмсақ
әдісті» ұйымдыстырып қолдануды талап етіп, ол былай дейді: «Мұғалімдік еткен
адамның оқыту әдісі тым қатал болмасын. Егер де оқыту тым қатты, үнемі ызғармен
болса, онда оқушылар мұғалімін жек көретін халге жетеді. Ал тым босатып жіберетін
114
кішіпейілділік болса, онда оқушылар тарапынан мұғалімді кем санау, менсінбеу, оның
ғылымына самарқау қарау қаупі туады». Бұл да күні бүгін күшін жоймаған
педагогикалық қағида. Әл-Фарабидің дидактикасында оқытудың екі негізгі формасы
бар: біріншісі, зерек шәкірттерге арналған дәлелдеу, абстракциялық қиялдау
жәрдемімен сендіру, көз жеткізу; екіншісі: орташа оқушыларға арналған көрнекілік,
яғни бейнелеу. Сендіру, көз жеткізу әдісі, біздіңше, қазіргі жай әңгіме эвристикалық
әңгіме, дәріс, проблемалы оқыту әдістеріне жақын келеді. Әл-Фараби осыған
байланысты практикалық өнер, қол өнерін үйрету методикасы мәселелеріне де
тоқталып, мұнда ауызша сабақты шәкірттің жаттығу, машықтану әрекеттерімен
ұштастыра жүргізуді ұсынады.
Бұл түсініктемелерде ежелгі авторлардың ғылыми еңбектерінің маңызын өңдеп,
жөндеп ықшамдап түсіндіріп, көпшілік оқушы қауымға оқып түсінуге ыңғайлы
методикалық түрге келтіреді. Әбу Насыр әл-Фараби ғылымы фәлсафа, логика сияқты
салаларының ірге тасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру
жағын көтере отырып олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез
жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математикада үлкен жаңалықтар ашқан,
астраномияда кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын тың ойларымен
байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса
маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған.
Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған.
Әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» трактатының ғылым тарихында
алатын орны ерекше. Бұл кітап мыныдай бес тараудан тұрады: 1. Тіл білімі және оның
тараулары; 2. Логика және оның тараулары; 3. Математика, яғни арифметика,
геометрия, оптика, математикалық астрономия, музыка, статистика, айла-әрекет
жөніндегі ғылым; 4. Физика мен метафизика және оның тараулары; 5. Азаматтық
ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және кәләм (дін ғылымы).
Достарыңызбен бөлісу: |