Әдеби KZ жер астындағы зынданда жатсаң да, білетін сырың жер астында жатпайды,
бәрібір сыртқа шығады... Мұндайда қара жерге де тіл бітеді...»
Ертеңіне Оспан-Қожаға ас түсірілу тоқтатылды. Ал сол күні төрт нөкерімен хан
Ордасына келе жатқан Бақты-Қожа уәзір үшті-күйлі жоқ болды да кетті... Хан
шабармандары іздеп жан-жаққа қанша шапқыласа да оны таба алмай-ақ қойды,
хан Ордасының маңайындағы Үйсіннің атышулы батыр, билері «бұл қалай?» деп
күңкіл шығара бастады. Дәл осы кезде «Бақты-Қожа нөкерлерімен Моғолстанға
өтіп кетіпті» деген лақап дүңк ете қалды. Өзі шығарған бұл лақапты ең алдымен
Әбілқайыр пайдаланды, «Мені сатып кеткен әкесінің айыбы» деп, хан көптен бері
көзін тігіп жүрген, ерніне әлі тірі жанның ерні тиіп көрмеген, кеудесіндегі қос
алмасы тығыршықтай, дала киігіндей тағы, қамшының таспасындай тастай етіп
өрілген қолаң шашы жерге түскен Бақты-Қожаның он төрт жасар сұлу қызы —
Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды. Қандас уәзірдің кесірі тие ме деп, хан қаһарынан
қорқып қалған Үйсін батырларының сыбырлары су сепкендей басылды.
Әбілқайыр жас тоқал алып ашуын басып, енді жорыққа дайындалуға кірісті.
Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім атақты Ақсақ Темірдің данышпан немересі
Ұлықбектің қызы. Ол өзінің ақыл-парасатымен жұрт алдында ерекше көзге түскен.
Сүлеймен пайғамбардың кезіндегі әйел патша Балқыз замандастарына қандай
құрметті болса, бұған да өз замандастары біздің уақытымыздың Балқызы деген ат
берген.
Жас иіс сұлу тоқалы Тоқтар-Бике Әбілқайырға тек өзінің сұлулығы мен
жастығын берді. Өзгесін хан Рабиу-Сұлтан-Бегімнен тапты. Рабиу-Сұлтан-Бегім де
өзіне хан ықыласының қайта түскенін көріп, жас иіске аз күн ауғанын кек тұтпай,
енді бұрынғыдай емес, хан істеріне біртіндеп араласа бастады. Осы кезде Орда-
Базарға әбду-Латифтың туған баласы Мұқамет-Жөкі келе жатыр деген хабар жетті.
Рабиу-Сұлтан-Бегім оны алдынан ат шаптыртып қарсы алды. Үстінде көк құрыш
шынжыр сауыт, ер-тоқым, жүген-құйысқандарын алтынмен аптатқан он шақты
жігіт Орда тұсына кеп түсе қалды. Хан Ордасына қарай жаяу жүрді. Қару-