Әдеби KZ Осы кезде тағы бір суық хабар жетті. Бақты-Қожа уәзір өзінің толып жатқан
көреген көз, сақ құлақ тыңшылары арқылы Орақ жылқышымен келіні Аққозының
бірер рет кездесіп қалғанын естірткен. Онсыз да қаһарына мініп алған Әбілқайыр
Орақтың тағдырын біржола шешкен.
Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп,
бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің
шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан. Жатқан жерінен
тұрғызбай қол-аяғын мықтап таңып, Ақбақайдың құйрығына ұзын арқанмен
байлап, «шу!» деп қамшымен бір тартып қоя берген. Ақбақай қара түнді
сілкіндіріп, құйрығына байланған құбыжықтан үркіп, бетінің ауған жағына
тасырлата шаба жөнелген. Жеті қарақшы уәзір әмірін орындадық деп мәз болып
күліп қала берген. Сол күні таңертең Орақтың қалай өлгенін Әбілқайыр естіген.
«әлін білмеген әлек. Хан келінінен дәмеленетін сабазсың ғой. Саған со керек» деп
хан миығынан күлген де қойған. Қара жер өлгенге де хабар береді, астан
қайтқаннан кейін ұзынқұлақ бұл оқиғаны Аққозыға да жеткізген. Нәсілі берік жас
әйел, іші оттай күйіп, кеудесіне қайғысы сыймай тұрса да сыртына еш сыр
шығармаған. Бар ашуын жүрегіне түйіп сазара қалған.
Жасынан ерке-шора боп өскен келінінен «осы тағы бір сойқан шығарып
жүрер» деп күдіктенген Әбілқайыр Аққозыға кісі салған.
— Құдай риза, біз риза, ұлымның атына шіркеу келтірмей жыл отырды, — деді,
— жас жан еді, обалына қалмайын, ерге шықсын. Аға өлсе, ініге мұра, Шах-Будақ
ұлым қаза болғанмен тірі әлі он ұлым бар, таңдағанының атын айтсын, қосамын.
«Жақсы, ойланып көрейін, ойымды үш күннен кейін қайын атам — хан иемнің
өзінің алдында айтамын» деп Аққозы жауабын қайтарған.
Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін, батырлары мен
билерін шақырып алып, солардың көзінше:
— Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын
айт, — деді.