Әдеби KZ Хан кезінде жұртқа сыр бермеген. Жұрт асқа жаңа дайындала бастаған шақта
құлағына «Орақ жылқышы да асқа Ақбақайын қоспақ екен» деген хабар тиген.
Әрине, асқа қазақ дәстүрі бойынша кім болса да қатысуға хақы бар. Бірақ хан
баласының ұлы асына есікте жүрген құлы ат қоспақшы деген сыбыс Әбілқайырды
қатты қорлаған. Оның үстіне егер осы құлдың Ақбақайы барлық ханзадалардың
жүйрігінен озып келе қалса не болмақ? Бұдан артық масқарашылық мүмкін бе?
Бүкіл қара халық онда Әбілқайырды күлкі етуі даусыз. Ханның бұлай ойлауға
себебі де бар еді.
Осыдан екі жыл бұрын, Тарланкөгін жаратып жүрген кезінде, Әбілқайыр
әлдеқалай жылқысына барған. Ол сол жолы бір таңданарлық оқиғаға кездескен...
Орақ малшының былтыр жылқыға қосып жіберген Ақбақай деген бестісі үш
күннен бері тірі жанға ұстатпай қойыпты. Ұстатпайды емес-ау, талай асау-
ды бастыртпай қуып жететін жүйріктер, бұған таямақ түгіл, тіпті шаңына ілесе
алмай қалады екен. Хан қызып кетіп, ертең, бүгін қасқыр қуамын деп әбден
жаратқан Тарланкөгімен Ақбақайды қууға бұйрық берген. Асау қуып үйренген бір
жылқышы қолына құрығын ап, Тарланкөкке міне сап, шеттеу жайылып жүрген
Ақбақайға лап қойған. Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын
көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген.
Бүкіл Дәшті Қыпшақта алдына жылқы салмаған Тарланкөктен сытылып шыға
берген. Тарланкөк талай жеткен, Ақбақай бесті талай құтылып кеткен. Осы шабыс
үш бие сауымындай мезгіл алған. Үш күн қуғында болған жас жылқыны
қаншырдай боп әбден жараған Тарланкөк қойсын ба, ақыры Ақбақайдың
мойнына құрық түскен.
Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Үнемі жорықта, талас-тартыста жүрген
Әбілқайыр оны ұмытып та кеткен. Сөйткен Ақбақай қазір жетіде. Жыл-
қы баласының жал-құйрығы төгіліп, тұяғы әбден бекіп, кемеліне жететін кезі.
Әбілқайыр ұмытқанмен, Ақбақайдың Тарланкөкпен таласқа түсуге жарап
қалғанын енді Орақ жылқышының өзі есіне салды. Хан іштей шамдана бастады.