Публицистикалық тақырыпаттың зерттелу тарихы
Тақырыпат публицистикалық мәтіннің маңызды құрамдас
бөліктерінің бірі ретінде ғалымдардың назарын ертеден аударғаны
белгілі. Қазақ тіл білімінде А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Ә. Болғанбаев,
М. Балақаев сынды ғалымдар бастап, кейіннен Т. Қордабаев,
Р. Сыздықова, С. Исаев, Ғ. Қалиев, Б. Әбілқасымов, А. Алдашевалар
жалғастырған зерттеушілер тобы публицистикалық мәтінді, жалпы
баспасөз тілін грамматикалық, стилистикалық, лексика-семантикалық
және жанрлық қырларын қарастырады.
Әлемдік тіл білімінде де осындай сипаттағы еңбектер көптеп
жарияланды. Десе де, газет тақырыпатынан бұрын ғалымдардың
назары алғаш баспасөз тілінің өзіне түсті. К. Бодинья айтпақшы,
«баспасөз тілі заманауи тілден көрініс беріп қоймай, оны
қалыптастырады» [32, 52], сондықтан оны тереңінен зерделеу бірден
өзекті мәселелердің біріне айналды.
Дүниежүзілік лингвистикада БАҚ-тағы, соның ішінде газет-
журнал беттеріндегі жаңалықтардың өндірісі, мазмұны және құрылымы
мәселелерін зерттеуге деген ғалымдардың үлкен қызығушылығы 1970
жылдардың ортасынан бастап байқала бастады. Батыс әлемінде
лингвистика әлеуметтік ғылымдардың құрамдас бөлігі ретінде
қарастырылатындықтан, көптеген жұмыстар социологиялық бағытта
жазылды. Сол себепті де бұл тақырыптағы зерттеулердің бастамасы
көбіне-көп социологиялық, структуралистік мектептердің өкілдеріне
тиесілі (Tudor, 1974; Königsberg, 1987; Livingstone, 1990; Lichter,
1991; Thwates, 1994; Hayward, 1996). Алғашқы ғылыми зерттеулер
жаңалықтарды жинақтау, өңдеу және басып шығару, бұл үрдістің
өзіндік ерекшеліктерін тануға бағытталды (Tunstall, 1971; Boyd-Barret,
1980 т.б.). Енді бір топ ғалым баспасөздегі жаңалықтарға идеологиялық
тұрғыда сараптама жүргізумен айналысты (Hall, 1981; Cohen, Young,
1981). Бұл бағыттағы зерттеулер кейін жалғасын тауып, күні бүгінге
дейін жарияланып келеді (Hodge, Kress, 1988; Neale, 1980; Feuer, 1992).
13
Уақыт өте келе ғалымдар баспасөз тілін лингвистиканың
жекелеген салалары мен аспектілері тұрғысында зерделей бастады.
Айталық, бірқатар зерттеулер (Tuchman, 1978; Fishman, 1980) газеттегі
хабарламаларды этноәдіснамалық тұрғыда қарастырса, енді бірі
ондағы дискурс мәселесіне назар аударды (Wodak, 1989, Dellinger,
1995 т.б.).
Кейінгі уақытта ғылым дамып, лингвистикада жаңа салалар, ал
жалпы ғылымда соны зерттеу әдіс-тәсілдері пайда болған соң,
бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе ондағы баспасөз тілін жан-
жақты аспектіде зерттеуге арналған еңбектер саны да еселеп артты.
Олардың барлығын тізіп жазып, жекелей сараптама жүргізу қиынға
соқтыратыны хақ. Сол себепті біз тек ерекше назар аударуды қажет
ететін жұмыстарға тоқталуды жөн санадық.
Көршілес орыс тіл біліміне келер болсақ, газет тілінің «бір
жағынан – бұқаралық коммуникация саласына, екінші жағынан, орыс
әдеби тілінің функционалды стильдер жүйесіндегі газет-публицистикалық
стиліне жататын екі жақты табиғаты» [33] көп кешікпей, оған деген
ғалымдардың қызығушылығының оянуына негіз болды. Мұнда да
публицистикалық мәтін түрлі қырынан ғалымдардың зерттеу
нысанына ілінді.
Баспасөз тілі Г.О. Винокурдың лексикология және әдеби тіл
тарихына арналған жалпы еңбектерінде зерделенді. Ол сан алуан
жазба әдебиеті жанрларының арасынан газет тілінің өзіндік белгілерін
анықтауға тырысты. Баспасөз тілін функционалды-стилистикалық
тұрғыда зерттеуге негіз салған ғалымның бұл бастамасы кейін 60-70
жылдары В.Г. Костомаров, В.П. Вомперский, Н.Н. Кохтев, Д.Э. Розенталь,
К.А. Рогова, Г.Я. Солганик, М.И. Фомина, А.А. Абрамович, Ю.А.
Бельчиков және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде жалғасын тапты.
Бұл кезде газет жанры стилистика тұрғысынан, жазба әдебиетінің бір
бөлімі ретінде зерттелгенімен, сол кездің өзінде А.И. Ефимов: «уақыт
өте келе, тиісті материалдар жинақталып, қажетті зерттеулер
жүргізілгеннен кейін стилистикадан оның ғылыми тіл стилистикасы,
публицистикалық тіл стилистикасы, фольклор шығармаларының
стилистикасы және т.б. сияқты құрамдас бөліктері бөлініп шығып,
жеке дара салаға айналуы мүмкін» [34], – деген болжамын жасап
кеткен. Бұл уақытта В.В. Виноградов ұсынған стильдер классификациясы
кең қолданысқа ене бастады. Ғалым хабар беру, қарым-қатынас және
әсер етушілік қызметтерге келесі стиль түрлері жауап береді деп атап
көрсеткен: қарапайым-тұрмыстық (обиходно-бытовой); қарапайым-
іскерлік (обиходно-деловой), ресми іс-құжаттар (официально-
документальный) және ғылыми (научный); публицистикалық және
көркем-баллетристикалық (художественно-баллетристический).
14
Мұнда газет тілін зерттеуге арналған алғашқы монографиялар
мен ғылыми еңбектер 1970 жылдары жариялана бастады. Солардың
бірі – В.Г.Костомаровтың «Русский язык на газетной полосе» атты
еңбегі. Автор баспасөздегі екі өзара кереғар үрдіс – экспрессияға және
стандартқа деген талпынысты атап өтіп, оны публицистикалық
стильдің конструктивті принципі ретінде қарастырады. «Газет тілінің
үлгісі тілдегі стандартталған экспрессивті сегменттердің міндетті
және тұрақты арақатынасы ретінде қарастырылады. Олардың сипаты
газет болмысының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Басқаша
айтсақ, оның тілдік үлгісі – газет тілі бірыңғай конструктивті
принципті құрайтын бір мезгілде экспрессия мен стандартқа
бағытталған әрекетінен туындайды» [35, 57].
Газет тіліне қарым-қатынас теориясы тұрғысынан талдау жасай
келе, автор: «коммуникацияның газеттік үлгісі үшін бұқаралық,
қабылдаушы аудиторияның әр алуандығы, сәйкесінше, оқырмандардың
интеллектуалды деңгейі, жалпы арнайы дайындығы, ақпаратты
қабылдаудағы көңіл-күйі, жасына еш бағытталмаушылық тән» [35,
63], – деп атап өтеді. Бұл кезде мерзімді басылымдар саны аз
болғандықтан, оқырмандардың ілтипатына деген айтарлықтай бәсеке
де болмады, сол себепті автордың бұл сөзін аталмыш кезеңнің
төңірегінде қарастырған жөн.
В.Г. Костомаровтың бұл еңбегі тіл мамандарының газет тілін
зерделеуге деген қызығушылығын тудырып, артынша көптеген
ғылыми еңбектердің (В.В. Ученова, Е.И. Пронина, М.И. Стюфляева,
т.б.) басылып шығуына негіз болды.
Г.Я. Солганиктің «Лексика газеты» атты кітабының жариялануы
бұл саладағы тағы бір қарышты қадамға айналды. Автор газет-
публицистикалық стильдің бағалаушылық сынды маңызды әлеуметтік-
прагматикалық қызметіне лексика деңгейінде талдау жасайды.
Газеттегі «сөздерді қолдану (әсіресе идеологиялық түсініктермен
байланысты) бір сөздердің бойына әр түрлі мазмұнды сыйғызатын
әлеуметтік топтардың ықпалына түспей қоймайтындығын» атап өтіп,
автор газет тіліндегі бағалауыштық туралы: «оның бұл қыры
индивидуалды емес, тура әлеуметтік сипатқа ие» [36, 11], – дейді.
Көптеген мысалдарға талдау жасай келе, автор әлеуметтік бағалауыштық,
коммуникативті жалпы мағыналылық және айрықша экспрессия
публицистикалық стильдің тілдік ерекшелігін құрайтындығы туралы
тұжырым жасайды.
Газет
тілінің
экспрессиясы
төңірегінде
1987
жылы
Л.М. Майданованың «Структура и композиция газетного текста»
еңбегі баспа бетін көреді. Автор газеттің тұтастық, үйлесімділік
15
сияқты мәтін түзуші белгілерін ескере отыра, олардың құрылымдық
бөлшектерін анықтап, өзіндік ерекшеліктерін қарастырады. Аталмыш
еңбекте «қазіргі кезеңде тілдік мәдениет деңгейіне бірінші кезекте
әсер ететін функционалды стильдің» [37, 162] сөйлеу мәдениетін
арттыруда газет мәтінінің құрылымы және материалды құрастырудың
әр алуан жолдарын ескерудің маңызы атап көрсетіледі. Ғалымның
«мәтін түзудің технологияларын анықтау жалпы мәтін құрылымын
тану үшін пайдалы, өйткені мұнда газет басылымдарының өзге
функционалды стиль мәтіндерімен салыстырғандағы жалпы және
өзіндік айырмашылықтары айқындалады» [37, 10] деген пікірі кейінгі
кезде журналистикада да, тіл білімінде де маңызды орын алды.
Ал В.И. Коньковтың «Речевая структура газетного текста»
монографиясы газет мәтінін өзге стиль мәтіндеріне мүлде ұқсамайтын
жаңаша мәтін үлгісі ретінде таныған. Ғалым газет мәтінін және жалпы
кез келген жанр мәтіндерін бір текті құрылым ретінде қарастыруды
қате санап: «газет мәтінінің тілдік және лексика-грамматикалық
құрылымы гетерогенді, әр алуан және мәтін құрамындағы тілдік
формалар жиынтығымен анықталады» [38, 3], – деген пікірге келеді.
Баспасөз тілін прагматика сынды жаңаша қырынан зерттеуді
негізге алған елеулі еңбектердің бірі – М.М. Молчанованың
«Прагматика публицистического текста (метаязыковой аспект)» атты
докторлық диссертациясы. Мұнда ғалым мерзімді басылым тілін
зерттеудің тарихына үңіліп, оны прагматикалық аспектіде зерттеудің,
ондағы адресант пен адресат арасындағы қатынастың өзектілігін атап
көрсетеді: «Біздің ойымызша, адресат факторы журналисті өз мәтініне
тілдік әрекет өнімі ретінде семантикалық, синтактикалық, прагматикалық
сәйкестік тұрғысында баса назар аударуға итермелейді. Мұндағы
соңғы аспектіні қарастыру жеке тұлға психологиясын зерттеу және
оның әлеуметтік өзара әрекетіне талдау жасаумен тікелей байланысты»
[39, 29]. Аталған еңбекте автор публицистикалық мәтіндердің, әсіресе
ондағы аналитикалық мәтіндердің прагматикалық табиғатын зерделей
келе, иллокутивті модальділік қырын назарға алады: «Публицистикалық
мәтін прагматикасы адресанттың адресатқа қатысты белсенді әрекетін
қамтиды, себебі сөз болатын оқиғаны және ондағы кейіпкерлерді
бағалау автордың құзырына кіреді. Айталық, журналист қандай да бір
әскери операция аясындағы «ақпараттық вакуум» үшін өкініш
білдірсе, ол соның арқасында-ақ өз мәтінін адресатқа бағытталған
иллокутивті модальділікпен қанықтырады» [39, 35]. Осылайша, автор
тілдегі модальділікті мәтінде «автордың мақсатты коммуникативті
нұсқамасы мен бағалауыштық категорияны біріктіретін категория»
ретінде әрекет ететін күрделі түсінік етіп қарастырады.
16
М.М. Молчанова газет-публицистикалық мәтінді журналист пен
оқырманның сөйлеу әрекетінің өнімі әрі нысаны ретінде таниды:
адресат үшін ол тілдік қарым-қатынас түгелдей заттанып, қағаз бетіне
түскен объект түрінде ұсыналады. Мұнда мәтіннің бүтіндігі,
қисындығы, бөлектігі және метареферендігі (модальділігі) сияқты
белгілері өңделген қалпында жалпы тілдік әрекетті және оның
жекелеген қырларын сипаттайды.
Ғалым орыс тіл білімінің бұл уақытқа дейінгі публицистикалық
мәтінді зерделеу тарихына талдау жасай келе, оны негізгі үш кезеңге
бөліп қарастыруды ұсынады:
«1-кезең (50-60 жылдар) отандық стилистика мәселелерін қызу
талқылаумен байланысты;
2-кезең (70-90 жылдар) – газет тілін зерттеуге арналған алғашқы
монографиялардың жарық көруі;
3-кезең (90-жылдар) – тілді әрекет тұрғысында қарастыруға
байланысты публицистикалық мәтінді басқа да арнайы қырларынан
зерттеу» [39, 63].
Ғалым прагматиканы, оның тіл біліміндегі орнын зерттей отыра,
ондағы адресант пен адресат арасындағы байланысты, бұл әрекеттің
баспасөз тілінде қалай көрініс табатындығын терең зерделеп, «осылайша,
прагматика семантика мен синтактиканы өзінің мүдделеріне
бағындырып, публицистикалық мәтінді оның қызмет етуі, яғни
қалыптасуы және оқырмандармен қабылдануы тұрғысында зерттеуде
кілтті түсініктердің бірі болып табылады» [39, 64] деген қорытындыға
келеді.
Аталмыш еңбектің тағы бір ерекшелігі – мұнда автор біз
жоғарыда атап өткен Грайстың кооперация қағидаттарын публицистикалық
мәтін аясына алып келіп қарастырады. Шынымен де, бұл теория о
баста сәтті коммуникация орнатуға арналған ережелер ретінде
ұсынылғанымен, кейін сөйлеу актілерінің теориясы төңірегіндегі
зерттеулер мерзімді басылым беттеріндегі журналист пен оқырман
арасындағы байланысты да сөйлеу актісінің бірі ретінде танығандықтан,
бұл қағидаттарды жазба әдебиетінің бір түрі – публицистикалық
мәтіндердің бойынан іздеу әбден орынды болды. Бұл қағидаттың
мазмұнын қысқаша түрде былай жеткізуге болады: «Қарым-қатынасқа
оның орын алған жағдайына және әңгіменің мақсатына сай өз үлесіңді
қос» [40]. Бұл қағидат бірнеше коммуникативті постулаттардан құралған:
1.
Ақпараттылық: «Біршама мазмұнды бол», «Артық ақпаратты
хабарлама». Бұл – сан максимасы.
2.
Шындық: «Шындықты айт», «Жалған санайтын нәрсе туралы
айтпа», «Жеткілікті дәлелің жоқ нәрсе жайлы айтпа». Бұл – сапа
максимасы.
17
3.
Релеванттылық: «Релевантты бол».
4.
Ойды жеткізу тәсілі: «Анық сөйлеуге тырыс», «Түсініксіз
сөздерден алшақ бол», «Екі ойлы нәрселер жайлы айтпа», «Қысқа да
нұсқа сөйле», «Ой тәртібін сақта».
М.М.Молчанова әрбір максиманы газет тіліне алып келіп
қарастырады: бірінші максимаға сәйкес мақала мәтінінде журналистің
нақты қарым-қатынас мақсатына сай ақпарат мөлшері берілу тиіс.
Оның ойынша, егер бұл ереже сақталмаса, яғни қысқа жаңалықта одан
талап етілетін мазмұннан көбірек ақпарат берілсе немесе, керісінше,
оқырман мақала мәтінінен журналистің көтерген мәселесіне жауап
таба алмаса, біріншіден, адресаттың күткені болмайды да, оның
ақпараттылық
тілегі
қанағаттанбай
қалады,
ал
екіншіден,
ақпараттылық жанр өзінің типологиялық сипатынан айрылады да, бұл,
өз кезегінде, автордың кәсіпқойлық деңгейінің төмендігін көрсетеді.
Егер публицистің көп сөзділікке салынуының кесірінен реципиент
мақаланы толық оқымай, мәселенің анық-қанығына көз жеткізгісі
келмесе, автордың о бастағы коммуникативті мақсаты сәтсіздікке
ұшырағаны. Ғалым журналистің негізгі мақсаты оқырманды қандай да
бір оқиғадан хабардар ету болғандықтан, газет материалын ұсынуда
қысқа да нұсқа болудың маңызын айғақтай түскен.
Сапа немесе шындық максимасы да публицистика үшін құнды
қағидалардың бірі болып табылады. Мұнда журналист оқырмандардың
қызығушылығын қуалап, өтірік не шындыққа қатысы анықталмаған
мәліметтерді ұсынбауы тиіс. Ғалым қазіргі уақытта ресейлік мерзімді
басылымдардың көпшілігінде оқырмандардың назарын өзіне аудару
мақсатымен журналистер шындықтан алыс дүниелерді сөз етуге
құштар екендігін ашына айтады. Ал бұл үрдіс, өз кезегінде, белгілі бір
мерзімді басылымның ғана емес, жалпы публицистиканың да беделіне
нұқсан келтіретіндігін айтпаса да түсінікті.
Үшінші коммуникативті-прагматикалық постулат – ақпарат
релеванттылығы максимасы. Ол хабарламаның сөз болып отырған
тақырыпта қаншалықты маңызды, осы коммуникацияның жағдайларында
қаншалық орынды екендігіне назар аударады. Яғни автордың айтылған
мәселеге деген өз ойы болсын, осы тақырып төңірегіндегі жанама
фактілер болсын, басқа да қосымша деректер – публицистикалық
мәтінде бұлардың қай-қайсысы да орынды қолданылу керек.
Одан басқа автор прагматика аясында сөйлеу мәнерінің постулатын
да қарастырады. Бұған сай мәтін айқын, логикалық тұрғыда
байланысқан, кезекті болып, екі ойлылықтан алшақ болуы керек.
Оқырман аудиторияның әр алуандығын ескере отыра, журналист өз
шығармасын қабылдауға және түсінуге қолжетімді етіп құруы тиіс.
18
Дей тұрғанмен, автордың ойынша, анықтыққа қол жеткізем деп,
мақала тілін тым қарабайыр етіп, қатып қалған формаға салу да қисынсыз
дүние. Баспасөздегі бәсекелестік заманында журналистер мақала
бойында бұл, бір қарағанда өзара кереғар, қасиеттерді ұштастыра білу
керек. Бұлардан басқа автор сыпайылық қағидаты (Лич бойынша) мен
позитивті және негативті сыпайылық қағидаттарын (П. Браун және
С.Стивенсон бойынша) да назардан тыс қалдырмайды [39, 110].
Қарап отырсақ, бұл ережелер жалпы газет тіліне де, баспасөздегі
тақырыпат сынды салмақты да маңызды құрылымдардың бірі үшін де
әбден орынды қағидаттар болып табылады.
Енді бір ғалымдар газет тілінің жанрлық ерекшеліктеріне үңілді.
Бұлардың арасында, әсіресе, салыстырмалы-салғастырмалы тіл біліміне
қатысты зерттеулер біршама өзекті болды. Мысал үшін С.В. Донсковтың
«Сопоставительное исследование жанровых особенностей англоязычных
и русскоязычных газетных текстов» [41] атты кандидаттық
диссертациясын қарастыруымызға болады. Аталмыш еңбекте автор
жанр теориясына түсінік беріп, оның әдебиеттанудағы және
лингвистикадағы зерттелу тарихынан орағытып әкеліп, оны газет
мәтіндеріне алып келеді. Мұнда ғалым баспасөздегі мәтін түзу
үрдісіндегі жанр мәселесінің теория және практика жүзіндегі
ерекшеліктеріне тоқталып, ағылшын және орыс тілді мерзімді
басылымдарды негізге ала отыра, осындағы мәдениетаралық «жанрды
көшіру», «таксономизация» мәселелерін арнайы сөз етеді. Еңбектің
тағы бір тарауында автор ағылшын және орыс тілді газеттердегі
жанрларға салғастырмалы мониторинг жүргізіп, әрқайсысының
құрылымдық-лингвистикалық артықшылықтарына тоқталады.
Кейінгі уақытта орыс тіл білімінде жалпы газет тілін зерттеуге
арналған тағы көптеген еңбектер шығып, бүгінгі таңда жариялануын
тоқтатпауда.
Отандық тіл біліміне келер болсақ, төл ғалымдарымыз да жаңа
үрдістен қалыс қалмай, публицистикалық мәтіннің прагматикалық
қырын тану үшін көп күш салуда. С.М. Сапинаның «... қоғамда болып
жатқан кез келген оқиға тілде өз көрінісін табады және ол тілдік бірлік
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы орнығып жалпыхалықтық
қолданысқа түседі» [42,7] деген сөзі публицистиканың қоғам өмірінің
маңызды құрамдас бөлігі ретінде ғана емес, тұтас бір тілдің
табиғатына әсер ете алатын құрылым түріндегі маңызын айқындай
көрсетеді. Осыған орай Б.Қ. Момынова 1999 жылы С. Исаевтың
кеңесшілік етуімен «Қазақ газеттерінің лексикасы: жүйесі мен
құрылымы» атты докторлық диссертация қорғап (кейін жеке кітап етіп
шығарды), онда: «БАҚ тілі бүгінгі таңда, біріншіден, қарым-қатынас
19
құралы, екіншіден, когнитивтік таным құралы, яғни біз өмір сүріп
отырған әлемнің бейнесін жеткізуші, сипаттаушы құрал, үшіншіден,
прагматикалық мәнді жеткізуші, басқаша айтқанда, біздің әлем жаман
я жақсы, әлем, біздіңше, бұлай емес, басқаша болуы тиістігіне
нұсқайтын құралға айналған... Ал бұқаралық ақпарат құралдарының
ішінде газет тілі өзіндік жаңаша даму принциптерімен толығып
келеді» [43], – деп атап көрсетеді. Аталмыш еңбекте Б.Қ. Момынова
елімізде оқырмандар тарапынан сүйіп оқылатын, таралымы біршама
жоғары «Қазақ» газетін негізге алып, мұндағы баспасөз мәтіндерінің
құрылымына, мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталады, сонымен қатар
журналистердің оларды құруда қолданатын тілдік бірліктерге лексика
деңгейінде талдау жүргізеді.
Кейін баспасөз тілін зерттеу мәселесі төңірегінде М. Мұкашеваның
«Научно-популярная периодика Казахстана: истоки, становление и
перспективы развития» (1999), Ф.З. Жақсыбаеваның «Газет мәтінінің
прагматикалық функциясы (қазақ тілінде шығатын газет материалдары
бойынша)» (2000), Б.Ж. Райымбекованың «Газетный текст на русском
и казахском языках» (2000), С. Иманбердиеваның «Бұқаралық ақпарат
құралдарында кездесетін логоэпистемалардың трансформациялануы
(газет материалдары бойынша)» (2004) атты ғылыми еңбектері баспа
бетін көрді.
2010 жылы Н.Ж. Дәулеткереева «Газет баспасөзіндегі
қайталамалардың прагматикалық мәні» деген тақырыпта кандидаттық
диссертациясын қорғайды. Мұнда ғалым отандық тіл біліміндегі газет
тілінің зерттелуіне шолу жасап, қазіргі қазақ баспасөз тілі прагматикасы
және оның антрополингвистикалық сипатына тоқталады. Ғалым қазақ
баспасөзіндегі қайталамалардың қолданылуы, олардың мәтіннің
прагматикалық
әлеуетін
арттырудағы
ролін
саралай
келе,
қайталамалардың бірнеше түрін бөліп көрсетіп, әрқайсысының
жанрлық қолданысын сөз етеді [44].
Баспасөз тілінің прагматикалық табиғатын зерттеуге арналған
тағы бір еңбек – Г. Жақсылықованың «Медиамәтіннің прагматикалық
қырлары» ғылыми мақаласы. Аталмыш жұмыста автор Қ. Есенова
және Ф. Жақсыбаеваның еңбектеріне сүйене отырып, заманауи мерзімді
басылым беттерінде журналистердің түрлі тілдік құралдардың
көмегімен оқырман санасына әсер етушілік қызметтерді қалай іске
асыратындығына тоқталады. «Мәтінді кең мағынасында ақпарат
тасымалдайтын бірлік деп қарастыратын болсақ, прагматика туғызушы
объектілерді жазба мәтін, сөйлеу актісі, графикалық белгілер деп
ажыратуға болады» [45], – дей келе, медиамәтіннің прагматикалық
әлеуетін арттырушы құралдардың синтаксистік, графикалық сияқты
түрлеріне жекелей тоқталады.
20
Нақты публицистикалық тақырыпатқа келетін болсақ, о баста
публицистикалық тақырыпаттың жеке өзі, әсіресе оның прагматикалық
табиғаты назардан тыс қалып келді. Мұнда да мақала атауларының
танымдық қырлары, ондағы адам факторынан гөрі олардың құрылымдық,
стильдік ерекшеліктері көбірек зерделенді. Көптеген лингвистердің
зерттеулеріне өзек болып, талай даулы пікірталастарға себепші болған
мәселелердің бірі – газет тақырыпатының синтаксистік құрылымы.
Егер кейбір ғалымдар (G.O. Curme [46], В.Г. Адмони [47],
Ф.Ф. Фортунатов [48], В.А. Богородицкий [49], Н.П. Харченко [50],
т.б.) мақала атауын сөйлем қатарына жатқызса, О. Есперсен [51],
Е.С. Истрина [52] оны сөйлем деп атау қателік деп, ал А.А. Шахматов
[53] бастаған бір топ ғалым тақырыпатты мүлде синтаксис аясына
жатқызбау керектігін сөз еткен. В.В. Виноградов [54] тақырыпатты
сөйлемнің ерекше түріне жатқызған.
Кейінгі даулы мәселелердің бірі «тақырыпатты бүтіннің бөлшегі
ретінде қарастыру керек пе әлде дербес табиғатқа ие құрылым кейпінде
зерттеген жөн бе» деген мәселе болды. Мұнда да тілші мамандардың
пікірлері сан алуан болды. Н. Straumann [55], G.O. Curme бастаған
ғалымдар мақала атауында өзіне тән дербестік, белгілі деңгейдегі
«тәуелсіздік» бар десе, Г.О. Винокур [56], О.С. Толомасова [57],
М.А. Шамелашвили [58] мәтіннің негізінде құрылған тақырыпатты
жеке дара қарастыруды әбестік көрген. В.П. Вомперский болса,
публицистикалық тақырыпат бірде өзінен кейінгі мақалаға байланысты,
бірде жеке дара да қарастырылуы мүмкін «екі жақты табиғатын» атап
көрсетіп, оның функционалды қырына назар аударады [23].
Прагматика семиотикадан бөлініп шығып, лингвистиканың жеке
дара саласы ретінде қалыптасқалы бері аталмыш саладағы ғылыми
зерттеулер саны артып, әлемнің түкпір-түкпірінде тілші мамандар әр
алуан тілдік құбылыстардың осы бір аспектісін зерттеу объектісіне ала
бастады. Міне, осы уақытта мерзімді басылым беттеріндегі мақала
атаулары да аталмыш саладағы ғылыми зерттеулердің толассыз легіне
бастама болды.
Газет тақырыпаты мәтін теориясы тұрғысынан қарастырылған
алғашқы еңбектердің бірі ретінде Генрих Штрауманның «Newspaper
headlines» атты кітабын атауға болады. Мұнда ғалым ағылшын
газеттеріндегі мақала атауларын зерттеу объектісі ретінде алып, олардың
семантикасын жағдаят, мәнмәтін және мәдени негіз қырларынан
қарастырады [55]. Осы еңбектің негізінде кейін публицистикалық
тақырыпаттар тілін зерттеуге арналған ғылыми ізденістер саны еселеп
арта түсті. Әлемдік лингвистикада аталмыш саладағы құнды еңбектер
көп, олардың негізгілері: R.E. Garst және T.M. Bernstein «Headlines and
21
Deadlines» (1961), Van Dijk, A. Teun «News as Discourse» (1988), A.Bell
«The Language of News Media» (1993), A. Bell
«Approaches to Media
Discourse» (1996), D. Reah «The Language of Newspapers» (1998),
D. Dor «On newspaper headlines as relevance optimizers» (2003) және т.б.
Бұлардың барлығы публицистикалық тақырыпаттың прагматикалық
табиғатының ашылуына сеп тигізген әрі бүгінгі таңдағы осы іспеттес
зерттеулерге теориялық негіз болған еңбектер ретінде жоғары
құндылыққа ие.
Көршілес орыс тіл білімінде де газет тақырыпаттарын зерделеуге
арналған едәуір ғылыми жұмыстар баспа бетін көрген. Айталық,
тақырыпаттың мәтін теориясы тұрғысындағы ролін И.Р. Гальперин,
В.А. Кухаренко, Э.А. Лазарева қарастырса, оның атқаратын қызметтері
жайлы зерттеулер В.Г. Костомаров, Н.П. Пешкова, М.Ф. Ненашева,
С.И. Костыгина,
Л.А. Манькова,
Э.А. Лазарева,
И.А. Сырова,
О.В. Григоренконың еңбектерінде жарық көрді. Ал А.С. Алисултанов,
Л.Г. Нечаев, Т.А. Чекенова, В.А. Лукин бірқатар зерттеулерін
публицистикалық тақырыпаттың мәтінмен арақатынасын зерделеуге
арнаған. Одан басқа газет тақырыпатын талдауға бағытталған
бірқыдыру монографиялық және диссертациялық жұмыстар да
жарияланды (Г.Г. Хазагерова, А.Э. Долгирева, Т.Н. Ишмекеева,
А.А. Лютая, Э.Х. Алиева, т.б.).
Орыс тілімінде публицистикалық тақырыпат өзінің әр алуан
қырларынан қарастырылып үлгерді. Осындағы алғашқы еңбектердің
бірі – Г.А. Вейхманның «Некоторые стилистические (грамматические
и лексические) особенности языка современной английской и
американской прессы (на материале газетных заголовков)» атты
кандидаттық диссертациясы тақырыпат мәселесіне қатысты негізгі
сауалдардың жауабын табуға арналған: тақырыпаттардың құрылымдық
түрлері қандай, тақырыпатты сөйлем категориясына жатқызуға бола
ма, мақала атаулары қандай қызметтерді атқарады, т.б. [59].
Г.А. Вейхман барлық тақырыпаттарды коммуникативті аспектіде
сөйлем қатарына жатқызып, олардың өзіндік ерекшелігі ретінде
толымсыз сөйлемдердің көптеп қолданылуын атап көрсетеді. Ғалым:
«тақырыпаттарда эллипсисті қолдану оларды жеделхат, конспект,
күнделіктегі жазбалардың т.б. тіліне жақындатады. Мақала атауларында
сөздерді түсіріп айту тілдегі айтулы дәстүрлерге негізделіп, тақырыпатты
ауызекі сөйлеу тіліне жақындатады», – деген тұжырымға келеді [59, 9].
Ғалымдар арасында көп көтерілген мәселелердің бірі – газет
тақырыпаттарының атқаратын қызметі. Бұл тақырып публицистикалық
мақала атауларын зерттеуге арналған жұмыстардың шамамен
барлығында көтеріледі: В.И. Погребенков «Заголовочный комплекс в
22
американской военной газете: структура и функции», Е.В. Сибиренко-
Ставроени «Заголовок в Киевских газетах второй половины XIX –
начало XX века: содержание и функции», В.С. Мужев «О функциях
заголовков» т.б.
Ал газет тақырыпатының мақала мәтінімен байланысын сөз
ететін ғылыми жұмыстардың қатарына И.С.Стамның «Экспрессивный
газетный заголовок и его взаимодействие с текстом (на материале
советских центральных газет и английской коммунистической газеты
«Morning Star»)» [60] және Л.А. Коробованың «Заглавие как компонент
текста (на материале газетной публицистики ГДР)» [61] еңбектері
жатады.
Кейін Э.А. Лазарева «Заголовок в газете» (1989) атты кітабын
басып шығарады. Бұл жұмыста ғалым тақырыпатты дербес тілдік
бірлік ретінде қарастыру, оның зерттелу тарихы, мақала атауы атқаруы
тиіс міндеттер сынды мәселелерге тоқталады. Ғалым тақырыпаттың
мақала мәтінімен, оның түрлі бөліктерімен байланысын зерделей келе,
оның атқаратын қызметіне тоқталады да, өзіндік классификациясын
ұсынады. Э. Лазарева газет тақырыпатының экспрессивтілік, әсерлілік
қырларына жекелей тоқталып, аталмыш қызметтер қандай тілдік
бірліктердің көмегімен орын алатындығын және оқырман санасына
қалай әсер ететіндігіне талдау жасайды. Сонымен қатар журналистердің
оқырман қызығушылығын ояту мақсатымен мақала атауының
грамматикалық құрылымына шамадан тыс назар аударып, нәтижесінде
осындай «ақаулы тақырыпаттардың» кесірінен реципиентте «алдамшы
үміт» («эффект обманутого ожидания») және «шамадан артық күту»
(«эффект усиленного ожидания») әсерлерінің пайда болатындығын сөз
етеді [62].
Э.Х. Алиеваның «Прагматика газетного заголовка (на материале
современных русских и английских газет)» атты диссертациясы да –
публицистикалық тақырыпатты прагматикалық аспектіде біршама
терең қарастырған еңбектердің бірі. Мұнда автор прагматика
саласының мәні, қалыптасу тарихы, өзіндік ерекшеліктерін саралай
келе, оның әлем жаңалықтарынан хабар беруші бұқаралық ақпарат
құралы – газет бетінде, дәлірек айтқанда, ондағы мақала атауында
қаншалық көрініс табатындығына талдау жасайды. Нәтижесінде
ғалым мынадай қызықты, бірақ әбден орынды тұжырымға келеді: «В
нашем понимании прагматика текста не сводится к его экспрессивности,
поскольку экспрессивность текста достигается чисто лингвистическими
средствами. Прагматика, помимо экспрессивности, включает в себя
экстралингвистические факторы, такие, например, как выбор шрифта,
формат, верстку, цвет и даже качество бумаги» [63, 9]. Шынымен де,
23
газет не журнал бетін парақтап отырғанда, ондағы тақырыпат
кешенінің мазмұны ғана емес, оның қалай көркемделуі, қаріптерінің
ерекшеленуі, қандай түспен боялуы – мұның барлығы оқырманның
осы мақала атауына көзі түсіп, оны қалай қабылдайтындығына,
мақаланы оқу-оқымауына да белгілі деңгейде әсер етеді.
Э.Х. Алиева ағылшын тіліндегі газеттердің халық арасында
«сапалы» яки «байыпты» (quality, serious papers) және «кең таралған»
я «бұқаралық» (popular papers) деп бөлінетіндігін ескеріп, бұлардың
өзіндік прагматикалық ерекшеліктеріне де талдау жасайды.
«Байыпты» газеттер Ұлыбританияның іскерлік әлеміндегі зияткер
оқырмандардың шағын тобына арналады. Мұнда тілшілер өмірдің әр
алуан салалары: халықаралық және ішкі саясат, әдебиет, өнер, экономика,
спорт, мәдениет және т.б. емін-еркін сөз етеді. Ал «бұқаралық»
газеттер қарапайым халықтың «қатардағы» оқырманына бағытталады.
Мұнда, әдетте, орта білімді реципиентке арналған материалдар: патша
әулетінің өмірі, мемлекеттегі қандай да бір шулы және сенсациялы
оқиғалар, зиялы қауымның өмірі сөз етіледі. Сол себепті де мұндай
бұқаралық газеттердің таралым саны да біріншілеріне қарағанда
анағұрлым көп. Ғалымның көрсетуі бойынша, «сапалы» ағылшын
газеттерінің тақырыпаттары айқын келеді: олардың мазмұны мәтіннің
көмегімен әрі қарай «тарқатып» ашуды қажет етпейді, яғни оларлың
ақпараттылық қызметі басым. Автор мұны былайша түсіндіреді:
«біздің ойымызша, мұның себебі – «байыпты» газеттің оқырманы
мақала мәтініне оның атауы арқылы назар аудартуды қажет етпейді.
Газет беттерін парақтай отырып, ол өзіне қажетті материалдарды
айдарлардың көмегімен табуға үміттенеді/ және табады да/. Басқаша
айтсақ, «байыпты» баспасөз оқырманының назары прагматикалық
«допингіні» қажет етпейді, бұл оның белгілі бір әлеуметтік топқа
тиістілігімен, жоғары білімінің болуымен және т.с.с. әлеуметтік
факторлармен байланысты [63, 12-13].
Ал «бұқаралық» ағылшын газеттерінің тақырыпаттарына
прагматикалық талдау жасағанымызда, мүлде өзгеше көрініске тап
болдық: мұнда мақала атауы қалай болғанда да реципиент назарын
өзіне шоғырландыру, одан кейін ілесетін материалға көңіл аударту
сынды қызметтерді бірінші орынға қояды. Ғалым осыны айта келе,
кеңестік баспасөз беттерінде де біртіндеп мұндай үрдісті байқауға
болатындығын сөз етеді.
Аталған еңбектің бір параграфын Э.Х. Алиева тақырыпаттың
ұзындығы сияқты, ғалымның көрсетуі бойынша, маңызды
экстралингвистикалық параметрге арнайды. Ол шетелдік ғалымдардың
зерттеу нәтижелеріне сүйене отыра, тақырыпаттың ұзындығы мен
24
экспрессивтілігі арасында белгілі бір корреляцияның барын алға
тартады: «мақала атауы неғұрлым қысқа болса, ол соғұрлым
экспрессивті», сонымен қатар «қысқа тақырыпат есте жақсы сақталады»
[63, 24]. Алайда қысқа тақырыпаттардың прагматикасы мән-жайды
қосымша анықтауды қажет ететіндіктен, мұндай мақала атауларының
соңынан тақырыпша ілесіп, тақырыпаттың мазмұнын түсіндіріп,
толықтырады. Зерттеуші орыс публицистикасында мақала атауының
қысқалығы әрдайым оның экспрессивтілігін білдірмейтіндігін отандық
газеттерден келтірілген бірнеше мысалдардың көмегімен дәлелдеп
кетеді.
Мақала атауының прагматикасын зерттей келе, ғалым тоқталып
өткен тағы бір қызықты жайт – тақырыпаттың сенсациялығы. Мұндай
тақырыпаттарға оқырман қызығушылығын оятып, оны таңтандыратын,
тіпті толқытып, қайран қалдыратын мақала атаулары жатады. Ғалым
мұндай құрылымдардың прагматикасын талдай келе, сенсациялы
тақырыпат оқырман санасына референтті салада, яғни түсініктер мен
ұғымдар аясында әсер ететіндігін алға тартады, себебі, әдетте, мұндай
тақырыпаттардың сенсациялығы адами тәжірибеде қалыптасқан
түсініктерді тосын бұзып, жаңаша қырынан көрсетуге негізделген. Бұл
жайтты негізге алған автор газет тақырыпатының сенсациялығын
прагматиканың экстралингвистикалық құралдарына жатқызады:
«Сенсационный заголовок привлекает внимание читателя не потому,
что в нем используются фонетические, лексико-фразеологические,
грамматические, стилистические средства прагматизации, а потому,
что он сообщает читателю нечто из ряда вон выходящее…» [63, 25-26].
Аталмыш еңбекте газет тақырыпатының прагматикалық
әлеуетін арттыруда қолданылатын құралдар лингвистикалық және
экстралингвистикалық деп бөлінгенімен, ғалымның өзі мұндай
тақырыпаттарда, әдетте, бірден бірнеше прагматикалық элемент
қолданылатындығын айтады [63, 26].
2002 жылы шыққан А.Э. Долгиреваның «Газетный заголовок в
прагмалингвистическом аспекте» атты еңбегі, біріншіден, баспасөздегі
тақырыпатты прагматикалық қырынан қарастырса, екінші жағынан,
мұны салыстырмалы негізде, яғни орыс және неміс тіліндегі
газеттердің тақырыпаттарын сараптай отыра жазылған. Ғалым қос
тілдегі басылымдардың мақала атауларының өзінде екі түрлі
мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін байқауға болатындығын айта келе,
мынадай тұжырым жасайды: «Сопоставление прагмалингвистических
характеристик русских и немецких газетных заголовков лишний раз
подтверждает положение о том, что в газете использование языковых
средств определяется не столько возможностями самого языка,
25
сколько зависит от экстралингвистических обстоятельств (от
общественно-политических условий и установок, от особенностей
менталитета и т.д.). Следует особо подчеркнуть, что анализ газетных
заголовков в прагмалингвистическом аспекте (а это относится и к
языку газеты в целом) позволяет получить, наряду с чем-то
идеологически навязанным, очень много объективных данных
относительно реальных общественно-политических и нравственных
критериев общества в каждый конкретный момент» [64]. Н.М. Вахтельдің
«Высказывание в позиции газетного заголовка: семантика и прагматика»
тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясы да тақырыпат
прагматикасының жаңа қырларын тануға едәуір сеп тигізетін қомақты
еңбектердің қатарына жатады. Ғалым публицистикалық тақырыпаттың
табиғатын зерттей келе, оның өзіндік қызметтері мен ерекшеліктерін
айғақтауға тырысады: «Совмещая в себе признаки двух уровней
функционирования языка (номинация и предикация), заголовок
занимает пограничное положение между словом и предложением.
Традиционно считается, что номинативная функция выступает в нём
на первый план, поскольку он, прежде всего, называет тот или иной
текст, однако это не основное его свойство. Основное назначение
заголовка состоит в коммуникативной функции, заключающейся не
только простой передаче информации, но и в выражении авторских
намерений. Можно констатировать, что функции газетного заголовка
зависят от прагматической направленности озаглавливаемого текста»
[65, 9].
Мұнда автор зерттеу объектісіне «айтылым» түріндегі
тақырыпаттарды алады. Ол кез келген адамның айтқан сөзі, мақала
мәтініндегі дәйексөз емес, журналистің сөз болып отырған мәселеге
қатысты қандай да бір пікірі, авторлық интенциясы жасырынған
тақырыпат. Автордың өзі бұл туралы: «Высказывание в позиции
газетного заголовка не столько называет ситуацию, сколько отражает
её в актуальном для пишущего аспекте. Именно поэтому оно может не
отражать всех элементов ситуации, а благодаря механизму фокусировки
способно только выделять те или иные важные, с точки зрения автора
заголовка, её стороны и явно или скрыто выражать авторские
интенции... Таким образом, фокус высказывания в позиции газетного
заголовка представляет собой средство прагматической направленности
на выражение авторской интенции и на привлечение читательского
внимания» [65, 11].
Аталмыш еңбекте ғалым газет тақырыпаттарының прагматикалық
әлеуетін олардың айтылу сазына қатысты да қарастырады. Айталық,
мерзімді басылым беттеріне үңіліп, автор хабарлы сөйлемдердің жиі
26
кездесетін сегіз құрылымдық түрін ажыратады да, ондағы автордың
ролін, сөйлеу актісінің ерекшелігін атап көрсетеді. Мұнда Н.М. Вахтель
сөйлеу актілері теориясына сәйкес мынадай авторлық интенцияларды
анықтауға болатындығын атап көрсетеді: фактіні белгілеу (констатировать
факт); фактіні не оқиғаны сапалы сипаттау (качественная характеристика
факта или события), кінәлау (осуждение), жанама айыптау (косвенное
обвинение), жанама жазғыру (косвенный упрек), кекесін мінеу
(ироническое осуждение), логикалық қорытындыны бекіту (утверждение
логического вывода), түсіндіру (разъяснение), бағалау (оценка), ескерту
(предупреждение),
ретрансляцияланған
уәде
(ретранслируемое
обещание), ақыл айту (поучение), рұқсат беру (разрешение),
тыныштандыру (успокаивание), болжам/гипотеза (прогноз/гипотеза),
жоққа шығару (опровержение), растау (заверение), топшылау
(предположение), сақтандыру (предостережение), ишара (намек),
нұсқаулық (инструкция), әшкерелеу (разоблачение). Эмоционалды
әсер ету тұрғысында авторлық интенциялардың келесі түрлері
көрсетілген: ақпаратты қабылдаушылардың ментальді әрекеттері мен
жағдайын өзгерту, таңдану, ашу кернеу, шағым, айыптау, жазғыру,
мақұлдау, эмоционалды ескерту.
Мұндай эмоционалды әсер етуге негізделген сөйлеу актілерінің
сәттілігі үшін автор мынадай алдын ала шарттарды анықтайды:
1.
Ақпаратты қабылдағаннан кейін адресант оған қатысты
белгілі бір эмоцияларды бастан кешіреді;
2.
Адресант әлеуетті оқырманның эмоционалды әлеміне әсер
еткісі келеді [65, 19].
Газет тақырыпаттарындағы сұраулы құрылымдарға келгенде,
автор олардың негізінде орын алатын тағы бір топ интенцияларды
бөліп жарады: күдік (сомнение), мәселені белгілеу (постановка
проблемы), бағалау (оценка), ишара (намек), жазғыру (упрек), бірге ой
қозғауға шақыру (приглашение к соразмышлению), эвристикалық
бағалау (эвристическая оценка). Ғалымның көрсетуі бойынша, сұрақ
түріндегі тақырыпаттардың ақпараттылық қызметі екінші ретке кетеді,
ал бірінші орынға бағалау, авторлық модальділік және эмоциялармен
күрделенген жарнамалық және болжамалы қызметтер шығады.
Қандай да бір әрекетке итермелейтін, түрткі сөйлемдердердің де
директивті сөйлеу актілеріндегі өзіндік интенциялары анықталған:
пәрмен (команда), бұйрық (приказ), ұсыныс (предложение), кеңес (совет),
ескерту (предупреждение), өтініш-ескертпе (просьба-замечание), тілек
(пожелание), кеңес-әмір (совет-распоряжение), үндеу (призыв), қолқа-
өтініш (просьба-мольба), ақыл айту (поучение), шақыру (приглашение),
бірлескен әрекетке шақыру (призыв к совместному действию), тыйым
(запрет) және т.с.с. [65, 28].
27
Орыс тіл білімінде кейінгі жылдары шыққан ауқымды еңбектердің
бірі – А.А. Лютая авторлығымен жарық көрген «Современный газетный
заголовок: структура, семантика, прагматика» диссертациясы. Аты
айтып тұрғандай, мұнда автор газет мәтінінің маңызды құрылымы –
тақырыпатты құрылымы, мағыналық мазмұны және оқырман
санасына әсер етушілік сияқты жан-жақты қырларынан қарастырған.
Ғалым тақырыпат кешенінің әрбір бөлімдеріне жекелей тоқталып,
олардың атқаратын қызметтерін, прагматикалық әлеуетін сарапқа
салған. Одан басқа біршама жоғары сұранысқа ие мерзімді
басылымдардың тақырыпатарына құрылымдық негізде талдау жасап,
жай сөйлемді тақырыпаттар, күрделі сөйлемді тақырыпаттар,
мүшеленген тақырыпат құрылымдары, т.б. етіп кесте түрінде пайыздық
көрсеткішпен ажыратып көрсеткен. Сонымен қатар синтаксистік
тұрғыда жиі кездесетін «мақала атауының қалыптары» да анықталып,
сарапталған. Ғалым сондай-ақ газет тақырыпатының экспрессивтілігі
мен әсерлілігін арттыратын прагматикалық құралдардың негізгілеріне
(мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, т.с.с.) тоқталып өтіп, мерзімді
басылым беттерінен мысал келтіріп дәлелдейді [66].
Кейінгі уақытта публицистикалық тақырыпаттың тіл біліміндегі
әр алуан қырларын зерттеуге арналған үлкенді-кішілі ғылыми жұмыстар
көптеп жариялана бастады. Олардың біразы баспасөздегі мақала
атауларына типологиялық талдау жасауға арналса (Л.А. Манькова
«Лингвистическая типология газетных заголовков, 90-е годы ХХ века»
[67]), екінші бір тобы тақырыпаттың стилистикасын зерттеп
(А.А. Сафонов «Стилистика газетных заголовков» [68]), тағы бірі
синтаксистік құрылымын сөз етті (А.С. Попов «Синтаксическая
структура современных газетных заглавий и ее развитие» [69]).
Қазақ тіл білімінде де газет мәтінінің шағын, бірақ аса салмақты
бөлшегі – тақырыпат жеке өзі біраз ғылыми жұмыстың зерттеу
объектісіне айналды. Г.К. Ихсангалиеваның «Функционально-
прагматический анализ заголовков (на материале казахстанских газет
и телепрограмм)» (2000), Р.Т. Қожабекованың «Баспасөз бетіндегі
тақырыптардың
фразеологиялану
ерекшелігі»
(2002)
атты
диссертацияларды осы мәселені сөз еткен алғашқы еңбектердің
қатарына жатады.
Ерекше тоқталып өтуді қажет ететін еңбектердің бірі –
Қ.Ө. Есенованың «Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы (қазақ
баспасөз материалдары негізінде)» атты докторлық диссертациясы.
Мұнда ғалым адам факторын түпқазық етіп алған когнитивті
лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, социолингвистика
сияқты салалармен тығыз байланысты дамып келе жатқан
28
прагмалингвистиканың пайда болып, қалыптасуына шолу жасап, оның
негізгі түсініктеріне тоқталады, прагматиканың зерттеу нысаны мен
мақсатын және лингвистикадағы орнын айқындайды. Автор бұл
еңбекте БАҚ, газет тілі я публицистикалық мәтін деген түсініктердің
орнына «медиа-мәтін» терминін қолдануды жөн көріп, бұл туралы:
«Осы топтың (журналистердің) жинау, талдау, саралау, іріктеу сияқты
сатылардан өткізіп барып көпшілікке ұсынатын түпкі өнімін
Достарыңызбен бөлісу: |