1.2 Лексикалық семантиканың семиотикалық аспектісі
Семиотиканың негізін салушы, сонымен қатар, семиотика
терминін енгізуші – американ ойшылы және философы Чарльз Сан-
дерс Пирс (1839-1914). Ч.С.Пирс өмірден өткеннен кейін жиырмасын-
шы ғасырдың 30-шы жылдары жарық көрген еңбектерінде таңбаның
анықтамасы, жіктелімі (индекстер, символдар т.т.), жаңа ғылымның
мақсаты, зерттеу нысаны белгіленген. Бұл ойлар басқа американ
философы Чарльз Уильям Морристің семиотика мазмұнын, оның
құрылымын тереңдеп зерттеуіне жол ашты. Л.А.Новиковтың айту-
ынша, Ч. Морристің «Таңбалар теориясының негізі» және «Таңбалар,
тіл мен мінез-құлық» еңбектерінде семиотика жалпы ғылым ретінде
толық, жүйелі түрде сипатталады [21, 51].
Европада таңба туралы семиология ғылымының негізін швейцар
тілшісі Ф.де Соссюр (1857-1913) салады. Ф.де Соссюрдің өлімінен
кейін 1916 жылы шәкірттері шығарған оның атақты «Жалпы лингви-
стика курсы» атты еңбегінде бүгінде көптеген мәселелері семантикаға
көшкен таңбаның жүйелілігі, тілдегі қатынастар, олардың түрлері
кеңінен зерделенген. Ф.де Соссюрдің мынадай пікірін еске алайық:
«Кімде-кім тілдің шын табиғатын ашқысы келсе, ең алдымен, сол тіл
сияқты басқа құрылымдық тәртіптегі жүйелермен не ортақ, соған на-
зар аудару керек» [3, 55]. Кеңестік дәуірдегі тілшілер, атап айтқанда,
в.Н.Топоров, Ю.М.Лотман, Б.А.Успенский, Ю.С.Степанов т.т. семио-
тика терминінің орнына «екінші үлгідегі жүйе» атауын қолданып,
қолданыстағы немесе ұлттық тіл бірінші таңбалық жүйе деп есептеді
де, жасанды тілдер, өнер семиотикасы, семантикадағы қатынас, ми-
фология, символдар т.т. толып жатқан мәселелерді тіл біліміне теліді.
Семиологияда тіл – таңбалар жүйесі, ал таңба материалды және идеал-
ды ақпаратты тасушы болады, яғни Ф.де Соссюр, Л.Ельмслев таңбаны
екі жақты мәнге ие бірлік деп есептейді. Ф.де Соссюрше айтқанда,
таңбаның материалды тасушы жағы таңбалаушы (signifant) деп ата-
лады, идеалдық жағы таңбаланушы (signifie) болады. Луи Ельмслев-
ше айтсақ, «таңбалаушы» пішін аумағы (форма) да, «таңбаланушы»
мазмұн аумағы не мағына дегенді білдіреді. Таңбалардың бір-біріне
қатысы, байланысы семиотикада синтактика терминімен беріледі.
Міне, осы жерден келіп, тілдік жүйедегі қатынастар, оның ішінде,
біздер қарастырып жүрген синтагматикалық, парадигматикалық,
эпидигматикалық қатынастар келіп шығады. Семиотика ғылымының
басты мақсаты – таңбалардың жалпы теориясын жасау, сол тұрғыдан
келгенде, семиотика үш қатынастан тұратын түрге бөлінеді: синтак-
тика, семантика, прагматика. Синтактика таңбалардың арасындағы
қатынасты және олардың тіркесуін зерттесе, семантика таңбалаушы
мен таңбаланушының арасындағы қатынасты, ал прагматика таңба
мен оны қолданушының арасындағы қатынасты қарастырады. Сон-
да семиотика жалпы таңбалардың арасындағы қарым-қатынастың
әртүрлі деңгейлерімен айналысатын ғылым екенін байқаймыз. Бүгінде
бұл үшеуі де, яғни синтактика, семантика, прагматика семантика түгіл
жалпы лингвистиканың басты терминдеріне айналып кетті. Егер
тіл көлеміне көшіретін болсақ, синтактика синтаксиске, семантика
семантикаға, прагматика стилистикаға келіңкірейді. Бұған байланысты
Л.А. Новиков семиотика мен лингвистикадағы мынадай сәйкестіктерді
көрсетеді:
«Семиотика
Лингвистика
а) Синтактика а) Синтагматика мен парадигматика.
б) Семантика б) Лингвистикалық семантика
(мағына теориясы және таңбалау)
в) Прагматика в) Лингвистикалық прагматика
(сөйлеу әрекетінің әсері, стилдер теориясы)» [21, 53]. осы үш
құрамдас бөлікте таңбалардың өзара қатынасқа түсуі семиотика-
да семиозис үрдісі деп аталады да, оның құрылымын: таңба; таңба
көрсететін не білдіретін десигнат; таңбаны қолданушы интерпрета-
тор құрайды. И.М. Кобозеваша айтқанда, семиотикада мына үш типті
қатынас орын алады:
«а) синтактикалық – таңбаның таңбаға қатынасы;
б) семантикалық – таңбаның десигнатқа қатынасы;
в) прагматикалық – таңбаның қолданушыға қатынасы» [18, 32].
Символдардың аумағы әртүрлі қатынастарға байланысты
ұлғайып, семиологиядан тіл көлеміне ауысқаны сияқты тілдің және
таңбалардың ұсақ бөлшектерге ажырап, мүшеленуі осылардың
көмегімен орасан көп әрқилы деңгейдегі хабар беруден туындайды.
Семиотикада бұған хабар беруші таңба ретінде сөздер, прожектор-
22
23
лар, жалаушалар, бағдаршамдар, символдар, қимылдар, белгілер, сиг-
налдар т.т. жатады. Міне, осы себептерге байланысты ақпарат тасу-
шы таңбалар өте күрделі сипатқа еніп, индивидтің интеллектуалдық
деңгейіне қарай жүйелілік пен таным теориясына құрылымдық түр
береді. Таңбалардың өз бойындағы ақпарат көлеміне орай ұсақталып
барып, бір жүйе бойынша қатынас орнатуы өте күрделі жүретіндігінен
күні бүгінге дейін қарастырылмаған осы ерекшеліктерден туындайтын
көкейтесті сұрақтар бар. Ұсақталудан гөрі мүшелену (Андре Мартине
термині) сөзі таңба не сөздердің осы бір қасиеттерін дәл береді. Бірден
мүшелену немесе актуалды мүшелену соңғы кезде тілшілердің наза-
рында екені көрінеді. Синтактикадағы бұл мәселе орыс тіл білімінде
синтаксис аясында зерттелуде (Падучева, Арват, Лекант т.т.), ал қазақ
тіл білімінде М.Серғалиев, Қ.Есенов, Т. Сайрамбаев, Б.Шалабай,
Ж.Жақыпов, Ж.Сәдуақасұлы, С.Аташев, З.Ерназарова т.т. зерттеушілер
еңбектерінде, сондай-ақ, олардың шәкірттері жұмыстарында
қарастырылған. Мүшеленумен қатар, тіл бөлшектері не оның әртүрлі
көріністері адамға хабар әкелгенде оның жадына, есте сақтау қабілетіне
орасан зор күш түсіреді, сол себепті индивид екі есе мүшелену жүргізу
арқылы өз қызметін жеңілдетеді. Мәселен, мүшеленген бірнеше дауы-
сты, дауыссыз дыбыстардың көмегімен көптеген тілдік таңбаларды бе-
руге және қабылдауға болады. Мүшеленудің пайда болу себептерінің
бірі үнемдеу принципі жатыр, оның үстіне, үнемдеу екі жақты
құбылыс екенін айтқымыз келеді. Бұның негізінде, бір жағынан, ха-
бар жеткізудегі дыбыс, сөз, сөз формаларын, күрделі тұтастықтарды
өндірудегі күшті үнемдеу, сөйлеуді, тіпті, дыбыстарды қысқарту жат-
са, екінші жағынан, адам өз жадын қажетсіз ақпаратпен толтырмай,
таным мен ойлаудың қызметін жеңілдету үшін олардың іс-әрекетін са-
налы түрде шектеп, үнемдеуі жатады. Бұл процесс тірі тіл бар жерде
және сол тілдің өн бойында жүріп жататын болғандықтан, тілді ши-
ратып отыратын, жинақтаушы заңдылық ретінде көрінеді. Соңғы кез-
де семиотикадан тілге ауысқан тілдегі үнемдеу заңы Б. Сағындықұлы
және оның шәкірттері еңбектерінде кеңінен қарастырылуда. ол бұл
заң туралы былай деп жазады: «Үнемдеу – ежелгі дәуірден келе жатқан
құбылыс. дыбыстардың, буындардың бірте-бірте түсуі сөздің форма-
сын адам танығысыз дәрежеде өзгертіп жібереді» [23, 258]. Үнемделу
принципіне ұшыраған таңбалар арасындағы қатынастардың тұрақты
түрлері де тілге осы сипатта ауысқанда қарапайым дәрежеге еніп,
әртүрлі тізбектердегі мағыналық не мағыналық емес байланыстарға
түседі. Таңбалаушының таңбаланушыға мағыналық түрде байланы-
спай сәйкестенуі – тілдік таңбаның пішіндік көрінісі мен мазмұндық
жағының ассимметриялы байланысы, яғни омонимия құрайды. Ал
таңбалаушының таңбаланушымен бір-бірімен сәйкестене мағыналық
байланысуы полисемияны немесе көпмағыналылықты тудырады.
Таңбаланушылардың бір деңгейде таңбалаушылардан тыс мағыналық
сәйкестенуі синонимияны, қарама-қарсылығы антонимияны құрайды.
Лексикалық семантикадағы лексемалардың мағыналары арасындағы
синтагматикалық және парадигматикалық қатынастар негіздерін
құраушы қатынастардың бірі ретінде кезінде Ч.Пирс көрсеткен
таңбалардың арасындағы өзара қатынастардан туған таңбалардың үш
типі бар деп есептейміз. Бұлар – иконикалық таңбалар, индекстер, сим-
волдар. Иконикалық дегенді нышанды, ал индекстерді шектес белгілер
деп аударған дұрыс болар. Нышанды таңбалар өз ішінен бейне мен диа-
грамма деп екіге жіктеледі, яғни бұл таңбалаушы мен таңбаланушының
ұқсастық негізінде туады. Шектес белгілер таңбалаушы мен
таңбаланушының өзара шектескен қатынасынан туады. Мысалы; түтін
– оттың шектес белгісі, коттедж – байлықтың, стадион – жарыстың т.т.
осылардың ішінде символдар ғана тіл көлеміне ауысқан және қазақ тіл
білімінде зерттелгендіктен, біз оған тоқталмадық. Тек қосарымыз, оның
қасаңдық сипаты бар, яғни онда еркіндік шектеулі. Ф.де Соссюр былай
дейді: «Символ еркіндікке толық ие болмайтын қасиетімен сипаттала-
ды; ол толық бос емес, онда таңбалаушы мен таңбаланушының табиғи
байланысының қалдығы (рудименті) бар» [3, 79]. Ал изоморфизмдік
қатынас дегеніміз – таңбалаушы мен таңбаланушының белгілі бір
бөліктерінің сәйкестенуі. Бұның шығу тегінде индивид санасында
әлемдік модел мен тіл мазмұнының сәйкестенуі жатыр. Таңбалардың
осы байланысынан, олардың туу уәжділігінен метафора мен метони-
мия өз негізін алады, яғни лексикадағы жүйелердің қалыптасуында осы
изоморфизм басты қызмет атқарады. Л.А. Новиков бұл қарарлар Прага
тіл үйірмесінің «Тезистерінен» басталып, дамығанын айтады [21, 63].
Бір ескертетін нәрсе, метафора тілдік құбылыс ретінде Аристотель, әл-
Фараби еңбектерінен бастап қарастырылып келетінін айтқымыз келеді.
Енді тілдік таңбадағы ақпарат тасушы таңбаның мағынасына келсек,
бұл бірліктің мәнін түсіну әркелкілікке толы. Әсіресе, семиологиялық
семантика мен жалпы семантиканың қиылысқан жері болған себепті
бірізділік жоқ. оған таңбаның, яғни сөздің күрделі сипатта болуы,
сөздердің көп қырлы бірлік ретінде тілдік қатынаста құбылуы сияқты
объективті себептері де жоқ емес. Тілдік таңбаның «мағынасы»
терминіне Ф.де Соссюрдің «таңбаланушы» Л.Ельмслевтің «мазмұн
көрінісі» терминдері сәйкес келеді. И.М. Кобозеваның есептеуінше,
«тілдік таңбада аз дегенде төрт типті мәндік құрам өзара әрекетке
түседі:
а) ақиқат әлемнің (қоршаған шындықтың) категориялары;
24
25
б) адамдық танымның логикасы мен психологиясына тән ойлау
категориялары;
в) адамның өзінің қызметіне байланысты тілді мақсатты пайдала-
нуына қатысты прагматикалық факторлар;
г) тілдік жүйенің бірліктері – таңбалардың арасындағы қатынас»
[18, 43].
Зерттеуші бұнда тілдік жүйенің өз ішіндегі қатынас түрлерін
мегзеп отыр. Сонда тілдік таңба, яғни сөз өз бойында төрт типті
ақпаратты ұстайды: әлем бейнесі; осы бейненің адам санасындағы
бейнелену пішіні; қандай жағдайда бұл бейне жүзеге асуы қажет және
ол басқа таңбалармен қалай байланысқан. Міне, осы ерекшеліктерден
тілдік таңбаның әртүрлі қатынастарға негізделген құрылымдық
моделі пайда болады. Сонымен, Ф. де Соссюр тілдік таңбаның екі
жағы бар: таңбалаушы (акустикалық бейне), сосын таңбаланушы (сөз
мағынасы) бар және таңба мида, адам санасында болады, сол себепті
таңба қолданысқа шығуына, таңбалануға, байланысқа түсуіне ерікті
күйде болады деп есептейді. Шын мәнінде, кез келген заттың ойдағы
бейнесі таңбада оның көшірмесі не суреті болып қалады. осыдан
келіп, сөздегі мазмұндық жағы оның таңбасы болмайды, ал дыбыстық
жағы ойдағы бейненің таңбасы болады. Соссюр ізімен тілдік таңбаның
екі жақты концепциясы билатералды деп, ал тек дыбыстық жағын
қабылдайтын тұжырымдама унилатералды деп аталады. Бүгінгі
таңда соңғы концепцияны қолдайтындар саны көп болмағанымен,
баршылық, сол зерттеушілердің бірі – украин тілшісі А.С. Мельничук
және шәкірттері. осыдан келіп, сөздің мағыналық жағы – семема, ал
дыбыстық жағы – лексема шығады, сондықтан оларды бірдейлестіру
мүмкін емес. Таңбалар мағынаға ие болғандықтан жүйе құрайды, яғни
мазмұндық өлшем басты рөлге ие болады, сондықтан тіл – мәнді бей-
не мен дыбыстық жиынтықтың күрделі жүйесі. Көптеген зерттеушілер
таңбаларға қоршаған ортадағы барлық заттар мен құбылыстарды
жатқызса, кейбір ғалымдар, мәселен, Л.И. Ибраев олардың қатарына
тек адам қолымен жасалған заттарды жатқызады, ал басқаларды
белгілер деген терминмен атайды. Бұл, әрине, таза семиотикалық
пайымдау болғанымен, жаны бар пікір, сондықтан қазақ тіліндегі
жағдайын зерттеу артық болмас еді. З.д. Попова, И.А. Стернин белгілер
бірден таңбаға айналмайтынын, ол үшін олар әртүрлі психотанымдық
кезеңдерден өтетінін, атап айтқанда, Л.И. Ибраевтің жеті басқыш жо-
лын мақұлдайды. «Белгіден таңбаға дейін жеті басқыш апарады:
а) биологиялық белгілер (адам, мақұлық рефлекстері);
б) сезім симптомдары, белгілері;
в) әртүрлі сигналдар (жануарларда шығаратын дыбыстары);
г) әр алуан қимыл көріністері;
д) жалған сигналдар (жест) көрінісі;
е) ірі таңбалар (графикалық, айқын, анық хабар беру суреттері);
ж) тіл, сөз, оның құрамдас бөлшектері. Бұндағы таңбалар не
қажет болады, соны белгілеуге мүмкіндік береді» [24, 168]. Ал
таңба және басқа таңба (Соссюр термині) араларындағы мағыналық
үйлесуді синтагматикалық қатынас, араласа қатынасуды коннотативті
қатынас деп атау жалпы тіл білімінде Ф. де Соссюр пайымдаулары-
нан қабылданған. Таңбада, яғни сөз сияқты тіл бірлігінде жіберуші
мен алушының бір-бірімен тұрақты не аралас хабар алысуынан
тілдің лексикалық жүйесіндегі қатынастар пайда болады. Кез кел-
ген хабар, ақпарат міндетті түрде өзіндік кілтке (код) ие, сондықтан
қатынас келісімді, үйлесімді сипатта жүреді де, таңбалық жағдай осы
ерекшеліктен туындайды. Жалпы таңбалар, оның ішінде, сөздер үшін
семантикалық қатынастар өте маңызды болады, яғни парадигматикалық
(денотаттық) және синтагматикалық (сигнификаттық) деп шартты
түрде атаған қатынастар объекті мен таңба арасындағы көріністі толық
сипаттайтындай дәрежеде келеді. Мысалы: лексема: «алма» – семема:
«алма бейнесі» – объект: «реалды алма» дегенде мағыналық қатынас
туындайды да, өз ішінен алманы тістеу; алманы жұлу; алма дәні; алма
қабығы; алма-витамин; алмұрт-алманың тіл үйіретін дәмі т.т. мәндік
таңбалық жүйе құрайды. Ал алма «тәтті, шырынды, қышқыл, жасыл,
пайдалы, жеміс, ағашта өсетін» т.т. мәндік бөлшектерден тұратын
мағыналық тарамдар жүйесінде мазмұндық түр күрделі сипатта бола-
ды. Тілдік таңбалардың не бірліктердің мағынасы семиотикалық және
лингвистикалық өзара тығыз байланыстан әлеуетті валенттілік сипат-
та, сонымен қатар, мәндік (М. оразовтың «значимость» терминін ауда-
руы), Соссюрше (valeur), түрде тілдің мәнді құрылымдық элементтері
арасында парадигматикалық, синтагматикалық қатынаста жүреді. Ф.
де Соссюр қолданатын «valeur» термині француз тілінде көпмағыналы
сөз, сондықтан мағына, мән, құндылық, құн дегенді білдіреді [3, 81].
Сонымен, таңбалық жүйеде, оның ішінде, тілдік бірліктер мен таңбалар
арасындағы қатынас парадигматикалық деп аталады. Тілдік лексикалық
жүйесіндегі басты парадигматикалық қатынастарға моносемия, си-
нонимия, антонимия, омонимия, меронимия, паронимия, гипер-
гипонимия, тек-түр, тұтастық-бөлшектік т.б. қатынас түрлері жатады.
Таңбалар арасында қатынастардың тағы бір түрі, яғни таңбалардың
құбылуы кезінде пайда болатын байланыс – синтагматикалық қатынас
деп аталады. Синтагматикалық қатынастар қарым-қатынаста, ком-
муникацияда пайда болатын таңбалық жүйе қызметінің нәтижесі
ретінде мәтін, сөйлем, тұтастықтардың өмір сүруін қамтамасыз етеді.
26
27
Синтагматикалық байланыс негізінде тілдік бірліктердің мағыналық
үйлесуі нормалы қалыпта жүзеге асып, сөздердің құбылуы жүйелі
жағдайда жүріп, тіл күрделі ойға ие мәтіндер тудырып отырады. Тіл
перзенттері болатын күрделі ой желісі бар мәтін, өлең, толғаулардағы
басты реттегіш күш, ойлардың қатынас тетігі – синтагматикалық
қатынастар. Бұл қатынастар түрлерінің бәріне ортақ болатын қасиет деп
валенттілік теориясын, мағыналардың ұштаса тіркесуін атаймыз. Бұл
мәндік байланыстар тілдік салаларға қатысты түрленіп, мүшеленеді
де оларды тереңдеп қарастырады. Қорыта келгенде, семиотика мен
семантиканың өзара ықпалдасуынан тіл біліміне мән, таңба, сигнал,
белгі, қатынас, таңбалық жағдай, парадигматика, синтагматика, сим-
вол, нышан, прагматика, мазмұн, түр, екінші моделдік жүйе, құрылым
т.т. терминдер ауысты.
Достарыңызбен бөлісу: |