сирейді. Еркек малмен әлек. Кәрлі қыс ақала бас бурадай басып адамның қырыс-тырысын жаздырмайды. Адам бірінен-бірі қыстың кегін алатындай, қырғи қабақ боп, тоңырайсып отырады. Қыстың сондай тарқама, шау, тымырсық күндерінде әйелдер бірін-бірі аңдысып, қылп еткенді қылға тізіп, өсектеп, ұрыс- қағыспен күн өткізеді. Өрік өсекші қатындарды бауырына
тартып, береген кісісі болды. Жар дегенде Өрік Ұрқиямен ұстасты: Ақбілекті азғырып, өзіне қаршыға қып салатын Ұрқия деп ұқты; Ұрқия келсе, бас терісі аузына түсіп, кірпідей жиырылды. Пәле іздеген кісіге сылтау табылмай тұра ма, бір күні Ұрқияға: «Қу бас қаншық! Келме үйіме, маңымнан көш жер аулақ жүр!» деп, жерден алып, жерден салып айдап шықты. Ұрқия да тоқалдың мінездерін ауыл үйге сөйлеп, өзіне тілеулестер тапты. Сүйтіп Мамырбай ауылы екі ұдай партия болды. Бір жағы Өрік бастаған көршілердің қатыны: екінші жағы Ұрқия, Ақбілек бастатқан ауылдың көпшілігі. Ақсақалдікінен ішіп-жейтіні бар, кедейлердің қатыны Өрікке ауды; өз ораза ашары өзінде, кісіге жалынышты еместері Ұрқия мен Ақбілек жаққа шықты. Партия болған соң, біреуді біреу аяй ма: бірін-бірі мұқатуға өтірікті, өсекті өрбіте берді. Кімнің не міні, не жамандығы бар, — бәрі де терілді, қазылды. Талай жасырын нәрселер жарыққа шықты. Осы қазбалаудың, аңдысудың салдарынан Ақбілектің екіқабат екені де мәлім болды. Бұ хабарды естігенде, Өрік өлген байы тіріліп, екі баласы қолына тигендей қуанды. Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді. «Ақбілек екіқабат» деген сезді құлағы шалғанда, Өрік: — Ә!.. Шешесінің күйігі екен десем, уһілеп жата беретіні... Камзолының түймесін салмайтыны, шапанын арқасынан тастамайтыны — сол екен ғой,— деді. Содан кейін Өрік бір талайға дейін Ақбілекпен араздығын ұмытқан кісідей, сөйлесіп, жылы ұшырап, жылмыңдай қалды. Неге бүйтіп жүргенін Ақбілек түсіне алмады. Бір күні Ақбілек тысқа шыққалы түрегеліп еді, Өрік қамқорсып: — Ішіңе жел қарысар, түймеңді салып шықсайшы!— деді. Шын екенін, аярлық екенін біле алмай, Ақбілек күдіктеніп, кірпігін мұңая бір қағып, үндемей шығып кетті.
Тағы бір күн Өрік әбдіре ақтарып, төрт кез сантон тауып алып, Ақбілекпен ақылдасқан боп, өзіне қынама пішті. Өз камзолын ұнатпай, Ақбілектің камзолына салып пішуді қалап: — Қарағым, сенің камзолың маған шақ болар. Белінің қиғанын көрейін: түймеңді салшы! — деді. Енді аярлық екенін Ақбілек сезді: — Мен киюші ме едім? Өлшесең, өз бойыңа өлшей бер!— деп камзолын шешіп лақтырып жіберді. Өрік әлі де көзі жетпегендей, таңертең Ақбілек ұйықтап жатқанда, ақырын барып, көрпесін ашып қарады; ішіне суық қол тигенде Ақбілек шошып оянып: — Ә, ә... немене... бұ кім?!— деп еді, Өрік: — Көрпең ашылып қалғанға жауып жатырмын,— деді. Өрік көзін жеткізді. Қапысы жоқ. Дәл өзі. Бейшара, құны қалғандай, неге сонша қудалады екен? Ақбілек бірдеңесін алды ма?