бөлімнің бөлімшесінде (подотдельде) орынбасарлық қызметін атқарушы еді. Ықаң қайдан оңсын? Ащы темекісін бипаздап тартпағанда, Ықаң енді не бітіреді? Қой Ықаң байғұсты не қыласыз? Тыпаң болмаса. Тыпаң міне жаңа бәтеңкесін көлденеңдетіп, екі аяғын айқастырып отыр ғой. Қарашұға шалбары да (ескінің жұрнағы ғой), қоңыр пенжегі де әлі сыны кете қойған жоқ, қайырма жаға тақталы көйлегіне қара шұбар галстук те тағып қойыпты. Тыпаң деп отырғанымыз — Тышқанбай деген кісі ғой. Ықаңдай үлкен оқулы болмағанмен, бұрын орын тепкен, беделді кісі болған соң, жұрт «Тыпаң» деп кеткен ғой... Ықаң да, Тыпаң да «дәулет құсы» бастарынан ұшқан адамдар еді. Ықаң жаңа тәртіпті түгелімен жаратпаушы еді. Өйткені омырау балшебек келді де— баяғыдан бергі қызметті де, абырой- атақты да, әдет-ғұрыпты да талқан қылды; оқығаның, білгенің де, сақалыңның ағы да бес тиын тұрмай қалды. Одан да жаман пәлесі «пенсие» бола ма, жоқ па, — қараңғы. Оның үстіне бірдемесімен жасты бала-шағаның «ұлық» болып олай қыл, бұлай қыл — деп бұйырғаны-ақ батып барады. Төлеген сияқты құдайға қараған біреуі болмаса, Балташтар, әне бір қыли көздер кез келгенде сәлем де бермейді. Ал Тыпаң көр-жерден «Безабразия, пәлен-түген»...— деп қабағын түкситіп будырағаны болмаса, сәбет өкіметіне пәлендей қарсылығы да жоқ, сығалап қызмет қылып, көндігіп келе жатып еді. Өйткені, Тыпаң тесік табатын епті кісі ғой. Ал Ықаңда ондай еп жоқ. «Но!» деп бірақ өлетін кісі ғой. Айтпақшы, Ықаң мен Тыпаңның жасы туралы түк айтпаппыз-ау! Ықаңды елуде десең де, алпыста десең де үлкен қаталасқан кісі болмаймыз, өйткені маңдай терісі құрысып, бет-аузы тырысып, көзіне тарта байланып тұратын кісі ғой. Ал Тыпаңның жасын
адам біліп болуы қиын, өте құбылмалы еді. Өйткені анкет толтырғанда қырық бесте болып шығушы еді де, жасырақ әйел отырғанда отыз, отыз бестерге түсіп қалушы еді. Төлеген қазақшылығы ұстады ма, немесе бір күніме керегі болар деді ме, жастардың қатарында бұл екеуін қонаққа шақырған еді. Оған бұлар «біз де жас екенбіз»— дегендей, әлдеқандай боп, дардиысып келіп отыр еді. Тыпаң қыбыржып қарап отыра алмайтын кісі ғой. — Қалай, Төлеген, қызмет жақсы ма?.. немене, әнеугі қалашылардың астығын қайтарттыңдар ма?.. Бұлар тіпті безобразия ғой,— деп қазаққа қабырғасы қайысатынын білдіріп, зорлық, жәбір көрген қазақтардың арызын сөз қып отырды. Тыпаң әлде бірдеңені көптіріп айтқанда, Ықаң көзін ежірейтіп: — Е, разбе!? Е, разбе?! — деп таңырқағанын білдірді. Ықаңның таңырқайтын да жөні бар, өйткені баяндама, отшөт, анкет, нұсқау секілді есепсіз мол қағаздың ішіне кіріп кетіп, басы қатып, сыртқы дүниеде не болып, не қойып жатқаннан хабары кем еді. Дала қазағының не күйде жатқанын сұрап білейін деген пәлен ойы да жоқ еді. Әңгіменің көбі жалақы, пәтер, отын, темекі, — қысқасы күн көріс жайынан болды. Сөйтіп отырғанда, жуан партпелдерін қолтықтаған өңшең қылқан кескендей жас кемесерлер де келіп қалды. Бұ келген төрт жігіттің бірі: қошқар туған қозыдай келбетті, бітімді Ақбала еді; енді бірі келбетті де, киімі де