— Қандай қызмет болады? Жұрт істеп жатқан бір қызмет
болады да, — деді.
— Елдегі қызметті қалайсың ба? Қалада болғың келе ме?
— Қала қызметіне менің оқуым жоқ қой. Елде болғаным дұрыс қой.
— Елде қандай қызмет қалайсың?
— Осы күні кім болса сол болыс боп жатыр ғой. Біз де соның
біріндей қызмет қылармыз.
— Ә, болыс болғың келе ме?
— Қолдан келсе, не болмайық дейміз? Бұрын байлар да болды...
Енді өзіміздің өкімет келгенде, біз де болайық та,— деп жымиды.
Онысы Балташты өзімсінгені еді.
Балташқа бұл сөзі ұнамады:
— Сен партияға не мақсұтпен кірдің?— деп сұрады.
Бұл сұрау Мұқашқа шәлкем-шалыс келді: Мені тергеуші сен бе
едің, — дегендей:
— Не мақсұты болады?.. Кедейді жақтайды, қызметке кедейді
қояды, байдың малын кедейге әпереді... деген соң кірдік... Біз езілген
таппыз. Малайлықта жүргеміз. Мойнымызға ершік салып жүк те
көтергеміз. Енді біздің күніміз туған жоқ па?..— деп
ажырайыңқырап, бірталай өзі білген қызыл сөздерді айтты.
Балташ Мұқаштың мақсұты болыс болып, мал табу екенін
байқады: ішінен «сен де бір сыболыш екенсің. Доғанікі дұрыс екен»
деп ойлады. Мұқаштың надандығын, одан басқа мақсұт оның
ойына кіріп шықпайтынын ескермеді. Мұқашты өзіне қоятын
өлшеуішпен өлшеді. Сондықтан оған қызмет берудің орнына өзін
бірталай сөгіп, тергеп, пікірі терістігін айтып келіп:
— Сенің бұл ойыңды білсе, партиядан дереу қуыласың... Елге сенің
зәбірің көп тиген көрінеді...— деп оны қорқытуға айналды. Мұқаш
оған пәлендей ығысқан жоқ: — Сен қоймағанмен бюро қояды,—
деп ойлады да:
— Сонымен маған орын жоқ па?— деп түрегелді.
Балташ:
— Мелитсе болсаң қайтеді,— деп еді, Мұқаш басын шайқап:
— «Болмаймын»— деді...
Балташтікі де ұстап кетті:
— Болмасаң жүре бер!— деп қолды бір-ақ сермеді.
— Көреміз!— деп, Мұқаш есікті тарс қойып шыға жөнелді. Шыға
беріп Балташтың әкесінен қозғай бір боқтап алды да, атына мініп
«Бұйраға» тартты.
«Сәбет өкіметі кедейдікі дегені қайда? Кедейдікі болса, менен
артық кедей бар ма? Менен артық сәбетке еңбек сіңірген кім
бар?.. Әлгінің қыртып отырғаны не?.. Ол тұмсығын неге
көтереді? Бұ бір «Боржой» ғой! Оқыған неменің өстіп селтие
қалатыны бар... Сен қоймасаң да, қоятын кісіні табармын», деген
оймен атын борбайға бір салып, жортып келіп, танымал
мекеменің алдына түсе қалды.
«Бұйрада» Иванов дейтін арық, қу жақ орыс бар еді. Ауызда әр
кімдер есік күтіп тұр екен. Мұқаш есікке таман келіп, кимелеп
ашайын деп еді, — кезекпен кіресің деп, балалау орыс иығынан
тартып кіргізбеді. Амал жоқ, қамшысын екі бүктеп, қолын
артына ұстап, іріленіп, ежірейкіреп, тұрды. Алдында ноғайшалау,
киінген бір мұғалім тұр еді; Мұқаш биікте тұрған кісіше, жан
құрлы көрмей, көзін кепиеттене бір салып қойды. «Болыс болатын
мен кірейін! Жаман мұғалім, саған не бар?» деген қарас екенін
мұғалім қайдан білсін, жәй тұрмай:
— Жолдас, қай елдікі боласың?— деді.
— Не керек?— деді Мұқаш тұмсығын көтеріп.
— Тарбағатайлық болсаң, елге баруға серік бола ма деп едім.
Достарыңызбен бөлісу: |