жылап жіберді. Ақбілек жылаған соң, Ұрқия да жылады. Жылап отырып: — Бауырым-ау! Сенен не бетіммен бүкпе сақтайын! Білген нәрсем болса, сенен жасырып... ойбой-ой! Енді қайтейін!.. О не дегенің, қалқам!.. Үлкен кісілердің не ойлайтынын кім біледі?.. Саған айта алмай жүрген бір сөзім бар екені шын, оны жасырмаймын. Қалқам — иә-ау! Жұрттың неге таңырқайтынын білмеймін. Осы үйге кім келсе де, бар ғой, бәрінің көзі сенде болады (бір тамсанып қояды). Саған жұрттың таңырқап қарағанына ішімнен мен күйіп-пісіп отырмын... сондағы ойлары не екен десейші?.. Дәуде болса ішім айтады: орыстардан кейін қандай боп қалды екен? Өзгерді ме екен? Жоқ бұрынғы қалпында ма екен? Орыстар оған не көрсетті екен?.. деп қарайды-ау деймін. Әйтпесе таңырқайтын несі бар?.. «Жұрттың ойы» десе де: Ұрқияның өз ойы да осы еді. «Орыстар апарған соң не істеді екен?» деген сұрау өз аузына да келіп қайтып тұрушы еді. Бірақ өзі мынадай сорлы боп отырған «Шырайлымнан» қалай беті шімірікпей аузы барып сұрасын? Әлгі сөзді естігеннен Ақбілек жасын тыйып, көзі мөлдіреп, қиялға түскендей, алдында тұрған жез шәугімге қарап бедірейе қалды.
Қарашаттағы құйын соққандай астан-кестен күндер заматта көз алдынан шапқан аттай бұлдырап өтті. Ақбілектің бедірейе қалғанын көрген соң, Ұрқия ойын бөлейін деп: — Сені аман-есен келеді деген тірі жан болған жоқ. Өзіміз күдер үзіп қойдық... Орыс шіркін өлтіріп тастады той деп ойладық: үлкен апамды көзіміз көрді ғой. Құдай сақтайын десе, қайда сақтамайды? Шыбын жаның қалған соң не керек,— деді. Ұрқияның «ернінің емеурінінен» оның ойын Ақбілек те біле қойды. Орыстардың не ғып жібергенін бұ да естігісі келеді екен деп ойлады. Ұрқия сездірмесе де, ай-жай болған соң, Ақбілек сырын өзі де айтпақшы еді. Бірақ «Мақтанған кісіше несіне айтам? О бір жақсы нәрсе болса екен...» деп, ішіне сақтап жүруші еді. Енді айтатын орын келді ғой деп, жеңгесіне бастан-аяқ көрген оқиғасын сөйледі. Жеңгесі тамсанып, тыңдай берді. Қара мұрттың атып тастай жаздаған жерін, қасқыр қамаған жерін айтқан кезде: «Ойпырымай, ойпырым-ай!» деп үрейленіп, әңгіме біткен соң: — Қалқам-а-ай! Қалқам-а-ай! Көрмегенді көрген екенсің ғой!.. Әйтеуір көп орыстың талқысынан аман болғаныңды айтсайшы!— деп, таңдайын қағып, басын шайқады. Бұл сырды тірі жанға шығармасқа, Ақбілек жеңгесінен уәде алды. Содан кейін екеуі бұрынғыдай қалтқысыз дос боп кетті. Оңаша болса: жеңгесі Қарашат жайынан оны-мұны сұрап қояды. Ақбілек дүние көрген кісі боп, кейде Қарамұрттың қылықтарын асыңқырап айтатын да болды. Өткен күндер бір түрлі жиренішті болса да, айта-айта жиренішті жақтары ұмытылып, сұлу жақтары көбейіп, ертегі тәрізденіп кетті. Сырын айтқаны Ақбілекке де тәуір болды: бір сыпыра қапырығы сейілген іспеттенді. Алайда «Әкем неге түзу қарамайды?» деген жұмбақты Ақбілек шеше алмады. Ол жұмбақтың шешуін Ұрқияның іші сезсе де, Ақбілекті аяп, айтпады, Ақбілек бұл тұрмысқа да жүре-жүре
көндіккендей болып, анасының орнына үй шаруасын басқаруға кірісті. Жарылып өлсін бе, қайтсін?..