әлгіндегі өрекпіп қатты соққаны басылып , көңілі сәл орнығып қалды.
Баяу аяңдап өзі жатқан бөлмеге келді. Там үйдің кермек балшық исі Бекбайға бір түрлі
жағымсыз сезілді. Қайта жатқысы келмеді. Биік жасалған ағаш сұпыға келіп отырды.Әлгінде көрген
үрейлі түсін көз алдына келтірді: Жаздың күні сияқты, Бекбай бір терең шатқалды құлдап келе
жатыр. Неге келе жатқаны белгісіз. Шатқал барған сайын тарайып, бір уақытта алды биік тұйық
болды да қалды. Енді қайтайын деп артына қайтып еді, қарсы алдынан екі көзін жүн басқан жуан
қара аю келе жатыр екен. Бекбай қашып тұйыққа өрмеледі. Аю Бекбайдың сыбдырынан біліп,
ақырып келді. Бекбай қара терге түсіп, өлдім-талдым дегенде әрең бір текшедегі үңгірге ілінді.
Ауызын арандай ашқан қара аю барған сайын жартасқа жабыса өрмелеп, Бекбайға жақындады. Дәл
осы кезде Бекбай шошып оянған еді. «Әйтеу аюдан аман қалдым ғой» деп Бекбай өзін өзі жұбатты.
Сөйтседе шошынып қалған жүрегі лобылығып, күн шыққанға дейін біресе сыртқа шығып, біресе
үйге кіріп жүріп жүрді. «Не болсада ертерек кетіп қалайын» деп ойлады. Таңертеңгі шәйді
созақтамай тез ішті. Дастарқан жиыла бере Бекбай:
_Қасым ағай, мен асығамын ғой, Қанекеңнің тапсырғандарын дайындап мені ертерек жолға
салып жіберіңіз,_ деді.
_ Неге асығасың?_ деді Қасым күліп,_ қалаға неше жылда әрең бір келгенде , көше аралап
түстен кейін қайтсаң да болады ғой.
_ Базардан зат алатын ақшам да жоқ. Қанекең ренжиді ғой, ертерек кетіп қалайын,_ деп
Бекбай Қасымның шегіншектеткеніне көнбеді.
Бекбайдың кеткісі келгенін білген Қасым, оның қоржынына Қанағат байдың үйінің бұл-шәйін
салып дайыдағанша Бекбай атына ер салып аулаға шықты. Күн жаумағанымен аспанды қара бұлт
торлап, күзгі суық жел аңырап тұрған еді. Бекбай атына мініп, Қасым семиясымен қоштасып қала
шетіне шықты. Кең жерге шыққан соң атынан түсіп, атының екі аяғын мықтап тұсап қойды. Сыртқы
қаптал шапанын шешіп атының қасындағы тастың үстіне қойып, жыраға дәрет сындырып ұзақ
отырды. «Күн батпай ерте барып алатын болдым» деп ойлады. Орнынан тұрып атына қарай жүріп
еді, аты елеңдеп екі жағына кезек қарады. Ат қараған жаққа қараған Бекбайдың жүрегі зу ете түсті.
Екі жақтан екі-екіден төрт адам келе жатыр екен. Бекбай жүгіріп келіп атының тұсауын шешкенше,
екеуі келіп екі иығынан мытып ұстап тік көтерді. Бекбайдың екі аяғы жерге тимей қалды.
Қорыққаннан жылап жіберді.
_ Сендер кімсіңдер, мен де нелерің бар?_ деді жылау аралас сөйлеп.
_ Бастықтың алдына барған соң білесің,_ деді Қасы түксиген қара.
Бекбайдың жылап қақсатқанына қаратқан жоқ. Қолын артына қайырып байлап, қалашықтың
жол жақ шетіндегі бөлек тұрған там үйге алып келді. Бекбайдың үрейі ұшып, сөйлеуге үні де
шықпай қалды.
Бекбайды көзі алайған біреуі күшікті сүйрегендей желкесінен сүйреп ішкі үйге кіргізді. Мұнда
отты күркіретіп жағып қойып, сап-сарала киінген қырма сақал біреу отыр екен. Етігінің өкшесін
жерге тіреп шалқалап шіренгенде, астындағы ағаш орындық бақырған түйеше ұрандап жіберді. Ол :
_ Мұнда келіп отыр,_ деп қарсы алдындағы орындықты нұсқады. Бекбай қалшылдап ,
дірілдеп орындыққа әрең келіп отырды. Мынау шырттай қаруланған сақшылардан оңай құтыла
алмайтынын білді.
_ Атың кім?_ деп қырма сақал шекие қарады.
_ Бекбай.
_ Кімнің баласысың
_ Қанағаттың.
_ Қайсы Қанағат?
_ Ертістегі.
_ Мұнда неге келдің?
_ Әкем тамыры Қасымнан шәй, бұл әкел деп жіберген.
_ Хатты кімге әкелдің?
_ Қасен дегенге.
_ Ол хатты кім берді?
_ Қабаға кетіп бара жатырмыз деп екі адам ауылға келіп қонған. Таңертең мен осылай жүргелі
жатыр едім, біреуі әкемнен:
_ Мына бала қайда барады?_ деп сұрады.
_ Сарсүмбеге барады,_ деп еді, ол маған бір хат әкеліп берді. «Қасен деген туысым бар, соған
бере сал» деді.
_ Хатты бердің бе?
_ Кеше сұрап жүріп әрең тауып, өзі жоқ екен әйеліне бердім.
Қырма сақал Бекбайдың бетіне тесірейе қарап аз отырған соң:
_ Әй, мынаны мыжытбай әзірше қамай тұрыңдар,_ деді.
_ Ағай-ау, қазақ баласымыз ғой, шыным осы, қоя беріңіздер, ауылдағылар іздеп қалады ғой,_
деп Бекбай сүйретіліп жалынып бара жатты. Есікке барғанда Бекбай босағаға жармасып , арт жаққа
қайрылып қарады. Әлгі сарала киімді қырма сақал қазақ бүйірін таянып, ерекше мол табысқа қол
жеткізгендей масаттана қарап тұр екен. Бекбайдың босағаға жабысқан қолына әлде кімнің нәлілі
өкшесі сарт ете түсті. Бекбайдың оң қолы салдырап қалды. Енді босағадан ұстағанды қойып , қолы
көтергенге келетін емес. Екі көзінен жас төгіліп-төгіліп кетті.
Бекбай өзінің бір бәлеге жолыққанын, оның әлгі хаттан болғанын білді. Дәл осы шақта есі
шығып кеткен еді, енді тырбануға шамасы келмей қалды.
«Сорлыға сойыл бұрын тиеді» деп қазақ бекер айтпаған сияқты. Енді ғана көңілін үйлену қуанышы
желпінтіп , Жайнамен бас қосамын ғой деп жүргенде, Бекбай Сарсүмбенің түрмесіне осылайша еш
себепсіз түсті де кетті.
Бекбай алғашында үлкен ауланың ішіне айналдыра салынған жиырма шақты ауыз үйдің ең
есік жағындағысына келіп қамалды. Бұл түрегелсе биіктеу адамның төбесі тиетіндей аласа , көлемі
екі бұзау әрең сиятын кішкене бұзау қорадай қуыс екен. Айдап келгендер оны сонда кіргізіп , есігін
бекітті де жолға түсті. Бекбай үй ішіне сәп салып қараған жоқ. Басын шеңбектеп тұрып қалды. Әлден
уақытта аяғы талғанын сезді. Отырмақшы болып айналасына қарады. Үйдің оң жақ түкпірінде
болымсыз шөп үйіндісі жатыр екен. Бұдан бұрын да біреулер қамалған сияқты. Шөпті аяғымен бір
жерге жиып аз отырды. Шіріген шөптің қышқылтым сасық исі кеңірсігін қауып құсқысын келтірді.
Лоқсып есікке барды. Бірақ құса алмады. Есіктегі жаман ағаш есіктің үстінде торғай кіріп
шығатындай ғана болымсыз тесік бар екен . Бұл үйге сол тесіктен аз жарық түсіп , үйдің ішін
көрсетіп тұр. Бекбай қуықтай тар үйдің ішінде арлы-берлы жүрумен болды. «Қанағат бай іздеп келіп
шығарып алар» деп ойлады. Көңіліне осы ой оралғанда тынысы кеңіп, алдынан үміт оты
жарқылдағандай, көңіліне едәуір алғау орнай бастады. «Бір-екі күнге өлмеспін, Қанекеңді тосайын,
балам жоғалып кетті деп іздеп келер, сонда кешегі зұлымдар жөншілдігін айта қоя ма» деді өзіне өзі
күбірлеп. Осындай жынды адам сияқты жалғыз күбірлеп сөйлеп жүрген Бекбайдың назарын есіктің
сылдыры бұзды. Қалың да жуан ағаштардан шегелеп жасаған ағаш есіктің дәл ортасынан кішкене бір
тақтай ашылып, біреудің көкбеңбек тұздай екі көзі көрінді :
_ Әй, тамағыңды ал,_ деді шіңк-шіңк еткен біреу. Тесіктен ескі қола кесе кірді. Бекбай еріксіз
қола кесені қолына алды. Қатықсыз қара суға қайнатқан сок көже екен. Сок болғанда, бірнеше жыл
қамбада қалып шіріген соктен жасалған сияқты. Көженің жағымсыз қышқылтым исі келгендей ,
көңілі айнып , жүрегі лобылып тағы да құсқысы келді.
_Ой, айтатын сөзім бар,_ деді Бекбай бар күшімен есіктің ағашын жұдырығымен түйгілеп
айғай салды. Есіктің алдына біреудің келген аяқ дыбысы білінді, ағаш есік сылдырлап, әлгіндегі төрт
бұрыш тақтай ашылды. Жаңағы тамақ әкелген көккөз екен, қазақ па, орыс па, татар ма белгісіз.
Сұқтана қарайды.
_ Не сөзің бар?_ деді шіңкілдеп.
_ Дәретке шығам, үлкен бастықтарыңа жолығам, арызым бар. Менің қылмысым жоқ.
_ Көзің жоқ па, дәрет шелегі босағада тұр. Бастыққа жолықтыру менің қолымнан келмейді.
Есіктің ортасындағы кішкене тақтай шарт етіп жабылды. Бекбай қолындағы шіріген сок
көжені дәрет шелегіне төге салып, шіріген сабан үйіндісінің үстіне қайта келіп отырды.
«Ауылдағылар мені жоғалып кетті деп ат сабылтып іздеп жүрген болар» деп ойлады. Дәл осы шақ
көз алдына күлімсіреген Жайнаның сүйкімді бейнесі елестеді. Оның сұлу кескінін көбірек көргісі
келіп, көзін жұмып үнсіз едәуір отырды. Аттанарда өз үйлерінің алдында күлімсіреп қиыла қарап тұр
еді, Бекбай атына мінген соң, алыстан қамшы ұстаған қолын көтеріп, қоштасқан белгі көрсеткен.
Жайна Бекбайға жауап ретінде күліп ғана қойған. Міне енді Бекбайдың басына ауыр күн туып, сол
күні өзінің қарадай желпілдеп, аяғынан қаңғырып келген жолаушының хатын, дәл екі туып бір
қалған туысының хатындай-ақ ардақтап, Қасымды әуреге салып , іздеп жүріп апаып бергеніне қатты
кейіді. «Бұл дүниеде менен өткен ақымақ болмас, үкімет адам ұстап жатыпты дегенді естіп тұрып,
неге ойламағамын» деп өзіне өзі күңірене сөйледі.
2
Бекбай абақтыға қамалғалы он күн болды. Оны сұрақ қылған да, іздеп келгенде пенде
болмады. Бекбай өзінің абақтыға мықтап жабылғанын енді білді. Күндегі есіктің ағашын төпештеп
айғайлағанын да қойды. Күн суығандыкі ме, жата берген соң үйірлесіп қалды ма, әлгі шіріген
сабанның жүректі айнытатын сасық исі де бара-бара білінбей кетті.
Бекбай бүгін де күндегі әдеті бойынша шіріген сабанды бір бұрышқа жиып, арқасын бұрышқа
тіреп ,екі аяғын көсіліп, көзін жұмған беті ұзақ отырды. Көз алдына Жайнаның басын сәл еңкейтіп ,
жымия күліп тұрған сұлу кескіні елестеді. «Иә, Алла осыдан аман шықсам, Жайна сені мәңгі
жабырқатпай өтермін» деді күбірлеп. Түрлі-түрлі тәтті арманның жетегінде, көзінің ұйқыға кеткенін
Бекбай білмей қалды. Бір уақытта құп-құла болып жөңкіліп ағып жатқан өзеннің ортасындағы
қазандай тасқа сүйеніп қалшылдап тоңып тұр екен. Ар жаққа өтейін десе, мұнда да судың тебіні
қатты екен. Барған сайын тоңып, иегі-иегіне тимей сақылдады. Жөңкіліп жатқан тасқын да барған
сайын күшейіп , белуарына өрлей бастады. Енді мынау сүйеніп тұрған тасы да сүйеніш болар түрі
жоқ. Екі қолы тастың бетінен ұстайтын ештеңе таба алмай, құрғақ қарманып әбігерленуде. Су да
барған сайын суып , ағысы күшейіп бара жатқан сияқты. Қолы тас бетінен тиянақ таба алмай енді
ағуға айналғанда «Алла!» деп айғай салып шошып оянды. Қап-қараңғы түн екен , Бекбай есін жия
алмай басы мең-зең болып , едәуір уақыт мас адамдай сенделіп үнсіз отырды. Сәлден соң есін жиып ,
өзінің абақтының бұрышындағы сабан үстінде отырғанын білді. Әлгіндегі үрей билеп атқалақтап
соғып тұрған жүрегі де бәсеңдеді. Қалшылдап қатты тоңып отырғанын енді білді. Орнынан тұрды.
Екі аяғы да сіресіп тоңып қалыпты.Сырттан гуілдеп соққан долы боранның дауысы естілді. « Боран
соғып келеді екен ғой » деді күбірлеп. Есіктің үстіндегі жұдырық әрең сиятындай кішкене тесіктің
алдына келді. Тесіктен аздап үрдеген қар ұшқындары кіріп тұр екен. Далада қар жауып тұрғанын
білді. «Қар жауды, енді аяз түседі. Мына жұқа киіммен үсіп өлемін ғой» деп ойлады. Бекбайдың бар
үміті Қанағат байда еді. Уақыт ұзарған сайын Қанараттан да күдер үзе бастады. Арлы-берлі
тоқтаусыз жүргендікі ме , жоқ оянған соң бойына жан кірді ме? Әйтеуір бағанағыдай емес, бойы
жылынып , аяқ-қолының сірескені тарап, едәуір жөнделіп қалды. Осылайша түн ортасы ауа бере
оянып алған Бекбай таң атқанша тоқтамай жүріп жүрді. Таң атып таңертеңгі тамақ уағында ,
күндегісі сияқты , болымсыз шәй дәмі бар қайнаған су мен бір жапырақ нан әкеліп берді. Таңертеңгі
шәйдан соң , ұзын қара мұртты біреу келіп есік ашып, Бекбайды далаға шығарды. Он күндей
тышқанның іні сияқты терезесі жоқ қараңғы қапаста жатқан Бекбай есік алдына шыққанда ,
азаттыққа шыққандай едәуір кеңіп қалды. Үрдеп жауған қар түрме ауласының түкпір жағына орасан
қалың түсіпті. Тек Бекбай ғана емес , басқа қараңғы үйге қамалғандар да түгел аулаға шығыпты.
Ұзын саны отызға тарта адам екен. Тымақтарын баса киген , сақал-мұрты қаптай қазақ кәриялары да
жүр. Бекбай оларға сөйлесуге батылдық ете алмады. Десе де , мына түрменің ауласында қамалып
отыздай адам жатқанын көрген соң , Бекбайдың көңіліне үнемі өлім елесін әкелетін үмітсіздік үрейі
жеңілдеп қалғандай болды. Анадайтын қаңылтырмен қаптаған үлкен қара дарбазаға сүйеулі тұрған
ши сібірткіні алып , Бекбай өзі жатқан абақтының есік алдын сыпыра бастады. Танауы бақа сияқты
тарбиған , сеп-селдір сақал мұрты ұйпаланған , тайпақ әскер Бекбайдың қасына келді :
_Әй,_ деді ол Бекбайға,_ әнеу отындардың қалқасында бірнеше ағаш күрек тұр. Соны
мыналарға әкеліп тарат.
_ Мақұл,_ деп Бекбай әскер көрсеткен жердегі отынға сүйеулі тұрған бірнеше ағаш күректі
әкеліп , жеткенінше таратып берді. Отыз адам алақандай ауланың қарын лезде күреп , екі жерге үйіп
тастады. Қар күреу аяқтаған соң, бәрі қайта қамалды. Аз уақыт болса да , далаға шығып жұмыс
істегенге Бекбайдың аяқ-қолы жадырап, бойы да едәуір сергіп , тынысы кеңіп қалды.
*
*
*
Осыдан соң Бекбай өзіне суықтан үсініп өлгеннен басқа, қазірше өлім хаупі жоқ екенін
білді.Тағы он күн түн бойы тікесінен тік тұры, кірпік айқастырмай таң атырды. Көзі сәл ілініп кетер
болса үсіп өлетінін Бекбай әбден білетін. Әйтеуір күндіз бір ұйықтап, бір оянып отырып, шала-
шарпы болса да ұйқысын қандырып алатын болды. Абақтыға кіргелі дәл жиырма күн болғанда
Бекбай неше рет қалғып кетіп, иек-иегіне тимей сақылдағанда барып шошып оянды. Жиырмасыншы
күнгі түнді Бекбай қолын жанына ұстап әрең атырды. Тамға арқасын сүйеп аз тұрып еді, екі тізесі
дірілдеп, іші-қарны мұздап бара жатқандай болды. Бар қайратын бойына жинап, күндегі дағдысы
бойынша бір басып, екі басып жылжи бастады. Күндегідей жүруге дәрмені қалмаған екен. Әлден
уақытта әлгі тамақ кіргізетін тесік ашылып, қола кесенің қабырғасы көрінді. Есік алдына келген
Бекбай:
_ Ағатай, қазақсыз ба?_ деді кесені алып жатып.
_ Не болды?_ деді шіңкілдек.
_ Үсіп өлетін болдым. Бүгін түннен әрең шықтым. Ертеңге төзе алар емеспін.
_ Меш жоқ па?
_ Ештеңе жоқ.
_ Бастыққа айтайын,_ деп тамақшы жолына түсті. Аспаз болса да сөзін тыңдағанына Бекбай
едәуір көңілденіп қалды.
Аздан соң ауладан бір гүрілдеген жуан дауыс естілді:
_ Ой, ондағы неме жалғыз болса, ана меші бар кең камерадағыларға апарып қоса салыңдар.
Бекбай өзін енді тағы біреулердің қасына апарады ғой деп ойлады. Шіріген сабан үйіндісінің
үстіне келіп, күндегісінше арқасын тамға сүйеп отырды. Қай уақытта ұйықтағанын білмей қалды.
Құалағына ағасы Берікболдың : «Сен тірі қалмасаң ұрқымыз құриды , тез кет» деп маузерді қолына
алғандағы ашты дауысы саңқ етіп естілгендей болды. Бекбай қатты ұйықтап қалған екен, селк етіп
шошып оянды. Ұйқысы қанып кеткендей екі көзі шырадай жанып, бойына қуат кіргендей тыңая
қалды. Берікболды көргісі келген бір сағыныш көкірегін сыздатып, көңілін елжіретіп жіберді.
«Жайна жылап жүр ғой» деді өзіне өзі күбірлеп. Екі көзінен жас тамшылары сорғалап, шапанының
айқастыра қымтаған ескі өңіріне тырс-тырс тамды. Мұнда түске дейін келген ешкім болмады. Қанша
уақыт көз ілгені белгісіз , тағы көзі ілініп кеткен екен, Бекбай селк етіп қатты шошып оянды. Екі
аяғы мен екі қолы ағаш сияқты сіресіп қалыпты. Кеудесінің ішінде бір кесек мұз жатқандай, іші-
бауыры сұп-суық болып кеткенін сезді. «Ойбай-ау, өлгенім осы ғой» деп ойлады. Екі қолымен екі
тізесін кезек-кезек уқалап аз отырды. Әлгіндегідей емес екі аяғына аздап жан кірді. Тамға сүйеніп
орнынан тұрды. Енді күндіздің өзін күндегіше қайта-қайта көз іліп өткізуге болмай қалғанын сезді.
Тамды жағалап аяғын жаңа басқан балаша біраз жүріп еді , бойына едәуір жан кірді. «Енді әлгіндей
отырып көз ілсем өледі екенмін» деп ойлады. Жүріп есікке келді. Күнде тамақ әкелгенде қола кесе
тұра қалатын есіктегі сыртқы қақпағы жабулы кішкене тесіктің ішкі жағына шегеленген төрт бұрыш
ағаш көзіне түсті. «Қалайда көзім іліне бере оянып кететін бір шара табуым керек» деп ойлады.
Қайта айналып үйулі жатқан сабанның үстіне келді. Бір нәрсе іздегендей абақтының ішіне айналдыра
қарады. Көзі есіктен айналып, есіңтің сол жағында абақты қабырғасына келгенде, сылаған тамнан
шығып тұрған болымсыз тастың ұшын көрді. Келіп қолымен сипап еді, тамға жиған тастың артық
ұшы үш елідей там бетіне шығып тұр екен. Дәл осы шақ оның ойына бір әдіс сап ете қалды.
Сабанның үстіне шалқасынан жатып , сол жақ аяғын көтеріп, табанын әлгі шығып тұрған тастың
ұшына тіреп көрді, көзі ілінсе аяғы тірелген тастан шығып кететіндей екен. «Жақсы әдіс табылды,
бірақ мұнымен қанша күн шыдармын, түсте тамақ әкелушіге тағы айтайын» деп ойлады. Сөйтті де
аяғының табанын ұшына тіреп шалқасынан жатты. Ұйқы басып әрең тұрған ол, аяғы сарт етіп
жерге түскенде шошып оянды. «Алла » деп басын көтеріп аз отырды. Тағы сол аяғын көтеріп,
табанын әлгі тастың ұшына тіреп шалқасынан жатты. « Ей, Алла, Жайнаны көре аламын ба, жоқ па?»
деді күбірлеп, сол шақ Жайнаның күлімдеген әдемі сұлу кескіні елестеді. Мұрнына Жайнаның
жібектей судыраған сарғыш шашынан көтерілген әдемі иіс келді. Көзін жұмып мынау тәтті көрініс
пен иістен айрылғысы келмей дардай жатты. Көзі қаншалық ілінгені белгісіз , сарт ете түскен өз
аяғының дауысынан өзі шошып оянды. Тәтті ойдың жетегінде жатып ұйықтап кеткенін енді сезді.
Азырақ мызғап алғысы келіп, сол аяғын көтеріп табанын тасқа тіреп тағы жатты. Бұл жолы ұйқысы
тез келмеді. Екі рет көзі ілінгенге ұйқысы едәуір қанып қалыпты. Қол-аяғы сіресіп тонған соң
орнынан тұрып біраз жүргісі келді. Екі қолымен жер тіреп орнынан әзер тұрды. Тамды жағалап
абақтының ішін бір айналып шықты. Абақты ауласының ішінде әлде кімдердің дабырлап сөйлеген
дауыстары естілді. Бүгін күн күндегідей емес ерекше ұзарып кеткендей, тіпті мынау түске дейінгі
уақыттың өзі Бекбайға бір жылдан да ұзақ болып кеткендей сезілді. Тоқтамай абақты ішін он
шақты рет айналып шықты. Күнде дәл осындай орнынан тұрып , оншақты рет айналғанда ,
Бекбайдың денесі сәл жылынғандай болып, бойына күш-қуат біте қалушы еді. Бүгін қанша жүрседе
бойы онша жылына қоймады. Сонда да тоқтамай жүрді. «Әлгінде көзім едәуір уақыт ілініп, тоңып
қалған екемін ғой» деп ойлады. Сәлден соң денесі азырақ жылынған сияқты болды. Екі аяғы талып,
отырғысы келді. Аяңдап сабанның үстіне келіп отырды. Енді көз ілмеуге бекінді. Жүре берсе
буыны құрып әлсірейтінін, ұйықтады болды үсіп өлетінін әбден білді. Арқасын тамға сүйеп екі
қолын жеңіне құшынып есікке қарап едәуір отырды. «Мың күнгі қараңғыдан бір күнгі жарық артық
деп бұрынғылар бекер айтпаған екен ғой . О, жарық дүние-ай! Сен недеген сұлу , не деген тәтті
едің?! Тірлік иесі адам баласы үшін сенен қымбат еш нәрсе табылмас!» Бекбай күбірлеп көзін
жұмып тағы біраз отырды. Кенет салдыр еткен дауыстан селк етіп көзін ашты . Тамақ кіргізетін
есік ашылған екен. Тесіктен әппақ қола кесе бұлдырап көрінді. Түскі тамақ келгенін білді.
_ Әй , тамағыңды ал,_ шіңкілдек дауыс құлағына қадалды .
Бекбай орнынан үш ұмтылып тұра алмады. Көзінің алды қызылды-жасылды ұп-ұсақ дөңгелек
болып шыбартып кетті.
_ Тұра алмадым,_ дегенде Бекбайдың дауысы жер астынан шыққандай ыңыранып әрең
шықты.
_ Ой , мынау өлгелі қалыпты!_ деген ашщы дауыс құлағына тағы естілді.
Екі аяғын жимақшы болып қанша күшесе де, екі аяғын жинап ала алмады. «Енді өлдім,
қайран көзден бұлбұл ұшқан жарық дүние, қош, қош! Жанымның азығы едің-ау, қайран Жайна,
айрылдың менен, қош,
қош!» деді ішінен. Күбірлеуге де дәрмені келмей қалды. «Жайна, Жайна!» деп оншақты қайталады.
Бекбай өзінің өте қатты тоңып қалғанын енді білді. «Алла» деді күбірлеп,«Берікболдың айғайы
естілмесе таңертең-ақ осы орнымда қатып қалар екенмін, марқұмның аруағы оятқан екен ғой» деді
ішінен.
Тыстан сықыр-сықыр басып біреулердің осылай келе жатқан аяқ дыбысы білінді. Есіктің
құлыбы сылдырлап , қиусыз жаман есік шарқ етіп ашылды. Бойы еңгезердей, жуан қара тон киген
біреу бұышта бүрісіп отырған Бекбайдың қарсы алдына алшаңдай басып келіп, бетіне үңіліп қарады.
_ Не болды?_ деді күжілдеп.
_ Үсіп өлетін болдым,_ деді Бекбай әлгіндегідей емес бойына жан кіріп, дауысы анық шықты.
_ Киімің қайда?_
_ Менде киім жоқ. Қасымдыкіне келіп қайтып бара жатыр едім , жолдан ұстап осында әкеліп
қамап тастады . Неге қамағанын білмеймін,_ деп Бекбай жылап жіберді.
_ Жә,_ деді әлгі үлкен саптама етік киген дәу адам,_ мен сенің неге қамалғаныңды тектей
алмаймын, үсініп қалыпсың, жылы үйге апарамын, қолымнан келері сол.
Жуан қара арт жағына қайырылып қарап:
_ Әй, Мархаба, мынаны үшінші үйге апарыңдар. Астына салатын, үстіне жамылатын бірдеңе
беріңдер!_ деді. Сол екен екі жас жігіт Бекбайды қолтығынан демеп тұрғызып, дедектетіп сүйреп
ала жөнелді де, жалпақ ақ тақтайдан жасалған ағаш есігінің ортасына бір жағына қарай қара сырмен
қисайта жазылған 3 деген сифыры бар үйге әкеліп енгізді. Сәлден соң есіктен жарты сырдақ , етегі
өрім-өрім болып жыртылған тонды лақтырып тастады :
_ Әй, ана сырдақ пен тонды ал!_ деді.
Бекбай орнынан сенделектеп тұрмақшы болып еді, түкпірден біреу:
_ Әй, бала, сен тұрма, халің құрып кеткен екен,_ деп сырдақты босағадағы дотпиған жаман
балшық мештің түбіне салып, Бекбайды сүйеп апарып сонда отырғырғызды. Аяқ жағына әлгі жаман
тонды жауып қойды.
Аштық пен суық бірдей меңдетіп, оған неше күнгі ұйқы қосылып Бекбайды діңкелетіп
жіберген еді. Болымсыз жылуы бар там мештің бүйіріне келген соң, Бекбай бойы
жылынып, мысықша қор етіп ұйқыға кетті.Оны ешкім қозғаған жоқ. Күн батып кешкі ас келгенде
ғана жолдастары оятты. Бекбай мұнда өзінен басқа және үш адам бар екенін , өңін анық көре
алмасада баранын толық көрді. Бекбай қатты ұйықтасам суық үйде жұқа киіммен қатып қаламын ғой
деп түн бойы ұйықтамағанына он күн болғанда төзімділігі таусылған еді, енді үсіп өлмейтін
Достарыңызбен бөлісу: |