ҮІ КЕМЕҢГЕРЛІККЕ ЖЕТУ КЕЗЕҢІ
Шәкәрім 1898-1912 жылдары ағартушылық қызметке құлшына кіріседі.
Сондай-ақ, бұл ғылымға ындын қойған кезеңі болды. Ал, 1912 жылдан
былайғы уақыттың айырықшалығы - ақын ағартушылықтан философияға,
екінші түрде санаткерліктен ойшылдыққа анық бұрады.
45 жастан кейінгі бетбұрысы, жалпы ендігі шығармашылық бағыты
жайында “Мұтылғанның өмірі” атты жырында Шәкерімнің өзі былай деп
мәлімдейді:
Адасып діншіл азғанын,
Пәншілдер ғылым қазғанын.
Философ – ойшыл жазғанын
Сынауға енді бұрдым бас.
Келтірілген шумақтан аңдалатын екі жай бар: бірі - ақынның әлемдік
әдебиетті емін-еркін меңгеріп әрі ғалымдық жағынан кемелденіп
толысқандығы, әйтпегенде сыншыл болу жоқ, бірі - жаңашыл ақын ендігі
бағдары мен іздену жолы ойшылдық өрісте екендігін айқын аңдатып отыр.
Әрине, бір дегеннен-ақ хақиқатты іздеген ойшыл болу, сыншыл философ
болып қалыптасу мүмкін емес. Демек, Шәкәрімнің ойшылдық эволюциясы
да саты-сатылап анықтауды қажет етеді.
Сөйтіп, төменде 1912-17 жылдар аралығына зер салып, Шәкерімнің
ғұлама оқымысты, дана адамға айналғанын кезеңін екшемекпіз. Рас,
көрсетілген уақыт ақынның ойшылдық әлемде сатылауының алғашқысы
емес, оның жалғасы, келесі белі. Алғашқысын жаңа ғылымды меңгеру
сатысы дедік, ал төменде сөз етілетін екіншісін білген, үйренген ғылымды
іске асыру сатысы деп атасақ қате болмас. Абыз ақын қырықтан соңғы
өмірінің жылы тұрмақ, бір айын да қапы жібермей, үнемі рухани өсу, жетілу
жағдайында болған адам. Саты-сатылап анықтаудың қажеттігі міне осында.
Алғашқы оңашалану және оның себептері
«1912 жылдың жазында, - деп жазады Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелік-
эссесінде, - «Кең қоныс» деген жайлауынан қора салдырып, қыста қыстап
барып, сонда жататын болды. Қар қатқанша қасында бір қағушысы (құс
ауласатын көмекшісі – А.О.), бір бақыршысы (ас әзірлейтін адам – А.О.)
болды. Қар қатып, аңға шығудан қалған кезде, қағушыны қайтарып,
бақыршы екеуі ғана қалып, өзі кітап оқып, жазу жазумен шұғылданатын
болды» (Менің әкем, халық ұлы – Шәкерім // Шәкәрімтану мәселелері. –
Семей-Новосибирск, 2006. – 173 б.).
Осы дерек бізге Шәкәрім қажының алғашқы оңашалану уақытын дәлді
жеткізіп отыр: ол 1912 жылы жайлауына қысқы там-қора салдырып, туар
жылды алғаш рет елсіз жапанда қарсы алған екен.
Кәміл бабаның алғашқы оңашалануы 1912 жылдың күзінен екеніне осы
жылы жазылған мынадай бір шумақ өлеңі де куә:
Мен жатырмын оңаша,
132
Жастанғаным томаша.
Жан шыдамас мұныма,
Жалғыз Әупіш болмаса.
Елсіз түзде отбасынан, үйренген қауымнан қағылып, қыстап қалу айтуға
ғана оңай. Егерде отбасың өзіңмен бірге қалар болса, мұны жақын жандарды
азапқа салу де де қой. Бұл кезде Шәкерімнің ұлдары: Ахат 12, Зият 9 жаста,
ал қыздары: Кәмила, Жәкім тіпті кішірек. «Жан шыдамас мұныма» дейтіні
сол.
Топырағы құнарлы, кең қоныс Байқошқарда, Бақанас өзені аңғарында
кемеңгердің ондаған жылдарға созылған тақуалық оңаша өмірі, міне, осылай
басталған болатын.
«Алты жылға тақау осылай істеп жүріп, - дейді Ахат жаңағы сөзінде, -
1918 жылдың қысында, он төрт жасынан біздің ауылда болған руы керей –
«Әупіш» деген жан жолдасын қайтарып жіберіп, өзі жалғыз жататын болды».
Қасында тайқұлындай бірге өскен жан жолдасы Әупіш қана болған
алғашқы алты жылын сипаттағанда ақын «киім бүтін, астымда ат, тамақ
дайын» десе, мұндағы «тамақ дайын» деген сөзі, қасындағы серігі Әупішке
қатысты, соның қызметін білдіргені. Бірақ 1918 жылы қимас доспен
қоштасуға тура келген. «Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы» деген өлеңінде
өз шешімін былайша түсіндіреді:
…Көзіме елестейді құлдық дәуір,
Адамды «құл» деген сөз маған ауыр.
Шын ойласам екеуін салыстырып, -
Том ағайдан Әупіштің несі тәуір?
Гуманист ақын адал серігімен қоштасып, былай дейді:
Неше жыл бірге жаттың меніменен,
Ойласам, еркіңді мен алдым неден?
Елге бар, рұхсат бердім ырзалықпен,
Қош, Әупіш! Айрылысам сеніменен.
Философия тарихы ой ойлау үшін елден безіп оңашалану машығы Диоген
деген ежелгі грек философынан басталғанын дәйектейді. Ол өмірінің соңғы
жиырма жылын қоғамнан саяқ өткізгендіктен пірадар «бөшке ішінде» өмір
сүрді деген аңыз елден-елге таралып кеткен екен. Осы Диоген пірадарға
жарты әлемді қаратқан атақты Александар Македонский (қазақша Ескендір
Зұлқарнайын) патша таяп келіп: «Ей, кісікиік пақырым! Керегің не, өзі? Мен
қалаған нәрсеңді берейін!» дегенде, жағалауда Күнге қыздырынып жатқан
пірадар: «Көкесі, тек Күнді қалқаламасаңыз екен, маған басқа дәнеңе де
керек емес» деп жауап беріпті-міс. Айт айтпа, оңашалану мен тақуалықтың
түбі бір.
Ескі заманның философы Диоген бастап берген қоғамнан даралану,
оңашалану үрдісі, әсілі, екі түрге бөлінеді. Бірі – ештеңеге алаңдамай, тек ой
ойлап, жазу жазсам деген шығармашылық мақсаттан туады. Осы мақсатпен
орыс жазушыларынан Герцен, Огарев, Чаадаев, Толстой, Достоевский,
немістен Гете, Кант, Гегель, Ницше, француздан Монтень, Монтескье,
американдықтар Д.Лондон, Э.Хемингуэй сияқты алыптар оқтын-оқтын
қоғамнан аулақтап отырған. Қойшы, әйтеуір, әлем әдебиетінде мұның
133
мысалы көп-ақ. «Жазушылық жұмыс – жекенің ісі, - деген болатын
Э.Хемингуэй Нобель сыйлығын алу салтанатында сөйлеген сөзінде, - және
де, бұл істе зор табыс жалғызілікті адамды ғана табады».
Оңашаланудың екінші түріне келсек, оның табиғаты, мазмұны һәм себебі
күрделірек. Өйткені, бұл рух тәрбиесі мен жан қуатының өсуінен, жеткізе
айтуға тіл жетпейтін ішкі жан дүниенің сұранысынан туатын қиын сырлы
құбылыс…
Мұның айқын мысалы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өмірі. Ол
пайғамбарлық 63 жасқа жеткенде жер астына түсіп, қалған өмірін сол жер
асты үйі – «Қилуетте» өткізген деседі. Ал, Ясауи әулиенің тұрғыласы әйгілі
имам Ғазали бастатқан мұсылман сопылары мен ел кезген көп дәруіштер өз
алдына бір төбе. Олар Алла тағаланың дидарына ғашықтар. Жаратушыны,
оны хикметін танып-білуден, былайша айтқанда хақиқатқа жақындаудан
өзгені садақа еткен жандар. Бұл ауыр жолды мұсылманда - тарихат, қазақ
ішінде әулиелік жол деп атағаны белгілі.
Міне, Шәкерім қажы оңашаланудың осы айтылған екі түрін де басынан
өткерген адам. Біз әзірге 1912-18 жылдар аралығындағы шығармашылық
қажеттігінен туған алғашқы аулақтануды сөз етпекпіз.
Шәкәрімдей беделді, абыройлы адамның «Қауымнан қаштым қағылып,
оңаша өмір сағынып» деп өзі айтқандай, елсізге кеткен жайын замандастары
түсіне алмаған, түсінгісі де келмеген. Түрлі өсек-аяң тарап, қажының
артынан сөз ереді. Бұл жағдайда ақын неліктен елсізге кеткенін көпке өзі
түсіндіріп айтуға тырысады, яғни осы жайға арнап әлденеше өлеңін жазуға
мәжбүр болады.
1988 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Шәкәрім
шығармалары» жинағында ақынның «Шошыма, ойым, шошыма», «Кейбіреу
безді дейді елден мені», «Жиырма үй менің көршім Қарабатыр», «Жолама
қулар маңайға», «Кейбіреу безді дейді қатынынан», «Партия қуған өңкей
қырт» деп басталатын алты өлеңі 1913-1915 жылдар шамасында жазылған
деп көрсетілген.
Шындығында, бұл циклдің ішінде «Жиырма үй менің көршім Қарабатыр»
және «Кейбіреу безді дейді елден мені» деген екі өлеңнің жазылу уақыты он
жылдай кейініректе, 20-шы жылдардың ортасы я соңы. Оның дәлелі соңғы
өлеңдегі:
Елу бес жыл жинаған қазынамды,
Оңашада қорытам ойға салып, -
деген сияқты жолдарда тұр. Сондай-ақ, «Партия қуған өңкей қырт» деген
өлеңі, Ахаттың куәлігінше, 1918 жылдың күзінде Белгібайдың қызы үшін
болған үлкен даудан соң жазылған.
Ал, алты жырдың қалған үшеуі 1913-15 жылдары жазылғанына біз де
қосыламыз. Сондай-ақ, «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп», «Атадан
қалған ақ сауыт» және «Жұрт не десе, үй десін» деп басталатын үш өлең де
осы кездікі болуы мүмкін.
134
Сөйтіп, бұлар, жиыны – сегіз өлең бір циклді құрайды. Сегізінің де
сарыны бір, арқауы ортақ – сол күнгі ел ахуалын айта отырып, ақын өзінің
1912 жылдан бастап неліктен қауымнан аулақтағанын паш етеді.
Оңашаланудың басты себебі қайсы?
Оңашалану және оның себептері жайында жаңа аталған сегіз жырда да,
сондай-ақ «Мұтылғанның өмірі» жырында да айтылғандықтан бүгінгі
ұрпаққа түсініксіз, жұмбақ дейтіндей ештеңе де жоқ.
Аталған жырдың «Сыр айтайын мен сізге» деп басталатын бөлігінде
ақын былайша сыр шертеді:
Елімнен кеттім елсізге,
Елуден асқан жасымда.
Қора салған жеріме,
Кіргендей болып көріме,
Өкпеледім еліме,
Отырман деп қасыңда.
«Өкпеледім еліме»... Оңашаланудың бір себебі, сірә да, осы сөзде.
Абай, Шәкәрім заманында қалыптасқан қазақ қоғамының пирамидасы
қандай? Зер сала қарағанда, оның ұшар басынан билік тізгінін ұстаған шағын
шоғырды (аталы жуан, бай, би, қажы, болыс, ру басылар, ақсақалдар)
көреміз. Орта тұста - атқамінерлер тобы (елді еліртіп бұрып алатын осы топ).
Ал, пирамида етегінде қарапайым қалың бұқара мен жастар жағы.
Баршаға аян, Абай сияқты Шәкәрім де бұқарашыл ақын, ал шенеп
мінегені, алдыңғылар, әсіресе, атқамінерлер тобы. Сондықтан қалың бұқараға
жаққан өлеңдер оларға жаға қоймаған.
Бұл жайында: «Жазушылық қызметінде, - дейді белгілі ғалым
Қ.Мұхаметханов, - Абай мен Толстойдың дәстүрін берік ұстаған Шәкәрім
ешкімнің де бет-жүзіне қарамай, шындықты жазудан, анық ақиқатты ашық
айтудан тайсалмаған, мал-басыма тиер деп қобалжымаған да қорықпаған».
1912 жылы жарық көрген «Қазақ айнасы» жинағына кіріспе ретінде
жазылған арнау жырында қажы айтар ойларын былайша таратады:
Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,
Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.
Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,
Енді қайтіп бұл елмен жарасамын.
Бір момынның ұстасам түзу ісін,
Жөндейін деп ғаріптің жөн жұмысын.
Ақтан безген ары жоқ өңкей залым,
Ырылдатып жабады ит пен құсын.
Ел қамын жеген басшы жоқ, тек «партия қуған қулар» ғана қалғандығы,
соларға ерген, табандап еңбек қылуға құлқы да қыры да жоқ, елбелектің
көптігі Шәкерімнің 1912 жылға дейінгі көп өлеңіне өзек болады.
Елеріп, еріп көп ел жүр,
Білмейді Құдай ұрғанды.
Түпсіз жауға санайды,
Түзу жолға бұрғанды.
Жұрттың сиқы осы. Елді ел қылар басшылар қалмаған соң:
135
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп, -
дейді ақын.
Қажының «өкпеледім еліме» деуіне тағы бір ілік бар. Ол Ырғызбайға
көршілес ағайын таптардың ескі кегі (Қодардың өлімі, Жігітектің он жеті
адамының Сібірге жер аударылуы, Оспан мен Оразбайдың ұстасуы, Тәкежан-
Базаралы дауы т.б.). Осы араздықтар Абайдың өлімінен соң Құнанбай
ұрпағының үлкені Шәкерімге ауысқан, тегі. Мәселен, Шәкерімқызы Гүллар
әкесін жоқтаған жырында осыған тура сілтейтін жолдар бар.
Енді ішкі себепке келгенде, «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының «Жігіттер,
ендігі сөз – менің сөзім» деп басталатын соңғы бөлігіне зер салайық. Онда:
Жігіттер, ендігі сөз – менің сөзім;
Мәжнүннен аз-ақ кейін көрген күнім, -
дей келе, ақын өзінің Мәжнүндей сезінген хәлін былайша ақтарады:
Іздеген ғашық болып бес нәрсем бар,
Берейін атын атап, ұқсаңыздар:
Махаббат, ғадалет пен таза жүрек,
Бостандық, терең ғылым – міне, осылар.
Осы сөзден Шәкәрімді оңашалануға итермелеген киелі құдірет - жан
тілегі екенін аңдаймыз. Олай болатыны, аталған бес нәрсе де жан мен рухтың
азығы. Әрі қарай ақын бұл күнде елде махаббат, ғаделет сезімі жоғалып,
арамдық жайлағанын айта келіп:
Ақ жүрек, ғаделетке қолым жетпей,
Қу жаным қуарып жүр өліп кетпей.
Ішінде көп арамның жүргенімше,
Құдайым тез алса екен тентіретпей!, -
деп дәл Абайша қамығып, күңіренеді. Және өзінің «ғаделетке тап баспаған»
кездері болғанын да жасырмай жырға қосады.
Алған жоқ ешкім жеңіп өзімді әлі,
Кеткен соң не қылайын елдің сәні.
Махаббат, жылы жүрек, ақ пейіл жоқ,
Құрысын мені бүйтіп «хан» қойғаны, -
дейді қара халық өзін хандай сыйлайтын елжанды ақын.
Осы жолдардың да ақ қағаздың бетіне 1911-12 жылдары түскені шүбәсіз.
Сыртқы-ішкі себептердің біразын сараладық. Бірақ басты себеп қайсы?
«
Мұтылғанның өмірі» жырында:
… Қауымнан қаштым қағылып,
Оңаша өмір сағынып,
Жасымда біткен тағылық,
Осы екен ғой асылда, -
дей келіп, басты себепті ақын былайша түйеді:
Ойға оңаша жер керек,
Ойыңды ұғар ел керек,
Партия қуған елбелек
Ел өзіңе масыл да.
«Ойға оңаша жер керек». Біз қазбалай іздеп отырған себептердің әуелгісі
осы деуге керек, сірә. Мұны «Кейбіреу безді дейді қатынынан» деп
басталатын жыры да растайды. Онда ойшыл былай деп мәлімдейді:
136
Таза ой ойлай алмас үйде басым,
Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым.
Ой жемісін теремін өлгенімше,
Өсектесін, күндесін мейлі қасым.
Сөйтіп, ойлы ақынға «таза ой ойлау» үшін оңашалану ауадай қажеттілік
болғанын аңдаймыз. Өйткені, елдегі күйкі тірліктің күйбеңі мынадай:
Зорлық көрген момындар күнде келіп,
Жаздырмай жазуымды көңіл бөліп.
1912-
13 жылы «ағарту дәуірін» аяқтаған ақын енді ойшылдық өріске
шықты деген пікірді сөз басында айттық. Алдағы уақытта жапанда жатып
«таза ой ойлаудың» алғашқы сүбелі табысы – философиялық маңдай
шығармасы «Үш анық» дүниеге келетін болады.
«Үш анық» трактаты: жазылу тарихы және
ізашар жаңалығы
Шәкәрімнің 1913-1918 жылдар арасына келетін шығармашылық
ізденісінің, өз сөзімен айтқанда, «таза ой ойлаудың» сүбелі нәтижесі «Үш
анық» атты философиялық трактаты деген ойдамыз. Бес жылдай өмірін сарп
еткен бұл шығарманың жазылу жайын сөз етуден бұрын «меңгерген,
жинаған ғылым-білімді іске асыру» деген тіркеске тоқталып, оның мән-
мазмұнын тәптештеп, ұғып алғанымыз жөн сияқты.
Ортағасырлық пәлсапада, ғылымды меңгеру деп адамның өзінің жан, рух
екенін біліп, Тәңіріге иман келтіру деңгейі айтылатын еді. Онан соңғы, яғни
рухани ғылымды меңгергеннен кейінгі қадам білгенді іске асыруға, екінші
түрде айтқанда, жан иесі сапасында тәжірибе алуға саяды. Бұл қадам, яғни
талапкер мүридтің жан мен рух сапасында өмір сүре бастауы, мұсылмандық
сопылық ілімде «тариқат» деген атауменен әйгілі.
Енді ардагер ақын Шәкәрімнің оңашалану жайына оралатын болсақ,
оған жатса-тұрса тыныштық бермей, оңашаға, елсізге итермелеген жан
қалауы жаңа айтылған рухани ілімнен туындап отыр деуге керек. Өйткені,
білгеніңді тәжірибеде іске асырмай тұра алмайтын хәлге тірелу - ойшылдық
эволюцияның жемісі, тек ұзақ ой тәрбиесінің нәтижесінде ғана келеді.
20-
шы ғасырдың басы әлеуметтік шиеленістің шырқау шегіне жетіп, қоғамдық
қозғалыстың бүкіладамзаттық сипат алуымен ерекшеленеді. Ендеше жалғыз қазақ емес,
бүкіл адамзат рухани тығырыққа тірелген шақта, сол заманның жол сілтеуші
шамшырағының бірі болудан жоғары қызмет бар ма? Адам түзелмей, заман түзелмейтін
болғандықтан әр пенденің көкірек көзін ашуға бағытталған еңбек жазудан қымбат нәрсе,
адамның әуелі жан рух екенін дәйектеп, өмір мақсатына сілтеуден қадірлі іс бола ма?
Жоқ, болмауға тиісті. Ендеше оңашалануға бұл қырынан қарасақ та қате емес.
Адам ата Хауа анадан беріде адамзат көшінде ай оңынан, күн солынан
туып, барша қауым бақытқа кенелген «кемел дәуір» болған емес. Сондықтан
адамның өмірі қайтсе түзеледі деп толғанбаған ғұлама кемде кем. Өзі туралы
қарасөзінде: “Адам өмiрiн түзеймiз деп сан ғалымдар түрлi ойлар айтып, ол
ойларын халыққа таратып, том-том кiтаптар жазды, - дейдi қажы. – Бiреулер
адам өмiрi жаратқан иесiн танумен түзеледi десе, кейбiреулерi үкiмет
жойылса, әркiм өз бетiмен өмiр сүрсе түзеледi дедi. Ал, бiреулер оқу
137
бiлiммен, халықты ағартумен адам өмiрi түзеледi дедi. Бiреулерi бай, кедейдi
теңеумен түзеледi десе, бiреулерi тәрбиемен түзеуге болады дедi”.
1915 жылғы «Білімділер сөз жазып, зарлағанда» деген өлеңінде ойшыл
әлемдік ахуалды былайша сипаттайды:
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда.
Алдыңғы қатардағы Европа елдерінің сиқы осы. Бір елмен бір ел «соғыс
ашып, белдескен», ал кейбірі «бар ма біздей ел?» десіп өзін зор, жоғары
санап күпсінген, ал тұрғындары мода деген сәкәкүлге «жас балаша қызығып
масқара болып жүрген» жайлар осы елдердің салтын. Сондықтан ақын өз
ойын былайша түйеді:
Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр,
Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,
Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.
Сөйтіп, адам өмірі қайтсе түзеледі? Бір қарағанда, мұның жолы, амалы
көп сияқтанады, бірақ анығы, ақиқаты қайсы? Міне, философиялық трактат
«Үш аныққа» осыны анықтау тілегінен туған дейміз.
Өйткені, «Үш анықтың» авторы трактат мазмұнын: «Тіршілік туралы
адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар», - деген
сөздермен бастап аталмыш екі жолды былайша айырады: «Бірі - дене өлсе де
жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке тіпті ұқсамайтын бір түрлі
өмір бар. …Енді бірі – бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып
жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін
жан жоқ дейді. Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу
ақылы сау адамға қатты міндет».
Дала кемеңгері прогресс жолынан тым шалғайдағы Шыңғыс тауының
етегін, Саятқораны мекендесе де, оның қолына қалам алуы бүкіл адамзаттың
қамынан, күллі әлемдік ахуалдан туындап отырғанына осы сөздерден-ақ көз
жеткіземіз.
Сөз етілген ахуалда Шәкәрім қажы «Құры білген не керек, Білгенді
қылған, со керек» деген өз кредосына сәйкес, қасында тамақ даярлап,
тұрмыс-тіршілікке қолғабыс еткен адал досы Әупіштен басқа ешкім жоқ
оңашада, елсіздегі Саятқорасында отырып «Үш анық» атты философиялық
трактатын жазуға кіріседі. Дүниенің барша мән-мағынасы, қызығы күллі
адамзатқа пайдасы тиетін ой еңбегінде сияқтанады.
«Кең қоныс» жайлауында қалың ойлар қамалап, оңаша қыстаған
қаламгердің ой ойлап, жазу жазған шағын көзге елестету үшін Ахаттың
естелігінен бірер үзік алайық. «Көп ұйықтамайтын, ұйқысы сергек болатын, -
дейді ол сол кездердегі әке дағдысы жайлы. – Жазуды отырып, дөңгелек
үстелге жазатын. Жазу жазып, не оқып отырғанда, балалардың қасында
ойнағандарына алаң болмайтын». Тағы бір тұста: «Әкейдің бір әдетін көрдім.
Бір істі істеп отырып, басқа бір істі істеп отыратынын байқап: «Екі істі бір
мезетте қалай атқарасыз?», - деп сұрадым. Сонда әкей айтатын:
138
«Дағдыланған ой негізгі қажетті түйіннен айрылмайды. Ал, қосымша
істелетін іске ойланбай, жай қарап, қол қимылымен істей беруге болады. Мен
негізгі бір ойды ойлап, не істеп отырғанда басқа дыбыс, не сөзге көңілім
алаңдамайды. Оған адам ысыла келе үйреніп кетеді».
Енді «Үш анықтың» ізашар жаңалығы неде деген мәселеге келейік.
Аталмыш еңбегінде Шәкерім сол кездегі Европа философиясының басты
ағымы позитивизмнің қате, аса қауіпті бағытын сынға алады. Таңдаудың
позитивизмге түсуі тегін емес. Бұл ағым өзінен кейінгі ағымдардың, оның
ішінде материализмнің анасы есепті болды, бұл бір. Екіншіден, трактат
оймен тапқанды бұлдыр, яғни мистицизм деп біліп, тек дүниенің көрінген
сырын түгендеп білген бүкіл Европа ақыл-ойы дамуының осал тұсын
жалаңаштауға бағытталған. Осы мақсатта қазақ данасы Европаның Конт,
Дарвин сынды айтулы ғалымдары жіберген «жан жоқ» дегенге саятын
дүниетанымдық ірі қателерге соққы береді. Сөйтіп, оларға қарсы есті Иенің,
білімді Жаратушының барлығына көп мысал алып, төл дәлелдерін алға
тартады. Осымен тығырықтан шығарар жалғыз дұрыс жолға сілтейді.
Үшінші жаңалығы, Тәңірінің бүкіл жан иелерін махаббат һәм ар-әділет
заңымен басқаратынын дәлелдеп жеткізуге күш салады. Осылайша адамның
рухын тәрбиелеуге ауадай қажетті «ар ілімі» деген доктриналық идеясын
жария етеді.
«Үш анықтың» жаңалығы мен құндылығы туралы айтар сөз көп. Біз
оның концепциялық діңгектерін атап көрсетумен ғана шектеліп отырмыз.
Осы ретте айналып өтуге келмейтін бір жай, «Батыстың дүниетанымы да
озық» деп көзін ашқан кейбір жас философтарымыздың 1912-1918
жылдардың басты жемісі есепті «Үш аныққа» ескінің сарқыты деп менсінбей
қарайтыны бар. Бірақ олар ойлағандай, рухани құнды мұра өз бағасын
жоғалтқан жоқ, алдағы уақытта да жоғалтпақ емес. Өйткені, бұл әлемді
жаратқан не, өлген соң жан жоғала ма деген әрбір толқын ұрпақты
толғандыра берер мәңгі сұрақтар. Ал, олардың хақиқат жауабын дәлелменен
жеткізу тек Абай, Толстой, Шәкәрім сынды көкіреккөзі бар хакімдердің ғана
сыбағасы. Егерде ғұлама хакімдердің дауысы барша саналы жандарға дер
кезінде жете алған болса, бірінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанар ма еді,
Ресей империясында өткен әлеуметтік катастрофалар болар ма еді, кім
білсін...
Сөзіміздің соңын «Үш анық» қашан басталып, қашан аяқталған екен?
деген сұраққа бұрайық. Бұл хақында бірден-бір нақты дерек көзі ақынның
1918 жылы жазылған «Жылым-қой, жұлдызым-июль» деген (ескерту: жарық
көрген жинақтарда бұл жыр 1919 жылғы деп қате көрсетілген) жыры болса
керек.
Онда:
Талайдан бар бір ой менде:
Бұл әлемді жаратқан не?
Жоғала ма жан өлгенде,
Түзу жол, істер іс қандай? –
дей келе, философ ақын біздерге мынадай құнды мәліметті береді:
139
Сол ойды бес жыл жаздым,
Арыдым, шаршадым, аздым.
Инемен көп құдық қаздым,
Сырым, ойым, жайым сондай.
Достарыңызбен бөлісу: |