Көрдіңіз бе, автор алғашқы шумақтағы үш сауалды «бір ой» деп
белгілеп алып, «сол ойды бес жыл жаздым» деген. Бұл ой, яғни үш сауал
бізге жақсы таныс, өйткені, олар Шәкәрімнің «Үш анық» трактатының
арқауы ғой. Демек, жырда аталмыш трактат сөз болып отырғандығы күмән
туғызбауға тиіс. Көлемі шағындау трактатқа бес жыл да аз уақыт емес.
Себебі сахара тұрғыны Шәкәрім қажыға шетел философтарының еңбектерін
іздеп табу, кейбірінен аудармалар жасау оңайға түспеген. «Инемен көп құдық
қаздым» дейтіні сол. Айталық, “Үш анықта” 50-ден астам оқымысты
ғалымдардың еңбектері сараланған. Батыс философтары еңбектерiмен
түрiкше және орысша аудармалар арқылы танысса керек. Стамболдан
әкелген кiтаптарға қосымша Ресейде шығып тұрған “Вопросы философии и
психологии” журналы (1889-1918) мен екiтомдық “Философиялық словарь”
(СПб., 1904) кiтабын пайдаланғаны байқалады.
Рухты байытумен, терең ой қызметімен өмір кешкен әрі тақуалық
жолымен ұдайы тазару үстінде болған адамның және қарапайым емес табиғи
дарыны аса мол талапкер адамның жаңа сапаға көтерілуі заңдылық. Осындай
күтулі сапалық өзгерістің жеткендігін, оның кереметтей әсерлі сырлы сәтін
ойшыл былай деп жырға қосады:
Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң.
Тіршіліктен оянып,
Көзімді анық ашқан соң.
Хақиқаттың қымызын
Ішіп, бүгін мас едім,
Тазалап жүрек ындызын,
Нәрестедей жас едім.
Шақырды бір періште
Тәнімді емес, жанымды.
Өтірік деп керіспе,
Осы сөзім нанымды.
Жаны нәрестедей тазарып, басынан кешкен ерекше ләззатты хәлді:
Тазалыққа тағы кеттім,
Балалықты қуып жеттім.
Жоғары ғаршыдан өттім,
Осыны шындаған, көңіл! -
деуімен осы жылғы «Көңіл» деген өлеңінде тағы бір қайталап айтады.
Бұл сыр сөздерді елемей өте шығу, ескермеу жарамас, әсте. Олар
энциклопедист ғалым, ғұлама оқымысты, дана адамға айналған Шәкәрімнің
мұнымен тоқтап, тоқырап қалмай тағы бір соны өріске беттегеніне сілтейді.
Ол қай өріс? «Тазалыққа тағы кеттім» деп өзі айтқан алдағы жаңа өрісті
Шәкәрім рухани эволюциясының хакімдік кезеңі десек қате болмас.
140
Таң қалдырар бір жай, 1913 жылдан былайғы уақытта бірыңғай
ойшылдық сорабына салына тұра, кемеңгер әмісе өз заманымен үйлесіп, сол
уақытпен үндесіп отырған. Алғашқы оңашалану шағында да замана ағымын
қалт еткізбей қадағалады деуімізге журналистік қызметі дәлел.
Бастапқы журналистік қызметінен
Мерзімді баспасөз Абай заманында жоқтың қасы болған, қазақ баласына
тың өнердің бірі. Оның насихат жүйесінде, қоғамдық ой-сананы оятуда
атқаратын пәрменді рөлі «Тәржіман», «Дала уәләяты» газетінің тұрақты
оқырманы болған Шәкерімге жақсы мәлім еді. Қысқасы, ақын журналистика
саласына дер кезінде, қазақ сөзінің қасиетін халық игілігіне пайдалану өткір
қойылған тұста өз үнін қосты.
Қазақ руханиятын көгертуге ауадай қажетті жаңа өріс, тың өнер болған
баспа мен журналистика саласына елуден асқан жасында келген Шәкерім
шаршадым, талдым демей, қашан бұл салалар аяғынан қаз тұрғанша аянбай
ат салысып, одан 20-шы жылдардың ортасына дейін қол үзген жоқ.
Қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы – «Айқап»
(редакторы – жазушы М.Сералин) 1911 жылдан Троицк қаласында шығып
тұрды. Бірақ жиыны 88 нөмірі жарық көріп, таралымы 2 мың данаға жеткен
аталмыш журнал 1915 жылы қаржы тапшылығына тіреліп, шығуын тоқтатты.
Тұңғыш қоғамдық-саяси газет - «Қазаққа» келсек, ол Орынбор қаласында
«Айқаптан» екі жылдай кейін, яғни 1913 жылдың ақпан айынан жарық көрді.
Барлығы 264 саны жарық көрген басылымның саяси оқиғалар қыспағынан
1918 жылғы қыркүйек айында жабылғаны белгілі.
Соңғы басылым ә дегеннен-ақ қалың қазақтың сүйіспеншілігіне бөленіп,
жұртты өзіне қаратты (таралымы 8 мыңға жеткені осының бір куәсі).
Табыстың сыры газеттің алғаш рет қазақ мүддесін алдыға ашық қойып,
ұлттың рухын, сана-сезімін оятуға батыл кірісуінде деуге керек. Бұл ретте
басылымның басшылық тізгіні А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов
сынды арыстардың қолында болғанын айтсақ та жеткілікті.
«Қазақтың» асығы алшысынан түсіп, айы оңынан туғаны соншалықты,
оқырман қауым «Айқап» журналын тастап кетпес пе екен деген қауіп туады.
Екі басылымның арасында тұтана жаздаған келіспеушілікке Шәкәрім төрелік
айтады. Ол дүниеге келгеніне жарты жыл ғана болған «Қазақ» газеті бетінде
(1913 жылғы №18 санында) мынадай пікірін білдіреді: «Білімсіз ел жас бала
сықылды: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап соған ұмтылмақшы.
Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң «Айқап» журналын тастап кете ме
деп кәдік көремін. Тамам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік
қылмас, екеуін де алу керек! …Тағы бір сөзім: осы бір газета, бір
журналымызды үлкейтеміз, көбейтеміз демей, қолдағы бар екеуін көп кісі
алып оқуға тырыссақ болады. Осыдан артықты көтерер шамамыз жоқ қой
әзір деп ойлаймын. Оқушымыз бен байлығымыз белгілі ғой».
Айтқандайын, осы ой-толғанысы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына
сөз жазушыларға» деген арнау жырында да кестеленген.
Дұғай да дұғай сәлем айт,
141
«Айқап» пенен «Қазаққа».
Кекеу, сөгіс сөзден қайт,
Кез боларсыз мазаққа.
Қарап жүріп қақтығып,
Қатынша сөзбен шаптығып,
Менікі жөн деп аптығып,
Неге түстің азапқа? –
деп басталатын бұл өлеңінде аға ақын екі жақты да ақыл-сабырға шақырып,
«Газет, журнал тоқтаса, зияны көпке… Елді бөлме естілер» деп ағалық
ақылын айтады.
Ескертпе: Аталмыш жыр 1988 жылғы «Шәкәрім шығармалары»
жинағында 1911-1912 жылдары жазылған деп қате көрсетілген. Дұрысы
1914 жыл. Өйткені, «Қазақ» газеті тек 1913 жылдың ақпан айынан ғана
шыға бастады. Және, жаңағы дау-дамай 1914 жылға жазылу мәселесінен
туындап отыр емес пе.
«Айқап» журналының хатшысы – Сұлтанмахмұт Торайғыров, әдеби
қызметкері - Сабыржан Ғаббасов болған. Яғни қазақтың үш зиялысы бірін-
бірі ертеден білген.
Осы тұста Шәкерімнің 1915 жылы «Айқап» журналының №6 санында басылған «Сөз
таласы» атты мақаласына да көз қиығын салайық. Онда ойшыл 1914 жылы өткен
мұсылман съезіне қатысты «Айқап» пен «Қазақ» бетінде жарияланған екіұдай
пікірталастарды екшеп, ой шолу жасайды. «Екі кісі сөз таластырғанда, …ондай екі
талайда, кім де болса аяқты аңдып басу керек қой» дей келе, қай сын да кекеумен емес,
«ақ жүректен, жақындық – жақсы көргендіктен» болса ғана пайдаға асатынын ортаға
салады. Келешекте пайдасы болсын деп әрі сол заманғы баспасөз мәдениеті қалыптасуы
үшін айтқан осы қатарлы ойларын былайша түйеді: «Кекеу кек шақырып, кек партия
шақырып, партия елдің елдігін жоғалтады. Менің білгенім сол-ақ. Бұл сөзімнен бар елдің
мінін көрсең де айтпа дейді деп ұқпаңыз. Мінелмеген түзелмейді. Бірақ улап, найзалап
мінеме деймін».
Міне, Шәкәрімнің келелі мәселелерге бүкілқазақтық мүдде тұрғысынан
келіп, шешімін таба білгенін көреміз. Мұндай айтар аталы сөзі, пайдалы
кеңесі бар ірі тұлғалар қарамы қалың ұйқыдан жаңа оянып, баспасөзін енді
түзей бастаған ел жағдайында, жасырып-жабары жоқ, қалың емес-тін.
Енді қажының «Айқап» журналына жіберген материалдары ішінен 1912
жылы журналдың №5 санында жарияланған «Білімділерден бес түрлі сөздің
шешуін сұраймын» деген шағын мақаласына келсек, қойылған сауалдар сол
кезде ғұламаны қандай дүниетанымдық ойлар қамалағанын және таяу
келешекте меңгеретін ойшылдық кеңістігін білдіруімен де құнды. Яғни
ойшылдың кейінгі шығармашылығынан бес сауалдың дәлелді жауаптарын
табуға болады. Айталық, «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген сұрақтың
қысқа жауабын «Мен жаздым өлеңменен бірталай сөз» деп басталатын
фәлсафалық өлеңінде ақын былайша өреді:
Тәңірің – таза, болып бақ сен де кірсіз,
Әлің келсе менен қаш, Иең – мінсіз.
Бұл Құдайдай боламын деген емес,
Сөзімнің түбін ұқпай деме дінсіз.
Алланың пендесіне рақымы мол,
Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол.
142
Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол.
Данышпан Шәкерімнің білуінше, ең жақсы адам жүрегін кірсіз ұстаған
және көпке пайдасын неғұрлым көбірек тигізген адам екен. Өлеңді ойшыл
шамасы 64 жасында (1922 жылы) жазған. Бұдан ойшыл өзі қойған сауалдың
анық жауабын он жылдай ізденіп барып тапқаны аңдалуға тиіс.
Сөйтіп, «Айқапта» жарияланған әйгілі «бес сауал» - ойшылдың 1912
жылдан санаткерліктен кемеңгерлікке бет бұрып, руханият шыңына нық
қадам жасауының бір куәсіндей.
Енді қажының «Қазақ» газетімен байланысына ауысып, оған қалай
септескеніне келер болсақ, аталмыш басылымға арналған жинақта: «Қазақта»
қаламымен пайдалы қызмет еткен білімді азаматтар тізімінде… Ахмет
Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, доктор Әубәкір
Алдияров, доктор Арынғазы Поштаев, доктор Халел Досмұхамедов және
шежіреші Шәкерім Құдайбердин тіркелген» делінеді («Қазақ» газеті. Жинақ.
–
Алматы, 1998).
Осы аталған дерек көзі мынадай да мәлімет береді: «1913 жылы «Қазақ»
газетасын 10 облысқа қараған қазақбайдың баласынан алдырып тұрғандар
есебі бойынша:
1.
Торғай облысы – 694
2.
Семей облысы – 612
….Бәрі – 3007
Газеттің жылдық бағасы 3 сом» (Сонда, 82 б.).
«Қазақ» газеті жарық көре бастаған 1913 жылдан-ақ Шәкәрім қажы оны
жазғызып алып тұруға Орынбордағы редакцияға ақша салып, оған қоса
«Қазақ» құтты болсын» деген мынадай арнау өлеңін де жіберіпті:
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым…
Ағайын, қырғыз-қазақ түгел қандас,
Ойлама газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ өлгенге есеп!
Көл болар көп түкірсе деген кәні,
Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп…
Түгелдей алғанда, «Қазақтың» бетінде «Шәкерім Құдайбердин»,
«Ұмтылған»,
«Шәкерім»,
«Ш.Қ.»,
«Шаһкәрім
Құдайбердіұлы»,
«Ш.Мұтылған» деген есімдермен Шәкерімнің 20-дан астам мақаласы
жарияланған екен. Біз Шәкерімнің журналистік қызметінің төңкеріске дейінгі
бастапқы бөлігіне ғана азғана ой шолу жасадық. Ойшыл ақынның мол
публицистикалық мұрасын түгендеп тексеру мен тереңдеп талдау, саралау,
әрине, өз алдына бөлек ғылымдық жұмыстың бірі.
Ұлы дүбір қарсаңында
1917 жылғы ұлы дүбір, төңкерістер қарсаңында Шәкәрім ақындардың
ғана емес, жалпы ұлт зиялылары арасында да орыны төрде болды десек қате
емес. Әрине, ғиззат-құрмет те, атақ-абырой да ғұламаны өзі іздеп тапты.
143
Қарапайым көпшілік Шәкәрімді “екінші Абай” деп қабылдаса, қазақ
оқығандары арасында тарлан ақын “Ояну дәуірінде” қазақ сана-сезімін
оятуға құлшына кіріскендігі үшін де абырой иесіне айналған-ды. Өйткені, ел
бостандығын армандаған елшіл азамат болса Шәкәрімдей-ақ болар.
1913-
19 жылдары, журнал, газет ісінің жандануына, жалпы қазақ
баспасының қаз тұруына белсене ат қосып, баспасөз бетінде сан-салалы
тақырыпты қамтитын публицистикалық шығармаларын үзбей жариялағаны
осының куәсі. Ең бастысы, халықшыл ақынның дастандары мен жырлары
ауыздан-ауызға тарады. «Жер айналмай тұрмайды дүние жай», “Қазақтың
жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқ”, “Біреудің мінін кешірсең, Құдай да сені
кешеді, Бәрін де қылмай есірсең, Төбеңді әлі-ақ теседі”, “Құры білген не
керек, Білгенді қылған со керек” сияқты сөздері шын мәнінде нақылға,
мәтелге айналып кетті.
1914 жылдың 26 қаңтарында Семей қаласында қазақ зиялылары ұлы
Абайдың қайтыс болуының он жылдығына орай айтулы кеш өткізген еді.
“Айқап” журналы осы кештің қалай өткенін жаза келе, хабарын былайша
қорытады: “Абай секілді сұңқардың орны бос қалмас деп үміт етеміз. Қазақ
шежіресінің негізін құрған, қазірде өлеңмен бірнеше кітаптар жазған ақсақал
Шәкәрім қажы осы Абайдың інісі болады”.
Жайлауда қыстап қалған қажының қыстың көзі қырауда Семейге жетуі
қайдан оңай болсын. Содан ба, өкінішке орай, айтулы кешке қатыса алмаған.
Ойлы ақын өз дәуірінің зор оқымысты ғұламасына, исі қазаққа танымал
тұлғаға айналғанына С.Торайғыров, С.Ғаббасов сынды замандастарының
пікірлері де дәлел. Белгілі журналист, жазушы С. Ғаббасов 1915 жылы
“Айқап” журналында жарияланған “Тарих қазақ жайынан” деген еңбегінде:
“Бұл адамның жазған кітаптарын қолға алып қарай бастағанда, бұл кітап
жазушы ақсақалдың үлкен әкесі марқұм қажы Құнанбай болғанда, ағасы
Абай қандай болған деп ойға алынады…. Бұл күнде ұлтына қаламменен
қызмет қылып жатқан аса қадірлі ақсақал, қажы Шаһкәрім жарықтық: күміс
ертоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, қажы деген сөзге төбесі
көкке жеткендей болып жүрген қажыларымызға үлкен-ақ үлгі боларлық
адам” деп жазса, ал көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді:
Бұл қазақтан мақсұты биік-алыс,
Тап басатын сөзіне құлақ салыс.
“Қазақ” деп жекелеме, “адамзат” де,
Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.
Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,
Киген киім, жүрісі, түріне қарап.
Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ,
Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап!
Сұлтанмахмұттың Шәкәрімді қаншалықты анық танып, мақсатын дөп
басқанын осы сөздерден әркім өзі көре алады.
Келтірілген мысалдар жаңа толқын қазақ зиялылары үшін Шәкәрімнің
Абайдан кейінгі рухани әке, үлгі алар ұстазға айналғанын аңдатса керек.
Қайталап айтар бір жай, ғұлама ақын елден, отбасынан кісі киіктей
безінген адам болмаған. Яғни төңкеріске дейін Шәкәрім тауда оңаша жатып
144
алды дегенде, оңашаланатыны тек қысқы, жазғытұрым кездері ғана болғанын
ескеру керек. Ал, жаздың үш-төрт айға жуығын ақын қалың ел арасында,
“Кең қоныс” жайлауына көшіп келетін өз ауылдарында өткізген-ді.
“Он алты жасымда, есімнен қалмастай бір ұрысқаны мәңгілік есімде
қалды, - деп жазады Ахат 1916 жылы болған бір оқиға жайлы. – Біздің үлкен
ауылдың алдында қатар екі көл болатын – бірінің суы бар, бірі сусыз батпақ
болушы еді. Екі көлдің арасы жақын ортасында қылдай жол бар. Күн
жауғанда сол жолдан адам батпақтап жүре алмайтын. Мен Бауыр жақтан
келе жатсам, екі көлдің арасындағы жолда бір қартаң адамның екі қап бидай
теңдеген түйесі батпаққа батып қалып, екі қапты түсіріп, түйесін құрғақ
жерге шығарған екен. Мен қасына тақап келгенде ақсақал: “Балам, бір қапты
түйенің қабырғасына сен сүйеп тұр, ана қапты әкеліп теңдеп алайын” – деді.
Мен оның айтқанына құлақ аспай жүріп кеттім. Мен үлкен ауылға барып,
Шидің жиегіне бүгін қонған ауылға келсем, әкей өзінің қосында отыр екен.
Мен өзіміздің үйге түсіп жатқанда, әкей “бері кел!” деп шақырды. Мен
келсем, бағанағы өзіме кездескен ақсақал отыр екен. Олар менің келе
жатқанымды түрулі тұрған қостың есігінен байқапты. Мен кірісімен әкей:
“Мына ақсақалға жолықтың ба?” – деп сұрады. Мен таңа алмадым.
“Жолықтым!” – деуім-ақ мұң екен, қатты ұрысты. “Саған мұны кім үйретті?
Мұның не? Оңбаған!…”. Мұнан да жаныма бататын сөздер айтты, ұрған да,
боқтаған да жоқ. Өмірі боқтықты білмейтін. Бірақ ұрғаннан гөрі сөзі арқама
аяздай батты. Аяғында: “Ең ақырғы қайырымсыздығың осы болсын” – деді”.
1916-
17 жылдары қалада оқитын Абай, Ысқақ ауылдарының жастары
демалысқа келгенде Ырғызбайдың үлкені Шәкәрім қажыға арнайы ат басын
бұрып, амандасуы салт сияқтанған. Олардың ішінде Кәкітайдың баласы
Даниял Ысқақов, Абайдың немересі Жәбірайл Ибрагимов келешек ұлы
жазушы Мұхтардың жұбы жазылмай бірге жүрген ең сүйікті достары-тұғын.
Осы ретте Құлатай Ақбердиннің естелігін келтіре кетелік. Ол өзінің туыс
ағасы Өміртай орысша, қазақша оқыған адам еді дей келе, былай жазады:
«1917 жылдың жазында демалысқа келер жолында Мұхтар жайлауда
(Бақанаста) отырған Өміртай Ақбердиннің ауылына соғып, екі күндей сонда
жатты. Онымен бірге Семейдің қалалық училищесінде оқитын Даниял
Ысқақов, бастауыш училищеде оқитын Ғарифолла Мұсабайұлы Ысқақов,
реальный училищеде оқитын Абайдың немересі Жебірайл Ибрагимов, кеңсе
қызметкері Сәлімғазы Ғабидуллин, Абайдың немересі (Мағауияның кіші
баласы) Жағыпар Ибрагимовтар болды» (Біздің Мұхтар. – Алматы, 1976. –
359 б.). Осы аталған жастардың қай қайсы да ақынға бөтен емес, айталық,
Ғарифолла Ысқақов балдызы (әйелі Айғаншаның бауыры).
Енді Ахат Шәкәрімұлының естелігіне құлақ түрейік. «Әкей жалпы
жастарды, оның ішінде оқыған жастарды жақсы көретін, - дейді ол. –
Семинарияда оқыған – Біләл Құнанбаев, Нұғыман Құнанбаев, Құтайба
Ибрагимов сияқты жастар келгенде, олар үйде екі-үш күндеп жататын. Ол
кезде мен жас болатынмын. Ал, өзім толық білетін кезде Мұхтар Әуезов,
Даниял Ысқақов сияқты оқыған жастар келіп, бірнеше күн жатып, әкеймен
әңгімелесетін».
145
Өзі жақсы көретін оқыған жастарға Шәкәрім, әдетте, өзінің жарық
көрген кітаптарын силап отырған екен. Осы 1916 жылы Мұхтар мен Даниял
үйіне келгенде қажының жас Мұхтарға «Еңлік-Кебек» атты кітабын силауы
жоққа шығарылмаса керек. Өйткені, Бөрлінің тұрғыны ағасы Разақ
Самарханұлы (1885-1956) былай деп есіне алады: «Мұхтар «Еңлік-Кебекті»
жазуға 1916 жылы тамызда біздің үйде кірісті». «Келер жылдың жазында
Мұхтарды алып қайтуға Семейге бардым, - дейді ол. – Ақыштың тойына
қатысатын тағы екі-үш жолдасы бар екен. Көңіл жайласып ара қонып,
Семейден Ойқұдықтағы жайлауға да жеттік. Бірер күннен соң, 16-ға жаңа
толған, мөлдіреген Ақыштың ұлан-асыр тойына қатыстық. Мұхтардың
«Еңлік-Кебегі» де осы тойда тұңғыш рет көпшілікке көрсетілді».
Сөйтіп, қос алыптың шығармашылық қатынасы 1916 жылдан белгі
береді. Себебі, Мұхтардың тырнақалды пьесасы - «Еңлік-Кебектің»
Шәкәрімнің осы аттас (екінші аты – «Жолсыз жаза») поэмасына сүйене
отырып, соның ізімен жазылғандығы шүбәсіз. Шүбәсіз болатыны, «Еңлік-
Кебек» әңгімесінің «Дала уәләяты» газетінде жарық көрген баяғы нұсқалары
Мұхтардың қолына түсуі неғайбіл. Жиырма жылдай бұрынғы газет архиві,
кітапханасы жоқ қазақта қалай сақталсын! Ал, Мағауия жырлаған нұсқаға
келсек, Абайдың сынына ұшыраған әлсіз дастан ертеректе-ақ ұмытылған
болатын.
Шәкәрім поэмасының ықпалымен жазылған деген пайымды Мұхаңның
тұңғыш шығармасын зерттеген әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғали былайша
растайды: «Жолсыз жазадағы» Еңлік пен Кебектің диалогы ретінде келген
шумақтарды Әуезовтың пьеса жазу үстінде пайдаланғаны анық байқалады.
Драматург жеке тіркестерді, сөйлемдерді алып өз қалауынша қайта
құрастырған, қажетіне жаратқан» (Шәкәрімтану мәселелері. – Семей, 2006. –
119 б.).
Ауыз екі әңгімелерге қарағанда, Ойқұдық жайлауында өткен ұлан-асыр
тойға Шәкәрім де қатысқан. Жеңгесі Әйгерім мен дос інісі Турағұлдың
қуанышын бөлісіп, Құнанбайдан тараған он арыстың үлкені малымен я ақыл-
кеңесімен көмекке келуі, Әйгерімнің сүйікті немересі Ақышты ұзату
тойының төрінде отыруы заңды ғой. Айтқандайын, қажы пьесаға, әсіресе,
ондағы билер сценасына қатысты мәнді-мәнді ақыл-кеңесін берген деседі.
Алаш азаматтарының Шәкәрімді облыстық төре би қызметіне шақыруы
жайдан емес, сол кездері ол сияқты ескі би сирек, яки тіпті жоқ болатын.
Қорыта айтқанда, 1913-17 жылдар арасы ойшыл ақынның кемеңгерлікке
жету кезеңі болды. «Үш анық» атты пәлсапалық шығармасын жазуды қолға
алған ғұлама «Сол ойды бес жыл жаздым» деп өзі айтқандай, осынау бес
жылда тіршілік күйбеңін ысырып тастап, терең ойдың тұтқыны, керек
десеңіз, құлы болып өмір кешті. Осымен, толассыз іздену, тақуалық тұрмыс,
Батыс пен Шығысқа қатар үңілу сахара данасын энциклопедист ғалым, зор
оқымысты ғұлама деңгейіне көтергені хақ. Мұны, яғни заманынан озып,
оқшаулана түскенін алдағы шығармашылығы айқындап беретін болады.
146
Достарыңызбен бөлісу: |