Өмірбаяны (Монографиялық зерттеу)



Pdf көрінісі
бет27/29
Дата10.01.2017
өлшемі1,63 Mb.
#1586
түріӨмірбаяны
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

Соңғы күзде 
       
1931  жылдың  шілдесінде  Шәкәрім  алты  мүшел  -  73  жасқа  толды. 
Тарихтың  бетбұрысты  шағына  тап  келіп,  бүкіл  ғұмырын  арпалыспен 
өткерген ақын өмірінің соңғы күзі де таяған. Табиғаттың күзі қандай болса, 
адам  өмірінің  соңы  да  сол  сияқты    -  кәрілік  келмек.  Қыста,  бұрқасынды 
ақпанның соңында, үстіде айтылғандай, ақын қатты науқастанып, жүдеулікке 
ұрынған  хәлде  еді.  Сақал-шашы  ақ  күмістей  болып  толық  ағарғаны  да  осы 
жолы.   
Шақпақтың  күнгей  етегінде  орналасқан  Саятқораның  сол  жағында 
шықсаң,  айнала  алақанға  салғандай  көрінетін  биік  қарауыл  төбе  бар.  Еті 
кетіп,  қауқиған  сүйегі  қалған,  сақал-шашы  күмістей  қарттың  көбіне-көп 
барар  жері  –  сол  обалы  биік,  өз  сөзінше  «таудың»  басы.  Жаз  бойы  соған 
шыққыштап,  қат-қабат  ойлардың  қоршауында  ұзақ  күнге  нәр  сызбай  бір 
орнында  отыра  беретін  әдетті  тапқан.  Оқтын-оқтын  қасына  таяп  «неғып 
отырсың» дегендей оқыранған Қоңыр ат болмаса, көңіл бөлетін өзге ешкім де 
жоқ.  
Ойшылдың  тозған  жасқа  келгені  растық  десек  те,  бірақ  ол  қарттыққа 
мойынсұнды ма? Әлде денсаушылығы сыр берді ме? Жоқ, олай болмаған. 
Мәселен, 1930 жылдың қысында өткен жайды баяндаған «Елсіз қорада» 
деген өлеңін: 
                           
Жапанда жалғыз жаттым, елден жырақ, 
                           
Көп іші болмаған соң маған тұрақ, 
                           
Жасымнан сүйген өмірім оңашалық, 
                           
Қартайып, алжып тұр ғой деме, шырақ!, - 
деп бастайды. Және осы ойын: 
                                   
Ешкімге тезегімді тер демеймін, 
                                   
Ет асып, шай қайнатып бер демеймін, - 
деуімен нықтай түседі. 
       
Ал,  Қ.  Оразбекұлы  өзінің  «Нақтылы  болған  жағдай  еді»    деген 
естелігінде  былай  айтады:  «1931  жыл,  шілде  айының  орта  кезі.  Ақжардағы 
ауылдың ортасымен астында сымбатты қаракөк аты (Қоңыр ат – А.О.) бар, 
қанжығасында көлемді қоржыны бар, ұзын бойлы, шоқша сақалды бір қария 

 
240 
адам  бүлкілдек  аяңмен,  маңайына  қарамай  өтіп  бара  жатты.  Біреулер 
«Шәкең, Шәкең, әні Шәкең кетіп бара жатыр» деді. Мен әкемнен бұл кісі кім 
деп едім, әкем: «Шәкәрім қажы деген осы кісі болады, данышпан адам, ақын, 
жарықтықтың  сүйегі  асыл  адам  ғой,  жасы  келсе  де,  атқа  тіп-тік  отыруын 
қарашы. Бұл кісі Шақпақ тауында жалғыз өзі тұрып өлең жазады. Ауданның 
20-
шы  дүкенінен  азық-түлік  әкетіп  бара  жатқан  болу  керек»  деді»  (Абай.  – 
1994. -
№9. – 65 б.).   
Иә,  өле-өлгенше  ат  үстінде  қаққан  қазықтай  тіп-тік  отыратын,  болмаса 
көзінің  нұры  таймай  көзәйнексіз  оқып-жазатын  қарияларды  қазақ  «сүйегі 
асыл» дейді.  
                            
Еш адамды алдырмай қасыма да, 
                           
От пен су, өзім жүрем асыма да. 
Бұл  да  ақынның  өз  айтқаны.  Денсаулығы  әлсіз  адамның  елсіз  қорада 
жалғыз жатып, бар шаруасын өзі атқаруы екіталай екені былай да белгілі. Ал, 
шығармашылық  табыстарына  зер  салғанда,  ақыл-ой,  санасы  жағынан  ой 
данасы  тіпті  өрлеу  үстінде  болған  сияқтанады.  Хақиқат  ұшқыны  іспетті 
әулиелік  жырлары  мен  «Мұтылғанның  өмірі»  атты  өмірбаяндық  тамаша 
дастанын осы кезде тәмамдауы сөзімізге дәлел.   
                            
Қажыма, ойым, қажыма,  
                            
Қарама тозған жасыма, 
                            
Адаспасаң ақ жолдан, 
                            
Қонады бақыт басыңа, - 
деп өзін-өзі сабырға шақырып, жігерін қайрайды ақын.  
Амал қанша, 1931 жылы 2 қазанда ГПУ отрядына кез болып, жазықсыз 
оққа ұшпаған жағдайда қайран бабамыз жарық дүниеде әлі де жасап, талай 
асыл шығармаларын жазуы мүмкін еді-ау. 
Алайда  1931  жылдың  қыркүйегі  денсаулық  тұрыпты,  талайдың  жанын 
жаншып, тағдырын таптап, күйретіп өткен сұмдық уақиғаларға толы болды. 
Төменде осы жайларға келейік. 
 
1931  жылдың  3  қыркүйегінде  үш  ауданда  (Абралы,  Шұбартау, 
Шыңғыстау) бірдей наразылық дүмпуі бұрқ ете қалады. Өйткені, бар жерде 
ұқсас жағдай - ел малсызтұғын. Тігерге тұяқ қалдырмайды екен деген үрей-
дүбірменен  көпшілік  малдарын  қызыл-жоса  қан  қылып,  1928  жылғы 
кәмпескеден  кейін  қырып  тастаған-ды.  Мәселен,  осы  жылдың  басында 
Шыңғыстау өңірінде 54 мыңдай жылқы,  36  мыңдай сиыр, 362 мың бас қой 
және 13 мыңға жуық түйе болса, үш жылдан соң жылан жалағандай болып, 
жылқы небары  747, сиыр  241, қой  6 мың бас, түйенің  186-сы ғана қалған.  
Қысқасы, жері шұрайлы, шөбі шүйгін, малы өріске толы, әр жерде ауыл-
ауыл болып отыратын елдің мамыражай тіршілігі   быт-шыт боп бұзылған-
ды.  Ғасырлар  бойы  қалыптасқан  дәстүрлі  тіршілікті  ескермей,  ешбір 
дайындықсыз  бір-ақ  секірмектік,  яғни  төңкеріс  жолымен  кілт  өзгертем 
деушілік осыған ұрындырған-ды.  
Көтеріліс қарсаңын «Аштық азабы» өлеңінде Ахат былай жазады: 
                          
Қазақтың басшысы Елтай, елге келген, 
                          
Белдеудегі бұзауды көзі көрген. 

 
241 
                          
«Белдеуде жалғыз бұзау қалмасын!»-деп, 
                          
Қаһарға мініп, қатты бұйрық берген.   
Елтай кетерінде қаһарына мініп: «Аштық дейтін түк те жоқ, бұл Тобықты 
шетінен  контра!»  деп  ақырған  деседі.  Осымен,  елге  аштық  кіріп,  күнкөріс 
онсыз  да  қиындап  тұрған  жағдайда  «аша  тұяқ  қалмасын»  деп  алабөтен 
ұрандатқан  шолақ  белсенділер  бала-шаға  айран-қатық  қылып  отырған 
жалғыз-жарым  аша  тұяқ  –  ақ  сиырға  да  ауыз  салған  сыңайлы.  Шыдамның 
шегін  үзген  соңғы  тамшы  осы  болған.  Дүмпудің  ел  аузында  «Ақсиыр 
көтерілісі» аталып кетуі де осыдан.  
Әуелінде  Шыңғыстау  көтерілісі  аудан  орталығынан  3-4  шақырым 
«Үйсінбай қорасы» деген жерден асқанда тап алдан шыға келетін Ақжардың 
түбінде  отырған  Олжабай  Шалабаев  бастатқан  аудан  белсенділерінің  8-10 
қазақ  үйлі  ауылын  басқан.  Себебі,  мұнда  орналасқан  «Өркенді»  деген 
кооперацияда    жұрттан  жинап  сойған  малдың  еті  сақталған  қойма  бар  -ды.  
Әп-сәтте  Қарашоқы  жақтан  мылтық  атып,    «Ақсарбас»  деген  айғайымен 
құжынаған  көп атты адамдар баса көктеп кірген көрінеді.  
 
Бір  қиыны,  осы  шабуылда  чекист  Олжабай  Шалабаев  (1887-31)  көз 
жұмады.  Оны  өзен  жарына  қарай  жаяу  қашып  бара  жатқан  жерінде 
Қожақанов  Қарабала  деген  малшы  адам  балтамен  бастан  салып  қалып 
өлтіреді.  Олжабай  туралы  қысқа  мәлімет  мынадай:  Семейдегі  кеме  жөндеу 
зауытының  жұмысшысы.  Байырғы  адал  коммунистің  бірі.  Қалада  Кеңес 
өкіметі орнауына белсене ат қосқан. Семейден Қарауылға «Жұмысшы-шаруа 
инспекциясының  төрағасы»  деген  қызмет  бабымен  жіберілген.  Әрі 
Шыңғыстау  ауданындағы  32  коммунистке  басшылық  еткен.  1930  жылдың 
басында милиция начальнигі болып ауданға Қарасартов келгенге дейін, ГПУ-
дің қызметкері Юдин деген адаммен тізе қосып, іс жүзінде ауданды басқарып 
тұрған. Олжабай алпамсадай толық денелі, шашын тап-тақыр етіп қырғызып 
тастап жүретін, жүріс-тұрысында асықпайтын адам бопты.  
Шәкерімнің  талай  рет  жүздесіп,  жақсы  қарым-қатынаста  болғаны  міне 
осы  адам.  Көзі  көргендердің  айтуынша,  көрген-білгені  көп,  өзіндік  оқып-
тоқығаны бар Олжабай өзіне түсініксіз тарихтың, философияның сауалдарын 
тастап, қажы оның сұрақтарына әркез байыпты жауаптарын береді екен. Ол 
абыройлы  Шәкеріммен  өз  беделін  көтеру  үшін  тіл  табысты  ма,  әлде  жан 
құмары сол болды ма, бұл жағы бізге қараңғы. Әйтеуір, қайталап айтқанда, 
қарт ақынмен жақсы қарым-қатынаста жүрген. Мысалы, Шәкәрімге жауапты 
қызметкерлер дүкенінен айына бір рет азық-түлік алып тұруға рұқсат береді. 
Ал  Шәкәрім оған шақша силаған деген әңгіме бар.  
Бүлікшілер  «Өркенді»  кооперациясын  күйреткен  кезде  кермеде 
байланып тұрған Олжабайдың Торжорға атын Қасымбек Солтабаев жетектеп 
іле кетеді. Осы тор жорғаның жыры көп. Бердештің өзі жорғаны Олжабайға 
уақытша  міне  тұруға  берген  Шәкәрім  еді  дейді.  Бірақ  Олжабайға  торы 
жорғаны  силаған  Бердештің  өзі  деген  сөз  тағы  бар.  Осы  сөзде  жан  бар 
сияқты.  Өйткені,  көтерілістен  соң,  Қасымбектің  астындағы  торжорғаны  
Бердеш «менің атым бұл» деп тартып алғаны шындық.  

 
242 
Абай шығарған екі күйдің бірі – «Торжорға». Музыка зерттеушісі Уәли 
Бекенов  бұл  күйдің  шығу  тарихын  тексерген  екен.  Ол  Торжорға  атты 
Мағауия Алматыға қатты сырқаттанып жатқан Әбдірахманға барғанда сыйға 
тартқан Дат деген азаматтың сөзін былай деп жазады: «Еліңе ала бар. Абай 
ағамызға тартқан сыйым болсын. Ұлы жүздің бір жігіті сәлемдемеге жіберген 
бір тайы еді деп ала кеткін».  
Осы тай жүрісі тайпалған жорғаға айналғанда Абай сүйікті атына жаңағы 
күйді шығарған екен. Мұның өзі Олжабайдың торжорғасы ұлы ақын мінген 
тор  жорғаның  тұқымы  емес  пе  деген  ойға  жетелейтіні  бар.  Қалай  болғанда 
да, ат Ырғызбай жақтікі секілді. 
Жә  деп,  жоғарыда  «Үш  анық»  газетінде  жарияланған  материалдағы 
Бердештің сөзіне тағы бір құлақ түрелік. «Ақыры біздің әрекетімізді, - дейді 
ол, - Шәкәрім де естіп қойыпты. Ол маған келіп, большевик деген ұлы орыс 
халқы  деген  сөз,  оны  тарихта  ешкім  жеңген  емес,  халықтың  обалына 
қаласың, қайт райыңнан деген-ді. Мен көнбедім. Ақыры  қыркүйектің 3 күні 
(1931)  Керейден  Айдынкөл,  Жабағытай  бастатқан  200-дей  адам  келді.  Бұл 
қолға  Шыңғыс  болысының  адамдарын  ілестіріп,  тәуекел  етіп  ауданға 
шаптық». 
Бұл  мәліметтен  Шәкәрімнің  көтерілістің  рухани  көсемі  болмағаны, 
керісінше  оны  тиюға  күш  салғаны  анық  танылып  отыр.  Сондай-ақ,  негізгі 
күш пен басшы азаматтардың қай жақтан екенін де көріп отырмыз. Өйткені, 
Шыңғыстан қосылған қол Керейден келген қолдың жарымындай ғана. 
Десек те, Шыңғыс жақтың басшы адамы кім? Шыңғыстаудағы көтеріліс 
басшысы Қасымбек Солтабаев деген ресми дерек рас па? 
Соңғы  сұраққа  Бердеш  былай  дейді:  «Мен  Қасымбекті  жақсы  білемін. 
Жайшылықта жанына екі адам ермеген кісіге көтеріліс басқарды дегенге кім 
сенеді? Халық та ақымақ емес қой, көрінгеннің артынан ере беретін. 
Қасымбекпен  ағасы  Санияқас  руы  Бөкенші  Ахметжанның  балалары, 
үлкен  әкесінің  атымен  Солтабаев  деп  жазылатын.  Оның  шын  кінәсі  – 
Олжабайдың тор жорға атын алғандығында. 
….Бұрын  дайындалған  НКВД  жендеттері  бізді  оқтың  астына  алып, 
ауданға кіргізбеді. Бізде қару жоқ. Көп адамдар оққа ұшты. Біз қаштық. Тірі 
қалғандарымыз  Шыңғыстың  сыртына  тоқтадық.  Осы  жерде  Қасымбектің 
астынан тор жорға атты көріп, оны маған бер дедім. Ол бермеді. Ақыр аяғы 
жанжалға баратын болған соң, оның ағасы Санияқас атты маған алып берді. 
Ал, Қасымбек болса – менімен кектесіп, сол түні қашып кетті. Содан кейін 
қайтып көре алмадым».  
Дәл бір ай өткенде ақын оққа ұшады. Сол кезде қажымен бірге торжорға 
да  қансырап  жерге  құлаған  болатын.  Олай  болса,  бұл  атқа  қажы  қай  кезде, 
қандай жағдайда  мінген? Осыған келейік. 
 
             
х    х     х 
Шәкәрімнің  қалай  атылғаны,  кім  атқаны  жөнінде,  жалпы  дүмпу 
басталған  3  қыркүйектен  ақын  оққа  ұшқан  2  қазанға  дейінгі  оқиғалар 
жайында қауесет, әңгімелер көп әрі дерек-дәйектердің бірі-біріне қиғаш келіп 

 
243 
жататыны  бар.  Мұның  өзіндік  себебі  бар.  Шәкерімнің  өліміне  тікелей 
қатысты басшы адамдар сол кездің өзінде-ақ көпшілікті куәге тартып, оларға 
«қылмысқа бізді апарған Шәкерім десеңдер, босатамыз, әйтпегенде өздеріңді 
айдап-байлап  жоқ  қыламыз»  деп,  «ол  жалғыз  болмаған,  қарулы  бандымен 
бірге  келе  жатқан»  деген  сияқты      «мифтерді»,  жалған  куәлік  қағаздарды 
жаздырту  арқылы  сұмдық  қылмыстың  ізін  жасыруға,  сөйтіп,  өздерін  ақтап 
алуға тырысқан.  
Міне,  1963  жылы  Абай  аудандық  партия  комитеті  жанынан  Шәкерімді 
ақтау  мақсатымен  9  кісіден  құрылған  комиссия  3  айы  бойына  300-дей 
адамдармен сөйлескенде анықталған жәйттің бірі осы.    
Төменде  көп  материалдар  ішінен  іріктеп,  «осы  нақты-ау,  дәлелді-ау» 
дегендеріне ғана ой шолу жасамақпыз. 
Алдымен Қарасартовтың тобында болған Айтмырза Түңлікбаев сөйлесін. 
«Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым, - 
дейді ол. – Бандалар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң араға 
үш  күн  салып  Шәкәрім  аға  біздің  үйге  келді,  қатты  ауырып  жатқан 
тоқсандағы  әкемнің  көңілін  сұрады.  Сонда  ол:  «Қарауылдың  балшық  үйін 
қиратып, кісі өлтіргенде жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?… Өңшең 
ақымақтардың  ісі  бұл!»  деп,  бүліншілікке  қатысқандарды  қатты  жазғырып 
отырды. Сонда оның банда болғаны қайсы?... Ал, ақын қазасына келсек, ол 
былай болған. Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбақ қырау 
басқан боқырау шағы. 
Күзетте  тұрған  башқұрт  Халитов  анадайдан  мұнартып  көрінген  бір  топ 
аттылардың  бізге  қарай  беттегенін  көрген.  Осы  хабар  құлағына  тиісімен 
оларды  банда  деп  ойлаған  Қарасартов  бізге  бірден-ақ  «Атыңдар!»  деп 
бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар іркіліп қалды. Сол 
кезде іркілген топтан біреуі үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге 
қарай беттеді, және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей 
белгі  берді.  Жақындағанда  Шәкәрім  екенін  бәріміз-ақ  таныдық.  Бірақ, 
«Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң Халитов екі дүркін тағы 
атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай 
жарақаттанды.  Шәкеңнің  бізге  бірдеңе  деуге  де  шамасы  келмеді.  Ат,  түйе 
мінген  қалпымызда  біз  оны  қоршап  біраз  уақыт  үнсіз  тұрдық.  Бұл  кезде 
Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті. 
Қапелімде  жан  тәсілім  қыла  алмай  қиналып  жатқан  қарттың  қаруын, 
үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт үлесіп ала бастады. Қасқыр ішік, 
тымақ, саптама етік, сырма бешмет, шалбар дегендеріңіз бір-бірден алынып 
болған соң ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ 
сақалды шал жатты. Сонда начальник маған: 

Әй, тобықты, сен неге алмадың? – деп зекіді. 
-
 
Мен алатын несі қалды? – дегенді мен ызаға булығып айттым. 
-
 
Өзін ал! Бақанасқа жеткіз! – деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім 
де, астымдағы өре киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі 
жерден  арқанмен  бунап,  түйенің  бір  жағынан  екі  өркешінен  ілдім.  Өзім 
түйеге  жайдақ  мініп,  Бақанасқа  жеткіздім.  …Біздің  аса  қиындықпен  ойған 

 
244 
жерімізге  қарттың  ұзын  денесі  симаған  соң  соған  отырғыздық  та  жүзін 
жасырдық». 
       
Айтмырза  Түңлікбаевтың  өз  қолымен  жазып  берген  осы  жазбаға 
нанымды дерек көзі деп қарауға тиіспіз. Өйткені, мұнда баяндалған жәйт бір 
ол емес, әлденеше адамның  жазбаларында бар.  
       
Бірінші  қорытынды  -  Қарасартов,  бәлкім,  оқиға  ішінде  болмаған, 
қатынаспаған  шығар  деген  күдіктен  дым  да  қалмай  сейіліп  отыр.  Мұны  өз 
сөзінен  де  көреміз,  Букетовтың:  «Сіз  өлер  алдында  көрген  кезде  сақалын 
күзеп  тастаған  екен  дедіңіз  ғой?»  деген  сұрағына  Қарасартовтың  жауабы: 
«Сақалын күзеп тастаған екен. Баяғы өзім көрген сақалы қайда, сол төгіліп 
тұратын, төсінен төмен түсіп тұратын. Сөйлегенде оң қолымен сақалын тарап 
отырып,  сол  қолының  саусағын  жайып  қойып,  соған  қарап  сөйлейтұғын». 
Әдейі  қойылған  «өлер  алдында  көрген  кезде»  деген  сұраққа  осылай  жауап 
беріп, жауапкер өзінің сөзінен ұсталған жайын аңдамай қалған.  
      
Начальник бар жерде әрбір әрекет бұйрықпен ғана атқарылмақ. Әсіресе, 
жазалаушы әскери отряд тобында басқаша болуы мүмкін емес қой. Мәселен, 
ол  киім-кешекті  бөліп  алуға  шейін  бұйрық  бергенін  көріп  отырмыз. 
Айтмырзаның сөзінен шығар екінші қорытынды осы. 
       
Шәкәрімнің  киім-кешегі  демекші,  «Қатты  ауырғанда»  (1930)  деген 
өлеңінде бұл жайлы да өзі жазып кетеді: 
                                    
Бұлақтан әрман белігір бар, 
                                    
Ренжімей, сонан көр қазыңдар, 
                                    
Тереңдеп барып лақаттай. 
                                     
Кебісім, мәсім, шапан, шалбар, 
                                     
Тақия, тымақ, желет, тон бар, 
                                      
Бөлісіп алсын таласпай! 
      
Бірақ  бұл  киімдердің  Байқошқардағы  ағайынға  емес,  бөтен  адамдарға 
бұйырғанын Айтмырзаның сөзінен біліп отырмыз. Айтқандайын, чекистердің 
бірі қажының Стамболдан сатып алған алтын сағатын осы бөлісте қолынан 
шешіп алады.                              
      
Керегетас  оқиғасының  куәгерлері  ләм-мим  демей,  өздерімен  бірге  ала 
кеткен бір ғана жұмбақ жәйт бар. Ол үшінші оқтың иесі кім екендігі. Халитов 
жақын жерден атқан екі оқтың бірі Шәкәрімге, бірі торжорғаға тигені жаңа 
айтылды. Бірақ үшінші оқ та бар ғой?  Оның иесі кім?  
Мұны  анықтауды  сәл  кейінге  қалдырып,  енді  Шәкәрім  тобындағы 
Бердеш  Құнанбаевқа  кезек  берейік.  Жоғарыда  айтылғандай,  көтерілістің 
белсендісі  де,  Қытай  жеріне  өтіп  кетіп,  кейіннен  елге  оралған  әрі  азап-
бейнетті  белшеден  кеше  жүріп,  таңғажайып  түрде  аман  қалған  адам  да  - 
Бердеш  Әзімбайұлы  Тәкежан  немересі  (1885-1963).  Бердештің  азан  аты  – 
Фердоуси.  Оның  оқиғалардың  басы-қасында  болғаны,  тіпті  көтерілісті 
басқарғаны талассыз. Ал, төмендегі естелігін айтқан 1963 жылы кәрі көкжал 
78  жаста  әрі  науқас  жағдайда  болған,  яғни  үкіметтен  қаймығатын,  туысы 
Шәкәрім туралы сыр жасыратын ештеңе де қалмаған шақ.  
1963  жылы  Қазақстан  басшылығы  Шәкәрім  мәселесін  егжей-тегжейлі 
тексеріп,  содан  қорытынды  шығару  үшін  он  екі  адамнан  комиссия  құрып, 

 
245 
төрағасына белгілі жазушы Хамит Ерғалиев тағайындалған болатын (жаңағы 
Түңлікбаевтың жазбасы осы кезде жазылған). 
 
Төменде  Х.  Ерғалиев  комиссиясының  Бердештің  аузынан  жазып  алған 
дерегі:  «Біз  өз  туыстарымыз  төрт-бес  адам  жиналып  Шәкәрім  ағаның  хал-
күйін  білгелі  Шақпақтағы  саят-мекеніне  барғанбыз.  Ағаның  бір  ауық  аң 
аулап, сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз 
сол  еді.  Таң  мезгілі.  Күн  бұлыңғыр  болатын.  Бір  жазықта  аттылы-түйелі 
адамдардың  шоғыры  мұнартып  көрінді.  Солай  қарай  беттей  бергенімізде 
неше  мәрте  атылған  оқтан  секем  алдық  та  іркіліп  қалдық.  Шәкең:  «Тегінде 
бұлар  әнеугі  банданы  қуып  жүрген  отряд  шығар,  мен  соларға  жолығып 
жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. 
Барған  бетінде  екі  дүркін  мылтық  атылды.  Шәкеңді  атып  өлтіргенін  бірден 
сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң бізді сірә да аямас дедік те, 
сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік». 
Қысқасынан  қайырған  Бердеш  Әзімбаевтың  мына  сөзі  мен  Айтмырза 
Түңлікбаевтің  үстідегі  сөзі  бір-біріне  сәйкес  келіп,  құйылып  түскені  оңай 
аңдалады.  Мәселен,  Шәкәрім  қарсы  топқа  таяғанда  мылтық  екі  дүркін 
атылғанын екі куә де растайды. 
«Үш анықта» жарияланған Қабден Есенғараұлының материалында тағы 
Бердеш  жаңағы  сөзін  былайша  толықтыра  айтады:  «Тор  жорға  атты  бір  ай 
шамасы  (көтерілістен  кейін)  өткен  соң  Шәкәрімге  мен  апарып  бердім. 
Ондағы ойым Шәкәрімді Қытайға алып өтпек еді. Оған ол көнбеді. Атты да 
алмады. Ойланар деп атты тастап кеттім. Оның үстіне Шәкәрім мен Зиятта 
жалғыз қоңыр аттан басқа бұт артар көліктері де қалған жоқ еді.  
Келесі  күні,  ұмытпасам,  қазанның  1  күні  кешке  таман  жанында 
Ғылымбай  Топжанов,  оның  немере  ағасы  Идаят  және  Зият  Керегетаста 
жатқан  бізге  келді.  Шәкәрім  менің  берген  сәлемімді  алмады.  Ол  әдетте  бір 
көңілі  қалған  адамға  қайтып  тіс  жармайтын.  Маған  алара  бір  қарап  аттан 
түсті. 
Келесі  күні  таң  атар-атпастан  мылтық  тарс  етіп  атылғанда  бәріміз 
шошына  орнымыздан  тұрдық.  Біз  атқа  мініп  қарсы  бетке  шыққанымызда, 
жатқан  жерімізге  15-20  адам  келіп  тоқтады.  Сол  түні  сілбі  жауып,  күн 
бұлыңғыр еді. Олар бізге, біз оларға қарап біраз тұрдық. Сол кезде Шәкәрім 
Зиятқа қарап: «Қош, жан балам!» – деп НКВД адамдарына тура тартты. Ол 
НКВД  адамдарына  таяп  барғанда  екі  дүркін  мылтық  атылды,  торжорға  ат 
көкке бір секіріп барып құлады. Шәкерім атпен бірге құлап түсті де орнынан 
атып  тұрып,  қолын  жоғары  көтерді.  Онысы  «атпаңдар»  деген  белгісі  еді. 
Оған  қараған  жан  жоқ.  Тағы  да  мылтық  сарт  етті.  Шәкерімнің  жоғары 
көтерілген қолы оң қолы сылқ түсті… 
Шәкерімнің  өлгенін  көзбен  көріп  тұрсақ  та,  қолдан  келер  қайран  жоқ, 
керейлерге қарай бет алып, олардың көмегімен Қытайға кеттік». 
Ақын Керегетасқа қандай мақсатпен келген, онан соң неге қарсы топқа 
беттеген  екен?  Бұл  туралы  Бердештің  сөзі:  «Кейін  Зияттан  естігенім, 
Шәкерім Шақпақтан шыққан бетте Зиятты маған қосып, өзі тор жорға атты 

 
246 
НКВД  –  ға  апарып  бермек  болыпты.  Міне,  ол  мақсатына  жете  алмай  оққа 
ұшты». 
Осы  сөздерде  нағыз  шындықтың  негізі  жатыр  деген  ойдамыз.  Себебі, 
қарт ақын өзінің қолжазбаларын буып-түйіп кенжесінің қолына тапсырғаны 
анық.  Яғни  Зияттың  Қытайға  өтуі  өзара  келісілген  шаруа  болған.  «Бала 
адамның  бауыр  еті»  дегендей  Шәкәрім  кенжесі  Зиятқа  қимас  серігі  Қоңыр 
атын береді. Жүріске мықты әрі қуғын болса, сытылып кетуге түсі де лайық, 
елеусіз.  Ал  ең  қымбатты  мұрасы  -  қолжазбаларын  қоржынға  буып,  түйіп 
Зияттың  қолына  тапсыруы  жаңа  өкіметке  де,  алдағы  тағдырына  да  сене 
алмағанының  айқын  куәсі.  Барар  жер,  басар  тауы  қалмаған  адамның 
байламы! 
Соңғы бірер күнді Шәкәрім мен Зият бірге өткізген сияқты. Соңғы кеште 
шошалаға достары келгенін де жоруға болар. Бәрі Шақпақтан іңірде шығып, 
Байқошқарда  түнеген  болар,  тегі.  Өйткені,  Керегетасқа  дейін  қасына  ерген 
серіктері сол ауылдікі.  
  
«Абай»  журналының  1994  жылғы  №9  санында  басылған  Зият  туралы 
мақалада  (кімдікі  екені  мәлімсіз)  мынадай  дәйек  бар:  «1931  жылы  қазан 
жұлдызының  бірі  күні  Шәкәрім  жанында  Идаят,  Ғылымбай  деген 
жолдастары  және  кенже  ұлы  Зият  төртеуі  Шақпақтастағы  қорасынан 
«Керегетас» деген жерге аттанады. Осы сапарға аттанар алдында Идаят пен 
Ғылымбайға Шәкәрім былай дейді: «Мен көп ойландым, барар жер, басар тау 
қалмапты.    Тіпті  байламым  Қытайға  өтетіндерге  Зиятты  қосып,  Қытайға 
жібермекпін. Ондағы ойым, менің өлімімді ол, оның өлімін мен көрмейін», - 
дегенім ғой». Достарымен дәл осылай сыр бөліскені шүбәландырмайды.  
Мансұр Ғылымбайұлы (1933 жылы туған) былай деп дерек береді: «1931 
жылы Шәкәрім  қажы атылғаннан кейін 2-3 күннен соң  әкем Ғылымбайдың 
інісі  Кәрімбай  аудан  орталығынан  суыт  келіп,  қажының  «құйыршықтарын» 
ұстайтыны  туралы  хабар  жеткізеді.  Ғылымбай  сол  түні  бір  ұл,  бір  қызын 
алып  Аякөзге  түсіп,  ат-арбасын  сатып  Талдықорғанға  кетеді.  Мен  сонда 
туғам».   
Иә,  көтерілістен  кейінгі  бірер  айда  ГПУ-дің  кәріне  ұшырап  опат 
болғандар,  жоғалып  кеткендер  жүздеп  саналады.  Мысалы,  Тобықтының  70 
адамын  Семейге  әкетіп,  атып  өлтіреді  (оның  ішінде  Абайдың  Турағұлдан 
кейінгі  баласы  Мекайыл  бар).  Ал,  Шәкәрімнің  қайғылы  қазасынан  соң, 
Қарауыл  маңында    халық  «Абзалдың  азап  лагері»  деп  атап  кеткен 
қорқынышты  лагерь  құрылып,  көп  тұтқындарды  сонда  ұсталған.  Осы 
лагерьде  он  ай  отырған  Шәкәрімнің  әйелі  Айғанша,  қызы  Күлзия  мен  ұлы 
Қабыш титықтап шығып, жолда өледі. Ахат бұл турасында: 
                        
Оныншы айда босатып жібергенде, 
                        
Бір Гүлләрдан басқасы өлді аштан,- 
деген.  
Шыңғыстау көтерілісінің, бүгінгі күн биігінен қарағанда, шексіз зорлық-
зомбылықтан,    тозақ  отына  қақталғандай  аштықтың  құрсауына  қамалған 
жұрттың  шарасыздығы  мен  наразылығынан  туғаны  хақ.  Бірақ,  заманында 
бұлай саналмаған, себебі «қоғамды жабық жасау үшін айнала біткеннің бәрін 

 
247 
жау  деп  анықтау  қажет  еді»  (Ғ.  Есім).  Мәселен,  көтерілістің  бас 
ұйымдастырушысы деген «кінә» Шәкәрімге таңылды.  
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет