Махамбет Өтемісұлы шығармалары



Pdf көрінісі
бет4/9
Дата10.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1603
1   2   3   4   5   6   7   8   9

111
Еділде жатқан көп елге, 
Мал толтырсам деп едім. 
Керегесін қиратып, 
Отын етсем деп едім. 
Туырлығын кескілеп, 
Тоқым етсем деп едім. 
Тақта отырған хандардың
Төрде отырған ханымын 
Қатын етсем деп едім. 
Әлдилеген баласын 
Жетім етсем деп едім. 
Хан сарқыты –сары бал 
Сұраусыз ішсем деп едім. 
Ханның киген кіреуке, 
Қараңғыда шештіріп, 
Үстіме кисем деп едім. 
Қанікейдей көріктіңді 
Қараңғыда қармалап, 
Қалыңсыз құшсам деп едім. 
Тінікейдей тектіңді 
Ителгі көзін төңкертіп, 
Күшіктей даусын қыңсытып, 
Аш күзендей белін бүгілтіп, 
Әділ жаннан түңілтіп, 
Ат көтіне үңілтіп, 
Артыма салсам деп едім, 
Тілекті тәңірі бермеді, 
Өздеріңдей хандарды 
Осындай бір қылсам деп едім.

Махамбет Өтемісұлы 
112
ҚЫЗҒЫШ ҚҰС
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, 
Қанатың қатты, мойның бос. 
Исатайдан айрылып, 
Жалғыздықпен болдым дос. 
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, 
Ел қорыған мен едім, 
Мен де айрылдым елімнен. 
Көл қорыған сен едің, 
Сен де айрылдың көліңнен. 
Аспанда ұшқан, қызғыш құс, 
Сені көлден айырған – 
Лашын құстың тепкіні. 
Мені елден айырған – 
Хан Жәңгірдің екпіні. 
Айтып, айтпай немене? 
Құсалықпен өтті ғой, 
Махамбеттің көп күні!!!

Махамбет Өтемісұлы
113
МЕНІҢ АТЫМ – МАХАМБЕТ
Менің атым –  Махамбет, 
Жасқұстағы Жәңгір хан 
Ісінен болдым құса-дерт. 
Атасы өткен Айшуақ, 
Соның көзі керді ғой. 
Менің атам Өтеміс 
Елдің қамын жеді ғой.

Махамбет Өтемісұлы 
114
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Бұ дүниенің жүзінде 
Айдан ару нәрсе жоқ, 
Ол түнде бар да, күнде жоқ. 
Күннен ару нәрсе жоқ, 
Күндіз бар да, түнде жоқ. 
Мұсылманшылық кімде жоқ, 
Тілде бар да, дінде жоқ. 
Көшпелі дәулет көп бейнет, 
Біреуде бар да, біреуде жоқ. 
Азамат ерлер кімде жоқ, 
Еріккен күні қолда жоқ. 
Заманым менің тар болды, 
Тура билік биде жоқ. 
Бәрін айт та, бірін айт, 
Қаумалаған қайран қарындас 
Қазақта бар да, менде жоқ.

Махамбет Өтемісұлы
115
ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫ ЕНДІ СУ
Жайықтың бойы енді су, 
Кешегі қуатымның барында, 
Тіземмен бұзып өткенмін. 
Жаныма айла болар деп, 
Назарды тастап, 
Шүренге Күнім үшін жеткенмін. 
Әлпештеген аруды 
Бәрін тастап кеткенмін.

Махамбет Өтемісұлы 
116
ТУҒАН ҰЛДАН НЕ ПАЙДА?
Ақ жұмыртқа, сары уыз, 
Әлпештеп қолда өсірген, 
Туған ұлдан не пайда, 
Қолына найза алмаса, 
Атаның жолын қумаса?! 
Алаштың байлығынан не пайда, 
Құланнан басқа ел таппай, 
Қонарына жер таппай, 
Маңқиған сары даладан 
Екіндіде құлаған, 
Тарығып келген ерлерге 
Қайыры оның болмаса?! 
Алтын тақты хандардың 
Хандығынан на пайда, 
Қаріп пенен қасірге 
Туралық ісі болмаса?!

Махамбет Өтемісұлы
117
БАҒАНАЛЫ ТЕРЕК ЖАРЫЛСА
Бағаналы терек жарылса, 
Бақыраш жамап болар ма?! 
Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, 
Еменге иір бұтақ бітсейші 
Қыранға тұғыр қыларға. 
Ханнан қырық туғанша, 
Қарадан бір-ақ тусайшы, 
Халықтың кегін қусайшы, 
Артымыздан біздердің 
Ақырып теңдік сұрарға.

Махамбет Өтемісұлы 
118
АРҚАНЫҢ ҚЫЗЫЛ ИЗЕНІ
Арқаның қызыл изені
Басы күрдек, түбі арал,
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!
Ер қабыланын жөнелтіп,
Елсізде аңырап қалған шақ,
Біздерден ақыл сұрама!
Көшер еді-ау біздің ел,
Сонау Еділден бергі тұрған жер дейін,
Қонар еді-ау біздің ел,
Арқада қоныс шөлдейін.
Нұралыдан қалған көп тентек
Бүлдірмегей еді елімді,
Лашын құс, бүркіт шайқаған шілдейін.
Ащының бойы көк тоғай,
Жайламас еді біздің ел,
Жері жаман сусыз деп.
Жабыдан айғыр салмады,
Баласы оның сынсыз деп,
Базарға сатсаң пұлсыз деп.
Балдағы алтын ақ болат,

Махамбет Өтемісұлы
119
Асынбас еді біздің батырлар,
Көкпен де сауыр қынсыз деп.
Көп қабылданын жөнелтіп,
Елсіз қаңғып қалған шақ,
Кім айтады бізді мұңсыз деп?!

Махамбет Өтемісұлы 
120
ҚАҚАҚУЛАП ШАҚЫРМАЙ
Қақақулап шақырмай, 
Қанды көбік түкірмей, 
Алғыншы алған арудың 
Ақша бетін солдырмай, 
Ата менен ананы 
Қайғыменен қатырмай, 
Әлпешті ұлың жат болмай, 
Шайған жалғыз малтаның 
Сатқанда суы ат болмай,
Бұзбай құлан пісірмей, 
Мұз үстіне от жақпай, 
Қапыда қалған қасқамын, 
Қақ жүректен найза түйретпей, 
Найзаны күнге қуратпай, 
Қарсыласқан дұшпанның 
Қабырғасын бір-біріндеп күйретпей, 
Әлі де болса қорқа алман, 
Адасып қалған үйректей.

Махамбет Өтемісұлы
121
АДЫРА ҚАЛҒАН НАРЫННЫҢ
Адыра қалған Нарынның
Теңіз деген суы бар.
Жағасына жағалай біткен
Қамыс деген нуы бар.
Еңіреген ерлердің
Жібектен желбіретіп ұстар туы бар.
Хан ұлымен алыстық, 
Қарсы тұрып шабыстық, 
Бізге біткен бес еркектің буы бар. 
Адыра қалған Нарынның 
Жайық деген суы бар. 
Жағасында жары бар, 
Қабағында қары бар.
Көнбегенді көндірген,
Көн кемеге мінгізген,
Қынама бешпент кидірген,
Зәбірлігін тигізген,
Ортасында Жәңгір деген ханы бар.
Қырлығында оба бар, 
Шұңқырында қоға бар, 
Адыра қалған Нарынның 
Жыңғылы мен талы бар. 
Қонысы қонақ бергендей, 
Жаясы мен жалы бар.

Махамбет Өтемісұлы 
122
Айтып, айтпай немене, 
Адыра қалған Нарында, 
Бас пайданың бәрі бар. 
Қапыда кеткен дүние-ай, 
Алақандай Нарында 
Ата менен ана бар, 
Іні менен аға бар,
Қарындас, халқым көп қалды-ау, 
Қатын менен бала бар. 
Жалғыз ұлым Махмұт 
Бекетай құмның ішінде, 
Жалғыз бір қалған со да бар.

Махамбет Өтемісұлы
123
ҚАРАҒАЙ ШАПТЫМ ШАНДОЗДАП
Қарағай шаптым шандоздап, 
Хан қарасын жоям деп, 
Жолбарысша жорыттым, 
Етіне құлан тоям деп... 
Қыран құстың баласы 
Ұшса, келмес ұяға. 
Асыл ердің баласы 
Жауды көрсе шыдамай, 
Көзін салар қияға. 
Ермін деген жігітті 
Кеңшілдікте сынама. 
Келмейтұғын нәрсеге 
Жаныңды қинап жылама.

Махамбет Өтемісұлы 
124
ЕСІЛ ЕР
Арыстан еді-ау Исатай 
Не етесің, тақсыр, табалап. 
Құрттайымда өсіп ем, 
Бауырында паналап. 
Алдымда асқар тау еді, 
Соңына ерсем ағалап. 
Әй, тақсыр-ау, әй, тақсыр, 
Табаны жалпақ тарланбоз, 
Шабарында есінер. 
Бір мінезі келгенде, 
Жібектей жұмсақ есілер. 
Жауда қалса жолдасы, 
Мақтанады несіне ер?! 
Тастан қатты тағдырың 
Исатаймен шешілер. 
Айтып, айтпай немене, 
Қор болды-ау, қайран есіл ер!

Махамбет Өтемісұлы
125
МАХАМБЕТТІҢ ОРДАДАН КЕТЕРДЕ 
ХАНҒА АЙТҚАНЫ
Он екі төбет, шұнақ хан, 
Шабатының ел екен, 
Күндейтінің мен екем. 
Хан ұлына қас болу, 
Қара ұлына бас болу – 
Мендей ерге жөн екен!

Махамбет Өтемісұлы 
126
ӘЙ, ШОНТЫ БИ, ШОНТЫ БИ 
Әй, Шонты би, Шонты би, 
Домбыра тартсам, келер күй. 
Шын ажалың жетпесе, 
Ажалдан бұрын өлмессің, 
Жалаңаш бар да жауға ти. 
Домбыра тартып жырласам, 
Жақсылар маған қылар сый. 
Ажалдан бұрын өлмессің, 
Тілесем тілек, бермессің, 
Жыласам, көзімнің жасын көрмессің. 
Алақандай Нарында 
Мүкәммалым шашылды, 
Жүр десем оған жүрмессің. 
Құр әңгімеден басқа 
Ешнәрсені білмессің.

Махамбет Өтемісұлы
127
МЕН НАРЫННАН КЕТКЕНМІН
Мен Нарыннан кеткенмін, 
Нарынды талақ еткенмін. 
Қуатымның барында 
Ағыны қатты Жайықты 
Тіземмен бұзып өткенмін. 
Жаныма айла болар деп, 
Назарды тастап, Шүренге 
Күнім үшін жеткенмін. 
Жақияны ханға ұстап бергендей 
Шүрен, саған не еткенмін? 
Қайтеріңді өзің біл, 
Алдыңда кеңес еткенмін.

Махамбет Өтемісұлы 
128
ҚҰЛЖА ҚУҒАН ТЕКЕШІК 
Құлжа қуған текешік 
Құлдырайды құты ұшып. 
Айшықты мүйіз тигенде, 
Бас ұрмай ма, баз кешіп?! 
Біздер-дағы, жігіттер, 
Бірлестірсек білекті, 
Шынтуайттасақ тілекті, 
Орната білсек керек-ті, 
Толарсақтан қан кешіп, 
Болат найза, ақ семсер 
Жарасып біздің керекке, 
Бойлата сұқ жүрекке, 
Ханның кетсін аты өшіп!

Махамбет Өтемісұлы
129
ЖЕЛДЕН ДЕ ЖЕЛГІР АҚБӨКЕН 
Желден де желгір ақбөкен 
Озса да орғып көлденең, 
Құралайына қарайлап, 
Оққа ұшпай ма сол үшін?! 
Ұялы бүркіт күн ұзын 
Қалықтай самғар шөже үшін. 
О да бір торға түспей ме 
Шөжеге керек жем үшін?! 
Дертке дауа іздеген, 
Тірліктен үміт үзбеген 
Сергелдең болар емі үшін. 
Асыл туған арулар 
Жанын пида етпей ме 
Шын сүйіскен теңі үшін?! 
Аттанған едім көп үшін 
Көптің жинап мол күшін, 
Дұшпанда кеткен сол көптің 
Ежелден бергі кегі үшін. 
Таршылық басқа түскенде, 
Қапаланам мен-дағы 
Қаумалаған қасымда 
Қарындастың кемі үшін. 
Арманы бар ма жігіттің –
Қапылыста тап берген 
Тайталасса жауымен, 
Туып, өскен жері үшін?! 
Жалаулы найза қолға алып, 
Қалықпандай қомданып, 
Жау тоқтатып айқаста, 
Құрбан болса елі үшін?!

Махамбет Өтемісұлы 
130
ТҮРЛІ НҰСҚАЛАР
БЕРІШ МАХАМБЕТ БАТЫРДЫҢ СҰЛТАНҒА 
АЙТҚАНЫ  
(Мұрат ақыннан жазылған) 
1
Борай да борай қар жауса
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай боран соққанда,
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге,
Ту байласаң тозар ма?
Ту түбінен тұлпар жығылса,
Шаппаған қар тұсар ма?
Ағайынның ары үшін,
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайырылмай кеткен жігіттің
Өзін - кәпір, алғанын
Талам деп айтсаң болар ма?
2
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудың су бүркіт, 
Ылдидың аңын шалар ма? 
Асқар таудың басына 
Лашын сұңқар жүн төксе, 
Далада қалған сүйек деп, 
Шынына қарға жолар ма?

Махамбет Өтемісұлы
131
3
Арғымақ атқа алтыннан таға қақтырса,
Кілегей қатқан көкше мұз,
Ол көкше мұздан таяр ма!? 
Атаның ұғлы асылға, 
Малыңды бер де басың қос. 
Басыңа тарлық іс түссе, 
Ол ардақтаған әділ жанын аяр ма?!
4
Бірсіндап садақ асынған 
Біріндеп жауды қашырған.
Филентіне топ салған,
Қорамсаққа қол салған,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей.
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,
Асыл туған ер жігіт,
Төсектен шошып оянбай,
Тебінгіні теріс салмай,
Темірқазық жастанбай,
Ат үстінде күн көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Алты малта ас болмай,
Өзінен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,

Махамбет Өтемісұлы 
132
Қарындасқа қанды көбік жұтқызып,
Халыққа тентек атанбай,
Үйде отырған жігітке
Теп-тегін атақ болар ма!?
5
Айдан ару нәрсе жоқ,
Ол түнде бар да, күнде жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Ол күндіз бар да, түнде жоқ.    
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет көп бейнет,
Біреуде бар да, біреуде жоқ.
Ерінбей жүріп ұрысар,
Шекісіп тұрысар.
Қаумалаған қайран қарындас,
Қазақта бар да, менде жоқ.
6
Балуан жолбарыс секілді, 
Алысқанды алып ұрған білегім. 
Қамалаған жаудан қайтпаған, 
Қайнаған қара болаттай, 
Қарсы біткен жүрегім. 
Ертеден кешке шейін зарласа, 
Бермей ме екен құдай-ай! 
Біздей тарыққан ердің тілегін.

Махамбет Өтемісұлы
133
7
Бұрынғыдай қарыштап 
Қона алмадық қонысқа, 
Келе алмадық келіске. 
Ата-енені сектіріп, 
Атты басқа соқтырып, 
... болсын жігітке, 
Бүйтіп жүрген жүріске. 
Тағыдай таңдап су ішкен, 
Тарпаңдай қаз /басы/ басып от 
Тағы сынды мырза едің. 
Тағы келдің тар жерге.
Тәк етсеңіз болмас 
Тағаланың салған бұ іске?!
8
Біз кеткен ер,
Жағалай жатқан Жайықтан, 
Еркек қойдай бөлініп,
 Қарқарланып өткен ер. 
Күн шығыстың астында, 
Күн батыстың тұсында, 
Қарындасымның баруы деп, 
Қабырғасын сөксе де, 
Қанын судай төксе де, 
Қайыспас қара нар - ды деп, 
Маңдайымнан күн өтіп, 
Жауырынымнан жел өтіп,
Күн астымен желген ер! 

Махамбет Өтемісұлы 
134
Айтып айтпай немене, 
Исатай зая болғалы, 
Серкесіз қойдай шулаған, 
Сергелдең болды біздің ел!
9
Мен ақ сұңқар құстың сойымын, 
Шамдансам, тақсыр, кетермін. 
Кетпей нешік етермін 
Бұ барғаннан барармын, 
Қиядан орын алармын. 
Өтініп алып от жақпан, 
Дұшпанға қылыш шабармын, 
Тілекті тәңір оңғарса, 
Бөліне көшкен еліңді, 
Үріккен қойдай қылармын. 
Жарыла көшкен еліңді, 
Жаралы қудай қылармын. 
Қаныкейдей көріктіңді, 
Тәнікейдей тектіңді, 
Ат сауырына міндіріп, 
Тілегім қабыл болған жоқ, 
Деп едім олжа қылармын!
10
Мен мен едім, мен едім, 
Мен Нарында жүргенде, 
Еңіреп жүрген ер едім, 
Ерегескен дұшпанға 
Қызыл сырлы жебе едім. 

Махамбет Өтемісұлы
135
Жақсыларға еп едім, 
Жамандарға көп едім. 
Ежелден табан аңдысқан, 
Еріксізден еріксіз өңгердік, 
Хан баласы ақсүйек, 
Ата дұшман сен едің, 
Аңдыған жауың мен едім.
Қайсы бір жерде жолықсаң, 
Қайраңдағы шабақтай, 
Қаныңды ішіп ұрттасам, 
Жүрегім айныр деп пе едің!
11
Мен мен едім, мен едім, 
Мен Нарында жүргенде, 
Еңіреген ер едім, 
Исатайдың барында, 
Екі Тарлан бөрі едім. 
Қай қазақтан кем едім, 
Бір қазақпен тең едім! 
Өзіңіздей хандардың, 
Қарны жуан билердің, 
Атандай дауысын ақыртып, 
Луазын көкке шақыртып, 
Олжа қылсам деп едім! 
Еділдің бойы ен тоғай, 
Ел құласам деп едім, 
Еңсесі биік ақ орда, 
Еріксіз кірсем деп едім, 
Еділде жатқан көп елде, 

Махамбет Өтемісұлы 
136
Мал толтырсам деп едім. 
Хан сарқыты - сары мал, 
Ханның киген кіреуке, 
Қараңғыда шештіріп, 
Үстіме кисем деп едім. 
Қаныкейдей көріктіңді, 
Қараңғыда қармалап, 
Қалыңсыз құшсам деп едім!
12
Мен бір енеден бір едім, 
Күндердің күні болғанда, 
Бір енеден екі едім, 
Екеуіміз бірге жүргенде, 
Уәдеге берік едім!
Бір енеден үш едік, 
Үшеуіміз жүргенде, 
Толып жатқан күш едік, 
Бір енеден бес едік, 
Бесеуіміз жүргенде, 
Алашқа болман деуші едік.
13
Ақсүйектің баласы, 
Байеке сұлтан сен болсаң, 
Аулақта қалмаққа жолықсаң, 
Айайын деген жоқ едің. 
Еділ үшін егестік, 
Ежелден бері теңестік, 
Ханның кірген ақ орда, 

Махамбет Өтемісұлы
137
Бұзуын ойлап кеңестік. 
Дәфтер үшін тебісіп, 
Терезе сайлап оқ аттық. 
Күндердің күні болғанда, 
Сол секілді қайраттан 
Қаныкей, сұлтан, не таптық. 
Қара қазақ баласын, 
Хан ұғлына теңгердік. 
Аса жұртты меңгердік, 
Өзіңіздей хандарды, 
Қабырғасын сөгілтіп, 
Қабырғадан аққан қара қан, 
Ат бауырынан төгілтіп, 
Қаныкейдей алғанын, 
Артымыздан түңілтіп, 
Біз ол секілді 
Көп қайраттан не көрдік!?

Махамбет Өтемісұлы 
138
АСҚАР, АСҚАР, АСҚАР ТАУ
Асқар, асқар, асқар тау, 
Асқар таудың ақсұңқар, 
Ылдидың аңын шалар ма? 
Асқар таудың басына 
Ақсұңқар құс түлесе, 
Жүніне қарға жолар ма?! 
Атадан туған әзбін деп, 
Ісін көпке салар ма? 
Атайын ермен жол шексең, 
Қанжығаң жауда қалар ма? 
Арқаның сары жонында, 
Арыстан ойнар шарқ ұрып, 
Атайын ердің тұсында, 
Тұлпары тұрар тарп ұрып. 
Жаманға ақыл сөз айтсаң, 
Есікті кетер сарт ұрып, 
Елден кектеп ол кетер, 
Жақсылар жүрер оны шақырып, 
Келтіре алмай «Аһ!» –  ұрып!

Махамбет Өтемісұлы
139
АЙНАЛАЙЫН, АҚ ЖАЙЫҚ
Айналайын, Ақ Жайық, 
Ат салмай өтер күн қайда, 
Еңісі биік боз орда, 
Еңкейе кірер күн қайда! 
Қара бұлан терісін, 
Етік қылар күн қайда! 
Күдеріден бау тағып, 
Кіреуке киер күн қайда! 
Күмбір-күмбір кісінетіп, 
Күреңді мінер күн қайда! 
Толғамалы ақ балтаны, 
Толғап ұстар күн қайда! 
Алты құлаш ақ найза, 
Ұсынып шаншар күн қайда! 
Садақ толған сайгез оқ, 
Масағынан өткеріп, 
Басын қолға жеткеріп, 
Созып тартар күн қайда. 
Кетбұғыдай билерден, 
Кеңес сұрар күн қайда. 
Еділдің бойын ел жайлап, 
Шалғынына бие біз байлап, 
Орындықтай қара сабадан, 
Бозбаламен күліп-ойнап, 
Қымыз ішер күн қайда!

Махамбет Өтемісұлы 
140
ЖАЛП-ЖАЛП ЕТКЕН ЖАПАЛАҚ
Жалп-жалп еткен жапалақ, 
Жазыда кімге жолдас болмаған. 
Жағы түкті айуан, 
Мұңлантып кімді жаяу салмаған. 
Даладағы бәйтерек саясы, 
Кімге салқын болмаған, 
Құландар ішпес бұршақ қақ 
Кімдерге шербет болмаған. 
Саздауға біткен сары ағаш, 
Кімдерге сайғақ болмаған! 
Терезеден тесе қараған, 
Дестелеп шашын тараған, 
Қудаған өскен арулар, 
Кімдерден жылай қалмаған. 
Сағағына сары шіркей ұялап, 
Мал іздеген ерлердің 
Қайда басы қалмаған!?

Махамбет Өтемісұлы
141
«ЕРЕУЛІ АТҚА ЕР САЛМАЙ» ӨЛЕҢІНІҢ 
НҰСҚАЛАРЫ 
ИСАТАЙДЫҢ АНДАСЫ МАХАМБЕТ 
ЖЫРАУДЫҢ СӨЗІ
Ереулі атқа ер салмай, 
Егеулі найза қолға алмай, 
Еңку-еңку жер шалмай, 
Қоңыр салқын төске алмай, 
Қыбыланы дөрткүл оңға алмай, 
Тебінгіні терге шірітпей, 
Терлікті сүттей ірітпей, 
Өлеңті төсеп ет жемей, 
Ұлы түске ұрынбай, 
Жанға салған малтаның, 
Әр түйірі ат болмай, 
Атыңды байлап келгенде, 
Қатын, бала жат болмай, 
Түн қатып жүріп, түс қашпай, 
Темірқазық жастанбай, 
Қу толағай бастанбай, 
Ерлердің ісі бітер ме!?

Махамбет Өтемісұлы 
142
ЕРЕУЛІ АТҚА ЕР  САЛМАЙ
«ИСАТАЙ-МАХАМБЕТ» ЖИНАҒЫНАН 
1837-жылы жеді жұлдызының 12-сінен 13-не қараған 
түні  Исатай  мен  Махамбет  Жайықты  жарып  өткен  соң, 
қасындағы қырық жолдасымен далаға қонады. Күн суық, 
боран екен. Ертемен тұрса, батырлар қар астында тоңып 
қалған  екен.  Сол  заманда  Бөкейлік  қазақтары  едәуір 
тәрбиялы  екен.  Жұрттың  көбі  қысты  күні  ағаштан,  не 
тастан  салған  жылы  үйге,  күнде  ішетін  шайға  үйреніп 
қалған  екен.  Етіктің  орнына  елдің  бірқатары  кебіс-мәсі 
киеді екен.
Далаға  қонып,  тоңып  тұрған  жігіттердің  көбі  жылы 
үйді, жұмсақ төсекті, қызыл шайды жоқтайды.
Сонда  Исатай  айтыпты-мыс:  «Ай,  жігіттер!  Қазақ 
жұртына  сәлем  айтыңыз!  Ел  болам  десе  –  құс  төсек 
төсенбесін, шай ішпесін, қималы етік кимесін», – деп.
Қималы етік деп кебіс-мәсіні айтқан. Сол уақытта Ма-
хамбет батыр мына өлеңді айтып, жолдастарын жұбатқан:
Ереулі атқа ер салмай, 
Егеулі найза қолға алмай, 
Еңкейіңкі жер шалмай, 
Қоңыр салқын төске алмай, 
Тебінгі терге шірімей, 
Терлігі майдай ерімей, 
Алты малта ас болмай, 
Өзіңнен туған жас бала 
Сақалы шығып жат болмай, 
Ат үстінде күн көрмей, 
Ашаршылық шөл көрмей, 

Махамбет Өтемісұлы
143
Арып-ашып жол көрмей, 
Өзегі талып ет жемей, 
Ер төсектен безінбей, 
Ұлы түске ұрынбай, 
Түн қатып жүріп, түс қашпай, 
Тебінгі теріс тағынбай, 
Темір қазық жастанбай, 
Қу толағай бастанбай, 
Ерлердің ісі бітер ме?!

Махамбет Өтемісұлы 
144
ЕРЕУЛІ АТҚА ЕР САЛМАЙ
Ереулі атқа ер салмай, 
Егеулі найза қолға алмай, 
Еңку-еңку жер шолмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай, 
Өзіңнен туған жас бала 
Сақалы шығып жат болмай. 
Ат үстінде күн көрмей, 
Ашаршылық шөл көрмей. 
Өзегі талып ет жемей, 
Ер төсектен безінбей. 
Ұлы түске ұрынбай, 
Түн қатып жүріп түс қашпай, 
Тебіңгі теріс тағынбай, 
Темір қазық жастанбай, 
Қу толағай бастанбай, 
Ерлердің ісі бітер ме? 

Махамбет Өтемісұлы

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет