Махамбет Өтемісұлы шығармалары



Pdf көрінісі
бет3/9
Дата10.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1603
1   2   3   4   5   6   7   8   9

69
СӨЙЛЕСЕМ ДАУСЫМ АҢҚЫҒАН
Сөйлесем, даусым аңқыған, 
Сөйлеуге жүрек талпынған. 
Атасы Беріш болса да, 
Артық пайда көрмедім 
Егіз бенен Балқыдан. 
Алақандай Нарында 
Мұқаммалым шашылды, 
Шағалалы көлдей шалқыған.

Махамбет Өтемісұлы 
70
АСПАНДА ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР
Аспанда ұшқан ақсұңқар, 
Қолымда тұйғын, лашын. 
Қосылған жаста арудың 
Көре алмай кеттім құлашын. 
Арпа жемес арғымақ 
Ақ селеу отқа зар болар. 
Миуа, шекер жемеген 
Алғаным менен балдарым, 
Қоңырсыған дүние-ай, 
Қой етіне зар болар. 
Жапаннан қарсақ ін қазар, 
Хан салдырған жәрмеңке, 
Жырақ болсын бізден бұ базар. 
Қатын қалса, бай табар, 
Қарындас қалса, жай табар. 
Артымда қалған ақсақал 
Алқалай кеңес құрған күн 
Ақылменен ой табар. 
Кейін қалған жас бала, 
Күдер үзіп біздерден, 
Көңілі қашан жай табар?

Махамбет Өтемісұлы
71
ҚАЙДА БАР?
Артымда қалған алғаным, 
Қытайы қызыл көйлегі 
Күнге қойсаң оңар ма?! 
Мұндай қорлық болар ма?! 
Ақсұңқар құстың баласы 
Қасқыр тартқан жемтікке 
Ағармай көзі қонар ма?! 
Қаршыға құсты көп көрдім, 
Қайрылып қазға қараған. 
Қатын, бала, қара орман 
Баршасын жауға алдырған, 
Құрулы жатқан жебеге 
Құрсағынан шалдырған, 
Асыра келіп ойласам, 
Бұл заманның шағында 
Махамбеттей зарығып, 
Мұңды болған қайда бар?

Махамбет Өтемісұлы 
72
АБАЙЛАМАЙ АЙРЫЛДЫМ
Абайламай айрылдым 
Ар жақтағы елімнен – 
Анау Нарын деген жерімнен. 
Тірі кеттім демеймін, 
Кем болмады өлімнен. 
Теңім үлгі алмады 
Аузымдағы желімнен.

Махамбет Өтемісұлы
73
ІСТЕГЕН ІСІМ КЕТТІ ДАЛАҒА
Істеген ісім кетті далаға, 
Қашан өтіп шығам деп, 
Қайғырамын мен-дағы 
Жайықтан арғы далаға. 
Басқа қысым түскен соң, 
Қайрылмастай күн болды 
Қатын менен балаға. 
Барсаң сәлем айта бар 
Ата мен анаға. 
Жаудан аман жан қалса
Қара орман малым садаға.

Махамбет Өтемісұлы 
74
ӨЛЕҢ АЙТЫП ТОЛҒАДЫМ
Өлең айтып толғадым, 
Көкірегімді басарға. 
Қаралай отын жармадым 
Тас қазанға асарға.
Махамбеттей мұңдыға 
Енді келер күн қайда 
Ханға құрған шатырды 
Сүңгіменен түртіп ашарға?

Махамбет Өтемісұлы
75
АЛТЫН ЖАҚСА ЖАРАСАР 
Алтын жақса жарасар 
Жылтыраған күміске. 
Он екі ата байұлы 
Жиылып келсе бұл іске. 
Алты сан алаш ат бөліп
Тізгінін берсе қолыма, 
Заулар едім бір көшке. 
Ата-ананы сөктіріп, 
Ат басына соқтырып, 
Нәлет десе болмас па 
Осылай жүрген жүріске.

Махамбет Өтемісұлы 
76
ӘРАЙНА
Әрайна, билер, Әрайна, 
Арғымағым жарай ма? 
Астыма мінген арғымақ 
Күшіген жүнді, шал жебе, 
Жауына қардай борай ма? 
Ел шетіне жау келсе, 
Азамат ердің баласы 
Намысына шыдай ма, 
Жаттан көмек сұрай ма?! 
Арғымақ жалсыз, 
Ер малсыз,
Алланың не берері болжаусыз, 
Жолдастарым, мұңайма!!!

Махамбет Өтемісұлы
77
МҰҢАЙМА
Ханның ісі қатайды, 
Азамат ерден мал тайды. 
Қанды көбе киініп, 
Бір аллаға сыйынып, 
Ұрандап жауға тигенде, 
Кім жеңері талай-ды, 
Жолдастарым, мұңайма!

Махамбет Өтемісұлы 
78
АЙМАҚ КӨЛ
Аймақ та аймақ, аймақ көл,
Дария болып шалқымас
Аяғы төмен аққан соң.
Айдан жарық нәрсе жоқ,
Сәулесі түспес жаһанға,
Қараңғы түнек басқан соң.
Арыстаннан күшті жан болмас,
О да өледі, жігіттер,
Мергендер таңдап атқан соң.
Алалы жылқы, ақтылы қой,
Аңдыған бөрі жемей ме,
Иесі ұйықтап жатқан соң?!
Шақырғанмен келер ме,
Кешегі менің арыстаным,
Өзі шын барар жерін тапқан соң.
Егізімнен айрылып,
Мен бір аққу болдым халықтан соң.

Махамбет Өтемісұлы
79
КҮН ҚАЙДА?
Айналайын, Ақ Жайық, 
Ат салмай өтер күн қайда? 
Еңсесі биік боз орда, 
Еңкеймей кірер күн қайда? 
Қара бұланның терісін 
Етік қылар күн қайда? 
Күдеріден бау тағып, 
Сауыт киер күн қайда? 
Күмбір-күмбір кісінетіп 
Күреңді мінер күн қайда? 
Толғамалы ақ мылтық 
Толғап ұстар күн қайда? 
Алты құлаш ақ найза 
Ұсынып шаншар күн қайда? 
Садақ толған сай кез оқ, 
Масағынан өткізіп, 
Басын қолға жеткізіп, 
Созып тартар күн қайда? 
Кет-Бұғадай билерден 
Ақыл сұрар күн қайда? 
Бізді тапқан ананың, 
Асыраған атаның, 
Ризалықпен жайласып, 
Қолын алар күн қайда? 
Еділдің бойын ен жайлап, 
Шалғынға бие біз байлап, 
Орындықтай қара сабадан, 
Бозбаламен күліп-ойнап, 
Қымыз ішер күн қайда?

Махамбет Өтемісұлы 
80
АЙНЫМАН
Айтса-дағы айныман 
Көлденеңнің сөзіне. 
Әшкере болған ісім бар 
Жиылған жұрттың көбіне. 
Кеткенім жоқ олжа үшін, 
Кетіп едім елімнен, 
Атаңа нәлет Жәңгірдің 
Бір ауыз айтқан сөзі үшін. 
Баданамды  баса бөктеріп, 
Қасыма жаттан жолдас ертіп, 
Күн, түн қатып жүргенмін, 
Ана Нарында жатқан 
Жас баланың қамы үшін.

Махамбет Өтемісұлы
81
ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫ КӨК ШАЛҒЫН
Жайықтың бойы көк шалғын,
Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті сынды күреңді
Күдірейтіп күнде байлармыз.
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде,
Қамалаған көп дұшпан
Әлі де болса, құлдай қылып айдармыз!

Махамбет Өтемісұлы 
82
АЛТЫ КҮНДЕЙ АЛАУЛАП
Алты күндей алаулап, 
Он екі күндей ой ойлап, 
Ақылды алпыс жаққа шаптырып, 
Ақылы жөнге келгенсін 
Толғай-толғай жүгірген, 
Топырағын суырған, 
Ертеден салса кешке озған, 
Ылдидан салса төске озған, 
Қой мойынды көк жұлын 
Томаға көзді қасқа азбан, 
Көк жұлынды жетелеп, 
Қисық жерден төтелеп, 
Қабырға, қол сөгіліп
Арғымақ ат бүгіліп, 
Әзіреттен ант ішіп, 
Ақыретті жанға байланып, 
Талай жүрдік далада, 
Әділ жаннан түңіліп.

Махамбет Өтемісұлы
83
ҚАРШЫҒА ДЕГЕН БІР ҚҰС БАР
Қаршыға деген бір құс бар, 
Қанаты айдың астында. 
Ұясы оның саяда, 
Қарағай, қайың басында. 
Аңқау өскен ер едім, 
Бұла болып жасымда. 
Бұ қонысқа қондырған 
Ата-бабам оңбасын, 
Таңда – сират  басында.

Махамбет Өтемісұлы 
84
БІЗ НЕТКЕН ЕР
Біз неткен ер, неткен ер? 
Сергелдеңмен өткен ер. 
Еділ менен Дендерден, 
Сағыз бенен Жемдерден, 
Онан да талып өткен ер. 
Арқада Әлім бар-ды деп, 
Қайыспас қара нар-ды деп, 
Оған да барып жеткен ер.

Махамбет Өтемісұлы
85
БІЗ ЕР ЕДІК 
Біз ер едік, ер едік,
Ен Нарында жүргенде
Еріккенде ер едік,
Ерінгенде би едік.
Қалмаққа шатыс хандарды
Қабыландай қайраңға соғып,
Етін талай жеп едік.
Біз Өтемістен туған он едік,
Сол онымыз жүргенде,
Мың сан әскер қол едік.
Біздің жайды сұрасаң,
Ерте көшіп, кеш қонған,
Санаулы сәнді орданың бірі едік.

Махамбет Өтемісұлы 
86
ҰЛ ТУСА
Күнқақты ердің астында 
Көп жүгіретін күлік бар. 
Көн садақтың ішінде 
Көбе бұзар жебе бар. 
Қарайғанның, жігіттер, 
Бәрін кісі демеңіз, 
Көпе-күндіз тайраңдап, 
Түзге шықпас ерлер бар.
Тауда болар тарғыл тас, 
Тарықса шығар көзден жас. 
Ордалыға көз салма, 
Оғы қалса, жоғалмас. 
Топтан озған тарлан боз, 
Тұрасынан айрылса, 
Тасты басып тұра алмас. 
Асылдан болат ұл туса, 
Екі жақ болып тұрғанда, 
Егескен жерде шарт кетер, 
Жауырынынан өтін алса да, 
Жамандарға жалынбас.

Махамбет Өтемісұлы
87
АЙ АСТЫНДА БІР КӨЛ БАР
Ай астында бір көл бар,
Ат шаптырса жеткісіз. 
Ортасында алуа, секер бар, 
Татқан  қулар кеткісіз. 
Қарада да қара бар, 
Хан ұлы басып өткісіз. 
Алланың бір күні бар, 
Бір жарым ай жеткісіз. 
Мұңдас ерлер болмаса
Менің айтқан сөзімнің 
Құлқына жаман жеткісіз.

Махамбет Өтемісұлы 
88
АСПАНДАҒЫ БОЗТОРҒАЙ
Аспандағы бозторғай 
Бозаңда болар ұясы. 
Бозаңның түбін су алса, 
Қайғыда болар анасы. 
Қара лашын, ақ тұйғын 
Қайыңда болар ұясы. 
Қайыңның басын жел соқса, 
Қайғыда болар анасы, 
Айланбастың Алатау 
Бауырында болар саясы. 
Тоқсан тарау су ақса, 
Дария болар сағасы. 
Сан шерулі қол болса, 
Батырлар болар ағасы. 
Аз сөйлесіп, көп тыңдар 
Хас асылдың баласы.

Махамбет Өтемісұлы
89
ҚАЛЫ КІЛЕМ, ҚАРА НАР
Қалы кілем, қара нар 
Жарасады қатарға. 
Аруана жисаң жарасар 
Ұлы күнде сапарға. 
Қаумалаған қарындас 
Қазақта бар да, менде жоқ, 
Арызымды айтарға.

Махамбет Өтемісұлы 
90
КҮМІСТІ МЫЛТЫҚ ҚОЛҒА АЛЫП
Күмісті мылтық қолға алып, 
Көлден қуларды ұшырдым. 
Қолымдағы құсымды 
Қапылдықпен   ұшырдым. 
Алтыннан әйбәт тор жасап, 
Ақырда қолға түсірдім.

Махамбет Өтемісұлы
91
ШАМДАНСАМ, ШАЛҚАМНАН 
ТҮСЕР АСАУМЫН
Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, 
Шамырқансам, шатынап сынар болатпын, 
Құс ілген қуда сын жоқ ұятпен. 
Жігіт жауға шаппай калар деймісің? 
Қанды көбе киініп,
Бір аллаға сыйынып, 
Кезенген жауға кез келдік 
Жалаң найза, бір атпен.

Махамбет Өтемісұлы 
92
МІНЕ АЛМАҒАН АЛАҒА
Міне алмаған алаға-ай, 
Шыға алмаған құба далаға-ай 
Мұсылманның баласын 
Атаңа нәлет Жәңгір хан 
Көзінен тізіп жіберді-ау 
Орынбор деген қалаға-ай!

Махамбет Өтемісұлы
93
ТІЛЕК 
Балуан жолбарыс секілді 
Алысқанды алып ұрған білегім. 
Қамалаған жаудан қайтпаған, 
Қайнаған қара болаттай 
Қарсы біткен жүрегім. 
Ертеден кешке шейін зарласам
Бермей ме екен құдайым 
Біздей тарыққан ердің тілегін?

Махамбет Өтемісұлы 
94
БІЗДІҢ АНАУ НАРЫНДА
Біздің анау Нарында
Бір төбелер бар еді
Айналасы ат шаптырса жеткісіз.
Қиқулап ұшқан қырғауыл,
Күніңде құлай да басып өткісіз.
Байларымның қонаққа сойған тайлары,
Ертең келген жақсылар
Кешке үйінен кеткісіз.
Қойды мыңға толтырған 
Нарынның ана құмдары. 
Түйені жүзге толтырған 
Көкпекті, шытыр жерлері. 
Жатып қалған тайлағы 
Жардай атан болған жер!
Жабағылы тоқтысы 
Қой болып, қора толған жер! 
Балдырғаны білектей, 
Баттауығы жүректей, 
Ондай қоныс маған жоқ, 
Құдай қылды, амал жоқ.

Махамбет Өтемісұлы
95
БІТКЕН ІСТІҢ МІНІ ЖОҚ
Біткен істің міні жоқ, 
Бітірген ердің кемі жоқ, 
Тура ажалдың емі жоқ. 
Арқада жатқан ақ киік 
Атып алып, етін жеп, 
Ішіп қандым сорпасын. 
Сапырулы сары балдан, 
Еш те бір жерде кемі жоқ. 
Жасыл ала үйрек, қоңыр қаз 
Жайқай ұшқан көлде жоқ. 
Тар қолтықтан оқ тисе, 
Тарыққанда қайрылар, 
Қарындасым менде жоқ. 
Балдағы алтын ақ болат, 
Салайын десем қын да жоқ. 
Қанатынан қайрылып, 
Ит алған қуда сын да жоқ.

Махамбет Өтемісұлы 
96
АРҒЫМАҚҚА ОҚ ТИДІ
Арғымаққа оқ тиді 
Қыл мықынның түбінен. 
Ер жігітке оқ тиді 
Ауыз омыртқаның түбінен. 
Жантайып жатып көп іштім, 
Жаздықтың шалшық көлінен. 
Қайтейін енді, дүние-ай, 
Жағдайсыз кетіп барамын 
Қасымда көмектің кемінен.

Махамбет Өтемісұлы
97
МЕН АҚСҰҢҚАРДАН ТУҒАН ҚҰМАЙМЫН
Мен ақсұңқардан туған құмаймын
Бір сұңқарға жұбаймын. 
Сауырыма қамшы тигізіп, 
Шаппай неғып шыдайын?! 
Түбін қазған мен – бәйтерек, 
Толқуменен құлаймын.

Махамбет Өтемісұлы 
98
МЕН – ТАУДА ОЙНАҒАН ҚАРТ МАРАЛ
Хат оқиды молдалар
Қаламмен тартқан сиядан.
Екі кісі тең барса,
Оңды-ай төре береді,
Ақылға жетік би адам.
Мен – тауда ойнаған қарт марал,
Табаным тасқа таяр деп,
Сақсынып шыққан қиядан.
Қайыңның басын жел соқса,
Қаршыға құс қайғырар,
Балапаным суға кетер деп,
Мамығын төккен ұядан.
Ол-дағы біздей болған сорлы екен!

Махамбет Өтемісұлы
99
ПЫР-ПЫРЛАЙ ҰШҚАН ҚАСҚАЛДАҚ
Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ, 
Көлінде жатып көркеймес 
Өртенсе көлдің қоғасы. 
Аруана мая күңіренер, 
Бауырынан өлсе баласы. 
Суда жүзген нән балық 
Шағала құсқа жем болар, 
Үзілсе көлдің сағасы. 
Атадан қалған сауыттың 
Шығыршығын тот басар, 
Жыртыла тозса жағасы.

Махамбет Өтемісұлы 
100
КҮН БОЛҒАН
Таудай болған талаптың, 
Назары қайтқан күн болған. 
Жібектен бауы көнеріп, 
Ақсұңқар ұшқан күн болған. 
Бағаналы боз орда 
Еңкейіңкі күн болған. 
Телегей теңіз шалқыған 
Қоғалы көлдер суалып, 
Тізеге жетер, жетпес күн болған 
Жапанға біткен бәйтерек 
Жапырағынан айрылып, 
Қу түбір болған күн болған. 
Алқалаған жер болса, 
Азамат басы құралса, 
Мәшурәт кеңес сұралса, 
Мәшурәт берер ер едік. 
Исатайдан айрылып, 
Алқалай келген кеңесте 
Дем құрыған күн болған.

Махамбет Өтемісұлы
101
МЕН ЕДІМ
Боз ағаштан биік мен едім, 
Бұлтқа жетпей шарт сынбан. 
Ел құтқарар ер едім – 
Жандаспай ақыры бір тынбан. 
Томағалы сұңқар мен едім – 
Толғамалы найзамен 
Толықсып жауға шапқанда, 
Бір озғанмын жұртымнан. 
Ер дұшпаны көп болар, 
Қатын – дұшпан, жігіттер, 
Не демес дейсің сыртымнан?!

Махамбет Өтемісұлы 
102
ЖӘҢГІРГЕ АЙТҚАНЫ
Хан емессің, қасқырсың, 
Хас албасты басқырсың. 
Достарың келіп табалап, 
Дұшпаның сені басқа ұрсын.
Хан емессің, ылаңсың, 
Қара шұбар жылансың. 
Хан емессің, аянсың, 
Айыр құйрық шаянсың.

Махамбет Өтемісұлы
103
МАХАМБЕТТІҢ БАЙМАҒАМБЕТ 
СҰЛТАНҒА АЙТҚАН СӨЗІ
I
Алайма, сұлтан, алайма,
Астыма мінген арғымақ
Аяңдай түсіп марай ма?
Арғымақ дейтін жығылғыр 
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?!
Арғымақ атқа алтыннан  таға қақтырса,
Кілегей қатқан көкше мұз
Ол көкше мұздан таяр ма?!
Атаның ұлы асылға,
Малыңды бер де, басын қос,
Басыңа тарлық іс түссе,
Ол ардақтаған әділ жанын аяр ма?!
II
Мен бір енеден бір едім, 
Күндердің күні болғанда, 
Бір енеден екі едім. 
Екеуіміз бірге жүргенде, 
Уәдеге берік едім. 
Бір енеден үш едік, 
Үшеуіміз жүргенде, 
Толып жатқан күш едік. 
Бір енеден бес едік, 
Бесеуіміз жүргенде, 

Махамбет Өтемісұлы 
104
Алашқа болман деуші едік. 
Өтемістен туған он едік, 
Онымыз атқа мінгенде, 
Жер қайысқан қол едік.
ІІІ
Еділді керіп еңсеген, 
Жайықты керіп жемсеген, 
Таудағы тарлан шұбар біз едік. 
Исатайдың барында, 
Қара қазан, сары бала 
Қамы үшін қылыш сермедік. 
Шабытымыз келгенде, 
Ауызы түкті кәуірдің, 
Шетінен сүйреп жеп едік. 
Баста дәурен тұрғанда, 
Біздер-дағы, Байеке, 
Оза көшіп, кең жайлап, 
Еркіннен еркін жатқан ел едік.
ІҮ
Еділ үшін егестік, 
Жайық үшін жандастық, 
Қиғаш үшін қырылдық, 
Тептер үшін тебістік. 
Тендікті, малды бермедік, 
Теңдіксіз малға көнбедік. 
Со секілді асқан қайраттан 
Ойлашы, кәні, не таптық?!

Махамбет Өтемісұлы
105
Ү
Ханның кірген ақ орда,
Бұзуын ойлап кеңестік. 
Аламанға жел бердік, 
Аса жұртты меңгердік. 
Қара қазақ баласын 
Хан ұлына теңгердік. 
Өздеріңдей хандарды 
Қабырғасын сөгілтіп,
Қабырғадан аққан қан 
Ат бауырына төгілтіп, 
Ғәділ жаннан түңілтіп, 
Ат көтіне өңгердік. 
Күндердің күні болғанда, 
Со секілді қайраттан, 
Ойласаңдар, не көрдің?!
VI
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарында,
Басушы едім құлаштай.
Жәбір беріп, жала етсең,
Былғанған басым ыласқа-ай.
Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса, тағы жетілдім,
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркімен бетімді-ай.

Махамбет Өтемісұлы 
106
Есігіңнің алдына
Ұрмай-соқпай келтірген,
Арманың бар ма құдайға
Мынау Махамбет сынды жетімді-ай!!!
VII
Ханнан кегім ала алмай
Арқаның алпыс саласына барғанда, 
Айдаһардай арбадың, 
Арбадың да қалмадың. 
Қайрат қылар ерің біз болсақ, 
Заманымда болған, сұлтаным, 
Бізді жіпсіз байладың.
VІІІ
Еділ мен Жайық жер еді-ау,
Мекен еткен шаруаға,
Жағасы қорған жай еді-ау.
Жай қоныстан айрылып,
Мен бір қаңғырып жүрген қарашың,
Қайта-қайта шақыртып,
Менде қандай ауыр ақың бар еді-ау?
Қаңғырған емей немене,
Қара баста сенім жоқ.
Қаттылық емей немене,
Ханның бетін көру жоқ.
Кәрің қатты, хан ие,
Қанша қаттылық етсең де,
Ажалдан бұрын өлім жоқ.

Махамбет Өтемісұлы
107
IX
Мен ақ сұңқар құстың сойымын, 
Шамдансам, тақсыр, кетермін. 
Кетпей де нешік етермін? 
Бұл барғаннан барармын, 
Қиядан орын алармын. 
Өтініп алып, от жақпан, 
Дұшпанға қылыш шабармын. 
Тілекті Тәңір оңғарса, 
Бөліне көшкен еліңді 
Үріккен қойдай қылармын. 
Жарыла көшкен еліңді, 
Жаралы қудай қылармын. 
Мен кеткенмен, тек кетпен, 
Сізден артық табармын. 
Ашуыма көп тисең, 
Өзекті жанға бір өлім, 
Ордаңды талқан қылып шабармын.
Бірсіндеп садақ асынған, 
Біріндеп жауды қашырған, 
Құйқылжыған құла жирен ат мінген, 
Құйрық-жалын шарт түйген, 
Мен кескекті ердің сойымын, 
Кескілеспей бір басылман. 
Алдыңа келіп тұрмын деп, 
Ар, намысымды қашырман. 
Сүйегім тұтам қалғанша 
Тартынбай сөйлер асылмын. 

Махамбет Өтемісұлы 
108
X
Ай, тақсыр-ай, ай, тақсыр, 
Бойың жетпес биікпін, 
Бұлтқа жетпей, шарт сынбан. 
Айта келген сөзім бар, 
Не қылсаң да, жасырман. 
Шамдансам, жығар асаумын, 
Шамырқансам, сынар болатпын, 
Кәр қылар деп тақсыр-ау, 
Аяғыңа бас ұрман. 
Байеке, сұлтан, ақсүйек, 
Қыларың болса, қылып қал, 
Күңдердің күні болғанда 
Бас кесерім жасырман!
XI
Ақсүйек, сұлтан, Байеке, 
Әкім болған сен едің. 
Алдыңа келіп арыз айтар 
Қас қарашың мен едім. 
Іштегі толған шерімді 
Бір толғасам деп едім. 
Алдыңа отырып, Байеке, 
Арызымды айтып толғадым, 
Іштегі түйін шешілді.
Айтып-айтпай немене, 
Ер тілегі кесілді. 
Мінгенде аттың тұяғы 
Таға салмай тесілді.

Махамбет Өтемісұлы
109
XII
Ай, тақсыр-ау, ай, тақсыр,
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
«Ханым, ханым» дегенге
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды.
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді.
Тәуекел хаққа бел байлап,
Қималы найза өңгеріп,
Бозбалаға жел беріп,
Атқа мініп шыққанда,
Ұлым қалмақ сенің де,
Көрер едім көтіңді.
XIII
Мен, мен едім, мен едім, 
Мен Нарында жүргенде 
Еңіреп жүрген ер едім. 
Ерегіскен дұшпанға 
Қызыл сырлы жебе едім. 
Жақсыларға еп едім, 
Жамандарға көп едім. 
Ерегіскен дұшпанның, 
Екіталай болғанда, 
Азыққа етін жеп едім. 

Махамбет Өтемісұлы 
110
Ежелден табан аңдысқан
Хан баласы ақсүйек,
Ата дұшпан сен едің,
Аңдыған жауың мен едім.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Хан баласы ақсүйек,
Байеке, сұлтан сен болып,
Сендей нар қоспақтың баласы,
Қайсы бір жерде  жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем.
XIV
Мен, мен едім, мен едім, 
Мен Нарында жүргенде 
Еңіреп жүрген ер едім. 
Исатайдың барында, 
Екі тарлан бөрі едім. 
Қай қазақтан кем едім? 
Бір қазақпен тең едім. 
Өздеріңдей хандардың, 
Қарны жуан билердің, 
Атандай даусын ақыртып, 
Луәзін көкке шақыртып, 
Олжа қылсам деп едім. 
Еділдің бойы ен тоғай, 
Ел қондырсам деп едім. 
Еңсесі биік ақ орда, 
Еріксіз кірсем деп едім. 

Махамбет Өтемісұлы

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет