Махамбет Өтемісұлы шығармалары



Pdf көрінісі
бет2/9
Дата10.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1603
1   2   3   4   5   6   7   8   9

33
Қанаты жатыр қалбиып, 
Өз қанымен сауыс боп.
Әсем жүні боялды 
Өзінің қан-жынымен. 
Таңдаулы тәубе тауысты 
Жеп-ақ кетті шынымен.
Таңдаулысың, тәуірсің 
Сен-дағы керім тауыстай. 
Құмарлық – бұлт көшпелі, 
Тұра ала ма ауыспай.
Бірақ сені лашынның 
Құмартқанын білмессің. 
Ілінбей де қалмассың, 
Сыбағалы жүлдесің.
Ақылыңа өлшеп бұл сөзді, 
Өрістеп ойың толғасын. 
Келемеж қылған шалыңыз 
Бармақтай байғыз болмасын.

Дулат  Бабатайұлы 
34
ДУЛАТТЫҢ АЙТҚАНЫ
Барақ төренің тұсында Қызай деген ел жылқы әкетіп, 
соны қуып Барақ, Бетеке, Дулат үшеуі барыпты. Сонда 40 
күн  жатып,  бітім  алып  қайтыпты.  Қызайда  Қосет  деген 
ақын бар екен. Сол жерде Дулат айтқан деген сөз:
Біз аттандық Қызайға,
Сиынып шықтық құдайға,
Бетеке, Барақ бас қосып,
Жіберме сөзді ылайға.
Қызайдың жедік байталын,
Қазып алдық сайтанын,
Алтай жүріп жазды алдық,
Қоңыр Оба, Сазды алдық;
Бір үлкен көлі бар екен,
Айнала атып үш жүз үйрек, қазды алдық,
Аяғына келгенде Қосет деген тазды алдық, –
депті.  Қызайдың  адамдары  өздерінің  ақынының  кем-
шілігін  (тазын)  айтқан  соң,  «Тіліне  шоқ  түскір  Дулат-
ты малын беріп қайырайық», — деп, көзі бар малының 
көзін  беріп,  көзі  жоғына  толық  төлеу  беріп,  қайырған 
екен дейді.

Махамбет 
Өтемісұлы
(1803-1846)

ӨЛЕҢДЕР

Махамбет Өтемісұлы
37
БОРАЙ ДА БОРАЙ ҚАР ЖАУСА
Борай  да борай қар жауса, 
Қалыңға боран борар ма?! 
Қаптай соққан боранда 
Қаптама киген тоңар ма?! 
Туырлығы жоқ тұл үйге 
Ту байласаң тозар ма?! 
Ту түбінен тұлпар жығылса, 
Шаппаған нәмарт оңар ма?! 
Ағайынның ары үшін, 
Қарындастың қамы үшін, 
Қатын менен бала үшін, 
Қайрылмай кеткен жігіттің 
Өзін – кәпір, алғанын 
Талам деп айтсаң  болар ма?! 
Асқар, асқар, асқар тау, 
Асқар таудың ақ сұңқар 
Ылдидың аңын шалар ма?! 
Асқар таудың басына 
Лашын, сұңқар түлесе, 
Далада қалған сүйек деп, 
Жүніне қарға жолар ма?!

Махамбет Өтемісұлы 
38
БІРСІНДЕП САДАҚ АСЫНБАЙ
Бірсіндеп садақ асынбай, 
Біріндеп жауды қашырмай, 
Білтеліге  доп салмай, 
Қорамсаққа қол салмай, 
Қозы жауырын оқ алмай, 
Атқан оғы жоғалмай, 
Балдағы алтын құрыш болат, 
Балдағынан қанға боялмай, 
Асыл туған ер жігіт, 
Түсінен шошып оянбай, 
Қарындасқа қанды көбік жұтқызып, 
Халыққа тентек атанбай, 
Үйде отырған жігітке, 
Теп-тегін атақ болар ма?!

Махамбет Өтемісұлы
39
АРҒЫМАҚ, СЕНІ САҚТАДЫМ
Арғымақ, сені сақтадым, 
Құлағың сенің серек деп. 
Азамат, сені сақтадым, 
Бір күніме керек деп. 
Жабыдан туған жаман ат 
Шаба алмайды бөжектеп. 
Қырдан қиқу төгілсе, 
Еділге таман үңілсе, 
Арғымақтың баласы 
Шабушы еді безектеп. 
Жақсыменен дос болсаң, 
Айрылмас күні қос болсаң, 
Басыңа қиын іс түссе, 
Алдыңнан шығар ебектеп, 
Жаныңа не керек деп. 
Жаманменен дос болсаң, 
Айрылмас күні қос болсаң, 
Басыңа қиын іс түссе, 
Басқа кетер бөлек деп. 
Қолдан берер есептеп, 
Сыртыңнан жүрер өсектеп. 
Ат – жігіттің майданы, 
Қылыш – жанның дәрмені, 
Өлім – хақтың пәрмені. 
Атақты ермен бірге өлсе, 
Жігіттің болмас арманы. 
Өте шыққан қызыл гүл 
Бұ дүниенің жалғаны.

Махамбет Өтемісұлы 
40
АРҒЫМАҚТЫҢ БАЛАСЫ 
Арғымақтың баласы 
Арығанын білдірмес, 
Арқамнан қосым қалар деп. 
Ағыны күшті ақ дария 
Қаһарланып толқиды. 
Қанатын күн шалмаған балығым 
Ортамнан ойран салар деп. 
Балағы түкті қоңыр қаз 
Баттауыққа тоя оттамас, 
Сұңқарлар үлгі алар деп. 
Қас жақсының баласы 
Арада тұрып сөйлемес, 
Жауым таба қылар деп. 
Хас патшаның баласы 
Жапанда жалғыз тұрмайды, 
Дұшпандар көзін салар деп. 
Қарқыны күшті көк семсер 
Шапқан сайын дем тартар, 
Сусыным қанға қанар деп. 
Қарақұс қонбас көк сеңгір 
Басына құсты қондырмас, 
Қарауыл қарап тұрар деп, 
Қараса, көзі шалар деп.

Махамбет Өтемісұлы
41
ЕҢСЕЛІГІМ ЕКІ ЕЛІ
Еңселігім екі елі, 
Егіз қоян шекелі, 
Жараған теке мүшелі, 
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартарға қолы ұзын, 
Дұшпанына келгенде 
Тартынбай сөйлер асылмын. 
Құла бір сұлу ат мінген, 
Құйрық, жалын шарт түйген, 
Құм сағыздай созылған, 
Дулығалы бас кескен, 
Ту түбінен ту алған, 
Жауды көріп қуанған, 
Мен Өтемістің баласы 
Махамбет атты батырмын.

Махамбет Өтемісұлы 
42
АТАДАН ТУҒАН АРУАҚТЫ ЕР
Атадан туған аруақты ер, 
Жауды көрсе, жапырар 
Үдей соққан дауылдай. 
Жамандарға қарасаң, 
Малын көрер жанындай. 
Жүйрік аттың белгісі 
Тұрады құйрық-жалында-ай. 
Айтып, айтпай немене, 
Халық қозғалса, 
Тұра алмайды хан тағында-ай.

Махамбет Өтемісұлы
43
АЗАМАТ ЕРДІҢ БАЛАСЫ
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар –
Талаудан татқан дәні бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар.

Махамбет Өтемісұлы 
44
ҚАРА НАР КЕРЕК БІЗДІҢ БҰЛ ІСКЕ 
Толарсақтан саз кешіп, 
Тоқтамай тартып шығарға 
Қас үлектен туған қатепті 
Қара нар керек біздің бұл іске. 
Қабырғасын қаусатып, 
Бір-біріндеп сөксе де, 
Қабағын шытпас ер керек 
Біздің бүйткен бұл іске. 
Маң-маң басқан сары атан 
Маңғыстап шығар өріске. 
Бұрынғыдай қарыштап 
Қона алмадық қонысқа, 
Келе алмадық келіске. 
Жағалай қонып қонысқа, 
Тағы жақын келдік орысқа. 
Ат басына соқтырып, 
Ата-енені сөктіріп, 
Нәлет болсын, жігіттер, 
Біздің осы жүрген жүріске 
Тағыдай таңдап су ішкен, 
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген, 
Тағы сынды мырза едік, 
Тағы да келдік тар жерге. 
Тандансақ тағы болар ма, 
Тәңірінің салған бұл іске.

Махамбет Өтемісұлы
45
ЕМЕННІҢ ТҮБІ – САРЫ БАЛ
Еменнің түбі – сары бал, 
Еріскен көңіл – бәрі бал. 
Жоғарыдан төмен төгейін, 
Керегіңді теріп ал. 
Қасыма ерген, жолдастар, 
Антыңды бұзып айрылма, 
Зейініңді бермен сал. 
Жапанға біткен жасылдай-ау, 
Момындардың басы сау, 
Жаманды байқай қарасаң, 
Күндердің күні болғанда, 
Өз басына өзі жау. 
Арғымақ жақсы ат мініп, 
Жеке шығып елімнен, 
Толықсып толғау толғасам, 
Іштегі қызғын басылды-ау! 
Жапанға біткен бәйтерек, 
Жапырағын байқасаң, 
Жайқалмағы желден-ді, 
Түбіндегі балаусасы белден-ді. 
Хан, төренің кешігіп, 
Кідірмегі елден-ді. 
Кешіп өтпек сайдан-ды, 
Шығынды бөлмек байдан-ды. 
Ақ киіктің орытып, 
Жүгірмегі майдан-ды. 
Батыр болмақ ойдан-ды, 
Айғайласып жауға ти, 
Тәңірім білер, жігіттер, 
Ажалымыз қайдан-ды?

Махамбет Өтемісұлы 
46
ЖАЛҒАН ДҮНИЕ 
Қоғалы көлдер, құм, сулар 
Кімдерге қоныс болмаған?! 
Саздауға біткен құба тал 
Кімдерге сайғақ болмаған?! 
Басына жібек байлаған 
Арулар кімнен қалмаған?! 
Таңдап мінген тұлпарлар 
Иесін қайда жаяу салмаған?! 
Құландар ішпес бұршақ қақ, 
Кімдерге шербет  болмаған?! 
Садағына сары шіркей ұялап, 
Жау іздеген ерлердің 
Қайда басы қалмаған?! 
Ішелік те желік, 
Мінелік те түселік, 
Ойналық та күлелік, 
Ойласаңдар, жігіттер, 
Мынау жалған дүние 
Кімдерден кейін қалмаған?!

Махамбет Өтемісұлы
47
ЕҢІРЕУ ҰЛЫ ЕМШЕК БОЗ 
Еңіреу ұлы емшек боз 
Ер мінген күні берік болсын. 
Еменнің түбі – сары бал, 
Ер ішкен күні көп болсын. 
Түзге аттанып шыққанда, 
Дұшпаның қарсы келгенде, 
Ер дініне берік болсын!

Махамбет Өтемісұлы 
48
ИСАТАЙ ДЕГЕН АҒАМ БАР
Исатай деген ағам бар 
Ақ кіреуке жағам бар, 
Хан ұлымен қас болып, 
Хан үстіне барғанда, 
Қара ұлына дос болып, 
Шабайық ханды дегенде, 
Шапқандай ханды амал бар. 
Амал барда хан шаппай, 
Тәңірім қылды, не амал бар?! 
Ат туады байталдан, 
Айт десең, лебіз қайтарман. 
Халық қайғысын айтуға 
Хан ұлынан тайсалман. 
Төрт, бес жылдай алысып, 
Мына тұрған Иса-екем, 
Ханның бір тауын қайтарған. 
Ат туар ма бұлардай?! 
Ер туар ма бұлардай?! 
Мына отырған Иса-екем, 
Дулығалы бас кесіп, 
Дұшпанының қанына 
Ақ алмасын суарды-ай.

Махамбет Өтемісұлы
49
ЕРІСКЕНДЕЙ ЕР БОЛСА
Еріскендей ер болса,
Соғысқандай жер болса,
Бірме-бірге келгенде,
Әлі де болса бір тәңірге жылармын.
Мен – қарақұстан туған қалықпан,
Сөйлер сөзге жалықпан.
Көптер көзін тіккендей,
Көп соңыма түскендей,
Көптің несін алыппын?
Тыңда, халық, әлеумет,
Көп кісіден анықпын.

Махамбет Өтемісұлы 
50
КЕЛ, КЕТЕЛІК
Уа, Иса-еке, Иса-еке, 
Кел, кетелік, кетелік, 
Кетіп бір Жайық өтелік. 
Атаның жұрты хазірет 
Басына зират етелік. 
Жауырыны қақпақтай, 
Қара айдары тоқпақтай 
Оның да иесін үміт етелік. 
Біліңіз де біліңіз, 
Белді байлап жүріңіз, 
Ат маңдайын тура қойсақ, 
Бермес пе тәңірім тілекті!

Махамбет Өтемісұлы
51
ЖАҚИЯ 
Исатай шыққан бас болып, 
Хан ұлымен қас болып. 
Арыстанымның баласы 
Адағаяда ел таппай, 
Адасқанда жөн таппай, 
Арманда қалды жас болып.

Махамбет Өтемісұлы 
52
ӘЙ, МАХАМБЕТ, ЖОЛДАСЫМ
(Исатай атынан)
Әй, Махамбет, жолдасым, 
Аш арыстан жолбарысым, 
Ісімнің білдім оңбасын. 
Оңбаған емей немене, 
Өтірік сөзге алданып, 
Бақытым ауып басымнан, 
Әскерім кетіп қасымнан, 
Жапанда жалғыз қалғасын. 
Өкінгенмен пайда жоқ, 
Құдайым басқа салғасын. 
Мезгілді уақыт болғанда, 
Опасыз мынау жалғанда, 
Ажал қарсы келгенде, 
Қараңғы көрге кіргенде, 
Қасында тұрар жан бар ма? 
Осының бәрін ойласаң, 
Өткенге бекер өкініп, 
Құр жылаудан сән бар ма?! 
Жолдасын жауға алдырып, 
Жанымды қимай қаңғырып, 
Қашатын менде жөн бар ма?! 
Қатын, бала, мал бағып, 
Үйде отырсам да өлем деп, 
Қорлықта жүрген халқыма, 
Бостандық алып берем деп, 
Қырық бір жасқа келгенде, 
Ауыр әскер қол ертіп, 
Жасқұсқа барып кіргенде, 

Махамбет Өтемісұлы
53
Арыстандай ақырған 
Айбатыма шыдамай, 
Хан баласы жылады-ай, 
«Жанымды қи» деп сұрады-ай. 
Ақкөңіл, аңқау жүрекпен, 
Беремін деп мен тұрдым.
Көк бедеуді бауырлап, 
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп, 
Ауыр әскер қол тұрды. 
Қырық бір жасқа келгенде,
Өз дегенім болмаса, 
Өзгенің тілін алмаған, 
Кісі ақылы қонбаған, 
Қанша айтсаң да болмадым, 
Сөзіңе құлақ салмадым. 
Бұрала біткен емендей 
Қисық туған сорлы ағаң. 
Хан сөзіне сенгенім, 
Он күн срок бергенім. 
Әскерімді таратып, 
Он бір күнге қаратып, 
Бекетай құмға келгенім. 
Сүйткен бір қайран халқым-ай,
Қасыма бір келмедің. 
Сол халқымды көрмей өлгенім – 
Не салса да алланың 
Тағдырына көнгенім. 
Қош, аман бол, жолдасым, 
Бұ дүниенің жүзінде, 
Осы болар сені көргенім. 

Махамбет Өтемісұлы 
54
Қапыда өткен дүние-ай, 
Ақырында еш болды-ау, 
Ел үшін еткен еңбегім. 
Атаңа нәлет хан ұлы-ай! 
Тілегін сұрап алғансын, 
Ойлағаны болғансын, 
Патшаға хабар салдырып, 
Патшадан солдат алдырып, 
Құрсағымнан шалдырып, 
Айтып, айтпай не пайда, 
Егеулі найза өңгерген, 
Азды көпке теңгерген,
Қабыланбай мен Қалдыбай, 
Рысалы, Кебек жолдасым, 
Жаудан өлді жолбарысым... 
Сол ерлерден айрылып, 
Исатай мен Махамбет, 
Екі арыстан ер қалды-ау! 
Адыра қалғыр қу Нарын 
Талауға түсіп, бүлініп, 
Адамы қойдай қырылып, 
Құлағызып жер қалды-ай! 
Қарағай, қайың, тал, терек, 
Қалың орман, ну қалды-ау! 
Қиқулап құстар қонатын 
Суы тұнық көл қалды-ау! 
Тәрбиелеп өсірген 
Ата мен ана – бұл қалды-ау! 
Қатын жесір, тұл қалды-ау, 
Еңбектеп жиған мал қалды-ау,
Бұлардан жүда қимайтын, 

Махамбет Өтемісұлы
55
Енді менің нем қалды-ау!? 
Тек шықпаған жан қалды-ау! 
Ойлап бір, ойлап қарасам, 
Еңбек етіп ел үшін, 
Арманда өтіп кетті деп, 
Соңыма бір қалған халқыма,
 Артымда бір атақ, даңқ қалды-ау! 
Сәлем айтып кетейін, 
Артымда қалған елдерге, 
Арманымды айтып кетейін 
Найза ұстаған ерлерге. 
Арыстан туған Исатай 
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп, 
Олардың кегін алуға, 
Кезек бізге жетті деп, 
Қиналар ма екен біздерге? 
Қиналсаңыз біздерге,
Мың рахмет сіздерге. 
Қапыда өткен дүние-ай, 
Халқымның көрген қорлығы, 
Хандардың еткен зорлығы, 
Ақ жүрегін тербетіп, 
Ер көңілін желдетіп, 
Ақсүйектің баласын 
Қара ұлына теңгеріп, 
Қоңыраулы найза өңгердім. 
Жетімдерге – жем бердім, 
Жесірлерге – жер бердім. 
Ақырында дүние-ай, 
Сол ерліктен не көрдім!? 

Махамбет Өтемісұлы 
56
Жолдасқа билік бермедім, 
Кешегі хан үстіне барғанда, 
Ақсүйектің баласы 
Бақадай шулап тұрғанда 
Ерлікпенен алданып, 
Өзіме-өзім қас қылдым. 
Сырлы зерен аяқпен 
Бал ұрттаған ер едім. 
Бір уақыттар болғанда, 
Көктей өтіп Жайықты, 
Бір қасық ішкен қара су 
Жұмасына ас қылдым. 
Осы жақта мен өліп, 
Артымда тірі сен қалсаң, 
Жаңа өспірім Жақияны, 
Жолдасым, саған тапсырдым!

Махамбет Өтемісұлы
57
МІНГЕНІ ИСАТАЙДЫҢ АҚТАБАНЫ-АЙ
Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай, 
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай. 
Зеңбірек үш атқанда дарымады, 
Құдайдың, міне қара, сақтағаны-ай.
Мінгені Исатайдың көгілдір-ай, 
Әскерін Барша құмға төгілдірді-ай. 
Мыңды алған, бірді беріп Ақтабанды, 
Жыландай белге соққан бүгілдірді-ай. 
Баласы Исатайдың Жақия-ды, 
Жақия жауды көрсе ақияды. 
Түлейді түнде жортқан жолбарыстай, 
Алдырдым қабыланымды қапияда-ай!

Махамбет Өтемісұлы 
58
СОҒЫС
Әскер жиып аттандық, 
Бекетай еді тұрағым, 
Айғайлап жауға тигенде, 
Ағатай, Беріш – ұраным. 
Бекетай құмға ел қонып, 
Байбақты Жүніс аттанды 
Қосылуға дем болып. 
«Құдайлады» хан ұлы, 
Іздеген жауы біз болып. 
Жау қарасы көрінді, 
Жиылған әскер бөлінді. 
Исатай – басшы, мен – қосшы, 
Исатайдың сол күнде 
Ақтабан аты астында, 
Дулығасы басында, 
Зығырданы қайнайды. 
Астына мінген Ақтабан 
Ақ бөкендей ойнайды. 
Қасына ерген көп әскер 
Маңыраған қойдай шулайды. 
Артымыздан келіп қол жетті, 
Аз жетпеді, мол жетті. 
Жеткен жерін айтайын, 
Беке құмның басында, 
Ағаш үйдің қасында 
Түніменен түйіндік, 
Таң атқанша тарандық. 
Таң ағарып атқан соң, 
Төңірек жаққа қарандық. 
Қарап тұрсақ әр жерден 

Махамбет Өтемісұлы
59
Жау бір өрттей қайнайды. 
Қайнағанмен қоймайды, 
Мылтығын қардай боратып, 
Жетіп келді қамалға, 
Қамалды бұзып аларға.
Толғай-толғай оқ атқан, 
Он екі тұтам жай тартқан, 
Қабырғасын қақыратқан, 
Тебінгісін тесе атқан, 
Тізгінінен кесе атқан, 
Біздің қайсар батырдың 
Жүрегін сөйтіп оятқан.
Әскердің алды бөгелді, 
Қырдан ойға төгілді. 
Орыс добын үш атты, 
Доптың үні шыққанда, 
Сонда батыр жөнелді. 
Жөнелмей батыр не қылсын, 
Ерсары мен Қалдыбай 
Екі арыстан теңелді. 
Жетім-жесір кеп қалды, 
Орыс-ноғай кенелді. 
Қызғыштай болған есіл ер 
Қайран да жұрттан не көрді?!

Махамбет Өтемісұлы 
60
ЖАБЫҒУ
(Исатай атынан)
Күн жадына қарасам, 
Жедінің  оны құралай. 
Аспанды борай қар жауып, 
Аштырмайды көзімді, 
Қақтырмайды кірпікті, 
Соғады боран сабалай. 
Халық үшін қанды төгем деп, 
Қараны ханға теңеп берем деп, 
Ол мақсатқа жете алмай, 
Дегенімді ете алмай, 
Қор болдым-ау, шырақ-ай!

Махамбет Өтемісұлы
61
ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛМАЙ
Ереуіл   атқа ер салмай, 
Егеулі найза қолға алмай, 
Еңку-еңку жер шалмай, 
Қоңыр салқын төске алмай,
Құбыланы дөрткүл оңға алмай 
Тебінгі терге шірімей, 
Терлігі майдай ерімей, 
Алты малта ас болмай, 
Өзіңнен туған жас бала 
Сақалы шығып жат болмай, 
Ат үстінде күн көрмей, 
Ашаршылық, шөл көрмей, 
Арып-ашып жол көрмей, 
Өлеңті төсеп ет жемей, 
Ер төсектен безінбей, 
Ұлы түске ұрынбай, 
Түн қатып жүріп, түс қашпай, 
Тебінгіні теріс салмай, 
Темір қазық жастанбай, 
Қу толағай бастанбай, 
Ерлердің ісі бітер ме?!

Махамбет Өтемісұлы 
62
МІТКЕН ЕР
Міткен де міткен, 
міткен ер,
Бұ секілді неткен ер?! 
Жағалай жатқан Жайықтан 
Құралайдың күнінде 
Еркек қойдай бөлініп, 
Қырқарланып өткен ер, 
Күншығыстың астында, 
Күнбатыстың тұсында 
Қарындасым бар-ды деп, 
Қабырғасын сөксе де, 
Қанын судай төксе де, 
Қайыспас қара нар-ды деп, 
Маңдайынан күн өтіп, 
Жауырынынан жел өтіп, 
Күн астымен желген ер. 
Айтып-айтпай немене? 
Исатай зая болғалы, 
Серкесінен айрылып, 
Сергелдең болған біздің ел.

Махамбет Өтемісұлы
63
ТАРЛАНЫМ
Таудан мұнартып ұшқан тарланым,
Саған ұсынсам қолым жетер ме?
Арызым айтсам өтер ме?
Арыстаным, көп болды-ау,
Саған да менің арманым?
Кермиығым, кербезім!
Керіскедей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған,
Тереңнен кезін ойдырған
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған,
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан,
Айғайласа белдігі байланған,
Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атылған оғы Еділ, Жайық тең өткен,

Махамбет Өтемісұлы 
64
Атқанын қардай боратқан,
Кек шыбығын қанды ауыздан жалатқан
Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!

Махамбет Өтемісұлы
65
МҰНАР КҮН
Мұнар да мұнар, мұнар күн, 
Бұлттан шыққан шұбар күн. 
Буыршын мұзға тайған күн, 
Бура атанға шөккен күн. 
Бұлықсып жүрген мырзадан 
Бұрынғы дәулет тайған күн. 
Қатарланған қара нар 
Арқанын қиып алған күн.
Алма мойын аруды 
Ат көтіне салған күн. 
Бұландай ерді кескен күн, 
Буулы теңді шешкен күн. 
Сандық толы сары алтын, 
Сапырып судай шашқан күн.
Түс қыла көр, құдайым, 
Біздей нақ мейманасы тасқанға, 
Біздің ер Исатай өлген күн, 
Он сан байтақ бүлген күн. 
Орта белін сырлаған 
Оқ жаңбырдай жауған күн. 
Оң қанатын теріс жайып, 
Лашын қуға төнген күн. 
Желпілдеген ала ту 
Жиырылып ойға түскен күн.
Жез қарғылы құба арлан 
Жез қарғыдан айрылып, 
Қорашыл төбет болған күн. 

Махамбет Өтемісұлы 
66
Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн. 
Арқауылдың бойынан 
Теріскей дауыл соққан күн. 
Сағағы болат қылыштың
Балдағынан сынған күн. 
Хас бәйтерек жығылып, 
Жығылғаны естіліп, 
Алыстағы дұшпанның, 
Жақындағы «достының»
Қуанып көңілі тынған күн.

Махамбет Өтемісұлы
67
ЖЕЛП-ЖЕЛП ЕТКЕН АЛА ТУ
Желп-желп еткен ала ту 
Жиылып алар күн қайда? 
Орама мылтық тарс ұрып, 
Жауға ататын күн қайда? 
Елбең-елбең жүгірген, 
Ебелек отқа семірген, 
Арғымақтан туған асылды 
Баптап мінер күн қайда? 
Алаштағы жақсыдан 
Батасын алып, дәм татып, 
Түлкідейін түн қатып, 
Бөрідейін жол жатып, 
Жауырынына мұз қатып, 
Жалаулы найза қолға алып, 
Жау тоқтатар күн қайда?

Махамбет Өтемісұлы 
68
ТАЙМАННЫҢ ҰЛЫ ИСАТАЙ
Арғымақтан туған қазанат, 
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын 
Күніне көз көрінім жер шалғысыз, 
Айырдан туған жампоз бар, 
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар, 
Әсілін айуан десе нанғысыз. 
Жаманнан туған жақсы бар, 
Атасын айтса нанғысыз. 
Жақсыдан туған жаман бар, 
Күндердің күні болғанда, 
Жарамды бір теріге алғысыз. 
Тайманның ұлы Исатай 
Ағайынның басы еді, 
Алтын ердің қасы еді, 
Исатайды өлтіртіп 
Қырсық та шалған біздің ел.

Махамбет Өтемісұлы

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет