еҢбеГімеН еСейГеН
Жақында ғана жетпіс жылдық тойын атап өткен қарт
ҚазПИ-дің (қазіргі АлМУ) қара шаңырағынан кімдер түлеп
ұшпады дейсіз?.. Республикамызда ұлағатты ұстаздар
мен білімді тәлімгерлердің талай ұрпағын баулып, үлкен
өмір жолына аттандырған осы алтын ұядан бір кездерде
мыңдаған жас жеткіншектер балапан құстай қанат қағып,
талпынып ұшқан еді. Сол түлектердің бірі – филология ғы-
лымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақов бола-
тын. 1951 жылы институтты тамамдаған оны ғылым жолына
баулыған ұстазы профессор С. Аманжоловтың өтінішімен
аспирантураға қалдырған еді. Сол жылдың қазан айында
Ғылым академиясының Тіл білімі институтына қызметке
қабылданған Телағаң осы күнге дейін тапжылмай, табан
аудармай бір мекемеде қызмет істеп келеді. Міне, оның
ғылыми-ұстаздық өмір жолына да 50 жыл толыпты. «Әркім
өзінің сүйген ісінің құлы» деген емес пе, жоғары оқу орын-
дарына әлденеше рет түпкілікті қызметке шақырылғанмен,
өз өмірін ғылымға бағыштаған ол әр жылдары универси-
теттерде ономастика мен лексикологиядан дәріс оқып, ұс-
таздық жолды да жалғастыра берді. Ұлы Абайдың «Ғылым
таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген нақыл сөзін
берік ұстанды.
Адам баласының өмірін бір арнаға түсіретін жағдайлар
болады. Сондай бір оқиға оның да өмір жолына бағдар
болды. Ол сәті түсіп, 1954 жылы Мәскеу-Ленинградқа іс-
сапармен барады. Есімі әлемге әйгілі түркітанушы, КСРО
Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор
С.Е. Маловқа жолығады. Қарапайым да кішіпейіл ғалым
онымен ұзақ әңгімелесіп, кандидаттық диссертацияның
тақырыбын білген соң, сөздердің көпмағыналылығы тура-
лы түркітану білімінде қазір қалам тартқан жан жоқ, ол өте
ауыр, күрделі тақырып екенін айтады. Қазақ тіл білімінде,
жалпы түркітануда ономастика мәселесі әлі тың жатқан
дүние деп, С.Е. Малов оның бір саласы ретінде «Қазақ
184
тіліндегі есімдер» деген тақырыпты ұсынады. «Бұл халық
тілінің тарихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдары-
мен тікелей байланысты, арнасы кең тақырып», – дейді
атақты ғалым.
Міне, осы тақырып бойынша оның жетекшісі болып
академик І. Кеңесбаев белгіленеді де, 1961 жылы кандидат-
тық, ал 1976 жылы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі
мәселелері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап
шығады. Содан бері ғалым қазақ тіл білімінің ономасти-
ка, лексика, лексикология, терминология салалары және
фольклор, көркем аударма бойынша қалам тартып, қыруар
еңбек жазды. Екі жүзден аса жұмыстарының ішінде бес
монография, он үш кітап пен кітапша, он төрт сөздік болса,
басқалары көлемді ғылыми және ғылыми-көпшілікқолды
мақалалар. Олардың арасында жақын және алыс шетелдерде
жарияланғандары да бар.
Оның «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер», «Қазақ
есімдерінің тарихы», «Основные проблемы ономастики ка-
захского языка», «Очерк казахской ономастики», «Орталық
Қазақстанның жер-су аттары», «Тюркская ономастика. Пер-
спективы и развитие» сияқты еңбектерінің мәні айрықша
зор. «Есімдер сыры», «Сіздің есіміңіз», «Қазақ есімдері»
деген кітаптары әр үйдің кітап сөресінде, құжат дайындау
мекемелері мен Азаматтық хал актілерін тіркейтін орындар-
да кеңінен пайдаланылатын қажетті құралдар. Ғалымның
зерттеулерінде антропонимия (кісі аттары), топонимия (жер-
су аттары), этнонимия (ру, тайпа аттары), космонимия, астро-
нимия және зоонимия атауларының жасалу заңдылықтары
мен ерекшеліктері, лексикалық қабаттары мен тілдік
табиғаттары, этимологиясы қоғам өмірімен, тіл тарихы,
азаматтық тарихымен, сондай-ақ тарих, этнография, гео-
графия ғылымдарымен өзара байланысы кеңінен талданған.
Әсіресе ру, тайпа аттарының (этнонимдер) шығу, тайпа болу
тарихы, оның ішінде басты, негізгі тайпалар мен «қазақ»
атауының шығу төркіні, этимологиясы қалың жұртшылық
назарын аударған, елеулі еңбек ретінде бағаланады. «Қазақ»
185
сөзінің шығуы және басқа мақалаларының Қытай Ғылым
академиясының ғылыми журналында 1989-90 жылдары
қытай тілінде жариялануы да бұған толық айғақ.
Ол І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, А. Ысқақовтармен бір-
лесе отырып, көптеген еңбектердің жарыққа шығуына зор
үлес қосқан ғалым. Телағаң «Тіл білімінің терминдері» атты
тырнақалды тұңғыш еңбегін (1956) І. Кеңесбаевпен бірлесіп
жазса, С. Аманжолов екеуі жинап бастырған «Қазақ халық
жұмбақтары» деген кітапша (1959) кезінде М. Әуезовтің
алғы сөзімен жарық көрген.
Телағаңның тікелей атсалысуымен шыққан «Қазақ тілі
түсіндірме сөздігі» (10 томдық), «Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі» (2-томдық), «Абай тілінің сөздігі», «Қазақстан
географиялық атауларының сөздігі» атты еңбектер өз алды-
на бір төбе. Телағаңның ғалым ретінде қалыптасып, елеулі
табыстарға жетуі, тіпті тұтас тағдыры А. Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институтымен байланысты. Қаршадай
кезінде Тіл білімі институтына келген ол бұл кезде айту-
лы ғалым, ардақты аға, ұлағатты ұстаз. Барша жұрт құрмет
тұтар сыйлы азамат. Осыншама құрметке Телағаң еңбегінің
арқасында жетті.
Ол 1984 жылы Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов
атындағы сыйлығының, 1988 жылы Қазақстан Республика-
сы Мемлекеттік сйылығының иегері деген жоғары атақтарға
ие болды. 1991 жылы түркітану ғылымы бойынша про-
фессор атағы берілсе, 1995 жылы Гуманитарлық ғылымдар
академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды.
Ол кісінің еңбегі ономаст ғалымдар арасында өте жоға-
ры бағаланады. Польшадағы Краков, Германиядағы Лейпциг,
Финляндиядағы Хельсинки қалаларында өткен халықаралық
ономастикалық конгрестерде ол қазақ ономастикасының
мәселелері бойынша баяндама жасады. Шетел ғалымдарына
қазақ тілін, елін танытты. Қазақ ономастикасы жөнінде ол
Мәскеу, Ленинград, Киев, Одесса, Баку, Ташкент, Самар-
қанд, Қарши, Бішкек, Алматы қалаларында болып өткен кон-
ференцияларға да қатысты. Баяндамалары жинақтарда жа-
186
рияланды. Оның осы мәселесі бойынша академик Ә.Т. Қай-
дармен бірге жазған «Атамекен атауындағы ақтаңдақтар»,
«О судьбе языка земли казахской», «Атаулыар – тарих ай-
ғағы», «Қазақ Республикасындағы қазақ азаматтарының
есімдері» еңбектері мен әке аттары және ататегін реттеу ту-
ралы тұжырымдамасы зиялы қауымға белгілі. «Республи-
калық Мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктер-
дің атауларын реттеудің, елді мекендердің аттарын өзгерту
және тарихы, географиялық атауларын қалпына келтіру
Тұжырымдамасы» да жалпыға мәлім.
Ғалымның қоғамдық қызметтері мен ғылым кадрла-
рын дайындаудағы еңбегі де елеулі. Ол көп жылдар ҒА Тіл
білімі институты, ҚазМҰУ, АлМУ жанындағы кандидаттық
және докторлық диссертациялар қорғайтын арнаулы кеңес-
тердің мүшесі болған болса, кейін де А. Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институты жанындағы докторлық
диссертация қорғайтын кеңестің және Алматы облыстық,
қалалық ономастикалық комиссиялардың мүшесі. Телағаң
көп жылдардан бері ономастика бойынша Орта Азия мен
Қазақстанда кадр даярлауға белсене атсалысып жүр. Оның
жетекшілігімен оннан аса ғылым кандидаты, кеңесшілігімен
екі ғылым докторы диссертация қорғады.
Телағаңды көргенде менің есіме Абай атамыздың
«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген
сөзі түседі. Ұлы ақын осы бір сөзді Телағаң тәрізді жандар-
ға арнап айтқандай болады да тұрады. Қашан көрсең де
аяңынан жаңылмайтын маңғаз ғалым ақырын жүріп жет-
пістің асқарына шықты. Міне, енді сексеннің сеңгіріне де
селт етер емес. Бастаған ісінен үлкен нәтиже шығарып,
ел-жұртының алғысына бөленіп, абыроймен еңбек етуде.
Қаншама биікке көтерілгенімен, көзге оқшау түсуге тырыс-
пайтын табиғаты сыпайы, мінезі сырбаз жанның қажып-
қалжыраған кезін көрген емеспіз. Іні-қарындастарымен
қатар жүріп, тіл ғылымының ауыр жүгін алқынбай көтері-
сіп келеді. Тіл білімі институты қызметкерлері дайындаған
«Қазақ тілінің сөздігі» атты еңбекті (көлемі 160 баспа табақ)
187
жауапты редактор ретінде өңдеп, толықтырып, баспаға әзір-
леген Телағаңды сексенге қалай қиярсың.
– Телағаның көзі Алатаудың қарақатындай мөлдіреп,
шашы мойылдай боп, тойған қозыдай томпиып жүреді.
Қартаймаудың қандай құпиясы бар? – деп қалжыңдасақ, ол
жымиып күліп, әдеттегі сабырлы мінезімен:
– Біз қиын заманда қар төсеніп, мұз жастанып жүріп өс-
тік. Өмір бізді қиындықпен сынады, сынбастай болып
ержеттік. Өмір болса, ойда жүрген жоспарларды жүзеге
асырсақ деген мақсат бар. Жанымыз қартаймасын, – деп жы-
миып күледі.
Ерінбеген еңбегімен дегеніне жеткен ғалымның іс-жос-
пары көп. Ана тіліміздің білгірі, айтулы ғалым Телқожа
Жанұзақов нағыз кемел шағында. Оның асықпай аяңдап
жүріп те талай-талай биік асулардан аса береріне сенім мол.
тіл төріНе шыққаН еҢбеКтОры
Ұлы Отан соғысынан кейінгі, 1950 жылдардан бастап,
еліміздің ғылым ордасының құдіретті есігін айқара ашып, бар
ғұмырын ғылымға арнаған жас түлектердің көбі бұл күнде
қалың жұртқа танымал, белгілі ғалым, академик, профессор,
ұлағатты ұстаздар дәрежесіне көтерілген. Бұл жәйтті солар-
мен замандас, тағдыры бір профессор Телғожа Жанұзақов-
тың өмірінен де көруге болады. Ол 1927 жылы маусым
айының 15-де аты әлемге әйгілі аспантау Хантәңірі шыңы-
ның етегіндегі шуағы мол, табиғаты сұлу Нарынқол ауы-
лында, текті әулет ұрпағы Сатаев Жанұзақтың отбасын-
да дүниеге келді. Нарынқол, Қарқара, Кеген бастауыш
мектептерінде Ә. Сымағұлов, Б. Момбеков сынды ұстаздар-
дан білім алғанын күні бүгінге дейін есінен шығармай ай-
тып отырады. Сапалы білім беріп, саналы тәрбиеге баулыған
Ж. Жолаева, А. Серікбаев, Ә. Ишмухамбетов, Ш. Мұқаев,
Ш. Батталова (кейін ҰҒА-ның академигі болған) сияқты
ұстаздарын ыстық сезіммен еске алады. Бір отбасының
188
үлкені Күләйдің қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, інісі
Тельманның республикамызда белгілі журналист, ал Тел-
ғожаның ғалым болып қалыптасуына осы ұстаздарының
ықпалы ерекше болғаны анық.
Бірақ оның балалық, жасөспірім шағы Ұлы Отан со-
ғысының нағыз өрт-жалынына тура келген еді. Өзінің құр-
бы-құрдас, сыныптастарымен бірге аудан орталығына жа-
қын жердегі «Тоғызбұлақ» колхозында шалғымен шөп шабу,
астық ору, бастыру, тазалау, балшық айдап, кірпіш құю, мал
бағып, төл алысу сияқты жұмыстар бұғанасы бекіп, буыны
қатпаған өрім жастардың жанына қатты батты. Бұл кезде
аудан өңіріндегі азаматтар түгелімен майданға кетіп жатты.
Бұл жағдайды көріп-біліп, қатты күйзеліске түсіп жүрген
мекеме бастығы әкесі Жанұзақ Сатаев, қолында әскерге
алмау туралы броны бола тұра, сұранып өз еркімен 1942
жылы шілде айында майданға аттанды. 1943 жылы абзал
әкесінің соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы майданнан
«қара қағаз» келді. Бұл кез шәкірт баланың 9-шы сыныпты
бітіріп, колхоз шаруасында жүрген кезі еді. Енді жан бағу,
күн көру үшін мектепті тастауға тура келді де, жұмысқа
тұрды. Күзде 10-шы сыныпқа баруы керек еді, амал қанша...
Дегенмен, білімге құштар озат оқушының мектепті тастап
кетпек болғаны жандарына батқан ұстаздар қалайда 10-шы
сыныпты тамамдап шығуға көндіреді.
1944 жылы мектепті бітірген жас жігіт жұмыс іздеп, та-
банынан таусылып жүргенде, әкесі бастық болып істеген
мекеменің бас бухгалтері А.В. Кириллин оны есепшілік
жұмысқа шақырғанда қатты қуанды. Әлгі шапағаты зор
Алексей ағасы үш айдан соң оны Алматы қаласындағы
6 айлық бухгалтерлік курсқа аттандырады. Оқуын бітіріп,
құжатын қолына алған соң қайта оралған қайратты жас бұл
кісінің қарамағында табаны күректей үш жыл бухгалтер
болып істеп, үлгі-өнеге, ізгілікті тәрбие алып шығады. Бұл
шаруадағы тиянақтылық пен тыңғылықты әрекет, ұзақ та
тапжылмас отырыс, мәдениеттілік пен ұстамдылық жалын-
ды жастың студенттік оқу ісінде де, кейіннен ғалым болып
189
қалыптасуына да зор ықпал жасап, көп ізгі пайдасын тигізді.
Жақсы да жайлы, жаны тыныш іс атқарып жүрсе де, енді
жоғары оқу орнына түсіп, білім алсам, ұстаздарым сияқты
ана тілі мен қазақ әдебиетінен маман болып, шәкірттерді
оқытып, сабақ берсем деген арман бойын билейді. Сөйтіп
жүргенде, Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, жара-
ланса да, аман-сау елге оралған әкесінің інісі Сатаев Сейдін-
ге ақыл салады. Бұл ізгі тілегін қуаттаған ол Алматыға
алаңсыз оқуға аттануға рұқсат етіп, шешесі мен кішкене
інісі Тельманды қолына алып келуге уәде береді.
Талантты жас 1947 жылы Абай атындағы Қазақ педаго-
гика институтының студенті болып қабылданады. 1951 жылы
институтты ойдағыдай бітірген оны ұстаздары профессор
С. Аманжолов пен доцент С. Бақшиловтың ұсынысымен
институт ғылыми кеңесінің шешімі бойынша аспирантура-
ға қалдырады.
1952 жылы сол кезде Ғылым академиясы Тіл және әде-
биет институтының директоры, ұстазы А. Ысқақов сүйікті
шәкіртін қызметке шақырады. Қызметке қабылданғаннан
кейін ұстазы кабинетіне шақырып, оның қолына қомақты
жұмысты ұстатады да: «Мынау «Қазақ тілінің орфография-
лық ережесі», осыны «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас
редакторы Омарғали Құдышевқа тапсырасың, ол кісінің
айтқанын орындайсың», – деп тапсырма береді. Бұл жөнінде
ғалым-профессор Т. Жанұзақовтың өзі: «Омекең мен берген
жұмысты алған соң «ертең сағат 9-да келесің», – деді. Со-
дан біз бұл ережені асықпай-аптықпай, ежіктей отырып, бір
жетідей оқып шықтық. «Енді бұл ереже газет бетінде жа-
рияланады да, жұрт пікір айтады, – деді байсалды редактор».
Сөйтіп, 1953 жылдың бас кезінде «Қазақ тілінің орфо-
графиялық ережесі» «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық
көрді. 1954 жылдың басында газет бетіндегі мақалаларды
жіктеп, іріктеу, жалпы қорытынды жасау үшін құрамында
А. Ысқақов, Ә. Ермеков, О. Құдышев, Ә. Хасенов және
Т. Жанұзақов бар, 5 адамнан комиссия құрылды. Комиссия
1954 жылдың мамырына дейін жұмыс істеп, «Қазақ тілінің
190
орфографиялық ережесінің» жаңа нұсқасын жасап бітірді.
Одан кейін де талқылаудан өткен «Орфографиялық ереже»
Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1957 жылы жарық көр-
ген еді», – деп еске алады ғалым.
Міне, сол жылдан күні бүгінге дейін ол А. Байтұрсын-
ұлы атындағы Тіл білімі институтында 55 жыл бойы еңбек
етіп, оның тұтас тағдыры осы институтпен тікелей байла-
нысты. «Дарақ бір жерде көгеріп, тамырын терең жая-
ды» деген қағиданың ақиқаттығын Телағаң өмірі айғақтай
түскендей. Ол бұл күнде айтулы ғалым, ардақты аға, ұлағат-
ты ұстаз. Барша жұрт құрмет тұтар сыйлы азамат. Осынша
беделге ол еңбектену, үздіксіз іздену нәтижесінде жетті.
Ғылыми ортаға келіп, оңы мен солын аңғара бастаған жас
ғалым алғашқы жылдары тіл білімі терминдерін жинап зерт-
теумен қатар, академиялық сөздік бөлімінде құлшына іске
кірісе бастайды. Бұдан былай оның ғылыми-зерттеулерінің
ауқымы кеңейе түседі. Ғалым лексикография, ономасти-
ка, орфография, статолингвистика, фольклор және аударма
мәселелерімен де шұғылданады.
Адам баласының өмірін бір арнаға түсіретін жағдайлар
болмай тұрмайды. Сондай бір оқиға оның да өмір жолы-
на бағдар болады. 1953 жылдың желтоқсанында Мәскеу
мен Ленинградқа іссапармен барады. Есімі әлемге әйгілі
түркітанушы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент
мүшесі, профессор С.Е. Маловқа жолығады. Ғұлама ғалым
оған ономастиканың бір саласы ретінде «Қазақ тіліндегі
есімдер» деген тақырыпты ұсынады. «Бұл халық тілінің та-
рихы, азаматтық тарих, этнография ғылымдарымен тікелей
байланысты, халықтың мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасын
бойында берік сақтаған», – дейді атақты ғалым. Осыдан
кейін жазу кабинетіндегі кітап сөресінен бір-екі кітапты
алып: «Ертеңге дейін осымен таныс, содан соң күнде кеш-
ке сағат алтыда келіп тұр, әңгімелесіп, пікірлесеміз», – деп
шығарып салады. Сол сапарында Ленинград қаласында бір
ай болған жас талап көп мәселені көңіліне түйіп, ой-өрісі
кеңейіп, аға ғалымдардан жақсы өнеге алып, елге қуанышты
191
келеді. Әсіресе ғалым кітапханасындағы А. Байтұрсынов,
Қ. Жұбанов, Х. Досмағамбетов, С. Сейфуллин, т.б. зиялы-
лар шығармаларын көрсеткенде, оның қуанышы қойнына
сыймай мәз болғаны әлі есінде. Ол жылдары бұл авторлар
мен олардың шығармалары «қамауда» жатқан кез ғой. «Бұл
кітаптардың менің кітапханамда сақталу сыры – мені ешкім
тінтпейді ғой», – дейді маңғаз ғалым.
Міне, осы тақырып бойынша оның жетекшісі І. Кеңес-
баев болып белгіленеді де, Т. Жанұзақов түркі тілдес рес-
публикаларда алғаш рет «Қазақ тіліндегі есімдер» атты
тақырыпта 1961 жылы кандидаттық диссертация қорғап,
1976 жылы «Қазақ тіліндегі ономастиканың проблемала-
ры» атты тақырыпта түркі тілдерінде бірінші рет докторлық
диссертация қорғап шығады. Қазақ ономастикасы бойынша
жарты ғасырдан артық зерттеу жұмысын жүргізіп, білікті
ғалым кандидаттарымен қатар ғылым докторын дайындауға
белсене атсалысып келеді. Ол қазақ тіл біліміндегі жаңа
бағыт – қазақ ономастикасын қалыптастырушылардың бірі,
республикадағы ономастикалық мектептің негізін салушы
ғалым.
Онамастика бөлімін басқарған жылдары (1981-94) және
ономастика бойынша зерттеу жұмыстарының жетекшісі
болған жылдары (1995-2003) қазақ ономастикасы бойынша
бөлімде 20-дан астам кітап, сөздіктер мен жинақтар және
жүздеген ғылыми материалдар жарияланды.
Ғалымның антропонимика, топонимика және этнони-
мика жайлы зерттеу жұмыстары мен ізденістерін респуб-
лика ғалымдары мен шетелдік әріптестері шынайы көңіл-
дерімен бағалағанын баспасөзде жарияланған сын-пікірлер
мен кейбір ғылыми мақалалардан анық көруге болады. Ол
жайында ғалымның өмірі мен шығармашылық еңбегін си-
паттайтын 2002 жылы жарық көрген библиографиялық
кітапта толық мағлұмат көрсетілген. Ғалымның ерекше
күш-жігер сала еңбек еткен, қазақ тіл біліміндегі аса күрделі
де қиын, ауыр сала – лексикография (сөздік жұмысы). Бұл
ретте белгілі лингвист, «Орыс тілі грамматикасының» авто-
192
ры, профессор, КСРО Ғылым академиясының корреспон-
дент мүшесі С.Г. Бархударовтың: «Егер билік менің қолымда
болса, есектің эмблемасы салынған орден жасатып, сөздік
жасаушыларды марапаттар едім», – деген ұлағатты сөзі
кезінде аңызға айналған еді.
Т. Жанұзақов қазақ тіл білімінде тұңғыш рет жарық көр-
ген іргелі де ірі сүбелі еңбек – 10 томдық «Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігі» (1996), 27 томдық «Қазақша-орысша-
қазақша терминологиялық сөздік. Әдебиет және лингвисти-
ка» (2000) кітабының авторларының бірі.
Т. Жанұзақовтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде елі-
міздің тарихында тұңғыш рет жарық көрген ана тіліміздің
50 мыңдық сөзін қамтып, мағыналарын ашып, түсініктерін
берген, көлемі 774 беттік «Қазақ тілінің сөздігі» (1999)
барша зиялы қауымға кеңінен танымал. Өкінішке қарай,
бұл аса қажетті сөздіктің таралымы 3700 дана ғана болып,
қалың қауым қолына тимей отыр. Оның мемлекеттік тілді
оқыту, үйрету, оның дамып, өсуіне тигізер пайдасы аса зор.
Сондықтан көп таралыммен тез арада қайта шығарылса, нұр
үстіне нұр болары сөзсіз.
Ғалым 1952-98 жылдары туған тіліміздің сөз байлы-
ғын, жергілікті тұрғындардың сөйлеу тілін, жалпы халық
тілінің құнарлы байлығын, сондай-ақ жер-су, тайпа, адам
аттарын, аспан шырақтары атауларын жинау мақсатымен
еліміздің Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Алматы, Жамбыл,
Жезқазған, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Оңтүстік Қа-
зақстан, Шығыс Қазақстан (Семей, Өскемен өңірлері),
Талдықорған жерлеріндегі диалектологиялық, эпиграфия-
лық, ономастикалық ғылыми экспедицияларда болды. Оно-
мастика бойынша институтта ономастикалық база жасап,
400 мың атаудан тұратын ономастикалық картотека құрды.
Ғалым ғылыми жұмыстарды ұстаздықпен ұштастыра
білді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік уни-
верситеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік уни-
верситеті мен «Қайнар» университеттерінде әр жылдары
мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды.
193
1980 жылдардан бастап жеріміздегі өзгеріске түсіп,
еріксіз халық жадынан өшірілген тарихи маңызы бар жер
аттарын қайтару, қалпына келтіру, мезгілі өткен атауларды
өзгерту, еліміздегі жер-су аттарын бұрмаламай дұрыс жазы-
луын реттеу жайлы халық тарапынан хат үстіне хат жоғары
орындарға қардай борап жатты. Бірақ ешбір лауазымды
шенеунік жұмған аузын ашпады. Бұл жағдай 1986 жылғы
Желтоқсан оқиғасынан соң тіптен қиындай түсті. Бірақ
1988 жылдан бастап мемлекеттік тіл мәселесі жедел көте-
ріліп, тиісті қаулы-қарарлар да қабылданды. Осы жағдайды
пайдаланған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти-
туты ономастика бөлімінің меңгерушісі Т. Жанұзақов қазақ
жеріндегі тарихи атауларды қалпына келтіру, заманы өтіп,
ескірген атауларды өзгерту, жер-су және адам аттарын рет-
теу ісіне белсене қатысып, 1989 жылы Үкімет орындары-
на хат жолдап, Мемлекеттік ономастика комиссиясын құру
жайлы мәселе қойды. Соның нәтижесінде Қазақстан Үкіметі
жанынан Мемлекеттік ономастика комиссиясы құрылып,
ол 1990-2003 жылдары оның ғалым хатшысы, мүшесі бола
жүріп, қоғамдық негізде жұмыс істеп, қыруар шаруа тын-
дырды. Жүздеген тарихи атаулар қалпына келтірілді. Ол
ономастикалық комиссияның ережесін жазды. Академик
Ә. Қайдармен бірлесе отырып жазған «Республикадағы мем-
лекеттік және әкімшілік-аумақтық бірлестіктердің атаула-
рын қалпына келтіру Тұжырымдамасы» мен «Қазақ Респуб-
ликасындағы қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары
және фамилияларын реттеу туралы Тұжырымдамасы» зия-
лы қауымға мәлім. Оған қоса бағдарламалық ірі мақалалар
жарияланды.
Т. Жанұзақов қазақ тілі білімін өзінің іргелі еңбектері-
мен байыта түсті. Ғалым осымен қатар халық ауыз әдебие-
тіне де қатысты мәселелер жайында да қалам тартты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гу-
манитарлық ғылымдар академиясының академигі Телғожа
Жанұзақовтың ғылыми еңбектері тиісті дәрежеде бағала-
нып, Ш.Уәлиханов атындағы және Қазақстан Мемлекеттік
194
сыйлықтарының лауреаты деген жоғары атақтарға ие бол-
ды. Ол ҚР Үкіметінің «Көрнекті ғалымдарға арналған Мем-
лекеттік стипендиясының» иегері болды.
Т. Жанұзақов – ғылымға басы бүтін берілген, мейірім-
шапағаты мол, қай кезде де жақсылыққа дайын, адамгер-
шілігі күшті адам. Оның адамдарға адалдығы, жүрегінің
мейлінше тазалығы, өз ісіне беріктігі, сыпайы әрі іскерлігі
өз замандастары ғана үшін емес, кейінгі ұрпақтарға да үлгі-
өнеге болары күмәнсіз. Ғалымның шығармашылық іс-жос-
парын орындап, әлі де шәкірттерін баулып, өсіре береріне
сенім мол.
«Егемен Қазақстан», 15 маусым, 2007 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |