ғылымға өмірДіҢ өзі ӘКелДі
Бұл күндері сегіз онның қақпасын серпе ашып,
салиқалы сөз бен сергек ойдың әлдиінде жүрген Рәбиға
Сәтіғалиқызының өмір жолындағы ерен еңбегі ұрпаққа
өнеге, жастарға үлгі. Жастайынан ғылымға қадам ба-
сып, бар күш-жігерін осы зерттеуге сарп еткен қажырлы
ғалым әлі де сол отты, уытты қалпынан айнымай, қазақ
тілінің тағы да бір күрделі мәселесі бойынша пікірталасқа
дайын тұрған сыңай танытады. Әйел баласына тән өзін-
өзі күте білу сауаты да өнеге таратып тұрғандай. Біз бұл
жолы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профес-
168
сор Рәбиға Сыздықтың еңбегін баян етіп отырмай, ака-
демик Өмірзақ Айтбайұлымен өмір жайлы ой бөліскен
сұхбатын ұсынып отырмыз.
– Сізді ғалым ретінде танитын қауым бала кезіңіз бен
ғылымға қадам аттаған жас кезіңіз туралы білгісі келері
анық. Өзіңіз ол уақыттар туралы не айтар едіңіз?
Өскен орта, туған ауыл, отбасы, ата-ана және туған
бауырлардың қайсысы Сіздің сәби қиялыңызға көбірек әсер
етті? Олардың қандай қылығы, мінезі, ісі есте қалды?
– Әрине, адамның адам болып (тұлға ретінде) қалып-
тасуына өскен ортасы, әсіресе, сәби күннен тәрбие алған
отбасы, ата-анасы әсер етіп, із қалдырады ғой. Менің де
басымда игі адамгершілік қасиеттер болса, алдымен әке-
шешеме қарыздармын. Ес жиған кезде әкеміздің сөзін
тыңдап, істеген істерін көріп, көңіліміз марқайып өсуіміз-
ге тағдыр жазбады. 12-ден аса бергенде 1937 жылы әкем
Сәтіғали Құтқожин «халық жауы» болып атылып кетті. Ал
анамыз Жеміс Қалуқызы оқымаған адам болғанмен, анау-
мынау сауаттылардан білген-танығаны көп, жақсы-жаман-
ды айыра білетін парасатты, намысты адам еді. Әкемізден
жас қалған балалары – біздердің жалтақкөз болып өспеуі-
мізге, намысшыл, еңбекқор болуымызға баулыған анамыз.
Ал бұлардан кейін пір тұтқаным өзімнен екі-ақ жас үлкен
туған ағам Хамит Құтқожин болды. Бірде туыстар, жолдас-
тар, әріптестер, қызметтестер жиылған үлкен тойда мен:
«Бір ғалымға жетерлік ғылым докторы, профессор, акаде-
мия мүшесі, академиялық, Мемлекеттік сыйлықтардың ла-
уреаты» деген барлық атағымнан «Хамиттың қарындасы»
деген атымды биік қоямын», – деген едім. Ғылыми, әлеу-
меттік атақ-дәрежелерімді ақтармын-ақтамаспын, ал Ха-
кеңдей аса мәдениетті, өте білімдар, іскер, ұстамды, айнала-
сына мейлінше қадірлі, жұмыста үлкен абыройлы адамның
ет бауыр қарындасы деген аттан жаза баспасам, атына ұят
келтірмесем деген ойым әрдайым есімде жүретін. Менің
169
азамат болып ел қатарына қосылуыма рухани күш берген
Хакең – Хамит болды. Он жылдай болды, ол кісі жоқ, аты
жадымда, аруағы қолдауда.
– Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтіңіз, қолға
қалам алдырған ұстазыңыз есіңізде ме?
– Алғашқы мұғалімдерімнің аты-жөндері көп есімде
қалмапты. Бала кезімде аурушаң болып үзіп-жұлып оқы-
дым және мұғалімдер де ауысып жататын. Үй ішіміз де
бір жерден екінші жерге (аудан орталығына) жиі-жиі көше
беретінбіз (әкемізді жаңа құрылып жатқан аудандарға жұ-
мысқа аударып жібере беретін). Әкеміз төңкерістен бұрын
орысша оқыған зиялы адам болғанымен, балаларын қазақ
мектептерінде оқытты (тіпті, кейбір алыс аудан орталық-
тарында орыс мектептері болмаған да болуы керек). Жақсы,
өте жақсы оқыдық. Әсіресе, Хамиттің қабілеттілігі мен
таланттылығы маған қатты әсер ететін. Қуыршақ ойнаудан
гөрі, Хамиттің достарымен доп ойнап, коньки теуіп, суға
жүзіп дегендей, көбінесе ұл балалардың арасында өстім.
Сірә, жоғарырақ кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен оқыт-
қан Бақытжан деген ағай (Алтыбаев), тарихтан оқытқан
Омар Перзақаев деген ағай, математика мен физика мұға-
лімдері есімде.
– Ғылымның әр саласының өзіндік қиыншылығы, қызы-
ғы, сырлы қатпарлары бар. Оның ішінде тіл ғылымын
таңдауыңызға не әсер етті?
– Әдебиетті жақсы көретінмін, көп оқитынмын, бірақ
тіл кафедрасының аспирантурасына ауысып кеттім. Сірә,
бізде лекция оқыған, емтихан алған Мәулен Балақаев, Ах-
меди Ысқақов, Ісмет Кеңесбаев, Шамғали Сарыбаев сияқты
тіл мамандарының «тілге бар» деген үгіті (ақылы) күштірек
болды-ау деймін. Әрине, өкінбеймін, өйткені лингвист бола
жүріп, көзімнің бір қыры – әдебиетте, көңілімнің бір ын-
170
тасы қазақтың әсерлі, әдемі, айшықты көркем әдебиетінде.
Еңбектерімнің біразы тіл мен көркем әдебиетті (оның тілін
зерттеуде) қоса қамтиды.
Ұстаз бен шәкірттің арасындағы шығармашылық бай-
ланыс болғанын дұрыс көремін, өйткені өзімнің жоғарыда
аты аталған ұстаздарыммен де, жасы үлкен әріптес ағалар-
мен де шәй десіп көргенім жоқ, сан жылдар бірге, бір инс-
титутта қызмет істедік. Жалпы, қазақы тәрбие берген үл-
кеннің алдынан өтпеу, орынсыз сөз жарыстырмау, ақыл-
кеңестерін ықыласпен тыңдау сияқты қасиеттерді бойы-
мызға жинап өскеніміз өте жақсы қасиет екенін айтар едім.
– Кез келген адамның басында бола бермейтін және
Алланың сыйы деп жататын Махаббат ұғымы жайлы,
сезім құдіреті туралы ойыңызды айтсаңыз?
– Сұрағыңның алғашқысына бүгін жауап беріп оты-
руым – томпақтау болар, әйтпесе бұл сұраққа жауап қана
емес, роман жазатын тақырып қой. Алғашқы қосағым –
Сыздықов Мақаш деген қазақтың бір асыл азаматы еді,
қазақша айтқанда, көрік десең көркі бар, білім десең –
Мәскеудің жоғары оқу орындарын бітірген білімдар, бірне-
ше шет тілін меңгерген дипломат маман, халықаралық құ-
қық саласынан диссертация қорғаған алғашқы қазақ жас-
тарының бірі еді. Тағдыр ұзақ өмірді жазбады. 1954 жылы
жүрек ақаулығынан 32 жасында дүниеден озды. Мен сол
кісінің атын (фамилиясын) сақтап жүрмін.
– Сіздің ұзақ жылдан бері Тіл білімі институтында
қызмет еткеніңізді білеміз. Осынша уақыт бір жерде та-
бандылықпен жұмыс атқару ұжымыңызға туғандарыңыз-
дай бауыр басып кетуге әсер еткен болар?
– Қызмет істейтін ортаның ғылыммен айналысуда ти-
гізетін әсерін айрықша атар едім. Мен А. Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институтында жарты ғасырға жуық
171
(1957 жылдан бері) қызмет етіп келемін. Институт қыз-
меткерлерінің арасында қарым-қатынас ахуалы (климаты)
әр кезде әртүрлі болған болар, ал соңғы 20-30 жылдан бері
институт ұжымы өзгеріп отырғанына қарамастан, біртұтас
монолит-ұжым болып келеді: ұрыс-керіс, талас-тартыс, «до-
малақ арыздар», соттасу, тіпті, шаң-шұң айқайласып рен-
жісу дегенді көрмей келеміз. Ұжымдағы түсіністік, тілеу-
лестік – ғылым адамдарына ауадай қажет нәрсе. Әсіресе,
әзіл-қалжыңы жарасқан құрдас, замандастар болып, үлкен-
дерді сыйлай білген жастар болып, жастарға қай жерден
қамқорлық жасаймын, ғылыми ізденістеріне, қорғауларына
қалай көмектессем екен деп тұрған үлкендер болып келе
жатқанымыз әрқайсымызға да ғажап күш беріп келеді. Әй-
теуір өзім былай сезінемін. Институттың жастары алыста
тұратын балаларымның орнын басып жүргендей сезінемін.
Және олардың еш қалтқысыз, шын пейілмен сыйлап тұра-
тындарын да жақсы сеземін. Мүмкін, менің осынша біраз
жасқа аса шаршап-шалдықпай келіп жатқаныма бала, не-
мерелерімнен бастап, туған-туысқандарыммен қоса сыйлас
дос-жарандарымның, қызметтес іні, сіңлі, балаларымның
арқасы болар.
– Ғылымға келуіңіз ішкі арманнан туған ба еді? Әлде
өзге мамандықты иеленуді ойлаған кезіңіз болды ма?
– Ғылымға өмірдің өзі әкелді. Жастайымнан арманда-
дым деп айта алмаймын. Біздің тұрғыластарымызда арман
қуатын жастық шақ болған жоқ. Соғыстың 4-5 жылында
арман емес, аштан өлмеуді ойладық қой. Адам өмірінде
кездейсоқтық деген көп болады ғой. Менің де ғалым бо-
лып аталуыма бір емес, бірнеше кездейсоқ жағдай, күт-
пеген тірлік ситуациялары себепкер болса керек. Ал ғы-
лымда идеалыңыз кім еді, кімдерді бөліп атайсыз деген
сұрағыңа ешкімнің атын атап, түсін түстеп отырмасам дей-
мін. Бірге өмір жолын аттап келе жатқандардың біреуі жай-
дары мінез-қылығымен, екіншісі – жоғары адамгершілік
172
қасиеттерімен, үшіншісі – адам сүйгіштігімен дегендей әр
жағынан қадірлі ғой, олардың не қосақтап, не бөле-жара
атамаймын. Үзеңгілестерімді түгел қадірлеймін.
– Сіздің әрбір іс-әрекетіңізден өнерді айрықша бағалай-
тыныңызды байқаймыз. Актерлер, әншілер, музыкант-
тар, жалпы, өнер әлемінің ортасында жүресіз. Ақын,
жазушыларға да ықыласыңыз ерекше. Қаламгерлерден кім-
дерді оқисыз?
– Ең бір ұзақ жауап қайтаратын, ақтарыла сөйлеп, ағы-
нан жарылатын – мен үшін жаныма ең бір жақсы сұрақ
екен. Дұрыс аңғарасыздар, ықылас-ынтамның бір бөлігі
ғылымда болса, екінші бөлігі өнерге, тіпті өзім түсінетін
түрлеріне ауып тұрады. Сондықтан болар, есейе келе ете-
гінен ұстаған екінші қосағым өнер адамы: актер, ақын,
әнші, қысқасы, қазақтың күні кеше өткен сал-серілер мек-
тебінің өкілі, жалғасы Шахан Мусин болды. Әсіресе оның
ақындығы мен ән айту өнері ғажап ұнайтын. Екеуі екі
қырдың астында тұрған «суық қанды» ғылым мен «алып
ұшқан, от болып жанған» өнердің адамымен қалай табыс-
тыңдар деп қатарларым сұрағанда: «Шахаң мені жан
тебірентіп салған Арқаның әндерімен баурап алды ғой», –
деп қалжыңдайтынмын. Тек актерлер, әншілер ғана емес,
сөз құдіретін танытатын жазушы, ақындардың да бірсы-
пырасын жақсы танып, үлкендерін ағалап, кішілерін сый-
лап дегендей, өмір өткізіп келемін.
Кезінде Асқар Сүлейменовпен, Оралхан Бөкеймен, Фа-
ризамен өзім танысып, таланттарын керемет бағалап, ет
жақын бауырларымдай көріп кеткенмін. Олар Шахаңмен
де жақсы танысып, бірнеше жастар болып, үйге де келіп-
кетіп жүретін, тіпті, қолымнан дәм татпаса да Әбіш Ке-
кілбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұловтардан
өзім көркем тілін зерттеу нысаны етіп, өзім талдап-таны-
тып жүрген, шәкірттеріме тақырып етіп ұсынып жүрген
бір топ бүгіндегі орта буын ақын-жазушыларды тізіп атай
173
бастасам, олар біраз бар. Бұлардың ішінде әсіресе тілге,
көркем тілге ерекше қарайтын, әр сөзін он ойланып барып
жұмсайтын Қалиханды, Ақселеуді, Кәдірбекті, кешегі Ма-
ратты (Қабанбаев), тағы басқа үлкен жазушыларды атар
едім. Ал ақындар мен үшін тіпті ғаламат жандар, сөз деген
құдіреттің нағыз сиқыршылары. Абай, Махамбет, Дулат,
Мағжан, Қасым сияқты алыптарды (бұлардың тілдеріндегі
сөз кестесін ғылыми тұрғыдан зерделеген еңбектерім бар
ғой) былай қойғанда, заманымыз бір кешегі Мұқағали,
Төлеген, Ізтай (20 жасар мұғалімі болған менің 9-10 клас-
тағы шәкіртім болып еді), арамыздағы Өтежан (Нұрғалиев),
Фариза, Ақұштап, Марфуға, «Жаңа қазақ емеспін, ескі де
емес» деп ағынан жарылып отыратын Нұрлан (Оразалин),
«қыз-келіншектерге барғанда мені де ала кет» деп Шахан
ағасын «шайтан жолына» итермелеген Тұманбайды, тіпті
кешегі ғана Махамбет бабасына «Сенің барып тұрақтай-
тын Қараойың бар, ал менің Қараойыма мен тұрақтай алам
ба?» деп заманы туралы толғанған Светқали сияқты ондаған
ақынды толқымай оқи алмаймын. Тіпті, сүйініп оқитын
қазіргі көп ақындардың біразы аузыма да оралмай жатыр.
Прозаиктердің тілін лингвистикалық тұрғыдан біраз зерде-
ледім, монографиялар жаздым, мақалалар мен ғылыми
баяндамаларда сөз етіп келдім. Енді, құдай қуат берсе, Алла
тағала жазса, поэзия тілін сөз етсем деймін. Оған Фари-
за Оңғарсынованың сөз кестесін әңгімелейтін материалын
жинап, кірісіп те кеттім.
– Қазақ киносы мен театрларына көзқарасыңыз қан-
дай? Олардың тіл дамытудағы рөліне қалай қарайсыз?
Телеарналар туралы кейінгі кездері сындар айтылып жүр.
– Кино мен теледидарды үзбестен қарай алмаймын. Те-
ледидарда берілген кейбір хабарлар туралы, онда сөйлейтін
адамдардың, әсіресе, хабар жүргізушілердің, дикторлардың
қазақша сөзді дыбыстап айтуда жіберіп жатқан қателіктері
туралы, газет беттеріндегі тілдік ақаулықтар, жазудағы ол-
174
қылықтар жайында баспасөз беттерінде әрдайым жазып ке-
лемін. Бұл да арнайы сөз ететін үлкен әңгіме. Сондықтан
бұл жерде бастамай-ақ қояйын.
– Өмірдің қатпарлы жолында өкініш пен сүйініш қа-
тар жүреді ғой. Қиналғанда жігеріңізді қамшылар доста-
рыңыз жайлы айтсаңыз.
– Өмірімде, әсіресе біраз өмір кешкенде күйініш те,
сүйініш те көп болып жатады ғой. Оны рет-ретімен кім са-
нап жүр дейсің. Дегенмен, дүниеде тани білсең күйініштен
сүйініш көп, айналаңда жамандардан жақсылар көп. Мен
үшін, сол сияқты қас көріп, жек көріп жүретін адамдарым-
нан жақын тартып, тілеулес көріп, дос көріп жүретін адам-
дарым көп. Өте көп. Сірә, кейбір ренжіткен адамдармен де
сәлемім дұрыс болса деймін. Бірақ ондайлармен сырттай
мәдениетті болғансып, көріскенде өтірік сүйісіп жатпай-
мын, жалған мадақ сөз айтпаймын. Қысқасы, әркім өз ба-
ғасын өзі біледі ғой. Әсіресе, ел атасы, ел ағасы, ел анасы
дегендей жас біразға келгенде.
– Адам бойындағы қандай мінез-құлықты бағалайсыз?
Жастарға қандай өсиет айтар едіңіз?
– Алдағы бір-екі жылда ХХ ғасырдың 60-70-жылдарын-
дағы қазақ поэзиясын, тілін талдасам деймін. Институттың
жоспарлы жұмысы тағы бар.
Еңбектерімнің ішінде «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіре-
ті» және «Абайдың сөз өрнегі» деген үш монографиям
тақырыбы жағынан да, өзімнің баяндау стилім жағынан да
және ең алдымен тақырыбы жағынан (тарихи лексиколо-
гия мен көркем тіл) өзіме өте ыстық кітаптарым.
Өзгелер бойындағы ашық жарқындықты жақсы көрем.
Ішімдегіні тап деп сызданып отыратын, әсіресе әйелдерді
жаным сүймейді.
Кекшіл емеспін. Кешірімдімін. Бірақ бір қатты көңілім
қалса, қайтарым шамалы, бірақ өш алуға тырыспаймын.
175
Біреумен өштесуге, ұстасуға кететін күшім мен уақытымды
ең болмаса спорт хабарларын қарауға жібермеймін бе?
Көп жасап, көпті көргенмен, ақыл айтуға құштар емес-
пін. Арзан дүние жауыр болған ақыл-насихат айтқаннан
гөрі, еңбекпен, кісілікпен, қолыңнан келген жақсылық жаса-
умен үлгі көрсеткен дұрыс шығар.
біз білетіН шөКеҢ
Адамның әуелі адам, сосын азамат болып қалыптасуы-
на отбасы мен ортаның ықпалы ұшан-теңіз. Ол рас. Бү-
гіндері ұлтымыздың аяулы қазынасы – ана тіліне бүкіл са-
налы өмірін сарп етіп, сараман ғалым санатына қосылған
Шора Шамғалиұлы Сарыбаев тәрбиеленіп шыққан шаңы-
рақ «ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген на-
қылдың ақиқаттығын айқындай түсетін тәрізді. Қазақ ба-
ласын оқытудың негізгі әдіс, тәсілін жете меңгерген әйгілі
педагог Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың текті тәрбиесін
көрген зейінді жастың, әрине, дәстүрді жалғастырмауы
мүмкін емес еді. Оның қазақ тілін өмірлік кәсіп етіп қалап
алуында осындай сыр жатады. Атақты ағартушы, әдіскер-
ғалым Шамғали ағаның қатаң тәртіпке негізделген оқыту
әдісі Шора Шамғалиұлының болашағын айқындап берген-
дей. Осындай құнарлы топырақтан нәр алған көк шыбық
М. Балақаев сынды ұстаз-бағбанның ауқымында тіпті түр-
лене, түлей түседі.
Бірінен-біріне ұласқан, бірінен екіншісіне жүйелі түрде
жалғасқан мектептер тағылымы Шөкеңді ақыры қазақ тіл
білімі қайраткерінің қатарына әкеп қосты. Хронологиялық
тәртіппен ол өткен мектептерді атасақ, былай болып шы-
ғар еді: ұшқан ұя, 12-ші мектеп, Қазақтың мемлекеттік уни-
верситеті, аспирантура, Тіл білімі институты. Міне, бұлар –
ғалымның өмір жолын шыңдаған орта мен өткелектер.
Мұның әрқайсысының өз ізі, өз мөрі бар. Бұл – Шөкеңді
сәбиліктен серкелікке, балалықтан даналыққа жетелеген
баспалдақтар.
176
Тіл білімі институты саласындағы әрбір ғалым өтер са-
лалардан ол да өтті. Бірақ оның өзіне лайықты, өзгелерге
ұқсамайтын, әсіресе, жас ұрпақ өнеге тұтар өмір жолы
өзінше қызық, өзінше тұнық.
Содан бері табандатқан 50 жыл А. Байтұрсынұлы атын-
дағы Тіл білімі институтының қабырғасында өтіп келеді.
Бұл жылдары басқадай мүмкіндіктері болғанымен, ол
базбіреулердей жылы жер іздеп алаңдаған жоқ. Күнкөрісті
ойлап, дүние соңына түскен жоқ. Өзгелер қызыққан дүние-
ге қызықпады, ашкөзденіп құнықпады. Бір жерге ғана ба-
ян-далып еңбек етті. Есі-дерті – қасиетті қазақ тілінің
қамы, жегені – соның наны. Қолында қаламы, көңілінде
қанағаты – оның бар болғаны, міне, осы. Дарақтың бір жер-
де көгеретініне тағы бір дәлел осы.
Ал ол түскен ғылым соқпағы қайдан, қалай басталып
еді?
Ол ә дегеннен қазақ сөзінің оқыс мәселесіне килігеді.
Профессор М. Балақаевтың жетекшілігімен тілдегі одағай
сөздер туралы ізденіп, сол жөнінде орнықты ойларын жи-
нақтап, кандидаттық диссертация (1954 жылы) қорғайды.
Бұл жұмыс оны қазақ тілінің сан алуан сырына жетелеп, сөз
қазынасын жинауға да итермеледі.
Қалада өскен жас ғалым әке өсиетін мұрат тұтып тіл
байлығын ел ішінен, халық ортасынан іздеуді дағдыға ай-
налдырады. Жылдар бойы диалектологиялық экпедицияға
шығып, халық байлығының қайнарына, қазақ тілінің жер-
гілікті ерекшелігін байқататын қыруар қазынаға жолығады.
Міне, осы әрекеттер оны тілдің нәзік нақыштарын тамыр-
шыдай дәл танып, талдай білетін диалектолог қатарына
қосты. Тілдің тарихы мен диалектісі туралы мол мұра қал-
дырған проф. С. Аманжолов пен тілші ғалым Ж. Досқараев
дәстүрін жалғастырып, оны тіпті тереңдете, кеңейте түседі.
Осы бір қызықты саланы өз алдына бөлек қарастырыла-
тын ірі ғылым тармағына айналдыруда Ш.Ш. Сарыбаевтың
үлесі зор.
Кандидаттық диссертацияны қорғаған жылдан бастап,
ол қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімін басқа-
177
рады. Содан бері Шора Сарыбаев өзінің айрықша ыждағат-
тылығы мен еңбекқорлығының арқасында аспиранттан
Ұлттық Ғылым академиясының мүшелігіне дейін көтері-
ліп қана қоймай, сонымен бірге ғылымның үлкен ұйымдас-
тырушысына да айналады. 1979-87 жылдар аралығында Тіл
білімі институты директорының орынбасары қызметін ат-
қарды. Тіл білімінің бүгінгі таңда қандай салаларының
зерттелу зәрулігін дөп басып, жоспарлы түрде қарасты-
рылуына қызметкерлерді бағыттауға келгенде білгірлігі
байқалып отыратын әрі сол жоспарлы жұмыстардың дер
кезінде бітіп, баспадан басылып шығып, жұртшылық
қолына жетуіне келгенде де Ш. Сарыбаевтың жарғақ құлағы
жастыққа тимейтін.
Ш.Ш. Сарыбаев қазақ диалектологиясымен ғана шек-
теліп қалған тар шеңберлі зерттеуші емес. Оның ғылыми
ауқымы, шығармашылық өресі кең. Ғалымның 200-ден аса
еңбегі жарық көрген екен. Өзінің ойлы да дәлелді ғылыми
топшылауларын ол ұлтаралық қатынас тілінде де толғап
келеді. Оның мақалалары «Вопросы языкознания», «Со-
ветское востоковедение» тәрізді әлемдік таралымы зор
ғылыми-теориялық журналдар беттерінде және бірсыпыра
шетел басылымдарында жарияланды.
Ғалым назарында үздіксіз болатын ғылыми объектілер-
дің біразы мына тектес: қазақ тілі тарихы, морфология,
диалектология, лексикология, лексикография және библио-
графия, аударма, есімнама мәселелері. Олардың қай-қай-
сысынан да біз Ш. Сарыбаевтың өзіндік қолтаңбасын кө-
реміз. Алайда оның барынша ықыласын төгіп, құмарта
кірісетін саласының бірі – диалектология болса, екіншісі –
тіл білімінің тарихы. Еркін бейнелеп айтар болсақ, бұл
екі сала – ғалымның ғылым әлемінде өзін еркін сезінуіне
мүмкіндік беретін қос қанаты дер едік. Өзгесін былай
қойып, ғылымның осы салалары бойынша тындырылған
жұмыстарын санамалап шыққанның өзінде ғалымның қазақ
тілі білімі тармақтарындағы болмысы тұлғаланып шыға
береді. Мәселен, 1976 жылы докторлық диссертацияға не-
178
гіз болған «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» атты
еңбегі бүкіл түркі әлемінде маңызы зор дүние ретінде ба-
ғаланды. Неге десеңіз, бұл өзі шынында да түркітану ғы-
лымында лексикография теориясын тұңғыш жүйелі талдап
берген күрделі зерттеу болатын.
Ш. Сарыбаев диалектология мәселесін қарастыра жү-
ріп, дәл осы сала бойынша студент қауымының нендей
мәселеге мұқтаж болып отырғанын сезінеді де, Ғ. Қалиев
екеуі «Қазақ диалектологиясы» деген алғашқы оқулықты
жазып, баспаға ұсынады. Бұл ғалымның өмірімен өзектес
мәселені жіті аңғарып, зәрулік өтемін қайтара білетін зер-
десін байқатады. Яғни теория мен практиканың өзара жара-
сым тауып жатуы ғалым зерттеуіне тән құбылыс. Профес-
сор О. Нақысбековпен бірігіп жазған «Қазақ тіліндегі ай-
мақтық лексика» деп аталатын монографиялық зерттеу де
өзіндік топшылаулармен елге осылайша ой салады.
Ол 30 жыл бойы диалектология бөлімін басқарып, Қа-
зақстанның түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастыр-
ды. Соның нәтижесінде тіліміздің жергілікті ерекшеліктері
бойынша қыруар байлығы жинақталды. Ш.Сарыбаев осы
материалдар негізінде бірнеше сөздіктер түзілуіне себепші
болды. Атап айтқанда, «Қазақ тілінің диалектологиялық
сөздігі» (1968), «Қазақ тілі тарихы мен диалектология»
жинағы (8 кітап), «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі»
(І том) тәрізді еңбектерді жазуға қатысып, жетекшілік етеді.
Сонымен бірге Ш. Сарыбаевтың жауапты редакторлығы-
мен үш томдық диалектологиялық сөздік құрастырылып
(80 б.т.), оның І томы баспаға тапсырылды.
Ғалымның тіл білімі тарихында орны бөлек, айрықша
аталып өтуге тиісті еңбегі – жеті томнан тұратын биб-
лиографиялық көрсеткіші. Мұнда ол қазақ тіл білімінің ер-
телі-кеш ел қолына тиген мақала, кітап, сөздік, оқу құралдары
т.т. тәрізді еңбектер туралы түбегейлі мағлұмат береді. Бұл
еңбектерімен ол қазақ тіл білімі тарихына теңдесі жоқ үлес
қосып отыр.
Тынымсыз еңбек Шора Шамғалиұлын түркі тілдес
халықтар мұрасының басын жинақтай түсуге де итерме-
179
леді. 1989 жылы баспадан шыққан «Түркітану әдебиетінің
библиографиясы» осындай мақсаттан туған. Бұл еңбек
үшін автор Қазақстан ауылшаруашылық көрмесінің І дәре-
желі дипломымен марапатталды.
Сондай-ақ, «Қазақ тіліндегі одағайлар» (1959), «Елік-
теуіш сөздер» (1960) деген еңбектері қазір қолға түспейтін
сирек кітаптар қатарында. Ол «Қазіргі қазақ тілі» (1969),
«Қазақ тілінің грамматикасы» (1966) авторларының бірі.
«Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966), «Қа-
зақ тілінің диалектологиялық сөздігі» (1969), «Жаңа атау-
лар» (1992) деген еңбектердің бәрі де Ш. Сарыбаевтың
қатысуымен жарық көрген.
Ғалым кейде қазақ тіл білімінің шеңберінен шығып,
оның өзге туыс тілдерге қатысы жайлы мәселелерге де ба-
рып отырады. Мәселен, «К вопросу о монгольско-казахских
языковых связах» (1960), «Монгольско-казахские лексичес-
кие параллели» (1971), «Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы
жайлы» (1967) атты проблемалық мақалалары осыған дәлел.
Бұл бірер ғана ғасыр бойы сөз болып, түйіні шешілмей келе
жатқан қиын да қызықты алтаистика (алтайтану) мәселесін
талдайтын еңбектер.
Зерделі зерттеуші ретінде Ш. Сарыбаев қазақ тілі мен
мәдениетінде өз еңбектерімен мәңгі өшпес ізін қалдырған
А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Х. Досмұ-
хамбетов, Т. Шонанов сынды тұлғалар туындыларына иек
артпай тұра алмайды. Сонау 1960 жылдың өзінде-ақ ол
«Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткі-
шінің» І томында олардың еңбектерін барынша жарқыра-
тып, тізіп көрсеткен болатын. Бірақ олар ол кезде әлі ақ-
талмаған еді. Сондықтан бұл еңбек шықпай жатып, өртелді.
Авторы қызметтен қуылды. Ол сонда да бұлардың еңбегі-
нен күдер үзбеді. Мұның өзі кезіндегі ерлікке сай іс еді.
Ғалымның соңғы бес жылда жазып, жарық көрген жұ-
мыстарының ішіндегі ең сүбелі де мазмұнды, көлемді еңбегі
«Қазақ тіл білімінің мәселелері» деген атпен жарық көрді
(Алматы: «Арыс», 2000, 612 бет).
180
Ш.Сарыбаев өнегелі ұстаз-ғалым ретінде ғылым кад-
рларын дайындау ісінде де елеулі үлес қосып келеді. Ол көп
жылдар бойы жоғары оқу орындарында дәріс оқып, сту-
денттерге арнап, оқу құралдарын жазуға белсене қатысып
келеді. «Қазақ диалектологиясы» оқулығы (проф. Ғ. Қалиев-
пен бірлесіп) осы саладағы бірден-бір тұрақты, сәтті жа-
зылған оқулықтың бірі болып саналады. Шөкең қазірде
өзінің сүйікті кәсібі ұстаздықты «Қайнар» университетінде
жалғастырып отыр.
Ғалым еңбектерінің бір парасы ғылымды насихаттау,
нәтижелерді ғылыми конференциялар мен халықаралық
жиындарда баяндау болса, Қазақстанның еңбек сіңірген
ғылым қайраткері Ш. Сарыбаев та бұл салада кенде емес.
Ол Венгрия, Болгария, АҚШ, т.б. елдердегі ғалымдармен
шығармашылық байланыста болумен қатар, Германияда
(1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, мәс-
лихаттарда қазақ тілі проблемаларынан баяндама жаса-
ды. Сондай-ақ республикалық және бұрынғы одақтық
конференцияларға қатысып, маңызды да қажетті мәселелер
жайлы жасаған баяндамаларының саны да аз емес. Әсіресе
оның Бүкілодақтық аймақтық диалектологиялық конфе-
ренция (1973), Бүкілодақтық түркологиялық конференци-
яларды (1976) өткізуде ғалым-хатшы ретіндегі атқарған
ұйымдастыру қызметі кезінде ерекше бағаланды.
Ш. Сарыбаев терминолог ретінде де бірсыпыра мақала-
лардың авторы. Атап айтқанда, оның 1971 жылы «Ленин-
шіл жас» газетінде жарияланған спорт терминдері туралы
талдамалары, көптеген пайдалы пікірлердің өрбуіне ұйтқы
болды. Осының нәтижесінде ала-құла қолданыста жүрген
спорт терминдерінің біразы жүйелене түсті.
Ол лингвист мамандар даярлауда нәтижелі еңбек етіп
келеді. Ш.Ш. Сарыбаев жетекшілігімен ондаған адам кан-
дидаттық диссертация қорғады. Мұның үстіне оның атқа-
рып жүрген қоғамдық жұмыстары қаншама. Қырғызстан
Ғылым академиясы Тіл білімі институтында, Алматы пе-
дагогикалық университетінде диссертация қорғау жөніндегі
181
кеңестердің мүшесі, ҰҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімі жа-
нындағы «Қазақ тілінің даму заңдылықтары» деген үйлес-
тіру кеңесінің төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Төралқасының мүшесі, т.т. сан түрлі шаруаға уақыт тауып
жатады.
Ғылымда, өмірде осыншама күрделі мәселелермен ай-
налыса жүріп, оның торығып немесе қажып отырған сәтін
бір көрмейсіз. Қашанда ақжарқын ашық әңгімесі мен уыт-
ты әзіл-қалжыңымен елді өзіне тартып, еліктіріп отырғаны.
«Директор жиналыста жүреді, орынбасар қиналыста жү-
реді», «Ғылым библиографиясынан, театр ілгіштен, мон-
ша шылапшыннан басталады», «Жұмыстан қысқарсам,
үйден де қысқарар түрім бар», «Велосипед бірден тоқтаса
құлайды, зейнеткер де солай», «Машина көп тұрса тот ба-
сады, қимылсыз адам да солай», «қалқам...», «шырағиям...»,
«мөлшерсіз нәрсе – махаббат» деген тәрізді сарыбаевтық
сөз саптаулар елдің жадында. Ол қашанда ұжымның бас
біріктірер жиынының басы-қасында. Оның әнге, өнерге
құштарлығының өзі бір бөлек өнеге. Оның өнерді, өлеңді,
спортты, мәдени мұраны насихаттау тәсілі де қызық.
Егер сіз «Қайрат» футбол командасының өмір жолымен
танысқыңыз келсе, Шөкеңе барыңыз. Шоқан Уәлиханов
туралы мағлұматтар да Шөкең жинаған қорда.
Осы тұста әйгілі түрколог Ә. Диваев еске түседі. Оның
себебі мынада: Шамғали Харесұлының алғашқы әйелі осы
кісінің қарындасы екен. Ол кісі толғақ үстінде қайтыс бо-
лыпты. Екі ғалымның жиі араласқаны байқалады. Бірлесіп
бірнеше экспедицияға шығады. Бұл жинаушылық қасиет
Шөкеңе де ұласады. Ал Шөкеңнің осы бір ұқыптылық пен
құнттылығы енді балалары мен немерелеріне ұласқан.
Бұрын Түркияда, қазір Германиядағы Қазақстан елшісі
болып қызмет атқарып жатқан Қайрат Шораұлы Сарыбаев
бір кезде «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы адамдары»
дейтін коллекциясы үшін филателистер қоғамының күміс
медалімен марапатталған. Шөкеңнің немерелері – Әйгерім,
182
Диас, Динаралар да осы жинаушылық дәстүрді жалғас-
тыра түскен.
Ш.Ш. Сарыбаев Республикалық «Қазақ тілі» қоғамын
құрушылар қатарында болды, күні бүгінге дейін кеңес бере
қызмет етіп келеді. Мемлекеттік тіліміздің мәртебелене тү-
суіне қосқан үлесі едәуір.
Бір мысал. Қазір қазақша ашықхат, конверт, теңге, ақша,
маркалардың қолданыста барлығына ешкім таңдана қой-
мас. Ал бұлардың осылайша болуына бір кезде Байланыс
министрлігіне жолдаған Шөкеңнің хаты да себепші болға-
нын біле бермейміз.
Сондай-ақ, бір кезде пойыз перронына шығар болсақ,
ақы төлейтін заман болған. Міне, Шөкең осы сорақылық
жөнінде Мәскеуге хат жазып, тыйдырған болатын.
Ол өмірден өзінің кәсібін ғана емес, сол арқылы несібе-
сін де тапқан адам. Қай кезде де қызықты бір мәселемен
көңілін алаң етіп жүргені. Шамасы, Шөкеңнің үнемі сергек
күйде жүретіні – адамның өмірге құштарлығын шыңдай
түсетін осындай керекті істерге әуесқойлығынан болса
керек. Ғылыми ізденістерден шаршап-шалдыға бастаған
тұста ол әралуан тақырыпқа байланысты қазақтың мақал-
мәтелдерін жинайды. Енді бір сәтте оның халық емшілігіне
байланысты қыруар материалды жинақтап отырғанын кө-
ресіз. Осының ара-арасында 2000-нан асып түсетін анек-
доттарын айтып, жұрт көңілін көтеріп жатқаны. Қысқасы,
Шөкең – ғалым ретінде де, азамат ретінде де ортаның
гүлі, жайсаң азаматтың бірі. Базбір адамдар өзі қарасты-
рып жүрген ғылым саласын өмірмен байланыстыра ал-
май, томаға-тұйық тірлік кешіп жатады. Ғылым үшін ол
да керек, әрине. Алайда ғылымның жемісін ел көріп жат-
паса, оның несі қызық. Осы тұрғыдан алғанда да Шора
Шамғалиұлының шоқтығы биіктей түседі. Осының бәрі
оның тілғұмырлығынан, яғни бала жасынан шексіз тіл-
сүйермен боп өсуінен. Сондықтан да біз әріптестері Шөкеңді
тілғұмыр деп бағалаймыз!
183
Достарыңызбен бөлісу: |